Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлiк және ауыл шаруашылығы ұйымы арасындағы Ауыл шаруашылығы саясатын талдау мен сауда мәселелерi саласындағы әлеуеттi арттыруға бағытталған техникалық көмек туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 55 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлiк және ауыл шаруашылығы ұйымы арасындағы Ауыл шаруашылығы саясатын талдау мен сауда мәселелерi саласындағы әлеуеттi арттыруға бағытталған техникалық көмек туралы келiсiмнiң (бұдан әрi - Келiсiм) жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Смағұлұлы Есiмовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба 

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлiк және ауыл шаруашылығы ұйымы арасындағы Ауыл шаруашылығы саясатын талдау мен сауда мәселелерi саласындағы әлеуеттi арттыруға бағытталған техникалық көмек туралы келiсiм

      Бiрлесiп Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi (бұдан әрi - Yкiмет) мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлiк және ауыл шаруашылығы ұйымы (бұдан әрi - ФАО), ФАО-ның ауыл шаруашылығы саясатын талдау мен сауда мәселелерi саласындағы әлеуеттi арттыру үшiн Қазақстанға техникалық көмектi (бұдан әрi - Техникалық көмек) ұсынуы мақсатында мына төмендегiлер туралы келiстi:

I БАП
Техникалық көмектi ұсыну

      ФАО 286625 (екi жүз сексен алты мың алты жүз жиырма бec) АҚШ доллары сомасында Үкiметке Техникалық көмек ұсынады.
      Техникалық көмек осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын Қосымшаның ережелерiне сәйкес ұсынылады.

II БАП
Уәкілеттi орган

      Yкiмет осы арқылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiн ФАО-мен өзара iс-қимыл жасау жөнiндегi уәкiлеттi орган және осы Келiсiммен Yкiметке жүктелген мiндеттемелердi орындауға тiкелей жауапты етiп тағайындайды.

III БАП
Техникалық көмектiң сомасын пайдалану

      Ұсынылған Техникалық көмек Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi және басқа мемлекеттiк аграрлық сектор ұйымдары қызметкерлерiнiң ауыл шаруашылығы бағдарламаларын, орнықты ауыл шаруашылық даму жөнiндегi стратегиялар мен жобаларды әзiрлеу, талдау және бағалау, өзгермелi экономикалық шарттар жағдайындағы табысты қызмет үшiн мүмкiндiктер жасау саласындағы бiлiктiлiктерiн көтеру үшiн ғана пайдаланылатын болады.

      Техникалық көмектi iске асыру мерзiмдерi:
      Басталуы - 2004 жылғы қаңтар.
      Аяқталуы - 2005 жылғы ақпан.

IV БАП
Хабарлама

      Осы Келiсiм Тараптардың өздерi қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
      Бір Тараптың екiншi Тарапқа жасаған кез келген жазбаша хабарламасы, егер ол почта немесе телекс арқылы мынадай мекен-жайлардың бiрiне жiберілген болса, тиiстi түрде ұсынылды деп саналады:
      Қазақстан Республикасының Yкiметi үшiн:
      Қазақстан Республикасының
      Ауыл шаруашылығы министрлiгi,
      473000 Астана қаласы, Абай даңғылы, 49
      Телефон: (3172) 323962

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлiк және
      ауыл шаруашылығы ұйымы үшiн:
      Италия Республикасы
      00100 Рим
      Телеграф:(39) 0657056764
      Телекс: 625852 ФАО I
      Факс: (39) 0657055634

V БАП
Қорытынды ережелер

      Тараптардың өзара келісуi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндіргенде немесе қолданғанда даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келiссөздер мен консультациялар жолымен шешеді.
      Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Келiсiмнiң қолданылу мерзiмi 2005 жылғы 28 ақпанға дейiн.
      2004 жылғы "__" _________ Астана қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiндегi екі түпнұсқа данада жасалды, және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.

      Қазақстан Республикасының     Бiрiккен Ұлттар Ұйымының
      Үкiметi                       Азық-түлiк және ауыл шаруашылығы
      үшін:                         ұйымы
                                    үшін:

Ауыл шаруашылығы саясатын талдау
мен сауда мәселелерi саласындағы
әлеуеттi арттыруға бағытталған
техникалық көмек туралы келiсiмнiң
Қосымшасы

      I. Алғышарттар мен негіздемелер

      1.1 Алғы шарттар:
      Бұрынғы Кеңес Одағы экономикасына толығымен қосылған Қазақстан экономикасының даму қарқынының төмендеуi 1991 жылы бiртұтас мемлекеттiң ыдырауының табиғи салдары болып табылады. Ауыл шаруашылығы өндiрiсi көрсеткiштерiнiң айтарлықтай төмендеуi 1991-1998 жылдар аралығындағы кезеңге тән. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң жалпы өндiрiсi 1991 және 1995 жылдары тиiсінше 10 %-ға және 12 %-ға төмендедi. Мемлекеттiң қарқынды экономикалық құлдырауды жеңуге бағытталған негізгі мiндетi жалпы ел экономикасын қайта құрылымдаудың қажеттігіне келiп тiреледi.
      1990 жылдарда Қазақстан Республикасының Yкiметi экономикалық саясатты реформалауға кiрiсті, оның негізгі міндеті нарықтық экономикаға көшуде және макроэкономикалық стратегияны түбегейлі өзгертуде. ТМД-ның басқа елдерiнің алдында Қазақстан макроэкономикалық тұрақтылықты орнатуда, жекешелендiру саласында реформалар жүргізуде және ауыл шаруашылығы секторын нарықтық экономика жағдайларына көшiруде айтарлықтай прогреске қол жеткiздi. Дамуға бағытталған бағдарлама 1998 жылдан кейiн өз жемiсін бере бастады. 2001 жылы ЖIӨ 1999 жылмен салыстырғанда 6,3 %-ға жетсе, ал ауыл шаруашылығы өнiмiнiң тиiстi көрсеткiшi 13,9 % құрады. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмi 2000 жылы және әсiресе 2001 жылы рекордтық көрсеткiштерге жетті.
      Орталық Азия өңiрi елдерінің тiзiмiнде Қазақстан ауыл шаруашылығы секторында экономикалық реформаларды жүргізу саласында жетекші орындардың бiрiн иеленедi. Қазақстанның ауыл шаруашылығында жүйелi реформалар іске асырылып, оның нәтижесi мүлiкті жекешелендіру, жер қатынастары жүйесiн өзгерту, бағаны ырықтандыру, ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң еркін нарығын қалыптастыру болды. Бiрақ, фермер қожалықтарының әлі де жеткiлiктi жеке меншiк шаруашылықты жүргізуге тәжiрибесi жоқ. Өндiрiс факторлары мен түпкiлiктi өнiм нарығында жеке меншiк сатушылардың пайда болуы айтарлықтай прогресс болып табылады, әйтсе де нарықтық құрылымдар бәсекеге қабiлеттікке жетуге әлi де алыс.
      Ауыл шаруашылығы Қазақстанның негiзгi экономикалық көрсеткiштерiнiң негізгі компоненттерінің бiрi болып табылады: оның тұтас ЖIӨ-дегi үлесi 8,6 % құрап, республика тұрғындарының 17 % жұмыс орындарымен қамтамасыз етiп отыр. Ауыл шаруашылығы өнiмдерi экспортынан түскен кiрiс республикадағы экспорттық операциясынан түсетiн жалпы пайданың 13 % құрайды. Қазақстан халқының 43 % ауылды жерлерде тұрады, олардың айтарлықтай бөлiгі тұрмыс деңгейi төмендерге жатқызылады.
      Ұзақ мерзiмдi кезеңде мемлекеттiң аграрлық саясаты өндiрiстiң тиiмдiлiгін арттыруға, жоғарғы жетiстiктерге, ысыраптарды азайтуға және рентабельдiлiгін өcipугe алып келуге тиiс.
      Үкiмет өтпелi кезеңнiң экономикасының дамуын тежейтiн факторларын жеңiлдетуге күш салады. Салауатты және өмiрге бейiм макроэкономикалық жүйе құру және ауыл шаруашылығы секторын дамытудың бағдарламасын енгізу жөнiндегi iс-қимылдар жасалды. Дегенмен де ауыл шаруашылығындағы реформаларды қабылдау процестерi секторды реформалау прогресін тежейтiн елеулi проблемалар мен факторларға тап болуда, олар былай деп анықталуы мүмкiн: а) қолданыстағы институционалдық құрылымның нарықтың экономиканың қызмет ету шарттарына сәйкессiздiгі; б) ауыл шаруашылығы саясатын және сектордың стратегиясын жасау кезiндегі техникалық қолдау көрсетудi қысқа және орта мерзiмдегi талдау саласындағы білiктi мамандардың тапшылығы; в) ауыл шаруашылығы өнiмін өндiрушiлердi несиелеу жүйесi мен осы саладағы сәйкес бағдарламалардың жетiспеушiлiгі; г) жеткіліксiз қаржыландыру, маркетинг жүйесiнiң тиiмсiздігі, қызмет көрсету сапасының төмендiгi және нарық туралы ақпараттың жеткілiксiздігі; д) ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мен ипотекалық несиелеудi дамытуға тежеу боп тұрған жерге жеке меншiктің болмауы; ж) орнықты жер қатынастарының жоқтығы, бұл орта және iрi фермерлiк коммерциялық шаруашылықтардың дамуына кедергi боп тұр; з) ауыл шаруашылығы жерiн пайдалану құқығы саласындағы заңнамалық құрылымның ашық болмауы; и) қарқынды экономикалық өсiмдi шектейтiн өсiмдiк және мал шаруашылықтары секторларының төмен рентабелдiлiгі, мемлекеттiк инвестициялаудың жетiспеушiлiгi, инвестициялардың тиiмсiз бөлiнуi және жеке меншiк сектордың белсендiлiгiнiң жеткiлiксiздiгі.
      Ұсынып отырған ТЫБ (Техникалық Ынтымақтастық бағдарламасы) жобасының мақсаты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі және басқа аграрлық салада қызмет iстейтiн мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерiнiң біліктiлiк дәрежесiн көтеру және саясатты тұжырымдау мен талдау саласындағы мәселелерге салыстырмалы басымдылық пен бәсекеге қабілеттiлiк мәселелерiне ерекше көңiл аудара отырып қолдау көрсету болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкiметіне сектордың дамуын, сондай-ақ өндiрiс тиiмділігінің өсуi мен әлемдiк экономикаға қосылуды тежейтін факторларды жеңуге бағытталған ауыл шаруашылығының кешендi стратегиясын әзiрлеуде қолдау көрсетілетiн болады.
      Экономикалық жоспарлау жөнiндегі оқыту бағдарламаларының жетіспеушiлiгiнен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгі қызметкерлерi еркiн нарықтық қатынастар экономикасы жағдайындағы стратегиялық бағдарламаларды жасау үшiн қажеттi экономикалық талдау құралдарына, әсiресе сандық талдау мен салыстырмалы артықшылық әдiстемелерiне зәру. Оның үстiне, қызметкерлердiң көпшілігі жергілiкті оқу орындарын бiтiрген, оларда бұл әдiстемелердi оқыту көзделмеген және осылайша олардың бұл саладағы бiлiмдерi шектеулi. Өтпелi кезеңнiң экономикасы саяси бағдарламалар мен стратегиялар жасау саласындағы бiлiктi мамандарға зәру. Сонымен қатар, мамандарды жаңа экономикалық ортаға бейiмделудiң тиiстi құралдарын пайдалануға оқыту қажет.
      Бұл бастаманы донор ұйымдар қолдауда. TACIS, Дүниежүзiлiк Банк, Азия Даму Банкi және басқа да донорлар стратегиялар мен саяси бағдарламаларды жасау саласындағы бiлiмдерiн ұлғайту мақсатында және донорлармен өзара iс-қимылды нығайту мен бiрiн-бiрi жақсы түсiну үшiн республика мамандарының білiктілігін көтерудiң қажеттiгi туралы пiкiрлердi бөлiседi. Сонымен қатар донорлар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлерi осы саладағы белсендi қолдауды қажет етедi деген жалпы пiкiрдi ұстанады, өйткенi Қазақстан Республикасының Үкiметi бұл мәселелердi шешуге де үлкен мән бередi. Ұсынылып отырған ФАО жобасы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жергiлiктi өнiм өндiрiсi мен экспорттық тауарлар тиiмдiлiгiнiң өсуi, сондай-ақ өсiм қарқынын күшейту бағдарламалары мен стратегияларын жасауға жәрдемдесетiн болады.

      1.2. Негіздеме
      ФАО-ның жүйелi бағдарламасы шеңберiнде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiне салыстырмалы артықшылықтар мен бәсекеге қабiлеттiлiктi анықтау жөнiндегi зерттеулер нәтижелерiн негізге ала отырып талдау жүргiзуге және стратегиялар қабылдау жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдауға мүмкiндiк беретін техникалық көмек берiледi.
      Таяу Шығыс елдерi бойынша аймақтық офис (RNEP) 9 негiзгi ауыл шаруашылығы дақылдары үшiн "Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн экономикалық ынталандыру және салыстырмалы артықшылықтары" зерттеу жұмыстарын аяқтады. Жобаның бюджетi шектеулi болуына байланысты жұмыс тек қана санаулы фермерлiк шаруашылықтарды зерттеумен шектелдi. 2002 жылғы қазанда соңғы семинардағы берiлген зерттеудiң нәтижелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi, Әлемдiк Банктiң және басқа донорлық ұйымдардың өкiлдерi мақұлдады. Қазақстан Республикасының Үкiметi ФАО-ға Техникалық Ынтымақтастық Бағдарламасы (ТЫБ) шеңберiнде Ауыл шаруашылығы министрлігінiң қызметкерлерiнiң әлеуетiн көтеру саласында көмек берудi және оқыту бағдарламасы шеңберiнде өсiмдiк және мал шаруашылықтары өнiмiн жөнiндегi фермерлiк шаруашылықтардың көп жиынтығын зерттей отырып аграрлық саясатты талдауды кең ауқымды зерттеу жүргізудi сұрады. Жоба сондай-ақ мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыруда және ауыл шаруашылығы секторын тұрақты дамытудың кең ауқымды ұлттық стратегиясы құрылымдарын әзiрлеуде пайдалы болмақ. Қазiргi уақытта TACIS жобасы шеңберiнде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiне арналған стратегия жасауға жәрдемдесу жөнiндегi жұмыс жүргiзiлуде, бiрақ бұл жобаның мақсаты министрлiк қызметкерлерiнiң әлеуетiн арттыруға бағытталмаған. Жобаның бастаушылары ФАО ұсынған бағдарламасы бойынша ынтымақтасуға қызығушылық танытты. Әлемдiк Банк те саясат пен стратегияны талдау және жасау мәселелерiндегі бiлiктiлiктi көтеру саласындағы ынтымақтастыққа мүдделi екендігін бiлдiрдi. ТЫБ жобасы шеңберiнде 2002 жылдың басында ФАО бастама көтерген кең ауқымды зерттеулер жүргiзу және мемлекеттің қолдауын қажет ететiн фермерлiк қызметтің негізгi түрлерiн анықтау және зерттелiнетiн өнiмнiң бәсекеге қабiлеттілігін анықтау жөнiндегі жұмыстар жоспарлануда. Сонымен қатар саясатты талдау моделi әзiрленетiн, сондай-ақ таяудағы 5 жылға арналған ауыл шаруашылығы секторын дамытуға арналған негiздерi анықталатын болады.
      Ұсынылып отырған техникалық көмек (оқыту бағдарламасы) екi компоненттен тұрады: 1) саясат пен стратегияны талдау және жасау әдiстерiн үйрету; 2) стратегиялық маңызды салалардағы ауыл шаруашылығы саясатына зерттеулер жүргізу. Сонымен қатар, негізгi назар су ресурстарын тиiмдi пайдалануға, жеке бастамаларды дамытуға және ерiктi ауыл шаруашылық ассоциацияларын құруға бөлiнетiн болады.
      Оқыту компонентi Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінiң қажеттілiктерiне сәйкес тренингтiк бағдарламаларды жасауды көздейдi. Бағдарлама қызметкерлердiң бiлiктiлiк саласы мен бiлiмiн назарға ала отырып олардың әртүрлi деңгейiне арналған; сонымен қатар, тыңдаушылары алған бiлiмдерiн кейiннен министрлiктiң облыстық басқармаларындағы әрiптестерiне жеткiзуге тиiс негізгі топты оқытуға ерекше көңiл бөлiнетiн болады. Осылайша, жобаның шеңберiнде қызметкерлердiң зерттеулер жүргізу, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi деңгейiнде бағдарламалар мен стратегиялар жасау және жүзеге асыру мәселелерi бойынша консультациялар беру саласындағы бiлiктiлiктерi көтерiлетiн болады.
      Бұл бағдарлама осы саладағы ең алғашқыларының бiрi болып табылады және донорлардың және/немесе аймақтық және халықаралық ұйымдардың институционалдық оқытуы, сондай-ақ ауыл шаруашылық секторын дамыту жөнiндегі бағдарламасына бастау бола алады. Дүниежүзiлiк Банк осы жұмысты жүргiзуде ФАО-мен ынтымақтастыққа мүдделілiк танытып отыр. БҰҰ Даму Бағдарламасы басшылығымен, TACIS бағдарламасымен, Еуропалық Комиссиямен, Дүниежүзiлiк Банкпен және Азия Даму Банкiмен болған кездесулер тараптардың Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне қолдау көрсетуге мүдделiктерiн дәлелдейдi.

      1.3 Бенефициарлар
      Жоба шеңберiнде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлігінiң және аграрлық сектордағы басқа да мемлекеттiк ұйымдардың қызметкерлерiн оқыту жоспарланады.

      II. Көрсетілген техникалық көмектің мақсаты

      Жобаның негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінiң және аграрлық сектордағы басқа да мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерiнiң ауыл шаруашылық бағдарламаларын, тұрақты ауыл шаруашылық даму жөнiндегі стратегиялар мен жобаларды жасау, талдау және бағалау, өзгермелi экономикалық шарттар жағдайында жемiстi қызмет ету үшiн мүмкiндiктер жасау саласындағы бiлiктілiктерiн арттыруда.
      Нақты мiндеттердi былай анықтауға болады:
      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ауыл шаруашылық бағдарламалары мен стратегияларын жасау, талдау, жүзеге асыру және бағалау саласындағы жоғары бiліктi базасын құру.
      - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгіне
        қызметінiң шешушi салаларын зерттеулердi әзiрлеуде және
        аграрлық секторды дамыту стратегияларын бағалауда
        жәрдемдесу.

      III. Жобаның нәтижелері

      - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң,
        Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау
        министрлігінiң және аграрлық сектордағы басқа да
        мемлекеттiк ұйымдардың ауыл шаруашылық саясат пен жоспарлау
        мәселелерiмен шұғылданатын 24 қызметкерiне ауыл шаруашылығы
        секторының бағдарламалары мен стратегияларын әзiрлеу, жасау,
        тұжырымдау, талдау және жүзеге асыру әдiстерiн үйрету.
      - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінiң 3
        қызметкерiн шет елге стажировкаға жiберу, стратегиялық
        бағдарламалар жасаудың мәселелерi мен сауданың және/немесе
        ауыл аумақтарын дамытудың сан қырлы мәселелерiн тереңдеп
        зерделеу.
      - Мына мәселелер бойынша 2 стратегиялар зерттеуiн жасау:
        стратегиялық маңызды дақылдар мен мал шаруашылығы секторы
        өнiмiнiң салыстырмалы артықшылығы мен бәсекеге қабiлеттілігі
        негiзiнде азық-түлiк қауiпсiздiгi мен ауылдық аумақтарды
        дамытудың ұлттық стратегиясы шеңберiндегі қызметке,
        iс-шараларға және инвестициялық жоспарларға ерекше көңiл
        бөле отырып, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту және
        азық-түлiк қауiпсiздiгi.

      IV. Жұмыс жоспары

      Жобаның жұмыс жоспары мыналарды: қызметкерлердiң ауыл шаруашылық бағдарламаларын, стратегияларын және тұрақты ауыл шаруашылық даму жөнiндегi жобаларды жасау, талдау және бағалау саласындағы бiлiктілігін көтеру жөнiндегi түсiндiрме семинарлар өткiзудi; оқыту материалдарын дайындауды; кiрiспе оқу курстарын, сауда және ДСҰ мәселелерi бойынша оқу курсын; табиғи ресурстарды басқару мен ауыл аумақтарын дамыту саясаты бойынша оқу курстарын; ұлттық стратегияларды шолу мен жаңартуға арналған 2 халықаралық зерттеудiң iлгерiлеген оқу курсын; шетелдердегi стажировкаларды және бiр күндiк финалдық семинар өткiзудi көздейдi.
      Консультанттар мен оқытушылар сектордың туындап отырған проблемаларын қарастыратын 2 зерттеу жұмысын дайындайды, сонымен қатар, олар курстың тыңдаушылары орындайтын секторды бағалау жөнiндегі зерттеулердiң әзiрленуiн қадағалайтын болады. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң әлуетiн арттыру процесi ФАО-ның техникалық қолдауымен және донорлық инвестициялар есебiнен қаржыландырылатын кезектi жобалар шеңберiнде жалғасатын болады.
      Жоба бойынша қызметтiң негiзгi принциптерi мен бағыттары құжаттың келесi iшкi бөлiмiнде көрсетiлген.

      4.1. Оқыту бағдарламасы

      Оқыту
      Оқытудың негiзгі мақсаты қатысушыларға ауыл шаруашылығы саясаты саласындағы жұмысқа қажеттi тұжырымдамалық негiздерiн таныстыру және практикалық дағдыларды меңгерту болып табылады. Тыңдаушылар ауыл шаруашылығы саясатының базалық тұжырымдамаларымен, тұжырымдауларымен және тәсiлдерiмен, сондай-ақ нарықтық тетiктердi қалыптастыру процестерiнiң негiзгі ұғымдарымен танысады. Сонымен қатар олар мәлiметтердi компьютерлiк өңдеу мен статистикалық талдаудың жаңа әдiстерiмен танысады. Тыңдаушылардың жұмыс бағдары мен тәжiрибесiн назарға ала отырып, курстық сабақтар барысында зерделеу материалдарының сан алуан күрделiлiк деңгейi көзделетiн әр түрлi әдiстемелер қолданылады. Оқу әдiснамасы ересектердi оқыту принциптерiмен сәйкестендiрiледi және теориялық пен практикалық сабақтарды бiрiктiру қажеттiгiн, сондай-ақ тыңдаушылардың белсене қатысуын назарда ұстайды. Лекцияларға толықтырулар ретiнде проблемалық-бағдарлық мiндеттердi шешу жөнiндегi сабақтар, семинарлар және топтық талқылаулар ұйымдастырылатын болады. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң iрiктелiп алынған қызметкерлерi ұлттық және халықаралық оқытушылармен (консультанттармен) тығыз ынтымақтастықта болады және әлуеттi арттыру жөнiндегi жобаны iске асыруда тәжiрибе алады.
      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ұсынысына сәйкес, тыңдаушылардың қатысуына кепiлдiк беру және олардың жұмысындағы кемшiлiктерден сақтану мақсатында қатысушылар әрқайсысы 12 адамнан екi топқа бөлiнедi. Жоба бойынша жұмысқа арналған офис және қызметкерлердi оқытатын жер Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ғимаратында.
Ағылшын және орыс тiлiндегі материалдар жиынтығы қоса кіретін арнайы оқу бағдарламасы оқу бағдарламасы даярланатын болады. Курс Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiнен, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлігінен және басқа аграрлық сектордағы мемлекеттiк ұйымдардан 24 маманды оқытуды көздейдi. Жекелеген қатысушылар министрлiктерде және облыстық деңгейде саясатты талдауды оқыту жөнiндегi болашақта жұмысқа тартылатын болады.
      Жоба шеңберiнде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгінiң үш қызметкерiнiң шетелдерде мына салалардағы 2 апталық стажировкасы жоспарлануда:
      1) ауыл шаруашылығы саясатын жоспарлау және стратегиялық шешiмдер қабылдау;
      2) көп тарапты сауда және ДСҰ мәселелерi;
      3) ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерi бойынша.
      Бұл қызметкерлер оқытылған негiзгi топтың құрамынан iрiктеледi және мынадай жұмысқа тартылатын болады:
      - ауыл шаруашылық секторын тұрақты дамыту стратегиясын әзiрлеу;
      - ДСҰ, Дүниежүзілiк банк, ФАО, ИФАД, ТАСИС және т.с.с. халықаралық ұйымдармен қауымдасқан Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы департаменттерiне техникалық қолдау көрсету;
      - мемлекеттік стратегияларды әзірлеушілерді қолдау үшін техникалық зерттеулерді даярлау;
      - ауылдық аумақтарды дамыту стратегиясын анықтау;
      - ДСҰ-ға кiру процесiн қолдау;
      - осы ТЫБ жобасы шеңберiнде секторды бағалау;
      - ауыл шаруашылығы iшкi секторларының өнiмділігін бағалау, дамуды және тиiмдiлігі мен рентабельдiлiгiн арттыру мүмкiндiктерiн тежейтiн факторларды анықтау жөнiндегi зерттеу жұмыстарын әзiрлеу.

      Оқытушылар
      Оқытушылар командасы ФАО қызметкерлерінен, сондай-ақ халықаралық және ұлттық консультанттардан тұратын болады. Сонымен қатар, жекелеген пәндердi оқыту үшiн университеттерден, ғылыми-зерттеу институттарынан, министрлiктерден және мемлекеттiк агенттіктерден оқытушылар тартылады. Жоба шеңберiнде ТМД елдерiнiң ресурстары да пайдаланылатын болады. Консультанттар оқып жүргендердiң танаптық зерттеулердiң орындауын және ауыл шаруашылығы секторына баға беруiн қадағалайды.

      Тыңдаушылар
      Оқыту бағдарламасы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгінiң және аграрлық сектордағы басқа да мемлекеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне шақталған.
      Тыңдаушыларды iрiктеу 30-40 жас аралығындағылар, жоба тақырыбына қызығушылығы, коммуникативтiк қабiлетi және т.б. сияқты алдын ала анықталған критерийлерге сәйкес жүргiзiледi. Экономика және саясатты талдау саласындағы бiлiмдердi меңгерген тыңдаушыларға да артықшылықтар берiледi.

      Оқу әдiстемесi
      Оқу әдiснамасы лекциялар, топтық жұмыстар жүргізудi, жаттығуларды топтарда және жеке орындауды, зерттеулердi талқылауды және пiкiрталастар өткiзудi көздейдi. Лекцияларға бөлiнетiн уақыт сабақтың жалпы уақытының 50%-нан аспайды. Қалған уақыт талдау аспаптарын/әдiстемелердi практикалық қолдануға және қатысушылар мен оқытушылар арасында пiкiрсайыстарға арналған.

      Саясатты зерттеу
      Жергiлiктi және халықаралық консультанттар (оқытушылар) жүргiзген зерттеулер негiзiнде, жоба барысында саясатты зерттеу бойынша берiлетiн 2 есеп жасалатын болады: 1) азық-түлiк қауiпсiздiгi жөнiндегі ұлттық стратегия шеңберiндегi қызметке, iс-шаралар мен инвестициялық жоспарларға ерекше назар аудара отырып, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту және азық-түлiк қауiпсiздігі бағдарламалары, 2) стратегиялық маңызы дақылдар мен мал шаруашылығы секторы өнiмдерiнiң салыстырмалы артықшылықтары мен бәсекеге қабiлеттiлiгi.

      Бұл зерттеулерді даярлау азық-түлiкке, өндiрiске, маркетингке және саудаға (жергілiктi және халықаралық рыноктардағы) сұранысты, тауар жүйесiн (ССА), табиғи ресурстарды басқарудың нарықтық жағдайлары мен стратегиялық аспектiлерiн талдауды көздейдi. Жергілiктi консультанттар жинаған зерттеулер мен деректердiң, сондай-ақ ФАО басшылығымен орындалған жұмыстардың нәтижелерi негiзiнде халықаралық консультанттар ауыл шаруашылығы секторының болашаққа арналған ұлттық стратегиясын әзiрлеу кезiнде пайдаланылуы мүмкiн стратегия бойынша негiзгi есептердi дайындайтын болады. Стратегиялық есептердiң түпкiлiктi тақырыбы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгімен бiрлесе анықталатын болады.
      Ауыл шаруашылығы саясатын нұсқаларын бағалауға толықтыру ретiнде бұл зерттеулер бүкiл оқыту бағдарламасының барысында практикалық жаттығулар ретiнде пайдаланылатын болады, осылайша, тыңдаушылар да есепте дайындауға, шолуға және түпкiлiкті пысықтауға қатысады.

      Түсiндiрме Семинарлар
      Жобаның бастапқы сатысында бiр күндiк және аяқталуында екi күндiк семинар ұйымдастыру жоспарлануда, ондағы мақсат ауыл шаруашылығы саясатының, аграрлық секторды стратегиялық жоспарлау процесiн жетiлдiру үшiн ауылдық аумақтардың табиғи ресурстарын басқарудың және дамытудың маңыздылығын түсiндiру болып табылады.
      Бұл семинарлардың барысында жобаның мақсаттарын, мiндеттерiн және нәтижелерiн ұсыну және талқылау жоспарлануда.

      V. ФАО ресурстары

      а) Қызметкерлер
      Халықаралық оқытушылар - консультанттар
      - Сауда саясаты жөнiндегi мамандар (TPE) 4 апта, ДСҰ
        мәселелерi бойынша халықаралық жобалардағы жұмыс
        тәжiрибелерi.

      ТСДС/ТССТ - Серiктестiк Бағдарламасының сарапшылары:
      - ТСДС/ТССТ Ауыл шаруашылығы саясатының экономисi - Команда
        жетекшісі, ТСДС (12 апта), өндіріс, маркетинг және сауда
        мәселелері жөнiндегі халықаралық жобалардағы жұмыс
        тәжiрибесi.
      - ТСДС/ТССТ Ауыл шаруашылығының экономисі - ТСДС (6 апта),
        оқыту материалдарын әзірлеу, оқыту бағдарламаларын жасау
        және жүзеге асыру тәжiрибесi.
      - ТСДС/ТССТ Ауыл шаруашылығы саясаты экономикасының оқытушысы
        (6 апта), оқыту материалдарын дайындау, оқыту
        бағдарламаларын жасау және жүзеге асыру тәжірибесі.

      ФАО техникалық қадағалауы
      - RNEP техникалық қызметкерi: 3 апта, жұмыс жоспарын
        даярлаудың 3 миссиясы, жоба бойынша жұмыстың жылжуына шолу,
        финалдық семинарды даярлау/атсалысу

      ФАО консультациялық жұмысы
      - RNEP офисi ауыл шаруашылығы саясатының экономисi/Техникалық
        үйлестіруші (6 апта) - Әлеуетті арттыру жобасы жөнiндегі
        маман.
      - RNEP офисiнiң ТМД елдері бойынша макроэкономика және ауыл
        шаруашылығы саясаты мәселелері жөнiндегі қызметкерi;
        зерттеулер өткiзу әдiстемесiн әзірлеу жөнiндегі маман
        (2 апта)
      - TCAS/ESA ауыл шаруашылығы саудасы мәселелерi бойынша
        қызметкері (2 апта)

      Оқытушылар (консультанттар) - экономикалық саясат саласындағы ұлттық мамандар.
      - Экономикалық саясаттың оқытушы-талдампазы/Ұлттық команданың
        жетекшісi (12 ай)
      - Ауыл шаруашылығы саясаты саласындағы
        окытушы-сарапшы/Ассистент (8 ай)
      - Ауылдық аумақтарды дамыту бойынша ауыл шаруашылығы
        саясатының оқытушы-экономисі (6 ай)
      - Сыртқы сауда бойынша оқытушы-маман (экономист) (6 ай)
      - Маркетинг және сауда саласындағы оқытушы-маман (6 ай)
        (Штаттан тыс) уақытша лауазым (5000 АҚШ долл. дейін)
      - Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Ауыл
        шаруашылығы министрлiгi ұсынатын аудармашылар қызметiне
        қосымша ретiндегі аудармашылар қызметi, ұлттық оқытушы
        (консультант-ассистент) көрсететiн қолдауға, сондай-ақ
        жобаны іске асыру барысына әкiмшiлiк қолдау көрсету үшін.

      б) Ресми сапарлар (17500 АҚШ долл. дейін).
      Жоба қызметкерлерінің Қазақстан бойынша іссапарларының, ішінара алғанда ұлттық консультанттардың зерттеу жүргізу және жоба бойынша есеп беру құжаттамаларын дайындау үшiн объектiлерге бару сапарларына арналған шығындарын жабу үшiн.

      в) Келiсiм-шарттар (20 000 АҚШ долл. дейін).
      6 оқыту курстарын, 2 семинар, жоба бойынша 3 есеп бepу, 4 зерттеулер жүргізу және финалдық семинар үшiн дидактикалық материалдарды аудару және көбейту.
      Жергілiктi және аймақтық (ТМД) ұйымдармен/институттармен келiсiм-шарттар.

      г) Жалпы пайдалану шығыстары (ЖПШ) (10 000 АҚШ долл.дейiн)
      Жоба шеңбердегі әр түрлi шығыстарды, оның iшiнде телефон келіссөздерiн, офиске арналған кеңселiк тауарларды, факсимильдік байланысты, ксерокөшiрмелердi, бензинді және т.б. жабу үшін.

      д) Жабдықтар (10 000 АҚШ долл. дейін)
      Оқыту оқу бағдарламасын жүргізу үшін қажеттi жабдықтар 4 дербес компьютер, 2 портативтiк компьютер және 2000 АҚШ долл. сомасындағы қажет бағдарламамен қамтамасыз етудi/компьютерлер мен БҚ сатып алуды көздейді; 2 принтер - әрқайсысы 500 АҚШ долл. Оқуды жүргізу үшiн кемінде 8 компьютер қажет болатындықтан, оқыту бағдарламаларын жүргізуге қосымша 4 ДК-дi уақытша пайдалануға беруді Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігі өз мойнына алып отыр.

      ж) Техникалық қамтамасыз ету және материалдар (5000 АҚШ долл.дейін).
      Техникалық қамтамасыз ету және оқытуға арналған материалдар, есептердi, мәтiндердi, ДК-ге арналған дискеттерді дайындау, есептер мен құжаттарды дайындау үшiн қажет арнаулы бағдарламамен қамтамасыз етуді сатып алу.

      з) Тікелей пайдалану шығыстары (ТПШ)
      ФАО бас офисiндегi жобаны іске асыру бойынша әртүрлi шығындарды жабу (жоба бойынша жалпы шығыстардың 7%-ы).

      и) Оқыту (24 000 АҚШ долл.дейін)
      Қазақстанда оқыту (12 000 АҚШ долл. дейiн)
      - Жобаның бастапқы сатысындағы бiр күндiк семинар (30 шақты
        қатысушылар), оның мақсаты мемлекеттік стратегияны
        әзiрлеушiлерге саясатты жасау, талдау және жүзеге асыру
        саласындағы әлеуетті арттырудың маңыздылығын түсiндiру,
        бағдарламаның мазмұнымен таныстыру. Шамаланған құны
        (үй-жайды жалға алу және басқа қалалардан келген
        қатысушылардың жол ақысы): 3500 АҚШ долл.
      - Жобаның қорытынды сатысындағы екі күндік семинар (30 шақты
        қатысушылар) оқыту бағдарламасының, жүргізілген
        зерттеулердiң нәтижелерiн және олардың болашақ жұмыстар
        үшін маңыздылықтарын талқылауды, аграрлық секторды дамыту
        стратегиясының нұсқаларын талқылауды, Үкiметпен және
        донорлармен келесi қадамның қажеттілiгiн талқылауды
        көздейдi. Шамаланған құны: (үй-жайды жалға алу және басқа
        қалалардан келген қатысушылардың жол ақысы): 4500 АҚШ долл.
      - 12 қатысушыдан тұратын әрбiр топ үшiн зерттеулер жүргiзу
        орындарына сапар шеге отырып 2-3 күндiк оқыту. Шамаланған
        құны: (қатысушылардың жол ақысы, тамағы және орналасқан
        жерi): әр сапарға 4500 АҚШ долл.
      - Астана қаласында оқыту жоба бойынша қосымша шығындарды
        қажет етпейдi.
      Шет елдерде стажировкадан өту (12000 АҚШ долл. дейiн)
      - Бағдарламаның 24 қатысушыларынан 3 кандидат таңдалады, олар
        әрi қарай стажировкадан шет елдерде өтетін болады, бipeуi -
        аграрлық саясатты жоспарлау мәселесi бойынша, екiншiсi -
        көп жақты сауда және ДСҰ мәселелерi саласында және
        үшiншiсi - ауылдық аумақтарды дамытуы мәселесi бойынша.
        Қатысушылар жеделдетiп оқытудың 2 апталық курсын
        халықаралық университеттерде (Египет, Жапония немесе
        Батыс-Еуропа елдерiнде) тыңдайды. Жалпы құны 12000 АҚШ долл.
        құрайды және қатысушылардың жол ақысы (2000 АҚШ долл. x 3)
        және тамақ пен тұратын жерiне бiр жолғы төленетін соманы
        (2000 АҚШ долл. x 3) көздейдi.

      VI. Жоба бойынша есептілік
      Әрбiр консультант - оқытушы (ұлттық және халықаралық) нәтижелердi, тұжырымдарды және ұсыныстарды толық сипаттамай отырып өзiнiң тапсырмасының аяқталғаны жөнiнде техникалық есеп дайындауға тиiс. Халықаралық топтың жетекшiсi ФАО қызметкерлерiмен бiрге жоба бойынша қызметтi бағалайтын есеп жасайды. Сонымен қатар, RNEP офисi ФАО/ТЫБ рәсiмдерiне сәйкес Түпкiлiктi Есептi үкiметтiң қарауына бередi.

      VII. Қазақстан Тарапының салымы мен қолдауы
      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнің АӨК мен ауыл аумақтарының дамуын талдау және мемлекеттік реттеу департаментi жобаны iске асыруға жауапты болып табылады. Курстың тыңдаушылары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінiң осы және басқа департаменттерi, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлігі мен аграрлық сектордағы басқа мемлекеттiк ұйымдар қызметкерлерiнiң қатарынан таңдап алынады.
      Қазақстан тарапының салымы төмендегiдей (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң қолданылып жүрген тиiстi жылға арналған бюджеттік қаржыландыруы шеңберiнде):
      - Жоба бойынша сатып алынғандарына толықтыру ретiнде (кемiнде
        4 компьютер және жұмыс столдары) қосымша жабдықтар,
        жиһаздар мен басқа да офистік жабдықтар беру.
      - Жоба бойынша жұмыстарды анықтау және қатысуға рұқсат беру.
      - Тренингтер өткiзу үшiн жабдықтар мен үй-жай беру.
      - Жоба бойынша жұмыс iстеуге хатшы/клерк қызметтерiн ұсыну.
      - Қазақстан Республикасы заңнамасы шеңберiнде жобаны жүзеге
        асыру үшiн қажет ақпараттарға қолжетiмдiктi қамтамасыз ету.
      - Ұлттық және халықаралық консультанттарға арналған офистер
        үшiн үй-жай беру.
      - Қажет болған жағдайда жобада көзделген уақытша қызмет
        көрсетуге қосымша ретiнде аудармашылар қызметiн ұсыну.

ФАО салымын көздейтін жоба бюджеті
(АҚШ долл.)

Ел:                      Қазақстан Республикасы

Жобаның атауы:           Ауыл шаруашылығы саясатын талдау мен
                         сауда мәселелері саласындағы әлеуетті
                         арттыру

Жоба номері:             ТСР/

___________________________________________________________________
Компонент |   Компоненттің сипаттамасы      |Sub.Comps.|  Main
           |                                 |          |  Comps.
___________________________________________________________________
   5013    Консультанттар                              59100
   5542     Халықаралық - консультанттар            7500
   5543     Жергілікті - консультанттар            30600
   5544     TCDC/TCCT - консультанттар             21000
   5544     Retiree - консультанттар
            Келісім-шарттар                             20000
            Бюджет                                 20000
   5020    Мерзімнен тыс қызмет                         5000
            Тұрақты емес жұмыс - штаттан тыс
   5652     лауазым                                 5000
   5021    Жол сапарлары                               96490
   5661     Іс-сапарлар, басқалар                  17500
   5684     Халықаралық - консультанттар            6500
   5685     Retiree - консультанттар                   0
   5686     TCDC/TCCT консультанттар               37000
   5694     Оқуға сапар                            12000
   5692     Travel ATS (сапар)                    14,424
   5693     Travel STS (сапар)                     9,066
   2530    Оқыту                                      12,000
   5920     Бюджет                                12,000
   5024    Expandible Euipment (құрал
           жабдықтар)                                 10,000
   6000     Expandible Euipment_Budget
            (құрал жабдықтар бюджеті)             10,000
   5025    Non-Expandible Euipment                        
            (құрал жабдықтар)                           5,000
   6100     Non-Expandible Euipment_Budget         5,000
            (құрал жабдықтар бюджеті)
   5027    Техникалық қолдау                           50284
   6111     Есеп беру шығындары
   6116     Бағалау                                 1000
   6120     ATS қаламақысы                         28952
   6122     Техникалық қолдауды стандартты
            бақылау                               17,700
   6123     LTU бақылау міндеттері                 2,632
   5028    Жалпы пайдалану шығыстары                   10000
   6300     Жалпы пайдалану шығыстары бюджеті      10000
   5029    Техникалық ұсталымдар                    18751.18
            Аралық сома                                267874
   6118     Тікелей пайдалану шығыстары         18751.18
___________________________________________________________________
            Жалпы сома                               286625.2
___________________________________________________________________

1 кесте: Ұсынылатын Жұмыс жоспары

___________________________________________________________________
              айлар              |1|2|3|4|5|6|7|8|9|10|11|12|13|14
___________________________________________________________________
Түсіндірме семинар                х
Орыс тіліндегі оқыту
материалдарын дайындау            х х х х х х
Ауылшаруашылығы саясатына
кіріспе бойынша оқыту курсы         х х
Сауда және ДСҰ мәселелері
бойынша оқыту курсы                       х х
Табиғи ресурстарды басқару
саясаты мен ауыл аумақтарын
дамыту стратегиясы бойынша
оқыту курсы                                       х х
Саясатты талдау, сауда және
азық-түлік қауіпсіздігі
бойынша тереңдетілген курс                             х  х
Ұлттық консультанттардың-
оқытушылардың 2 зерттеу
дайындауы                             х х х х х х х х
Ұлттық стратегияны шолуға
және жаңартуға арналған
зерттеулер                          х х х х х х х х
Ұлттық стратегияның шолуы,
жаңаруы және ең соңғы
нұсқасы                                         х х х  х
Шет елде оқыту                          х х х х х х х
Ұлттық семинар - донорлар.
дың қатысуымен жүргізілген
жұмыстың алдын ала
нәтижелерін талқылау                                         х
Ақырғы есеп (TCDC
команда жетекшісі)                                         х х х
Техникалық шолу және ФАО
ақырғы есебін бекіту                                       х х х
ФАО техникалық көмегі*            х х х х х х х х х х х  х х х х х
___________________________________________________________________

      * Жоба бойынша бастама көтеру, қадағалау және қызметін үйлестіру жөніндегі RNEP офисінің техникалық көмегі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады