Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасын күзетудегi ынтымақтастығы және өзара iс-қимыл туралы шартқа қол қою туралы" Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 қыркүйектегі N 959 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасын күзетудегі ынтымақтастық және өзара iс-қимыл туралы шартқа қол қою туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
 
Қазақстан Республикасы мен Peceй Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасын күзетудегi ынтымақтастық және өзара iс-қимыл туралы шартқа қол қою туралы

      Қаулы етемін:
      1. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Peceй мемлекеттiк шекарасын күзетудегі ынтымақтастық және өзара iс-қимыл туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасын күзетудегі ынтымақтастық және өзара iс-қимыл туралы шарт жасалсын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

                                                              Жоба

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасын күзетудегi ынтымақтастық және өзара ic-қимыл туралы
ШАРТ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек беру туралы 1992 жылғы 25 мамырдағы Шартқа және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сыртқы шекараны күзетудегi бiрлескен күш-жiгер туралы 1995 жылғы 30 маусымдағы Шартқа өз адалдықтарын растай отырып,
      халықаралық терроризмге және мемлекеттiк шекарада құқыққа қарсы әрекеттердiң жолын кесу мақсатында ынтымақтасу мен өзара iс-қимылды жетiлдiру қажеттiгiн ескере отырып,
      Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасындағы құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуде күш-жiгердi бiрiктiру қажеттiгін тани отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Шарттың мақсаты үшiн Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасы болып мемлекеттiк шекара туралы Тараптар арасындағы тиiстi халықаралық шарт күшiне енгенге дейiн Қазақ Кеңестiк Социалистік Республикасы мен Ресей Кеңестiк Федеративтiк Социалистiк Республикасы арасындағы әкiмшiлiк-аумақтық шекара ұғынылады.

2-бап

      Осы Шарттың ережелерiн iске асыру үшiн Тараптар уәкiлеттi органдарды:
      Қазақстан Республикасы тарапынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiн;
      Ресей Федерациясы тарапынан - Ресей Федерациясының Федералдық шекара қызметiн тағайындайды.
      Уәкiлеттi органның ресми атауы өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайды.

3-бап

      Тараптардың уәкiлеттi органдары өзара мүдделерiн ескере отырып және өздерiнiң ұлттық заңнамаларының негiзiнде мынадай:
      өзара мүдделерiн білдiретiн ақпаратпен алмасу;
      терроризм мен экстремизмге, қарудың, оқ-дәрiнiң, жарылғыш және улы заттардың, радиоактивтi материалдардың контрабандасына қарсы күрес;
      Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз көшi-қонға және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес;
      Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасында құқыққа қарсы әрекеттiң жолын кесу жөнiнде келiсiлген шараларды жүзеге асыру;
      Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасын күзету мүддесi үшiн жедел-iздестiру қызметi;
      мемлекеттiк шекараны күзету, шекаралық бақылау, мамандарды даярлауда, сондай-ақ мемлекеттiк шекараны күзетуде қолданылатын техникалық құралдарды пайдалануда тәжiрибе алмасу;
      мемлекеттiк шекараны күзету мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдермен, сондай-ақ ғылымы жарияланымдармен және өзге де ақпараттық материалдармен алмасу;
      офицер кадрларын, сондай-ақ басқа да мамандарды даярлау бағыттары бойынша ынтымақтастықты және өзара iс-қимылды жүзеге асырады.
      Тараптардың уәкiлеттi органдары сондай-ақ өзара мүдденi бiлдiретiн басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.

4-бап

      Тараптардың уәкiлеттi органдары 3-бапта көзделген ынтымақтастықты мынадай:
      осы Шартты орындау мүддесi үшiн келiсiлген iс-шаралар мен бағдарламаларды жүзеге асыру;
      ынтымақтастықтың бағыттары бойынша өзара iс-қимыл мен тәжiрибе алмасу;
      Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасы арқылы, сондай-ақ ол арқылы өткiзу пункттерiнде құқыққа қарсы iс-қимылды анықтау нысандарында ынтымақтастықты жүзеге асырады.

5-бап

      Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасында туындайтын мәселелердi жедел реттеу үшiн Тараптардың уәкiлеттi органдары шекаралық өкiлдердi тағайындайды және олардың жұмысын ұйымдастырады.
      Шекаралық өкiлдер қызметiнiң тәртiбi жеке келiсiммен анықталады.

6-бап

      Қазақстан-Ресей мемлекеттiк шекарасын күзету бойынша қызметтi қамтамасыз ету мақсатында Тараптар жедел-iздестiру қызметiнiң мәселелерi бойынша ынтымақтастықты ұйымдастырады.
      Жедел-iздестiру қызметiнде ынтымақтастық және өзара iс-қимыл тәртiбiн Тараптардың уәкiлеттi органдары жеке келiсiммен анықтайды.

7-бап

      Тараптардың уәкiлеттi органдары өздерiнiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпарат алмасуды ұйымдастырады.
      Ақпарат алмасу тәртiбiн Тараптардың уәкiлеттi органдары жеке келiсiммен анықтайды.

8-бап

      Тараптардың уәкiлеттi органдарының Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегі ынтымақтастығы және өзара iс-қимылы тәртiбi жеке келiсiммен анықталады.

9-бап

      Осы Шарттың ережелерiн орындау жөнiндегi шараларды iске асыру үшiн Тараптар уәкiлеттi органдарға Тараптардың заңнамасына сәйкес екi жақты келiсiммен тиiстi келiсiмдi жасасуға құқық бередi.

10-бап

      Осы Шарт үшiншi мемлекеттерге қарсы бағытталмаған және олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

11-бап

      Осы Шартты түсiндiруге және қолдануға қатысты келiспеушiлiктер келiссөздер мен консультациялар жолымен шешiледi.
      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

12-бап

      Осы Шарт Тараптардың оның күшiне енуi үшiн мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Шарт белгiсiз мерзiмге жасалды және Тараптардың бiрi дипломатиялық арналар бойынша екiншi Тарапқа оның қолданылуын тоқтатуға өзiнiң ниетi туралы хабарлаған күннен басып алты ай өткенге дейiн қолданылады.

      200_ жылғы "___" _________ ________ әрқайсысы қазақ және орыс тілдерiнде екi данада жасалды, бұл ретте екi мәтiннiң де күшi бiрдей.
      Осы Шарттың ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

      Қазақстан Республикасы               Ресей Федерациясы
      үшін                                 үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады