"Қазақстан Республикасындағы сауда-өнеркәсiп палаталары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 сәуірдегі N 380 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасындағы сауда-өнеркәсiп палаталары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      мiндетiн атқарушы

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы

"Қазақстан Республикасындағы сауда-өнеркәсiп палаталары туралы"

      Осы Заң сауда-өнеркәсіп палаталарының құқықтық жағдайын, сауда-өнеркәсiп палаталары мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, өкiлеттiгін, сауда-өнеркәсiп палаталарының органдарын құру және оның жұмыс жасау тәртiбiн айқындайды.

      1-бап. Заңды қолдану аясы

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы сауда-өнеркәсiп палаталарын құрумен, оның қызметiмен, қайта ұйымдастырумен және жоюмен байланысты туындаған қарым-қатынастарға қатысты болады.

      2-бап. Заңның мақсаттары мен мiндеттерi

      Осы Заңның мақсаттары мен мiндеттерi елдің экономикасын дамытуға, мемлекеттiк органдармен өзара қарым-қатынас жасау үшiн сауда қызметiн реттеу саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруға, қазiргі заманғы өнеркәсiп және сауда инфрақұрылымдарын құруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы кәсiпкерлерiнiң шетел мемлекеттерiнiң кәсiпкерлерiмен сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарын жан-жақты дамыту болып табылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп
              палаталар туралы заңы

      1. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi және Азаматтық кодекстен , осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      4-бап. Сауда-өнеркәсiп палаталары

      1. Сауда-өнеркәсiп палаталары (бұдан әрi - Палаталар) - мемлекеттiк емес, өзiн өзi қаржыландыратын және өзiн өзi басқаратын ұйым болып табылатын, олардың қызметiн дамыту үшiн қолайлы жағдай жасау, құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында ерiктi негізде кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын заңды және жеке тұлғаларды бiрiктiретiн коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген ұйымдық құқықтық нысаны.
      2. Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палаталарының қауымдастығы (одағы) және аумақтық Палаталар құрылады және жұмыс iстейдi.
      Облыс аумағында, республикалық мәндегi қала мен Қазақстан Республикасының астанасында басқа облыс аумағында, республикалық мәндегi қалада, астанада өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) құpуғa құқылы eмec бip Палата құрылып, жұмыс iстеуi мүмкiн. Аумақтық Палаталар Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палаталарының қауымдастығына (одағына) (бұдан әрi - Палаталар қауымдастығы) бiрiгедi.
      3. Палата облыс аумағында, республикалық мәндегi қалада, астанада кемiнде он құрылтайшының бастамасы бойынша құрылады.
      4. Палатаның құрылтайшылық құжаттары Палата мүшелерiнiң жалпы жиналысында (конференциясында) қабылданған Жарғы, барлық құрылтайшылар немесе олар уәкiлетті адамдар қол қойған құрылтайшылық шарт болып табылады.
      5. Палата Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекеттiк тiркеуден өткен сәттен бастап құрылған болып есептеледі.

      5-бап. Палаталардың атауы мен орналасқан жерi

      1. Палатаның атауы өз атауын, ұйымдық-құқықтық нысанға сiлтеменi және ол құрылған аумақтың әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгiнiң атауын қамтиды. Ол өзiне заңында көзделген қосымша ақпаратты қамтуы мүмкiн.
      2. Осы Заңға сәйкес Палата нысанында құрылмаған ешбiр заңды тұлға өзiн "сауда-өнеркәсiп палатасы" деп атай алмайды.
      3. Палатаның орналасқан жерi болып оның тұрақты әрекет ететiн органының орналасқан жерi танылады.

      6-бап. Палаталардың мүлкi

      1. Қазақстан Республикасының заңымен тыйым салынбаған, олардың қызметiн материалдық қамтамасыз етуге қажеттi объектiлер мен мүлiктер Палаталар меншiгiнде бола алады.
      2. Палаталар тек өз жарғылық талаптарын орындауға қажеттiлiгiне қарай кәсiпкерлiк қызметпен айналыса алады.
      3. Мiндеттi мүшелiк жарналар, осы заңмен белгiленген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды, қызмет көpceтулердi сатудан түсетiн түсiмдер (кiрiстер), сондай-ақ заңмен тыйым салынбайтын өзге де түсiмдер Палаталардың мүлкiн қалыптастырудың көзi болып табылады.
      4. Палаталардың кiрiстерi олардың жарғылық қызметiн қамтамасыз етуге жiберiледі.
      5. Палаталар өз мiндеттемелерi бойынша өз иелiгiндегi барлық мүлiкпен жауап береді, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес құқықтарды сатып ала алады, сотта қуынушы және жауап берушi бола алады.

      7-бап. Палаталардың басқару органдары

      1. Палатаның басқару органдары:
      1) жоғары басқару органы - жалпы жиналысы (конференциясы);
      2) алқалық атқарушы орган;
      3) бақылаушы орган (ревизиялық комиссия) болып табылады.
      2. Жарғыда көзделген жағдайларда Палата мүшелерiнiң жалпы жиналысында (конференциясында) қабылданған ережелердiң негізiнде әрекет ететiн басқа да органдар құрылуы мүмкін.

      8-бап. Палаталар мүшелерінiң жалпы жиналысы
              (конференциясы)

      1. Палата мүшелерiнiң жалпы жиналысы (конференциясы) Палата қызметiнiң кез келген мәселелерi бойынша шешiм қабылдауға құқылы.
      2. Палаталардың жалпы жиналысының (конференциясының) айрықша құзырына:
      1) Палатаның жарғысын және жарғыға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шешiмдердi қабылдау;
      2) Палатаны ерiктi түрде қайта ұйымдастыру мен жою мәселелерi;
      3) атқарушы органдардың қаржылық есептiлiгiн ұсынудың тәртiбiн және кезеңдiлiгiн, сондай-ақ бақылаушы органдардың тексерулер жүргiзу тәртiбiн айқындау және олардың нәтижелерiн бекiту;
      4) атқарушы органды, ревизиялық комиссияны сайлау;
      5) жарғыда көзделген басқа да органдар мен олардың басшыларын сайлау;
      6) Палатаның органдары мен басшыларының қызметтерi туралы есептердi тыңдау және оларды бекiту;
      7) Палатаның мүлкiне иелiк ету тәртiбiн белгілеу;
      8) мүшелiк жарналардың мөлшерлемесiн бeлгілeу;
      9) Палата органдарының, басшылары мен қызметкерлерiнiң шешiмдерiне Палата мүшелерiнiң шағымдарын қapaу;
      10) Палата басшыларын мерзiмiнен бұрын шақырып алу.
      3. Палаталар Қауымдастығының жалпы жиналысының (конференциясының) өзгеше құзыретiне аумақтық Палаталарды қабылдау және Палаталар Қауымдастығынан алып тастау жатады.
      4. Жалпы жиналыс (конференция) Палата мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi болған кезде шешiмдер қабылдауға құқықты.
      5. Жалпы жиналысты (конференцияны) Палатаның атқарушы органы кемiнде жылына бiр рет шақырады. Ревизиялық комиссияның немесе Палата мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде төрттен бiрiнiң талабы бойынша Палата атқарушы органының Төрағасы отыз күн iшiнде жалпы жиналысты (конференцияны) шақыруға мiндеттi.
      6. Палатаның Жарғысында өзге де мәселелер және осы Заң мен Палата Жарғысымен жалпы жиналыстың (конференцияның) айрықша құзыретiне жатқызған шешiмдердi қабылдау көзделуi мүмкiн.

      9-бап. Палатаның атқарушы органы

      1. Палатаның атқарушы органы палата мүшелерiнiң жалпы жиналысында (конференциясында) құпия дауыс беру арқылы басым дауыспен төрт жыл мерзiмге сайланады.
      2. Палатаның атқарушы органы:
      1) Палата қызметiнiң басым бағыттарын айқындайды;
      2) кәсiпкерлердiң мемлекеттік органдармен тиiмдi өзара iс-қимылын ұйымдастыру жөнiндегi жұмысты жүргiзедi;
      3) жалпы жиналыс (конференция) шешiмдерiнiң орындалуын ұйымдастырады;
      4) экономиканың әртүрлi салаларында кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және кәсiптiк бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
      5) Палата мүшелерiнiң кәсiпкерлiк қызметiне, өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiп үлгілерiн патенттеуге, тауарлық белгiлердi, қызмет көрсету белгілерiн және тауарлардың шыққан орнының атауларын тiркеуге жәрдем көрсетедi;
      6) Палатаның мүлкiне жарғыда және жалпы жиналыста (конференцияда) айқындалған тәртiпте иелiк етедi;
      7) бухгалтерлiк есеп, қаржылық және статистикалық есеп-қисап пен iс жүргiзудi ұйымдастырады;
      8) Палатаның мүшелерi жалпы жиналысының (конференциясының) айрықша құзырына жатқызылған мәселелерден өзге басқа да мәселелердi шешедi.

      10-бап. Палатаның атқарушы органының төрағасы

      1. Палатаның атқарушы органының төрағасы құпия дауыс берумен Палатаның атқарушы органы мүшелерiнiң жалпы санынан басым дауыспен оның мүшелерi арасынан сайланады.
      2. Палата атқарушы органының төраға Палатаның атқарушы органының жұмысын ұйымдастырады, Палатаның атқарушы органының мәжiлiсiн шақырады және оларға төрағалық етедi, жергілiктi өкiлеттi және атқарушы органдарда, қоғамдық бiрлестiктерде, басқа да, оның iшiнде халықаралық ұйымдарда Палатаны бiлдiредi.
      3. Палаталар Қауымдастығының атқарушы органының төрағасы Қауымдастықты Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында бiлдiредi.
      4. Палатаның атқарушы органы төрағасының басқа да өкiлеттiктерi жарғымен айқындалады.
      5. Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын Палатаның атқарушы органының шешiмi бойынша Палата мүшелерiнiң бiрi жүзеге асырады.

      11-бап. Палатаның ревизиялық комиссиясы

      1. Палатаның қаржылық-шаруашылық қызметiн бақылауды жүзеге асыру үшiн кемiнде үш мүшеден тұратын санда ревизиялық комиссия құрылады.
      2. Палатаның ревизиялық комиссиясының қызметкерлерi атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
      3. Палатаның ревизиялық комиссиясы жалпы жиналысқа (конференцияға) тiкелей бағынады және өз жұмысы туралы оның алдында есеп береді.

      12-бап. Палатаға мүшелiк

      1. Кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын заңды және жеке тұлғалар Палаталарға мүше бола алады.
      2. Мiндеттi мүшелiк жарналардың көлемi, құрылтайшылардан (қатысушылардан, мүшелерден) қаржылық және өзге де қаражат түсiмдерi тәртiбi жарғымен айқындалады.
      3. Палаталар өз мүшелерiнiң қызметiне араласуға және олардың құқықтары мен мүдделерiн бұзуға құқығы жоқ.
      4. Палата мүшелерi олардың жарғыларында көзделген жағдайларда палаталардың қызмет көрсетулерiн пайдаланады.

      13-бап. Палата мүшесiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Палатаның мүшесi:
      1) Палата, оның органдары мен лауазымды адамдары тарапынан жәрдемдесудi, кәсiби қолдауды және қорғауды пайдалануға;
      2) сайлауға және Палатаның органдарына сайлануға;
      3) Палата органдарының алдына оның қызметiне қатысты мәселелердi қоюға, Палатаның және оның органдарының жұмысын жақсарту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      4) жарғымен айқындалған тәртiпте және жағдайларда Палатаның мүлкiн пайдалануға;
      5) өз бастамашылығымен Палатаның құрамынан шығуға құқылы.
      2. Палатаның мүшесi:
      1) Палата жарғысының талаптарын қадағалауға;
      2) Палатаның және оның органдарының жалпы жиналыстарының (конференцияларының) шешiмдерiн орындауға;
      3) мүшелiк жарналар төлеуге мiндеттi.
      3. Палата мүшелерi өз құқықтары мен мiндеттерiнде тең.
      4. Палатаның мүшесi Палатаның алдында мүшелiк жарналар төлеу мiндетiнен басқа бiр жақты мүлiктік мiндеттер ала алмайды.

      14-бап. Палатадан шығару

      1. Атқарушы орган мынадай жағдайларда Палатаның мүшесiн Палатадан шығаруды жүргiзедi:
      1) Палата мүшесiнiң өз мiндеттерiн орындау кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары мен талаптарын бiрнеше мәрте бұзуы;
      2) Палата мүшесiнiң Палатаның және оның органдарының жалпы жиналысының (конференциясының) шешiмдерiн бiрнеше мәрте орындамауы;
      3) мiндеттi мүшелiк жарналарды жүйелi түрде төлемеуi;
      4) өз еркiмен;
      5) Палатаның жарғысымен көзделген өзге де жағдайларда.
      2. Палатаның мүшесi оның шығарған сәттен бастап алты ай өткен соң Палатаға қайта қабылдануы мүмкiн.
      3. Палатадан шығаруға Палатаның мүшесiне Палатаның атқарушы органының мүшелiктен шығару туралы шешiмiнiң көшiрмесiн берген күннен бастап бiр ай мерзiмде сот тәртiбiмен шағымдана алады.

      15-бап. Палаталар Қауымдастығының өкiлеттігi

      1. Палаталар Қауымдастығының қызметi осы Заңмен және оның жарғысымен айқындалады.
      2. Палаталар Қауымдастығы:
      1) палаталар қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
      2) Палаталардың құзыретiне қатысты мәселелер жөнiнде шетелдiк және халықаралық ұйымдармен келiсiм жасасады;
      3) мемлекеттік органдарда, мемлекеттiк емес, оның iшiнде шетелдiк және халықаралық органдарда палаталардың мүдделерiн таныстырады;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетiлдiру жөнiнде мемлекеттiк органдарға ұсыныстар енгiзеді;
      5) кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың, көрсетiлген тұлғалардың келiсiмi бойынша жасақталған тиiстi аумақтарда қаржылық-экономикалық жағдайы Қазақстан Республикасындағы кәсiпкерлiк қызмет үшiн серiктес ретiнде олардың сенiмдiлiк деңгейiн айқындауға мүмкiндiк беретiн сыртқы экономикалық қызметтiң қатысушыларының тiзiлiмiн айқындайды;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған және олардың жарғылық қызметiнiң мақсаттарына сәйкес келетiн өзге де қызметтi жүзеге асырады.
      3. Палаталар қауымдастығы өз қызметтерiнiң мақсаттарына сәйкес мемлекеттiк органдармен келiсiмдер жасай отырып, мемлекеттiк органдармен ынтымақтаса алады және олар үшiн белгілi бiр жұмыстарды орындайды не оларға аумақтық Палаталармен көрсетiлген келiсiмдер жасасу жөнiнде құқықтар бередi.
      4. Палаталар қауымдастығы жарты жыл және жыл қорытындысы бойынша сауда қызметi саласында мемлекеттiк реттеудi және үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы органға өз қызметi туралы ақпаратты бередi.

      16-бап. Аумақтық Палаталардың Өкiлеттігі

      1. Аумақтық Палаталар:
      1) кәсiпкерлердiң мемлекеттiк органдармен тиiмдi өзара iс-қимылын ұйымдастырады;
      2) экономиканың әртүрлi салаларында кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және кәсiби шеберлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
      3) көрмелер, семинарлар және конференциялар өткiзудi ұйымдастырады;
      4) озық технологияларды игеруде қазақстандық кәсiпорындарға және кәсiпкерлерге жәрдемдеседi;
      5) кәсiпкерлердiң сыртқы экономикалық қызметiн дамытуға жәрдемдеседі, қазақстан тауарлары мен қызмет көрсетулерiн әлемдiк рынокқа шығару үшiн халықаралық маркетинг пен жарнамалық қолдауды жүзеге асыру;
      6) шетелдердiң кәсiпкерлiк және қоғамдық топтарымен, сондай-ақ олардың бiрлескен немесе мүдделерiн бiлдiретiн ұйымдарымен байланыс орнату мәселесiне жәрдемдеседі;
      7) Палата мүшелерiнiң кәсiпкерлiк қызметiне, өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiп үлгілерiн патенттеуге, тауарлық белгiлердi, қызмет көрсету белгілерiн және тауарлардың шыққан орнының атауларын тiркеуге жәрдемдеседi;
      8) ұйымдарға және кәсiпкерлерге сыртқы рынокта сауда-экономикалық операциялар жүргiзуге практикалық көмек көрсетедi;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте сыртқы экономикалық қызмет мәселелерi жөнiнде ақпараттық, бағалау, брокерлiк, маркетингтік, жарнамалық, аудармашылық, сондай-ақ консалтингтік қызметтер көрсетедi;
      10) экономика, сыртқы экономикалық байланыстар саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына, сондай-ақ кәсiпкерлердiң мүддесiн қозғайтын басқа да мәселелер бойынша тәуелсiз сараптаманы жүзеге асырады;
      11) тауарлардың сапасының, санының және жиынының сараптамасын жүзеге асырады;
      12) кәсiпкерлiк қызметтi және палаталардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте мерзiмдiк баспасөз басылымдарын басып шығарады;
      13) өз мүшелерінің заңды мүдделерi мен құқықтарын қорғайды және оларды сот органдары мен ұйымдарда өзге де таныстырады;
      14) кәсiпкерлер мен ұйымдардың өтiнiмдерi бойынша нарықтық бағалардың конъюнктурасын зерделеу бизнес жоспарлар мен инвестициялық жобаларды әзiрлеу және сараптау бойынша жұмыстар жүргізедi;
      15) кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың, көрсетiлген тұлғалардың келiсiмi бойынша жасақталған тиiстi аумақтарда қаржылық-экономикалық жағдайы Қазақстан Республикасындағы кәсiпкерлiк қызмет үшiн серiктес ретiнде олардың сенiмдiлiк деңгейiн айқындауға мүмкiндiк беретiн сыртқы экономикалық қызметтiң қатысушыларының тізілімін жүргiзедi;
      16) экспорт-импорт мәселелерi бойынша барлық елдердің заңдары туралы, өткiзiлетiн жәрмеңкелер, көрмелер, миссиялар туралы, халықаралық тауар айналымы мен төлемдер туралы, халықаралық сауда және iшкi шаруашылық қызметпен байланысты басқа да мәселелердiң жай-күйi туралы aқпapатты жинауды, талдауды және өз мүшелерiне ұсынуды жүзеге асырады.
      2. Аумақтық Палаталар Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған және олардың қызмет мақсаттарына сәйкес келетiн өзге де қызметті жүзеге асыруға құқылы.
      3. Аумақтық Палаталар жарты жылдың және жылдың қорытындылары бойынша Палаталар Қауымдастығына өз қызметi туралы ақпарат береді.
      4. Өз құзырлары шегiнде Аумақтық Палаталар берген құжаттар Қазақстан Республикасының барлық аумағында мойындалады.

      17-бап. Палаталарды қайта ұйымдастыру және тарату

      Палаталарды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртіпте жүзеге асырылады.

      18-бап. Қазақстан Республикасының
               Палаталар туралы заңдарын бұзғаны үшiн
               жауапкершiлік

      Палаталар туралы заңдарды бұзу Қазақстан Республикасының заңымен белгіленген тәртіпте жауапкершiлiкке әкеледi.

      19-бап. Өтпелi ережелер

      Өз атауында "Сауда өнеркәсiп палатасы" деген сөз тiркесiн пайдалана отырып, "Қазақстан Республикасындағы сауда өнеркәсiп палаталар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғанға дейiн тiркелген ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес үш ай iшiнде тiркеуге жатады.

      20-бап. Осы Заңды күшiне енгiзу тәртiбi

      Осы Заң оны ресми түрде жариялаған күннен бастап күшiне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады