"Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 6 ақпандағы N 143 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

"Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы
Күштерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы

      Осы Заң мемлекеттің қорғанысы мен әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негіз қалаушы принциптер мен нормаларды белгілейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жауынгерлiк әзiрлiк - белгiленген мерзiмде жауынгерлік қимылдарды бастау қабілеттiлiгiн қамтамасыз ететiн Қарулы Күштердің және басқа да әскери құралымдардың жай-күйi;
      2) жауынгерлiк қимылдар - тиiстi әскери басқару органдарының немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң ұлттық әскери контингенттерi жедел басқаруына берiлген көп ұлтты (коалициялық) қарулы күштердiң әскери басқару органдарының, шет мемлекеттер қарулы күштерiнiң басқаруымен жауынгерлiк тапсырмаларды орындау кезiндегi әскери бөлiмдердiң, құрамалы мен бөлiмшелердiң ұйымдасқан іс-қимылдары;
      3) жауынгерлiк тапсырма - белгiленген мерзiмде ұрыста (операцияда) айқындалған мақсатқа қол жеткiзу үшiн жоғары тұрған командир (бастық) қоятын тапсырма;
      4) Қарулы Күштер түрi - белгiленген салада (құрлықта, теңiзде, әуе кеңiстiгiнде) соғыс қимылдарын жүргiзуге арналған мемлекеттің Қарулы Күштерінiң бөлiгi;
      5) соғыс қимылдары - агрессияға тойтарыс беру кезiнде қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшiн Қарулы Күштердiң бүкiл түрлерiн қолданумен стратегиялық ауқымдағы (жауынгерлiк қимылдарды қоса) жауынгерлiк қимылдар;
      6) соғыс уақыты - бiрақ олардың нақты тоқтатылуынан бұрын емес, соғыс жағдайы жарияланған сәттен бастап немесе соғыс қимылдарын тоқтату туралы хабарландыру жарияланғанға дейiн соғыс қимылдарының нақты басталу кезеңi;
      7) әскери мүлік - Қарулы Күштердің және басқа да әскери құрылымдардың мемлекеттiк мекемелерінің жедел басқару құқығындағы қорғаныс объектілерi, қару-жарақтың, әскери техниканың, оқ-дәрінің, арнайы құралдар мен басқа да мүлiктiң барлық түрлерi;
      8) соғыс қаупі - саяси және өзге де мақсаттарға жету үшiн әскери күш көрсету құралдарын Қазақстан Республикасына қарсы қолдану мүмкіндiгiн болжайтын тұрақсыздық факторы;
      9) мемлекеттiң әскери ұйымы - негiзгi қызметi Қазақстан Республикасының әскери қауіпсiздiгін қамтамасыз ету жөнiндегi міндеттерді шешуге тiкелей бағытталған Қарулы Күштердiң, басқа да әскери құралымдардың, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың жиынтығы;
      10) соғыс қатері - бар қарама-қайшылықты әскери-теңіз тәсiлдерiмен шешуге қолданылатын нақты ниет, Қазақстан Республикасына қарсы соғыс жанжалын (соғысты) шешу;
      11) әскери техника - Қарулы Күштер және басқа да әскери құралымдар жарақтандырылатын қару-жарақ, жауынгерлік машиналар, аспаптар мен басқа да техникалық құралдар;
      12) әскери бөлiм - Қарулы Күштердің және басқа да әскери құралымдардың ұйымдық-дербес бiрлiгi болып табылатын мемлекеттiк мекеме;
      13) қару-жарақ - әр түрлі қару-жарақ, оқ-дәрілер түрлерiнің жинағы, оны қолдануды қамтамасыз ететiн олардың тасымалдаушылары мен құралдары;
      14) Қарулы Күштер - әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету, агрессияға тойтарыс беру немесе тiкелей сыртқы қатерді болдырмау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінен туындайтын міндеттерді орындау үшiн Қазақстан Республикасы құратын және ұстайтын мемлекеттің әскери ұйымының негiзi;
      15) жоғары қолбасшылық (жоғары командалық құрам) - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi түрлерінің бас қолбасшылары және Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын өзге де лауазымды адамдар;
      16) азаматтық персонал - мемлекеттiк қызметте тұратын немесе еңбек қатынастарында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
      17) басқа да әскери құралымдар - Iшкi iстер министрлiгiнiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауіпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi, Республикалық ұлан, Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысын басқару органдары мен бөлiмдерi;
      18) материалдық қорлар - Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың арсеналдарында, базалары мен қоймаларында болатын әскери мүліктің нақты саны;
      19) пайдаланылмайтын әскери мүлiк - қару-жарақтан алынған, тікелей арналуы бойынша пайдалануға жарамсыз, есептен шығарылған, запастарда кепiлдi сақтау мерзiмi өткен, басы артық және Қарулы Күштерде және басқа да әскери құралымдарда қолданыс таппаған әскери мүлік;
      20) жабдықтау нормалары - әскери қызметшiлерге, бөлімшелерге, әскери бөлiмдерге (кемелерге) және құрамаларға бейбiт немесе соғыс уақытында беруге белгiленген материалдық құралдардың саны;
      21) қорғаныс - қарулы қорғанысқа дайындық және Қазақстан Республикасының егемендiгiн, аумақтық тұтастығын және оның шекараларына қол сұғылмауын қарулы қорғау жөнiндегі саяси, әскери, экономикалық, әлеуметтік-құқықтық және өзге де мемлекеттiк шаралар жүйесi;
      22) қорғаныс объектiлерi - Қарулы Күштердің және басқа да әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелерiне жедел басқару құқығында бекiтiлiп берiлген жылжымайтын мүлiк;
      23) аумақты жедел жабдықтау - қорғаныс мақсатындағы мiндеттердi жедел шешу үшiн пайдалануға көлiк ғимараттарын, жол желiлерiн, қойма шаруашылығын, байланысты, су-жылу және энергиямен жабдықтауды дайындауға және ұдайы әзiрлiкте ұстауға бағытталған iс-шаралар кешенi;
      24) әскери басқару органдары - стратегиялық жедел-стратегиялық жедел-аумақтық жедел-тактикалық, тактикалық және жергiлiктi әскери басқару органдары;
      25) әскер тегі - тек қана оларға тән негізгі қару-жарағы мен әскери техникасы, сондай-ақ оларды жауынгерлiк қолдану тәсілдерi бар әскери құрылымдарды қоса есептегенде дербес немесе түрлердiң құрамына кiретiн Қарулы Күштердiң құрама бөлiгі;
      26) арнайы әскерлер - Қарулы Күштердiң жауынгерлiк (инженерлiк және химиялық қамтамасыз ету) қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегі арнайы тапсырмаларды орындауға арналған әскери бөлiмдер мен бөлiмшелер;
      27) арнайы құралымдар - темiр жолдар мен автомобиль жолдарын теңiз және өзен порттарын, әуежайларды, байланыс желiлерiн, газ және мұнай өнiмдерiн, энергиямен және сумен жабдықтауды қалпына келтiру жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн, өнеркәсiптiң, ауыл шаруашылығының, көлiк пен байланыстың үздiксiз жұмысын ұйымдастыру үшiн және медициналық көмек көрсету үшiн соғыс уақытында құрылатын құралым;
      28) соғыс кезi - Парламенттiң Қазақстан Республикасына басқа мемлекет немесе мемлекеттер тобы қарулы шабуыл жасаған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайда жариялайтын кезi;
      29) аумақтық қорғаныс - дұшпанның iс-қимылынан, диверсиялық немесе террорлық актiлерден Қазақстан Республикасының халқын, объектiлерiн және коммуникациясын қорғау, сондай-ақ төтенше режим мен соғыс жағдайын енгiзу және қолдау мақсатында Үкiмет жүзеге асыратын iс-шаралардың бәрi;
      30) техникалық қамтамасыз ету - Қарулы Күштердi және басқа да әскери құралымдарды қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын iс-шаралар кешенi;
      31) тыл - Қарулы Күштердi және басқа да әскери құралымдарды тылдық және техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын әскери бөлiмдер;
      32) тылдық қамтамасыз ету - олардың жауынгерлік әзiрлiгiн сақтау мақсатында Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың материалдық, көліктік, тұрмыстық және басқа да қажеттіліктерiн қанағаттандыруға бағытталған iс-шаралар кешенi;
      33) пайдаға асыру - қару-жарақты, әскери техниканы, арнайы құралдарды, олардың жауынгерлiк қасиеттерiн пайдалануды немесе оларды тiкелей арналуы бойынша пайдалануды болғызбайтын жағдайға келтiру.

      2-бап. Қорғаныстың құқықтық негiздерi

      Қорғаныс Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасы бекiткен өзге де нормативтiк құқықтық актiлер мен халықаралық шарттарға сәйкес ұйымдастырылады және жүзеге асырылады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартпен осы Заңда болған өзге де ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережесi қолданылады.

      3-бап. Әскери қауiпсiздікті қамтамасыз етудiң негiзгi
              принциптерi

      Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасы мынадай негiзгі принциптерге сүйенедi:
      1) басқа мемлекеттердiң егемендiгiн, мемлекеттiк шекарасының берiктiгiн, аумақтық тұтастығын құрметтеу және олардың ішкi iстерiне қол сұқпау;
      2) әскери саладағы сенімдiлiк пен ашық iс-шараларды нығайту;
      3) халықаралық дауларды бейбiт жолмен peттеу;
      4) халықаралық мiндеттемелердi сақтау және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын шарттардың мақсаттарына қол жеткiзуге жәрдемдесу;
      5) өзара тиiмдi ынтымақтастық және өзара түсiнiстiк негiзiнде басқа елдермен достық қарым-қатынасты қолдау;
      6) Қарулы Күштердi және басқа да әскери құралымдарды халықаралық құқыққа және заңнамаға сәйкес қолдану.

      4-бап. Қорғанысты ұйымдастыру

      1. Қорғанысты ұйымдастыру мыналарды қамтиды:
      1) соғыс қаупi мен соғыс қатерiн болжау мен бағалау;
      2) Қазақстан Республикасының әскери саясаты мен Әскери доктринасы ережесiнiң негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
      3) қорғаныс саласындағы құқықтық реттеу;
      4) Қарулы Күштердi және басқа да әскери құралымдарды, олардың қажеттi санын құрылысын және даярлығын анықтау, олардың жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлігінің талап етiлетiн деңгейiн сақтау;
      5) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн және басқа да әскери құралымдарын басқару жүйесiн дамыту, сондай-ақ радиожиілік спектрiн пайдалануды жоспарлау;
      6) Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың әскери-техникалық саясаттың, қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту бағдарламасын әзiрлеу және iске асыру;
      7) елдiң мемлекеттiк органдарының, меншік нысанына қарамастан ұйымдарының, көлiгiнiң, коммуникациясы мен халқының күнi бұрын жұмылдыру даярлығын қамтитын бейбiт уақытта жүргiзiлетiн жалпы мемлекеттiк іс-шаралар кешенi, сондай-ақ қорғаныс мақсатында аумақты жедел жабдықтау;
      8) мемлекеттiк материалдық резервтердің қорларын құру;
      9) азаматтарды әскери қызметке даярлау, соғыс уақытында жұмылдырылатын адам ресурстарын жинақтау;
      10) азаматтық және аумақтық қорғаныс іс-шараларын жоспарлау және жүзеге асыру;
      11) қорғаныс саласында мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғауды қамтамасыз ету;
      12) қорғаныс мүддесiнде ғылымды дамыту;
      13) мемлекеттiк органдардың қорғаныс саласындағы қызметiн үйлестіру;
      14) Қарулы Күштердің және басқа да әскери құралымдардың қызметiн бақылау;
      16) ұжымдық қауiпсiздiк және бiрлескен қорғаныс мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық;
      17) қорғаныс саласындағы басқа да іс-шаралар.
      2. Қорғаныс мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери мiндеттілігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңында көзделген мiндеттердiң өзге де түрлерi белгiленедi.
      3. Қорғаныс саласындағы міндеттердi орындау үшiн Қарулы Күштер құрылады және басқа да әскери құралымдар, сондай-ақ соғыс уақытына құрылатын арнайы құралымдар тартылады.
      4. Қарулы Күштер және басқа да әскери құралымдар Әскери доктринаға және Қарулы Күштердi Қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы мiндеттердi орындайды.
      5. Жерлер, ормандар, сулар мен басқа да табиғи ресурстары заңнамаға сәйкес қорғаныс мұқтажы үшiн беріледi.
      6. Қарулы Күштердің мемлекеттiк мекемелеріне бекітіліп берiлген мүлiк республикалық меншiк болып табылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасының Президентi мен
Yкiметінің қорғаныс саласындағы өкiлеттiктерi

      5-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің қорғаныс
              саласындағы өкілеттiгі

      1. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің Жоғарғы Бас қолбасшысы болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының Президентi:
      1) Қазақстан Республикасы әскери саясатының негiзгi бағыттарын айқындайды;
      2) Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын, Қарулы Күштердiң құрылысы мен дамуының стратегиялық жоспарын, қорғаныс мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды бекiтедi;
      3) Қарулы Күштердi қолдану жоспарын, сондай-ақ мемлекеттiң жұмылдыру жоспарын бекiтедi;
      4) Қарулы Күштерге және басқа да әскери құралымдарға жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады;
      5) Қарулы Күштердің құрылымын, штат санының лимитiн, сондай-ақ әскери қызметшілер мен мемлекеттiк қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесiн бекiтедi;
      6) осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген тапсырмаларды орындау үшін Қарулы Күштердi тарту туралы шешiм қабылдайды;
      7) жоғары офицерлiк құрамның адамдары атқаруға тиiс лауазымдар тiзбесiн бекiтедi, жоғары әскери атақтар бередi;
      8) Қарулы Күштердiң жоғарғы басшылық құрамын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
      9) әскери ант мәтiнiн, жалпыәскери жарғыларды, әскери қызмет өткеру ережесiн, әскери нышандарды, Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың әскери киiм нысаны мен айырым белгілерін бекітеді;
      10) қорғаныс және әскери ынтымақтастық саласындағы келiссөздердi жүргiзедi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қояды;
      11) Қазақстан Республикасының әскери мiндеттi азаматтарын әскери қызметке оқу-жаттығу және жұмылдыру бойынша өзге де әскери жиындарға шақыру және оларды запасқа шығару (тарату) туралы шешiмдер қабылдайды;
      12) бейбiтшiлiктi қолдау және қауiпсiздiк жөнiндегі халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн пайдалану туралы ұсыныстарды Парламент палаталарының бiрлескен отырысының қарауына енгiзедi;
      13) Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының күллi аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше немесе соғыс жағдайын енгiзедi, жартылай және жалпы жұмылдыру жариялайды;
      14) өзiне Қазақстан Республикасының заңнама актiлерiмен жүктелген қорғаныс саласындағы өзге де өкілеттiктердi жүзеге асырады.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Yкіметінің қорғаныс
              саласындағы өкілеттiгі

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) әскери саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi, қорғаныс қабiлетiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қабылдайды;
      2) қорғанысты қамтамасыз ету мәселелерi бойынша атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды;
      3) Қарулы Күштердi және басқа да әскери құралымдарды қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыруды ұйымдастырады;
      4) Қарулы Күштердi және басқа да әскери құралымдарды материалдық, энергетикалық және басқа да ресурстармен және қызмет көрсетулермен қамтамасыз етудi ұйымдастырады;
      5) жабдықтау нормаларын және материалдық қорлардың санаттарын бекітеді;
      6) қорғаныс саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың әзірленуін және орындалуын ұйымдастырады;
      7) мемлекеттің жұмылдыру жоспарының әзiрленуiн және орындалуын ұйымдастырады, сондай-ақ мемлекеттiк материалдық резервтердiң материалдық құндылықтарын қалыптастыру, шоғырландыру және пайдалану тәртiбiн белгiлейдi;
      8) Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың мұқтажы үшiн мемлекеттiк қорғаныс тапсырыстарын құру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегі уәкілетті органды айқындайды;
      9) мемлекеттiк қорғаныс тапсырыстарын құру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкiлетті органның ұсынысы бойынша жыл сайынғы мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын бекiтедi;
      10) мемлекеттiк органдардың, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың жұмылдыру даярлығына басшылық жасауды жүзеге асырады;
      11) қорғаныс мақсатында Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау жөнiндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етедi;
      12) қорғаныс өнеркәсiбiн, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер мен кәсiпорындарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдер қабылдайды;
      13) мемлекеттiк әскери бiлiм беру мекемелерiн, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiм қабылдайды;
      14) Жоғары оқу орындарындағы әскери даярлық туралы ереженi бекiтедi;
      15) қорғаныс саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
      16) әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың санаты мен санын, сондай-ақ әскери жиындарға шақырылуға жататын әскери оқытылған мамандардың жыл сайынғы санын анықтайды;
      17) әскери оқытылған резервтi құруға және даярлауға жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады, Қарулы Күштердi және басқа да әскери оралымдарды жасақтауға мемлекеттiк тапсырысты бекiтедi;
      18) азаматтық және аумақтық қорғанысты жоспарлауды және басшылық жасауды жүзеге асырады;
      19) қорғаныс мұқтажы үшін жерлердi, ормандарды, суларды және басқа да табиғи ресурстарды ұсыну және пайдалану тәртiбiн айқындайды;
      20) пайдаланылмайтын әскери мүлiктi беру, сату және пайдаға асыру, сондай-ақ қорғаныс объектілерiн мүлiктік жалдау (жалға беру) тәртiбiн белгiлейдi;
      21) әскери ынтымақтастық және үкiметаралық келiсiмдерге қол қою мәселелері бойынша халықаралық келiссөздер жүргiзу туралы шешiмдер қабылдайды;
      22) қорғаныс мұқтажы үшiн олардың мүлкiн пайдалануға байланысты Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары шеккен шығыстарды өтеу тәртiбiн белгiлейдi;
      23) әскери мүлiктi есепке алу және есептен шығару тәртiбiн белгiлейдi;
      24) мемлекеттік қызметкерлер болып табылмайтын Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың мемлекеттiк мекемелерi қызметкерлерiне еңбекақы төлеу жүйесiн және жағдайын айқындайды.

3-тарау. Орталық және жергiліктi мемлекеттiк
атқарушы органдардың қорғаныс саласындағы
функциялары, азаматтардың және ұйымдардың
құқықтары мен міндеттерi

      7-бап. Орталық мемлекеттiк атқарушы органдардың қорғаныс
              саласындағы функциялары

      Орталық мемлекеттiк атқарушы органдар өз құзыретi шегiнде мыналарды:
      1) саланың жұмылдырушылық әзiрлiгiне, жұмылдыруға арналған объектілердi, қорғаныс мұқтажы үшін қажеттi өнiмдердi әзiрлеу, өндiру, шығару мен жөндеу жөнiндегi қуаттарды жасауға, дамытуға және сақтауға қатысады және жұмылдырылатын резервтердiң жинақталуын қамтамасыз етедi;
      3) соғыс уақытында саланың тұрақты жұмыс iстеуi жөніндегi шараларды жүзеге асырады, оны соғыс уақытындағы жұмыс режимiне көшiру жоспарларын әзiрлейдi;
      4) ел аумағын жедел жабдықтау жөнiндегi шаралардың орындалуын ұйымдастырады;
      5) азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастырып, жүргiзедi және оларды ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың орындауын қамтамасыз етедi;
      6) республика халқы мен аумағын қорғанысқа дайындауға қатысады, қорғаныс мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына бақылау жасауды жүзеге асырады;
      7) оларға Қазақстан Республикасының заңнама актілерiмен жүктелген қорғаныс саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      8-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың қорғаныс
             саласындағы функциялары

      1. Жергiлiктi атқарушы органдар өз құзыретi шегiнде:
      1) аумақты жедел жабдықтау шараларын орындауға қатысады және қорғаныс мақсатында коммуникацияларды дайындауды қамтамасыз етедi;
      2) қорғаныс мақсатында көлік және басқа да техникалық құралдардың есебiн жүргізедi және жұмылдыру әзiрлiгiн қамтамасыз етедi;
      3) халықты және аумақты қорғанысқа дайындауға қатысады, қорғаныс саласында Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың материалдық, энергетикалық және басқа да ресурстарға және қызмет көрсетулерге олардың тапсырысы бойынша қажеттiлiгін заңнамада белгiленген тәртiппен қамтамасыз етеді;
      4) әскери есептi және азаматтардың әскери қызметке даярлығын, олардың әскери қызметке әскери, жиындарға шақырылуы мен жұмылдыру бойынша шақырылуын ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
      5) жергілікті әскери басқару органдарында жұмылдыру кезеңiне және соғыс уақытында әскери мiндеттiлердi броньдауды жүзеге асырады;
      6) азаматтық және аумақтық қорғаныс жөнiндегі шараларды жоспарлауға қатысады және орындалуын қамтамасыз етедi;
      7) қорғаныс саласындағы өз қызметiн әскери басқару органдарымен үйлестiредi және келiседi;
      8) оларға Қазақстан Республикасының заңнама актiлерiмен жүктелген қорғаныс саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      9-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының қорғаныс
              саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
      1) келiсiм-шарт негiзiнде әскери қызметке ерiктi түрде қабылдануға;
      2) қорғанысты нығайтуға жәрдемдесетiн кәсiпорындар мен қоғамдық ұйымдар құруға құқылы.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
      1) әскери міндеттiлiктi орындауға;
      2) азаматтық және аумақтық қорғаныс жөнiндегi шараларға қатысуға;
      3) жұмылдыру кезеңiнде, сондай-ақ соғыс уақытында қорғаныс мұқтажы үшiн өз меншiгiндегi үй-жайларды, ғимараттарды, көлiк құралдары мен басқа да мүлікті Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілеген тәртiппен шеккен шығыстарды кейiннен өтей отырып беруге мiндеттi.

      10-бап. Меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың қорғаныс
               саласындағы функциялары

      Меншiк нысанына қарамастан ұйымдар заңнамаға сәйкес:
      1) азаматтық және аумақтық қорғаныс жөнiндегi шараларды орындауға қатысады;
      2) мемлекеттің жұмылдыру жоспарымен көзделген шараларды жүзеге асырады;
      3) мемлекеттік қорғаныс тапсырысы тапсырмаларын басым тәртiппен орындайды;
      4) өздерiнiң меншiгiне жататын үйлердi, ғимараттарды, көлiк құралдарын және басқа да мүлiкті заңнамаға сәйкес қорғаныс мұқтажы үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тәртiппен шеккен шығыстарға кейiннен өтемақы төлей отырып ұсынады;
      5) өз қызметкерлерiне олардың әскери мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi жағдайлар жасайды.

4-тарау. Қорғанысты экономикалық жағынан қамтамасыз ету

      11-бап. Қорғанысты экономикалық жағынан қамтамасыз етудiң мақсаты мен мiндеттерi

      1. Қорғанысты экономикалық жағынан қамтамасыз етудiң мақсаты Қарулы Күштерге, басқа да әскери құралымдарға қаржы, материалдық-техникалық және басқа да ресурстарды бөлуден, оларды қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгi мен қорғанысын кепілдi қамтамасыз ету үшiн қажеттi санында жарақтандырудан тұрады.
      2. Қорғанысты экономикалық жағынан қамтамасыз етудiң негiзгi міндеттерi:
      1) Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың қаржы, материалдық-техникалық және өзге де pecурстарға қажеттiлiктерiн қанағаттандыру;
      2) қару-жарақ пен әскери техниканы өндiрудi, жөндеудi және жаңғыртуды жүзеге асыру үшiн ғылыми-техникалық және өндiрiстiк базаны жетiлдiру;
      3) экономиканың жұмылдыру әзiрлiгi мен ел халқын жұмылдыра дайындаудың тиiмдi жүйелерiн құру;
      4) әлеуметтiк қамсыздандыру деңгейiн жақсарту, әскери қызметшілердiң, олардың отбасы мүшелерінің және әскери қызметтен босатылған адамдардың заңнамамен белгiленген кепiлдiктерiн iске асыру;
      5) өзара тиiмдi халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

      12-бап. Қорғанысты қаржыландыру

      1. Қорғанысты қаржыландыру Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың қаржы қаражаты мен материалдық техникалық ресурстарға қажеттілігiн кепiлдi қанағаттандыруға бағытталған.
      2. Қарулы Күштердi және басқа да әскери құралымдарды, сондай-ақ қорғанысқа арналған шығыстарды қаржыландыру мемлекеттiк бюджет және осы бапта көзделген басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.
      3. Шетел мемлекеттерiмен бiрлесiп пайдаланылатын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әскери объектiлердi және қару-жарақты қысқартуды бақылау және инспекциялық қызметті қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүргiзiледi.
      4. Қарулы Күштердiң мемлекеттiк мекемелерi:
      1) спорт саласында мамандандырылғандар Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен ақылы қызметтер көрсетуге және оларды iске асырудан түскен ақшалай қаражатты пайдалануға құқылы;
      2) ұсынылған демеушiлiк, қайырымдылық, сондай-ақ әскери-техникалық ынтымақтастық аясында көрсетiлетiн көмектердi алуға және пайдалануға құқылы.
      5. Қорғаныс шығыстары бөлiгiндегi мемлекеттiк бюджеттiң орындалуын бақылау заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      13-бап. Материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету

      1. Қарулы Күштердi және басқа да әскери құралымдарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету қару-жарақпен әскери техниканы қоса алғанда, өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдердi әзiрлеуге, өндiруге, жеткiзуге және қамтамасыз етуге арналған мемлекеттiк қорғаныс тапсырыстарына және мемлекетаралық келiсiмдерге сәйкес басым тәртiппен жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру тәртiбi, оны материалдық-техникалық жағынан және қаржымен қамтамасыз ету және сатып алу шарттары Қазақстан Республикасының заңнама актілерiмен айқындалады.

      14-бап. Объекттер мен мүлiктердi қорғаныс мүддесiнде
               пайдалану

      1. Пайдаланылмайтын әскери мүлiктердi қоспағанда мемлекеттiк меншiк болып табылатын және экономика салаларының ұйымдарына жедел басқару, шаруашылық жүргiзу құқығында бекiтiлiп берiлген және қорғаныс мұқтажын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған объектiлер мен мүліктер жекешелендiруге жатпайды.
      2. Бейбiт уақытта Қарулы Күштер және басқа да әскери құралымдар пайдаланбайтын қорғаныс объектiлерi мемлекеттiк бюджет есебiнен сақтауға қоюға жатады немесе заңнамада белгiленген тәртiппен мүлiктік жалға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде басқа мемлекеттердiң ұйымдарына берiлуi мүмкiн.
      3. Пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртіппен сатылуы ықтимал.
      4. Қарулы Күштер Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен:
      1) соғыс қимылдарын жүргiзу кезеңiнде жарамсыз жағдайға жеткен немесе Қарулы Күштер жеке құрамының өмiрiне қатер төнген кезде жоғалған әскери мүлiктi есептен шығарады;
      2) өздерiнiң жедел басқаруындағы мемлекеттiк мүлiктiң есебiн жүргiзедi.

      15-бап. Қорғаныс мұқтажы үшiн үйлер, ғимараттар,
               объектiлер мен басқа да мүліктер беру

      1. Қарулы Күштердi және басқа да әскери құралымдарды орналастыру және олардың тұрақты қызметi үшiн берiлген жер телiмдерi олардың иелігінде және пайдалануында болады.
      2. Қорғаныс мұқтажына жердi алып қоюға байланысты жер иеленушілер мен жердi пайдаланушыларға келтiрiлген зиян заңнамаға сәйкес өтеледi.
      3. Қорғаныс мұқтажы үшiн Қарулы Күштерге, басқа дa әскери құралымдарға үйлер, ғимараттар, әр түрлi объектiлер мен басқа да мүлiк беріледi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен олар керi қайтарылуы мүмкiн.
      4. Жерлердi, жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi иелiкке беру және пайдалану тәртiбi, соның iшiнде басқа мемлекеттердiң әскери құралымдарына жалға беру тәртiбi Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен айқындалады.

      16-бап. Ғылыми-зерттеу қызметi және кадрлар даярлау

      1. Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу ұйымдарымен қорғаныс қажеттiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында қару-жарақ пен әскери техниканың, әскери мақсаттағы өнiмдердiң жаңа түрлерiн жасау үшiн iргелi және қолданбалы зерттеулер, перспективалық ғылыми-техникалық және технологиялық әзiрлемелер жүзеге асырылады.
      2. Әр түрлi меншiк нысанындағы ұйымдардың қорғаныс сипатындағы ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды орындауда экономикалық мүдделiлiгiн арттыру үшiн қаржы-экономикалық реттеушiлер мен механизмдер жүйелерiн енгiзу жолымен оларды мемлекеттiк қолдау жүзеге асырылады.
      3. Әскери кадрларды даярлау және қайта даярлау Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн мемлекеттiк бiлiм тапсырысы бойынша бiлiм беру ұйымдарында, сондай-ақ шетелдерде халықаралық шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.

5-тарау. Қарулы Күштер және басқа да әскери құралымдар

      17-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi және
               олардың мақсаты

      1. Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қарулы қорғауға, мемлекеттiк және әскери объектiлердi күзету мен қорғауға. әуе шекараларын күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттердi орындауға арналған.
      2. Қарулы Күштер Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмi негiзiнде табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға, сондай-ақ террорға қарсы операцияларды өткiзу және төтенше жағдайлар режимiн қолдау үшін тартылуы мүмкiн.
      3. Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiнен туындайтын мiндеттердi орындау үшін Қарулы Күштердi қолдану Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда ескертілген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Қарулы Күштердiң қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясы негiзiнде және заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      5. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi құрамының бөлігі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес бiрлескен қарулы күштерге енуi немесе бiрлескен қолбасшылықта болуы мүмкiн.

      18-бап. Қарулы Күштердің жалпы құрамы

      Қарулы Күштер мыналарды қамтиды: әскери басқару органдары, Қарулы Күштердiң түрлерi, әскер тектерi, арнайы әскерлер, тыл, әскери оқу орындары, әскери-ғылыми мекемелер мен басқа да ұйымдар.
      Соғыс уақытында Қарулы Күштердiң құрамына басқа да әскери құралымдар мен арнайы әскерлер кiредi.

      19-бап. Қарулы Күштердi жасақтау

      1. Қарулы Күштердiң жеке құрамына әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкер адамдар кіредi.
      2. Қарулы Күштер:
      1) әскери қызметшілермен - аумақтан тысқарылық және аумақтық принцип бойынша әскери міндеттi азаматтарды әскери қызметке шақыру жолымен және заңнама актілерiне сәйкес әскери қызметке ерiктi түрде қабылдау жолымен;
      2) еңбек және мемлекеттiк қызмет туралы заңнамаларға сәйкес азаматтық қызметкерлермен жасақталады.
      3. Қарулы Күштердi жұмылдыра өрiстету үшiн мемлекетте әскери оқытылған ресурстар қоры құрылады.

      20-бап. Қарулы Күштерге басшылық жасау және басқару

      1. Қарулы Күштерге әскери-саяси басшылықты Қазақстан Республикасының Президентi - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы жүзеге асырады.
      2. Бейбiт уақытта Қарулы Күштердi басқаруды Штабтар бастықтарының комитетi арқылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi жүзеге асырады.
      3. Соғыс кезiнде Жоғарғы Бас Қолбасшылық (Жоғарғы Бас Қолбасшылықтың Ставкасы) Қарулы Күштерге басшылық жасайтын жоғарғы әскери-саяси орган болып табылады.
      4. Жоғарғы Бас Қолбасшылықтың Ставкасы Штабтар бастықтарының комитетi арқылы Қарулы Күштердi басқаруды жүзеге асырады.

      21-бап. Қорғаныс министрлiгiнiң функциялары

      1. Қорғаныс министрлiгi Қарулы Күштердi әскери-саяси және әскери-экономикалық басқару органы болып табылады.
      2. Қорғаныс министрлiгi:
      1) қорғаныс саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асырады;
      2) Әскери доктринаны, Қарулы Күштердiң және басқа да әскери құралымдардың құрылысы мен дамуы тұжырымдамаларын әзiрлейдi;
      3) Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметi бекiткен Қарулы Күштердің, Қорғаныс министрлігінiң және Министрлiкке ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелердiң штат санының лимитi шегiнде Қарулы Күштер түрлерiнiң, әскер тектерiнiң құрылымын, штат санын, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелер бойынша штат санын белгiлейдi;
      4) мемлекетте бiрыңғай әскери-техникалық саясатты жүргiзедi;
      5) елдiң қауiпсiздiгi мен қорғанысын қамтамасыз ету мақсатында барлау қызметiн ұйымдастырады;
      6) Қарулы Күштер түрлерiнiң, әскер тектерi мен арнайы әскерлердiң жедел мақсаттары мен мiндеттерiн, оларды басқа да әскери оралымдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң қарулы күштерiмен өзара iс-қимыл жасай отырып, қолдануды айқындайды;
      7) қорғаныс саласында ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және басқа жұмыстарға басшылықты жүзеге асырады, олардың сапасын бақылауды ұйымдастырады;
      8) әскерлердi инспекциялауды және Қарулы Күштерде қаржы қаражатының жұмсалуына бақылауды жүзеге асырады;
      9) әскери даярлықты жүзеге асыратын әскери оқу орындары мен басқа да бiлiм беру мекемелерiнiң қызметі мен оқу-тәрбие жұмысының сапасын бақылауды жүзеге асырады;
      10) әскерге шақырылуға дейiнгi және шақыру жасындағы жастардың әскери қызметке даярлығын үйлестiредi;
      11) қорғаныс өнеркәсiбi дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеу мен орындауға қатысады;
      12) халықаралық әскери ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      13) Қарулы Күштерде заңдылық пен құқық тәртiбiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшiлерге, олардың отбасы мүшелерi мен азаматтық қызметкерлерге әлеуметтiк және құқықтық кепiлдiктердi қамтамасыз етедi;
      14) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген реттерде қорғаныс мәселелері жөнiнде нормативтік құқықтық актiлер шығарады және олардың орындалуын бақылайды.

      22-бап. Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары
               комитетiнiң функциялары

      1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтарының комитетi Қарулы Күштердiң жауынгерлiк және күнделiктi қызметiне басшылықты жүзеге асырады:
      1) Қарулы Күштердiң жедел-стратегиялық жоспарлануын, қолданылуын және жауынгерлiк және күнделiктi қызметiне басшылықты жүзеге асырады;
      2) Қарулы Күштердің құрылысы мен дамуы және әскерлердi жұмылдыра өрiстету жоспарларын әзiрлейдi, басқа да әскери құралымдардың құрылысының дамуының жоспарларын әзiрлеудi үйлестiредi, олардың орындалуына бақылау жасайды;
      3) мүдделi мемлекеттiк органдардың қатысуымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн Қолдану жоспарын әзiрлейдi, Қарулы Күштердiң жұмылдыру жоспарын әзiрлеуге қатысады;
      4) Қарулы Күштердi жауынгерлiк және жұмылдырушылық дайындықта, жедел жұмылдырушылық және жауынгерлiк дайындықта ұстау жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырып, жүргiзедi;
      5) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн күзету мен қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
      6) Қарулы Күштердiң басқа да әскери құралымдардың өзара iс-қимылын ұйымдастырып, жүзеге асырады, сондай-ақ қорғаныс мүддесiн көздеп ел аумағын жедел жабдықтау жоспарын әзiрлейдi;
      7) экономиканың, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың жұмылдырушылық дайындығына және олардың соғыс уақытында жұмыс iстеуiн ұйымдастыруға қатысады;
      8) аумақтық қорғаныс жоспарларын әзiрлеудi үйлестiредi, аумақтық қорғаныс мiндеттерiн орындауға қатысатын күштер мен құралдарды ұйымдастырады;
      9) Қарулы Күштердi мерзiмдi қызметтiң әскери қызметшiлерiмен, келiсiм-шарт бойынша жасақтауды және азаматтық қызметкерлердi қабылдауды ұйымдастырып, жүргiзедi;
      10) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң және басқа да әскери құралымдарының Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң қарулы күштерiмен жедел қолданылуы мен өзара iс-қимылының жоспарын әзiрлеуге қатысады;
      11) кадрларды орналастыруды және әскери атақтар берудi жүзеге асырады, Номенклатураға сәйкес Қорғаныс министрiнiң қарауына лауазымдарға тағайындау және әскери атақтар беру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      12) Қарулы Күштердi қару-жарақтың, әскери техниканың, оқ-дәрiлер мен басқа да материалдық құралдардың қажетті түрлерiмен қамтамасыз етудi, оларды пайдалануды, сақтауды, есепке алуды, есептен шығаруды және пайдаға асыруды ағымдағы және перспективалық жоспарлауды ұйымдастырады, сондай-ақ бейбiт уақытта осы құралдарды әскерлердi жұмылдыра өрiстету үшiн шоғырландыруды және орналастыруды жоспарлайды;
      13) Қарулы Күштерде әскери ғылымды дамыту бағыттары бойынша ұсыныстарды әзiрлейдi;
      14) әскерлер қызметiмен байланысты қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүргiзедi;
      15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қарулы Күштердi, Қазақстан Республикасының басқа да әскери құралымдарымен олардың өзара iс-қимылын қолдануды жоспарлау және басқару саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Соғыс кезiнде Штабтар бастықтарының комитеті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің жоғарғы Бас Қолбасшысы Ставкасының негiзгi жұмыс органы болып табылады.

      23-бап. Қарулы Күштердi орналастыру

      1. Қарулы Күштердi орналастыру Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Қарулы Күштердi Қолдану жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қарулы Күштердiң пайдалануына берiлген аумақтар шегiнде құрамаларды, әскери бөлiмдердi орналастыру Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен жоспарға сәйкес Қорғаныс министрінің шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс Қарулы Күштердiң құрамалары мен әскери бөлiмдерiн орналастыруға Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде жол беріледi.

      24-бап. Басқа да әскери құралымдар

      1. Басқа да әскери құралымдарды құру, басқару және олардың қызметi заңнама актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Басқа да әскери құралымдар қорғаныс мақсатында:
      1) Қарулы Күштердi қолдану жоспарын, қорғаныс мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеуге қатысады;
      2) Қарулы Күштермен бiрлескен iс-қимылға даярлықты ұйымдастырады;
      3) азаматтарды әскери қызметке даярлауға қатысады;
      4) аумақты қорғанысқа жедел жабдықтау жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етедi;
      5) қорғанысты ұйымдастыру мәселелерi бойынша Штабтар бастықтары комитетiнің нұсқауын орындайды;
      6) Қарулы Күштермен бiрлескен жедел және жұмылдыру даярлығына тартылады;
      7) осы Заңға сәйкес өзге де өкілеттiктердi жүзеге асырады.
      3. Басқа да әскери құралымдарды жасақтау Қарулы Күштер үшiн белгiленген принциптерде және тәртiппен жүзеге асырылады.

      25-бап. Қарулы Күштерде және басқа да әскери
               құралымдарда заңдылықтың сақталуын қадағалау,
               әскери қызметшiлердi құқықтық қорғау және
               әскерлерде құқық тәртiбiн қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде және басқа да әскери құралымдарында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентi Жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәл және бiркелкi қолданылуын қадағалауды Қазақстан Республикасының прокуратура органдары жүзеге асырады.
      2. Қарулы Күштерде және басқа да әскери құралымдарда әскери қызметшiлердi құқықтық қорғауды, азаматтық және қылмыстық iстердi қарауды соттар жүзеге асырады.
      3. Қарулы Күштерде және басқа да әскери құралымдарда құқық тәртiбiн қамтамасыз етудi функциялары мен құқықтары Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетiн әскери полиция жүзеге асырады.

6-тарау. Соғыс кезi. Соғыс жағдайы.
Жұмылдыру. Азаматтық қорғаныс. Аумақтық қорғаныс

      26-бап. Соғыс кезi

      1. Соғыс кезi басқа мемлекет немесе мемлекеттер тобы Қазақстан Республикасына қарулы шабуыл жасаған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда Парламентпен жарияланады.
      2. Соғыс кезi жарияланған немесе соғыс қимылдары шын мәнiсiнде басталған сәттен бастап соғыс кезi басталады, бiрақ шын мәнiсiнде олар тоқтағаннан ерте емес, ол соғыс қимылдарын тоқтату туралы хабарландыру жарияланған сәттен бастап тоқтатылады.

      27-бап. Соғыс жағдайы және жұмылдыру

      1. Соғыс жағдайы, жұмылдыруды жүргiзу және жұмылдыру даярлығын ұйымдастыру режимi Қазақстан Республикасының заңнама актілерiмен белгiленедi.
      2. Соғыс жағдайы кезеңiнде Қарулы Күштер, басқа да әскери құралымдар соғыс кезi жариялануына қарамастан агрессияға тойтарыс беру жөнiнде жауынгерлiк және өзге де iс-қимылдарды жүргiзуi мүмкін.

      28-бап. Азаматтық қорғаныс

      1. Азаматтық қорғаныс қазiргi замандағы қырып-жоятын құралдар қолдану зардаптарынан зақымдаудың (қиратудың), табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерiнен халықты, шаруашылық жүргiзушi объектiлер мен ел аумағын қорғау мақсатында ұйымдастырылады.
      2. Азаматтық қорғаныстың мiндеттерi және оны ұйымдастыру заңмен айқындалады.

      29-бап. Аумақтық қорғаныс

      1. Аумақтық қорғаныс халықты, Қазақстан Республикасының аумағындағы объектiлер мен коммуникацияларды дұшпанның iс-қимылынан, диверсиялық немесе террорлық актiлерден, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен соғыс жағдайы режимiн енгiзуден және қолдаудан қорғау мақсатында ұйымдастырылады.
      2. Аумақтық қорғаныстың жалпы мiндеттерi мен оны ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      30-бап. Қорғаныс саласындағы Қазақстан Республикасының
               халықаралық құқығы

      1. Қазақстан Республикасының агрессиядан бiрлесiп қорғануды қамтамасыз ету, халықаралық бейбiтшілік пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегі басқа мемлекеттермен ынтымақтастығы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының жеке-дара және ұжымдық қорғаныс құқығы туралы Жарғысының ережелерiне және Қазақстан Республикасы бекiткен басқа да халықаралық шарттарға сәйкес құрылады.
      2. Қарулы Күштер, олардың жекелеген бөлiмшелерi немесе әскери қызметшiлерi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртiппен Республикадан тысқары жауынгерлiк iс-қимылдарға қатысуды қоса алғанда, бейбiтшілік пен қауiпсіздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындайды.
      3. Қарулы Күштердiң, олардың жекелеген бөлiмшелерiнiң немесе әскери қызметшілерiнің Қазақстан Республикасынан тысқары жауынгерлiк iс-қимылдарға тiкелей қатысуы дипломатиялық арналар бойынша, халықаралық шарттар немесе өзге де заңнама тәртiбiмен берілетiн растау негiзiнде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрiнiң шешiмiмен айқындалады.

      31-бап. Осы заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы заң 2003 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгiзiлетiн осы Заңның 14-бабының 4-тармағын, 30-бабының 2 және 3-тармақтарын қоспағанда, оны ресми жариялаған күнiнен бастап қолданысқа енедi.
      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 9 сәуiрдегi Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомосi, 1993 ж., N 8, 202-құжат; 1995 ж., N 8, 56-құжат; N 20, 120-құжат; N 22, 136-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Ведомосi, 1999 ж., N 8, 233-құжат; 2002 ж., N 3, 22-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы Қазақстан Республикасының Заңын қолданысқа енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1993 жылғы 9 сәуiрдегi Қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомосi, 1993 ж., N 8, 203-құжат).

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады