Республикалық инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi және оларға сараптама жасауды қаржыландыру ережесiн бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 ақпандағы N 204 қаулысы

      "2004 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы Заңының  19-бабына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi және оларға сараптама жасауды қаржыландыру ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2004 жылғы 20 ақпандағы 
N 204 қаулысымен   
бекітiлген     

  Республикалық инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi және оларға сараптама жасауды қаржыландыру ережесі

      1. Осы Ереже "2004 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы Заңының  19-бабы  негiзiнде әзiрлендi және 004 "Республикалық инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеу және сараптама жасау" республикалық бюджеттiк бағдарламасының (бұдан әрi - бюджеттiк бағдарлама) қаражаты есебiнен республикалық инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi және оларға сараптама жасауды қаржыландыру тәртiбiн айқындайды.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) орталық уәкiлеттi орган - экономикалық жоспарлау жөнiндегі уәкiлетті орган;
      2) атқарушы агенттік - республикалық инвестициялық жобаларды дайындауға және iске асыруға жауапты мемлекеттiк орган, сондай-ақ жергiлiктi инвестициялық жобаларды дайындауға және iске асыруға жауапты жергiлiктi атқарушы орган;
      3) техникалық-экономикалық негiздеме - әзiрлеушілердiң инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын жан-жақты зерделеу нәтижелерi бойынша және инвестициялық жобаны экономикалық талдау негiзiнде дайындалған есебi. Техникалық-экономикалық негiздеме инвестициялық жобаның неғұрлым оңтайлы құрылымы бойынша ұсыныстарды, сондай-ақ инвестициялық жобаны iске асыру шеңберiнде болжамдалатын неғұрлым орынды маркетингтiк, техникалық, қаржылық, институционалдық, экологиялық, әлеуметтік және басқа шешiмдер бойынша ұсыныстарды қамтиды. Республикалық және жергiлiктi инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiнiң құрамы мен мазмұнына қойылатын талаптарды орталық уәкілеттi орган бекiтедi.
      3. Бюджеттiк бағдарламалар қаражаты есебiнен республикалық инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi және оларға сараптама жасауды қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын техникалық-экономикалық негiздемелердi әзiрлеудi және оларға сараптама жасауды қаржыландыру көзделетiн республикалық инвестициялық жобалардың тiзбесi (бұдан әрi - тiзбе) негiзiнде жүзеге асырылады.
      4. Орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының қарауына бюджеттiк бағдарламада көзделген ақшаны атқарушы агенттiктер бойынша бөлу жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.
      5. Республикалық бюджет комиссиясының шешiмi негiзiнде орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бекiтуiне жобалар бойынша қаржыландыру көлемi көрсетiлген тiзбенi енгiзедi.
      6. Бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiлген тiзбеге сәйкес белгiленген тәртiппен Мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерiстер енгiзуге арналған өтiнiмдi қалыптастырады. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгіленген тәртiппен жоспарлы тағайындауларды көрсетiлген бағдарламадан атқарушы агенттiктердiң тиiстi бюджеттiк бағдарламаларына ауыстыру жолымен Мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерiстер енгiзедi.
      7. Атқарушы агенттiктер техникалық-экономикалық негiздемелердi әзiрлеудi және оларға сараптама жасауды қамтамасыз етуге қажеттi iс-шараларды iске асыруды және тiзбеге сәйкес тиiстi республикалық бюджеттік бағдарламалар шеңберiнде көрсетiлген iс-шаралардың iске асырылуын қаржыландыруды жүзеге асырады.
      8. Атқарушы агенттiктер орталық уәкiлеттi органға:
      1) тоқсан сайын есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 5-күнiне дейiнгi мерзiмде және жыл сайын есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 ақпанына дейiнгi мерзiмде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бекiткен нысан бойынша бюджеттiк бағдарламаны iске асыру барысы туралы есептi;
      2) қазынашылық органдарында тiркегеннен кейiн үш күн iшiнде жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеу және оларға сараптама жасау жөнiндегi қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттардың көшiрмелерiн ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады