Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандырудың 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2003 жылғы 29 қаңтар N 103

      Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандыру жағдайында валюта қаражатын пайдаланудың тиiмдiлiгін арттыру, инвестициялық мүмкiндiктердi кеңейту және валюталық реттeу мен бақылаудың нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандырудың 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.

      2. Орталық атқарушы органдардың басшылары Бағдарламада белгiленген iс-шараларды iске асыруды қамтамасыз етсiн және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне тоқсан сайын, есептiден кейiнгi айдың 10-күнiнен кешiктiрмей Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы ақпарат беретiн болсын.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (келiсiм бойынша) Қазақстан Республикасының Үкiметiне тоқсан сайын, есептiден кейiнгі айдың 20-күнiнен кешiктiрмей Бағдарлама iс-шараларының орындалуы туралы жиынтық ақпарат беретiн болсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары А.С. Павловқа жүктелсiн.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ВАЛЮТАЛЫҚ РЕЖИМДI
ЫРЫҚТАНДЫРУДЫҢ
2003-2004 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАСЫ

1. Бағдарламаның паспорты

1. Атауы              Қазақстан Республикасында валюталық режимдi
                      ырықтандырудың 2003-2004 жылдарға арналған
                      бағдарламасы.
2. Негiзгi әзiрлеушi  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi
3. Әзiрлеу үшін       Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы
   негіздеме          24 сәуiрдегi N 470 қаулысымен бекiтiлген
                      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002-2004
                      жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру
                      жөнiндегi iс-шаралар жоспарының 4.1.7-тармағы,
                      экономикалық саясат жөнiндегi кеңестiң 2002
                      жылғы 15 мамырдағы N 20-50/005-416 шешiмi.
4. Бағдарламаның      Қазақстан резиденттерiнiң инвестициялық
   мақсаты            мүмкiндiктерiн кеңейту есебiнен валюта
                      қаражатын пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыру.
5. Негiзгi мiндеттерi 1. Инвестициялық портфельдi түрлендiру үшiн
                      резидент еместердің инвестициялық сапалы
                      бағалы қағаздарына инвестицияларды валюталық
                      реттеу режимiн жұмсарту жолымен жағдайлар
                      жасау;
                      2. Резиденттердiң республиканың өндiрiстiк
                      әлуетiн кеңейтетiн, жаңа перспективалық
                      рыноктарға енуге жағдайлар жасайтын және
                      инвестициялау объектiсiне бақылаудың қажеттi
                      деңгейiн жасайтын шетелдегi тiкелей
                      инвестицияларын ынталандыру;
                      3. Сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге
                      асырған кезде шектен тыс әкiмшiлiк
                      кедергілердi жоюмен қатар, валюталық
                      реттеудiң және едәуiр маңызды валюта
                      операцияларына экспорт-импорттық валюта
                      бақылауының тиiмдiлiгiн арттыру;
                      4. Валюта операцияларын статистикалық есепке
                      алуды одан әрi жетiлдiру және капиталдың
                      барынша еркiн қозғалысына байланысты
                      тәуекелдердi төмендету.
6. Қаржыландыру       талап етілмейді
   көздері
7. Бағдарламаны іске  Валюталық режимді ырықтандырудың келесі
   асырудан           кезеңіне өту үшін сапалы экономикалық
   күтілетін түпкі    алғышарттар жасау.
   нәтиже
8. Іске асыру         2003-2004 жылдар
   мерзімдері

2. Кiрiспе

      Экономикалық саясат жөнiндегi кеңестiң 2002 жылғы 15 мамырдағы N 20-50/005-416 шешiмiмен Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандырудың негiзгi принциптерi және барысы мақұлданған болатын, ол экономиканың барлық секторларының мүддесiн барынша ескеру үшiн барлық мүдделi мемлекеттiк органдарды тарта отырып, банк секторының өкiлдерiмен өзара тығыз iс-қимыл жасай отырып әзiрлендi. Валюталық режимдi ырықтандырудың негiзгi бағыттары мен кезеңдерiн, сондай-ақ Халықаралық валюта қорының сарапшылары талқылады.
      Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандыру Қазақстан экономикасының даму ерекшелiктерi, сондай-ақ экономикалық өсу тұрақтылығын айқындайтын iшкi және сыртқы факторлар мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң экономикалық саясаты ескерiле отырып көзделетiн болады. Бұл Бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002-2004 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарына сәйкес әзiрлендi және ырықтандырудың бiрiншi кезеңiнде қалыптасқан экономикалық алғышарттарды және республиканың таяудағы экономикалық даму перспективалары ескерiле отырып және Қазақстан Республикасында валюталық реттеу мен бақылау режимiн ырықтандырудың негiзгi мақсаттарын, мiндеттерiн және бағыттарын белгiлейдi.
      Бағдарламаның ережелерiн iске асыру әкiмшiлiк iс жүргiзу рәсiмдерiн жүйелеу есебiнен валюталық бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк бередi, бұл Қазақстанда валюталық реттеу жүйесiнiң шектеушi сипатынан әлуеттi тұрақсыздық сипаты бар валюта операциялары мониторингiн жүргiзудiң нарықтық әдiстерi мен нысандарына бiртiндеп көшу үшiн алғышарттар жасайды.

3. Проблеманың қазіргi жай-күйiн талдау

3.1. Валюталық реттеу нысандары

      Шетел валютасын пайдалануға және капиталдың трансшекаралық қозғалысына шектеулер қою орын алды, әрi қазiргi уақытта көптеген дамушы елдерде және өтпелi экономикасы бар елдерде де сақталып отыр. Қазiргi кезде әлдеқайда дамыған Еуропалық Одақ елдерiнде, Жапония мен AҚШ-та да мұндай жағдайлар болды, олар өз дамуының белгiлi бiр кезеңiнде (60-70-шi жылдары) капитал ағындарын бақылаудың түрлi нысандарын қолданды.
      Валюталық режим шектеулерiнiң сақталу себептерiне байланысты олардың нысандарында айырмашылықтар болады. Валюталық реттеу режимiне қолданылатын тәсiлдер Оңтүстiк Шығыс Азия елдерiнде 90-шы жылдары орын алған капиталдың күрт әкетiлуіне жауап ретiнде уақытша қажеттiлiкке қарай шектеулер енгiзуге тiкелей байланысты болып отыр. Мұндай жағдайда ұлттық валютаға қарсы алып-сатарлықтың жолын бөгеу, валюта рыногын тұрақтандыру және халықаралық резервтерге қысым жасауды төмендету мақсатында, капиталдың әкетiлуiне байланысты операциялар жүргiзуге толық тыйым салуға дейiн барынша қатаң әкiмшiлiк шектеулер пайдаланылады.
      Қысқа мерзiмдi капиталдың мол ағынына тап болған елдерде оның ұлттық валютаның айырбас бағамына қысымын төмендету мақсатында, егер инвестициялар елде 1 жылдан аз уақыт болған жағдайда, сомадан белгiлi бiр пайыз ұстай отырып, арнайы валюталық шоттарға түскен қаражатты толық не iшiнара аудару түрiнде шектеулер енгiзiлдi. Бұл жағдайда валюталық режимнiң негiзгi мiндетi ұзақ мерзiмдi инвестицияларды барынша тартымды ете отырып, олардың пайдасына капитал ағынының құрылымын өзгерту болады.
      Басқа елдерде негiзгi проблема ұлттық валютаның құнсыздану қарқынын төмендету және инфляцияны азайту есебiнен, капиталдың әкетiлуiне байланысты операцияларды сипатына және экономика үшiн барынша нәтижелi болуына қарай Орталық Банктiң операция жүргiзуге рұқсат беруi жолымен шектеу арқылы макроэкономикалық тұрақтылыққа келiп тiреледi. Мұндай жағдайда, валюталық шектеулер валюта рыногы мен капитал рыногының жетiлдiрiлуiне қарай түр жағынан өзгере отырып, ұзақ уақытқа созылған кезеңге сақталады және мемлекеттiң экономикалық саясатының ажырамас бөлiгi болып табылады. Қандай да болмасын операцияларды жүргiзуге рұқсат (лицензия) алу талабына негiзделген валюталық реттеудiң мұндай жүйесi ТМД мен Шығыс Еуропа елдерiнiң көпшiлiгiне, оның iшiнде Қазақстанға да тән.

3.2. Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген валюталық реттeу режимi

      "Валюталық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Заңында капитал қозғалысына байланысты және валюталық құндылықтардың резиденттерден резидент еместердiң пайдасына өтуiн (ауыстырылуын) көздейтiн валюталық операциялар (олардың тiзбесi осы заңда айқындалған) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң (бұдан әрi - Ұлттық Банк) лицензиялауына жатады деп белгiленген.
      Қазiргi уақытта Қазақстанда капиталды әкелу және шетелдiк инвестициялардан алынған кiрiстердi қайтарып алу бойынша операциялар жеңiлдетiлген тәртiппен жүзеге асырылады, ал валюталық құндылықтардың әкетiлуiне байланысты операциялар жүргiзу үшiн Ұлттық Банктiң лицензиясы болуы қажет.
      Валюталық операциялардың мынадай түрлерi лицензиялануға жатады:
      1) қолма-қол шетел валютасына бөлшек сауда жасауды жүзеге асыру және оған қызмет көрсету;
      2) өздерi тiркелген мемлекеттiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар резиденттердiң шетел банктерiнде және өзге де қаржы институттарында шоттар (оған қоса Қазақстан Республикасының валютасындағы шоттар) ашуы;
      3) резиденттердiң шет елдегi инвестициялары (банктердiң брокерлiк-дилерлiк қызметiн қоспағанда);
      4) резиденттердiң резидент еместердiң пайдасына жылжымайтын мүлiкке мүлiктiк құқықтарды төлеуге аударымдары;
      5) резиденттердiң резидент еместер пайдасына 120 күннен астам мерзiмге тауарлар, жұмыстар және көрсетiлген қызметтер үшiн аванстық төлем жасау көзделген импорттық мәмiлелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру, сондай-ақ тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) экспорты күнiнен бастап 120 күннен астам уақыт резиденттердiң тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) экспортына төлеуге валюталық түсiм алу мерзiмiн асырып жiбергенi үшiн жасаған аударымдары;
      6) резиденттердiң резидент еместерге 120 күннен астам мерзiмге кредиттер беруi;
      7) резиденттiң резидент еместен кредит ретiнде алатын шетел валютасын үшiншi тұлғаның шоттарына есепке алуы.

3.3. Ырықтандырудың экономикалық аспектілерi

      Қазақстанда капитал қозғалысына валюталық шектеулер қою қажеттiгi шетел валютасы ұсынысының iшкi көздерiнiң едәуiр тапшылығымен және ұлттық валютаға сенiмнiң аз болуымен түсiндiрiлдi, сондықтан валюта қаражатының елден кез келген әкетiлуi валюта бағамының тұрақтылығына және жалпы алғанда экономиканың дамуына қауiп туғызады деп есептелдi.
      1999 жылғы сәуiрде еркiн өзгермелi валюта бағамының режимiн енгiзу инфляция қарқындарының төмендеуiне, валюта рыногының әлдеқайда тұрақты болуына, халықтың банк жүйесiндегi жинақ ақшасының өсуiне және шетелдiк тiкелей инвестициялардың әкелiнуiне орай экономиканың нақты секторының айтарлықтай оң қозғалыспен дамуына жол аша отырып, бүгiнгi күнге дейiн маңызын жойған жоқ. Сонымен бiрге 2001 жылдың екiншi жартысында Қазақстан экспортқа жiберетiн тауарларға әлемдiк бағалардың төмендеу кезеңi өткен 3 жылда экономикада сыртқы қолайсыз факторларды ауыртпалықсыз жұмсарту үшiн iшкi ресурстар мен капиталдың республикаға тұрақты әкелiнуi есебiнен белгiлi бiр потенциалдың қалыптасқанын көрсеттi.
      Негiзiнен сауданың сыртқы жағдайларының 5,3% нашарлауы нәтижесiнде қалыптасқан төлем балансының ағымдағы шотының 5,6% мөлшерiндегi тапшылығына қарамастан, капиталдың таза әкелiнуi 2001 жылы тұрақты жоғары деңгейде сақталды (кесте). Сонымен бiрге қысқа мерзiмдi операциялар бойынша әкетiлудiң азаю және "капиталдың қашуы" үрдiсi қазiргi уақытта республикадан тыс жерлерден гөрi Қазақстанда инвестицияларды жүзеге асыру үшiн неғұрлым қолайлы экономикалық алғышарттар бар деп айтуға мүмкiндiк бередi.

                                                             Кесте

           Сыртқы сектор тұрақтылығының көрсеткiштерi
___________________________________________________________________
                                  1997   1998   1999   2000  2001
___________________________________________________________________
1. Сыртқы күйреу индикаторлары    2.8   -16.0   8.2    20.2  -5.3
   Сауданың сыртқы шарттары
   (алдыңғы жылға қарағанда
   %-бен) 1
   Экспорттың әлемдiк бағалары    -3.0  -22.6   5.5    25.4  -10.2
   Импорттың әлемдiк бағалары     -5.6  -7.9   -2.5    4.3   -5.1
   HTAБ (желтоқсаннан             8.9   16.2   -26.4   2.8   -1.6
   желтоқсанға дейiн %-бен) 2
   оның iшiнде Ресейге             1    68.6   -30     -8.5  -6.7
   қатынасы бойынша

2. Төлем балансы мен сыртқы
   борыштың индикаторлары
   Ағымдағы шот (ЖIӨ-ге %-бен)    -3.6  -5.6   -1.4    3.7   -5.6
   ТШИ, ағымдағы шотты алып        2      0     7      11     7
   тастағанда (ЖIӨ-гe %-бен)
   Сауда балансы (ЖIӨ-ге %-бен)   -1.2  -3.6    2.0    13.4   5.3
   Экспорт (ЖIӨ-ге %-бен)          31    27     36     51     40
   Мұнай экспорты (жалпы           24    28     34     46     47
   экспортқа %-бен)
   Импорт (ЖІӨ-ге %-бeн)          -32   -30    -34    -38    -35
   Инвестициялық 3 импорт/Өзге      0.26  0.31   0.43   0.44   0.49
   импорт
   Қысқа мерзiмдi капитал +       -3.7  -3.6   -5.6   -5.3   -0.7
   Қателер мен қалып қойғандар
   (ЖIӨ-гe %-бен)
   Жалпы сыртқы борыш,            35.0  45.2   72.7   69.6   67.5
   кезеңнiң аяғында (ЖIӨ-ге
   %-бен) 4
   оның iшінде мемлекеттiк        14.9  18.2   24.4   21.6   17.0
   және мемлекет кепiлдiк
   берген
   Жалпы сыртқы борыштағы         30.0  23.0   15.0   7.8    8.5
   қысқа мерзiмдi сыртқы
   борыш (%)
___________________________________________________________________

      ________________________________________
      1 Сауданың сыртқы шарттары белгiленген салмақтар ескерiле отырып, негiзгi номенклатура бойынша әлемдiк бағалардың экспорты мен импортының (экспорт - 80%, импорт - 66%) арақатынасы ретiнде есептелген.
      2 Нақты тиiмдi айырбас бағамы елдердiң - негiзгi сауда әрiптестерiнiң валюталарына қатынасы бойынша есептелген ("+" - теңгенiң қымбаттауы, " - " - арзандауы).
      3 Машиналар мен жабдықтар, құрал-саймандар және аппараттар, жермен жүретiн көлiк құралдары кiредi.
      4 Деректер 2000 жылдан бастап мемлекет кепiлдiк бермеген жеке сыртқы борыш бойынша статистикалық қамтудың кеңеюiне қарай салыстыруға келмейдi.

      Капиталды әкелу құрылымы өндiрiстiң күш-қуатын арттыруға бағытталған және iшкi әрi сыртқы конъюнктураға икемдi портфельдiк инвесторларды күтудiң өзгеруiне тәуелдiлiгi аз. Атап айтқанда, капитал ағынының құрылымында, ең алдымен, инвестициялық тауарлар мен аралық өнеркәсiптiк тұтыну тауарларының импортын қаржыландыратын тiкелей инвестициялар басым болып отыр.
      Мұнай кен орындарын одан әрi игеру төлем балансының ағымдағы шоты бойынша капитал әкелудiң қосымша көздерiн ашады, бұл өңдеу өнеркәсiбiнiң бәсекелестiк қабiлетiн төмендетуге ықпал етуi мүмкiн, өйткенi тiкелей инвестицияларды одан әрi игерумен жалғасатын экспорт түсiмдерiнiң ұлғаюы теңгенiң айырбас бағамының нақты түрде қымбаттауына тiкелей әсерiн тигізетін болады.
      Мұндай жағдайларда Ұлттық Банк не ұлттық валюта бағамын жоғарылатуға, не валюта рыногына үнемi араласуды жүзеге асыруға және банк жүйесiнiң сыртқы активтерiнiң өсiмiн тазартып отыруға мәжбүр болады, бұл Ұлттық Банк шығыстарының үнемi өсуiмен жалғасатын болады, iшкi проценттiк ставкаларды төмендетуге және инфляцияның бақылаусыз өсу мүмкiндiгiне әкеп соғады.

3.4. Валюталық бақылаудың тиiмдiлiгi

      Валюталық бақылау жүйесiн құрған кезде, сондай-ақ бақылауды жүзеге асыру нәтижелерiнiң арақатынасын және оны iске асыруға жұмсалатын шығындарды да ескеру қажет. Уақыт өткен сайын қаржы рыногының дамуына, валюта операцияларын жүргізу схемаларының күрделенуiне қарай белгіленген әкiмшiлiк кедергілердi айналып өту үшiн қосымша мүмкiндiктер пайда болады, бұл валюталық бақылаудың тиiмдiлiгiн төмендете түсiп, оны жүзеге асыруға бұрынғыдан көп қаржы шығынын жұмсауды талап етедi. Мысалы, өткен бiр жарым жылда жеке тұлғалардың - резиденттердiң шет елдердегi шетел банктерiнде шоттар ашуына 11 лицензия ғана берiлген болатын, бұл жүргiзiлетiн операциялар санын объективтi түрде көрсете алмайды. Сонымен бiрге, қаржылық қадағалаудың жетiлдiрiлуiне, капиталдандыру мен қаржы институттарындағы тәуекелдердi басқаруға қойылатын талаптардың артуына, салықты басқарудың жетiлдiрiлуiне қарай валюталық бақылау тарапынан қадағалау функцияларын қайталау бiрте-бiрте қажет болмайды. Валюта операцияларының барлық аясын шектей отырып, экономиканың шетел активтерiне салудан түсетiн қарымды кiрiстерi де азаяды, сондықтан Ұлттық Банктiң тәсiлi неғұрлым тартымды валюта операцияларына қатысты режимдi бар мүмкiндiгiнше ырықтандыру және неғұрлым қауiптi әрi ауқымды операцияларға валюталық бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыруға негiзделуi тиiс.
      Шығыс Еуропа елдерiнiң көпшiлiгі осы жолмен жүрдi, олар қазiр валюталық режимдi толық ырықтандырды (Венгрия, Чехия), не осы шараларды алдағы уақытта жүзеге асыруды болжап отыр (Польша). Сонымен бiрге капиталдың әкетiлуiн ырықтандыру ең алдымен шет елдердегi тiкелей инвестицияларға, ұзақ мерзiмдi портфельдiк инвестициялар мен кредиттерге, дамыған елдердiң (Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымдары елдерiнiң) бағалы қағаздарына инвестицияларға және сонан кейiн ғана қысқа мерзiмдi қаржылық құралдармен операцияларға және ұлттық валютаның толық iшкi өтiмдiлiгiне қол жеткiзуге қатысты.

4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

      Әлемдік экономика дамуының жаңа талаптарына сәйкес келу үшiн, (1) жеке сектордың және ұлттық капиталдың белсендiлiгiн ынталандыру; (2) шет елдерге қаржы инвестициялары стратегиясын дайындау, сондай-ақ (3) Қазақстан Республикасындағы валюталық режимдi ырықтандырудың ұзақ мерзiмдi мақсаты - тұрақты экономикалық өсудi ынталандыру қажеттiгiн айқындайтын Қазақстанның даму стратегиясының ұзақ мерзiмдi басымдықтарын негiзге ала отырып, Бағдарламаның негiзгi мақсаты Қазақстан резиденттерiнiң инвестициялық мүмкiндiктерiн кеңейту есебiнен валюталық қаражатты тиiмдi пайдалануды арттыру болып табылады.
      Осы мақсатқа ырықтандырудың бiрiншi кезеңiнiң шеңберiнде жету үшiн мынадай мiндеттердi iске асыру болжанады:
      1) инвестициялық портфельдi түрлендiру үшiн резидент еместердiң инвестициялық сапалы бағалы қағаздарына инвестицияларды валюталық реттеу режимiн жұмсарту жолымен жағдайлар жасау;
      2) резиденттердiң республиканың өндiрiстiк әлуетiн кеңейтетiн, жаңа перспективалық рыноктарға енуге жағдайлар жасайтын  және инвестициялау объектiсiне бақылаудың қажеттi деңгейiн жасайтын шетелдегi тiкелей инвестицияларын ынталандыру;
      3) сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асырған кезде шектен тыс әкiмшiлiк кедергiлердi жоюмен қатар, валюталық реттеудiң және едәуiр маңызды валюта операцияларына экспорт-импорттық валюта бақылауының тиiмдiлiгін арттыру;
      4) валюта операцияларын статистикалық есепке алуды одан әрi жетiлдiру және капиталдың барынша еркiн қозғалысына байланысты тәуекелдердi төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асыру болжануда.

5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары
және тетiгi

5.1. Валюталық реттеу және бақылау жүйесiн құру
принциптерi

      Валюталық реттеу және бақылау мақсатында резиденттер мен резидент еместер арасындағы барлық операциялар мынадай санаттарға бөлiнетiн болады:
      1) "а" санаты: операция рұқсат алуды - Ұлттық Банктiң лицензиясын талап етедi;
      2) "б" санаты: операция тiркеудi талап етедi - мәмiлеге қатысушы Ұлттық Банкке растау құжаты - тiркеу куәлiгi негiзге алынып берiлетiн жасалатын операция туралы (келiсiм-шартқа қол қойылған немесе тiркеуге жататын капитал қозғалысына байланысты операцияның тиiстi санатына көшкен сәттен бастап белгiлi бiр уақыт iшiнде) хабарлауы тиiс;
      3) "в" санаты: операция кейiн хабарлауды талап етедi - бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар, уәкiлеттi банктер, не мәмiлеге тiкелей қатысушы жасалған мәмiле жүргiзiлгеннен кейiн оның сипаты туралы Ұлттық Банкке (жүргiзiлген сәттен бастап белгiлi бiр кезең iшiнде) хабарлайды;
      4) "г" санаты: операция Ұлттық Банктiң лицензиясын, тiркеу куәлiгiн алуды немесе хабарлауды талап етпейдi.
      "Валюталық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Заңына сәйкес белгiленген резиденттер мен резидент еместер арасындағы ағымдағы операциялар шектеусiз жүзеге асырылады.
      Капитал қозғалысына байланысты операциялар экономикалық сипатына, тәуекелдерiне және операциялардың ауқымдарына байланысты түрлi санаттарға жатқызылады. Сонымен қатар валюта операциясының ағымдағы операциядан капитал қозғалысына байланысты операциялар разрядына көшу мерзiмi 120-дан 180 күнге дейiн ұлғайтылады, мұның өзi сыртқы экономикалық операциялар бойынша есептеулердi жүзеге асыру шарттарын әлемдiк тәжiрибеге сәйкес неғұрлым нақты көрсетедi.
      Валюталық реттеу режимiнiң "a" санатындағы операцияларға қатысты ғана шешушi сипаты болады. Лицензия өтiнiш берушi ұсынған құжаттар және негіздеме негiзiнде берiлетiн болады. Резидентке және жүргiзiлуi мақсатқа сай екендiгiн бағалауға мүмкiндiк беретiн, сәйкес келмеуi лицензия беруден бас тарту үшiн негіз болып табылуға тиiстi нақты операцияға қойылатын талаптар тiзбесiн кеңейту қажет. Қазiргi уақытта лицензиялау жүйесi валюталық реттеу режимiне халықаралық практика ұсынатын барлық талаптарға жауап бермейдi. Қолданылып жүрген тәртiп жүргiзiлетiн операцияның экономикалық мақсатқа сай болмауы себептi реттеушi органның лицензия беруден бас тарту құқығын көздемейдi. Бұл жағдайларда шектеулер тек қана рәсiмдiк сипатта болады, операцияны жүзеге асырудың нақты экономикалық алғышарттарына және резиденттiң валюта операцияларына тиiстi тәуекелдердi жабатын қаржылық мүмкiндiктерiне ресми тәуелдi емес. Валюталық режимнiң ырықтандырылуына орай валюталық тәуекелдер және "реттеушiлiк арбитраж" тәуекелi өседi, сондықтан Ұлттық Банктiң, валюталық бақылау органы ретiнде, қажеттi құжаттар ұсынылған және барлық рәсiмдер сақталған өтiнiш берушiге операция және/немесе өтiнiш берушi белгiленген экономикалық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда бас тартуға жеткiлiктi өкiлеттiктер болуы тиiс.
      Тiркеу ("б" санаты) шешушi сипаты болмайды, яғни Ұлттық Банк өтiнiш берушiге экономикалық тұрғыдан мақсатқа сай болмауы себептi мәмiленi жүргiзуiне бас тарта алмайды және сыртқы экономикалық операциялардың толық әрi шынайы есебiн жүргiзу мақсатына, сондай-ақ валюта заңдары талаптарының сақталуын бақылауға қызмет етедi.
      Кейiнгi хабарлау ("в" санаты) ақпараттық сипатта болады, растайтын құжаттар ұсынуды талап етпейдi және операциялар мен оларға қатысушылар туралы ақпарат көзi болып қана табылады.
      Валюталық құндылықтардың резиденттерден резидент еместердiң пайдасына өтуiн көздейтiн капитал қозғалысына байланысты операцияларды ырықтандыру бiрiздiлiк принципiне негiзделедi, яғни артықшылық берiлген күрделi операциялар бiрiншi кезеңде лицензиялауға жататындар ("a" санаты) разрядынан тiркеудi ("б" санаты), хабарлауды ("в" санаты) талап ететiн операциялар разрядына бiртiндеп көшiрiлетiн болады.
      Әкiмшiлiк рәсiмдердi барынша оңайлату мақсатында валюта операцияларын тiркеу және лицензиялау тәртiбi жетiлдiрiледi.
      Сонымен қатар, валюта заңдарында лицензиялауға жататын валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияның ең аз сомасы белгiленуi мүмкiн. Мұндай тәсiл шағын және орта бизнес кәсiпорындарына неғұрлым тән болатын операция сомалары бойынша аса маңызды емес операцияларға шектеу қоймай, неғұрлым ауқымды операцияларға бақылауды жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi.
      Валюталық режимдi ырықтандыру сонымен қатар валюта заңдарында белгіленген талаптарды резиденттердiң бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi күшейтумен қатар жүредi.

5.2. Резидент еместердiң бағалы қағаздарымен операциялар

      Қолданылып жүрген заңдар бойынша резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарына инвестициялары капитал қозғалысына байланысты және валюталық құндылықтардың резиденттерден резидент еместердiң пайдасына өтуiн көздейтiн валюта операциялары ретiнде жiктеледi және Ұлттық Банкi лицензиялайды.
      Резиденттердің шет елдерге инвестицияларды жүзеге асыру тәртiбi мынадай операцияларға қатысты ырықтандырылады:
      1. Резиденттердiң резидент еместер шығарған инвестициялық сапалы бағалы  қағаздарға (бұдан  әрi -  инвестициялық сапалы бағалы қағаздар) портфельдiк инвестициялары.
      Инвестициялық сапалы бағалы қағаздар санатына мынадай сипаттағы неғұрлым өтiмдi және сенiмдi бағалы қағаздар жатқызылатын болады:
      "А"-дан төмен емес кредиттiк рейтингтiк бағасы бар шетелдiк эмитенттердiң акциялары ("Standard & Poor's" немесе "Fitch" рейтингтiк агенттiктерiнiң жiктеуi бойынша) немесе "А2" ("Moody's Investors Service" рейтингтiк агенттігінiң жiктеуi бойынша);
      "A"-дан төмен емес рейтингтiк бағасы бар шетелдiк эмитенттердiң облигациялары және өзге де борыштық бағалы қағаздары (Poor's" немесе "Fitch" рейтингтiк агенттiктерiнiң жiктеуi бойынша) немесе "А2" ("Мооdу's Investors Service" рейтингтiк агенттігінiң жiктеуi бойынша).
      Инвестициялық сапалы бағалы қағаздарға инвестициялау лицензия алмай жүзеге асырылады.
      Кредиттiк рейтинг ұзақ мерзiмдi рейтинг ретiнде түсiндiрiледi. Ұзақ мерзiм рейтинг болмаған кезде ғана қысқа мерзiмдi рейтинг қабылдануы мүмкін.
      Бағалы қағазды инвестициялық сапалы бағалы қағаздар санатына жатқызу үшiн бiрден артық рейтинг болған жағдайда белгiленген рейтингтiк агенттiктердiң ("Standard & Poor's", "Fitch, "Moody's) әрқайсысынан алынған рейтингтер ең төменгi белгiленген талаптарды қанағаттандыруы қажет. Рейтингтердiң бiреуiнiң ең аз белгiленген рейтингтен тармақтың жартысынан аспайтындай ауытқуға жол берiледi. Шет мемлекеттердiң мемлекеттiк бағалы қағаздарымен жасалған жағдайда кредиттiк рейтинг ретiнде шетел валютасындағы елдiң ұзақ мерзiмдi тәуелсiз рейтинг түсiндiрiледi.
      Кредиттiк рейтингке барынша жоғары талаптар қазақстандық инвесторларды тәуекелдi инвестициялардан сақтау мақсатында белгiленедi. Инвестициялық сапалы бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жiберу тиiстi рұқсат беру рәсiмiнсiз жүзеге асырылады.
      Инвестициялық сапалы бағалы қағаздарға лицензия алмай инвестициялау режимi Қазақстан Республикасының осы операцияларды қазақстандық бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар арқылы жүзеге асыратын барлық резиденттерiне қолданылады.
      Қаражатты бағалы қағаздарды сатып алу үшiн ақы төлеуге аударған кезде инвестициялық сапа критерийлерiнiң сақталуына бастапқы бақылауды екiншi деңгейдегi банктер жүзеге асырады. Инвесторлардың инвестициялық сапалы бағалы қағаздар сенiмдiлiгiне қойылатын талаптарды сақтауын бақылау Орталық Депозитарий арқылы ғана жүзеге асырылады. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары болып табылатын екiншi деңгейдегi банктер резидент еместердiң бағалы қағаздарымен операцияларды "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi" ЖАҚ-тан (бұдан әрi - Орталық Депозитарий) тыс тiкелей резидент еместермен өздерiнiң корреспонденттiк қатынастары арқылы жүзеге асыра алмайды.
      Инвестициялық сапалы бағалы қағаздармен операциялар және мәмiленiң қарсы әрiптестерi туралы ақпарат оны делдал-бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысымен жүргiзген сәттен бастап белгiленген уақыт iшiнде Ұлттық Банкке ұсынылады ("в" санаты).
      Резиденттердiң рейтингке қойылатын жоғарыда келтiрiлген талаптарға жауап бермейтiн резидент еместердiң бағалы қағаздарына, не қазақстандық бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларынан тыс инвестициялық сапалы бағалы қағаздарға инвестициялауы Ұлттық Банкте лицензиялауға жатады. Резидент еместер шығарған инвестициялық емес сапалы бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жiберу Ұлттық Банкте рұқсат алу рәсiмiнен өтудi талап етедi.
      Бiрте-бiрте ырықтандыру принципiне сәйкес Ұлттық Банк инвестициялық сапалы бағалы қағаздардың рейтингiне қойылатын талаптарды өзгерту, жоғарыда көрсетiлгендерге толықтыру ретiнде бағалы қағаздардың басқа түрлерiн енгiзу мүмкiндiгiн көздейдi.
      2. Резидент еместердiң iшкi рынокта бағалы қағаздарды резиденттерден кейiнгi сатып алуы.
      Резиденттердiң резидент еместердiң инвестициялық емес сападағы бағалы қағаздарына не инвестициялық сападағы бағалы қағаздарына қатысты, бағалы қағаздардың рыногына қазақстандық кәсiби қатысушыларды қоспағанда, лицензиялау тәртiбi валюталық құндылықтарды Қазақстаннан iс жүзiнде әкету жүрiп жатқан кезде резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарын бастапқы сатып алуына ғана қолданылады. Резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарының республика iшiнде қайталама рынокта айналысқа жiберiлген кезде нақты иеленуiн көрсету үшiн қажеттi ақпаратты Ұлттық Банк хабарландыру арқылы алады.
      3. Резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарына осы бағалы қағаздарға шығарылған қазақстандық депозитарлық қолхаттарды (бұдан әрi - ҚДҚ) сатып алу арқылы инвестициялары.
      Қазiргi уақытта инвестициялау және iшкi рынокта айналысқа жiберуге рұқсат етiлетiн қаржы құралдарының тiзбесiн кеңейту жөнiндегі жұмыс жандандырылуда. Осыған байланысты Ұлттық Банк шетелдiк эмитенттер шығарған бағалы қағаздарға ҚДҚ-ды шығару, орналастыру және айналысқа жiберу рәсiмдерi мен тәртiбiн қалыптастыру жөнiнде жұмыс жүргiзуде.
      Резидентке ҚДҚ-ын сатып ала отырып, резидент еместер шығарған бағалы қағаздарға меншiк құқығы iс жүзiнде өтетiнiн ескере отырып, осы операциялар шет елдерде инвестицияларды, оның iшiнде резидент еместердiң бағалы қағаздарын жүзеге асыруға қатысты валюталық реттеу талаптарына сәйкес келуi тиiс. Сонымен қатар ҚДҚ-ының негізгi активi болып табылатын бағалы қағаздардың сапасына, ҚДҚ эмитентiне және ақпаратты ашуға барынша жоғары талаптар белгiленедi, бұл осы операцияларға валюталық реттеудi мақсатқа сай қолдана алмайды.
      Осыны негiзге ала отырып, осы туынды бағалы қағаздарды iшкi рынокта айналысқа жiберу үшiн қажеттi жағдайлар жасау және қаржылық қадағалау тарапынан бақылауды болдырмау мақсатында резиденттердiң ҚДҚ-ын сатып алуы арқылы резидент еместердiң бағалы қағаздарына инвестициялары лицензиялауға жатпайды. Негiзгi актив болып табылатын резидент еместiң бағалы қағаздарына резиденттердiң - ҚДҚ ұстаушылардың iс жүзiнде иелiк етуiн жiктеуге және олармен операцияларды қадағалауға мүмкiндiк беретiн ақпарат қаржылық қадағалау органынан, депозитарий ұйымынан, ҚДҚ эмитентiнен және бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларынан хабарлау тәртiбiмен ("в" санаты) алынады.
      Резидент ҚДҚ-ын негiзгi активке айырбастау кезiнде валюталық реттеудiң белгiленген шектеулерiн айналып өту мүмкiндiгiн болдырмау үшiн бағалы қағаздарды - негiзгi активтi сатып алуға қатысты валюталық реттеу тәртібі қолданылады.
      Шешудi талап ететiн мәселелер:
      Қазiргi уақытта қолданылып жүрген валюта заңдары тек негiзгi активтердi бiлдiре алатын бағалы қағаздарды тiкелей сатып алуға байланысты операцияларды реттеуге ғана бағдарланған, сондықтан туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргiзудiң мәнi мен сипатын толық көрсетпейдi. Жақын болашақта туынды қаржы құралдарымен операциялар барған сайын кең таралуын күтуге болатынын ескерсек, оның жолдарын әзiрлеп, валюталық peттeу тәртiбiн туынды қаржы құралдары рыногының жұмыс iстеу тетiгiне және ерекшелiктерiне сәйкес келтiру қажет.

5.3. Резиденттердiң шет елге тiкелей инвестицияларды
жүзеге асыруы

      Тiкелей инвестициялар - ақшаны, бағалы қағаздарды, заттарды, интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижелерiне құқықтарды қоса алғанда, мүлiктiк құқықты және өзге де мүлікті заңды тұлғаның акцияларына (қатысушылардың салымдарына) ақы төлеу үшiн салу, нәтижесiнде мұндай салымды жүзеге асыратын тұлғаға осы заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының 10 және одан көп пайызы (қатысушылар дауысының жалпы санының 10 және одан көп пайыз дауысы) тиесiлi болады.
      Қолданылып жүрген заңдар бойынша резиденттердiң шет елге инвестициялары, оның iшiнде тiкелей инвестициялар капитал қозғалысына байланысты және валюталық құндылықтарды резиденттерден резидент еместердiң пайдасына ауыстыруды көздейтiн валюта операциялары ретiнде жiктеледi және Ұлттық Банк лицензиялары.
      Республиканың экономикалық әлуетiн көтеру тұрғысынан қарағанда резиденттердiң тiкелей инвестициялары, егер олар қаржы ресурстарын неғұрлым тиiмдi бөлуге, өндiрiстiк базаны кеңейтуге, жаңа рыноктарға өтуге және транзакциялық шығасыларды азайтуға ықпал етсе, экономикалық ақталған болып саналады.
      Бұған қоса, инвестор инвестицияланатын объектiнiң өндiрiстiк қызметiне және кiрiстi пайдалануға қатысты шешімдер қабылдауға елеулi ықпал ету үшiн жеткiлiктi құқықтарға (жарғылық капиталдағы үлестерге) ие болуы тиiс, ал елдегi - инвестицияланатын объектi тұрған жердегi инвестициялық және валюталық режим салынған қаражатты қайтаруға және алынған пайданың қайтарылуына кедергi жасамауы тиiс.
      Жоғарыда аталған факторлар шетел активтерiне резиденттер инвестицияларын ырықтандыру процесiн құрайтын мынадай сипаттағы негiзгi принциптердi белгiлейдi:
      кәсiпорын құру, жұмыс iстейтiн кәсiпорындардың акцияларын сатып алу, соның нәтижесiнде резидентке осы резидент емес - заңды тұлғаның, яғни еншiлес ұйымның 50% және одан да көп дауыс беретiн акциялары (қатысушылар дауысының жалпы санының 50 және одан да көп пайыз дауысы), тиесiлi болады;
      инвестициялау объектiсi - резидент еместiң еншiлес ұйымның жарғылық капиталын көбейту;
      жоғарыда көрсетiлген операциялар инвестициялау объектiсiнiң тұрған жерi Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (бұдан әрi - ЭЫДҰ) кiретiн не инвестицияларды өзара қолдау және қорғау туралы келiсiм жасалған және бекiтiлген елде жүзеге асырылады (дивидендтердiң, пайда үлесiнiң, сыйақылардың, резиденттiң қатысу үлесiн тарату/сатудан түскен қаражаттың еркiн айырбасталатын валютада шұғыл қайтарылуына шектеулердiң болмауын көздейдi).
      Резиденттердiң осы операциялары капитал қозғалысына байланысты операцияларды ("б" санаты) тiркеу режимi арқылы жүзеге асырылады.
      Осы талаптарды қанағаттандырмайтын резиденттердiң шетелдегi тiкелей инвестициялау операциялары Ұлттық Банктiң лицензиясы болған кезде ғана жүзеге асырылады ("а" санаты).

5.4. Кредиттеу операциялары

5.4.1. Сыртқы сауда операцияларын кредиттeу

      Қазақстанда, қолданылып жүрген режимi бойынша экспорт бойынша төлемді кейiнге қалдыруды не тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсету импорты үшiн аванстық төлемнiң 120 күннен астам мерзiмге ұзартылуын, яғни капитал қозғалысына байланысты операцияларды қарастыратын экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшiн аударымдар Ұлттық Банкте лицензиялауға жатады.
      2001 жылдан қаңтарынан бастап 2002 жылғы I жартыжылдыққа дейiнгi кезеңде экспорт бойынша төлемдердiң мерзiмiн ұзартуға байланысты операциялар бойынша берiлген лицензиялардың жалпы саны 718 болды. Экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмi көп жағдайда 180 күннен астам болады және ол қарсы әрiптестердiң уақытша қиыншылықтарымен ғана түсiндiрiле алмайды. Бiрқатар тауарлар бойынша экспорттық түсiм түсу мерзiмiн ұзарту өнiм сапасын сертификаттау рәсiмiнен өткізуге және соңғы тұтынушыға кейiн сатуға байланысты. Бұдан басқа, едәуiр жоғары қосымша құны бар тауарлар өндiрудi ынталандыру жөнiндегi шаралар, оның ішiнде экспорт кезiнде жанама тарифтiк емес (әкiмшiлiк) тосқауылдарды қысқарту және/немесе жеңiлдетудi енгiзуге тиiс шаралар валюта операцияларын лицензиялау тәртiбi болып табылады.
      Осыны негiзге ала отырып, бiрiншi кезеңде экспорт-импорт операциялары бойынша есеп айырысуларды реттеуге қатысты мынадай мiндеттердi шешу қажет:
      экспорттан түскен валюталық түсiмнiң қайтарылуын және импорт бойынша төлемдердiң негiздiлiгiн және экспорт-импорт валюталық бақылауы шеңберiнде ақпараттың сапалылығын бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру;
      экспорттық операцияларды жүзеге асыру кезiндегi шектен тыс кедергiлердi жою.
      Бiрiншi кезеңде осы мiндеттердi жүзеге асыру үшiн мынадай iс-шараларды орындау болжанады:
      1. Ұлттық Банкте лицензиялауға жататын экспорт-импорт операциялары бойынша 180 күн және одан да көп мерзiмдi дебиторлық берешектiң ең оңтайлы төмен шегiн бағалау (қолданылып жүрген шектеу 5000 АҚШ доллары).
      Лицензиялаудың ең төменгi шегін көбейту экспорт-импорт операцияларына бақылаудың екi деңгейлi жүйесiн енгiзумен қатар жүргізіледi:
      Бiрiншi деңгей қолданылып жүрген рәсiмдерге сәйкес бiр келісiм-шарт шеңберiнде 180 күннен астам мерзiмге экспорт-импорт операциялары бойынша резидент еместердi резиденттердiң кредиттеуiн лицензиялауды қарастырады.
      Екiншi деңгей резидент жасаған барлық экспорт-импорт келісім-шарттары бойынша лицензиялаудың белгіленген төменгі шегiнен аспайтын операциялар бойынша 180 күннен астам мерзiмге жинақталған дебиторлық берешегін экспорт-импорт валюта бақылауы шеңберiнде қадағалауды болжайды, бұл лицензияланатын операциялардың төменгі шегінен аспайтын әрбiр жекелеген келiсім-шарт бойынша берешегi бар сыртқы сауда операцияларының қатысушыларын табуға мүмкiндiк бередi.
      Жыл бойы әрбiр тоқсанның соңында жүйелі түрде экспорт-импорт операциялары бойынша дебиторлық берешек жинақталатын резиденттер туралы ақпарат уәкiлеттi банктер ұсынған ақпарат негiзiнде Ұлттық Банкте қалыптасады және пайда болған берешектiң себебiн түсiндiру мақсатында тиісті уәкiлетті органға жiберiледi, сондай-ақ лицензия алу үшiн Ұлттық Банкке резидент кейiн өтiнiш жасаған жағдайда, арызды қарау кезiнде назарға алынатын болады.
      2. Есеп айырысудың ең ұзақ шарттары шаруашылық қызметтің салалық ерекшелiктерiне және саудаға байланысты болатын, яғни дәстүрлi емес экспортты және жоғары қосымша құны бар өнiм экспортын ынталандыру мақсатында экономикалық ақталған болып есептелетiн экспорт кезiнде Сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасы (СЭҚТН) жiктеуiне сәйкес кодтары көрсетiлген тауарлардың тiзбесiн анықтау. (РҚАО-ның ескертуі. V011445 )
      Жеткiлiктi, экономикалық жағынан дұрыс негiзделген себептер болған кезде Қазақстан Республикасының Yкiметi Ұлттық Банкпен келісім бойынша оларға тауарлар экспорты күнi мен экспорттық түсiм алу мерзiмiнiң арасы 365 күннен асқан жағдайда ғана резиденттен лицензия алу талаптарын қарастыратын валюталық реттеуден ерекше режимiн қолдана алады.
      3. Резидент еместің тарапынан мiндеттемелердi орындау аяқталған экспорт-импорт операциялары бойынша валюталық peттeу тәртібiн жеңiлдету мүмкiндiгiн қарау.
      Қазiргi уақытта экспорт-импорт мәмілелерін кредиттеу лицензия алуға өтiнiш беру сәтінде экспорт бойынша нақты валюталық түсiмнiң не импорт бойынша толық көлемде тауардың түскен-түспегенiне қарамастан операциялар ағымдағы разрядтан капитал қозғалысына байланысты операцияларға көшкен жағдайда лицензиялауға жатады. Резидент еместің өз міндеттемелерiн толық көлемде орындағанын ескере отырып, лицензиялау әкiмшiлiк формалдылықты орындауға әкеп соғады және сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы үшiн қосымша шығасылар әкеледі. Осы тұрғыдан, Ұлттық Банк Кедендік бақылау агенттігімен бiрлесiп бiр жағынан әкiмшiлiк рәсiмдер санын қысқарту үшiн, екіншi жағынан, валюта бақылауының тиiмдiлiгін төмендетпеу және валюталық заңдардың талаптарын резиденттiң ақтауын қамтамасыз ету үшiн осы операцияларға валюталық реттеудiң жеңiлдетілген тәртiбiн енгізу мүмкiндiгi туралы мәселенi қарауы қажет.
      Шешiм қабылдауды талап ететiн мәселелер:
      1) лицензия беру шарттары, берешектiң жүйелi түрде пайда болуына жауапкершiлiк, аяқталған экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша тәртiптi жеңiлдету және Ұлттық Банктiң салық және басқа бақылау органдарымен өзара іс-әрекет ету бөлігінде лицензиялау рәсiмiн пысықтау қажет;
      2) лицензияланатын экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша дебиторлық берешектiң төмен шегiн белгiлеуi тиiс;
      3) валюталық бақылау рәсiмiне лицензиялауға жатпайтын 365 күнге дейiнгі мерзiмге дебиторлық берешек пайда болатын жекелеген тауарлар экспорты бойынша өзгерiстер енгiзу;
      4) экспорт-импорт валюта бақылауы жүйесiне және әзiрленiп жатқан бағдарламалық қамтамасыз етуге өзгерiстер енгiзу талап етiледi;
      5) резиденттiң барлық сыртқы сауда келiсiм-шарттары бойынша (бақылаудың екiншi деңгейi) жиынтық дебиторлық берешекке кейiнгi бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi жұмыстар шеңберiнде экспорт-импорт валюта бақылауы шеңберiндегi экспорт-импорт мәмiлелерiн ресiмдеудiң барынша оңтайлы құндық шегiн бағалау қажет;
      6) экспорттық кредиттердi сақтандыру тетiктерiн әзiрлеудi және сыртқы сауда операциялары бойынша валюталық реттеу тәртiбiн жеңiлдету мүмкiндiгін, сақтандыру полисiмен қамтамасыз етiлген қаражаттарды қайтармау тәуекелiн қарастыру керек.

5.4.2. Екiншi деңгейдегi банктердiң резидент еместерге кредиттер бepуi

      Екiншi деңгейдегi резидент банктердiң резидент еместерге кредиттер беруiне байланысты операцияларды лицензиялау күшiн жояды. Операцияның осы түрiнiң пруденциалдық реттеу және қадағалау шараларымен реттелетiнiн, оның шеңберiнде екiншi деңгейдегi банктер белгiленген нормативтердi орындауға, активтердi тәуекел дәрежесi бойынша жiктеуге және операцияға қатысушылар мен оның жасалу шарттары туралы негізгi ақпаратты ашуға мiндеттi екенiн ескере отырып, валюталық реттеудiң рұқсат етiлген режимi болып табылатын лицензиялауды оларға қолданудың қажетi жоқ.
      Екiншi деңгейдегі банктердiң резидент еместерге кредиттер беруi Ұлттық Банктегi хабарлама талабы ("в" санаты) арқылы жүзеге асырылады.
      Барынша экономикалық еркiндiк режимi тәуекелдердi басқарудың iшкi жүйесi негiзiнде бағаланатын қаржы ұйымдары жүргiзетiн халықаралық операциялар бойынша мәндi, маңызды және шынайы ақпаратты ашуға және капитал жеткiлiктiлiгiне, талаптарды күшейтумен қоса жүредi.
      Шешiм қабылдауды талап ететiн мәселелер:
      Пруденциалдық реттеу және қадағалау жүйесi бiр резидент емес-заемшыға бақылау элементi мен ең жоғары тәуекел шектеуiн (iшкi рыноктағы операциялармен салыстырғанда осы тәуекел капиталдың әкетiлуi кезiнде өте жоғары  болады), сондай-ақ елдiң тәуекелдігін қоса алғанда, банктердiң меншiктi капиталының жеткiлiктiлiгiне жоғары талаптарды қамтуы тиiс.

5.4.3. Резиденттердiң шетел банктерiнде шоттар ашуы

      Валюталық режимдi ырықтандыру жолындағы басқа қадам шетел банктерiнде және өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңдары бойынша банктiк операцияларды жүзеге асыруға құқығы бар басқа қаржы институттарында (бұдан әрi - шетел банктерi) шетелде шоттар ашуға қатысты талаптарды жұмсарту болып табылады.
      1. Шетел банкiнде шетелде резиденттердiң - жеке тұлғалардың шоттар ашуы лицензиялауға жатпайды:
      егер шетелдiк банктiң "А"-дан төмен емес ("Standard & Рооr's" немесе "Fitch" рейтингтiк агенттiктерiнiң жiктеуi бойынша) немесе "А2" ( "Moody's Investors Service" рейтингтiк агенттiгiнiң жiктеуi бойынша) ұзақ мерзiмдi кредиттiк рейтингi бар болса және ЭЫДҰ-ға мүше болып табылатын мемлекетте тiркелген және орналасқан жағдайда;
      жұмыс iстеу, оқу, емделу немесе демалу мақсатында Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде уақытша жүрген резиденттер.
      Бiрден көп кредиттiк рейтингi болған кезде рейтингтiк агенттiктер ("Standard & Poor's","Fitch","Moody's Investors Service") белгiлегеннен әрқайсысының кредиттiк рейтингi ең төменгі белгiленген талаптарды қанағаттандыруы қажет. Рейтингтердiң бiреуiнiң ең аз белгiленген рейтингтен тармақтың жартысынан аспайтындай ауытқуға жол берiледі.
      Шетелде шоттар ашуды уәкiлеттi банктерде ашылған шоттар арқылы не тiркеу тәртiбiмен ("б" санаты) шот ашпай аудару арқылы резидент - жеке тұлға жүзеге асырады.
      Бұл ретте шетелдегі шетел банктерінде жеке тұлғалар ашқан шоттар бойынша валюталық заңдарда белгiленген тәртіппен лицензиялауға жататын операциялар жүргiзiлуге тиiс емес.
      2. Қазiргi уақытта банктердiң корреспонденттiк және металдық шоттарды ашуы банктердi қадағалау органдарының талаптарын сақтау арқылы лицензиясыз жүзеге асырылады. Пруденциалдық реттеудi жетiлдiру, банктiң тұрақтылығына және iшкi тәуекелдердi басқару жүйелерiн енгiзу арқылы банктiң инвестициялық портфелi мен активтерiнiң тәуекелдiгiне байланысты капиталдандырудың жеткiлiктiлiгiне талаптарды арттыру бақылау тиiмдiлiгiнiң қажеттi деңгейiн жасайды, сондықтан екiншi деңгейдегi банктердiң шетел банктерiнде шоттар ашуы лицензиясыз жүргiзiледi. Осы операцияларды жүргiзуге хабарлау ("в" санаты) режимi қолданылатын болады.
      Шешiм қабылдауды талап ететiн мәселелер:
      Мәселен, шетелде шоттың болуын болжайтын еншiлес компанияның пайда болуына, шетелдегi өкiлдiктердi ұстауға байланысты шығындарды барынша азайту тұрғысынан шетел банктерiнде заңды тұлғалардың шоттар ашудың және жүргiзудiң жеңiлдетiлген тәртiбiн тарату осы мақсатта экономикалық жағынан ақталуы мүмкiн. Осыны негiздей отырып, бiрiншi кезең шеңберiнде валюта операцияларын жүргiзудi бақылау және ырықтандыру жөнiндегi шаралардың экономикалық нәтижелерiне талдау тәртiбiнiң жетілдiрiлуiне қарай заңды тұлғалардың шетелде шоттар ашу және олар бойынша жекелеген операциялар жүргізудi ырықтандырудың экономикалық дұрыстығын бағалау қажет.
      Қазақстан Республикасының банктерiнде шығарылған төлем карточкаларын пайдалану арқылы резидент еместердiң банктерiнде ашылған банктік шоттар бойынша операциялар жүргiзу мүмкiндiктерiн қосымша қарастыру керек.
      Пруденциалдық реттеу шеңберiнде ұзақ мерзiмдi рейтингi жоқ немесе ұзақ мерзiмдi рейтингi талап етiлетiн деңгейден төмен Қазақстан Республикасының резидент емес банктерiнiң - корреспонденттiк банктерiнiң айқындылығына (ақпаратты ашып көрсетуге) талаптарды арттыру қажет. Сондай-ақ резидент емес банктерде корреспонденттiк шоттарды ашу кезiнде Қазақстан Республикасының банктерiн капиталдандыруға қойылатын талаптарды арттыру қажет.

5.5. Валюталық режимдi ырықтандырудың ақпараттық аспектiсi

      Қазақстан Республикасында валюталық режимді ырықтандыру тұжырымдамасының принципi капитал ағынын бақылаудың қолданылып жүрген әкiмшiлiк шараларын бiртiндеп жою, бiрiншiден, төлем балансының статистикалық базасын жасау, талдау және болжауды жетiлдiрумен, және екiншіден, Ұлттық Банктiң сыртқы экономикалық операциялар туралы ақпарат жинау және оған талаптарды белгілеуi бойынша өкiлеттiктерiн күшейтумен бiрге жүргiзiлетiнiн болжайды.
      Бiрқатар басым операцияларды ырықтандыру барысында операцияға қатысушы сыртқы экономикалық мәмiлелердi жүзеге асыру кезiнде айтарлықтай экономикалық еркiндiк ала отырып, операцияны статистикалық есепке алу, операциялардың негіздiлiгiн және резиденттiң валюталық реттеу талаптарына сәйкестiгiн тексеру мақсатында барлық қажеттi ақпаратты ұсыну бойынша мiндеттемелер қабылдайды және жауапкершiлiкте болады.
      Сыртқы экономикалық операциялар туралы ақпарат базасы:
      1) операциялардың мақсаттары, субъектiлерi, түрлерi және мерзiмдiлiгi жөнiндегi ақпаратты егжей-тегжейлi талдау;
      2) банк клиенттерiнiң, бағалы қағаздар рыногы кәсiби қатысушыларының операцияларына операциялар бойынша есеп жүргiзу;
      3) базалық операцияларды қаржы құралдарымен туынды операциялардан бөлу;
      4) басқа көздерден алынған ақпаратпен операцияларды нақты жіктеу және салыстыру мүмкіндігі;
      5) сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындардың маңызын apттыру және тізілімін толықтыру талаптарын қанағаттандыруы тиіс.
      Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мынадай іс-шараларды орындау қажет:
      1) қолданылып жүрген есеп беру нысандарын толық қамтылуға, ұсынылған ақпараттың қайталануын барынша болдырмауға және ақпарат базасына қойылатын талаптарды қанағаттандыруға жан-жақты талдау жүргізу;
      2) резиденттердің лицензиялау/тіркеу/хабарлау рәсімдері шеңберінде ақпарат беру нысандарын және тәртібін жетілдіру.
      Статистикалық ақпарат жинау жүйесiн жетілдіру барысында алдын ала тiркеу талабынан капитал қозғалысына байланысты бiрқатар операцияларға қатысты кейінгі хабарлау және есеп беру мiндеттемесiне бiртіндеп өтуi болады.
      Бастапқы кезеңнің өзінде-ақ резидент еместердің резиденттік брокер компаниялары арқылы жүзеге асыратын резиденттердің мемлекеттік емес бағалы қағаздарын сатып алуға қатысты тiркеуi күшін жоятын болады. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары ("в" санаты) осы операциялардың иелері, эмитенттері және сипаты туралы ақпаратты белгіленген есеп беру нысандарына сәйкес бередi. Резидент еместердің резиденттердің мемлекеттік емес бағалы қағаздарын резиденттік бpoкep компанияларын тартпай сатып алуына қатысты Ұлттық Банкте операцияларды тіркеудің қолданыстағы режимі қолданылатын болады.

5.6. Валюталық режимдi ырықтандырудың құқықтық аспектісі

      Осы бағдарламада көзделген валюталық режимді ырықтандыру жөніндегі шараларға сәйкес валюталық peттеу тәсілдерінің 1995 жылғы 17 сәуiрдегі " Лицензиялау туралы ", 1996 жылғы 24 желтоқсандағы " Валюталық реттеу туралы ", 1995 жылғы 31 тамыздағы " Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы " Қазақстан
Республикасының Заңдарына; сондай-ақ Ұлттық Банктің Басқармасы бекiткен Валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті лицензиялау ережесiне , Қазақстан Республикасында экспорт-импорт валюта бақылауын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа , Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргізу ережесіне өзгерістер енгізуді талап етедi.
      Валюталық pеттеу режимдерін тәртіпке келтіру және валюталық қатынастар мен бiрiздi ырықтандыруды дамытудың осы кезеңінің талаптарына жауап беретiн тиісті құқықтық базаны құру қажеттілігі негізгі нормалар мен ережелердi жүйеге келтiретiн "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" жаңа заңның және күрделi валюта операцияларының барлық санаттарын валюталық реттеудiң тәртiбi мен рәсiмдерiн - олардың бiрыңғай түсiндiрiлуi мен қолданылуын қамтамасыз ететiн лицензиялау, тiркеу, хабарлау режимдерiн реттейтiн бiрыңғай нормативтiк құқықтық актiнiң әзiрленуiн талап етедi.
      Шешудi талап ететiн мәселелер:
      1) ұсынылатын экономикалық негiздемеге және өтiнiш берушiге валюта операцияларын жүргiзуге лицензия берген кезде қаралатын ақпаратқа қойылатын талаптарды кеңейту қажет.
      2) валюталық режимдi ырықтандыру операциялар жүргiзудiң, мәлiметтер мен есеп берудiң белгiленген режимiн сақтамағаны үшiн жауапкершiлiктi күшейтумен қатар жүруi тиiс. Сонымен қатар, ЭЫДҰ елдерiнiң банктерiнде ашылған жеке тұлғалардың шоттары бойынша лицензиялауға жататын операциялар жүргiзу кезiнде тәртiп бұзушылықтардың ықтимал объективтi кешiктiрiлуiне, Ұлттық Банктiң валюта операцияларын жүргiзу туралы хабарламауына және басқаларына байланысты тәртiп бұзушыларды жауапкершiлiкке тартудың өтiп кеткен мерзiмiн ұлғайту туралы мәселе шешiлуі тиiс. Осы мiндеттердi iске асыру үшiн Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Кодексiне тиiстi өзгерiстер енгiзу қажет.

5.7. Шетел капиталы ағындарына байланысты тәуекелдердi төмендету

      Қазiргi уақытта Қазақстанда операциялардың мерзiмнен тыс әр түрiнiң кең қатары бойынша шетелдiк инвестицияларға байланысты шетелдiк капитал ағынына және кiрiстердi қайтып алуға iс жүзiнде шектеулер жоқ.
      Сонымен қатар, елге капиталдың жаппай ағыны тәуелсiз экономикалық саясат жүргiзуге арналған белгiлi бiр тәуекелдерге ұшыратуы мүмкiн, оған мыналар жатады:
      республиканың макроэкономикалық көрсеткiштерi шамалы ғана төмендеген, инвесторлардың күтулерi өзгерген, не олардың өз тәуекелдi қағаздар портфелiн қайта қараған жағдайларда, тәуекел деңгейi ұқсас елдерде экономикалық ахуалы нашарлаған жағдайда, көбiнесе алып-сатарлық сипаттағы жинақталған қысқа мерзiмдi капиталдың кенеттен тыс әкетiлу тәуекелi;
      сыртқы берешектiң қауiптi деңгейге дейiн өсуi және экономиканың шетелдiк кредиторларға тәуелдiлiгiнiң ұлғаюы ұзақ мерзiмдi перспективада, әсiресе экономика сыртқы күйреу әсерiне елеулi дәрежеде осал болатын болса, төлем қабiлетсiздiгiнiң тәуекелiн құрайды.
      Тәуекелдердi төмендету әсiресе валюталық режимдi ырықтандыру және капиталдың жинақтылығын арттыру жағдайларында көкейкестi. Экономикалық еркiндiктi кеңейтумен қатар капиталдың әкетiлуiне қатысты шектеулердi жұмсарту, сондай-ақ резиденттер үшiн белгiлi бiр тәуекелдермен қатар жүредi. Сондықтан тәуекелдердi, атап айтқанда: тәуелсiз елдiк тәуекелдi; қарсы әрiптестердiң елдiк тәуекелдерiн; рыноктық тәуекелдердi (валюталық тәуекелдердi, пайыздық ставкалардың өзгеру тәуекелдерiн, туынды қаржы құралдарымен операциялардың тәуекелiн) тексеру мен басқарудың тиiмдi жүйесiнiң болуы Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандыру тұжырымдамасының бұдан былайғы қажеттi шарты болып табылады.
      Валюталық режимдi ырықтандыру жөнiндегi iс-шаралардың бiрiздiлiгi және уақытша шеңберi:
      1) қаржы институттарында тәуекелдердi басқарудың iшкi жүйелерiн ендiру жөнiндегi шараларды iске асырумен;
      2) банктердi шоғырландырылған негiзде пруденциалдық реттеу және қадағалау рәсiмдерiн күшейтумен;
      3) iшкi қаржы рыногын дамытумен;
      4) қаржылық емес ұйымдар - iшкi валюта рыногының iрi қатысушылары тарапынан алып-сатарлықты бақылау және тоқтату тетiгiн әзiрлеумен (iшкi валюта рыногында шетел валютасын сатып алу/сату операцияларына ықтимал кейiнгi шектеулердiң күшiн жою);
      5) заңсыз жолмен алынған кiрiстердiң жария болуына қарсы iс-әрекеттер жүргiзу мақсатында күмәндi мәмiлелердi тексеру мен бақылаудың халықаралық принциптерiн енгiзумен;
      6) елдiң экономикалық өсiмi мен төлем балансының тұрақтылығын белгiлейтiн сыртқы факторлармен келiсiлетiн болады.
      Айрықшалық принципiне сүйене отырып, сыртқы экономикалық операцияларды және елдiң қысқа мерзiмi, не ұзақ мерзiмдi экономикалық қауiпсiздiгiнiң объективтi алғышарттарын және/немесе қауiп-қатер болған кезде жекелеген операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен резидент еместерге қатысты валюталық және әкiмшiлiк реттеу шараларын пайдалану жөнiндегi заңды түрде бекiтiлген құқығы сақталады.

6. Бағдарламаны iске асырудан күтілетiн нәтиже

      Валюта қаражатын пайдаланудың едәуiр тиiмдiлiгіне ықпал ететiн, қаржылық жағынан тұрақты кәсiпорындар мен қаржы институттары өткiзетiн, транспаренттi және iшкi валюта рыногындағы ахуалды айтарлықтай тұрақсыздандыруға қабiлетi жоқ операциялар осы Бағдарламада белгiленген ырықтандырудың бiрiншi кезеңi шеңберiнде валюталық реттеудiң талаптары жұмсартылатын операциялар санатына жатқызылады.
      Резидент еместердiң бағалы қағаздарын сатып алуға қатысты лицензиялаудың күшiн жою және оларды iшкi рынокқа еркiн жiберу резидент еместердiң бағалы қағаздарына инвестициялауға әкiмшiлiк шығасыны елеулi азайтады. Жоғары өтiмдiлігімен және тәуекел деңгейiнiң төмендiгімен ерекшеленетiн бағалы қағаздарға қаражат салу мүмкiндiгі резиденттер үшiн аз шығын жұмсаған кезде оңтайлы кiрiске қол жеткiзу мақсатында инвесторлардың тәуекелдерiн барынша тиiмдi түрлендiруге мүмкiндiк бередi. Сонымен қатар ҚДҚ арқылы шет елге инвестицияларды валюталық реттеудiң тәртiбiн жеңiлдету iшкi рынокты дамыту, ТМД елдерiндегi қаржы рыноктарын интеграциялау және ұлттық валютамен көрсетiлген құралдарды неғұрлым кеңiнен қолдану үшiн қажеттi жағдайлар жасайды.
      Лицензияны алуға байланысты әкiмшiлiк шығасыларының төмендеуi экономикалық дұрыстығы ақталған, яғни операциялық шығындарды төмендететiн, өндiрiстiк қуаттарды кеңiтетiн шетелдегi еншiлес кәсiпорындары бар резиденттер үшiн жаңа рыноктарға шығуға және ресурстарды барынша тиiмдi бөлуге мүмкiндiк туғызады. Қазiргi уақытта Қазақстан Инвестицияларды өзара ынталандыру және қорғау туралы келiсiмдi республика тауар айналымында 80%-дан асатын үлесi бар ЭЫДҰ елдерiн қоса алғанда, 30-дан астам елмен жасады. Сонымен, инвестициялау объектiсi тиесiлi ел бойынша талаптар қазақстандық инвесторларға салынған қаражаттарды қорғаудың қажеттi деңгейiн ұсына отырып, елдiң өзара сыртқы сауда қатынасы тұрғысынан неғұрлым перспективалы және мақсатқа сай тiкелей инвестицияларын жүзеге асыру бойынша резиденттердiң мүмкiндiктерiн шектемейтiн болады.
      Экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша есеп айырысуларды реттеуге қатысты:
      1) лицензиялаудың төменгi шегiн көтеру капиталдың әкетiлуi тұрғысынан шын мәнiнде маңызды экспорт-импорт операциялары бойынша дебиторлық берешек сомаларына бақылауды жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi, сонымен бiрге кәсiпорындардың шаруашылық қызметiнiң экономикалық ақталған шарттарын тудыруы мүмкiн қаржы ағындарын шектемейдi;
      2) экспорт-импорт операцияларын жүргiзуге валюталық бақылауды жүзеге асырудың тиiмдiлiгi жоғарылайды;
      3) резидент лицензиялау талабынан кету мақсатында бiр келiсiм-шартты бiрнеше неғұрлым ұсақ сомалар бойынша бөлшектеген жағдайда барлық сыртқы сауда келiсiм-шарттары бойынша резиденттiң жиынтық берешегiн бақылау үшiн жағдай жасалады;
      4) валюталық реттеу рәсiмi сыртқы сауда қызметiн жүзеге асыратын кәсiпорындар мен ұйымдар үшiн неғұрлым транспаренттi және түсiнiктi болады;
      5) шаруашылық қызметтiң қолданылып жүрген талаптарымен және салалық ерекшелiктерiмен берешек экономикалық ақталған жағдайда экспорт кезiнде қаржылық есеп айырысуларды жүзеге асыру үшiн, сондай-ақ жоғары қосымша құны бар өнiм экспорты кезiнде әкiмшiлiк шығындарды төмендету мақсатында жекелеген салаларға мейлiнше қолайлы жағдайлар жасалады.
      Жекелеген шектеулердi бiртiндеп жою, валюталық бақылау жүйесiн жүйелендiру және жеңiлдету валюта операцияларын валюта заңдарының талаптарынан тыс жүргiзуге қажеттiлiктi төмендетедi, бұл валюта операцияларының едәуiр айқындығына және жариялылығына әкеледi. Сонымен қатар, шетелдiк инвесторлар валюта операцияларын әкiмшiлiк бақылау шараларын қысқартуды және экономикалық қызмет еркiндiгiн кеңейтудi елдiң инвестициялық климатын жақсартатын факторлар ретiнде дәстүрлi түрде қарастырады, бұл ұзақ мерзiмдi перспективада экономиканың шикiзат секторына ғана емес, Қазақстанға шетел капиталы ағынының келуiн көбейтуге мүмкiндiк бередi.
      Қаржы институттарында тәуекелдердi басқарудың iшкi жүйелерiнiң тиiмдiлiгiн арттыру; бағалы қағаздар рыногын және рыноктық тәуекелдердi хеджирлеу құралдарын дамыту; қаржылық қадағалауды және мемлекеттiк органдардың өзара iс-әрекеттерiн күшейту; капиталдың трансшекаралық ағындары және iшкi валюта рыногындағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы туралы объективтi, уақтылы және сапалы ақпарат беретiн операцияларды жинау және есепке алу жүйесiн жетiлдiру валюталық режимдi ырықтандырудың келесi кезеңiне өту үшiн сапалы экономикалық алғышарттар жасайды.

7. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары

      Ескерту. 7-бөлім өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.09.08. N 911 қаулысымен .

___________________________________________________________________
P/c|       Іс-шара        |Аяқтау    | Орындауға   | Орындау
N |                      |нысаны    | жауаптылар  | мерзiмi
___________________________________________________________________
1            2              3               4             5
___________________________________________________________________
       1. Валюталық рeттеу және бақылау рәсiмдерiн жетiлдiру
___________________________________________________________________
1.1. Валюта операцияларын  Нормативтік  ҚҰБ (келі.   "Қазақстан
     реттеу тәртiбi мен    құқықтық     сім бойынша) Республикасының
     рәсiмдерiн реттейтiн  кесімнің     КБА          кейбір заң
     нормативтiк құқықтық  жобасы                    актілеріне банк
     актiлерге өзгерiстер                            қызметі, валю.
     енгiзу                                          талық реттеу
                                                     және валюталық
                                                     бақылау
                                                     мәселелері
                                                     бойынша өзге.
                                                     рістер мен
                                                     толықтырулар
                                                     енгізу туралы"
                                                     Қазақстан
                                                     Республикасының
                                                     Заңы күшіне
                                                     енгізілген
                                                     күннен бастап
                                                     2-тоқсан бойы

1.2. Резиденттiң           Үкіметке     ҚҰБ (келі.   2003 жылғы
     валюта операциясын    ақпарат      сім бойынша) 3-тоқсан
     жүргізудiң мақсатқа                ЭжБЖМ, ӘдМ,
     сәйкестiгiне қара.                 ҚМ, ИСМ
     латын, валюталық
     реттеу және бақылау
     шеңберiнде ұсыныла.
     тын ақпаратына
     қойылатын талаптар
     тiзбесiн кеңейту
     жөнiнде ұсыныстар
     енгiзу

1.3. Лицензияланатын       Үкіметке     ҚҰБ (келі.   2003 жылғы
     экспорт-импорт        ақпарат      сім бойынша) 3-тоқсан
     мәмiлелерi бойынша                 ЭжБЖМ, КБА,
     дебиторлық берешек.                ИСМ
     тiң төмен шегiн
     белгілеу жөнінде
     ұсыныстар енгізу

1.4. "Валюталық реттеу     Заңның       ҚҰБ (келі.   2004 жылғы
     мен бақылау туралы"   жобасы       сім бойынша) 2-тоқсан <*>
     Қазақстан Республика.
     сының кейбiр заңының
     жобасын әзірлеу

1.5. Валюталық реттеу мен  Нормативтік  ҚҰБ (келі.   "Валюталық
     бақылау тәртiбiн      құқықтық     сім бойынша) реттеу мен
     және рәсiмдерiн       кесімнің                  бақылау туралы"
     реттейтiн бiрыңғай    жобасы                    Қазақстан
     нормативтiк құқықтық                            Республикасы
     кесiмнiң жобасын                                жаңа заңы
     әзiрлеу                                         күшіне енгізіл.
                                                     ген күннен
                                                     бастап
                                                     2-тоқсан бойы
___________________________________________________________________
      2. Капитал ағынына байланысты тәуекелдерді төмендету
___________________________________________________________________
2.1. Қаржылық емес ұйымдар Үкiметке     ҚҰБ (келі.   2004 жылғы
     - валюта рыногының    ұсыныс       сім бойынша) 1-тоқсан
     iрi қатысушыларының
     ішкі валюта рыногын.
     да валюталық опера.
     цияларды жүзеге
     асыруын бақылау
     тетiгiн әзiрлеу

2.2. Сыртқы елдiк тәуекел. Үкіметке     ҚҰБ (келі.   Тұрақты
     дердi тексеру және     ақпарат      сім бойынша)
     Қазақстан экономика.
     сының сыртқы күйреуге
     осалдығын төмендету
     жөнiнде ұсыныстар
     енгізу

2.3. "Заңсыз жолмен        Заңның       ҚПА          2004 жылғы
     алынған кірiстердi    жобасы       ҚҰБ (келісім 3-тоқсан
     жария етуге (ақтауға)              бойынша)
     қарсы iс-әрекеттер
     туралы" Қазақстан
     Республикасы
     Заңының жобасын
     әзiрлеу

2.4. Қаржы институтта.     Үкіметке     ҚҰБ (келі.   Тұрақты
     рында шоғырландырыл.  ақпарат      сім бойынша)
     ған қадағалауды
     және тәуекелдерді
     басқару жүйелерін
     жетілдіру
___________________________________________________________________
                3. Ақпараттық базаны жетілдіру
___________________________________________________________________
3.1. Валюта операциялары   Есеп беру    ҚҰБ (келі.   2004 жылғы
     бойынша есеп беру     нысандары    сім бойынша) 1-тоқсан
     нысанын жетiлдiру

3.2. Экспорт-импорт        ҚҰБ-ның      ҚҰБ (келі.   2004 жылғы
     валюта бақылауы       валюталық    сім бойынша) 4-тоқсан
     жөнiндегi бағдарла.   бақылау      КБА
     малық қамтамасыз      жөніндегі
     етуге өзгерiстер      бағдарла.
     енгiзу                малық
                           қамтамасыз
                           етуі
___________________________________________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады