Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Эстония Республикасының Үкiметі арасында Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 маусымдағы N 611 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Эстония Республикасының Yкiметi арасындағы Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрi Дүйсен Қорабайұлы Қасейiновке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Эстония Республикасының Үкiметi арасында Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба   

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Эстония Республикасының Yкiметі арасындағы
Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты
дамыту туралы келiсiм

      Бұдан әрi - Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Эстония Республикасының Үкiметi
      бостандықтың, демократияның, заң үстемдiгiнiң, адам құқықтарын сыйлаудың, ар-ождан және дiнге сенiм бостандығының, дербестен таныту еркiндігінiң құндылықтарын ұстануды дәлелдей отырып,
      мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерi халықтарының арасында достық пен өзара түсiнiстіктi дамытуға ықпал ететiндігіне сенiм бiлдiре отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Тараптар жеке тұлғаны сыйлау, сөз, ар-ождан және дiнге сенiм, заң үстемдігі бостандығының рухани және мәдени құндылықтарды тану негізiнде мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға және тереңдетуге ерекше мән беретiн болады.

  2-бап

      Тараптар осы Келiсiмнiң мақсаттарына жетуге және Тараптар мемлекеттерiнiң халықтарын өзара жақындастыруға ықпал ететiн, мемлекеттiк, қоғамдық және жеке институттар, ұйымдар мен бiрлестiктер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың бастамалары мен нысандарын қолдайтын болады.

  3-бап

      Мәдени ынтымақтастықты дамыту мен нығайту мақсатында Тараптар өзаралық қағидаттар негізінде:
      - мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерiмен көркем және шығармашылық ұжымдармен, әртiстермен алмасуды;
      - мәдениет пен өнер фестивальдерiн, көркемдiк көрмелердi ұйымдастыру мен өткiзудi;
      - театр және музыкалық шығармаларды қою мен орындауды;
      - мұражай iсi мен тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы ынтымақтастықты;
      - әдеби шығармаларды, музыкалық жазбалар мен партитураларды аудару мен жариялауды;
      - кино өнерi саласындағы ынтымақтастықты, кинофестивальдар өткiзудi, сондай-ақ бiрлесiп фильм шығаруды;
      - мәдени-тарихи мұраларды, мұрағат және кiтапхана қорларын, ақпараттық және ғылыми-техникалық деректердi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес қол жеткiзу мен еркiн пайдалануды көтермелейтiн және қолдайтын болады.

  4-бап

      Тараптар заңды және жеке тұлғалардың авторлық құқықтарын Тараптар мемлекеттерiнiң аумағындағы ұлттық заңнама талаптарына және өздерi қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қорғайтын болады.

  5-бап

      Тараптар бiлiм саласында ынтымақтасатын және:
      - лекциялар мен ғылыми зерттеулер жүргiзу үшiн оқытушылармен, тағылымдамадан өтушiлермен, аспиранттармен және басқа да мамандармен алмасуға;
      - мүмкiндiгiнше оқу орындарында оқу және тағылымдамадан өту үшiн орындар мен стипендиялар беруге;
      - студенттер және оқушылармен алмасуға;
      - екi ел халықтарының тiлi мен әдебиетiн, тарихы мен мәдениетiн зерделеуге;
      - өз мемлекеттерiнiң тарих, мәдениет, география, экономика және қоғамдық-саяси даму жөнiндегі оқу курстары мен құралдарында объективтi көрсету iсiнде, оның iшiнде тиiстi құжаттармен және материалдармен алмасу жолымен өзара iс-қимыл жасауға жәрдемдесетiн болады.

  6-бап

      Тараптар оқу орындары мен ғылыми ұйымдар арасында байланыстар орнату, ғалымдармен және ақпаратпен алмасу, сондай-ақ бiрлескен зерттеу жобаларын iске асыру арқылы бiлiм және ғылым саласындағы өзара тиiмдi ынтымақтастықты қолдайтын және көтермелейтiн болады.

  7-бап

      Тараптар теледидар, радио және баспасөз ұйымдары арасындағы ынтымақтастық пен тiкелей байланыстарға мынадай жолдармен жәрдемдесетін болады:
      - Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына қайшы келмейтiн радио және теледидар бағдарламаларымен алмасу;
      - Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына қайшы келмейтiн ақпараттық агенттіктер, газеттер мен журналдар редакциялары арасындағы байланыстар;
      - журналистермен және мамандармен алмасу, кездесулер мен семинарлар өткiзу.

  8-бап

      Тараптар баспа қызметі, полиграфия және кiтап саудасы саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесетiн болады.

  9-бап

      Тараптар денсаулық сақтау және медицина ғылымы саласындағы ынтымақтастыққа мынадай бағыттар бойынша жәрдемдесетiн болады:
      - денсаулық сақтауды ұйымдастыру және аурулардың алдын-алу;
      - бiрлескен ғылыми зерттеулер мен консультациялар өткiзу;
      - медициналық-техникалық ақпаратпен алмасу;
      - оқу орындары мен ғылыми орталықтар арасында тiкелей байланыстар орнату;
      - мамандармен және студенттермен алмасу.

  10-бап

      Тараптар спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуды мыналарды қолдай отырып көтермелейтiн болады:
      - спорттық объектiлердi жобалау, жарақтандыру, пайдалану саласында мамандармен алмасу;
      - жарыстар мен басқа да спорттық iс-шараларды ұйымдастыру;
      - делегациялармен, командалармен, спортшылармен және жаттықтырушылармен алмасу.

  11-бап

      Тараптар балалар, жастар қоғамдық бiрлестiктерiнiң қызметi, мемлекеттік жастар саясатының бағыттары туралы ақпаратпен алмасуды жүзеге асырады, өз мемлекеттерiнiң жастар ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етедi.

  12-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан тарапынан:
      - Мәдениет министрлігі - мәдениет және жастар мәселелерi бойынша,
      - Ақпарат министрлігі - бұқаралық ақпарат құралдары мәселелерi бойынша,
      - Бiлiм және ғылым министрлігі - бiлiм және ғылым мәселелерi бойынша,
      - Денсаулық сақтау министрлiгi - денсаулық сақтау мәселелерi бойынша,
      - Туризм және спорт жөнiндегi агенттiк - спорт мәселелерi бойынша;
      Эстон тарапынан:
      - Мәдениет министрлігі - мәдениет және спорт мәселелерi бойынша,
      - Бiлiм және ғылым министрлігі - бiлiм, ғылым және жастар мәселелерi бойынша.
      Құзыретті мемлекеттiк органдардың атауы немесе олардың функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бiр-бiрiн дипломатиялық арналар бойынша хабардар етедi.

  13-бап

      Тараптар Келiсiмге тиiстi ынтымақтастық бағдарламаларын 2-3 жылға қабылдай алады.

  14-бап

      Осы Келiсiмде көзделген қызметтiң барлық түрлерi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына және Тараптардың мемлекеттерi қатысушылар болып табылатын халықаралық келiсiмдер мен конвенцияларға сәйкес келуi және жүзеге асырылуы тиiс.

  15-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша оның ажырамас бөлiктерi болып табылатын жекелеген Хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн.

  16-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптар басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылдаған құқықтар мен мiндеттемелердi қозғамайды.

  17-бап

      Егер әрбiр жекелеген жағдайда шығындарды қаржыландырудың өзгеше тәртiбi айтылмаған болса, әрбiр Тарап осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты барлық шығыстарды дербес алады.

  18-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдану немесе түсiндiру кезiнде туындауы мүмкiн даулар мен келiспеушiлiктер Тараптардың келiссөздерi мен консультациялары жолымен шешiлетiн болады.

  19-бап

      Осы Келiсiм Тараптар оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бipeуi екiншi Тараптың кезектi мерзiм аяқталғанға дейiн кемiнде алты ай iшiнде оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алмаса, өздiгiнен келесi бесжылдық кезеңге ұзартылады.
      Егер Тараптар өзгеше келiспеген болса, осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату оның қолданылуы барысында бекiтiлген бағдарламаларды жүзеге асыруға кедергі келтiрмейдi.

      2004 жылғы "___" ______ ______ қаласында әрқайсысы қазақ, эстон және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң бiрдей күшi бар. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер болған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

      Қазақстан Республикасының         Эстония Республикасының
      Yкiметі үшiн                      Yкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады