"Әдiлет органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 тамыздағы N 885 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Әдiлет органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы "Әдiлет органдары туралы" Қазақстан Республикасының
Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

      1-бап. "Әдiлет органдары туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 18 наурыздағы Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 6, 67-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1. 3-бап мынадай мазмұндағы 6-1), 6-2)-тармақшалармен толықтырылсын:
      "(6-1) сотталғандардың түзелуiн ұйымдастыру;
      6-2) жаза атқару мекемелерiнде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;".
      2. 5-баптың 1-тармағының 1) тармақшасының бесiншi абзацында және 2) тармақшасында "қылмыстық-атқару жүйесiнiң" деген сөздерден кейiн "(пенитенциарлық жүйенiң)" деген сөздермен толықтырылсын.
      3. 10-бапта:
      тақырыпта "қылмыстық-атқару" деген сөздерден кейiн "пенитенциарлық" деген сөзбен толықтырылсын;
      "мекемелер мен органдардың" деген сөздер "мемлекеттiк органдар мен арнайы мекемелердiң" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы бөлiктермен толықтырылсын:
      "Қылмыстық-атқару жүйесiнiң өз туы мен нышаны болады.
      Қылмыстық-атқару жүйесiнiң туы мен нышанының сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.".
      4. 11-бапта тақырып пен 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "11-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң (пенитенциарлық жүйенiң)
               құрылымы
      1. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң (пенитенциарлық жүйенiң) құрылымын:
      1) уәкiлеттi орган (орталық атқарушы органның ведомствосы);
      2) қылмыстық-атқару жүйесiнiң аумақтық органдары;
      3) қылмыстық жаза атқаратын мекемелер мен органдар:
      қылмыстық-атқару жүйесi аумақтық органының қылмыстық-атқару инспекциялары;
      түзеу мекемелерi;
      4) ғылыми зерттеу, емдеу-профилактика ұйымдары мен білiм беру ұйымдары;
      5) қылмыстық-атқару жүйесi саласында өндiрiстiк қызметті жүзеге асыруға және сотталғандарды еңбекке тартуға арналған ұйымдар және олардың құрылымдық бөлiмшелерi;
      6) оңалту орталықтары - мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды босатылғаннан кейiн алты ай iшiнде еңбекке және тұрмыстық орналастыруда құқықтық және психологиялық жәрдем көрсетуге арналған қылмыстық-атқару жүйесiнiң ұйымдары құрайды.".
      5. 12-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақшамен толықтырылсын:
      "4. Жергiлiктi атқарушы органдар қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын атқару, қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк бейiмдеудегi көмектi ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiру мәселелерi жөнiндегi консультативтiк-кеңесшi орган құрады.
      Консультативтiк-кеңесші органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн Үлгi ережемен реттеледi.".
      6. мынадай мазмұндағы 12-1-баппен толықтырылсын:
      "12-1-бап. Сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуына қоғамдық бақылау
      1. Қоғамдық ұйымдар, дiни бiрлестiктер және жеке тұлғалар сотталғандарды түзеу және оларды әлеуметтiк оңалту бойынша қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнiң қызметiне қатысуға құқылы.
      2. Қоғамдық ұйымдардың, дiни бiрлестiктердiң және жеке тұлғалардың қатысуы ата-аналар комитеттерiн, қамқоршылық кеңестер, бақылау комиссияларын құру нысанында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге нысандарда жүзеге асырылуы мүмкiн.
      3. Қоғамдық ұйымдар мен дiни бiрлестiктердiң қылмыстық-атқару жүйесi қызметiне қатысу нысандарының бiрi қоғамдық бақылау болып табылады, оның мiндеттерiне сотталғандарға олардың Конституцияда, халықаралық шарттарда, заңдарда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда жәрдем көрсету болып табылады".
      7. 20-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "20-бап. Қылмыстық жаза атқару саласында әдiлет органдарының
               функциялары
      Қылмыстық жаза атқару саласында әдiлет органдары мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) соттардың сотталғандарға қатысты үкiмдерiн, қаулылары мен ұйғарымдарын орындау, қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiнде заңнамада белгiленген жазаны өтеудiң тәртiбi мен шарттарын орындауды қамтамасыз ету;
      2) сотталғандарды қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiне соттардың үкiмдерiне, қаулыларына және ұйғарымдарына сәйкес орналастыруды ұйымдастыру;
      3) сотталғандарға түзету ықпалын, соның iшiнде психологиялық-педагогикалық әдістерді қолданып жүзеге асыруды ұйымдастыру;
      4) сотталғандардың жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру;
      5) қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiн күзету, сотталғандар мен қызметкерлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiндегi жедел жағдайды бақылау; күзетпен aйдап жүру;
      6) сотталғандарды босатуға дайындау жөнiндегi жұмыстың ұйымдастырылуын қамтамасыз ету, рақымшылық және кешiрiм жасау актiлерiн атқару, сотталғандардың түзелу нәтижелерiн нығайту, оларды еңбекке орналастыру және тұрмысын жайғастыру жөнiнде қылмыстық жазаларды атқару мекемелерi мен органдарының басқа да құқық қорғау органдарымен, мемлекеттiк басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимылын қамтамасыз ету;
      7) заңнамада белгiленген жағдайларда жедел iздестiру қызметiн және анықтауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      8) сотталғандардың жалпы бiлiм алуы мен кәсiби оқуын ұйымдастыру;
      9) сотталғандардың санитариялық-эпидемиологиялық саулығын және денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету;
      10) қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейiмдеу мен оңалтуды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      11) қылмыстық-атқару жүйесiн дамыту, нығайту мен жетілдіру бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
      12) жұртшылықты және дiни бiрлестiктердi қылмыстық-атқару жүйесi қызметiне тарту;
      13) қызметкерлердiң кәсiби дайындығын, құқықтық және әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз ету;
      14) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қылмыстық жаза атқару саласындағы ғылыми зерттеулерiн үйлестiру.".
      8. 24-бапта:
      10), 11), 13)-тармақшалары алынып тасталсын;
      12)-тармақшада "анықтауды жүзеге асыруға," деген сөздер алынып тасталсын.
      9. Мынадай мазмұндағы 24-1-баппен толықтырылсын:
      "24-1-бап. Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерiнiң
                 мiндеттерi мен құқықтары
      1. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлері олардың алдына қойылған мiндеттерге сәйкес:
      1) сотталғандардың және мекеме аумағында, сондай-ақ оған iргелес аумақта тұратын азаматтардың мiнез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға;
      2) сотталғандардан Қазақстан Республикасының заңнамасында және сот үкiмiнде оларға жүктелген мiндеттердi орындауын талап етуге;
      3) заңнамада белгіленген тәртiппен сотталғандарды тiркеудi, сондай-ақ олардың дактилоскопиялануын, суретке түсуiн, бейнеге түсуiн, дыбыс жазбасын жүзеге асыруға;
      4) сотталғандарды жүргiзiлетiн тәрбиелеу iс-шараларына мiндеттi түрде қатысуға тартуға;
      5) алкогольдi iшiмдiктердi, улы, есiрткi және өзге де психотроптық құралдарды пайдалану фактiлерiн анықтау мақсатымен қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотталғандарға куәландыру жүргізуге;
      6) әкiмшiлiк немесе қылмыстық заңнама қолдану әрекетiне жататын iс-әрекет жасайтын адамдарды мекемеге жапсарлас аумақта ұстауға және iшкi iстер органдарына апаруға, олардың жеке басына тексеру жүргiзуге;
      7) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыруға;
      8) қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiнде төтенше оқиға жағдайларына қызметтiк тексерiс жүргiзуге, олардың себептерiн анықтауға және талдауға, мұндай жағдайлардың алдын-алу бойынша шара қолдануға мiндеттi.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi:
      1) сотталғанның жеке басының дербес-психологиялық ерекшелiктерiне зерттеу жүргiзуге және түзеу ықпалын, соның iшiнде психологиялық-педагогикалық әдiстер қолданып жасауға;
      2) сотталғандарды түзеу мекемелерiнiң кәсiпорындарында немесе басқа да ұйымдарда, еңбекке, сондай-ақ заңнамаға сәйкес еңбекке ақы төлемей, жұмыстарға тартуға;
      3) режимдiк талаптар белгiленген мекемелер аумағында және оған iргелес аумақта тұрған адамдарға, олардың заттарына, көлiк құралдарына қарауды жүргiзуге, азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеруге, сондай-ақ тiзбесi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленетiн тыйым салған заттар мен құжаттарды алуға;
      4) көлiк қозғалысын уақытша шектеуге және тоқтатуға, айрықша жағдайлар режимiн енгiзу кезiнде азаматтарды мекеме аумағына, сондай-ақ оған жапсарлас аумаққа жiбермеуге немесе оларды қалуға не ол жерден кетуге мiндеттеуге;
      5) қылмыстық-атқару инспекциясының есебiнде тұрған адамдардың тұрағылықты жерi мен жұмыс орны бойынша байқау мен бақылау жасау мақсатында олар тұратын үй-жайларға, оларға тиесiлi жер учаскелерiне, кез-келген меншiк нысанындағы кәсiпорындар мен ұйымдардың өндiрiстiк және өзге де жайларға кiруге;
      6) есепте тұрған адамдарды қылмыстық-атқару инспекциясына әкелудi жүзеге асыруға;
      7) қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметiн жария ету және қашып шыққан сотталғандарды iздеу үшiн мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға;
      8) заңнамамен белгiленген жағдайларда және тәртiпте анықтауды жүзеге асыруға;
      9) жаза атқаруға байланысты мәселелердi шешу үшiн соттарға, прокуратураға, жергiлiктi атқарушы органдарға өтiнiш беруге құқылы.".
      10. 25-бапта "органдарының, мекемелерi мен өзге де ұйымдарының және анықтау қызметiнiң заң актiлерiне сәйкес өзге құқықтық мәртебесi бap" деген сөздер алынып тасталсын;
      "министрлiгiнiң" деген сөзден кейiн "белгiленген тәртіппен арнайы атақтар берiлген" деген сөздермен толықтырылсын;
      11. Мынадай мазмұндағы 25-1, 25-2, 25-3, 25-4-баптармен толықтырылсын:
      "25-1-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi
      Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерiн:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен арнайы атақтар берiлген пенитенциарлық қызметтi өткеретiн қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлері;
      2) "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күшi қолданылатын мемлекеттiк қызметшiлер;
      3) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiмен және органдарымен еңбек қатынасында тұратын, жеке еңбек шарты бойынша жұмыс атқаратын қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерiн құрайды.
      25-2-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiне қызметке қабылдау
      1. Қылмыстық-атқару жүйесiне қызметке жасы он сегiзден кем емес, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмi, бiлiм деңгейi бойынша өзiне жүктелген мiндеттердi атқаруға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң бiлiм беру мекемесiне оқуға орта бiлiмi бар, денсаулық жағдайы бойынша қылмыстық-атқару жүйесiнде қызмет өткеруге жарамды адамдар қабылданады. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң білiм беру мекемесiнiң күндiзгi бөлiмдерiндегi оқу уақыты әскери қызмет өткеруге теңестiрiледi. Бұл ретте, қылмыстық-атқару жүйесiнiң бiлiм беру мекемесiне оқуға түскен адамдармен шарт жасалады, онда бiлiм беру мекемесiн бiтiргеннен кейiн пенитенциарлық қызметтi одан әрi өткеру шарттары мен мерзiмдерi көзделедi.
      3. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қатардағы және кiшi басшы құрамдағы лауазымдарына - отыз екi жастан аспаған, орта және аға басшы құрамдағы лауазымдарына - қырық жастан аспаған адамдар қабылданады. Ерекше жағдайларда осы жас шегi Әдiлет министрiнiң шешiмiмен өзгертілуi мүмкiн.
      4. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарына тағайындалған немесе кадрларына қабылданған әскери мiндеттiлер, қылмыстық-атқару жүйесi оқу орындарының тыңдаушыларын қоса алғанда белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және қылмыстық-атқару жүйесiнiң арнайы есебiнде тұрады.
      5. Пенитенциарлық қызметке алғаш түскен адамдар мiндеттi тәртiппен бастапқы арнайы оқудан және тағлымдамадан өтедi, олар үшiн сынақ мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Сынақ мерзiмiнен және тағлымдамадан өту тәртiбi мен шарттарын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      6. Қылмыстық-атқару жүйесiне қызметке қабылданған азаматтар мәтiнiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн ант қабылдайды.
      7. Қылмыстық-атқару жүйесiне қызметке денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз, бұрын сотталған және қылмыстық жауапкершiлiктен ақтауға болмайтын негiздемелер бойынша босатылған, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтен, өзге құқық қорғау органдарынан, соттардан және әдiлет органдарынан терiс себептермен босатылған адамдар қабылданбайды.
      25-3-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiндегi қызметтiң шектi жасы
      1. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi заңдарда белгiленген әскери қызметте болу жасының шегiне дейiн қызметте бола алады. Қажет болған жағдайларда қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерiнiң жекелеген санаттарына қызмет мерзiмi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрiнiң шешiмiмен ұзартылуы мүмкiн.
      2. Қызметiн ұзарту қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерiн осы Заңда және Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару жүйесiнiң қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың қызмет өткеруi туралы ережеде көзделген негiздемелер бойынша жұмыстан шығару мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.
      25-4-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiндегi қызметтен шығару
      1. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерi:
      1) зейнетақы алуға құқық беретiн еңбек сiңiрген жылдары (қызмет мерзiмi) немесе әскери қызметте болудың шектi жасына жетуi бойынша;
      2) әскери қызметке жарамсыздығы немесе шектеулi жарамдылығы туралы әскери-дәрiгерлiк комиссиясының қорытындысы (қаулысы) негiзiнде - денсаулық жағдайы бойынша;
      3) штаттың қысқаруына немесе қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерi мен органдарының қайта құрылуына байланысты басқа лауазымды пайдалану мүмкiндiгi болмаған жағдайда;
      4) өзiнiң қалауы бойынша;
      5) сынақ мерзiмi iшiнде қызметке жарамсыздығы анықталған жағдайда;
      6) аттестация қорытындылары бойынша анықталған қызметке сай келмеуi бойынша;
      7) қызмет тәртiбiн ұдайы бұзғандығы үшiн;
      8) қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерi атағына нұқсан келтiретiн терiс қылық жасағаны үшiн;
      9) соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуiне немесе ақталмайтын негiздемелер бойынша қылмыстық iстiң тоқтатылуына;
      10) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты негiздемелермен шығарылады.".
      12. 26-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "26-бап. Қылмыстық-атқару жүйесi (пенитенциарлық жүйе)
               қызметкерлерiнiң құқықтық жағдайы
      1. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мемлекеттiк билiк өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерiнiң заңды талаптары лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшiн мiндеттi.
      3. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерiнiң заңды талаптарын орындамау, қорлау, қарсылық көрсету, күшпен қорқыту немесе оның қызметтiк борышын орындауына байланысты өзiнiң, отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, қадiр-қасиетiне және мүлкiне қол сұғу заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      4. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерiн қызметке қабылдау, қызмет өткеру мен қызметтен шығару тәртiбi осы Заңмен, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару жүйесiнiң қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруi туралы ережемен реттеледi.
      5. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiне олардың жеке басы мен өкiлеттiктерiн растау үшiн белгiленген үлгiдегi куәлiктер мен жетондар берiледi.
      6. Пенитенциарлық қызметтiң қызметкерi сiңiрген еңбегiн тану белгiсi ретiнде, жемiстi еңбек қызметi мен ерлiгi үшiн мемлекеттiк наградаларға ұсынылуы мүмкін.
      Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерi қол жеткiзген жетiстiктерi үшiн ведомстволық наградалармен марапатталуы мүмкiн. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң ведомстволық наградаларының сипаттамасы және оларды беру тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленедi.".
      13. Мынадай мазмұндағы 26-1-баппен толықтырылсын:
      "26-1-бап. Адамның қылмыстық-атқару жүйесiнде қызметте болуына
                 байланысты шектеулер
      1. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң лауазымы оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, депутаттық мандатпен, өзге де ақы төленетiн қызметтi атқарумен, кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiне ереуiлдер ұйымдастыруға және оларды өткiзуге қатысуға тыйым салынады.
      3. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерi қандай да болсын саяси партияда тұруға және оны жақтауға тиiс емес.
      4. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерi кәсiптiк тапсырмаларды орындау барысында оған белгiлi болған жеке өмiр, отбасы және жеке құпиялар немесе заңмен қорғалатын коммерциялық, банкiлiк немесе одан да басқа құпиялар туралы мәлiметтердi пайдалануға, таратуға құқығы жоқ.".
      14. 27-баптың тақырыбында "қызметкерлерiнiң" деген сөздiң қазақ тiлiндегi мәтiнi өзгерiссiз қалдырылсын.
      15. 27-баптың 1-тармағында:
      "мен анықтау" деген сөз алынып тасталсын;
      "қызметкерлерiне" деген сөздiң қазақ тiлiндегi мәтiнi өзгерiссiз қалдырылсын.
      16. 28-бап мынадай мазмұндағы бөлiкпен толықтырылсын:
      "Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң жүктеме нормативтерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.";
      17. Мынадай мазмұндағы 28-1, 28-2-баптармен толықтырылсын:
      "28-1-бап. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiне еңбекақы
                 төлеу, оларды зейнетақымен және өзгедей қамтамасыз
                 ету
      1. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң ақшалай үлесi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын органдарының қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiнiң негiзiнде белгiленедi және қызмет өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн төленетiн ақшалай қаражат пен үстеме ақыны қамтиды.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң ақшалай қаражаты лауазымдық жалақыдан және арнаулы атағы үшiн төленетiн қосымша ақыдан тұрады.
      3. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi нысанды киiм-кешекпен тегiн қамтамасыз етiледi, олардың үлгiлерi мен тиесiлiк нормаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      4. Мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      28-2-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiнде қызмет атқарудың айрықша
                жағдайлары
      1. Қылмыстық-атқару жүйесiнде қызмет атқарудың айрықша жағдайлары деп төтенше немесе әскери жағдай режимi енгiзiлген, сотталғанның қашуы, адамдарды кепiлдiкке алуы, жаппай тәртiпсiздiк, топтасып бағынбау не осылардың туындау қаупі кезiнде мекеме қызметкерлерiнiң оларды жою үшiн қажеттi мерзiмдегi жұмысы түсiнiледi.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң қызмет атқарудың айрықша жағдайларындағы жұмысы үш айдан аспауы керек және демалыс күндерiмен өтеледi. Қызметкерлердi пенитенциарлық қызметтiң айрықша жағдайларында қызмет атқару жұмысына тартудың тәртiбi мен шектi ұзақтығы Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.".
      18. Мынадай мазмұндағы 29-1, 29-2, 29-3, 29-4, 29-5-баптармен толықтырылсын:
      "29-1-бап. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң
                 демалыстары
      1. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiне демалысын өткiзу орнына бару және қайту жолына кететiн уақыты есептелмей, ұзақтығы отыз тәулiк демалыс, сондай-ақ заңмен көзделген өзге де демалыстар берiледi.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiне қосымша ақылы демалыс еңбек сiңiрген жылдарына қарай (күнтiзбемен есептегенде):
      1) он жылдан артық еңбек сiңiргендерге - ұзақтығы бес тәулiк;
      2) он бес жылдан артық еңбек сiңiргендерге - ұзақтығы он тәулiк;
      3) жиырма жылдан артық еңбек сiңiргендерге - ұзақтығы он бес тәулiк мерзiмге берiледi.
      3. Биiк таулы мекендерде, климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткеретiн қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiне, еңбек сiңiрген жылдарына қарамастан ұзақтығы қырық бес тәулiк кезектi демалыс берiледi.
      29-2-бап. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерi қаза тапқан
                (қайтыс болған) немесе мертiккен жағдайда берiлетiн
                кепiлдiктер
      1. Қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқару кезеңiнде жарақат алған кезiнде қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерiне, ал ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оны алуға құқығы бар адамдарға бiр жолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
      2. Бiр жолғы өтемақы төлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      3. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқару кезiнде не қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқару кезiнде алынған жарақат салдарынан қызметтен босатылғаннан кейiнгi бiр жыл iшiнде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiр жолғы өтемақы төленедi.
      4. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқару кезiндегi жарақаты, жаралануы (контузия алуы), зақымдануы, науқастануы салдарынан болған мүгедектiгi анықталған кезде, оларға:
      1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;
      2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;
      3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiр жолғы өтем ақы төленедi.
      5. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқару кезiнде мүгедектiкке соқтырмайтын ауыр зақым (жарақат, жаралану, контузия) алған жағдайда оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде, жеңiл зақым алған немесе науқастанған жағдайда жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiр жолғы өтемақы төленедi.
      6. Бiр жолғы өтемақы, егер белгiленген тәртiппен қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң қазасы (өлiмi) жаралануы (мертiгуi), науқастануы қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын орындауға қатысы жоқ мән-жайларға байланысты болғаны дәлелденсе, төленбейдi.
      29-3-бап. Жерлеу шығындарын өтеу
      Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерi мен зейнеткерлерiн жерлеу үшiн үш айлық ақшалай табысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      29-4-бап. Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерi мен
                зейнеткерлерiнiң тұрғын үй құқықтары
      1. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi қызметтiк тұрғын үй қорынан тұрғын үймен бiрiншi кезекте қамтамасыз етiлу құқығын пайдаланады.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесiнде он күнтiзбелiк жылдан артық қызметте тұрған қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қызметтiк болып теңестiрiлген өздерi тұратын тұрғын үйдi жеке меншiкке ала алады.
      3. Пенитенциарлық қызметтiң қызметкерлерi мен зейнеткерлерi, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесiнiң қайтыс болған қызметкерiнiң отбасы басқа тұрғын үй ұсынылмай, қызметтiк тұрғын үйi немесе қызметке теңестiрiлген тұрғын үйiнен шығарылмайды.
      4. Пенитенциарлық қызметтiң қызметкерлерi мен зейнеткерлерi тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес қылмыстық-атқару жүйесi мемлекеттiк кәсiпорнының тұрғын үй қорынан тұрғын үймен қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
      5. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн тiзбе бойынша тұрғын үй қорының тиесiлігiне қарамастан коммуналдық қызмет көрсетулерi үшiн (орталықтандырылған жылыту, салқын және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау) республикалық бюджетте тиiстi жылға белгiленген мөлшерде ақшалай өтемақы төленедi.
      29-5-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi мен
                зейнеткерлерiн және олардың отбасы мүшелерiн
                әлеуметтiк қорғаудың өзге де шаралары
      1. Қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерi мен органдарындағы қызметтi жүзеге асыратын, алыс жерлерде, климат жағдайы ауыр және қолайсыз орындарда орналасқан қызметкерге әскери қызметшiлер үшiн заңнамамен белгiленген жеңiлдiктер мен артықшылдықтар берiледi.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң туберкулез және басқа да мамандандырылған учаскелерi мен мекемелерiнде қызмет атқаратын қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi медицина қызметкерлерiнiң осы санаттары үшiн заңнамамен белгiленген жеңiлдiктердi пайдаланады.
      3. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi мен олардың өздерiмен бiрге тұратын отбасы мүшелерi, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесiнiң зейнеткерлерi тиiстi iшкi iстер органдарының мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен медициналық қызмет көрсетудi пайдаланады.".
      19. 30-баптың 2-тармағында:
      "мен анықтау" деген сөз алынып тасталсын;
      "қызметкерлерiнiң" деген сөздiң қазақ тiлiндегi мәтiнi өзгерiссiз қалдырылсын.
      "атыс" деген сөздiң алдынан "арнаулы құралдарды," деген сөздермен толықтырылсын.
      20. 32-бап мынадай мазмұндағы 4, 5-тармақшалармен толықтырылсын:
      "4. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi арнаулы құралдар мен тәсiлдер, қару қолдану арқылы зақым келтіргенi үшiн, егер олардың әрекеттерi заңнамаға сәйкес жүзеге асырылса, жауаптылық көтермейдi.
      5. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметкерлерi қарумен, оқ-дәрiлерiмен, әскери техникамен және арнаулы құралдармен қамтамасыз етiледi, олардың тiзбесi мен нормаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.".
      21. 33-бап мынадай мазмұндағы бөлiктермен толықтырылсын:
      "Қылмыстық-атқару жүйесi органдары мен мекемелерiн материалдық-техникалық қамтамасыз ету тәртiбi мен нормаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
      Қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнiң:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген сотталғандардың тауарлары мен қызмет көрсетулерiн сатудан түскен қаражаттарды аудару және оларды мақсатты жұмсау үшiн ақылы қызмет көрсетулер бойынша шоттары;
      2) сотталғандардың жеке ақшаларын аудару және олардың пайдалануы үшiн депозиттiк шоттары;
      3) демеушiлiк және қайырымдылық көмек, соның iшiнде халықаралық көмектер бойынша шоттары болады.".
      22. Мынадай мазмұндағы 34-баппен толықтырылсын:
      "34-бап. Қорытынды және өтпелi ережелер
      Осы Заңның ережелерi қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiн күзету, сондай-ақ, оңалту орталықтарының қызметi бойынша мiндеттердi орындау бөлiгiнде қажеттi жағдай жасалуына қарай, бiрақ 2006 жылдан кешiктiрiлмей қолданысқа енгiзiледi.".
      2-бап. Осы Заң қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады