Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия Республикасының Үкiметi арасында Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 7 қазандағы N 1033 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия Республикасының Үкiметi арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрi Әдiлбек Рыскелдiұлы Жақсыбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия Республикасының Үкiметi арасында Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Латвия Республикасының Yкiметi арасындағы Экономикалық және ғылымы-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiм

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия Республикасының Үкіметі,
      ұзақ жылғы дәстүрлi экономикалық қатынастарды ескере отырып, бiр жағынан Қазақстан Республикасы және екiншi жағынан Еуропалық қоғамдастықтар мен оларға мүше мемлекеттер арасындағы әрiптестiктi құратын 1995 жылғы 23 қаңтарда қол қойылған Әрiптестiк мен ынтымақтастық туралы  келiсiмнiң ережелерiн негiзге ала отырып,
      өзара мүдде саласындағы экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты теңдiк мен өзара тиiмдiлiк негiзiнде дамытуға ықпал етуді қалай отырып,
      Латвия Республикасы 2004 жылғы 1 мамырдан бастап Еуропалық Одаққа мүше мемлекет болғанын ескере отырып,
      мына төмендегілер туралы келістi:

  1-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасы мен халықаралық шарттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақтың арасындағы шарттарға сәйкес өзара мүдденi бiлдiретiн барлық салалардағы экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытады және нығайтады.
      Осы Келiсiмдi Латвия Республикасының қолдануы оның Еуропалық Одаққа мүшелiгінен туындайтын мiндеттемелерге сәйкес жүзеге асырылатын болады.
      2. Тараптар өзара тиiмді ынтымақтастықтың басым салалары мен жаңа секторларын айқындау үшiн консультациялар жүргізедi.

  2-бап

      Ғылыми-техникалық ынтымақтастық:
      ғылыми-техникалық қызметтiң әртүрлi салаларында мамандармен алмасу;
      ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасу;
      ғылыми және технологиялық зерттеулер мен әзiрлемелердi, ғылым технологиялар және жаңа енгiзiлiмдер саласындағы басқа да бiрлескен қызметтердi ұйымдастыру;
      оқытуды және курстарды ұйымдастыру;
      өзара мүдде саласындағы семинарларды, пiкiрталастарды, конференциялар мен көрмелердi ұйымдастыру;
      басқа да ынтымақтастық нысандары арқылы орындалады.

  3-бап

      Ғылыми мекемелер, білiм беру институттары мен ғылыми-техникалық ұйымдар ортақ бағдарламаларды әзiрлеуге және орындауға ықпал ету, Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында ортақ зерттеу орталықтарын және басқа да ынтымақтастық нысандарын құру мақсатында осы Келiсiм шеңберiнде ғылым мен техника саласында ынтымақтасады.

  4-бап

      Тараптар ұлттық заңнамаларға сәйкес сауда коммерциялық қызмет, инвестициялау, қаржылық қызметтер көрсетуге қатысты ақпаратпен және сауданы iлгерiлету мен жәрдемдесуге қажеттi басқа да ақпаратпен жүйелi түрде алмасады.

  5-бап

      Тараптар сауда - экономикалық, өнеркәсiптiк және технологиялық ынтымақтастықтағы зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғаудың маңыздылығын мойындайды. Тараптар өз мемлекеттерiндегi зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау саласындағы заңнама және рәсiмдер туралы ақпаратпен алмасады.

  6-бап

      1. Тараптар осы Келiсiмдi орындау мәселелерiн қарау мақсатында Үкiметаралық Комиссия құрады.
      2. Үкiметаралық Комиссия Тараптардың өкілдерiнен тұрады. Кездесулер Астана және Рига қалаларында кезекпен екi жылда бiр рет өткiзіледi.
      3. Үкiметаралық Комиссия Келiсiм шеңберiндегi ынтымақтастықтың нәтижелерiн қарайды және Келiсiмнiң мақсаттарын орындау үшiн ұсынымдар бередi.
      4. Үкiметаралық Комиссия осы Келiсiмнiң түзетулерi мен өзгерiстерi бойынша ұсынымдар бередi.
      5. Үкiметаралық Комиссия қажет болған жағдайда осы Келiсiмнiң мақсаттарын орындауды жеңiлдету үшін кiшi комиссиялар мен жұмыс топтарын құрады.
      6. Комиссияның жұмыс тәртiбiн Комиссия бекiтетiн Регламент айқындайды.

  7-бaп

      Тараптар егер әрбiр нақты жағдайда өзге тәртiп келiсілмеген болса олардың осы Келiсiмдi орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтередi.

  8-бап

      Тараптар арасындағы осы Келiсiмдi түсiндiру және қолдануға қатысты даулар консультациялар мен келiссөздер жүргізу жолымен реттелетiн болады.

  9-бап

      Осы Келiсiм олардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiне әсер етпейдi.

  10-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн.

  11-бап

      Осы Келiсiм күшiне енген күнiнен бастап 2001 жылғы 5 қыркүйекте қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия Республикасының Үкiметi арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнiндегі Қазақстан-Латвия үкiметаралық комиссиясын құру туралы  келiсiмнiң күшi жойылды деп саналсын.

  12-бап

      1. Осы Келiсім Тараптардың оның күшiне енуiне қажетті мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күннен кейiн отызыншы күнi күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады. Тараптардың әрқайсысы екiншi Тарапты өзiнiң мұндай ниетi туралы жазбаша нысанда хабардар ету жолымен осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтата алады. Осы Келiсiм Тараптардың бiрiнiң мұндай хабарлама алған күнiнен бастап алты ай өткен соң күшiн жояды.

      2004 жылғы ______ _______________ ____________ қаласында екi данада, әрқайсысы қазақ, латыш және орыс тiлдерiнде жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күші бiрдей.
      Осы Келiсiмдi түсiндiру кезiнде келiспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегi мәтiнге жүгінетiн болады.

       Қазақстан Республикасының          Латвия Республикасының
      Үкiметi үшін                       Үкiметi үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады