Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 4 мамырдағы N 2260 Жарлығымен бекітілген БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік Конвенциясы бойынша Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. БҰҰ/Жаһандық Экологиялық Қорының Даму Бағдарламасының (бұдан әрі - БҰҰДБ/ЖЭҚ) "Қазақстанда жел энергетикасын дамытуды жеделдету" туралы жобалық ұсынысы және БҰҰДБ/ЖЭҚ қатысуымен әрі қаржылық қолдауымен Жоңғар қақпасы ауданында қуаты 5 МВт пилоттық жел электр станциясын салу жөніндегі ұсынысы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Жоңғар қақпасы ауданында қуаты 5 МВт пилоттық жел электр станциясын салу жөніндегі жұмыстардың үйлестірушісі және жел энергетикасын дамыту мәселелері бойынша Жаһандық Экологиялық Қормен жұмыс істеуде Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілетті өкілі болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі:
БҰҰДБ/ЖЭҚ ұсынған Жоңғар қақпасы ауданында қуаты 5 МВт пилоттық жел электр станциясын салу жобасын (бұдан әрі - жоба) мүдделі мемлекеттік басқару органдарымен бірлесіп қарасын және жобаны іске асыру туралы шешім қабылдасын;
пилоттық жел электр станциясын қолданыстағы электр желілеріне қосу және Қазақстанның жобаны іске асыруға үлесі ретінде жел энергетикасын дамыту бағдарламасы мен жобаның ғылыми-техникалық ілеспесін әзірлеуге бюджеттен тыс 24 (жиырма төрт) миллион теңге сомасында қаражат тарту мәселесін шешсін;
Алматы облысының әкімдігімен пилоттық жел электр станциясының құрылысын салу үшін жер телімін бөлу мәселесін пысықтасын және жобаның іске асырылуына қажетті ұйымдастырушылық-техникалық көмек көрсетсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі