Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2004 жылға арналған экономикалық және әлеуметтiк саясаттың негiзгі бағыттары мен экономикалық көрсеткiштердiң болжамы жөнiндегi мәлiмдемесi туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 5 ақпандағы N 137 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2004 жылға арналған әлеуметтiк-экономикалық саясаты мен болжам жасалатын негiзгi экономикалық макрокөрсеткiштер туралы елдiң қалың жұртшылығын хабардар ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2004 жылға арналған экономикалық және әлеуметтiк саясаттың негізгі бағыттары мен экономикалық көрсеткiштердiң болжамы туралы мәлiмдемесi мақұлдансын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2004 жылғы 5 ақпандағы
N 137 қаулысымен   
мақұлданған     

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкінің 2004 жылға арналған
экономикалық және әлеуметтік саясаттың негізгi
бағыттары мен экономикалық көрсеткiштердің
болжамы жөнiндегi
Мәлімдемесі

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң экономикалық саясатының негiзгi мақсаттары 2004 жылы: экономиканың жоғары өсу қарқынын сақтау үшiн жағдайлар жасау, инфляция қарқынын бәсеңдету және экономиканың конъюнктуралық факторларға тәуелдiлiгiн азайту болады.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өз iс-әрекеттерiнде Президенттiң Қазақстан халқына жолдауын (2003 жылғы сәуiр), Үкiметтiң 2003-2006 жылдарға арналған Бағдарламасын, сондай-ақ басқа да стратегиялық бағдарламалық құжаттарды iске асыру қажеттігін негiзге алады.
      2004 жылы экономикалық және әлеуметтiк саясатты жүргізу мынадай басымдықтарға сәйкес жүзеге асырылатын болады:
      халықтың әл-ауқатын одан әрi арттыру;
      Елiмiздiң 2015 жылға дейiнгi индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру;
      Мемлекеттік аграрлық азық-түлiк бағдарламасын, Ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру және олардың негiзiнде ауылдағы (селодағы) тұрмыс жағдайын сапалы жақсарту, аграрлық бизнестiң тиiмдi және бәсекеге қабiлетті жүйесiн қалыптастыру;
      экономика салаларында одан әрi ырықтандыруды және құрылымдық қайта құруларды жүргiзу.
      Сыртқы және iшкi факторларды талдауды негiзге ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi 2004 жылғы жалпы iшкi өнiмнiң базалық нұсқадағы нақты өсуi 7-7,5%-ды құрайды деп санайды.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өзiнiң күш-жiгерiн жеке меншiк құқығын нығайту мен қорғау, шаруашылық қызметке әкiмшiлiк араласуды қысқарту, қаржы рыноктары мен институттарын дамыту жолымен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағыттайтын болады.
      Алға қойылған мақсаттарға қол жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн 2004 жылы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қызметi:
      қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге;
      валюталық режимдi ырықтандыруды және қаржы жүйесiнiң халықаралық стандарттарға көшуiн дайындауды қамтамасыз ететiн iс-шаралар кешенiн iске асыруға;
      Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда Ұйымына (бұдан әрi - ДСҰ) кiруi жөнiндегi дайындық iс-шараларын аяқтауға;
      энергия және pecуpc үнемдейтiн технологияларды енгiзудi ынталандыратын заңнамалық және тарифтiк жағдайлар жасауға;
      орталық және жергiлiктi басқару органдары арасындағы өкiлеттiктер мен қаржылық ресурстарды ажырату жөнiндегі жұмысты жалғастыруға;
      ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң өнiмдiлiгiн арттыру үшiн жағдайлар жасауға;
      ауылдың (селоның) өндiрiстік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту деңгейiн жақсартуға;
      экономиканың шикiзаттық емес секторларына инвестициялар тарту үшiн қажеттi жағдайлар жасауға;
      көлеңкелi экономика үлесiн азайту жөнiндегi шаралар кешенiн жүргiзуге бағытталатын болады.

      1. Халықтың әл-ауқатын одан әрi арттыру

      Халықтың әл-ауқатын арттыру саласындағы саясат ең төменгi жалақы мөлшерiн, зейнетақы және әлеуметтiк төлемдер мөлшерiн ұлғайтуға бағытталатын болады.
      2004 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақылар мен жәрдемақылар мөлшерiн инфляцияның болжамды деңгейiне - 5,4 %-ға индекстеу жүргізiледi. Ең төменгі зейнетақы мөлшерi 2004 жылы 5800 теңгенi құрайды. Ең төменгі жалақы мөлшерi 6600 теңгенi құрайды.
      Осылайша ағымдағы жылы ең төменгi жалақы мөлшерiнiң өсуi 2003 жылмен салыстырғанда 32%-ды құрайды.
      Ағымдағы жылы бюджет саласындағы қызметкерлердiң жалақысы орташа 20%-ға ал мемлекеттiк қызметшiлердiң, соның iшiнде әскери қызметшiлердiң жалақысы орташа 50%-ға ұлғайтылатын болады.
      Қазақстан Республикасының Yкiметi азаматтарды кепiлдiк берiлген тегiн медициналық көмек көлемiмен қамтамасыз етудiң конституциялық нормасын орындау жөнiнде жұмыс жүргiзетін болады. Осы мақсаттарға 2004 жылы жергiлiктi бюджеттер шығыстарында 15 млрд. теңге сомасында қосымша қаражат көзделген.
      2004 жылы әлеуметтiк салада мынадай мемлекеттiк және салалық бағдарламалар iске асырылатын болады:
      "Халық денсаулығы" мемлекеттiк бағдарламасы;
      2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы;
      "Бiлiм" мемлекеттік бағдарламасы;
      "Салауатты өмiр салты" кешендi бағдарламасы;
      Қазақстан Республикасында ЖҚТБ iндетіне қарсы iс-әрекет жөнiндегi 2001-2005 жылдарға арналған бағдарламасы;
      Қазақстан Республикасында туберкулезге қарсы күресте күшейту жөнiндегi 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы;
      2003-2005 жылдарға арналған "Ауыл мектебi" бағдарламасы.
      Шағын және орта бизнестің қаржылық ресурстарына қол жетiмділіктi қамтамасыз ету, қаржы инфрақұрылымын одан әрi дамыту, сондай-ақ қолайлы кәсiпкерлiк ахуал жасау мақсатында 2004 жылы Шағын кредит берудi дамыту бағдарламасы әзiрленетiн болады.
      Халықтың қалың бұқарасын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн 2004 жылы Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысының және тұрғын үй-коммуналдық саланың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы әзiрленетiн болады. Бұл, сондай-ақ ескiрген және авариялық тұрғын үйлердi бұзу, қалалардағы инженерлiк желiлердi дамыту, тұрғын үй қорын басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру сияқты мәселелердi де шешуге мүмкiндiк бередi.
      Тұрғын үй құрылысын белсендi түрде дамыту экономиканың басқа салаларына да оң ықпалын тигiзедi, бұл, сайып келгенде, жалпы iшкi өнiмнiң өсу серпiнiне оң әсер етедi. Кең ауқымдағы тұрғын үй құрылысы халық кiрiсiнiң өсуi мен тұтыну шығыстары құрылымының өзгеруi үшiн ынталандыру қызметiн атқарады.

      2. Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру

      2004 жыл Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру жөнiндегi дайындық iс-шараларын жүзеге асырудағы айқындаушы жыл болады.
      2004 жылы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру жөнiндегi іс-қимылы:
      кәсiпкерлiк ахуалын жетiлдiруге;
      республикада көп деңгейлi инновациялық жүйенi (технопарктердi, технологиялық бизнес-инкубаторларды, ғылыми парктердi) дамыту үшiн жағдайлар жасауға және венчурлiк қаржыландыруды дамытуды ынталандыруға;
      ресурстарды елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін экономиканың басым салаларына тиiмдi инвестициялауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік даму институттарының қызметiн үйлестіруге;
      кәсiби кадрлар мен мамандарды даярлау үшiн жағдайлар жасауға;
      Алматы қаласы Алатау кентiнiң аумағындағы "Ақпараттық технологиялар паркi" еркiн экономикалық аймағының және "Ақтау теңiз порты" еркiн экономикалық аймағының қызметiн ынталандыруға бағытталатын болады.
      Қазақстан экономикасының бәсекеге қабiлеттiлігін арттыру бөлiгінде "Халықаралық стандарттарға көшудiң ұлттық идеясы" жобасын iске асыруды бастау болжанып отыр. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру кәсіпорындарды жаппай техникалық қайта жарақтандыруды жүргiзудi, сапа менеджментi мен 9000 және 14000 сериялы ИСО стандарттары бойынша экологиялық менеджмент жүйелерiн жедел енгізудi талап етедi.
      Негізгi мақсаты Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы халықаралық практикаға көшуiн қамтамасыз ету болып табылатын Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттау және сертификаттау жүйелерiн дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы iске асырыла бастайды.
      Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыруға 2004 жылы республикалық бюджеттен 21,8 млрд. теңге мөлшерiнде қаражат бөлiндi.

      3. Мемлекеттiк аграрлық азық-түлiк бағдарламасын және Ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын iске асыру

      Ауыл шаруашылығында аграрлық бизнестің тиiмдi және бәсекеге қабiлеттi жүйесiн қалыптастыру жөнiндегі мiндеттi шешу алда тұр.
      2004 жылы Мемлекеттiк аграрлық азық-түлiк бағдарламасын қаржыландыруға бюджеттен 49,8 млрд. теңге бөлiнетiн болады.
      Егiншiлiктi дамытуды ынталандыру жөнiндегi бағдарламалар кеңейтілетiн болады. Минералдық тыңайтқыштар сатып алуға арналған субсидиялау көлемi 3 еседен астам, көктемгi егіс және егiн жинау жұмыстарын жүргізуге жергілiктi бюджеттерге кредит беру көлемi - 1,2 есеге өседi.
      Мемлекеттiк резервтi жаңарту үшiн бюджет қаражаты есебiнен астықты мемлекеттiк сатып алу көлемi 450-500 мың тоннаға жуықты құрайды. Кредит және қарыз қаражаты есебiнен коммерциялық сатып алу көлемi астық рыногындағы жағдайға қарай анықталады.
      Ауыл шаруашылығының машина жасау жүйесiнде ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектер өндiрiсiн ынталандыру шаралары қабылданатын болады.
      Ауыл шаруашылығы техникасының лизингiне кредит беру жалғасады. Мемлекеттік машина-техникалық станциялар және сервис-орталықтар желiлерiн құру бағдарламасын өрiстету жоспарлануда.
      Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру шеңберiнде ауылды қоныстандырудың оңтайлы моделi негiзiнде ауылдың (селоның) қалыпты тыныс тіршiлiгі жағдайларын жасау жөнiнде жұмыс жүргiзiлетiн болады. 2004 жылы ауылдық бiлiм беруге, денсаулық сақтауға және ауылдық сумен қамтамасыз ету объектілерiне инвестицияға республикалық бюджетте 19,6 млрд. теңге мөлшерiнде қаражат көзделген.

      4. Экономика салаларында одан әрi ырықтандыруды және құрылымдық қайта құруларды жүргiзу

      Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының міндеттерiне жауап беретiн өндiрiстік инфрақұрылымды дамыту мақсатында телекоммуникациялар рыногын ырықтандыру жөнiндегі жұмыс жалғасын табады.
      Телекоммуникациялар рыногын ырықтандыру барысында iшкi тоғыспалы субсидиялаудан барлық операторлардың және мемлекеттiң ынтымақтаса қатысуының жалпы ұлттық тетiгiн құруға көшу жоспарланып отыр. Бұл мiндет қаржылық жүктеменi телекоммуникациялар рыногына барлық қатысушылар арасында бөлу жолымен шешiлетiн болады.
      Байланыс қызмет көрсетулерiне тарифтердi ырықтандырудан халықтың табысы аз жiктерiнiң мүддесiне қысым көрсетiлуiне жол бермеу мақсатында 2004 жылға арналған республикалық бюджетте 958,8 млн. теңге сомасында өтемдiк қаражат көзделген.
      2004 жылы электр энергетикасында электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда рыногы құрылатын болады.
      Ұлттық электр желiсiнiң транзиттiк әлеуетiн ұлғайту мақсатында кернеуi 500 кВт "Солтүстiк-Оңтүстiк" электр беру екiншi желiсiнiң құрылысы басталады. Орта мерзiмдi перспективада бұл желi Қазақстанның оңтүстігіндегi электр энергиясының тапшылығын жабуды қамтамасыз етедi.
      2004 жылы "Алтынсарин-Хромтау" темiр жол желiсi iске қосылатын болады, бұл желi ұлттық темiр жол желiсiн қалыптастыру буынының бiрiне айналады.
      Бұл желiнi салуды аяқтау үшiн 2004 жылға арналған республикалық бюджетте 8,1 млрд. теңге жоспарланған. Желiнi iске қосу жүктердi тасымалдау қашықтығын орташа 1500 км-ге қысқартуға мүмкiндiк бередi.
      Транзиттiк әлеуеттi арттыру үшiн Самара - Шымкент, Ташкент - Шымкент - Алматы - Қорғас, Астана - Қостанай - Челябi және Омбы - Павлодар - Майқапшағай халықаралық автокөлiк дәлiздерiнiң автомобиль жолдарын қайта жаңарту маңызды жобалар болмақ.
      Каспий теңiзi қазақстандық секторының ресурстарын ұтымды пайдаланудың қажеттiлiгi жекелеген перспективалы құрылымдарға геологиялық зерттеу жүргiзудi талап етедi.
      Ағымдағы жылы Абай, Нұрсұлтан және Сәтпаев құрылымдарын геологиялық зерттеу жөнiндегі жұмыстар басталады. Осы құрылымдар бойынша мұнай қорының жалпы болжамды ресурстары 164 млн. тоннаны құрайды.
      Жағалау аймағындағы су басып кеткен мұнай ұңғымалары мен өздiгiнен құйылатын гидрогеологиялық ұңғымаларды консервациялау және жою жөнiнде жұмыстар жүргiзу көзделiп отыр.
      2004 жылға арналған республикалық бюджетте Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын игеру жөнiндегi мемлекеттік бағдарламаны iске асыруға 2,1 млн. теңге сомасында қаражат көзделген.
      Мемлекеттiң салық саясаты халықтың тұтыну сұранысын ынталандыру мақсатында салық жүктемесiн одан әрi азайтуды, кәсiпорындар үшін салық ауыртпалығын азайтуды, iшкi инвестицияларды ұлғайтуды көздейдi. Көрсетілген мақсаттарды iске асыру үшiн 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлердiң оларға еңбекақы түрiнде төленетiн кiрiстерi есептеу базасы болып табылатын салық ставкалары азайтылды, сондай-ақ қосылған құн салығының ставкасы 16%-дан 15%-ға дейiн азайтылды.
      2004 жылдан бастап мұнай операцияларына салық салудың жаңа режимi енгiзiледi, бұл перспективада кiрiстi бөлудегі Қазақстан үлесiн едәуiр ұлғайтуға мүмкiндiк бередi. Мұнай операцияларына салық салудың жаңа режимi жаңадан жасалатын келiсiм-шарттарға ғана қатысты болады.
      2004 жылдан бастап, сондай-ақ мұнай-химия өнеркәсiбiндегі қызметтi жүзеге асыратын ұйымдар үшiн корпорациялық табыс салығын салудың жеңiлдетiлген режимi енгізiледi, бұл Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының көмiрсутектi шикiзатты тереңдете қайта өңдеу жөнiндегi жоғары технологиялы жаңа өндiрiстердi құру жөнiндегi негізгі бағыттарын iске асыруға ықпал ететiн болады.
      2004 жылдан бастап негiзгi қызметi ғылыми әзiрлемелер, ақпараттық технологияларды жасау әрi дамыту болып табылатын қызметiн арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асыратын ұйымдар үшiн жеке салық режимi енгізiлдi.
      Ғылыми және инновациялық қызметтi қосымша ынталандыру мақсатында 2004 жылы салық заңнамасына ғылыми және инновациялық зерттеулер мен жұмыстарды ынталандыру, сондай-ақ өндiрiске ғылыми жетiстiктер мен инновациялық әзiрлемелердi енгiзу бөлiгiнде өзгерiстер енгiзу жөнiнде ұсыныстар әзiрленедi.
      2004 жылы Бюджет кодексiн қабылдау орта мерзiмдi бюджеттiк жоспарлауға көшуге және бюджеттi жаңа қағидаттар негізiнде қалыптастыруға мүмкiндiк береді.
      2004 жылы 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзiмдi фискалдық саясат әзiрленетiн болады, оның қабылдануы салық-бюджет саясатын елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгі бағыттарын, жүргiзiлiп жатқан ақша-кредит, валюта және инвестициялық саясатты, экономиканы одан әрi ырықтандыруды ескере отырып жүргiзуге мүмкiндiк бередi.
      Бюджет саясатының негізгi мақсаттарын iске асыру мақсатында 2004 жылы стратегиялық, индикативтiк және бюджеттiк жоспарлауды одан әрi үйлестiру, бюджет заңнамасын Бюджет кодексiнде көзделген нормаларға сәйкес ретке келтiру жөнiндегi жұмыс жалғасын табады.
      Ұлттық қордың активтерiн тиiмдi басқару тетіктерiн жетiлдiруге бағытталған саясат жүргiзiлетiн болады.
      Бюджеттің жалпы iшкi өнiмге пайыздық қатысындағы тапшылығын бiртiндеп қысқарту және мемлекеттік борыш құрылымын оңтайландыру көзделуде.
      Ағымдағы жылы мемлекеттiк бюджет тапшылығы жалпы iшкi өнiмнiң 1,9 %-нан аспайды.
      Мемлекеттiк сатып алу рәсiмдерiн iске асырудың уақтылығы мен тиімділігін арттыру жөнiнде шаралар қабылданатын болады.
      Мемлекеттiк мүлікті басқарудың тиiмділігін арттыру мақсатында акцияларының пакеттерi (қатысу үлестерi) мемлекеттік меншiктегі мемлекеттік кәсiпорындардың, акционерлiк қоғамдар мен серiктестіктердiң қаржы-шаруашылық қызметiн, әкiмшiлiк шығыстарды оңтайландыруды қамтамасыз ету жөнiндегі жоспарлы көрсеткiштердi олардың орындауын бақылау жөнiндегі жұмыс күшейтiледi.
      Мемлекеттік басқару деңгейлерi арасында функциялар мен өкілеттiктердi ажырату процесiн жалғастыру жоспарланады. Аумақтық даму мәселелерiн шешудегi жауапкершіліктi күшейту мақсатында мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi деңгейiне шаруашылық саласындағы, сондай-ақ шаруашылық қызметтің жекелеген түрлерiн лицензиялау саласындағы функциялар берiледi.
      Сыртқы экономикалық саясат ДСҰ-ның талаптарына сәйкес сыртқы сауда режимiн жетiлдiруге, өзара саудадағы кедергілердi алып тастауға, қазақстандық экспорттаушылардың шетел рыноктарына қол жетiмдiлiгіне оңтайлы жағдайлар жасауға, дайын өнiм экспортын ынталандыруға бағытталады.
      Бiрыңғай экономикалық кеңiстік (БЭК) шеңберiнде еркiн сауда аймағын құру жөнiнде тығыз ынтымақтастық дамитын болады.
      Қазақстанда Ресей жылын өткiзу екi елдiң экономикалық ықпалдастығын күшейтуге ықпал етедi. Ресей Федерациясымен ынтымақтастық республиканың сыртқы экономикалық саясатындағы басым бағыт болып қалуды жалғастыруда және өз кезегінде осы ынтымақтастықта басты назар экономиканың нақты секторында бiрлескен жобаларды жасауға бағытталатын болады.
      Мемлекет басшысының Қазақстан кәсiпкерлерiнiң 10 және 11-форумдарында берген тапсырмаларына сәйкес 2004 жылы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң алдында лицензияланатын қызмет түрлерiн және заңнамада көзделген басқа да рұқсат берулердi қысқарту жөнiндегі жұмыс, сондай-ақ оларды беру рәсiмдерi мен тәртібiн жетiлдiру алда тұр.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi қызметiнiң негізгі мақсаты 2004 жылдан бастап баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болады.
      Инфляция бойынша мақсатты көрсеткiштер үшiн жауапкершіліктi күшейту жағдайларында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бұдан былай инфляция бойынша бағдарларды инфляциялық үрдiстердiң негiзгi бағыттарын көрсететiн "базалық инфляция" индексiн негiзге ала отырып, белгiлейтiн болады.
      Базалық инфляцияның негізгi жедел көрсеткiштiң әсерiнен өзгеруiн бағалауға мүмкiндiк беретiн трансмиссиялық тетік моделiн әзiрлеу жөнiндегi жұмыстар жалғасады, ол ретiнде репо операциялары бойынша ставка алынады. Мұндай модель инфляция бойынша мiндеттемелердiң қатаң сақталуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi және жүргізiлiп жатқан ақша-кредит саясатына сенiмнiң артуына ықпал ететiн болады.
      2004 жылы ақша-кредит саясатының негізгi мақсаты орташа жылдық "базалық инфляцияны" 4% - 6% шегінде ұстау болады.
      Инфляцияны азайту 2004 жылы қайта қаржыландырудың ресми ставкасын жылдық 6% - 6,5%-ға дейiн азайтуға мүмкiндiк бередi. Бұл ретте осы ставканың экономикалық рөлiнiң өсуi күтiлуде, өйткенi вексельдердi қайта есептеу нақ сол қайта қаржыландырудың ресми ставкасына сәйкес жүргiзiлетiн болады.
      Қазақстандық тауарлардың сыртқы рыноктардағы бағалық бәсекеге қабiлеттiлігін қолдау үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бағамның ақша сұранысы мен ұсынысына байланысты ауытқуын негiздейтiн теңгенiң құбылмалы айырбас бағамының режимiн сақтау ниетiнде. Тиiсiнше, Ұлттық Банк iшкi валюта рыногына теңгенiң айырбас бағамының алыпсатарлық жолмен көтерiлуiн болдырмау қажет болған кезде ғана барынша аз қатысуын жүзеге асыра отырып, теңгенiң айырбас бағамы бойынша бағдарларды белгілемейтiн болады және оны қалыптастыруға араласпайды.
      Ашық рынок операциялары - бағалы қағаздарды сату және сатып алу және, ең алдымен, репо операцияларымен қысқа мерзiмдi ноталар шығару ақша-кредит саясатының негізгі құралдары болады. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ресми ставкаларды реттеудi және вексельдердi қайта есептеу, банктерге қысқа мерзiмдi кредиттер (күндiк және овернайт) беру, сондай-ақ банктердiң қысқа мерзiмдi өтiмдiлiгiн реттеу үшiн депозиттер қабылдау жолымен банктердi қайта қаржыландыруды жүзеге асыратын болады.
      Инфляциялық таргеттеуге жоспарлы көшуге дайындық жоспарында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi 2004 жылы өз ресми ставкаларының реттеушi рөлiн күшейтуге бағытталған шараларды iске асыруды жалғастырады. Ашық рынок операцияларымен өтiмдiлiктi реттеудi кеңейту, атап айтқанда, бағалы қағаздардың қайталама рыногын дамытуға жәрдемдесу жөнiндегі шаралар белсендi түрде қабылданатын болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бағалы қағаздар портфелiн ұлғайту және жаңа қаржы құралдарын дамыту жөнiндегі шаралар қабылданады, бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң реттеушi мүмкiндiктерiн ұлғайтуға және қаржы рыногының икемдiлігін арттыруға мүмкiндiк бередi.
      Вексельдiк айналымды дамыту жөнiндегі жұмыс: вексельдердiң бiрiншi сыныпты эмитенттерiнiң тiзiмiн қалыптастыру, вексельдiк айналымның нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру және вексельдердi орталық депозитарий арқылы есепке алу рәсiмiн әзiрлеу жалғасады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң алтын-валюта резервтерi тауарлар мен қызметтер көрсетудiң импортын 3 айдан артық жабуды қамтамасыз ететiн деңгейде ұсталады. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң алтын-валюта резервтерi 2003 жылмен салыстырғанда 6,3%-ға өседi және 5 млрд. АҚШ долларынан асып түседi.
      Ақша агрегаттарының жылдық өсуi экономикалық өсудiң жоғары қарқынының сақталуын қамтамасыз ететiн болады. Атап айтқанда, ақша базасы 2004 жылы 31,6%-ға, ал ақша массасы 29,1%-ға өседi.
      Экономиканың монеталануының өсу үрдiсi сақталады. Бұл ретте ақша массасы өсу қарқынының алға шығуы, егер еңбек өнiмділігінiң өсуi, әсiресе, мұнай өндiрумен байланысы жоқ секторлардағы жалақының өсу қарқынынан асып түсетiн болса, инфляциялық процестердiң күшеюiне қауiп төндiрмейдi.
      Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында валюталық режимдi ырықтандыру басым бағыт болады. Бұл валюталық реттеу режимiн жұмсартуды және резиденттердiң шетелдiк активтермен операцияларды жүзеге асыруы кезiндегi шектен тыс әкiмшiлiк кедергілердi жоюды болжайды. Валюта операцияларымен байланысты тәуекелдердi қадағалау әрi бақылау үшiн банктердегi, жинақтаушы зейнетақы қорларындағы және сақтандыру компанияларындағы тәуекелдердi пруденциалдық реттеу және басқару тиiмдiлігін арттыру бағытында шаралар қабылданатын болады.
      Валюталық заңнаманы одан әрi жетiлдiру мақсатында 2004 жылы қаржы рыногының қазiргi заманғы талаптарға барынша жауап беретiн және Қазақстанның халықаралық капитал рыноктарына неғұрлым белсендi қатысуын көздейтiн жаңа заң әзiрлеу және қабылдау жоспарлануда. Ол шамамен 2005 жылы басталатын және 2007 жылы валюталық қатынастарды толық ырықтандырумен аяқталатын валюталық режимдi ырықтандырудың екiншi кезеңiнiң бағдарламасын iске асыру үшiн заңнамалық негіз болады. Валюталық шектеулердi бәсеңдету жөнiндегi шаралар отандық қаржы рыногының өсуiне, қаржы құралдарының дамуына және нақты сектор үшiн қосымша қаржы ресурстарын тартуға ықпал етедi.
      Төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету саласындағы басым бағыт олардың Еуропа одағы стандарттарына неғұрлым толық жақындауы болады. Төлем құралдарының жаңа түрлерi дамитын болады.
      Микропроцессорлық технологиялар негiзiнде төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесiн енгізу және дамыту жолымен төлем карточкаларына қызмет көрсету жөнiндегi бiрыңғай ұлттық желi құруға ерекше назар аударылатын болады. Оны енгізу шеңберiнде 2004 жылы "Процессинг орталығы" ЖАҚ төлем карточкалары бойынша банкаралық транзакцияларға қызмет көрсету жөнiнде өзiнiң практикалық қызметiн бастайды.
      Ақша-кредит саясаты қаржы рыногының тұрақтылығын сақтауға ықпал ететiн болады. Сақтандыру рыногын, бағалы қағаздар рыногын одан әрi дамытуға және банк жүйесiнiң тұрақтылығын нығайтуға, экономиканың нақты секторына банктердiң кредит беруiнiң одан әрi өсуiне жағдай жасауға, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесiн жетілдiруге ерекше назар аударылады.
      Қазақстан Республикасының Қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес қаржы рыногын одан әрi дамыту оның барлық сегменттерiн халықаралық стандарттарға жақындату бағытында жүргізiлетiн болады. Экономиканың нақты секторының сұраныстарын қанағаттандыратын қаржы жүйесiнiң орнықты әрi тиiмдi жұмыс iстеуiн қалыптастыру жалғасады.
      2004 жылы банктердiң депозиттік базасының одан әрi өсуi, банктердiң кредиттiк қызметiнiң кеңеюi және экономикаға кредиттер бойынша сыйақы ставкаларының одан әрi төмендеуi күтiлуде. 2004 жылы резиденттер депозитi 25%-ға жуық, экономикаға кредиттер - 30%-дан артық өседi, ал заңды тұлғаларға теңгемен берiлген кредиттер бойынша сыйақы ставкасы 2004 жылдың аяғына қарай 12,0%-13,5% деңгейiне дейiн азаяды деп күтiлуде.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өз қызметiн Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегі агенттігімен тығыз үйлестiретiн болады.
      Қаржы нарығын қадағалау тетiктерi мен рәсiмдерiн жетiлдiру мақсатында қаржы нарығының жекелеген сегменттерiн реттеудiң халықаралық стандарттарын одан әрi енгiзу жөнiндегі iс-шаралар жалғасын табады. Жүйелiк тәуекел артқан және/немесе дағдарыс жағдайлары туындаған кезде жедел iс-әрекет схемасы әзiрленедi. Сондай-ақ, банктер қызметiнiң ашықтығын арттыру мақсатында банктердi қаржылық есеп берудiң халықаралық стандарттарына көшiру жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады, бұл банктер жасайтын қаржылық есеп берудiң барабарлығы мен сенiмдiлігін қамтамасыз етедi.
      2004 жылдан бастап халық депозиттерiн қабылдау құқығы жеке тұлғалардың салымдарына кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушылары болып табылатын банктерге ғана берiледi.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Үкiметiмен және Қазақстанның Аудиторлар палатасымен бiрлесiп сертификатталған бухгалтерлер институтын құру жөнiндегi жұмысты жалғастырады. Аудитті дамытудың бiрыңғай стратегиясы және халықаралық аудит стандарттарына негiзделген банктер аудитiнiң бiрыңғай көзқарасы мен талаптары әзiрленетін болады.
      Банктерден, банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан және микрокредиттік ұйымдардан тұратын кредит берудiң үш деңгейлi жүйесiн одан әрi жетілдiру жоспарлануда.
      Ипотекалық кредит беру жүйесiн одан әрi дамытуға бағытталған бiрқатар шаралар iске асырылатын болады. Олардың арасында: Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепiлдiк беру қорын (ҚИККҚ) құру, ипотекалық кредит беру мерзiмдерiн 20 жылға дейiн ұзарту, ипотекалық кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын одан әрi төмендету. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң шаралары Қазақстан қор биржасында агенттік облигациялар листингi рәсiмдерiн жоюға, халыққа ипотекалық кредит беру көлемiнiң өсуiн ынталандыруға бағытталатын болады.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесiн дамыту жөнiндегі жұмысына жәрдемдеседi.
      Депозит сақтаушылардың халықаралық қауымдастығының ұсынымдарын ескере отырып, жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық кепiлдiк беру (сақтандыру) жүйесiн жетiлдiру жалғасатын болады. Атап айтқанда, сақтандыру жарналарының сараланған ставкаларын айқындау мақсатында қатысушы банктердiң тәуекелдерiн бағалау жөнiндегi әдiстеме әзiрленедi. Депозиттер мен кредиттер бойынша рынок ставкаларына төмендететiн ықпал ету мақсатында кепiлдiк берiлген депозиттер бойынша ең жоғарғы сыйақы ставкаларын азайтуға бағытталған саясат жүргiзiледi.
      Таяудағы жылдары сақтандыру қызметiн мемлекеттiк реттеу және қадағалау жүйесi жетiлдiрілетiн болады, сақтандыру рыногындағы адал бәсекелестiктi дамыту үшiн жағдай жасау жөнiнде шаралар қабылданады.
      Экологиялық сақтандыру және төтенше сипаттағы басқа да тәуекелдердi сақтандыру саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясат айқындалады. Ауыл шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды мемлекеттiк қолдау жүйесi құрылады. Сақтандыру қызметiнiң мiндеттi сақтандыру, өмiрдi сақтандыру және сақтандырудың өзге де әлеуметтік маңызы бар түрлерi, қайта сақтандыру және сақтандыру рыногына шетелдiк қатысуды кеңейту сияқты түрлерiн дамыту жөнiндегі жұмыс жалғасады. Толыққанды сақтандыру статистикасын қалыптастыру, сондай-ақ салалық мониторингтi құру мен өндiрiстiк тәуекелдердi бағалау жөнiндегі жұмыс жүргiзiлетiн болады.
      Инвестициялаудың ұжымдық нысандары арқылы халық жинақтарын тарту тетiктерiн жетiлдiру бағалы қағаздар рыногын дамытудың басты мiндеттерiнiң бiрi болып қалып отыр. Мемлекеттiң негізгi күш-жiгерi инвестициялық қорларды дамытуға бағытталады. Бұл мiндетті iске асыруға "Инвестициялық қорлар туралы" Қазақстан Республикасының жаңа Заңын қабылдау және бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегі қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың нормативтiк базасын жетiлдiру ықпал ететiн болады.
      Қаржы құралдары ауқымын кеңейту үшiн қазақстандық акциялар мен облигациялардың инвестициялық тартымдылығын арттыру, борыштық мiндеттемелер рыногын дамыту, туынды бағалы қағаздар және басқа да қаржы құралдары рыногын дамыту жөнiндегi iс-шаралар жүзеге асырылады. Айналымдағы депозиттер сертификаттары мен коммерциялық қағаздар, агенттiк облигациялар рыноктары iске қосылады.
      Бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жүйесiн жетілдіру үшін ақпаратты ашудың халықаралық стандарттарына көшу жүзеге асырылады, лицензияланатын субъектiлердi реттеу жетілдiрiледi, адал бәсекелестік ынталандырылады, листинг талаптары жетiлдiрiледi.
      Ұлттық бағалы қағаздар рыногының техникалық инфрақұрылымын дамыту үшiн трансфер-агенттердiң желiсi дамытылады, ақпараттық жүйелер жетілдiрiледi, операциялар тiзбесi кеңейтiледi әрi брокерлік және дилерлiк ұйымдарды капиталдандыру деңгейi арттырылады. Сондай-ақ, орталық депозитарий тiркеушi, төлем агентi функцияларын орындайтын ұйым құрылады.
      Алдағы жылдарда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ЕурАзЭҚ елдерi орталық банктерiмен бiрлесiп, ЕурАзЭҚ елдерiнiң ортақ төлем жүйесiн ұйымдастыру және қаржы рыноктарын интеграциялаудың басқа да бағыттары бойынша жұмыс жүргiзудi жалғастырады.
      Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Бiрыңғай экономикалық кеңiстік (БЭК) қалыптастыру жөнiндегi мемлекетаралық және ведомствоаралық топтардың жұмысына белсене қатысу ниетiнде.
      Белгiленген экономикалық және әлеуметтік саясатты iске асыру 2004 жылы жалпы iшкi өнiмнiң белгiленген өсу қарқынына қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi.
      Негізгi капиталға инвестициялар нақты мәнде - 9-10%-ға өседi. Өнеркәсiптiк өндiрiс көлемiнiң өсуi 2003 жыл деңгейiне 8-8,5%, ауыл шаруашылығының жалпы өнiмi - 2,5-3% деңгейiнде күтiлуде.
      Экономика өсуiнiң оң серпiнi еңбекақының артуы және халықтың әл-ауқатын жақсарту үшiн жағдай жасайды.
      Ағымдағы жылы нақты жалақы 6,8%-ға ұлғаяды.
      2004 жылға арналған негiзгі макроэкономикалық көрсеткiштер болжамы осы Мәлiмдемеге қосымшада келтiрiлген.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен 
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң
2004 жылға арналған экономикалық және 
әлеуметтiк саясаттың негiзгi бағыттары
мен экономикалық көрсеткiштердiң   
болжамы жөнiндегі мәлiмдемесiне    
қосымша               

2004 жылға арналған негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштер

__________________________________________________________________
                                                      | 2004 жыл
                                                      |  болжам
__________________________________________________________________
Нақты мәндегi жалпы iшкi өнiм, өткен жылға %-бен       7-7,5
Нақты мәндегi өнеркәсiптiк өнiмнiң (жұмыстардың,
қызметтер көрсетудiң) көлемi, өткен жылға %-бен        8-8,5
Нақты мәндегi ауыл шаруашылығының жалпы өнiмi,
өткен жылға %-бен                                      2,5-3
Негiзгi капиталға инвестициялар, өткен жылға %-бен     9-10
Экспорт, млн. АҚШ долл.                                11414
Импорт, млн. АҚШ долл.                                 9705
Республикалық бюджеттiң түсiмдерi, ЖIӨ-ге %-бен        18
Республикалық бюджеттiң шығыстары, ЖIӨ-гe %-бен        19,9
Республикалық бюджеттiң тапшылығы, ЖIӨ-ге %-бен        1,9
Базалық инфляция, %                                    4-6
Жыл аяғына қайта қаржыландыру ставкасы, %              6-6,5
Жалпы алтын-валюта резервтерi, млн. AҚШ долл.          5156
өзгеруi, %-бен                                        6,3
Ақша базасы, млрд. теңге                               411
өзгеруi, %-бен                                        31,6
Ақша массасы, млрд. теңге                              1325
өзгеруi, %-бен                                        29,1
Банк жүйесiндегi резиденттердің депозиттерi,
млрд. теңге                                            972
өзгеруi, %-бен                                        24,6
Экономикадағы банктердің кредиттері, млрд. теңге       1225
өзгеруi, %-бен                                        30,3
Жеке тұлғалардың мерзiмдi теңге депозиттері бойынша
сыйақының орташа өлшемдi ставкасы, %                   9,0-10,5
Заңды тұлғалардың берiлген теңге кредиттері бойынша
сыйақының орташа өлшемдi ставкасы, %                   12,0-13,5
Ең төменгi жалақы мөлшерi, теңге                       6600
Ең төменгi зейнетақы мөлшерi, теңге                    5800
__________________________________________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады