Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің бағалы қағаздар рыногындағы ынтымақтастығы туралы келiсiмге қол қою туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногындағы ынтымақтастығы туралы келiсiмге қол қою туралы
Қаулы етемін:
1. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногындағы ынтымақтастығы туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногындағы ынтымақтастығы туралы келiсiмге қол қойылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Жоба
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногындағы ынтымақтастығы туралы
Келісім
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыра отырып,
бағалы қағаздар эмиссиясы мен айналысының бiрыңғай тәртiбiн, бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметті жүзеге асырудың бiрыңғай тәртiбiн, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберiнде инвесторлардың құқықтарын қорғау мен қамтамасыз етудiң бiрыңғай принциптерiн құру қажеттілігін түсiне отырып,
Тараптардың экономикалық әлеуетiнiң өсуiне қолдау көрсетуге ұмтыла отырып,
мына төмендегілер туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаттары бiрыңғай мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногын құру, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберiнде мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногы инвесторларының мүдделерiн қорғау жөнiндегі шараларды әзiрлеу мен қабылдау, мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногы туралы ақпараттық деректер базасын құру және оны Тараптардың тең құқылы пайдалануын қамтамасыз ету болып табылады.
Бұл ретте мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногы деп жұмыс iстеу мен мемлекеттік реттеудiң жалпы принциптерiмен бiрiккен Тараптардың бағалы қағаздар рыноктарының жиынтығын түсiнiледi.
2-бап
Бағалы қағаздардың шығарылымдарын және шығарылым қорытындылары туралы есептердi мемлекеттiк тiркеу бағалы қағаздар орналастырылатын әрi айналыста болатын аумақ Тарапының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3-бап
Мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногына қатысушылар әрбiр Тараптың заңнамасына сәйкес айқындалған бағалы қағаздардың эмитенттерi, инвесторлар, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары болып табылады.
4-бап
Бағалы қағаздардың эмитентi резидент болып табылатын Тараптың аумағынан тыс бағалы қағаздарды орналастыруға әрi айналысқа жiберуге рұқсат беру осы Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Эмитентi резидент еместер болып табылатын бағалы қағаздарды кез келген Тараптың аумағында орналастыруға әрi айналысқа жiберуге рұқсат беру аумағында бағалы қағаздар орналастырылатын әрi айналыста болатын Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл ретте "резидент" және "резидент емес" деген ұғымдар әрбiр Тараптың заңнамасына сәйкес айқындалады.
5-бап
Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет аумағында осындай қызмет жүзеге асырылатын Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6-бап
Мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногындағы мәмілелер аумағында жасалатын Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногында бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер бойынша есеп айырысулар аумағында осы мәмiлелер жасалатын Тарап заңнамасының талаптарын ескере отырып мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногына қатысушылардың келiсiмi бойынша айқындалады.
7-бап
Тараптардың әрқайсысы өзiнiң бағалы қағаздар рыногында басқа Тараптың резиденттерiне барынша қолайлы режимдi ұсынады.
8-бап
Тараптар:
1) бағалы қағаздардың эмиссиясын реттейтiн;
резиденттердiң бағалы қағаздарын басқа Тараптың аумағында орналастыруға әрi айналысқа жiберуге рұқсат берудi реттейтiн;
резидент еместердiң бағалы қағаздарын орналастыруға әрi айналысқа жiберуге рұқсат берудi реттейтiн;
бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының және ұжымдық инвестициялар институтының қызметін реттейтiн;
Бұл ретте ұжымдық инвестициялар институты деп инвестициялық қорларды, мемлекеттiк емес зейнетақы қорларын, инвестициялық қорлар мен мемлекеттік емес зейнетақы қорларының басқарушы компанияларын және мамандандырылған депозитарийлерiн, сондай-ақ әрбiр Тараптың заңнамасына сәйкес ұжымдық инвестициялар институтына жататын өзге де ұйымдарды түсiнуге болады;
бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының және ұжымдық инвестициялар институтының мамандарына қойылатын бiлiктілiк талаптарын белгілейтiн;
бағалы қағаздар рыногында мәмілелердiң жасалуына қойылатын талаптарды белгілейтiн;
бағалы қағаздар рыногында ақпаратты жария етудi реттейтiн;
2) корпоративтік мiнез-құлық кодекстерiнiң үйлесiмдiлiгi бойынша;
3) бағалы қағаздар рыногында бақылау жасауға бiрыңғай көзқарасты құрау бойынша шараларды қолға алуға мiндеттенедi.
9-бап
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті Тараптардың бағалы қағаздар рыноктары туралы ақпараттық деректер базасын қалыптастырады.
Тараптар өздерiнiң заңнамасына сәйкес Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетiне өздерiнiң бағалы қағаздар рыноктарына қатысты мәлiметтердi ұсынуға мiндеттенедi.
10-бап
Тараптар өздерiнiң бағалы қағаздар рыноктарын реттеу жөнiндегi уәкілеттi органдарына мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногында бақылау жасау үшін қажеттi ақпаратпен тұрақты негізде алмасуды тапсырады.
Тараптар осы Келiсiмнiң негізiнде мұндай мәлiметтердi берген Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз Тараптардың бiреуiнен алынған мәлiметтердi үшiншi тарапқа бермеуге мiндеттенедi.
11-бап
Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi жұмысты үйлестіру Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетiнiң 2002 жылғы 29 қарашадағы N 159 шешiмiне сәйкес құрылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетiнiң жанындағы Бағалы қағаздар рыноктарын реттеу жөнiндегi уәкілеттi органдар басшыларының кеңесiне жүктеледi.
12-бап
Осы Келiсiм Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мүшелерiне қабылданған кез келген мемлекеттiң оған қосылуы үшiн ашық.
Осы Келiсiмге қосылу туралы құжат Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетi болып табылатын депозитарийге сақтауға тапсырылады.
Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келiсiм депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнiнен бастап күшiне енедi.
13-бап
Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келiсiмге оның ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн.
14-бап
Осы Келiсiмдi қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулар мүдделi Тараптардың консультациялары мен келiссөздерi жолымен шешiледi.
15-бап
Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бiреуi де кезектi бесжылдық кезең аяқталғанға дейiн кемiнде алты ай бұрын депозитарийге өзiнiң оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны жiбермесе, келесi бесжылдық кезеңдерге ұзартылады.
16-бап
Осы Келiсiм оған қол қойған Тараптар қажеттi мемлекетішілік рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы хабарлама депозитарийдiң сақтауына тапсырылған күнiнен бастап күшіне енедi.
Тараптардың әрқайсысы депозитарийге бұл туралы шыққанға дейiн кемiнде алты ай бұрын жазбаша хабарламаны жiбере отырып, осы Келiсiмнен шыға алады.
Осы Келiсiм Тараптардың осы Келiсiммен қамтылатын мәселелерге қатысты қолданылып жүрген халықаралық шарттары бойынша немесе осы Келiсiмнiң мәнi мен мақсаттарына сәйкес жасалуы мүмкiн халықаралық шарттар бойынша өзара құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
200 ж. "__" _______ қаласында бiр түпнұсқалық данада орыс тiлiнде жасалды.
Беларусь Республикасы үшiн
Қазақстан Республикасы үшiн
Қырғыз Республикасы үшiн
Ресей Федерациясы үшiн
Тәжiкстан Республикасы үшін