"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 маусымдағы N 699 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметі қаулы етеді:
      "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы Мәдениет туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасында мәдениетті жасау, өркендету, сақтау, дамыту, тарату және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудiң құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк және ұйымдық негіздерiн айқындайды.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлерiн аттестациялау - мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерiнiң бiлiктiлiк деңгейінің бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн айқындау мақсатында өткiзiлетiн рәсiм;
      2) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат - мемлекеттік органдар қабылдайтын, мәдениетті жасауға, өркендетуге, сақтауға, дамытуға, таратуға және пайдалануға бағытталған шаралар кешенi;
      3) мәдениет саласындағы қызмет - мемлекеттiк органдардың, өзге де ұйымдардың және жеке тұлғалардың мәдени құндылықтарды жасау, өркендету, сақтау, дамыту, тарату және пайдалану, сондай-ақ олардан азаматтардың нәр алуы жөніндегі қызметi;
      4) мәдениет - адамзат жасайтын және адамдардың рухани қажеттіктерi мен мүдделерiн қанағаттандыруға бағытталған материалдық және рухани құндылықтардың жиынтығы;
      5) Қазақстан Республикасы халқының мәдени мұрасы - мемлекеттiк маңызы бар және осыған орай өзге мемлекеттерге беру құқығынсыз Қазақстан Республикасына бiржола тиесілі мәдени құндылықтардың жиынтығы;
      6) мәдени құндылықтар - зайырлы және дiни сипаттағы мәдени мұра заттары, сондай-ақ тарихи, көркем, ғылыми немесе өзге де мәдени маңызы бар құндылықтар;
      7) ұлттық-мәдени игiлiк - елдiң тарихы мен мәдениетi үшiн ерекше маңызы бар, Ұлттық мәдени игілiк объектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгізiлген мәдени құндылықтар;
      8) ұлттық-мәдени игiлiк объектілерiнiң ерекше режимi - тарихи-мәдени мұра объектілерiн сақтау, күтiп-ұстау, қалпына келтiру, қорғау және пайдалану жөнiнде мемлекет қабылдайтын шаралар;
      9) көтермелеудiң салалық жүйесi - саланы дамытуға қосқан үлесi үшiн мәдениет және өнер қызметкерлерiн моральдық ынталандыру нысаны;
      10) кәсiби құпия - жария етілуi шығармашыл қызметкердiң, ұжымның әрi өзге де жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне не зияткерлiк меншігіне зиян келтiруi мүмкiн шығармашылық сипаттағы мәлiметтер;
      11) порнография - жынысқа, жыныстық қатынастарға қатысты әлдененi бейнелеудегі әдепсiздiк, шектен шыққан ұятсыздық;
      12) мәдени қызмет субъектiсi - мәдениет саласындағы қызметке қатысатын мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар;
      13) мәдениет саласындағы әлеуметтiк мәнi бар iс-шаралар - естелiк және мерейтой даталарын, мәдениет күндерiн, фестивальдарды, байқауларды, конкурстарды, көрмелердi өткiзу жөніндегі iс-шаралар және мемлекеттің көрнектi қайраткерлерiн республикалық деңгейде және шет елдерде мәңгі есте қалдыру;
      14) шығармашыл қызметкер - кәсiби немесе әуесқой шығармашылық қызметін көркем құндылықтарды жасауға, әдебиет пен өнер туындысын қандай тәсiлмен немесе қандай нысанда болса да көрсетiп түрлендiруге немесе мәнiн ашуға арнаған жеке адам;
      15) шығармашылық одақ - мәдениеттің бір немесе бiрнеше жанрының кәсiби шығармашыл қызметкерлерiнiң жеке мүшелігі негізiнде құрылатын кәсiби-шығармашылық қоғамдық бiрлестiктiң түрі;
      16) шығармашылық қызмет - көркем құндылықтарды жасауға немесе әдебиет пен өнер шығармаларын кез келген нысанда және кез келген тәсілмен мәнiн ашуға (тәржiмалауға) бағытталған қызмет;
      17) көркем құндылықтар - шығармашылық қызмет нәтижесiнде жасалған мәдениет және өнер туындылары;
      18) мәдениет саласындағы уәкілеттi орган (бұдан әрі - уәкілеттi орган) - мәдениет саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

       2-бап. Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына негізделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Мәдениет саласындағы мемлекеттiк саясаттың
               принциптерi

      Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттiк саясатының негiзгі принциптерi мыналар болып табылады:
      1) мәдениетті мемлекеттiк қолдау, Қазақстан Республикасы азаматтарының мәдениет және мәдени өмiрге қатысу саласындағы қызметiн жүзеге асыру құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау;
      2) азаматтардың өз қызығушылықтары мен қабiлеттерiне сәйкес кәсiби де, сондай-ақ бейкәсiби де (әуесқойлық) негіздегi шығармашылық қызметiнiң еркiндiгі;
      3) барлық азаматтардың мәдени құндылықтарды жасаудағы, өркендетудегі, сақтаудағы, дамытудағы, таратудағы және пайдаланудағы құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң теңдiгі;
      4) Қазақстан халқының тарихи және мәдени мұрасын сақтау, қоғамның шығармашылық әлеуетін дамыту және арттыра түсу үшін құқықтық жағдайлар жасау;
      5) тарихи және мәдени мұраны қорғау;
      6) Қазақстан Республикасының заң актілерiнде белгіленген тәртiппен басқа тұлғалармен шығармашылық одақтарға, өзге де қоғамдық бiрлестіктерге бiрiгу еркiндiгi;
      7) балаларды, оқушы жастарды ұлттық және әлемдiк мәдени құндылықтардан нәр алуға, эстетикалық тұрғыдан тәрбиелеуге ықпал ететiн тәрбие жүйесiн дамыту;
      8) қазақтың ұлттық мәдениетiнiң тұтастығын сақтау мен өзара байыту факторларының бiрi ретiнде шет жерлерде тұратын отандастармен мәдени байланыстарды дамыту.

       4-бап. Мәдениет саласындағы негізгi мiндеттер

      Мәдениет саласындағы негізгі мiндеттер мыналар болып табылады:
      1) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру;
      2) Қазақстан Республикасы халқының мәдениетiн өркендетуге, сақтауға, дамытуға және таратуға бағытталған шараларды қабылдау;
      3) азаматтарға эстетикалық тәрбие беру үшiн жағдайлар жасау;
      4) мәдени құндылықтарға еркiн қолжетiмдiлiкті қамтамасыз ету;
      5) мәдениет саласында Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтік, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiктi, зорлық-зомбылық пен порнографияны насихаттауға немесе үгіттеуге жол бермеу жөнiнде шаралар қолдану;
      6) мәдени құндылықтардың заңсыз әкетiлуiне және меншiк құқығының басқаға берiлуiне тосқауыл қою, оларды кез келген заңсыз иеленуден қайтарып алуға шаралар қолдану;
      7) мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық үшiн жағдайлар жасау;
      8) азаматтардың ұлттық-мәдени қозғалыстарға қатысу еркiндiгін қоса алғанда, олардың өзiндiк ұлттық және мәдени даралығын қорғауы мен дамытуы, мәдениет ұйымдарын құруы, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шетелдегі отандастарымен мәдени байланыстарын кеңейтуге қатысуы құқықтарының iске асырылуын қамтамасыз ету.

  2-тарау. Мәдениет саласындағы мемлекеттiк басқару

       5-бап. Мәдениет саласындағы қызметтi мемлекеттiк басқару

      1. Мәдениет саласындағы қызметті мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi, уәкiлеттi орган және жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк органдар өз құзыретiнiң шегінде мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыруға қатысады.

       6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) мәдениет, сондай-ақ халықаралық мәдени байланыстар саласында мемлекеттік саясаттың негiзгі бағыттарын әзiрлеп iске асырады;
      2) мәдениеттi дамытудың салалық бағдарламаларын бекiтедi;
      3) мәдениет саласындағы қызметті регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi;
      4) мәдениет ұйымдарына "Академиялық" мәртебесiн берудiң тәртiбi мен шарттарын бекiтедi;
      5) мәдениет саласындағы мемлекеттiк мекемелердiң және мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылатындардың ақылы қызметтер көрсету ережелерiн айқындайды;
      6) Ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiн жүргізудiң тәртiбi мен шарттарын бекiтедi;
      7) мәдени құндылықтарды әкелуге және әкетуге рұқсат беру ережелерiн бекiтедi;
      8) мемлекеттiк мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату жөнiнде шешiм қабылдайды.

       7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлетті орган:
      1) Салалық бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады, Қазақстан Республикасы халқының мәдениетiн дамыту үшiн жағдайлар жасайды;
      2) мәдениет саласындағы ғылыми бағдарламаларды әзiрлейдi, бекiтедi және iске асырады;
      3) мәдениет ұйымдарының қызметiн регламенттейтiн нормативтік құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;
      4) мәдениет саласында ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз етудi және салааралық үйлестірудi жүзеге асырады;
      5) ұлттық-мәдени игілiк объектiлерiнiң ерекше режимiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
      6) Қазақстан Республикасының аумағында тарих, материалдық және рухани мәдениет ескерткiштерiн есепке алу, қорғау, тұмшалау, қалпына келтiру және пайдалану жөніндегі iс-шараларды әзiрлеп, ұйымдастырады және Ұлттық-мәдени игілiк объектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргізедi;
      7) республикалық маңызы бар мемлекеттік мәдениет ұйымдарының театр, музыка өнерiн, кинематографияны, кiтапхана және мұражай iсiн дамыту жөнiндегi қызметiне қолдау көрсетедi және үйлестіредi, мәдениет саласындағы республикалық мемлекеттiк мекемелердiң қызметiн қамтамасыз етедi;
      8) мәдениет саласында мемлекеттiк ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату жөнiнде ұсыныстарды енгізедi;
      9) мәдениет саласында әлеуметтік мәнi бар iс-шараларды өткiзудi жүзеге асырады;
      10) мәдениет және өнер қайраткерлерiне Қазақстан Республикасының құрметті атақтарын және мемлекеттiк наградаларын беру туралы ұсыныстарды заңдарда белгіленген тәртiппен енгізедi;
      11) көтермелеудiң салалық жүйесiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      12) шығармашылық қызметтiң түрлi салаларындағы Ұлттық (Республикалық) және халықаралық конкурстарды, сыйлықтар мен жүлделердi тағайындайды;
      13) ведомствоға қарасты мемлекеттiк мәдениет ұйымдарының жанрға қатыстылығы мен қызметiнiң тегiн айқындайды;
      14) мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерiнiң санаттарына қойылатын үлгідегі бiлiктiлiк талаптарын әзiрлейдi және бекiтедi;
      15) мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлерiн аттестациялау ережелерiн бекiтедi;
      16) республикалық мемлекеттiк мәдениет ұйымдарының қызметкерлерiне аттестация жүргiзедi;
      17) халықаралық мәдени ынтымақтастық саласындағы қызметтi жүзеге асырады және үйлестiредi;
      18) шығармашыл қызметкердiң мәртебесiн айғақтайтын сертификатты беру тәртібiн бекiтедi;
      19) Қазақстан Республикасының мұражай қорын қалыптастыру мен ұстау тәртiбiн бекiтедi;
      20) көркемдiк-сарапшы кеңестер туралы ереженi бекiтедi;
      21) мәдени құндылықтарды уақытша әкелуге және әкетуге белгiленген тәртіппен рұқсат бередi;
      22) мәдени құндылықтарды әкелу және әкету жөнiндегi сарапшы комиссия туралы ереженi бекiтедi.

       8-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың,
               астананың) атқарушы органның құзыретi

      Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы орган:
      1) мәдениет саласында өңiрлiк даму бағдарламаларын әзiрлейдi және олардың орындалуын қамтамасыз етедi;
      2) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) театр, музыка және кино өнерi, кiтапхана және мұражай iсi саласындағы мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады, таратады, сондай-ақ олардың қызметiн үйлестірудi жүзеге асырады;
      3) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) театр, музыка және кино өнерiн, кiтапхана және мұражай iсiн дамыту жөнiндегi мемлекеттiк мәдениет ұйымдарының қызметiне қолдау жасайды, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мәдениет саласындағы мемлекеттiк мекемелерiнiң қызметiн қамтамасыз етедi;
      4) шығармашылық қызметтiң түрлi салаларында облыстық (өңiрлiк) байқаулар мен конкурстарды ұйымдастырады;
      5) облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мәнi бар тарих, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерiн есепке алу, қорғау, тұмшалау және қалпына келтiру, сондай-ақ пайдалану жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      6) статистикалық байқаулар жүргізедi және мәдениет саласындағы уәкiлетті органға белгiленген нысандағы статистикалық есептердi табыс етедi;
      7) облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) деңгейде сауықтық мәдени-көпшiлiк iс-шараларын өткiзудi жүзеге асырады;
      8) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттiк мәдениет ұйымдарының қызметкерлерiне уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестация жүргізедi;
      9) мәдениет саласындағы мемлекеттік коммуналдық меншiкті басқаруды өз құзыретiнiң шегінде жүзеге асырады.

       9-бап. Аудандық (қалалық) атқарушы органның құзыретi

      Аудандық (қалалық) атқарушы орган:
      1) театр, музыка және кино өнерi, кiтапхана және мұражай iсi, мәдени демалыс жұмысы саласындағы аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік мәдениет мекемелерiн құрады, сондай-ақ олардың қызметін үйлестірудi жүзеге асырады;
      2) жергіліктi маңызы бар тарих, материалдық және рухани мәдениет ескерткiштерiн есепке алу, қорғау және пайдалану жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      3) аудандық (қалалық) деңгейде сауықтық мәдени-көпшілiк iс-шараларын өткiзудi, сондай-ақ әуесқой шығармашыл бiрлестiктер арасында байқаулар мен конкурстар өткiзудi жүзеге асырады;
      4) статистикалық байқаулар жүргiзедi және облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органға белгiленген нысандағы статистикалық есептердi табыс етедi;
      5) аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлерiне уәкілеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестация жүргізедi;
      6) мәдениет саласындағы мемлекеттік коммуналдық меншіктi басқаруды өз құзыретiнің шегінде жүзеге асырады.

  3-тарау. Азаматтардың мәдениет саласындағы
құқықтары мен мiндеттерi

       10-бап. Азаматтардың мәдениет саласындағы шығармашылық
                қызметке құқықтары

      1. Азаматтардың өз қабілеттерiне сай оны жұмсау саласын, iске асыру мен кәсiби бiлiм алу нысандарын дербес таңдауы арқылы шығармашылық қызметпен айналысуға құқығы бар.
      Шығармашылық қызметпен айналысу кәсiби негізде де, бейкәсiби (әуесқой) негiзде де жүзеге асырылуы мүмкiн.
      2. Азаматтарға мәдени құндылықтардан нәр алу құқығы қамтамасыз етіледi. Бұл құқықтың шектелуi тарихи-мәдени мұра объектілерiн қорғау мен пайдаланудың ерекше режимiне байланысты ғана белгiленуi мүмкiн.
      3. Кәсiби және бейкәсiби (әуесқой) шығармашыл қызметкерлер авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласында, зияткерлiк меншiк, кәсiби құпияларды қорғау, өз еңбегiнiң нәтижелерiне иелiк ету еркіндігі, мемлекеттің қолдауы құқықтарына тең құқылы.
      Азаматтардың кәсiби және бейкәсiби (әуесқой) шығармашылық қызметi ұжымдық немесе дербес негізде жүзеге асырылады.
      4. Азаматтар мәдениет саласындағы өзге де құқықтарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес пайдаланады.

       11-бап. Азаматтардың мәдениет саласындағы мiндеттерi

      Азаматтар:
      1) Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы заңдарының талаптарын сақтауға;
      2) тарихи және мәдени мұраны сақтауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн күтiп-ұстауға;
      3) Қазақстан халықтарының тілін, мәдениетiн, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерiн құрметтеуге міндеттi.

  4-тарау. Шығармашыл қызметкерлердiң, шығармашылық
одақтардың және бейкәсiби (әуесқой) шығармашылық
бiрлестiктердiң құқықтық мәртебесi

       12-бап. Шығармашыл қызметкер

      1. Шығармашылық одаққа мүше шығармашыл қызметкердiң мәртебесiн өзiнiң жарғылық құжаттарына сәйкес осы одақ куәландырады.
      2. Шығармашылық одақтарға мүше емес шығармашыл қызметкердiң мәртебесi уәкілеттi орган белгілеген тәртіппен берілетін сертификатпен куәландырылады.
      3. Шығармашыл қызметкердiң сертификатын алуға негiз үмiткердiң шығармашылық қызметi болып табылады.

       13-бап. Шығармашыл қызметкердiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Шығармашыл қызметкер:
      1) кәсiби құпияны қорғау;
      2) өз қызметіне үшiншi адамдарды тарту;
      3) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу;
      4) шығармашылық және кәсiби мүдделерi бойынша қоғамдық бiрлестіктерге, қауымдастықтарға және одақтарға кiру;
      5) шығармашылық қызметiн жүзеге асыру үшін мұрағаттарға, кiтапханаларға, мұражайлар мен басқа да мәдениет ұйымдарына қол жеткізу құқығын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес барлық құқықтарды пайдаланады.
      2. Шығармашыл қызметкер шығармашылық қызметiн жүзеге асыруда Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын сақтауға мiндеттi.

       14-бап. Шығармашыл қызметкерлердiң әлеуметтiк мәртебесi

      1. Қызметi зиянды өндiрiспен, асқан тәуекелмен және кәсіптік ауруларға шалдығу қатерлерiмен байланысты шығармашыл қызметкерлердi әлеуметтік қорғау және сақтандыру, сондай-ақ оларды зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiпте және жағдайларда жүргізіледi.
      2. Құрметті атақтар мен мемлекеттiк наградаларға ие болған шығармашыл қызметкерлердi, сондай-ақ аса дарынды жас шығармашыл қызметкерлердi мемлекеттік қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мәдениет саласында мемлекеттiк стипендиялар тағайындалады.

       15-бап. Шығармашылық одақтар

      1. Бiрлескен күш-жiгердi талап ететiн мәдениет саласындағы шығармашылық қызметтi жүзеге асыру үшін ерiктiлiк негiзiнде шығармашыл қызметкерлерден құралатын шығармашылық одақтар құрылуы мүмкiн.
      2. Қазақстан Республикасында республикалық, өңiрлiк және жергілiктi шығармашылық одақтар құрылып, жұмыс iстей алады.
      3. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қызметiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) бар шығармашылық одақ республикалық деп танылады.
      4. Қазақстан Республикасы облыстарының кемiнде жартысының аумағында құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) бар шығармашылық одақтар өңiрлiк деп танылады.
      5. Қызметін бiр облыстың аумағында жүзеге асыратын шығармашылық одақтар жергiлiктi шығармашылық одақтар деп танылады.
      6. Шығармашылық одақтардың халықаралық шығармашылық ұйымдармен қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ халықаралық шарттарымен реттеледi.
      7. Шығармашылық одақтарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

       16-бап. Шығармашылық одаққа мүшелік

      1. Шығармашылық одақтың жарғысында белгіленген талаптарға сай келетiн шығармашыл қызметкер шығармашылық одаққа кiру құқығына ие болады.
      2. Шығармашылық одақтың жарғысында үмiткерлерге және мүшелерге қойылатын талаптар азаматтардың мүлiктiк және мүліктiк емес құқықтарына нұқсан келтiрмеуге, олардың құрамына тиiстi шығармашылық кәсiптердiң неғұрлым бiлiктi өкiлдерiнiң бiрiгуiне ықпал етуге, олардың кәсiби және шығармашылық өсуiн ынталандыруға тиiс.

       17-бап. Бейкәсiби (әуесқой) шығармашылық бiрлестiктер
                мен ұжымдар

      Бейкәсiби (әуесқой) шығармашылық бiрлестіктер мен ұжымдар азаматтардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, мәдениет ұйымдарының, жергілiкті өкілдi және атқарушы органдардың бастамасы бойынша құрылады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыс iстейдi.

  5-тарау. Мәдениет саласындағы қызмет

       18-бап. Мәдениет саласындағы қызметтi ұйымдастыру

      Мәдениет саласындағы қызмет театрлардың, филармониялардың, оркестрлердiң, студиялардың, мектептердiң, шеберханалардың, орындаушылық ұжымдардың, мұражайлардың, кiтапханалардың, көркемөнер салондары мен галереяларының, кинотеатрлардың және киноқондырғылардың, мәдени-ағарту ұйымдарының, зерттеу және қалпына келтiру орталықтарының, мәдени-тарихи орталықтардың, мәдени-тарихи және табиғи қорықтардың, өңiрлердiң және басқа да мәдениет ұйымдарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жолымен жеке және заңды тұлғалардың мәдени құндылықтарды жасауы, насихаттауы, таратуы, пайдалануға беруi және қорғауы арқылы жүзеге асырылады.

       19-бап. Мәдениет ұйымдары

      1. Мәдениет саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалар мәдениет ұйымдары болып табылады.
      2. Мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      3. Мәдениет ұйымдары қызметiнiң түрлерiн олардың құрылтайшылары айқындайды және жарғыларында көрініс табады.
      4. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз қызметiн жүзеге асыратын мәдениет ұйымдары: мемлекеттiк, беймемлекеттiк, коммерциялық, коммерциялық емес және халықаралық болуы мүмкiн.
      5. Республикалық деңгейдегі мемлекеттік мәдениет ұйымдары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi негізiнде құрылады, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттiк мәдениет ұйымдары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергілiктi атқарушы органдарының шешiмiмен құрылады.

       20-бап. Мәдениет ұйымдарының мәртебесі

      1. Мәдениет саласындағы қызметi мемлекеттiк және қоғамдық айрықша мәнге ие мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген көркемөнер, шығармашылық ұжымдарына "Ұлттық" мәртебесi берiлуi мүмкiн.
      "Ұлттық" мәртебесiн берудiң тәртібi мен талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      2. Өз саласында жетекшi болып табылатын жекелеген кәсiби көркемөнер және шығармашылық ұжымдарына ұлттық мәдениет пен өнердi қалыптастыруға, дамыту мен насихаттауға қосқан елеулi үлесi үшiн "Академиялық" мәртебесi берiледi.
      "Академиялық" мәртебесiн берудiң тәртiбi мен талаптарын Қазақстан Республикасының Үкiметі бекiтедi.
      3. "Ұлттық" және "Академиялық" мәртебесi берiлген мемлекеттік мәдениет ұйымдары жекешелендiруге жатпайды.

       21-бап. Театрлар

      1. Театрлар - әдебиет және өнер туындыларының сахналық көрiнiстерiн (драмалық, музыкалық-драмалық, музыкалық, хореографиялық, қуыршақ, пантомимо, сатира және юмор, балалар мен жасөспiрiмдер үшiн, жастар, эксперименттік және өзгелерi) қоятын сауықтық ұйымдар.
      2. Театрлар меншiк нысанына қарамастан көркемдiк бағыттарды, репертуарды таңдауда, әдебиет және өнер туындыларын көпшiлiк алдында орындау туралы шешiмдер қабылдауда, сахна туындыларын жасау мен көпшiлiкке таныстыруда, сондай-ақ шығармашылық және өндiрiстiк тиiмдi даму үшiн қажетті, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де қызметті жүзеге асыруда тәуелсiз.
      3. Республика азаматтарын мәдени өмiр саласына тарту мақсатында мемлекеттiк театрларға мемлекеттiк бюджеттен республика халқының барлық жiктерiнің театрдағы іс-шараларына қол жеткiзуiн қамтамасыз ету жөніндегі қызмет көрсетулердi ұсынумен байланысты шығындарды жабуға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілеген тәртiппен субсидиялар бөлiнедi.

       22-бап. Концерттiк ұйымдар

      1. Концерттiк ұйымдар - әдебиет және өнер туындыларын көпшiлiк алдында орындауға және көркемөнер ұжымдары мен жекелеген орындаушыларды көпшiлiкке танытуға жағдайлар жасау үшiн шаралар кешенiн iске асыратын сауықтық ұйымдар.
      2. Концерттiк ұйымдардың негізгi мiндеттерi музыкалық-эстетикалық тәрбие беру, көркемдігі жоғары бағдарламалар мен нөмiрлер әзiрлеу үшiн жағдайларды қамтамасыз ету, кәсiби көркемөнерпаздар ұжымдары мен жекелеген орындаушылардың концерттерiн ұйымдастыру, музыкалық-ағартушылық қызметті жүзеге асыру болып табылады.
      3. Концерттiк ұйымдар шығармашылық бағдарламаларды жүргізуде және репертуар таңдауда дербес болады.
      4. Республика азаматтарын мәдени өмiр саласына тарту мақсатында мемлекеттік концерттiк ұйымдарға мемлекеттік бюджеттен республика халқының барлық жiктерiнiң концерттік іс-шараларға қол жеткiзуiн қамтамасыз ету жөніндегі қызмет көрсетулердi ұсынумен, классикалық, халықтық, музыкалық және хореографиялық өнердi насихаттаумен байланысты шығындарды жабуға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен субсидиялар бөлiнедi.

       23-бап. Кiтапхана ici

      1. Кiтапхана iсi - мiндеттерiне кiтапханалар желiсiн құру мен дамыту, олардың қорларын түзу мен өңдеу, кiтапхананы пайдаланушыларға кiтапхана қызметiн, ақпараттық және ақпараттық-библиографиялық қызметтi көрсетудi ұйымдастыру, кiтапхана мамандарын даярлау мен олардың бiліктілігін арттыру, кiтапханаларды дамытуды ғылыми және әдiстемелiк қамтамасыз ету кiретiн мәдениет саласы.
      2. Кiтапхана - ақпараттық, мәдени, бiлiм беру функцияларын орындайтын, баспа және қолжазба құжаттарының ұйымдастырылған қоры бар, сондай-ақ графикалық, дыбыс-көрiнiс материалдары, электрондық тасығыштардағы құжаттары бар әрi оларды жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға беретiн мекеме.
      3. Мемлекеттік кiтапханалар олардың негізгi қызметiне қатысы жоқ, олар үшiн ақы алу мiндетті сипатқа ие болмайтын әрi жеке және заңды тұлғаның келісiмi бойынша айқындалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткiзуге құқылы. Мұндай тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткiзуден түскен ақша мемлекеттік кiтапхананың иелiгінде қалуға тиiс.
      Мемлекеттік кiтапханалардың негізгі қызметiне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткiзуден қаражаттың түсуi мен пайдаланылуы тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      4. Кiтапхана iсi, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраның бiр бөлiгі ретiнде кiтапхана қорларын сақтауға, пайдалануға байланысты мәселелер уәкiлетті орган белгiлеген тәртiппен реттеледi.

       24-бап. Мұражайлар

      1. Мұражайлар - мұражай экспонаттары мен мұражай коллекцияларын сақтау, зерделеу және көпшiлiкке ұсыну үшiн құрылған, мәдени, бiлiм беру мен ғылыми функцияларды жүзеге асыруға және материалдық және рухани мәдениет ескерткiштерiн зерделеудi, есепке алуды, сақтауды және көпшiлiкке таныстыруды қамтамасыз етуге бағытталған мәдениет ұйымдары.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында тарихи, ғылыми, мәдени және көркемдiк ерекше мәнi бар тарихи-мәдени және табиғи қорықтар, қорық-мұражайлар, жылжымайтын тарихи-мәдени құндылықтар ансамбльдерi мен кешендерi құрылуы мүмкiн.
      Тарихи, ғылыми, мәдени және көркемдiк ерекше мәнi бар тарихи-мәдени және табиғи қорықтардың, қорық-мұражайлардың, жылжымайтын тарихи-мәдени құндылықтар ансамбльдерi мен кешендерiнiң мәртебесi Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілеген тәртiппен айқындалады.
      3. Мұражай экспонаттары мен мұражай коллекциялары мұражай қорының құрамына қосылады және елдiң мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады.
      Мемлекеттік мұражайлардан мұражай экспонаттарын жеке меншiкке беруге тыйым салынады.
      4. Мемлекеттік мұражай-қорықтар олардың негiзгi қызметiне қатысы жоқ, олар үшiн ақы алу мiндеттi сипатқа ие болмайтын әрi жеке және заңды тұлғаның келiсiмi бойынша айқындалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткiзуге құқылы. Мұндай тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткiзуден түскен ақша мемлекеттік мұражай-қорықтардың иелігінде қалуға тиiс.
      Мемлекеттік мұражай-қорықтардың негiзгi қызметiне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткізуден қаражаттың түсуi мен пайдаланылуы тәртібiн Қазақстан Республикасының Yкiметі айқындайды.
      5. Мұражайдың сақтау қоймасындағы мұражай экспонаттары мен мұражай коллекцияларына қолжетімділiктің тәртiбi мен шарттары және мұражай iсi саласындағы басқа да қатынастар уәкiлетті орган белгiлеген тәртiппен реттеледi.
      6. Тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттiк мұражайларға мемлекеттiк бюджеттен тарихи-мәдени құндылықтардың сақталуын, есепке алынуын, жинақталуын және қалпына келтiрiлуiн қамтамасыз етумен байланысты шығындарды жабуға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен субсидиялар бөлiнедi.

       25-бап. Мәдени демалыс ұйымдары

      1. Мәдени демалыс ұйымдары - қызметi уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен реттелетін күнделiктi қарым-қатынас жасау (клубтар, мәдениет және демалыс саябақтары, мәдениет үйлерi мен сарайлары және басқалар), жеке тұлғаны дамыту, халықтың көркемөнерпаз шығармашылығы орталықтары.
      2. Мәдени демалыс ұйымдарының негізгi мiндетi халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру болып табылады.
      3. Халыққа мәдени қызмет көрсетудiң ең төменгi көлемiн мұндай тарату қамтамасыз ете алмайтын болса, бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мәдени демалыс ұйымдарын таратуға жол берiлмейдi.

       26-бап. Кинематография

      1. Кинематография - шығармашылық, ғылыми, өндiрiстiк, бiлiм беру қызметiнiң түрлерiн бiрiктiретiн, кез келген нысандағы және түрлi жанрдағы дыбыс-көрiнiс туындыларын жасауға бағытталған мәдениет саласы.
      2. Кинематографияны мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары:
      1) отандық фильмдердiң барлық түрлерi мен жанрларын жасауға;
      2) кинематографияның материалдық-техникалық базасын сақтауға және дамытуға;
      3) отандық фильмдердiң өндiрiсiне, таралымына және өткiзiлуiне жағдайлар жасауға;
      4) кинофестивальдарды және басқа да iс-шараларды өткiзуге;
      5) кинематографистердiң халықаралық ұйымдарына, сондай-ақ фестивальдар мен конкурстарға қатысуға және оларда өкiлдiк етуге бағытталған.
      3. Қазақстан Республикасында кино өндiрiсiнiң негiзiн басты мiндеті алуан түрлi және түрлі жанрдағы отандық фильмдердi жасау, шығару, тарату, өткiзу болып табылатын кинематографиялық ұйымдар құрайды.
      4. Кинематографияны ұйымдастырудың ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңымен реттеледi.

       27-бап. Шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың
                гастрольдiк қызметi

      1. Қазақстан Республикасының аумағында шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың гастрольдiк қызметi шарт негізiнде жүзеге асырылады.
      2. Шетелдiк гастрольдердi авторлық және сабақтас құқықтардың сақталуын қамтамасыз ететiн шарттардың негізiнде шығармашылық ұжымдар мен жекелеген орындаушылар өткiзедi.

       28-бап. Халықтық көркемөнер кәсіпшіліктері

      1. Халықтық көркемөнер кәсiпшілігі - халық шығармашылығы түрлерiнiң бiрi, халықтық көркемөнер кәсіпшілігі шеберлерiнiң шығармашылық қол еңбегі және (немесе) механикаландырылған еңбегі барысында белгiлi бiр жердегі халықтық өнер дәстүрлерiн ұжымдық игеру және сабақтастықпен дамыту негізiнде жүзеге асырылатын, әсемдiк мақсатындағы көркемөнер бұйымдарын жасау жөніндегі қызмет.
      2. Бұйымдарды халықтық көркемөнер кәсiпшiлігі бұйымдарына жатқызу халықтық көркемөнер кәсiпшiлігі жөніндегі көркемдiк-сарапшы кеңестердiң қорытындыларының негізiнде жүзеге асырылады.
      3. Халықтық көркемөнер кәсiпшiлiгi саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қорғалады.

  6-тарау. Мәдени құндылықтар және ұлттық-мәдени игiлiк

       29-бап. Мәдени құндылықтар

      Мәдени құндылықтарға мыналар жатады:
      1) археологиялық олжалар (кәдiмгі және құпияларын қоса алғанда) және археологиялық жаңалықтар;
      2) сирек коллекциялар және өсiмдiктер мен жан-жануарлардың, минералогияның, анатомияның үлгілерi және палеонтология үшiн қызығушылық тудыратын заттар;
      3) ғылым мен техниканың тарихын, соғыстар мен қоғамның тарихын қоса алғанда тарихқа қатысты, сондай-ақ ғылымдағы, мәдениет пен өнердегі ұлт қайраткерлерінің, ойшылдардың, ғалымдардың және артистердiң өмiрiмен және айтулы ұлттық оқиғалармен байланысты құндылықтар;
      4) аса қызығушылық тудыратын (тарихи, көркем, ғылыми, әдеби) жеке немесе коллекциялардағы сирек қолжазбалар, көне кiтаптар, құжаттар мен басылымдар;
      5) сәулет және археология ескерткiштерi, мемориалдық қорымдар, сондай-ақ мәдениет қайраткерлерiнiң өмiрiмен не айтулы тарихи оқиғалармен және көрнектi тұлғалармен байланысты саябақ және табиғи-ландшафт объектілерi;
      6) жеке немесе коллекциялардағы пошта маркалары, салық маркалары және соған ұқсас маркалар;
      7) тиындар, медальдар, мөрлер және басқа да коллекциялық материалдар;
      8) көне және қайталанбас музыкалық аспаптар;
      9) дыбыс-, фото-, бейне-, кино мұрағаттарын қоса алғанда, мұрағаттар, мұрағат қорлары мен коллекциялар, сондай-ақ ғылыми-техникалық құжаттама;
      10) тарихи-мәдени маңызы бар өнер туындылары;
      11) этнографиялық, антропологиялық және палеонтологиялық материалдар;
      12) жүз жылдан астам уақыт өткен көне заттар;
      13) Қазақстан Республикасы халықтарының өмiрiндегі тарихи оқиғалармен, қоғамның және мемлекеттiң дамуымен, ғылым мен техниканың тарихымен, сондай-ақ көрнекті ғылым, мемлекет, мәдениет қайраткерлерiнiң өмiрiмен байланысты объектiлер, соның iшiнде мұражай заттары және мұражай коллекциялары;
      14) этнологиялық материалдар;
      15) кез келген негізге және кез келген материалға қолмен салынған полотнолар, картиналар және суреттер түрiндегі көркемдiк құндылықтар (сызбалар мен өнеркәсiп бұйымдарын, қолдан жасалған әсемдiк заттарын қоспағанда);
      16) мүсiн өнерiнiң кез келген материалдан жасалған бiрегей туындылары;
      17) бiрегей гравюралар, эстамптар мен литографиялар;
      18) бөлшектенген көркем және тарихи ескерткiштер мен археологиялық орындардың құрамдас бөлiктерi.

       30-бап. Ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiнiң
                мемлекеттiк тiзiлiмi

      1. Мәдени мұраны сақтау мақсатында осы Заңның 30-бабында аталған аса құндылыққа ие объектiлер Ұлттық-мәдени игiлiк объектілерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне (бұдан әрi - Мемлекеттiк тiзiлiм) енгiзiледi. Мемлекеттік тiзілімге енгізiлген мәдени мұра объектiлерi ұлттық-мәдени игілiк объектiлерi болып табылады.
      2. Мемлекеттік тізiлiмдi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртіппен уәкілетті орган жүргізедi.
      3. Жергілiкті атқарушы органдар, сондай-ақ ескерткiштердi (тарихи, археологиялық, сәулет және басқа) зерттеумен айналысатын зерттеу ұйымдары Мемлекеттiк тiзілiмге енгiзiлуге жататын объектiлер туралы мәліметтердi беруге мiндетті. Жаңа объектілер мен заттардың анықталуына қарай қажеттi мәлiметтерi бар жаңа ақпарат табыс етіледi.
      4. Мемлекеттiк тiзiлiмге объектiлердi енгізу туралы азаматтар мен ұйымдардың өтінiмдерi уәкiлетті органның қарауы үшiн мiндеттi болып табылады. Аталған өтiнiмдердiң берiлуi мәселенiң мәнi бойынша шешiлгенге дейiн мұндай объектілерге пайдаланудың ерекше режимiн уақытша, бiрақ екi айдан аспайтын мерзiмге беру үшiн негіз болып табылады.

       31-бап. Ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерін
                пайдаланудың ерекше режимi

      1. Кешенiмен айрықша көркемдiк немесе тарихи қызығушылық туғызатын коллекциялар немесе заттардың жиынтығы бөлшектенiп бөлiнбейдi.
      Мемлекеттiк тiзiлiмге енгізiлген ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiн уәкiлетті органның әрбiр нақты объект бойынша өздерi құратын сарапшы комиссия ұсынымының негiзiнде берілетін арнайы рұқсатынсыз жоюға, орнын ауыстыруға, өзгертуге, түрлендiруге немесе қалпына келтiруге жол берiлмейдi.
      2. Ұлттық-мәдени игiлiк объектілерiнiң тарихи, көркемдiк және дiни тұрғыдағы мақсатына сәйкес келмейтiн қандай да бiр түрде пайдалануға жол берiлмейдi. Діни-ғибадат ұйымдарына тиесiлі және ұлттық-мәдени игiлiк объектілерi болып табылатын заттар оларға ғибадат етушiлік ескерiле отырып пайдаланылуы мүмкiн.
      3. Ұлттық-мәдени игілiктің ерекше режимi шығармаларға оның авторының (авторларының) көзi тiрiсiнде және ол (олар) қайтыс болғаннан кейiн елу жыл iшiнде қолданылмайды.
      4. Сәулет ескерткiштерiн пайдаланудың басым құқығы мәдениет мекемелерiне тиесілi.
      5. Ұлттық-мәдени игілік объектілерiнiң жай-күйiн және сақталуын тиiсiнше ұстап-күту жөніндегі мiндеттер олардың пайдаланушыларына немесе жекеше иелерiне жүктеледi. Аталған мiндеттiң сақталмауы берiлген құқықты сот тәртiбiмен өтеулi негізде алып қоюға әкелiп соғады. Меншiк иелерi мен пайдаланушыларда ұлттық-мәдени игілiк объектілерiн күтiп-ұстауға материалдық немесе өзге де мүмкiндiктер болмаған жағдайда шығыстарды мемлекет өзiне алады.
      Ұлттық-мәдени игілiктің жекеше иесiнiң құқығын iске асыру Қазақстан Республикасының заңында белгіленген бақылауда және тәртіпте, Қазақстан Республикасының ұлттық-мәдени игілiк объектілерi сатылған жағдайда оларды мемлекеттің сатып алуының басым құқығымен жүзеге асырылады.
      6. Мемлекеттік меншiктегі ұлттық-мәдени игілік объектілерi жекешелендiруге жатпайды.
      7. Ұлттық-мәдени игiлiк объектілерi мен заттарын қасақана жойғаны, бұзғаны немесе бүлдiргені үшін жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.

       32-бап. Мәдени құндылықтарды әкелу және әкету

      1. Мәдени құндылықтарды және ұлттық-мәдени игiлiктер объектілерiн уақытша экспозиция, гастрольдік қызмет, қалпына келтiру жұмыстары және ғылыми зерттеулердi, тұсаукесерлердi, көрмелердi және халықаралық мәдени шараларды өткiзу жағдайларын, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкетуге тыйым салынады.
      2. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге заңсыз әкетілген және оның аумағына заңсыз әкелiнген мәдени құндылықтар мен ұлттық-мәдени игiлiк объектілерi міндетті түрде қайтарылуға жатады. Бұл ретте заңсыз әкетіліп қайтарылған, сондай-ақ соттың шешiмiмен тәркіленген мәдени құндылықтар республикалық маңызы бар тиiсті бейiндегі мемлекеттік мұражайларға тапсырылуға тиiс.
      3. Автордың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге уақытша немесе тұрғылықты тұруға кетiп бара жатқанына қарамастан, өзi жасаған мәдени құндылықтарды әкeтугe құқығы бap.
      4. Мәдени құндылықтарды әкелу және әкету ережелерi шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында жасаған объектілерiне де қолданылады.
      5. Мәдени құндылықтарды уақытша әкетудi заттардың заңды меншiк иесiнiң ғана не оған меншiк иесi уәкiлеттік берген адамның жүзеге асыруына болады.
      6. Мәдени құндылықтарды уақытша әкеткен кезде заңды тұлғалар әкетілетін заттарға деген меншiк құқығын құжаттамамен растауы қажет.
      7. Меншiк иелерiнiң мәдени құндылықтарды иеленуi, пайдалануы және оларға билiк етуi жөніндегі құқықтық күшін табыстауына, сондай-ақ бұл iс-қимыл мәдени құндылықтарды заңсыз әкетуге және әкелуге ықпал ететiн болса, мәдени құндылықтарды сатуға жол берiлмейдi.

       33-бап. Мәдени құндылықтарды уақытша әкетудiң
                тәртiбi мен шарттары

      1. Мәдени құндылықтарды уақытша әкету, сондай-ақ оны қайтару мәдени құндылықтарды уақытша әкету және әкелу жөнiндегi сарапшы комиссия жүргiзетiн сараптама негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Мәдени құндылықтарды уақытша әкету мүмкiндiгi туралы шешiм қабылданған кезде уәкiлетті орган аталған құндылықтарды Қазақстан Республикасының кедендiк және мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзуге негiз болып табылатын мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлiк бередi.
      3. Мәдени құндылықтардың елден тыс жерлерде болу мерзiмiнiң алты айдан асуына болмайды.
      4. Елден тыс жерлерге әкетiлетiн мәдени құндылықтарға, сондай-ақ оларды керi әкелген кезде сараптама жасау Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.

  7-тарау. Мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық

       34-бап. Мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасы шығармашылық ұжымдарды, мамандарды және студенттердi, мәдени құндылықтарды және мәдениет саласындағы қызмет нәтижелерiн алмасуды, сондай-ақ мәдениеттің түрлi салаларындағы ұйымдастыру қызметiндегi тәжiрибе алмасуды қоса алғанда, мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседi.

       35-бап. Мәдениет саласындағы халықаралық ұйымдарға
                қатысу

      1. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық коммерциялық емес мәдени бiрлестiктердiң филиалдары және басқа да өкiлдiктерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес құрыла алады.
      2. Мәдениет ұйымдарының Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес және оның құрылтай құжаттарында айқындалатын тәртіппен осы баптың 1-тармағында аталған бiрлестіктерге кiруiне, сондай-ақ мақсатты қайырымдылық түсiмдерiне билiк етуiне құқығы бар.

  8-тарау. Қорытынды ережелер

       36-бап. Мәдениет саласындағы заңдарды бұзғаны үшiн
                жауаптылық

      Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

       37-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгізiледi.
      2. "Мәдениет туралы" 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы  Заңының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 22, 406-құжат).

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады