Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Үндiстан Республикасының Үкiметi арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумды бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 29 желтоқсан N 1442

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. 2002 жылғы 3 маусымда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Үндiстан Республикасының Yкiметi арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы меморандум бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкiметi
мен Үндiстан Республикасының Үкіметi арасындағы
Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
Меморандум

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Үндiстан Республикасының Үкiметi,
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптерiне өз адалдықтарын растай отырып,
      қатысушылары Тараптар болып табылатын тиiстi халықаралық шарттарды ескере отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Үндiстан Республикасы арасындағы мемлекетаралық қатынастардың негiзгi принциптерi мен бағыттары туралы 1992 жылғы 22 ақпандағы мәлімдеменi негiзге ала отырып,
      өзара тиімдi әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуға ниет білдiре отырып, осы ынтымақтастық тең құқылық, өзара мүдделердi есепке алу және өзара тиімдiлiк негiзінде пәрмендi және мақсатты жүзеге асырылуы қажеттiгiн мойындай отырып,
      Тараптар арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың құқықтық негiзiн қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап
Ынтымақтастықтың мақсаты мен нысаны

      Тараптар өз мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасы шеңберiнде мыналарды:
      - өнімдер мен қызмет көрсетулердi өзара ұсынуды, сондай-ақ әскери техника мен әскери технологияға қатысты бiрлескен жобаларды iске асыруды қоса, қорғаныс саласындағы екi жақты қарым-қатынастарды;
      - технологиялар алмасуды, техникалық көмек көрсетулердi, оқыту мен бiрлесiп өндiрудi қоса, екi елдің түрлi саладағы өзара мүддесiн білдiретiн қорғаныс өнеркәсiбi кәсiпорындарының арасындағы ынтымақтастықты;
      - ақпарат алмасу, өзара оқыту, сапарлар, мамандар алмасу және бiрлескен жобаларды iске асыру арқылы әскери ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастықты;
      - өзара оқыту, сапарлар, ақпарат және мамандар алмасу арқылы әскери саладағы екi жақты қарым-қатынасты дамыту мақсатында ынтымақтасады.

2-бап
Ынтымақтастықты ұйымдастыру

      Осы Меморандумның ережесiн орындау мақсатында Тараптар немесе оларға уәкілеттi органдар нақты өзара тиiмді бағдарламаларды әзiрлеу мақсатында әлсiн-әлсін кездесіп отырады.
      Ынтымақтастық бағдарламасы, сондай-ақ дипломатиялық арналар бойынша Тараптар арасында хабар алмасу арқылы келiсілуi Ынтымақтастықтың келiсiлген бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында Тараптар немесе оларға уәкiлеттi органдар қажет кезiнде қолданылып жүрген міндеттемелер үшiн зиян келтiрмей, арнайы келiсiм-шарт немесе келiсiм жасасуы мүмкiн.

3-бап
Сапарларды ұйымдастыру

      Тараптардың өкілдерi қажет кезiнде Қазақстан Республикасында және Yндiстан Республикасында кезектесiп кездеседi.
      Осы Меморандумның ережесiн орындау жөнiндегi шығыстарды Тараптар олардың өз міндеттемелерін орындауы үшiн қажеттi қаражат шегінде Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес өз бетiмен көтередi.
      Кездесулер өткiзу жөнiндегi күн тәртiбi мен тиiстi ұйымдық және әкiмшілік мәселелерi өзара келiсiм негiзiнде шешiлетiн болады.
      Осындай кездесулер барысында қабылданатын шешімдер келiсiлген хаттамалар нысанында ресімделедi.

4-бап
Ақпараттардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар

      Тараптар осы Меморандумды iске асыру барысында алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қолданады. Мұндай ақпаратты бiр Тарап басқа Тараптың мүддесiне зиян келтiруге пайдаланбайды. Бiр де бiр Тарап мұндай ақпаратты басқа Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi Тарапқа бермейдi.
      Егер ақпарат Тарап мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес Тараптардың мемлекеттiк құпиясын құрайтын мәлiметтен тұратын жағдайда, мұндай ақпаратты беру берушi Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Қабылдаушы Тарап өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес алынған ақпараттың сақталуын қамтамасыз етедi.

5-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Меморандум осы үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсімдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Меморандумның ережесiн түсіндiру мен қолдануға қатысты даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келiссөздер жолымен шешедi.
      Бiр Тараптың бастамасы бойынша өзара келiсiм негiзiнде осы Меморандумға осы Меморандумның ажырамас бөлiгi болып табылатын, тиiстi хаттамалармен ресімделетін өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуi мүмкiн.
      Осы Меморандум бес жылға жасалады және егер бiр де бiр Тарап тиiстi бес жылдық кезеңнің аяқталуына дейiнгi алты айдан кешiктiрмей жазбаша хабарлау жолымен оның күшiн тоқтату жөніндегi ниетi туралы хабарламаса, келесi бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.

      2002 жылы 3 маусымда Алматы қаласында, екі түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, хинди, орыс және ағылшын тілдерінде жасалады, әрi барлық мәтiннің күшi бiрдей.
      Осы Меморандумның ережелерiн түсіндiруде келiспеушілiктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнді басшылыққа алады.

      Қазақстан Республикасының        Үндістан Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады