Кiтап шығару, кiтап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 тамыздағы N 892 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. 2004 жылғы 16 сәуiрде Чолпон-Ата қаласында жасалған Кiтап шығару, кiтап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Аударма  

Кiтап шығару, кiтап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық туралы
Келісім

Ресми куәландырылған мәтін

Кiтап шығару, кiтап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық туралы
Келісім

      Тәуелсiз мемлекеттер достастығының қатысушылары - мемлекеттер үкiметтерi атынан, бұдан әрi - Тараптар,
      достық, тату көршiлiк және ынтымақтастық қатынастарды дамыту мен нығайту олардың халықтарының түпкi мүдделерiне жауап бередi деп есептеп, сондай-ақ олар арасындағы мәдени қатынастың көпжылдық дәстүрiне сүйене отырып,
      Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы, Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактi сияқты негізгi құжаттарда белгiленген адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды сақтауға бейiлдiлiгін дәлелдеп,
      гуманитарлық саладағы ынтымақтастық туралы Тәуелсiз мемлекеттер достастығының келiсiмдерiн басшылыққа алып,
      болашақ ұрпақтың мәдени және ғылыми әлеуетін нығайту туралы алаңдаушылық бiлдiре отырып,
      төмендегi жайлы келiстi:

1-бап

      Тараптар Тәуелсiз мемлекеттер достастығы (бұдан әрi - Достастық) шеңберiнде кiтап шығару, кiтап тарату және полиграфия саласында өзара тиiмдi әрi тең құқылы ынтымақтастықты дамытады, кiтап iсiн қолдаудың келiсiлген мемлекетаралық саясатын iске асыруға және кiтап туралы оң қоғамдық пiкiрдiң қалыптасуына ықпал етедi.

2-бап

      Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес қолайлы құқықтық және экономикалық жағдайлар жасай отырып, тарих, экономика, саясат, ғылым және мәдениеттің түрлi аспектiлерiн көрсететiн кiтап өнiмдерiмен еркiн алмасуды қамтамасыз етуге мiндеттi.

3-бап

      Тараптар ұлттық заңнаманың негізiнде олардың кiтап тарататын және кiтап шығаратын ұйымдарының қызметіне барынша қолайлы жағдай жасайды, әлеуметтік маңызды (балалар, оқу, ғылыми-техникалық, анықтамалық) әдебиетті, ұлттық классиктер мен қазiргi заманғы авторлардың көркем шығармаларын, жеке кiтаптар, сериялар және басқа да баспа өнiмдерiн шығарудың бiрлескен бағдарламаларын әзiрлеу мен iске асыруға барынша көмектеседi.

4-бап

      Тараптар баспалар, кiтап саудасымен айналысатын және полиграфия кәсiпорындары мен ұйымдары, қауымдастықтар мен бiрлестіктер арасындағы тура байланыс пен тiкелей қатынастарды, сондай-ақ бiрлескен жобаларды жүзеге асыру үшiн мамандармен (баспагерлер, кiтап таратушылар, полиграфистер, аудармашылар) алмасуды ынталандырады.

5-бап

      Тараптар өз мемлекетiнде Тараптар аумағында тұратын халықтар мен ұлттық азшылықтардың тiлдерiнде баспа өнiмдерiн шығаруға, басқа Достастыққа қатысушы мемлекеттерде шыққан осы тектес басылымдарды, соның iшiнде шартты негізде - бiлiм беру мекемелерiне арналған оқулықтарды әкелуге және еркiн таратуға жәрдемдеседi.

6-бап

      Тараптар Достастыққа қатысушы мемлекеттерде шығатын басылымдардың ұлттық библиографиялық және статистикалық есебi саласында ынтымақтастықты, тиiстi ақпаратпен алмасуды дамытады.

7-бап

      Тараптар ғылыми-техникалық проблемаларды, полиграфия кәсiпорындары мен ұйымдарын дамыту, олардың қуаттылығын пайдалану, материалдық-техникалық жабдықтау және сервистік қызмет көрсету мәселелерiн шешуде өзара ic-қимылды кеңейтедi, сондай-ақ ұлттық заңнаманы есепке ала отырып кiтап шығару және полиграфия саласындағы құқықтық базаны әзiрлеу және техникалық стандарттарды қолдануда ынтымақтастық жүpгiзeді.

8-бап

      Тараптар екіжақты және көпжақты негiзде кiтап көрмелерiмен жүйелi түрде алмасады, бұндай алмасуды кеңейту және тереңдету үшiн қолайлы жағдайлар жасайды, өз мемлекеттерiнiң кiтап шығарушылар мен кiтап таратушыларының Тараптар аумағында өткізілетiн халықаралық кiтап жәрмеңкелерiне қатысуына жәрдемдеседi.

9-бап

      Тараптар өзара ақпарат және одан әргі ынтымақтастықтың перспективаларын анықтау үшiн кiтап шығарушылар, кiтап таратушылар және полиграфистер қауымдастықтары мен бiрлестiктерi өкілдерінің қатысуымен тиiсті министрлiктер мен ведомстволар басшыларының кездесуiн (әр мемлекетте кезекпен) өткізетін болады.
      Тараптар өзара iс-қимылының мәселелерiн практикалық тұрғыдан үйлестіру үшiн комиссиялар мен жұмыс топтары құруы мүмкiн.

10-бап

      Кiтап шығару, кiтап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастықтың нақты жобалары мен бағдарламаларын әзiрлеу мен iске асыру жөнiндегi Тараптар заңды тұлғаларының арасындағы өзара есеп айырысулар тиiстi шарттардың негiзiнде жүргізіледi.

11-бап

      Осы Келiсiмдi түсiндiру және орындау кезiнде дау туындаған жағдайда олар Тараптардың тиiсті органдары арасында келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешілетін болады.

12-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойған Тараптардың ол күшіне ену үшiн қажет мемлекетішiлік рәсiмдердi орындау туралы үшiншi хабарламаны депозитарийге өткiзген күнiнен бастап күшiне енедi.
      Мемлекетішілік рәсiмдердi кешірек орындаған Тараптар үшiн осы Келiсiм тиiсті хабарламаны депозитарийге өткiзген күннен бастап күшiне енедi.

13-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Олар осы Келісiмнің ажырамас бөлiгі болып табылатын жеке хаттамамен ресiмделедi және осы Келiсiмнiң 12-бабымен көзделген тәртiпте күшiне енедi.

14-бап

      Осы Келiсiм оның баптарын бөлiсетiн және осы Келiсiмнен туындайтын мiндеттемелердi өз мойнына алуға дайын Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттерге қосылу үшiн ашық. Қосылатын мемлекет үшiн Келiсiм қосылу туралы құжаттарды депозитарийге өткiзген күннен бастап күшіне енедi.
      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына кiрмейтін, Келiсiмнiң баптарын бөлiсетiн мемлекеттер үшiн қосылу барлық Тараптардың келiсiмiмен бұндай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру жолымен жүзеге асырылады. Қосылу бұндай келiсуге келiсiм туралы соңғы хабарлама депозитарийге өткiзiлген күннен бастап күшiне ендi деп саналады.

15-бап

      Осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап 5 жыл бойы қолданыста болады. Бұл мерзiм өткеннен кейiн Тараптар басқа шешiм қабылдамаған жағдайда Келiсiм әрқашан автоматты түрде бес жылдық мерзiмге ұзартылады.

16-бап

      Әрбiр Тарап шығуға дейiн кем дегенде 6 ай бұрын ол туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жiберiп, осы Келiсiмнен шыға алады.

      2004 жылғы 16 сәуiрде Шолпон-Ата қаласында бiр түпнұсқа данасында орыс тiлiнде жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келiсiмге қол қойған әрбiр мемлекетке оның куәландырылған көшiрмесін жiбередi.

       Азербайжан Республикасының          Молдова Республикасының
      Yкiметi үшін                        Үкiметi үшiн

      Армения Республикасының             Ресей Федерациясының 
      Yкiметi үшін                        Үкiметi үшiн

      Беларусь Республикасының            Тәжiкстан Республикасының
      Yкiметi үшін                        Үкiметi үшiн

      Грузия                              Түркiменстан
      Yкiметi үшін                        Үкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының           Өзбекстан Республикасының
      Yкiметi үшін                        Үкiметi үшiн

      Қырғыз Республикасының              Украина
      Yкiметi үшін                        Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады