"Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының жарғысын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 сәуірдегі N 366 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. "Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының жарғысын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт
ұйымының жарғысын бекіту туралы

      2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымның жарғысы бекітілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  ҰЖЫМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ТУРАЛЫ ШАРТ ҰЙЫМЫНЫҢ
ЖАРҒЫСЫ

      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы Шартқа (бұдан әрi - Шарт) қатысушы мемлекеттер,
      БҰҰ Жарғысы бойынша өз мiндеттерiмен, БҰҰ Қауіпсiздiк Кеңесiнiң шешiмдерiмен қатаң сәйкестiкте әрекет етiп, халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптерiн басшылыққа ала отырып;
      Шартқа қатысушы мемлекеттердi жан-жақты дамыту және олардың қауiпсiздiгiн, егемендiгi мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшiн қолайлы және тұрақты жағдайларды жасауға ұмтыла отырып;
      Шарттың және оның шеңберiнде қабылданған халықаралық шарттар мен шешімдердiң мақсаттары мен принциптерiне өзiнiң адалдығын растай отырып;
      ұлттық, аймақтық және халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және нығайту мүддесiнде әскери-саяси ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуде шешiмдiлiкке бара отырып;
      сыртқы саяси, әскери және әскери-техникалық салаларда сондай-ақ трансұлттық шақыруларға және мемлекеттер мен халықтардың қауiпсiздiгiне қатер төндiруге қарсы әрекет ету саласында тығыз және жан-жақты одақтық қарым-қатынастарды жалғастыру мен жетілдiрудi өзiнің алдында мақсат етiп қоя отырып;
      Шарт шеңберiнде қызметiнiң тиiмдiлiгiн жоғарылату ниетiн басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келiстi:

  I-тарау
Ұжымдық қауiпсiздiк туралы
шарт Ұйымын бекiту

  1-бап

      Шартқа қатысушы мемлекеттер Ұжымдық қауiпсiздiк туралы Шарттың халықаралық аймақтық Ұйымын бекiтедi (бұдан әрi - Ұйым).

  2-бап

      Шарттың және оның дамуы үшiн қабылданған халықаралық шарттардың ережелерi мен Шарттың ұжымдық қауiпсiздiк Кеңесiнiң шешiмдерi Ұйымға мүше-мемлекеттер (бұдан әрi - мүше-мемлекеттер) және Ұйымның өзi үшiн мiндеттi болып табылады.

  II-тарау
Мақсаттары мен принциптерi

  3-бап

      Ұйымның мақсаттары бейбiтшіліктi, халықаралық және аймақтық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негiзде мүше-мемлекеттердiң тәуелсiздігiн, аймақтық тұтастығы мен егемендiгiн қорғау болып табылады, оларға жету үшiн мүше-мемлекеттер басымдықты саяси құралдарға бередi.

  4-бап

      Ұйым өз қызметiнде Ұйымның мүшелерi болып табылмайтын мемлекеттермен ынтымақтастық жасайды, қауіпсiздiк саласында әрекет ететiн халықаралық үкiметаралық ұйымдармен қарым-қатынас орнатады. Ұйым халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптерiнде негiзделген әдiл демократиялық бейбiтшiлiк тәртiптi қалыптастыруға көмек көрсетедi.

  5-бап

      Ұйым тәуелсiздiктi мүлтiксiз құрметтеу, мүше-мемлекеттердiң қатысу еріктілігі, құқықтары мен міндеттерінің теңдігі, мүше-мемлекеттердің ұлттық юрисдикциясына жататын iстерге араласпау негiзiнде әрекет етедi.

  6-бап

      Осы Жарғы мүше-мемлекеттердiң олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.

  ІІІ-тарау
Қызметiнiң бағыты

  7-бап

      Ұйымның мақсаттарын iске асыру үшiн мүше-мемлекеттер оның шеңберiнде ұжымдық қауіпсiздiктiң нақты жүйесiн қалыптастыруға, коалициялық (аймақтық) әскер (күштер) топтарын және оларды басқару органдарын, әскери инфрақұрылымды құруға, қарулы күштер үшiн әскери кадрлар мен мамандар даярлауға, оларды қажет қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз етуге бiрлескен шаралар қабылдайды.
      Мүше-мемлекеттер басқа мүше-мемлекеттермен шұғыл кеңестердi (келiсiмдердi) өткiзгеннен кейiн, өз аумақтарында Ұйымның мүшелерi болып табылмайтын мемлекеттердiң әскер (күштер) топтарын, әскери инфрақұрылым объектілерiн орналастыру туралы шешiм қабылдайды.

  8-бап

      Мүше-мемлекеттер халықаралық терроризммен және экстремизммен, есiрткiлiк заттар мен психотроптық заттардың, қару-жарақтың заңсыз айналымымен, ұйымдасқан трансұлттық қылмыспен, жасырын көшi-қонмен және мүше-мемлекеттер қауiпсiздiгiне төнетiн басқа да қатерлермен күресуде өз күштерiн үйлестiредi және бiрiктiредi.
      Мүше-мемлекеттер өз қызметiн осы бағыттарда, соның iшiнде БҰҰ басшылық ролiмен барлық мүдделi мемлекеттермен және халықаралық үкiметаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырады.

  9-бап

      Мүше-мемлекеттер қауiпсiздiктiң халықаралық және аймақтық проблемалары бойынша, соның iшiнде Ұйымның кеңес беру механизмдерi мен рәсiмдерiн пайдалана отырып өздерiнiң сыртқы саяси ұстанымын келiседi және үйлестiредi.

  10-бап

      Мүше-мемлекеттер ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнiң қызметiн регламенттейтiн шарттық-құқықтық базаны дамыту жөнiнде және қорғаныс, әскери құрылыс және қауiпсiздiк мәселелерi бойынша ұлттық заңнаманы үйлестiру жөнiнде шаралар қабылдайды.

  IY-тарау
Ұйымның органдары

  11-бап

      Ұйымның органдары болып мыналар табылады:
      а) Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесi (бұдан әрi - Кеңес);
      б) Сыртқы iстер министрлерінің кеңесi (бұдан әрi - СIМК);
      в) Қорғаныс министрлерінің кеңесi (бұдан әрi - ҚМК);
      г) Қауiпсiздiк кеңесi хатшыларының комитетi (бұдан әрi - ҚКХК).
      Ұйымның тұрақты әрекет ететiн жұмыс органы Ұйымның Хатшылығы болып табылады (бұдан әрi - Хатшылық).
      Жоғарыда көрсетiлген органдардың функциялары мен жұмыс тәртiбi осы Жарғымен, сондай-ақ Кеңес бекiткен жекелеген Ережелермен регламенттеледi.

  12-бап

      Кеңестің, СIМК, ҚМК мен ҚКХК рәсiмдiктен басқа мәселелерi бойынша шешiмдерi консенсуспен қабылданады.
      Кез келген мүше-мемлекеттің дауыс беру кезiнде бiр дауысы болады. Дауыс беру, соның iшiнде рәсiмдiк мәселелер бойынша дауыс беру тәртiбi Кеңес бекiтетiн Ұйым органдары рәсiмдерiнiң ережелерiмен регламенттеледi.
      Кеңестің шешiмдерi және олардың орындалуы үшiн қабылданатын СIМК, ҚМК және ҚКХК шешiмдерi мүше-мемлекеттер үшін мiндеттi болып табылады және ұлттық заңнамамен белгiленген тәртiпте орындалады.

  13-бап

      Кеңес Ұйымның жоғары органы болып табылады.
      Кеңес ұйым қызметiнiң принциптiк мәселелерiн қарайды және оның мақсаттары мен міндеттерiн iске асыруға бағытталған шешiмдердi қабылдайды, сондай-ақ осы мақсаттарды iске асыру үшiн мүше-мемлекеттердiң бiрлескен қызметi мен оны үйлестiрудi қамтамасыз етедi.
      Кеңестiң құрамына мүше-мемлекеттердің басшылары кiредi.
      Кеңестің мәжiлiстерiне мүше-мемлекеттердің сыртқы iстер министрлерi, қорғаныс министрлерi, қауіпсiздік кеңесiнiң хатшылары, Ұйымның Бас хатшысы, Ұйым жанындағы мүше-мемлекеттердiң Өкiлеттi өкілдерi және шақырылған адамдар.
      Кеңес тұрақты немесе уақытша негiзде Ұйымның жұмысшы және көмекшi органдарын құруға құқылы.
      Егер Кеңес басқа шешiм қабылдамаса, онда Кеңестiң кезектi сессиясы өтетiн аумақ мемлекетiнің басшысы Кеңестiң Төрағасы (бұдан әрi - Төраға) болып сайланады. Оның құқығы мен мiндеттерi Кеңестiң келесi кезектi сессиясына дейiнгi кезеңге сақталады.
      Егер Төраға өз функцияларын орындай алмаса, онда қалған кезеңге жаңа Төраға сайланады.
      Кеңес сессияларының арасындағы кезеңде Ұйым органдары қабылдайтын шешiмдердi iске асырудағы мүше-мемлекеттердiң өзара iс-қимылын үйлестiру мәселелерiмен Ұйым жанындағы Тұрақты Кеңес (бұдан әрi - Тұрақты Кеңес) айналысады.
      Тұрақты Кеңес олардың мемлекетiшілiк рәсiмдерiне сәйкес мүше-мемлекеттер тағайындайтын Өкiлеттi өкілдерден (бұдан әрi - Өкiлеттi өкілдер) тұрады, және Кеңес бекiтетiн Ережеге сәйкес әрекет етедi.

  14-бап

      СIМК мүше-мемлекеттердің iшкi саясат саласындағы өзара iс-қимылын үйлестiру мәселелерi жөнiндегi Ұйымның кеңес берушi және атқарушы органы болып табылады.

  15-бап

      ҚМК мүше-мемлекеттердің әскери саясат, әскери құрылыс және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы өзара iс-қимылын үйлестiру мәселелерi жөнiндегi Ұйымның кеңес берушi және атқарушы органы болып табылады.

  16-бап

      ҚКХК мүше-мемлекеттердің ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы өзара iс-қимылын үйлестiру мәселелерi жөнiндегi Ұйымның кеңес берушi және атқарушы органы болып табылады.

  Ү-тарау
Хатшылық

  17-бап

      Хатшылық Ұйым органдарының қызметiн ұйымдық, ақпараттық, талдаумен және кеңес берумен қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
      Хатшылық Тұрақты Кеңеспен өзара iс-қимыл жасау үшiн Ұйым органдарының шешiмдерi мен басқа да құжаттардың жобаларын дайындауды жүзеге асырады.
      Хатшылық мүше-мемлекеттердiң Ұйымның бюджетiне үлестiк жарналарына теңдей квоталық негiзде мүше-мемлекеттердiң азаматтары (лауазымды тұлғалар) және мүше-мемлекеттердiң келiсiм-шарт бойынша конкурстық негiзде жұмысқа қабылданған азаматтары (қызметкерлер) санынан құралады.
      Хатшылықтың функциялары, құрылуы мен жұмыс тәртiбi Кеңес бекiткен тиiстi Ережемен айқындалады.
      Хатшылықтың орналасқан жерi Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы болып табылады. Хатшылықтың Ресей Федерациясының аумағында болу шарттары тиiстi халықаралық шарт негiзінде реттеледi.

  18-бап

      Ұйымның бас хатшысы (бұдан әрi - Бас хатшы) Ұйымның жоғары әкiмшілік лауазымды тұлғасы болып табылады және Хатшылыққа басшылық жасауды жүзеге асырады.
      Бас хатшы Кеңес шешiмiмен мүше-мемлекеттердiң азаматтары санынан СIМК ұсынуы бойынша үш жыл мерзiмге тағайындалады.
      Бас хатшы Кеңеске есеп бередi, Кеңестің, СIМК, ҚМК, ҚКХК және Тұрақты Кеңестiң мәжiлiстерiне қатысады.
      Бас хатшы Кеңестің шешiмдерiне сәйкес Ұйым органдарының тиiстi ұсыныстары мен құжаттарының жобаларын әзiрлеудi үйлестiредi, Ұйымның мүшелерi болып табылмайтын басқа да халықаралық үкiметаралық ұйымдармен және мемлекеттермен жұмыс бабындағы қарым-қатынастарды жүзеге асырады.
      Бас хатшы осы Жарғыға, Ұйымның шеңберiнде жасалатын басқа да халықаралық шарттар мен қабылданатын құжаттарға қатысты депозитарий болып табылады.

  YI-тарау
Мүшелік

  19-бап

      Ұйымның мүшесi болып оның мақсаттары мен принциптерiн қолдайтын және осы Жарғыда және Ұйымның шеңберiнде әрекет ететiн басқа да халықаралық шарттар мен шешiмдерде көрсетiлген мiндеттемелердi өзiне ала алатын кез келген мемлекет бола алады.
      Ұйымға қабылдау туралы шешiмдi Кеңес қабылдайды.
      Кез келген мүше-мемлекет Ұйымнан шығуға құқылы. Ұйымның шеңберiнде өз мiндеттемелерiн реттегеннен кейiн бұл мемлекет Жарғының депозитарийiне шығу күнiне дейiнгi алты айдан кешiктiрмей шығу туралы ресми хабарландыру жiбередi.
      Ұйымға қабылдану және шығу тәртiбi Кеңес бекiткен тиiстi Ережемен анықталады.

  20-бап

      Мүше-мемлекет осы Жарғының ережелерiн, Кеңестiң шешiмдерiн және оларды орындау үшiн қабылданған Ұйымның басқа органдарының шешiмдерiн орындамаған жағдайда Кеңес оның Ұйым органдарының қызметiне қатысуын тоқтатуы мүмкiн.
      Мүше-мемлекеттің аталған мiндеттемелердi орындамауы жалғасқан жағдайда Кеңес оны Ұйымнан шығару туралы шешiм қабылдай алады.
      Сондай мүше-мемлекетке қатысты осы мәселелер бойынша шешiмдер оның дауысын есепке алмастан қабылданады.
      Мүше-мемлекеттердiң Ұйым органдарының қызметiне қатысуын тоқтату немесе Ұйымнан шығару тәртiбi Кеңес бекiткен тиiстi Ережемен анықталады.

  YII-тарау
Бақылаушылар

  21-бап

      Ұйым жанындағы бақылаушының мәртебесi Ұйымның мүшесi болып табылмайтын мемлекетке, сондай-ақ Бас хатшының атына жазылған ресми жазбаша өтiнуiне сәйкес халықаралық ұйымға ұсынылуы мүмкiн. Бақылаушының мәртебесiн ұсыну, тоқтату немесе күшiн жою туралы шешiмдi Кеңес қабылдайды.
      Бақылаушылардың Ұйым органдарының сессиялары мен мәжiлiстерiне қатысуы Ұйым органдары рәсiмдерiнің ережелерiмен регламенттеледi.

  ҮІІІ-тарау
Құқықтық қабiлеттілiгі,
артықшылықтары мен иммунитеттер

  22-бап

      Ұйым әрбiр мүше-мемлекет аумағында оның мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн қажеттi құқықтық қабiлеттiлiктi пайдаланады.
      Ұйым оның мүшесi болып табылмайтын мемлекеттермен ынтымақтастық жасай алады, қауiпсiздiк саласында әрекет ететiн халықаралық үкiметаралық ұйымдармен қарым-қатынастарды қолдайды, олармен осындай ынтымақтастық орнатуға және дамытуға бағытталған халықаралық шарттарды жасай алады.
      Ұйым заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады.

  23-бап

      Ұйымның артықшылықтары мен иммунитеттерi тиiстi халықаралық шарттармен анықталады.

  IX-тарау
Қаржыландыру

  24-бап

      Хатшылықтың қызметiн қаржыландыру Ұйымның бюджетi есебiнен жүзеге асырылады.
      Ұйымның бюджетi мүше-мемлекеттердiң Кеңес бекiтетiн үлестiк жарналары есебiнен құралады.
      Ұйымның бюджет тапшылығы болмауы тиiс.
      Ұйымның бюджет жобасын Ұйымның бюджетiн жасау және орындау тәртiбi туралы Ережеге сәйкес мүше-мемлекеттердiң келiсуi бойынша әрбiр бюджеттік жылға Хатшылық әзiрлейдi. Ұйымның бюджетiн Кеңес бекiтедi.
      Ұйымның бюджетiн жасау және орындау тәртiбi туралы Ереженi Кеңес бекiтеді.
      Өкiлдерi мен сарапшыларының Ұйым органдарының кеңестерiне, мәжілiстерiне және Ұйым шеңберiнде өткiзiлетiн басқа да iс-шараларға қатысуымен байланысты, сондай-ақ Өкiлеттi өкiлдің қызметiмен байланысты шығындарды мүше-мемлекеттер дербес түрде атқарады.

  25-бап

      Егер мүше-мемлекеттер екi жылдың iшiнде Ұйым бюджетiнiң алдындағы қарыздарын өтеу жөніндегi міндеттемелерiн орындамаса, Кеңес Ұйым шеңберiнде квоталық лауазымдарға осы мемлекеттiң азаматтарын ұсыну құқығын тоқтату туралы, сондай-ақ қарызын толық өтегенге дейiн Ұйым органдарында дауыс беру құқығынан айыру туралы шешiм қабылдайды.

  Х-тарау
Қорытынды ережелер

  26-бап

      Осы Жарғы бекiтуге жатады және бекiту туралы оның мемлекеттерiмен қол қойылған соңғы жазбаша хабарландыруды депозитарийге тапсырған күннен бастап күшiне енедi.
      Депозитарий бекiту туралы әрбiр хабарламаны алғандығы туралы осы Жарғыға қол қойған мемлекеттердi хабарландырады.

  27-бап

      Осы Жарғыға мүше-мемлекеттердiң жалпы келiсiмi бойынша жекелеген Хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Жарғыға өзгерiстер мен толықтырулар туралы Хаттамалар оның ажырамас бөлiгi болып табылады және осы Жарғының 26-бабында белгiленген тәртiппен күшiне енедi.
      Жарғыға ескертулер жасауға жол берілмейдi.
      Осы Жарғының ережелерiн түсiндiру мен қолдануға қатысты Кез келген даулар мүдделi мүше-мемлекеттер арасында кеңестер және келiссөздер жолымен шешiледi. Келiсiмге келмеген жағдайда дау Кеңестiң қарауына беріледi.

  28-бап

      Ұйымның ресми және жұмыс тiлi орыс тiлi болып табылады.

  29-бап

      Осы Жарғы Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабының ережелерiне сәйкес БҰҰ Хатшылығында тiркеледi.
      2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында бiр түпнұсқа данада орыс тiлiнде жасалған. Түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол осы Жарғыға қол қойған әрбiр мемлекетке куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.

       Армения Республикасы үшiн        Қырғыз Республикасы үшiн

      Беларусь Республикасы үшiн       Ресей Федерациясы үшiн

      Қазақстан Республикасы үшiн      Тәжiкстан Республикасы үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады