Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi мен Чех Республикасының Техникалық стандарттау, метрология және мемлекеттiк сынақтар жөнiндегi басқармасының арасындағы өзара жеткiзiлетiн өнiмнiң сәйкестiгiн бағалау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға келiсiм берiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi
мен
Чех Республикасының Техникалық стандарттау, метрология және мемлекеттiк сынақтар жөнiндегi басқармасының
арасындағы
өзара жеткiзілетін өнімнің сәйкестігін бағалау саласындағы
ынтымақтастық туралы
келiсiм (Осы Келісім қол қойған күннен бастап күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі мен Чех Республикасының Техникалық стандарттау, метрология және мемлекеттiк сынақтар жөнiндегі басқармасы,
өнiмнiң сәйкестігін бағалауды реттейтiн құқық нормаларын ескере отырып, оны екi Тарап мемлекеттерiнде нарыққа енгізудiң алдында
мына төмендегілер туралы келiсті:
1-бап
Тараптар өздерiнiң мемлекеттерiнiң қолданыстағы заңдары мен техникалық нормаларында белгiленген өз құзыретi шегінде мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықта болады:
- өз мемлекеттерiнiң нормативтiк құқықтық кесiмдерiне Еуропалық Қоғамдастықтың шешiмдерi мен директивтерiнiң ережелерiнде белгiленген техникалық құқықтық нормаларды енгiзу туралы ақпарат алмасу;
- Қазақстан Республикасының сертификаттау жөнiндегi органдары мен сынақ зертханалары және Чex Республикасының авторланған органдары туралы ақпарат алмасу;
- Тараптар мемлекеттерінiң қолданыстағы заңнамасына сәйкес сынақтардың нәтижелерiн тану мүмкiндігі үшін жағдай жасауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының сертификаттау жөнiндегі органдары мен сынақ зертханалары мен Чех Республикасының авторланған органдары арасындағы сәйкестiкті бағалау саласындағы (келiсiлген өнiмдердiң тiзбесi бойынша) ынтымақтастық;
- өлшем бiрлiктерiн қамтамасыз ету жөнiндегі заңнамалық кесiмдермен және нормативтiк құжаттармен, оларды халықаралық құжаттармен үйлестiру бойынша жұмыс тәжiрибесiмен алмасу;
- бiрлiк шамасының ұлттық эталондары саласындағы ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерiнiң калибрлi және өлшем мүмкiндiктерi бойынша ақпарат алмасу;
- сәйкестiктi бағалау, заңнамалық метрология, өлшем құралдарын сынау, стандарттық анықтамалық деректер әзiрлеу, белгiсiздiктi бағалау саласында кадрларды даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға жәрдемдесу;
- сәйкестiктi бағалау проблемаларына арналған сарапшылар кездесуi, семинарлар мен симпозиумдар түрiнде пiкiрлер және тәжiрибе алмасу;
- Еуропалық Одақтың бiртұтас рыногына жылжитын өнiмнiң сәйкестiгін бағалау кезiнде Чех Республикасының нотифицикацияланған органдарын пайдалану.
2-бап
Осы Келiсiм оның шеңберiнде импорттаушы мемлекеттiң нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен және техникалық құжаттарымен адамдардың денсаулығын және қауiпсiздiгiн және олардың мүлiгін, табиғи ортаны және сәйкестiктi бағалау әдiстерiн қорғау жөнiндегi талаптар белгіленген салаларға жатады.
3-бап
Осы Келiсiм Тараптар үшiншi тараптармен жасасқан өнiм сәйкестiгiн бағалау жөнiндегi шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
4-бап
Осы Келiсiм бойынша алынған құжаттама мен ақпараттың құпиялылығы үшiн осы құжаттаманы немесе ақпаратты қабылдайтын Тарап жауапты болады. Құжаттама мен ақпарат үшiншi тарапқа оларды ұсынған Тараптың жазбаша келiсiмiмен ғана берiлуi мүмкiн.
5-бап
Осы Келiсiм Тараптар қол қойғаннан кейiн оның ажырамас бөлiгі болып табылатын хаттамаларды ресiмдеу жолымен олардың екi жақты келiсiмi бойынша өзгертілуi немесе толықтырылуы мүмкiн.
6-бап
Осы Келiсiмдi түсiндiруге байланысты барысында туындаған даулар Тараптардың уәкілеттi өкiлдерiнiң арасындағы өзара келiссөздер жолымен шешiлетiн болады.
7-бап
Осы Келiсiм оған екi Тарап қол қойған күннен бастап күшiне енедi және Тараптардың бipeуi екiнші Тараптан оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшінде болады.
2004 жылғы "___" ________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, чех және орыс тілдерiнде екi данада жасалды, әрi барлық мәтiннiң күшi бiрдей.
Қ азақстан Чех Республикасының
Республикасының Техникалық стандарттау,
Индустрия және сауда метрология және
министрлігі үшін мемлекеттік сынақтар
жөнiндегі басқармасы үшін