Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Өрт қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Өрт-техникалық өнiмдерiн шығару ережесi бекiтілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң
2002 жылғы 24 желтоқсандағы
N 1359 қаулысымен бекітілген
Өрт-техникалық өнiмдерiн шығару
ЕРЕЖЕСI
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже өндiрiстiк-техникалық мақсаттарға арналған және халық тұтынатын тауарларға жататын өрт-техникалық өнiмдерiн әзiрлеудiң және өндiрiске шығаруға қоюдың негiзгi ережелерiн белгілейді.
2. Осы Ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) өрт-техникалық өнiмдерiн өндiрiске шығаруға қою - жаңадан әзiрленген, жаңартылған немесе басқа кәсiпорындарда бұрын игерiлген өнiмдердiң өнеркәсiптiк өндiрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi iс-шаралар жиынтығы;
2) өрт-техникалық өнiмдерiн әзiрлеу - өнеркәсіптiк өндiрiстi ұйымдастыру үшiн қажеттi үлгiлердi және (немесе) техникалық құжаттаманы жасау процесi;
3) тәжiрибелiк үлгi - оны өндiрiске қою және (немесе) арнаулы бойынша пайдаланылу мүмкiндiгi туралы шешiм қабылдау мақсатында оның берілген техникалық талаптарға сәйкестiгiн сынау арқылы тексеру үшiн жаңадан әзiрленген жұмыс құжаттамасы бойынша дайындалған өрт-техникалық өнiмдерiнiң үлгiсi;
4) тәжiрибелiк топ - өрт-техникалық өнiмдерiнiң белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылау және оны өндiрiске шығаруға қою туралы шешiм қабылдау үшiн жаңадан әзiрленген құжаттар бойынша белгіленген уақыт аралығында дайындалған тәжiрибелiк үлгiлерiнiң жиынтығы немесе өрт-техникалық өнiмдерiнiң белгiлi бiр дана емес көлемi;
5) үлгi - белгiленген тәртiппен бекiтiлген және оларды дайындалған өрт-техникалық өнiмдермен оны қабылдау және жеткiзу кезiнде салыстыруға арналған өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өрт-техникалық өнiмдерiнiң үлгiсi;
6) үлгi - белгіленген тәртiппен бекiтiлген және дайындалған өрт-техникалық өнiмдердi қабылдау және беру кезiнде олармен салыстыруға арналған халық тұтынатын тауарларға жататын өрт-техникалық өнiмдерiнiң эталон-үлгiсi;
7) қабылдау сынағы - өрт-техникалық өнiмдерiн өндiрiске қоюдың және (немесе) арнаулы бойынша пайдаланудың орындылығы туралы мәселенi шешу мақсатында жүргiзiлетiн осы өрт-техникалық өнiмдерiн тәжiрибелiк үлгiлерiн, тәжiрибелік партияларын бақылау сынағы;
8) алғашқы серия - өндiрiстiң белгіленген талаптармен және тапсырылған көлемде өрт-техникалық өнiмдердi шығаруға дайындығын растау мақсатында сериялық немесе жаппай өндiру құжаттамалары бойынша өндiрiстi игеру кезеңiнде дайындалған өнiмдердiң бiрiншi өнеркәсiптiк партиясы;
9) бiлiктiлiк сынақтары - осы үлгідегi өрт-техникалық өнiмдерiн берiлген көлемде шығаруға жеке және заңды тұлғалардың дайындығын бағалау мақсатында жүргiзiлетiн алғашқы серияны немесе алғашқы өнеркәсiптік партияны бақылау сынақтары.
3. Әзiрлеуге, келiсуге, бекiтуге және өндiрiске шығаруға қоюға жататын өрт-техникалық өнiмдерi халықтың өмiрi, денсаулығы, оның мүлкі мен қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптарға жауап беруi тиiс.
4. Өрт-техникалық өнiмдерiн әзiрлеу және өндiрiске шығаруға қою кезiндегi жұмыстар құрамын тапсырыс берушi әзiрлеушiмен бiрлесiп белгiлейдi. Бұл ретте жұмыстардың мынадай құрамы пайдаланылуы мүмкін:
1) техникалық тапсырманы әзiрлеу;
2) технологиялық, техникалық және нормативтiк құжаттаманы әзiрлеу;
3) өрт-техникалық өнiмдерiнiң үлгiлерiн дайындау және сынау;
4) әзiрлеу нәтижелерiн қабылдау;
5) өндiрiстi дайындау және игеру.
5. Жұмыстардың нақты мазмұны мен олардың жүйелiлігі өрт-техникалық өнiмдерiнiң арналуына, оның күрделілігiне, жаңалығына, қажеттiлiгiне және техникалық қызмет көрсету нысанына, тұтынушы пайдаланған кездегі жөндеуiне, сондай-ақ оның iске асырылу географиясы мен ауқымына сүйене отырып белгiленедi.
2. Техникалық тапсырманы әзiрлеу
6. Техникалық тапсырма өнiмдi әзiрлеу үшiн негiзгi бастапқы құжат болып табылады.
7. Техникалық тапсырманың құрылымы мен мазмұнын тапсырыс берушi мен әзiрлеушi белгiлейдi.
8. Техникалық тапсырма тапсырыс берушi мен әзiрлеушi белгіленген тәртiппен әзiрленедi және бекiтiледi.
9. Әзiрлеу үшiн қажеттi және жергiлiктi талаптарды қамтитын және тапсырыс берушi мен әзiрлеушi мойындаған кез келген құжат (келiсiм-шарт, хаттама, нобай және басқалары), сондай-ақ өндiруге арналған өрт-техникалық өнiмдерiнiң үлгiсi техникалық тапсырма ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
10. Техникалық тапсырмаға халықтың өмiрi, денсаулығы, оның мүлкi мен қоршаған орта үшiн өнiмнiң қауiпсiздігі жөнiндегi талаптарды белгілейтiн техникалық регламенттер мен стандарттардың мiндеттi талаптарына қайшы келетiн нормалар мен талаптарды енгiзуге жол берiлмейдi.
3. Құжаттама әзiрлеу, өрт-техникалық өнiмдерiнiң
үлгiлерiн жасау және сынақтан өткізу
11. Өрт-техникалық өнiмдерiне арналған конструкторлық, технологиялық және нормативтiк құжаттамаларды, сынау бағдарламалары мен әдiстемелерiн әзiрлеу Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын тиiстi стандарттармен белгiленген ереже бойынша жүргізiледi.
12. Өрт-техникалық өнiмдерiн әзiрлеу процесiнде функционалдық мәнiмен өзара байланыста композициялық және эстетикалық шешiмдердi пысықтауға бағытталған көркемдiк құрастыру (әрлендiру) жөнiндегi жұмыстар жүргiзiледi.
13. Техникалық қызмет көрсету және (немесе) жөндеу көзделген өрт-техникалық өнiмдерiн әзiрлеу кезiнде болашақтағы мамандандырылған жөндеу өндiрiсiнiң нақты жағдайын ескере отырып, оның жөндеуге жарамдылығына және бақылауға жарамдылығына пысықтау жүргiзiлуi тиiс.
14. Өрт-техникалық өнiмдерiнiң сапасына қойылатын талаптарды (стандарт, техникалық шарттар, үлгiнi техникалық суреттеу) белгiлейтiн нормативтiк құжатты таңдауды дайындаушы мен негiзгi тұтынушы белгiлейдi.
15. Үлгiнiң техникалық сипаттамасы, тұтынушылық қасиеттері сапа көрсеткiшiнiң сандық мәнi белгiлеу қажеттiлiгiнсiз немесе бұл көрсеткiштер техникалық регламенттермен және стандарттармен белгіленген жағдайда өрт-техникалық өнiмге жасалады.
16. Үлгiнiң техникалық сипаттамасын Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген стандарттарға сәйкес әзірлеуші немесе дайындаушы (қолында түпнұсқасы бap) бекiтедi.
17. Әзiрленген техникалық құжаттаманың бастапқы талаптарға сәйкестiгiн растау және ең жақсы үлгiнi таңдау үшін (нұсқалары болған кезде) тәжiрибелiк үлгiлер (тәжiрибелiк партиялар) дайындалады.
18. Тәжiрибелiк үлгiлердi (партияларды) дайындау қажеттiгiн және олардың санын (көлемiн) тапсырыс берушімен (ол бар болса) келісім бойынша әзiрлеушi белгiлейдi.
19. Әзірлеушi және дайындаушы немесе уағдаластық бойынша олардың бipeуi өрт-техникалық өнiмдерiнiң пайдаланылуы көрсеткiштерiн, тұтынушылық қасиеттерiн кешендi бағалау және оның халықтың өмiрі, денсаулығы, мүлкi мен қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн талаптарына сәйкестiгiн тексеру үшін тәжiрибелiк үлгілерге қабылдау сынақтарын жүргiзудi қамтамасыз етедi.
20. Әзiрлеушiде және (немесе) дайындаушыда сынақтар жүргiзуге қажеттi жағдай болмаса, үлгiлер сынақ жүргiзу үшін басқа ұйымдарға (сынақ жүргiзу орталығына, зертханаларға және басқаларға) берiледi.
21. Басқа ұйымдар (сынақ жүргізу орталығы, зертханалар, және басқалар) сынақтың барлық кешенiн немесе оның жекелеген түрлерiн жүргізуі мүмкін.
22. Сынауға жұмыс құжаттамасы бойынша дайындалған тәжiрибелiк үлгiлер (партиялар) немесе әлі құжаттамалары жоқ эксперименттiк үлгiлер алынады.
Жеке мамандар жасаған авторлық үлгiлер эксперименттiк үлгілердiң бір түрi болып табылады.
23. Өрт-техникалық өнiмдерiнiң пайдалану көрсеткiштерi және тұтынушылық қасиетi немесе олардың өзгеруi (жаңғырту немесе қасиеттерiн өзгерту кезiнде) сапа көрсеткiштерiнiң эксперименттiк растауды талап ететiн сандық мәнiн бiлдiрмеген жағдайды қоспағанда, қабылдау сынағы мiндеттi болып табылады және сарапшылық немесе есептiк әдiспен толық бағалануы мүмкiн.
24. Өрт-техникалық өнiмдерiнiң тәжiрибелiк үлгiлерiн (партияларын) халықтың өмiрi, денсаулығы, мүлкi және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн техникалық регламенттер мен стандарттардың талаптарына сәйкестiгiне сынауды:
1) мiндеттi сертификаттауға жататын өнiмдер үшiн - сынақ базасы болған кезде сертификаттау жөнiндегi органдар немесе Қазақстан Республикасы мемлекеттiк сертификаттау жүйесiнiң құжаттарымен белгiленген тәртіппен тіркелген тәуелсiз зертханалар мен орталықтар;
2) мiндеттi сертификаттауға жатпайтын өнiмдер үшiн - Мемстандарттың белгiлеген тәртiбiмен тiркелген сынақтар жүргiзуге құқығы бар аттестатталған сынақ зертханалары мен орталықтары жүргiзедi.
25. Қабылдау сынақтарына олардың өткiзiлетiн жерiне қарамастан дайындаушының және халықтың өмiрi, денсаулығы, оның мүлкi қоршаған орта үшiн өрт-техникалық өнiмдерiнiң қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыратын, алдағы сынақтар туралы алдын ала хабарлануы тиiс органдардың қатысуға құқығы бар.
Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.08.11. N 760 қаулысымен.
4. Әзiрлеу нәтижелерiн қабылдау
26. Орындалған әзiрлемелердi бағалауды және өрт-техникалық өнiмдерiн өндiру және (немесе) пайдалану туралы шешiм қабылдауды қабылдау комиссиясы жүргiзедi.
27. Қабылдау комиссиясының функцияларын тапсырыс берушiнiң тұрақты комиссиясы, ал ол болмаған жағдайда, әзiрлеушiнiң комиссиясы немесе бiр-бiрiмен өзара келiсу арқылы осы ұйымдардың бiреуiнiң басшысы орындауы мүмкiн.
28. Қабылдау комиссиясының құрамын, оның төрағасын өрт-техникалық өнiмдерiн болашақта шығару үшiн үлгiлерiн бағалауға, оған техникалық көмек көрсетуге, жөндеуге және сол бойынша шығарылатын құжаттаманы келiсуге байланысты мәселелердi бiлiктi шешу қажеттiлiгiне сүйене отырып, тапсырыс берушi, ал ол болмаған кезде әзiрлеушi мен дайындаушы белгiлейдi.
29. Әзiрлеушi қабылдау комиссиясына:
1) өртке қарсы техника мен өрттен қорғану құралдарын өндiру және сату құқығына арналған лицензияны;
2) өрт-техникалық өнiмдерiнiң үлгiсiн;
3) сынақ нәтижелерiн;
4) өрт-техникалық өнiмдерiнiң сапасын (қажеті болған кезде оның әзiрленiмдерiн) айқындайтын нормативтік құжаттың жобасын;
5) технологиялық және техникалық құжаттаманы (қажет болған кезде оның әзiрленiмдерiн);
6) конструкторлық, оның iшiнде пайдалану және жөндеу құжаттамасын (қажет болған кезде оның әзiрленiмдерiн) ұсынады;
30. Материалдарды қарау нәтижелерi бойынша комиссия өрт-техникалық өнiмдерiн өндiру (өндiруден бас тарту) туралы ұсынымды қамтитын қабылдау комиссиясының актісiн жасайды.
Егер оны бекiту осы сатыда көзделген болса, өндiрiстік техникалық мақсаттарға арналған өрт-техникалық өнiмдерi үшін үлгiнi және (немесе) халықтың тұтыну тауарларына жататын өнiмдер үшін үлгі-эталонды бекiтедi.
Қабылдау комиссиясының актiсiн оның төрағасы бекiтедi.
Егер өрт-техникалық өнiмдерiнiң нақты түрiнiң сапасы толығымен техникалық және (немесе) нормативтік-техникалық құжаттамамен айқындалса, ал сыртқы түрiнiң ықтимал ауытқуы және басқа да белгілерi тұтынушылық қасиетiне әсерiн тигiзбесе, үлгi және (немесе) үлгi-эталон бекiтiлмеуi мүмкiн.
31. Қабылдау комиссиясының актiсiн бекіту әзiрленiмдердiң аяқталғандығын, техникалық тапсырма қолданылуының тоқтағандығын, ұсынылған нормативтiк және пайдалануға беру құжаттарының келiсiлгендiгін, сондай-ақ өрт-техникалық өнiмдерiн шығаруға немесе пайдалануға рұқсат берiлгенiн бiлдiредi.
5. Өндiрiстi дайындау және игеру
32. Дайындаушы өрт-техникалық өнiмдерiн шығару туралы шешiмдi:
1) үлгілерді (партияларды) қабылдау сынақтарының оң нәтижелерi;
2) өртке қарсы техникаларды, жабдықтарды және өрттен қорғану құралдарын өндiру құқығына лицензиясы болған;
3) өрт-техникалық өнiмдерiнiң сапасына қойылатын талаптарды белгiлейтiн құжат және бекiтiлген үлгi және (немесе) үлгі-эталон болған кезде қабылдайды.
33. Алғашқы серияны шығару қажеттілiгiн дайындаушы белгiлейдi. Бұл ретте, егер үлгi және (немесе) үлгi-эталон тәжiрибелiк үлгілер сатысында бекiтiлмеген болса, алғашқы серияны дайындау және бiлiкті сынақ жүргiзу мiндеттi болып табылады. Дайындаушы негiзгi тұтынушымен (ол болған кезде) келiсiм бойынша алғашқы серияның үлгiсiн үлгi және (немесе) үлгi-эталон түрiнде бекiтедi.
Мұндай жағдайда бiлiктi сынақтар жүргiзу актiсi (хаттамасы) мен үлгi (немесе) үлгi-эталон өрт-техникалық өнiмдерiн өндiрiске шығару үшiн шешiм болып табылады.
34. Берiлген үлгі және (немесе) үлгi-эталон бойынша өрт-техникалық өнiмдерiн шығара бастаған жеке және заңды тұлғалар үшiн алғашқы серия үлгiсiне бiлiктi сынақтар жүргiзедi, нормативтiк және техникалық құжаттаманы (ол болмаған кезде) әзiрлейдi және өзi шығарған үлгiнi және (немесе) алғашқы сериядағы үлгi-эталонды бекiтедi.