Ресей Федерациясының "Троицк мемлекеттік аудандық электр станциясы" ашық акционерлік қоғамының (бұдан әрі - "Троицк МАЭС" ААҚ) Қазақстан Республикасының аумағына күл-қоқыс қалдықтарын әкелуіне әрі оларды орналастыруға байланысты мәселелерді реттеу мақсатында және "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі Заңы 60-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. "Троицк МАЭС" ААҚ-қа 2007 жылғы 30 қыркүйекке дейін күл-қоқыс қалдықтарын Қазақстан Республикасы Қостанай облысының аумағына әкелуіне және Шұбаркөл көлінің жабдықталған күл үйіндісіне орналастыруға рұқсат берілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бір ай мерзімде заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) "Троицк МАЭС" ААҚ-қа күл-қоқыс қалдықтарын Шұбаркөл көлінің жабдықталған күл үйіндісіне орналастыруға рұқсат берсін;
2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А.С.Есімовке жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі