"Есірткі, психотроптық және улы заттарды заңсыз айналымға түсіру жөніндегі істер бойынша заңдарды қолдану туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1998 жылғы 14 мамырдағы N 3 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (Пленумның 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 2 қаулысымен және 2000 жылғы 22 желтоқсандағы N 19 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен бірге)

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 7 нормативтік қаулысы.

      Заңнамадағы өзгерістерге және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 259-бабын қолдану бойынша сот практикасында туындаған мәселелерге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      "Есірткі, психотроптық және улы заттарды заңсыз айналымға түсіру жөніндегі істер бойынша заңдарды қолдану туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1998 жылғы 14 мамырдағы N 3 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. Қаулының атауындағы "Пленумының қаулысы" деген сөздер "нормативтік қаулысы" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. Кіріспедегі "Пленумы" деген сөз "жалпы отырысы" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3. 1-тармақта:

      "сонымен қатар улы заттарды заңсыз айналымға түсіргені үшін, заңдар негізіне сәйкес, тек Қазақстан Үкіметінің 1998 жылғы 9 наурыздағы N 186 қаулысымен бекітілген Есірткіні қадағалайтын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік комиссиясының тізіміне (бұдан әрі - Тізім) енгізілген заттар" деген сөздер "2002 жылғы 8 тамызда күшіне енген "Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар тізіміне енгізілген заттар" деген сөздермен ауыстырылсын ("Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1-қосымша").

      4. Мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатын көздемей шағын мөлшерде заңсыз иемденіп алуда, сақтауда, тасымалдауда қылмыстық жазалауға жататын әрекет белгілері болмайды.

      Көрсетілген әрекеттерді жасауға кінәлілер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабының негізінде әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.".

      5. Мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз иемденіп алу:

      а) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз жасалса ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігі бойынша;

      б) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын мөлшерде өткізу мақсатымен жасалса не өткізу мақсатынсыз, бірақ есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты аса ірі мөлшерде жасалса ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігі бойынша;

      в) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде өткізу мақсатымен жасалса не шағын немесе ірі мөлшерде өткізу мақсатымен адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе бірнеше рет өткізу мақсатымен жасаса ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігі бойынша;

      г) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты аса ірі мөлшерде өткізу мақсатымен жасалса не ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын немесе ірі мөлшерде өткізу мақсатымен жасаса ҚК-нің 259-бабының 4-бөлігі бойынша дәрежелеуге жатады.".

      6. Мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз сақтау:

      а) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз жасалса ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігі бойынша;

      б) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз жасалса не есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын мөлшерде өткізу мақсатымен жасалса ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігі бойынша;

      в) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде өткізу мақсатымен жасалса не шағын немесе ірі мөлшерде өткізу мақсатымен адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе бірнеше рет өткізу мақсатымен жасаса ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігі бойынша;

      г) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты аса ірі мөлшерде өткізу мақсатымен жасалса не ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын немесе ірі мөлшерде өткізу мақсатымен жасаса ҚК-нің 259-бабының 4-бөлігі бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.".

      7. Мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатымен немесе онсыз заңсыз дайындау:

      а) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын мөлшерде жасалса ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігі бойынша;

      б) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде жасалса не шағын немесе ірі мөлшерде адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе бірнеше рет жасаса ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігі бойынша;

      в) егер осы әрекетті ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын немесе ірі мөлшерде жасаса, сондай-ақ ол есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты аса ірі мөлшерде жасалса ҚК-нің 259-бабының 4-бөлігі бойынша дәрежелеуге жатады.".

      8. Мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатымен немесе онсыз заңсыз ұқсатуға байланысты жасалған әрекеттер үшін жауаптылық:

      а) егер осы әрекеттер есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын мөлшерде жасалса ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігі бойынша;

      б) егер осы әрекеттер есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде жасалса не шағын немесе ірі мөлшерде адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе бірнеше рет жасаса ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігі бойынша;

      в) егер осы әрекеттерді ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын немесе ірі мөлшерде жасаса, сондай-ақ егер олар есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты аса ірі мөлшерде жасалса ҚК-нің 259-бабының 4-бөлігі бойынша белгіленген.".

      9. 7-тармақта:

      мынадай мазмұндағы үшінші, төртінші және бесінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатымен немесе онсыз заңсыз тасымалдау:

      а) егер осы әрекет ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз жасалса ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігі бойынша;

      б) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын мөлшерде өткізу мақсатымен не аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз жасалса ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігі бойынша;

      в) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде өткізу мақсатымен жасалса не шағын немесе ірі мөлшерде өткізу мақсатымен адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе бірнеше рет өткізу мақсатымен жасаса ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігі бойынша;

      г) егер осы әрекетті ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын немесе ірі мөлшерде өткізу мақсатымен жасаса, сондай-ақ егер әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты аса ірі мөлшерде өткізу мақсатымен жасалса ҚК-нің 259-бабының 4-бөлігі бойынша дәрежелеуге жатады.

      Есірткі, психотроптық заттарды және прекурсорларды тасымалдау олар тасымалдана бастаған сәттен бастап аяқталды деп есептеу қажет.

      Адамның өзінің жеке басының пайдалануына арналған есірткі немесе психотроптық заттарды сапарға шыққан кезінде шағын мөлшерде сақтауы заңсыз тасымалдау деп дәрежеленуге тиіс емес.".

      Үшінші абзац алтыншы абзац деп есептелсін;

      мынадай мазмұндағы жетінші және сегізінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатымен немесе онсыз заңсыз жөнелту:

      а) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын мөлшерде жасалса ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігі бойынша;

      б) егер осы әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде жасалса не шағын немесе ірі мөлшерде адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе бірнеше рет жасаса ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігі бойынша;

      в) егер осы әрекетті ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын немесе ірі мөлшерде жасаса, сондай-ақ егер әрекет есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты аса ірі мөлшерде жасалса ҚК-нің 259-бабының 4-бөлігі бойынша дәрежелеуге жатады.

      Жөнелтуді ресімдеу кезін, демек жүкті байланыс кәсіпорнының немесе көлік ұйымының ресми өкіліне не жөнелтуді жүзеге асыратын адамға өткізу сәтін осы заттарды жөнелту аяқталған сәт деп есептеу қажет.".

      10. Мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

      "8. Есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатымен заңсыз иемденіп алған, тасымалдаған немесе сақтаған не өткізу мақсатымен немесе онсыз, есірткі немесе психотроптық заттарды дайындаған, ұқсатқан, жөнелткен не өткізген адамдардың әрекеттері, егер ол көрсетілген қоғамдық қауіпті әрекеттердің бірін немесе бірнешеуін бұрын жасаған және бұл үшін сотталмаған болса, қылмыстардың бірнеше мәрте жасалу белгісі бойынша ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігінің "б" тармағы бойынша дәрежеленетіні соттарға түсіндірілсін. Егер адам бұрын жасаған қылмысы үшін заңмен белгіленген тәртіп бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса не адамның бұрын жасаған қылмысы үшін соттылығы жойылған немесе алынған болса, немесе мұндай қылмыс үшін қылмыстық жауапқа тарту мерзімі өтіп кетсе, қылмыс бірнеше рет жасалған деп танылмайды.

      Бір адамның есірткіні, психотроптық заттарды бірнеше сатып алушыға сатуы, оның ішінде біраз уақыт өткізіп барып сатуы, егер кінәлінің өткізген сайын сатудың әрбір фактісі бойынша өзінің осындай пиғылды көздегені анықталса, есірткі немесе психотроптық заттарды бірнеше мәрте сату деп дәрежеленеді.".

      11. Мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу:

      а) егер өткізу есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын мөлшерде жасалса ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігі бойынша;

      б) егер өткізу есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде жасалса не шағын немесе ірі мөлшерде адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе бірнеше рет жасаса ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігі бойынша;

      в) егер өткізуді ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты шағын немесе ірі мөлшерде жасаса, сондай-ақ, егер өткізу есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты аса ірі мөлшерде жасалса ҚК-нің 259-бабының 4-бөлігі бойынша дәрежелеуге жатады.

      Кінәлі адам есірткі немесе психотроптық заттар деген желеумен басқа заттарды өткізіп, осы арқылы сатып алушыны адастырса, онда оның әрекетін алаяқтық деп дәрежелеген жөн.

      Алдаудың әсерімен осындай заттарды сатып алған адамның әрекеті есірткіні немесе психотроптық заттарды иемденіп алуға оқталу деп дәрежеленуге тиіс.

      Егер кінәлі адам есірткі немесе психотроптық заттардың және прекурсорлардың иесінің өтініші бойынша оның осыларды сатуына көмектессе, онда оның әрекетін өткізуге көмектесу деп дәрежелеу қажет.

      Үшінші бір адамдар үшін олардың өтініші бойынша есірткіні немесе психотроптық заттарды сатып алған адамның әрекетін, есірткілердің кімнің қаражатына сатылып алынғанына қарамастан, есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз иемденіп алуға көмектесу деп, демек, ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігі бойынша дәрежелеген жөн. Қатысу түрлері мен нысаны туралы мәселе әрбір нақтылы жағдайда істің мән-жайы негізге алына отырып шешілуге тиіс.

      Егер осындай адамның әрекеттерінде есірткіні немесе психотроптық заттарды иемденіп алуға басқаларды бейімдеу пиғылы байқалса, онда жасалған әрекетті есірткіні немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз иемденіп алуға көмектесу деп дәрежелеу қажет.

      Адамның тұтынушыға тиесілі есірткі немесе психотроптық заттарды сол тұтынушының өтініші бойынша оған егуі заңсыз өткізу деп дәрежеленуге тиіс емес.".

      12. 11-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Есірткі немесе психотроптық заттардың, күшті әсер ететін, улы заттардың, прекурсорлардың нақтылы түрін, атауын, мөлшерін, салмағын және көлемін анықтау, сондай-ақ оларды дайындау үшін қолданылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың жарамдылығын анықтау үшін сараптама жүргізу қажет.

      2002 жылғы 8 тамызда күшіне енген көрсетілген заттардың шағын, ірі және өте ірі мөлшерін заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды шағын, ірі және өте ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестеге сәйкес белгілеген жөн ("Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 2-қосымша).

      Егер қылмыс сол көрсетілген күнге дейін жасалса, онда осы заттардың мөлшерін анықтау кезінде "Бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар және прекурсорлар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 наурыздағы N 186 қаулысымен бекітілген және 1998 жылғы 29 сәуірден бастап күшіне енген Тізімді және Жиынтық кестені басшылыққа алу қажет, ал егер әрекет одан бұрын жасалса - КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы Есірткі заттарды қадағалау жөніндегі тұрақты комитеттің 1990 жылғы 19 желтоқсандағы N 16 Қорытындысын негізге алу керек.

      Осы орайда, егер жаңадан бекітілген Тізім мен Жиынтық кестеге сәйкес жауаптылық немесе жаза жеңілдетілсе немесе қылмыс жасаған адамның жағдайы өзгедей жақсарса, онда осы ереженің кері күші қолданылатынын назарда ұстау қажет.

      Жиынтық кесте әр есірткінің немесе психотроптық заттың мөлшері мен түрін жеке-жеке анықтайтындықтан, егер тұлға әр түрлі есірткімен немесе психотроптық заттармен ұсталса, онда кінәлінің әрекетін дәрежелеу кезінде әр түрлі есірткінің немесе психотроптық заттардың жалпы салмағын қосып есептеуге жол берілмейді.

      Жұлынған зығыр өсімдіктері мен апиын көкнәрінен тұратын есірткі мен психотроптық заттардың мөлшері мен салмағын анықтау кезінде оның есірткісі жоқ бөліктерін (топырақ, тамырлар және т.б.) қоспай, бөліп тастаулары қажет.

      Адамнан құрамында есірткі бар (күшті әсер ететін) ерітінділер табылған кезде ерітіндінің осы мөлшерін алу үшін есірткінің немесе психотроптық заттың ірі немесе аса ірі мөлшерде пайдаланылғаны сараптама жасау жолымен анықталған жағдайда ғана қылмыстық жауаптылық туындайтынын соттар назарда ұстаулары қажет.".

      13. Мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:

      "17-1. ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігінің санкциясы жазаның баламалы түрлерімен толықтырылуына байланысты, сот үкім шығарған кезде, жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталғанның жеке басын, сондай-ақ кінәлінің жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, жаза тағайындау туралы шешімін негіздеуге тиіс.

      Бұл орайда, егер жазаның жеңіл түрі жазаның мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік бермеген жағдайда, жасалған қылмыс үшін көзделген жазалардың ішінен жазаның әлдеқайда ауыр түрі қолданылады.".

      14. Мынадай мазмұндағы 19-1-тармақпен толықтырылсын:

      "19-1. Соттар тергеудің заңсыз тәсілдері туралы сотталушылардың арыздарын мұқият әрі жан-жақты тексеруге тиіс. Бұл орайда қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық істер жүргізу заңын бұзу және бұрмалау жолымен алынған дәлелдемелерін анықтау мақсатында олардың жедел-іздестіру өндірісінің және тергеу амалдарының тәртібін реттейтін қылмыстық-заңнама талаптарын сақтауына ерекше назар аудару қажет.

      Арызда көрсетілген уәждер анықталған жағдайда осындай жолмен алынған дәлелдемелер алып тастауға жатады.".

      15. 21-тармақта:

      "күшті әсер ететін" деген сөздер алынып тасталсын;

      "тарату көздерін" деген сөздерден кейін үтір қойылып, "есірткі немесе психотроптық заттардың заңсыз айналымының нәтижесінде алынған ақша қаражаттары мен мүліктерді заңдастырудың көздері мен жолдарын" деген сөздермен толықтырылсын.

      16. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады