Сот үкімі туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысы. 2002 жылғы 15 тамыз N 19. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Сот үкімі - қылмыстық іс жөніндегі бүкіл өндірістің қорытындысы шығарылатын құқықты қолданудың аса маңызды кесімі болып табылады. Конституциялық қағидаларға сәйкес үкім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады әрі заңды және негізді болуға тиіс.

      Үкімдерді дайындау практикасын зерделеу олардың көбінің заң талаптарына сәйкес қабылданатынын көрсетті. Сонымен қатар, кейбір соттар үкімдерді дайындаған кезде олардың нысаны мен мазмұны жөнінде қойылатын заң талаптарын әрдайым сақтай бермейді. Мұның өзі үкімдердің өзгертілуіне және бұзылуына әкеп соғуда.

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты сот практикасын жинақтаудың нәтижелерін талқылай келе, орын алған кемшіліктерді жою және үкімдердің сапасын жақсарту мақсатында қаулы етеді:

      1. Заң бойынша үкім - Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі Конституция) 77-бабының 3-тармағында және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 2-тарауында көрсетілген әділ сот принциптерін сақтай отырып, сотталушыға қатысты оның кінәлілігі немесе кінәлі еместігі, қылмыстық жазаны оған қолдану немесе қолданбау туралы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың сот мәжілісінде Қазақстан Республикасының атынан шығарған қылмыстық іс бойынша шешімі болып табылады.

      ҚІЖК-нің 411-бабы бірінші бөлігінің 4)-6) тармақтарында қарастырылған шешімдерді қабылдаған кезде, апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот үкімінің (қаулысының) күшін жою туралы қаулы шығарады, содан кейін ҚІЖК-нің 44-тарауының талаптарын сақтай отырып, жаңа үкім шығарады.

      Үкімді бұлжытпай орындау ешқандай ерекшеліксіз барлық мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін өзі басқару органдарына, заңды тұлғаларға, лауазымды адамдар мен азаматтарға міндетті болып табылады.

      Үкімнің мемлекет атынан шығарылуы, оның маңыздылығы судьялардан оның заңдылығы мен негізділігі үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап етеді.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 17 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      2. Үкім, егер ол оның сотқа қарастылығы ережелері сақталып, тараптарға дәлелдемелерді тең негізде зерттеуге мүмкіндік беру қамтамасыз етіле отырып, тараптардың бәсекелестігі және тең құқықтылығы принциптерінің негізінде сот талқылауын жүргізу туралы қылмыстық іс жүргізу заңының талаптарына сәйкес, құқық нормалары дұрыс қолданыла отырып соттың заңды құрамымен шығарылса заңды болып табылатынын соттардың ескергені жөн.

      Заң талаптары сақтала отырып жиналған және тікелей сот отырысында толық, жан-жақты және объективті тексеріліп, талданған, тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген, тұжырымдары дәлелденген үкім негізді болып табылады.

      3. Сот қабылдаған шешімдердің мазмұнын неғұрлым толық ашуға әсер ететін үкімнің процессуалдық нысанын сақтау маңыздылығына соттардың назары аударылсын. Ол нысаны мен мазмұны бойынша ҚІЖК-нің 377-383-баптарына сәйкес келуі тиіс. Үкім сот отырысы жүргізілген тілде, анық, түсінікті сөзбен жазылуға тиіс әрі кіріспеден, сипаттау-дәлелдеу және қорытынды бөліктерден тұруы қажет. Үкім дәйекті баяндалады, оның әрбір жаңа қағидасы бастапқы қағидадан туындап, онымен үйлесімді болуға тиіс. Қаралып жатқан іске қатысы жоқ оқиғаларды сипаттауға, анық емес тұжырымдарды, ресми құжаттарда қолданылмайтын қысқартулар мен сөздерді пайдалануға болмайды. Айыпталушылардың, жәбірленушілердің, куәлардың жауаптары үшінші жақта келтіріледі. Үкім мәтініндегі қателерді өңдеуге болмайды. ҚІЖК-нің 377-бабының 5-бөлігіне сәйкес, үкімге түзетулерді кеңесу бөлмесінде енгізуге болады, судья оған келісіп, қол қоюға тиіс. Үкім жарияланғаннан кейін оған қандай да болмасын түзетулер енгізуге жол берілмейді. Үкімдегі барлық мәселелер оны орындаған кезде қиындық тудырмайтындай болып шешілуге және жазылуға тиіс.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 17 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      4. Бір сот талқылауында іс бойынша сотталғандардың санына қарамастан бір үкім шығарылатыны соттарға түсіндірілсін. Егер айыпталушыға бірнеше қылмыс жасаған деп айып тағылса, сот негіз болған жағдайда оған қатысты бір үкім шығаруға құқылы. Осы үкіммен айыптаудың кейбір эпизодтары бойынша ақтауы, басқа эпизодтары бойынша соттауы мүмкін.

      Бірнеше адамға қатысты істі қараған кезде сот анықталған мән-жайларға сәйкес бір үкімде біреулерін ақтау, енді біреулерін айыпты деп тану туралы шешім шығара алады.

      5. Егер сот қылмыстың орын алғанын, оны сотталушының жасағандығын, оның қылмыс жасаудағы кінәсін, кінәсі заң талаптарын сақтай отырып жиналған дәлелдемелермен расталғандығын даусыз анықтаса, сонымен қатар іс өндірісін қысқарту және істі қосымша тергеуге жолдауға негіздер болмаған жағдайда ғана айыптау үкімін шығарады. Егер сот кінәсіздік презумпциясын басшылыққа ала отырып, дәлелдерді тікелей зерттеп, барлық сейілмеген күдіктерді тиісті құқықтық процедура шеңберінде сотталушының пайдасына түсіндіре отырып, ҚІЖК-нің 371-бабында көрсетілген барлық сұрақтарға жауап берген жағдайда ғана адамның қылмыс жасаудағы кінәсі дәлелденген деп танылады.

      6. Сотталушының өтеуге тиіс қылмыстық жазасын тағайындау жөніндегі айыптау үкімі қылмыстың жасалуына кінәлі адамға қатысты, егер ол жасалған қылмыс үшін жазалануға жатса және жазаны тағайындау мен өтеуге кедергі болмаған жағдайда шығарылады.

      7. Егер сот отырысында заңда көрсетілген жағдайлар, атап айтқанда:

      - егер үкімді шығарған кезде жасаған қылмысы үшін сотталушыға тағайындалған жазаны қолдануды жоятын рақымшылық жасау кесімі шығарылса;

      - Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай - ҚК) 62-бабында белгіленген алдын ала қамауға алуды есепке алу ережелерін ескере отырып, іс бойынша сотталушының қамауда болған уақыты сот тағайындаған жазаны қамтыса;

      - егер онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамның жазаны өтеуі төтенше жағдайларға байланысты оның отбасы мүшелері үшін немесе оның өзіне аса ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайлар (ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі) анықталса, ҚІЖК-нің 375-бабының 6-бөлігіне сәйкес айыптау үкімдері қылмыстық жаза тағайындап және оны өтеуден босата отырып шығарылады.

      Қылмыс жасағаннан кейін, бірақ ҚК-нің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес айыптау қорытындысымен бірге келіп түскен іс бойынша үкім шығарылғанға дейін, өзінің іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипатын және қоғамдық қауіптілігін ұғыну мүмкіндігінен айыратындай психикасы бұзылған жағдайлар да қылмыс жасаған кінәлі адам жазаны өтей алмайтын жағдайларға жатады. Мұндай жағдайларда сот айыптау үкімін жаза тағайындап, оны өтеуден босата отырып шығарады. Сонымен бірге сот ҚК-нің 90-бабында көрсетілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қажеттілігі туралы мәселені шешеді.

      Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті есі кіресілі-шығасылы күйде болған адам немесе үкім шығарылғаннан кейін жазаның орындалуына мүмкіндік бермейтіндей психикасы бұзылып ауырған адам жасаған болса, онда сот ҚІЖК-нің 517-бабының негізінде қаулы шығарады.

      8. Соттың қылмыстық iстi рақымшылық актiсiнiң негiзiнде қысқартуы туралы мәселе, ҚIЖК-нiң 301-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес, сотталушы мен жәбiрленушiнiң қатысуымен алдын ала тыңдау өткiзiлiп қаралуға жатады. Осы ретте рақымшылық актiсiн қолдануға кедергi келтiретiн мән-жайлар болмаған жағдайда, сот iстi қысқарту туралы қаулы шығарады, онда iстi қысқартудың негiздемесi және сотталушының рақымшылық актiсiн қолданумен келiсуi көрсетiледi. Келiсу - сотталушының тағылған айыпты толық мойындауы деп есептеледi. Iстi қысқарту туралы қаулы ҚIЖК-нiң 307-бабының талаптарына сәйкес келуi тиiс және заттай дәлелдемелер туралы мәселенi ҚIЖК-нiң 121-бабының үшiншi бөлiгiмен белгiленген тәртiпте шешуi керек.

      Сотталушы өзiн кiнәлi емеспiн деп есептеген жағдайда не жәбiрленушi рақымшылық актiсiн қолдануға көпе-көрiнеу кедергi келтiретiн мән-жайларды (қылмысты дұрыс сараламау, сотталушының жеке басы туралы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келмеуi және т.б.) көрсетсе және соттың осы уәждердi тексеруiне өтiнiш бiлдiрсе, сот басты сот талқылауын тағайындайды және өткiзедi, бұл талқылау, негiз болған жағдайда кiнәлiге жаза тағайындаумен және осы жазаны өтеуден босату туралы айыптау үкiмiн шығарумен аяқталады.

      Егер сот тергеуi барысында сотталушыға әлдеқайда ауыр айып тағу үшiн iстi қосымша тергеуге жiберу туралы жәбiрленушiнiң өтiнiшiн қанағаттандыруға негiздер немесе рақымшылық актiсiн қолдану үшiн кедергi келтiретiн өзге де мән-жайлар анықтамаса, онда сот iстi рақымшылық актiсiне байланысты ҚIЖК-нiң 324-бабына сәйкес қысқартады.

      Қылмыстық жолмен жиналған ақшалар мен өзге де құндылықтар, заңсыз кәсiпкерлiкпен алынған және контрабандалық заттар - заттай дәлелдемелер ретiнде танылған қылмыстық iстер бойынша рақымшылық актiсiн қолдану туралы мәселе басты сот талқылауында шешiледi, себебi бұл заттар ҚIЖК-нiң 121-бабы үшiншi бөлiгiнiң 4-тармағына сәйкес соттың үкiмi бойынша мемлекеттiң кiрiсiне алынуға жатады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.03.09. N 2 нормативтік қаулысымен.

      9. Сотталушының қайтыс болуы ҚІЖК-нің 37-бабы 1-бөлігінің 11) тармағының және 307, 324-баптарының негізінде қаулы шығару жолымен іс жөніндегі сот өндірісінің кез келген сатыда қысқартылуына әкеп соғатыны соттарға түсіндірілсін. Қайтыс болған адамды ақтау немесе онымен бірге қылмыс жасаған басқа адамдарға қатысты істі қарау туралы тараптардың өтініштері болған жағдайда іс жөніндегі өндіріс жалғасады және оған негіздер болған жағдайда қайтыс болған адамға қатысты айыптау үкімін жаза тағайындамай шығарумен аяқталады. Мұндайда үкімнің қорытынды бөлігінде оны қылмыстық заңның тиісті бабы бойынша айыпты деп тану және қайтыс болуына байланысты іс жөніндегі өндірісті қысқарту туралы тұжырым жасалады.

      ҚК-нің 81-бабына сәйкес тәрбиелік мәні бар мәжбүрлеу шараларын қолдану жолымен оның түзелуі мүмкін болатыны анықталған жағдайда кәмелетке толмаған, онша ауыр емес немесе орташа ауырлықтағы қылмысты алғаш рет жасаған адамға қатысты айыптау үкімі қылмыстық жазаны тағайындаусыз шығарылады.

      10. ҚК-тің 69-бабында белгіленген қылмыстық жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімдері өтіп кеткен жағдайда, іс жөніндегі өндіріс ҚІЖК-нің 37-бабы 1-бөлігінің 4) тармағының, 307 және 324-баптарының негізінде қаулы шығару жолымен алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы кезінде қысқартылады.

      Егер айыпталушы істі аталған негіз бойынша қысқартуға қарсы болса, онда іс жөніндегі өндіріс жалғасады және негіздер болған жағдайда сот айыптау үкімін жасалған қылмыс үшін қылмыстық жауапкершіліктен босата отырып шығарады.

      Ескіру мерзімінің өтіп кеткені басты сот талқылауы кезінде анықталса, сот айыптау үкімін айыпты адамды қылмыстық жауапкершіліктен босата отырып шығарады.

      Өлім жазасы тағайындалуы мүмкін қылмыс жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот тек басты сот отырысында үкім қабылдау жолымен шешеді. Мұндайда сот ескіру мерзімін қолдануға, айыптау үкімін шығаруға және адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға құқылы. Егер сот ескіру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік жоқ деп тапса, онда ол ҚК-нің 69-бабының 5-бөлігіне сәйкес айыптау үкімін жаза тағайындай отырып шығарады.

      11. ҚІЖК-нің 38-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот шын өкінуіне, жәбірленушімен татуласуына және оған келтірілген зиянды өтеуіне, жағдайлардың өзгеріп, жасалған әрекеттің қоғамға қауіптілігінің жойылуына байланысты, қоғамдық-қауіпті қылмыстан туындаған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажетті қорғаныс шегінен асқан кезінде, ҚК-нің 65-68-баптарында және 15-бабының 3-бөлігінде көрсетілген, яғни кәмелетке толмағанның психикасының бұзылуына байланысты емес психикасының дамуы артта қалуы салдарынан іс жөніндегі өндірісті қаулысымен қысқартуға немесе ақтамайтын негіздер бойынша айыптау үкімін айыпты адамды қылмыстық жауапкершіліктен босата отырып шығаруға құқылы.

      Сондай-ақ ҚК-нің 125, 165, 231 (1-тармағы), 233, 234, 236, 251, 252, 259, 297, 312 (2-тармағы), 326, 352, 358, 373, 375-378, 381-баптарының ескертулерінде көрсетілген мән-жайлар да айыптау үкімін қылмыстық жауаптылықтан босата отырып шығаруға әкеп соқтыратын, ақтамайтын негіздерге жатады.

      Осы барлық жағдайларда, егер тараптардың арасында қылмыстық жауапкершіліктен босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлардың болуы туралы дау орын алмаса, іс жөніндегі өндіріс алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы сатысында ҚІЖК-нің 37-бабы 1-бөлігінің 12) тармағы, 38-бабы 1-бөлігі, 307 және 324-бабының негізінде қаулымен қысқартылады.

      Аталған негіздер бойынша ҚІЖК-нің 375-бабының 5-бөлігіне сәйкес сот айыптау үкімін қылмыстық жауапкершіліктен босата отырып, басты сот талқылауы аяқталғаннан кейін ғана шығарады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 17 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      12. ҚК-нің 72-бабы 1-бөлігінің және 74-бабы 2-бөлігінің негізінде ҚІЖК-нің 375-бабының 8-бөлігіне сәйкес жаза тағайындау және жазаны өтеуді кейінге қалдыру жөніндегі айыптау үкімі жүкті әйелдерге және жас балалары бар әйелдерге қатысты, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан оның өзіне немесе отбасы мүшелеріне аса ауыр салдар төнген жағдайда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты шығарылады. Мұндайда ҚК-нің 72-бабының 1-бөлігінде, 74-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздердің ең болмаса біреуі болса, бұл соттарды жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы мәселені дәлелдерді келтіре отырып талқылауға және шешуге міндеттейтінін соттардың ескергені жөн.

      13. Үкімнің кіріспе бөлігі ҚІЖК-нің 378-бабының талаптарына сәйкес келуі және онда Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны көрсетілуі тиіс. Үкім жарияланған күн, ай және жыл оның шығарылған датасы болып табылады. Үкімнің нақты шығарылған және сот құрамының қолы қойылған қала немесе өзге елді мекен үкім шығарылған жер болып табылады.

      Сонымен бірге үкімнің осы бөлігінде үкім шығарған соттың толық және нақты атауы, лауазымдары көрсетілген сот құрамы, мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, сот отырысының хатшысы, аудармашы, процеске қатысушы өзге де адамдар, егер қатысқан болса, олардың өкілдері көрсетілуі қажет. Үкімнің кіріспе бөлігінде аталған әр адамның тек тегі ғана емес, сонымен бірге аты-жөнінің бас әріптері де көрсетілуі тиіс. ҚІЖК-нің 378-бабының 4)-тармағында көрсетілген сотталушы жөніндегі барлық мәліметтер көрсетіледі. Мұндайда тегі, аты, әкесінің аты, туған жері, жылы, айы, күні оның жеке басын куәландыратын құжатқа сәйкес келуі тиіс.

      Істің ашық немесе жабық отырыста қаралғаны да осында көрсетіледі.

      14. Соттарға сотталушының жеке басы туралы іс үшін маңызы бар өзге мәліметтерге жаза тағайындалған кезде, еңбекпен түзеу мекемесінің түрі белгіленген кезде, қылмыстың қайталану түрі анықталғанда, әрекеттері дәрежеленгенде ескерілетін мәліметтер жататыны түсіндірілсін. Атап айтқанда, бұлар жойылмаған және алынып тасталмаған соттылықтары, рақымшылық жасау кесімін қолдану, сотталушының мүгедектігі туралы және басқа да мәліметтер.

      Жойылмаған соттылығы туралы мәліметтер келтірілген кезде сотталған күні, қылмыстық заң, жазалау шарасы, жазаны бас бостандығынан айыру мекемелерінде өтеуі, жазадан босатудың негіздері мен күні көрсетіледі. Егер тағайындалған жаза өтелмесе және жаңа жаза қылмыстардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкін болған жағдайда ғана сотталушыны бұрын соттаған соттың атауы көрсетіледі.

      Жойылған және алынып тасталған соттылықтар үкімнің кіріспе бөлігінде көрсетілмейді. Сотталушыға бұрын рақымшылық кесімі қолданылған жағдайда және бұл жай жаңадан қабылданған рақымшылық кесімін қолдану туралы мәселені шешу үшін маңызды болған жағдайда осы мәліметтер көрсетіледі.

      Үкімнің кіріспе бөлігінде айыпталушы айыпталып отырған және сотқа тапсырылған қылмыстық заң (бабы, бөлігі, тармағы) міндетті түрде көрсетіледі. Алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы барысында айыптау өзгертілген жағдайда, сотталушыға түпкілікті қай қылмыстар жасағаны үшін айыптың тағылғаны көрсетілуі тиіс.

      15. Үкімнің сипаттау бөлігінің сот отырысында зерттелген іс материалдарына сәйкес келуі заңды үкім шығарудың бірден бір шарты болып табылады. Оны әзірлеген кезде сот ҚІЖК-нің 379-бабының талаптарын орындауға және ҚІЖК-нің 371-бабында көрсетілген барлық мәселелерді рет-ретімен шешуге міндетті. Үкімнің сипаттау-дәлелдеу бөлігінде соттың дәлелденді деп тапқан қылмыстық әрекеттің сипаттамасын, ол жасалған жерді, уақытты, оны жасау тәсілін, айып нысандарын, қылмыстың себептері мен салдарын қамтуы тиіс. Егер қылмысты адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасаса, онда әр айыпталушының нақты қылмыстық әрекеттері сипатталуға тиіс.

      Дәлелдеу бөлігінде дәлелдер, оларға жасалған талдау, айыптың дәлелденгені, әрекеттердің дәрежеленуі, жаза және қылмыстың қайталану түрі, азаматтық талап арыз туралы соттың тұжырымдары келтіріледі. Ол қорытынды бөлікте баяндалатын шешімдердің негіздемесі болып табылады әрі оған қайшы келмеуге тиіс.

      16. Айыптау үкімінің сипаттау-дәлелдеу бөлігінде сотталушының тағылған айыпқа көзқарасы және өзін қорғап келтірген дәлелдерге берген соттың бағасы көрсетіледі. Сотталушы іс жөніндегі сотқа дейінгі өндіріс кезінде берген жауаптарын өзгерткен жағдайда, сот оның барлық жауаптарын жан-жақты тексеріп, оларды өзгерту себебін анықтауы, оларға басқа дәлелдермен бірге шынайы баға беруі қажет.

      Мұндайда сотталушының жауап беруден бас тартуы оның кінәлілігінің дәлелі болып табылмайтынын ескерген жөн. Сотталушының кінәні мойындамауын және жауап беруден бас тартуын өзіне тағылған айыптан қорғану тәсілі деп бағалаған жөн және бұл оның жеке басын жағымсыз тұрғыда сипаттайтын мән-жай ретінде қарастырылмауға тиіс.

      Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 9)-тармақшасына сәйкес ешкімді өз мойындауы негізінде ғана соттауға болмайды. Осыған байланысты сотталушының өз кінәсін мойындауы кінәлілігі іс бойынша жиналған өзге дәлелдердің жиынтығымен расталған жағдайда ғана айыптау үкімінің негізіне алынады.

      17. Кінәсіздік презумпциясына орай және ҚІЖК-нің 19-бабына сәйкес айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол анық дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс. Іс бойынша туындаған барлық болжамдар зерттелуге тиіс. Дәлелдердің арасындағы қайшылықтар анықталуға әрі бағалануға жатады. Сотталушының кінәлілігі жөнінде сейілмеген күдік, сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарын қолданған кезде туындайтын күмәндер оның пайдасына шешілуге тиіс.

      18. Үкімнің дәлелдеу бөлігінде дәлелдерді келтіре отырып, сот тек оларды атаумен және мазмұнын келтірумен шектелмей, сонымен бірге оларды жан-жақты талдауға, сотталушыны кінәлайтын және ақтайтын, соттың тұжырымдарын растайтын және осы тұжырымдарға қайшы келетін барлық дәлелдерге баға беруге міндетті.

      Бірнеше сотталушыға қатысты істі қараған кезде не сотталушы бірнеше қылмысты жасаған деп айыпталса, онда сот әр сотталушыға және әрбір айыптауға қатысты дәлелдерді талдауы қажет. Дәлелдерді келтіре отырып, олардың қандай мән-жайларды растайтынын, қайсысын жоққа шығаратынын, қандай себеппен бір дәлелдер дұрыс деп танылып, екіншілері қабылданбайтынын көрсету қажет.

      Дәлелдерді бағалаған кезде Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 9)-тармақшасында, ҚІЖК-нің 116 және 128-баптарында бекітілген қағидаларды басшылыққа алғаны және олардың заңды бұза отырып алынған дәлелдердің заңды күшінің болмайтынын, сол себептен оларды айыптау үкімінің негізіне алуға, сондай-ақ ҚІЖК-нің 117-бабында көрсетілген кез-келген мән-жайларды дәлелдеу кезінде қолдануға болмайтынын ескергендері жөн. Дәлелдер заңды бұзушылықпен алынған деп танылған жағдайда сот қандай заң бұзушылығы орын алғанын көрсетіп, оны іс жөніндегі дәлелдемелер жиынтығынан алып тастау туралы өз шешімін үкімде негіздеуге тиіс.

      19. Қылмыстық істерді қараған кезде соттар сот өндірісінің тікелей болу принципін сақтаулары қажет. ҚІЖК-нің 311-бабына сәйкес, үкім тікелей басты сот талқылауында зерттелген дәлелдерге негізделуге тиіс. Егер іс бойынша жиналған дәлелдер тараптардың қатысуымен зерттелмеген болса, сот өз тұжырымдарын растау үшін үкімде оларға сілтеме жасауға құқылы емес. Сотталушының, жәбірленушінің, куәлардың сотқа дейінгі өндіріс барысында іс жөнінде алынған жауаптарын жария етуге, сондай-ақ жауап алу хаттамасына қоса тіркелген олардың жауаптарының дыбыстық жазбасын, бейне жазбасын немесе киноға түсірілімдерді жаңғыртуға және үкімде оларға сілтеме жасауға ҚІЖК-нің 349 және 353-баптарында көрсетілген жағдайларда ғана жол беріледі. Бұл жауаптардағы нақты мәліметтер басты сот талқылауында тексеріліп, жан-жақты зерттеліп және расталғаннан кейін ғана сот тұжырымдарының негізіне алынуы мүмкін.

      Сот тергеуі қысқартылған тәртіпте жүргізілсе, үкім анықтау өндірісі барысында алынған және тараптар сотта дауламаған дәлелдемелерге негізделуі мүмкін. Анықтау өндірісі кезінде алынған дәлелдемелер туралы дау туындаған жағдайда, олар тікелей сот отырысында тексерілуі және зерттелуі қажет.

      20. Сотталушының жұбайы немесе жақын туысқаны болып табылатын жәбірленуші, куә жауап беруден бас тартса, сондай-ақ сотталушының өзі немесе діни қызметші жауап беруден бас тартса, сот, егер іс жөніндегі сотқа дейінгі өндіріс барысында, жауап алар алдында оларға Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 7)-тармақшасындағы, ҚІЖК-нің 27 және 82-баптарындағы ешкімнің өзіне, жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына, сондай-ақ діни қызметші өзіне сеніп сырын ашқан адамдарға қарсы жауап беруге міндетті емес екені туралы қағидалар түсіндірілген жағдайда ғана өз үкімінде осы адамдардың бұрын берген жауаптарына сілтеме жасауына болады.

      21. Сотта істі талқылау сотталушыларға ғана қатысты жүргізілетінін ескере отырып, сот үкімде сотқа тартылмаған басқа адамдардың қылмыс жасаудағы кінәсін дәлелдейтін тұжырымдардың келтірілуіне жол бермеуге тиіс.

      Егер қылмысқа қатысушылардың кейбіреулері заңда көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылса, сот сотталушының қылмысқа қатысу дәрежесін, оның әрекеттерін дәрежелеу және істің өзге де маңызды мән-жайларын белгілеу үшін үкімде іс жөніндегі өндірісті қысқартудың негіздерін міндетті түрде көрсете отырып, сол адамдардың қылмыс жасауға қатысуы туралы мәліметтерді келтіре алады.

      Егер айыпталушылардың кейбіреулеріне қатысты іс жеке өндіріске бөлініп шығарылса, сотталушының қылмысты басқа адамдармен бірігіп жасағаны туралы, олардың тегін ескертпей, үкімде көрсетіледі.

      22. Егер сотталушы қылмыстық заңның әр түрлі баптарымен (баптардың бөліктерімен) дәрежеленетін бірнеше қылмыс жасаған деп айыпталса және осы қылмыстардың кейбіреулерін жасағаны жөніндегі айып расталмаса, онда сот үкімнің дәлелдеу бөлігінде сотталушыны кейбір қылмыстарды жасағаны үшін айыпты деп танудың және басқалары бойынша айыптан ақтаудың себептерін келтіруге, ал үкімнің қорытынды бөлігінде сотталушыны қылмыстық заңның кейбір баптары бойынша айыпты деп тану және кейбір баптары бойынша ақтау туралы тиісті шешімді тұжырымдауға міндетті.

      23. Сотталушы қылмыстық заңның бір бабымен дәрежеленетін бірнеше қылмыс (мысалы, бірнеше ұрлық немесе жалғасқан қылмыстық әрекеттің бірнеше эпизодтары) жасаған деп айыпталған жағдайда және кейбіреулері бойынша оның кінәсі расталмаса, сот үкімнің дәлелдеу бөлігінде дәлелдерді келтіре отырып, айыптаудың осы бөлігін негізсіз деп тану туралы тұжырым келтіргені жөн, ал қорытынды бөлігінде сотталушыны жеке эпизодтар бойынша ақтау туралы көрсетуі тиіс.

      24. Тағылған айыптаудың бөлігі дәлелденбеген жағдайда (дәрежелеуші мән-жайлар дәлелденбесе немесе болмаса), егер бұл жасалған әрекеттің дәрежеленуін өзгертуге әкеліп соқтырса, сот үкімнің дәлелдеу бөлігінде айыптаудың осы бөлігін негізсіз деп тану туралы тұжырым жасап, қорытынды бөлікте айыпталушыны дәлелденген қылмысты жасағаны үшін айыпты деп тану туралы түпкілікті шешімді көрсетеді.

      Тағылған айып бөлігінің дәлелденбеуі жасалған әрекеттің дәрежеленуін өзгертпесе (бап және баптың бөлігі бұрынғыдай қалса), онда соттың үкімнің дәлелдеу бөлігінде дәлелдерді келтіре отырып, айыптаудың сол бөлігін негізсіз деп тану туралы тұжырым жасауы жеткілікті.

      25. Егер сотталушы бір қылмысты жасаса, ол қылмыстық заңның бірнеше баптарымен қате дәрежеленсе, соттың үкімнің дәлелдеу бөлігінде тиісті себептерді келтіре отырып, қате тағайындалған бапты (баптарды) алып тастау туралы көрсетуі жеткілікті.

      26. Қылмысты сотталушыға айып тағылмаған заңның бабы бойынша дәрежелеу, тек қажет болған жағдайда, заңның жаңа бабы бойынша дәрежеленген әрекеттер сотталушыға бұрын тағылып, неғұрлым ауыр қылмыстың белгілерін қамтымаған және нақты мән-жайлар бойынша басты сот талқылауында мемлекеттік айыптаушы қолдаған түпкілікті айыптан елеулі айырмашылықтары болмаған, ал айыптың өзгертілуі сотталушының жағдайын нашарлатпаған және оның қорғану құқын бұзбаған жағдайда ғана қылмыстың дәрежеленуін осылай өзгертуге жол берілетінін соттың ескергені жөн.

      Бұл орайда соттардың, санкциясы неғұрлым қатаң жазаны көздейтін қылмыстық заңның басқа нормасы (бабы, баптың бөлігі) қолданылған; айыпқа сотталушыға тағылмаған қосымша фактілер мен эпизодтар, оның жағдайын ауырлататын, қылмыс дәрежесі басқа неғұрлым ауыр жазаны көздейтін немесе жасалған әрекеттің заңдық бағасын өзгертпесе де айып көлемін ұлғайтатын, заңға дәрежелеу белгілерін өзгертуге әкеп соқтыратын, ауырлататын мән-жайлар енгізілген жағдайлар, айыптауды әлдеқайда ауырлататын жағдайлар екенін ескерулері қажет.

      Айыпталушының қорғалу құқының бұзылуына әкеп соқтыратын айыптау тұжырымын нақты мән-жайлар бойынша қандай да болмасын өзге өзгертуді (бұрын тағылған әрекеттердің орнына басқа әрекеттерді тағу, бұрын тағылған айыптан қол сұғушылық объектісі бойынша, айып нысаны және т.б. бойынша ерекшеленетін қылмысты тану) алғашқыдан елеулі түрде ерекшеленетін айыптау деп есептеген жөн.

      27. Егер бұрын тағылған айып істері жәбірленушінің шағымы бойынша ғана қозғалатын (ҚІЖК-нің 33-бабының 1-бөлігінде, 34-бабының 1-бөлігінде көрсетілген) қылмыстар үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық заңның бабына қайта дәрежеленуге жататын болса, сот істе айыпталушыны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жәбірленушінің шағымы немесе сот отырысында ауызша өтініші болған жағдайда, айыпталушының әрекеттерін қылмыстық заңның аталған баптары бойынша дәрежелеп, айыптау үкімін шығара алады.

      Істе жәбірленушінің сотталушыны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағымы (арызы) болмаған жағдайда немесе ол сот отырысында айыптаудан бас тартса, немесе өзінің сотталушымен татуласқаны туралы мәлімдесе, онда сот сотталушының әрекеттерін қылмыстық заңның жоғарыда аталған баптары бойынша дәрежелеу қажеттілігі туралы тұжырымды негіздеп, ҚІЖК-нің 37-бабы 1-бөлігінің 5) және 6)-тармақтарының және 324-бабының негізінде әзірленген қаулымен іс жөніндегі өндірісті қысқартады.

      Істе жәбірленушінің шағымы болмаған жағдайда не ол сотталушыны қылмыстық қудалаудан бас тартса, онда прокурор жеке немесе жеке-жариялы тәртіппен қудаланатын қылмысты жасағаны үшін айыптауды тек ҚІЖК-нің 33-бабының 2-бөлігінде және 34-бабының 2-бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда ғана сот отырысында қолдауы мүмкін. Істерді осындай мән-жайлар бойынша қарау, негіздер болған жағдайда айыптау үкімін шығарумен аяқталады.

      28. Айыпталушыны бағалауға жататын белгілер бойынша (мысалы, аса қатыгездік, қоғамды көрінеу сыйламау, елеулі түрде құқықтарды бұзу, туындаған ауыр салдар және т.б.) қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тани отырып, сот үкімнің дәлелдеу бөлігінде жасалған әрекетте сол немесе өзге дәрежелеу белгісінің болуы туралы қорытынды жасау үшін негіз болып табылатын мән-жайларды келтіруге міндетті.

      29. Жаза мөлшері қылмыстың қайталану қауіптілігінің дәрежесіне байланысты болғандықтан соттар қылмыстың қайталану түрін дұрыс белгілеуге міндетті. Соттың бұл туралы тұжырымы дәлелдер келтіріле отырып, үкімнің дәлелдеу бөлігінде, ал тиісті шешім үкімнің қорытынды бөлігінде көрсетіледі.

      30. Бірнеше эпизодтан тұратын іс бойынша үкім шығарған кезде сот қылмыстың белгіленген мән-жайларын әр эпизод немесе қылмыс бойынша жеке кінәлілік және әрекеттің заңдық бағасы туралы соттың тұжырымдарын растайтын оқиғалар мен дәлелдердің ретін ескере отырып баяндауына болады. Мұндайда соттың дәлелдерді талдағаннан кейін және эпизодтар бойынша айыптылардың әрекеттерін дәрежелегеннен кейін үкімнің дәлелдеу бөлігінде әр сотталушыға қатысты жалпы дәлелденген айыптың көлемі туралы және оның әрекеттерін түпкілікті дәрежелеу туралы жинақталған тұжырымды негіздегені жөн.

      31. ҚІЖК-нің 320-бабында көрсетілген басты сот талқылауының шегі тек айыпкерге қатысты және егер ол алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы барысында өзгертілмесе, сотқа берілген айыптаудың көлемінде ғана жүргізіледі.

      Егер мемлекеттік айыптаушы айыптауды өзгертсе және жәбірленуші бұрынғы айыптауды талап етпесе, онда сот шешім шығарған кезде сот тергеуі немесе сот жарыссөздері барысында түпкілікті тұжырымдалған жаңа айыптауды басшылыққа алады.

      Мемлекеттік айыптаушы және жәбірленуші айыптаудан толық бас тартқан жағдайда дәлелді қаулы шығарылып, іс жөніндегі өндіріс қысқартылады.

      Егер мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартып, жәбірленуші бұрынғы айыптауды талап етсе, онда сот прокурорды бұдан әрі процеске қатысудан босатып, жеке айыптаушының немесе оның өкілінің қатысуымен істі қарауды жалғастырады, сотталушы сотқа тапсырылған айыптауды негізге ала отырып, анықталған жағдайларға орай айыптау немесе ақтау үкімін шығарады.

      Мемлекеттік айыптаушы және жәбірленуші айыптаудан ішінара бас тартқан жағдайда сот бөлек қаулы шығару арқылы істің сол бөлігінде сот өндірісін қысқартады. Бұл қаулы айыптаудың қалған бөлігі бойынша шығарылатын үкіммен бірге шығарылады.

      Айыптау өзгертілген жағдайда мемлекеттік айыптаушы жазбаша түрде ұсынған айыптаудың жаңа дәлелді тұжырымдамасы сотта болуға тиіс. Мемлекеттік айыптаушының айыптаудан толық не ішінара бас тартуы да дәлелдері келтіріліп, сотқа жазбаша түрде ұсынылуы қажет.

      32. Егер айыпкерге қылмыстық заңның бірнеше баптары бойынша айып тағылса және сот басты сот талқылауы кезінде олардың кейбіреулері бойынша істі қысқарту немесе қосымша тергеуге жіберу қажеттілігі туралы тұжырымға келсе, онда бұл туралы шешім бөлек қаулыда баяндалады, ал үкімде айыпкерді басқа қылмыстар бойынша айыптаудың қысқартылғаны немесе қосымша тергеуге жіберілгені көрсетіледі. Айыптаудың бір бөлігі бойынша істі қосымша тергеуге жіберу қажет болған жағдайда сот ҚІЖК-нің 49-бабының талаптарын сақтай отырып, егер ол істің шешілуіне кедергі жасамаса және істің жан-жақты, толық қаралуына әсер етпесе, істі бөліп шығару туралы қаулыны алдын ала қабылдайды.

      33. Айыпталушының әрекеттерін дәрежелеу мәселесін шешкеннен кейін сот үкімнің дәлелдеу бөлігінде ҚК-нің 52-64, 79-81-баптарында көрсетілген қағидаларды сақтай отырып, айыпталушыны жазалау жөніндегі тұжырымын негіздейді. Бірнеше адам айыпталған жағдайда жаза тағайындау туралы тұжырым әрқайсысына қатысты жеке келтіріледі.

      34. Айыптау үкімін шығарған кезде сот қылмыстық істе мәлімделген азаматтық талап арызды қарауға, ол бойынша тараптарға сөз беруге, үкімде олардың пікірін келтіруге және материалдық заңға сілтеме жасай отырып, ҚІЖК-нің 169-бабында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдауға міндетті. Талап арыз толық не ішінара қанағаттандырылған жағдайда үкімде оны өз еркімен орындау үшін мерзім белгіленеді.

      Егер сот өз әрекеттерімен мүліктік зиян келтірген бірнеше айыпталушыға қатысты істі қараса, онда үкімде дәлелдерін келтіре отырып, өндіріп алу азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің ортақ немесе үлестік нысанында жүзеге асырылатынын көрсетеді.

      Азаматтық талап арыз бойынша жан-жақты есеп-қисап жасау мүмкін болмаған жағдайда және ол қылмысты дәрежелеуге әсер етпесе, сот себептерін көрсете отырып, азаматтық талапкердің талап арызды қанағаттандыруға құқын танып, оның мөлшері жөніндегі мәселені азаматтық сот өндірісі тәртібімен шешуге тапсырады.

      Талап арыздан бас тартуды қабылдау туралы мәселені шешкен кезде сот бұл әрекеттердің заңға қайшы келмейтінін, басқа адамдардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайтынын тексереді. Мұндайда ҚІЖК-нің 168-бабына сәйкес соттың талап арыздан бас тартуды іс жөніндегі өндірісті қысқарту туралы қаулыны шығарып, сот талқылауының кез келген уақытында, бірақ үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін қабылдайтынын ескерген жөн.

      35. Қылмыстық іс бойынша азаматтық талап арыз берілген кезде мемлекеттік салықтан тек талапкер босатылатынын ескере отырып, сот талап арыз толық не ішінара қанағаттандырылған жағдайда, ҚІЖК-нің 116-бабының 1-бөлігінің негізінде жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекет кірісіне толық не талап арыздың қанағаттандырылған бөлігіне қарай мемлекеттік салық өндіру туралы мәселені шешеді.

      Осыдан кейін заттай дәлелдердің мәселесі және іс жүргізу шығындары туралы шешімдердің негіздері келтіріледі, мұндайда сот ҚІЖК-нің 121-бабының 3-бөлігінің, 175-176-баптарының талаптарын басшылыққа алады.

      36. Үкімнің барлық бөліктері қисынды, байланысты құжатты құрайтын болғандықтан, айыптау үкімінің қорытынды бөлігі ҚІЖК-нің 380-бабының талаптарына сәйкес келіп, кіріспеден және сипаттау-дәлелдеу бөліктерінен туындауы тиіс. Қорытынды бөлікте шешілуге тиіс мәселелер заңда көрсетілгендей тәртіпте баяндалады. Қорытынды бөліктегі қылмыстық заңды (бапты, бөлікті, тармақты) көрсетумен, айыпталушыны кінәлі деп тану туралы шешім сипаттау-дәлелдеу бөлігінде көрсетілген айыптау тұжырымдамасынан туындайды.

      Сонымен бірге, айыптау үкімінің қорытынды бөлігінде: айыпталушы кінәлі деп танылған әр қылмыс үшін, ал тиісті жағдайларда қылмыстардың жиынтығы және үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалған негізгі және қосымша жазаның түрі мен мөлшері; шартты түрде соттау, шартты түрде-мерзімнен бұрын босатуды бұзу немесе күшінде қалдыру туралы шешім; айыпталушыны мемлекеттік наградаларынан, атақтарынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан айыру туралы, бұлтартпау шарасы туралы; жазаны есептеудің басы туралы; алдын ала қамауда болуын есепке алу туралы; мәжбүрлеп емдеуді тағайындау және айыпталушыға қамқоршылық белгілеу туралы; қылмыстың қайталану түрі туралы көрсетілуі тиіс.

      Қылмыстық заңның бірнеше баптары бойынша бірнеше адам сотталған жағдайда олардың әрқайсысына әуелі кінәлі болып танылған әр қылмыс үшін, содан кейін әрқайсысына қылмыстардың жиынтығы бойынша, негіз болған жағдайда үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалады.

      Жаза ретінде бас бостандығынан айыру тағайындалған кезде сот үкімнің қорытынды бөлігінде оның мерзімі (жылдар санын әріппен жазып), сотталушы жазасын өтеуге тиіс мекеменің түрі мен режимі, оны есептеудің басы, қамауда болған уақытын есепке алу туралы көрсетуі тиіс. Бас бостандығынан айыруды өтеудің тәртібі (белгілі бір режимдегі абақтыда, түзеу колониясында) түпкілікті жаза тағайындалғаннан кейін көрсетіледі.

      37. Осы қылмыс үшін заңда көзделген жазадан гөрі жеңіл жаза тағайындаған жағдайда немесе баптың санкциясында міндетті түрде қолданылатын жаза ретінде көзделген қосымша жазаны қолданбаған жағдайда қорытынды бөлікте жазаның ҚК-нің 55-бабының негізінде тағайындалғаны туралы көрсетіледі. Бірнеше қылмыс жасағаны үшін кінәлі адамға жаза әуелі ҚК-тің 55-бабын қолданумен бір немесе жасаған әрбір қылмысы үшін, ал одан кейін ҚК-тің 58-бабының ережелері бойынша тағайындалады.

      38. Шартты соттауды қолданғанда сот үкімнің қорытынды бөлігінде ҚК-нің 63-бабына сілтеме жасап, тағайындалған жаза түрінің мерзімін, сондай-ақ сынақ мерзімінің ұзақтығын және сотталушыға жүктелген міндеттерді көрсетеді. Егер адам бірнеше қылмыс жасаған жағдайда ҚК-нің 63-бабын қолданып, шартты жаза тағайындау туралы шешім түпкілікті жаза тағайындалғаннан кейін көрсетіледі.

      39. Сотталушыны заңда көрсетілген жағдайларда жазадан босату қажеттілігі туралы тұжырымға келе отырып, сот айыптау үкімінің қорытынды бөлігінде оны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, жаза тағайындап, содан кейін заңға сілтеме жасай отырып, жазаны өтеуден босату туралы көрсетеді.

      Айыптау үкімін жаза тағайындаусыз шығарған кезде сот қорытынды бөлікте кінәлі деп тану туралы, заңға сілтеме жасап, жазаның тағайындалмайтыны туралы, ал кәмелетке толмағандарға қатысты тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шараларын тағайындау туралы шешімдерді көрсетеді.

      Адамды қылмыстық жауапкершіліктен босату жөніндегі айыптау үкімінің қорытынды бөлігінде айыпталушыны кінәлі деп тану туралы және заңға сілтеме жасап, оны қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы шешім келтіріледі.

      Айыптау үкімін жазаны тағайындау және оның орындалуын кейінге қалдыра отырып шығарған кезде сот айыпталушыны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таниды, жаза тағайындайды және заңға сілтеме жасап, үкімнің орындалуын кейінге қалдыру туралы шешімді тұжырымдайды және кейінге қалдырудың уақытын көрсетеді.

      Айыптаудың толық дәлелденбегенін тани отырып, сот айыптау үкімінің қорытынды бөлігінде дәлелденген қылмыстарды жасағаны үшін соттау туралы шешімнен басқа, негіздерін көрсете отырып, қылмыстың кейбір эпизодтары және қылмыстық заңның баптары бойынша ақтау туралы шешімді тұжырымдайды.

      40. Айыптау үкімінің қорытынды бөлігінде үкім заңды күшіне енгенше айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы соттың шешімі әрдайым қамтылуы тиіс. Сонымен бірге қылмыстық жазадан босатумен, жаза тағайындамаумен, жазадан босатумен, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындау жөнінде немесе бас бостандығынан айыру және өзге де шартты жазалар тағайындау жөніндегі айыптау үкімін шығарған кезде үкімнің қорытынды бөлігінде айыпталушыны қамаудан дереу босату туралы шешім көрсетілуі тиіс екенін ескерген жөн.

      41. Мүлікті тәркілеу ретіндегі қосымша жазаны тағайындай отырып, сот үкімнің қорытынды бөлігінде тәркілеуге жататын мүліктің көлемін: сотталушыға тиесілі мүліктің барлығын, немесе оның бір бөлігін, немесе тәркіленуге жататын нақты заттардың тізімін көрсетеді.

      42. Азаматтық талап арыз бойынша шешім қабылдай отырып, сот үкімнің қорытынды бөлігінде өндірілуге жататын соманы көрсетіп, азаматтық талап арызды толық не ішінара қанағаттандыру не азаматтық талапкердің талап арызды қанағаттандыруға құқын тану және оның мөлшері туралы мәселені азаматтық сот өндірісінің тәртібінде қарауға тапсыру туралы не азаматтық талап арызды қанағаттандырудан бас тарту не азаматтық талап арызды қарамай қалдыру туралы, жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекет кірісіне өндірілуге жататын мемлекеттік салықтың мөлшері туралы, үкімді азаматтық талап арыз бөлігінде өз еркімен орындау үшін мерзім белгілеу туралы шешімді көрсетеді.

      Бірнеше айыпталушыларға қойылған азаматтық талап арызды қанағаттандырған кезде, сот қорытынды бөлікте қандай нақты сомалар және кімнен, ортақ немесе үлестік тәртіпте өндірілуге жататынын көрсетеді.

      43. Айыптау үкімінің қорытынды бөлігінде соттың заттай дәлелдердің мәселесі және іс жүргізу шығындарын үлестіру туралы қабылдаған шешімдері көрсетіледі. Заттай дәлелдер туралы шешімді тұжырымдай отырып, сот нақты заттардың қайсысы жойылуға, қайсысы заңды иелеріне немесе өтініштер бойынша мүдделі адамдар мен мекемелерге тапсырылуға, қайсысы мемлекет кірісіне алынуға, қайсысы істе қалуға жататынын көрсетеді. Процессуалдық шығындар туралы мәселе бойынша қорытынды бөлікте олардың қандай мөлшерде және кімге жүктелетіні немесе мемлекет есебіне қабылданатыны көрсетіледі.

      Апелляциялық шағымданудың немесе үкімге наразылық келтірудің тәртібі мен мерзімдері де осында көрсетіледі.

      44. Бас бостандығынан айыруға сотталғанның, сондай-ақ жәбірленушінің қараусыз қалған кәмелетке толмаған балаларына, қарт ата-аналарына, асырауындағы өзге адамдарға жағдай жасау мәселелері, сондай-ақ олардың мүлкі мен үйлерін қорғау мәселелері үкімде емес, үкіммен бірге шығарылатын жеке қаулыда шешіледі.

      Заңдық көмек көрсету үшін бөлінген қорғаушыларға төленетін ақының мөлшері туралы мәселені сот мүдделі адамдардың өтініші бойынша бөлек қаулымен шешіп, оны үкіммен бірге немесе үкімді жариялағаннан кейін шығарады.

      45. ҚІЖК-нің 376-бабының 2-бөлігінде айыптау үкімін шығару негіздерінің түпкілікті тізімі белгіленгенін соттардың ескергені жөн. Ол бойынша сот сотқа тапсырылған айыптауға немесе айыптау тарапынан алдын ала тыңдау немесе басты сот отырысы барысында өзгертілген айыптауға сәйкес айыпталушыны қылмыс жасағаны үшін айыпты деп таниды немесе кінәсіздігін мәлімдейді.

      Егер айыпталушы өзіне тағылған әрекетті жасамаса не егер аталған зардаптар зиян келтірілген адамның әрекеттері нәтижесінде туындаса не ешкімнің еркіне байланысты емес, мысалы, табиғат күштерінің әрекеті салдарынан туындаған жағдайда, қылмыс оқиғасының болмауына байланысты ақтау үкімі шығарылады.

      Егер әрекетті айыпталушы жасаса, бірақ ол қылмыстық заңмен қылмыстық әрекет болып танылмаса; ол жасаған әрекетте қылмыс белгілері тек формальды түрде орын алып, өзінің маңызы болмауына байланысты қоғамға қауіп төндірмейтін болса; қылмыс құрамын тану үшін заңда көзделген шарттар болмаса (әрекет бірнеше рет қайталанса, заңда көрсетілген зардаптардың белгілері орын алмаса және т.б.); әрекет қажетті қорғану немесе аса қажеттілік күйінде жасалса; адам қылмыс жасаудан өз еркімен бас тартса және т.б. жағдайларда қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтау үкімі шығарылады.

      Егер қоғамдық қауіпті әрекет және оның зардаптары фактісі белгіленсе, бірақ сот отырысында ұсынылған және зерделенген дәлелдер оларды айыпталушының жасағанын жоққа шығарса немесе растамаса, сот қылмыс жасаудың дәлелденбеуі салдарынан ақтау үкімін шығарады.

      46. ҚІЖК-нің 37-бабы 1-бөлігінің 1) және 2)-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар (қылмыс оқиғасының болмауы, әрекетте қылмыс құрамының болмауы) алдын ала тыңдау барысында анықталған жағдайда, ол туралы дау орын алмаса, сот ҚІЖК-нің 307-бабының негізінде іс жөніндегі өндірісті тоқтату туралы қаулы шығарады. Осы мән-жайлар басты сот талқылауы барысында анықталса, сот талқылауды аяғына дейін өткізіп, ақтау үкімін шығарады.

      47. Ақтау үкімінің сипаттау-дәлелдеу бөлігі ҚІЖК-нің 381-бабының талаптарына сәйкес келуі қажет және сот жарыссөздері кезінде айыптау тарапынан қолдау тапқан айыптаудың тұжырымдамасын, істің сот белгілеген мән-жайларының сипаттамасын, дәлелдемелер мен олардың талдамасын, айыптау негізіне алынған дәлелдерді соттың қабылдамауының негіздерін және айыптаудың қолдау таппауы туралы соттың тұжырымын қамтуы тиіс.

      Айыптау үкімінде ақталған адамның кінәсіздігіне күмән тудыратын тұжырымдамаларды қолдануға жол берілмейді.

      Қылмыстық заңның бір немесе бірнеше баптарымен дәрежеленетін бірнеше қылмыс жасағаны үшін айыпталған адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған жағдайда сот сипаттау-дәлелдеу бөлігінде негіздерді келтіре отырып, айыптаудың әр бабы немесе эпизоды бойынша тиісті ақтау негізін келтіре отырып, айыптауды негізсіз деп тану туралы қорытындыны тұжырымдайды.

      Бірнеше адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған жағдайда сот сипаттау-дәлелдеу бөлігінде дәлелдердің талдамасын келтіре отырып, әрқайсысына қатысты негіздерді көрсетіп, ақтау туралы қорытындыларын негіздеуі тиіс.

      48. Ақтау үкімін шығара отырып, сот ақтаудың негіздеріне қарай сот азаматтық талап арыз бойынша дәлелдерін келтіріп:

      - қылмыс оқиғасы болмаса немесе оны айыпталушының жасағаны дәлелденбесе, азаматтық талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы;

      - айыпталушының әрекетінде қылмыс құрамы болмаса, азаматтық талап арызды қарамай қалдыру туралы шешімді қабылдайды.

      49. ҚК-нің 9-бабының 2-бөлігінде, 19-бабының 4-бөлігінде, 23-бапта, 24-бабының 2 және 4 бөліктерінде, 26-бабының 1-бөлігінде, 32-баптың 1-бөлігінде, 33-баптың 1-бөлігінде, 34-баптың 1-бөлігінде, 34-1-бабында, 35-баптың 1-бөлігінде, 36-бапта, 37-бапта, ҚК-нің 231 (2-тармақ), 311, 312 (1-тармақ), 318, 319, 320 (2-тармақ), 353, 363, 364-баптарының ескертпелерінде көрсетілген әрекеттер, сондай-ақ ҚК-нің 16-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамдар немесе ҚК-нің 15-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік басталатын жасқа толмаған адамдар жасаған әрекеттер қылмыс болып табылмайтыны және қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтырмайтыны туралы соттарға түсіндірілсін.

      Қылмыстық жауапкершілікті жоятын аталған мән-жайлар айқындалған жағдайда сот ҚІЖК-нің 372-бабының 2-бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, әрекетте қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтау үкімін шығарады.

      Ескерту. 49-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 17 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      50. Ақтау үкімінің қорытынды бөлігінде шешілетін мәселелер ҚІЖК-нің 382 және 383-баптарында көрсетілген тәртіп бойынша баяндалады. Ақтау үкімінің қорытынды бөлігін баяндай отырып, сот "соттады" сөзінің алдынан айыпталушының тегін, атын, әкесінің атын, қылмыстық жауапкершілікке тартылған қылмыстық заңды (бабын, бөлігін, тармағын), оны кінәсіз деп тану туралы және негіздерін көрсету мен оны ақтау туралы шешімдерін көрсетеді. Қылмыстық заңның бір бабымен дәрежеленген бірнеше қылмыс жасағаны (мысалы, бірнеше ұрлық немесе жалғасып жатқан қылмыстың эпизодтары) үшін кінәлі деп танылған адамға қатысты ақтау үкімі шығарылып, олар бойынша ақтау негіздері әртүрлі болған жағдайда қорытынды бөлікте заңда көрсетілген негіздердің және жасалған қылмыстардың қайсысы бойынша ақталғаны көрсетіледі.

      51. Сонымен бірге, ақтау үкімінің қорытынды бөлігінде: ақталғанның ҚІЖК-нің 42-бабына сәйкес қылмыстық процесті жүргізуші органдардың заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу құқығын тану туралы; азаматтық талап арыз бойынша; бұлтартпау шараларын бұзу туралы; егер ондайлар қолданылған болса, мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ зиянды өтеуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды бұзу туралы; ҚІЖК-нің 121-бабының 3-бөлігінің негізінде заттай дәлелдемелердің мәселесі туралы; ҚІЖК-нің 176-бабының талаптарына сәйкес сот шығындарын бөлу туралы шешімдер қамтылуы тиіс. Азаматтық талап арыз қаралмай қалған жағдайда оны қамтамасыз ету шаралары жойылмайды.

      Ақтау үкімі қылмыстың жасалғаны дәлелденбегендіктен шығарылған жағдайда сот қорытынды бөлікте қылмыс жасаған адамды анықтауға шара қолдану үшін істі прокурорға жіберу туралы шешімін көрсетуі тиіс.

      51-1. Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша үкімді ҚІЖК-нің 60-тарауында белгіленген тәртіпте төрағалық етуші шығарады. Бұл ретте, үкімнің мазмұны ҚІЖК-нің 571-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.

      Ескерту. 51-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 17 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      52. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1996 жылғы 20 желтоқсандағы N 11 қаулысымен енгізілген өзгерістермен бірге, Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1985 жылғы 12 сәуірдегі "Республика соттарының КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1969 жылғы 30 маусымдағы "Сот үкімі туралы" N 4 қаулысын орындауы туралы" N 2 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      53. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіліп, жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы

      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы

      Жоғарғы Сотының судьясы,

      жалпы отырыс хатшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады