Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2003 жылғы 4 сәуiрдегi Қазақстан халқына 2004 жылға арналған Жолдауында айтылған сайлаушылардың тiзiмiн жасау, дауыс беру, дауыс берудiң қорытындыларын анықтау және сайлаудың нәтижелерiн айқындау автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн енгiзу жөнiндегi Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмасын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына "Сайлау" электронды дауыс берудiң автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн енгiзу жобасының пилоттық аймағын iске асыруды қаржыландыруға 2003 жылға арналған республикалық бюджетте табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және өзге де күтпеген шығыстарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен 100 000 000 (бiр жүз миллион) теңге бөлiнсiн.
2. "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының 21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес маңызды стратегиялық мәнi бар ретiнде Беларусь Республикасының мынадай ұйымдары:
Беларусь Ұлттық ғылым академиясының Информатика проблемаларының бiрiктiрiлген институты (электронды дауыс берудiң технологиясы);
"Тодес" жауапкершiлiгi шектеулi ғылыми-өндiрiстiк бiрлестiгi (бағдарламалық қамтамасыз етудi әзiрлеу) "Сайлау" электронды дауыс берудiң автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн жасау жөнiндегi қызметтер көрсетудi жеткiзушiлер болып белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бөлiнген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсiн.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі