Қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалануды басқару және осы салада мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыратын арнайы уәкiлетті органдардың тiзбесiн және олардың қызметiн ұйымдастыру ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 12 наурыздағы N 311 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 қаңтардағы N 29 Қаулысымен

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.01.18.  N 29  (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шiлдедегi Заңының  7-бабына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалануды басқару және осы салада мемлекеттiк бақылау функцияларын жүзеге асыратын арнайы уәкілетті органдардың тiзбесi;
      2) Қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалануды басқару және осы салада мемлекеттiк бақылау функцияларын жүзеге асыратын арнайы уәкілетті органдардың қызметiн ұйымдастыру ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметінiң
2004 жылғы 12 наурыздағы   
N 311 қаулысымен      
бекiтiлген       

  Қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалануды басқару және осы салада мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыратын арнайы уәкiлеттi органдардың тізбесі

      Қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалану және осы салада мемлекеттiк бақылау функцияларын жүзеге асыратын арнайы уәкілеттi органдарға мыналар жатады:
      1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалануды басқару функцияларын жүзеге асыратын өзге де орталық атқарушы органдардың қызметiн үйлестiрушi Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы ретiнде Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi;
      2) жер ресурстарын пайдалану және қорғау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөнiндегi агенттігі;
      3) орман және су ресурстарын, жануарлар және өсiмдiктер әлемінің ресурстарын, суды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау, молайту, пайдалану саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi;
      4) жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi;
      5) автокөлiк құралдарынан атмосфераға зиянды заттардың шығарындыларын бақылау, браконьерлiкке, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуге, аң аулау мен балық аулау ережесiн бұзуға қарсы күрес, экологиялық қылмыстарды тексеру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегiнде жергілiкті атқарушы органдар.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
2004 жылғы 12 наурыздағы   
N 311 қаулысымен      
бекiтiлген        

  Қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалануды басқару және осы салада мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыратын арнайы уәкiлеттi органның қызметiн ұйымдастыру
ережесі

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегi  Заңына  сәйкес әзiрленген және қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалануды басқару және осы салада мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыратын арнайы уәкiлеттi органдар (бұдан әрi - арнайы уәкілетті органдар) қызметiнiң тәртiбiн айқындайды.
      2. Осы Ереже қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалануды басқару және мемлекеттік бақылау, осы саладағы жалпы мәселелер бойынша өзара iс-қимыл, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының үйлестірушi рөлiн нақтылау мәселелерi жөніндегi арнайы уәкілеттi органдардың қызметiн ретке келтіруге бағытталған.

  2. Арнайы уәкiлеттi органдардың өзара ic-қимыл жасау және қызметiн үйлестiру тәртiбi

      3. Арнайы уәкiлетті органдардың өзара iс-қимыл жасау және қызметін үйлестiру Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған олардың өкілеттiктерi шегінде жүзеге асырылады.
      4. Арнайы уәкілеттi органдар өз құзыретi шегiнде мынадай негiзгi бағыттар бойынша өзара iс-қимыл жасайды:
      1) табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатында табиғат пайдаланушылардың бiрлескен iс-шараларды және кешендi тексерулердi жоспарлауы және жүргізуi;
      2) қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды қорғауға, молайтуға және ұтымды пайдалануға бағытталған қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды молайту жөнiндегі iс-шараларды орындауды ұйымдастыру;
      3) табиғи ресурстардың мемлекеттiк есебiн және мемлекеттік кадастрларын жүргiзу, қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінiң бiрыңғай жүйесi қызметiн қамтамасыз ету;
      4) мемлекеттік экологиялық сараптама арқылы табиғи ресурстарды пайдалануға байланысты барлық жобалардың өтуiн ұйымдастыру;
      5) шаруашылық қызметтiң экологиялық қауіптi түрлерi кезiндегі өндiрiстiк бақылау мен мониторингті жүргiзудi бақылау;
      6) төтенше экологиялық жағдайлардың себептерiн тексеру және салдарын жою;
      7) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молайту және пайдалану саласында ақпарат алмасу.
      5. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелерi жөнiндегi өзге де арнайы уәкілетті органдардың қызметiн үйлестірудi жүзеге асырады.
      6. Арнайы уәкілетті органдардың қызметiн үйлестiру үшін Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы белгiленген тәртiппен консультативтiк-кеңесшi комиссияларды (жұмыс топтарын) құруға бастамашылық жасай алады.
      7. Арнайы уәкiлетті органдардың қызметiн үйлестіру, сондай-ақ бiрлескен алқа отырыстарын өткiзу, табиғат пайдаланудың әр түрлi салалары бойынша бiрлескен бұйрықтармен бекiтiлетiн нормативтік құқықтық кесiмдердi әзiрлеу жолымен жүзеге асырылады.

  3. Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыру
кезiнде арнайы уәкiлеттi органдардың қызметiн ажырату тәртiбi

      8. Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде осы өкілеттiктер берiлген және бiр мезгiлде мемлекеттік инспекторлар болып табылатын арнайы уәкілетті органдардың лауазымды тұлғалары қоршаған ортаны қорғау саласындағы бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жою, тәртiп бұзушыларды заңнамада белгiленген жауапкершілiкке тарту жөнiнде табиғат қорғау заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
      9. Мемлекеттік бақылау арнайы уәкілетті органның iшкi жоспарына сәйкес тұрақты тексерулердi жүргiзу жолымен жүзеге асырылады.
      Жоспарлы тексерулерден басқа шағымдар, өтiнiштер және жасырын хабарларды қоспағанда, ресми арыздардың басқа да нысандары негiз болып табылатын жоспардан тыс және рейдтiк тексерулер жүргiзілуi мүмкiн.
      10. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мынадай мәселелер бойынша тексерулер жүргiзедi:
      1) ұйымдастырушылық-құқықтық нысанға және меншiк нысанына қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы сақтауы және орындауы;
      2) шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын белгiленген экологиялық нормативтер мен талаптарды, қолданыстағы стандарттар мен техникалық шарттарды сақтау;
      3) өз құзыретi шегiнде мемлекеттік кадастрларды және табиғи ресурстардың есебiн жүргiзудің дұрыстығы;
      4) табиғи ресурстарды пайдалануға лицензияларда, мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындыларында белгiленген экологиялық шарттарды сақтау, сондай-ақ табиғат пайдалануға арналған шарттарды (келісiм-шарттарды) және рұқсаттарды орындау;
      5) жер және су ресурстарын, сондай-ақ жануарлар және өсiмдiктер әлемiнiң ресурстарын пайдалану жөніндегi экологиялық талаптарды орындау;
      6) қоршаған ортаны қорғау және оңалту, табиғи ресурстарды қорғау, молайту және ұтымды пайдалану жөнiндегi жоспарлар мен iс-шараларды орындау.
      11. Қазақстан Республикасының өзге де орталық атқарушы органдары өз құзыретті шегінде мынадай мәселелер бойынша мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады:
      1) ұйымдастырушылық-құқықтық нысанына және меншiк нысанына қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың табиғат қорғау заңнамасын сақтауы және орындауы;
      2) табиғи ресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды молайту, сондай-ақ олардың зиянды әсерiнiң алдын алу жөнiндегi iс-шаралардың орындалу тәртiбiн сақтау;
      3) мемлекеттiк кадастрларды және табиғи ресурстардың есебiн жүргiзудiң дұрыстығы;
      4) табиғат пайдалануға белгiленген лимиттер мен квоталарды сақтау;
      5) табиғат пайдалануды мемлекеттік реттеудi және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөнiндегi iс-шараларды қамтамасыз ету;
      6) табиғи ресурстарды қорғау, молайту, пайдалану жөнiндегі негізгі талаптарды және табиғи ресурстарды пайдалануға белгiленген тыйым салулар мен шектеулердi, ережелер мен нормаларды орындау;
      7) табиғат пайдалануға рұқсаттарда, лицензияларда және шарттарда (келiсiм-шарттарда) белгiленген ережелердi сақтау.
      12. Жергiлікті атқарушы органдар өз құзыретi шегінде мынадай мәселелер бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады:
      1) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi объектiлердi салуды және қайта жаңартуды қамтамасыз ету;
      2) экологиялық сараптаманың терiс қорытындысы бар кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi салуға және қайта жаңартуға тыйым салу туралы қорытынды жасау, экологиялық талаптарды бұзу жағдайында сот тәртiбiмен шаруашылық және өзге де қызметтi тоқтата тұру және тиiстi шараларды қабылдау.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады