Жалпымемлекеттiк статистикалық байқаулар жүргiзу және мемлекеттiк органдарды статистикалық және талдау ақпаратымен қамтамасыз ету тәртiбiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 2 қараша N 1164 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 маусымдағы № 617 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.06.18 № 617 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      "Мемлекеттiк статистика туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 мамырдағы Заңының 11-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Жалпымемлекеттiк статистикалық байқаулар жүргiзу және мемлекеттiк органдарды статистикалық және талдау ақпаратымен қамтамасыз ету тәртiбi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 
2002 жылғы 2 қарашадағы      
N 1164 қаулысымен          
бекітілген            

Жалпымемлекеттiк статистикалық байқаулар жүргiзу және
мемлекеттiк органдарды статистикалық және талдау
ақпаратымен қамтамасыз ету тәртiбi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәртiп уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң жалпымемлекеттiк статистикалық байқаулар жүргiзуi және мемлекеттiк органдарды статистикалық және талдау ақпаратымен, осы ақпаратты пайдаланушылар үшiн құпия болып табылмайтын, бұл ретте пайдаланылатын нысандар мен құралдарға қарамастан қамтамасыз етудi тәртiбiн анықтайды.

2. Жалпымемлекеттiк статистикалық байқаулар жүргiзу

      2. Жалпымемлекеттік статистикалық есептiлiк пен уәкiлетті орган жүргiзетiн арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқаулар жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар болып табылады.

      3. Жалпымемлекеттiк статистикалық байқаулар жүргiзу өзiне статистикалық байқаулар бағдарламасын, жалпымемлекеттiк статистикалық есептiлiк нысандарының тiзбесiн әзiрлеудi, Статистикалық жұмыстар жоспарын бекiтудi, статистикалық деректердi жинауды және өңдеудi қамтиды.

      4. Статистикалық байқау бағдарламасы байқау жүргiзудiң мақсаты мен мiндеттерiн, олар бойынша деректер жинау жүзеге асырылатын көрсеткiштердiң (сұрақтардың) тiзбесiн, нысан, сұрақтама, сауалдама, санақ парағы, есепке алу мөрқағазы және басқа түрiнде ұсынылған, оларды есептеп шығарудың әдiстемесiн және статистикалық байқау жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықты айқындайды.
      Статистикалық байқаулар бағдарламасын әзiрлеудi және бекiтудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      5. Жалпымемлекеттiк статистикалық есептiлiк нысандарының тiзбесi зерттеу жүргiзу кезеңiне қарамастан қалыптасады. Статистикалық жұмыстардың жоспары әрбiр күнтiзбелiк жылға жасалады.

      6. Жалпымемлекеттiк статистикалық есептiлiк нысандарының тiзбесi мен Статистикалық жұмыстардың жоспарын уәкiлеттi орган әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Yкiметi заңнамада белгiленген тәртiппен бекiтедi.

      7. Уәкiлетті орган жалпымемлекеттiк статистикалық байқауларды жүргiзуге ұйымдардың лауазымды адамдарын белгiленген тәртiппен тартуы мүмкін.

      8. Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларының, сондай-ақ заңды тұлғаларының олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң, өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар өкiлдiктерiнiң және филиалдарының бастапқы статистикалық деректердi беруi заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттiк органдарды статистикалық және
талдау ақпаратымен қамтамасыз ету

      9. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi статистикалық және талдау ақпаратын мемлекеттiк органдарға республикалық бюджет қаражаты есебiнен бередi.

      10. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк органдарға Статистикалық жұмыстардың жоспарына сәйкес түзiлген статистикалық және талдау ақпараты тiзбесiн жыл сайын жiбередi.

      11. Мемлекеттiк органдар тиiстi статистикалық және талдау ақпаратын алуға арналған өтiнiмдердi уәкiлеттi органға жiбередi.

      12. Уәкiлеттi орган статистикалық және талдау ақпаратын тарату тiзiлiмiн берiлген өтiнiмдерге сәйкес қалыптастырады.

      13. Статистикалық және талдау ақпараты баспа басылымдары (жарияланымдар) түрiнде немесе электрондық тасымалдаушылармен берiледi.

      14. Статистикалық және талдау ақпараты мемлекеттiк органдарға тарату тiзiлiмiнде көзделмеген біржолғы сұрау салулар бойынша да берілуi мүмкiн.

      15. Аумақтық статистика органдары өздерiнiң құзырына енетiн мәселелер жөнiнде статистикалық және талдау ақпаратын мемлекеттiк органдарға уәкiлеттi орган үшiн осы бөлiмде белгiленген тәртiппен бередi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады