Қазақстан Республикасының Үкiметi мен SOS балалар ауылдарын құру жөнiндегi "SOS KINDЕRDORF INTЕRNATIONAL" халықаралық қоғамы арасында шарт жасасу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 25 қарашадағы N 1173 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен SOS балалар ауылдарын құру жөнiндегi "SOS KINDЕRDORF INTЕRNATIONAL" халықаралық қоғамы арасындағы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрi Жақсыбек Әбдiрахметұлы Құлекеевке Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Yкiметi мен SOS балалар ауылдарын құру жөнiндегi "SOS KINDERDORF INTERNATIONAL" халықаралық қоғамы арасында шарт жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба 

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен "SOS KINDERDORF INTERNATIONAL" SOS балалар ауылдарын құру жөнiндегi халықаралық қоғам арасындағы шарт

      Бұдан әрi Үкiмет деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi бiр тараптан және бұдан әрi-SOS КDI деп аталатын "SOS KINDЕRDORF INTЕRNATIONAL" SOS балалар ауылдарын құру жөнiндегi халықаралық қоғамы екiншi тараптан, бұдан әрi бiрлесiп Тараптар деп аталатындар
      Қазақстан Республикасында материалдық және тәрбиелiк қолдауға мұқтаж балалар санының көптiгiне байланысты;
      осы Шарттың мақсаты мұндай балаларға жаңа отбасын, ана махаббатын, материалдық қамтамасыз етудi, сондай-ақ апат немесе саяси тұрақсыздық жағдайында SOS KDI қызметiнiң шеңберiнде лайықты тәрбие мен қамқорлық ұсыну болуына байланысты;
      SOS КDI-дiң барлық балалар ауылдары профессор Герман Гмайнер әзiрлеген педагогикалық қағидаттарға негiзделуiне және осы Шарты:: қоса берiлiп отырған кiрiспеде баяндалғанындай SOS КDI-ге байланысты;
      Қазақстан Республикасында салынуы жоспарланып отырған SOS KDІ балалар ауылдарының осы қағидаттарға сәйкес жұмыс iстейтiндiгiне байланысты;
      төмендегiлер туралы уағдаласты:

1. SOS KDI тарапынан

      1.1. SOS KDI Қазақстан Республикасының аумағында бiрiншi SOS-балалар ауылын және басқа кейiнгi ұқсас SOS-балалар ауылдарын, сондай-ақ SOS-балалар бақшалары, мектептерi, әлеуметтiк орталықтары, фермалары, оқыту орталықтары, емханалары және т.б. сияқты "жолай жобаларды" (бұдан әрi - SOS - жобалар) құруда, SOS KDI-дiң педагогикалық және ұйымдастырушылық қағидаттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жетiм балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуде Үкiметпен тығыз ынтымақтастықты қолдайтын болады.
      1.2. SOS KDI Yкiметпен ынтымақтастықта Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "Қазақстанның SOS-балалар ауылдары" атты Қорына (бұдан әрi - Қор) құрылтайшы болуға мiндеттен едi.
      Қор Жарғысы осы Шарттың екi Тарабы арасында келiсiлуi тиiс, сондай-ақ SOS KDI-дiң педагогикалық және ұйымдастырушылық қағидаттарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес болуы тиiс.
      1.3. SOS KDI-ге мүше ұйымдар арасындағы делдал ретiнде SOS KDI Қазақстан Республикасының аумағында SOS-жобаларды салу мен толық жабдықтауды қамтамасыз етедi, олар сонымен қатар айналадағы қауымдастыққа да қызмет көрсетедi және балаларды белгiлi бiр бейiн, бейiмдiлiк немесе кәсiп бойынша еңбекке дағдыландыруға көмектеседi, сондай-ақ Қорға өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi шығыстарды жабу үшiн қосымша кiрiс алуға жәрдемдеседi.
      1.4. SOS KDI ресми ашылуын қоса Қазақстан Республикасында бiрiншi SOS-балалар ауылын толық ұйымдастыру мен жарақтандыру үшiн бүкiл жауапкершiлiктi өз мойнына алады және осы Шарттың шеңберiнде Қазақстан Республикасының аумағында басқа SOS-жобалар ұйымдастыруға құқылы.
      Қазақстан Республикасында бiрiншi SOS-балалар ауылын ұйымдастырғаннан және жарақтандырғаннан кейiн Қор өз қызметiнiң шеңберiнде SOS-жобаларды ұстауға SOS KDI бөлетiн қаражаттың тиесiлi мақсатты жұмсалуына толық қаржылық және өзге де бақылауды өз мойнына алады.
      SOS KDI өзiнiң демеушiлiк бағдарламасы арқылы Қор шығындарын қолдау мен өтеуге жеткілiктi барлық қажеттi шараларды қолданатын болады. SOS KDI-дiң қосымша субсидиясына өтiнiштердi Қор жыл сайын Қордың Директорлар кеңесi мен SOS KDI-дiң өзi қажеттi түрде бекiткен бюджетке сәйкес жасай алады.
      Қор өз қызметiн жүзеге асыру үшiн тиiстi қаражат пен жарналар жинауды ұйымдастыру үшiн (Қор қаражатын жинау) барлық мүмкiндiктi жасайды.
      Аса қажет болған жағдайда SOS KDI, SOS балалар ауылдарында SOS аналар тәрбиелеп жатқан балалардың пайдасына SOS-жобаларды ұстауды толықтай қолдауға мiндеттенедi.
      1.5. SOS KDI Қазақстан Республикасының аумағында заңнамамен қабылданған тәрбиелiк, дiни және басқа дәстүрлi қағидаттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын заңнаманы құрметтеуге мiндеттенедi.

2. Yкімет тарапы

      Үкiмет мыналарға қол жеткiзу үшiн барлық мүмкiндiктi жасауға мiндеттенедi:
      2.1. Тиiстi жарна ретiнде SOS-жобаларды және олармен қатар салынатын құрылыс объектiлерiн салу үшiн лайықты жер учаскелерiн таңдау.
      2.2. SOS-жобаларды салуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджетiне төленетiн барлық салықтарды және мiндеттi төлемдердi төлеуден босатуға қажеттi рұқсат алу кепiлдiгiн қамтамасыз ету.
      2.3. SOS - жобаларды салу үшiн cy құбырларын, кәрiз желiсiн, электр энергиясын беру желiлерiн (егер олар бар болса) жүргiзудi, тиiстi жолдар салуды қамтамасыз ету, SOS-жобаларды салу жөнiндегi жоспарлар тиiстi түрде мақұлданып, құрылыс басталғаннан кейiн жедел түрде телефон байланысын және басқа да қажеттi қызметтер көрсетудi қамтамасыз ету.
      2.4. SOS-жобаларының құрылысын бақылауды қамтамасыз ету және/немесе тиiстi оқытуды қоса алғанда, жергiлiктi персоналға көмек көрсету мен консультациялар беру үшiн SOS KDI тартылатын мамандар үшiн тиiстi визалар, оның iшiнде көл дүркiн визалар, тұруға, жұмыс істеуге рұқсаттарды тегін бepу.
      2.5. SOS KDI және Қазақстанның SOS балалар ауылдары, олардың активтерi, кiрiстерi мен басқа меншiгi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық салықтардан және бюджетке төленетiн басқа мiндеттi төлемдерден, оның iшiнде жеке табыс салығынан  босатылады. <*>
      Ескерту. 2.5.-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.03.19. N 351 қаулысымен .
      2.6. Егер осы қажет болса SOS-балалар ауылдарындағы балаларға құқықтық қолдауды қамтамасыз ету.
      2.7. Көмек көрсету жөнiндегi халықаралық ұйым ретiнде SOS KDІ шұғыл жағдайда құрылыс объектiлерiне және адамдарға, оның iшiнде көрсетiлген объектілердегi балаларға материалдық, медициналық және өзге де көмек көрсету мақсатында қол жеткiзу құқығына кепілдiктi қамтамасыз ету.
      2.8. Көмек көрсету жөнiндегi халықаралық бейтарап ұйым ретiнде SOS KDI-дiң лайықты құрмет көрсету кепiлдiгiн қамтамасыз ету.
      2.9. "SOS-балалар ауылы" атауы мен эмблемасы Қазақстан Республикасының тарапынан тиiстi құқықтық қорғалуға және тек SOS KDI-ге мүше ұйымдар және тиiстi жазбаша санкциялары барлары ғана осы атау мен эмблеманы пайдалану құқығына кепiлдiктi қамтамасыз ету.

3. Ескерту

      Үкiмет осы Шарттың шеңберiнде Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде қолданылатын негiз құраушы қағидаттармен, қоғами адамгершiлiкпен, тәрбиелiк және өзге де дәстүрлермен үйлеспейдi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзады деп есептейтiн барлығына қатысты тыйым салу немесе шектеулер белгiлеу құқығын өзiне қалдырады.

4. Жалпы ережелер

      4.1. Қазақстан Республикасының аумағында SOS-жобалар құрылысын салуды Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қамқорлығымен SOS KDI жүзеге асырады.
      4.2. Қазақстан Республикасының аумағында SOS KDI немесе SOS мүше ұйымдар құрған барлық SOS-балалар ауылдары "SOS-балалар ауылы" деп аталуға тиiс.
      Алайда, әртүрлi қосымша немece түсіндіруші атауларды қарастыру терiске шығарылмайды.
      4.3 SOS KDI немесе SOS KDI-ға мүше ұйымдар Қазақстан Республикасының аумағында құрған барлық мектептер SOS қозғалысының негiзiн қалаған Герман Гмайнердiң атында болуға тиiс.
      4.4. SOS KDI және/немесе Қор Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының тарапынан түскен тиiстi ұсыныстарды қарау мүмкiндiгiн терiске шығармайтын, бiрақ сонымен бiрге SOS-балалар ауылына балаларды қабылдау немесе оларды одан шығаруды белгiлейтiн шешушi инстанция болып табылады деген фактiнi мойындау. Балаларды SOS-балалар ауылына қабылдау SOS KDI-дiң өзi белгілеген өлшемдер мен қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      4.5. SOS KDI-ге жеке жұмыс берушi ретiнде SOS KDI-дiң қағидаттары мен мақсаттарына сәйкес iрiктелетiн және Қазақстан Республикасында жұмыс iстеуге тиiстi әз персоналын еркiн пайдалану құқығын беру.
      4.6. Осы Шартқа қоса берiлiп отырған кiрiспе оның ажырамас бөлiгi болып табылады.
      4.7. Осы Шарттың ережелерiн iске асыру барысында қандай да бiр келiспеушiлiк немесе пiкiр алшақтығы болған жағдайда Тараптар Қазақстан Республикасының аумағында SOS-балалар ауылдарын құру жөнiндегi жұмыс тр жобалардың өздерi де балалардың мүддесi үшiн жүзеге асырылатынын ескере отырып, туындаған даулы мәселелердi ынтымақтастық рухында шешу үшiн Үкiмет пен SOS KDI құрамынан мүшелер комитетiн құруға тиiс.

5. Шарттың бекiтiлуi, күшiне енуi және қолданылуының тоқтатылуы

      5.1. Осы Шарт Қазақстан Республикасының бекiтуiне жатады.
      5.2. Осы Шарт Тараптар арасында оны Қазақстан Республикасының бекiткенi туралы куәландыратын құжатпен және оның SOS KDI тарапынан ресми; расталу актiсi туралы куәландыратын құжатпен алмасқан күнiнен бастап күшiне енедi.
      5.3. Осы Шарт күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Үкіметi мен "SOS KINDERDORF INTERNATIONAL" SOS балалар ауылдарын құру жөнiндегi халықаралық қоғам арасындағы 1993 жылғы 22 қарашадағы SOS балалар ауылдарын құру құрылысын салу, жабдықтау және олардың жұмыс iстеуi туралы Шарт пен олармен байланысты жобалардың Қазақстан Республикасында қолданылуы тоқтатылады.
      5.4. Осы Шарт өзiнiң қолданылуын Тараптардың кез келгені басқа Тарапты Шарттың қолданылуын тоқтатуға әз шешiмi туралы жазбаша түрде хабардар еткеннен кейiн алты ай өткен соң тоқтатады.

      2003 жылғы "___" _________ Астана қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Шарттың ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алады.

      ___________________________            Астана, ......
      Қазақстан Республикасының               орны, күні
      Үкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының Бiлiм
      және ғылым министрi
      Жақсыбек Құлекеев

      ___________________________            Алматы, ......
      SOS KINDERDORF INTERNATIONAL            орны, күнi
      Өңiрлiк директор
      Райнер Тойх

КIРIСПЕ SOS Ауылдар тұжырымдамасы

      Ең алғашқы SOS ауылының негiзiн 1949 жылы Тирольдағы Имста қаласында Герман Гмайнер қалады. Бүгiнгi таңда бұл ауылды Герман Гмайнердiң SOS балалар ауылдары туралы идеясын халықаралық деңгейде iске асыру үшiн үлгi болып отыр.
      SOS балалар ауылдары ата-аналарынан айрылған немесе ата-аналары тастап кеткен балаларға немесе қалыпты отбасының жылуына мұқтаж балаларға көмектеседi. SOS-балалар ауылдарындағы отбасылар баланың өз отбасының орнына дәл осындай отбасының жылуын қамтамасыз етедi.

SOS-Балалар ауылдарының негізгі төрт құрамдас бөлігі

      Баланы SOS-балалар ауылдарында тәрбиелеу негiзгi төрт қағидатты құрамдас бөлiкке негiзделген:

Ана

      Әрбiр тастанды бала жаңа анасын табады. SOS-балалар ауылында тұратын аналар - өздерiне сенiп тапсырылған балаларға өз өмiрiн толығымен арнайтын әйелдер. SOS-балалар ауылындағы ана балаға өз махаббаты мен мейiрiмiн бередi, әрбiр баланы оның салауатты дамуына қажеттi барлық нәрсемен қамтамасыз етедi. Мұндай ауылдағы ана отбасының басшысы болып табылады. Ол ұй шаруасын өз бетiнше жүргiзедi.

Aға-інілер мен апа-сіңлілер

      SOS-балалар ауылындағы әрбiр отбасы әдетте 6-10 баладан тұрады, олар шын мәнiндегi отбасындағыдай өз "аналарымен" аға-iнiлi, апа-сiңлiсi болып бiрге өмiр сүретін әртүрлі жастағы ұлдар мен қыздар. Бiр ата-анадан туған үл-қыздар бiр отбасында тәрбиеленедi.
      SOS-балалар ауылына балалар нәресте кезiнен бастап сегiз жасқа дейiн қабылданады, бұл ретте олардың отбасында қалыпты тәрбиеленуге лайық болуы шарт. Неғұрлым ересек жастағы балалар қаны бiр ағалы-қарындасты болып келетiн топтың бiр бөлiгi болған жағдайда ғана қабылданады.

      SOS-балалар ауылындағы үйдiң нағыз жүрегі - қонақ үй болып табылады. Балалар өз анасының ас даярлауын, барлық үй шаруасын жүргiзуiн қадағалайды және олармен отбасы өмiрiнiң бүкiл қуанышы мен қайғысын бөлiседi. SOS-балалар ауылындағы үй балалардың тұрақты үйi болып табылады. Мұндай отбасылық үйдегi өмiр баланың сенiмдiлiгi мен қорғалғандық сезiмiн қамтамасыз етедi.

Ауыл

      Әдеттегi SOS балалар ауылы жеке-жеке отбасына арналған 10-20 үйден тұрады. Балалар мектепке барады және сөйтiп ауыл ұжымдық тәрбиенi қамтамасыз ететiн үлкен бiр отбасына айналады. Шын мәнiнде SOS-балалар ауылы балалар мен сыртқы дүниенiң арасындағы көпiр қызметiн атқаруға есептелген. Сондықтан, оның орналасуы, жоспарлануы орнын анықтау кезiнде және барлық қалған аспектiлерде SOS-балалар ауылы қоршаған ортаның ажырамас бөлiгi болуға тиiстi. SOS-балалар ауылындағы әке бейнесi әртүрлi қызметкерлер мен қызметшiлер, ең алдымен ауыл директорының бейнесiнде қабылданады.
      SOS-балалар ауылының миссиясы барлық ұлттағы, мәдениет пен дiни сенiмдегi жетiм және тастанды балаларды қоғамға бiрiктiруден, олар үшiн болашаққа сенiмi жол ашудан тұрады.

SOS-Балалар ауылындағы жастар

      SOS-балалар ауылдары қамтамасыз ететiн бастапқы қолдауға қосымша жақын қауымдастықтағы балаларды өздерiнiң толыққанды дербес еңбек өмiрiн бастауы үшiн зәру болып отырған қажетті дағдымен, ақыл-кеңеспен, консультациялармен, моральдық қолдаумен қамтамасыз ету үшiн айтарлықтай күш-жiгер жұмсалады.
      Сондықтан SOS-балалар ауылдары барлық сенiп тапсырылған балалардың мiндеттi мектеп бағдарламасының шеңберiнде өз қабілетiн барынша дамытуына кепiлдiк берудi қамтамасыз етедi және егер қабiлеттерi лайықты болса олар бiлiм алуын кәсiби-техникалық училищелерде, колледждерде немесе институттарда жалғастырады.
      Балалық жастан асқан, бiрақ жеке өмiрiн бастауға түпкiлiктi даяр емес жасөспiрiмдерге SOS ауылы кең мүмкiндiктер және жастарға арналған құралдармен қамтамасыз етедi, олардың қарауына оқу орталықтарын ұсынады, мұнда жасөспiрiмдер дербестiктiң, басқалармен ынтымақтастықтың және араласудың құндылығын, айналадағы қоғам өмiрiне өз шамасы келгенше үлес қосудың маңыздылығын алғаш ұғына бастайды.

SOS-Балалар ауылы қауымдастығының көмегі

      Балалардың шағын тобына қарқынды көмектi қамтамасыз ететiн көптеген елдерде, егер SOS-балалар ауылдары қоршаған қауымдастықтардағы көптеген балалар мен отбасылар үшiн өмiр сүру деңгейiн жақсарту жөнiнде қосымша жұмыс жүргiзiлмесе, мұндай көмектiң қаншалықты маңызды болғанына қарамастан, әсер етуi шектеулi болады. Сондықтан SOS жобасы, сонымен қатар, басқа жағдайда бұл ауылдың көршiлерi мүлде қол жеткiзе алмайтын қажеттi қолдауды қамтамасыз етудi мақсат ететiн жобалар мен бағдарламаларды ұйымдастыру мен iске асыруға қатысады. Мұндай жобалар күндiзгi күтiмдi қамтамасыз ету жөнiндегi орталықтарды, балалар бақшаларын, мектептердi, аналар мен балалар орталықтарын, емханаларды және т.б. қамтиды.
      Мұнымен қатар SOS бағдарламасы бойынша жұмыс басқадай жағдайда отбасы мен тұтастай алғанда қауымдастық қамтамасыз етуге тиiстi қолдаусыз және мейiрiмсiз қалуы мүмкiн әлемнiң барлық балалары үшiн тамаша әлем құруға ұмтылады.

      Осы кiрiспе Жарғының ажырамас бөлiгi болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады