Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
"Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартты бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісiнiң қарауына енгiзiлсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартты бекіту туралы
Астана қаласында 2003 жылғы 25 желтоқсанда жасалған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарт бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы
Шарт
Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы,
Уағдаласушы Тараптар халықтарының арасындағы достық пен тату көршіліктiң, бауырластық қатынастардың терең дәстүрлерін негiзге ала отырып,
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы 1997 жылғы 8 сәуiрдегi шартты басшылыққа ала отырып,
Бiріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Хельсинки қорытынды актiсінің және Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық жөнiндегi ұйымның басқа да құжаттарының мақсаттары мен қағидаттарына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларына өздерiнiң адалдықтарын растай отырып,
өзара құрмет тұтудың, сенiм бiлдiрудiң, келiсiмнiң және тең құқықтың негiзiнде екi жақты көп қырлы ынтымақтастықты нығайтуға өзара ұмтыла отырып,
өңiрлiк қауіпсiздiк пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, терроризмнiң, экстремизмнiң, ұйымдасқан қылмыстың, есiрткi бизнесінің, заңсыз көшi-қонның кез-келген көрiнiстерiне және ұлттық қауіпсiздiкке төнетiн басқа да қатерлер мен қауіптерге бiрлесіп қарсы тұру мәселелерінде өзара iс-қимыл қажеттiгін негiзге ала отырып,
одақтастық қатынастарды орнату екi мемлекеттiң әлеуметтiк және экономикалық прогресiнiң мүдделерi үшін күш-жiгердi бiрiктiруге мүмкiндiк бередi және Қазақстан мен Қырғызстан халықтарының түбегейлi мүдделерiне жауап бередi деп кәмiл сене отырып,
мемлекетаралық ынтымақтастықтың қол жеткiзiлген жоғары деңгейiн атап көрсете отырып,
өздерiнің қатынастарына жаңа сапа беруге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Уағдаласушы Тараптар саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтiк, ғылыми, технологиялық, мәдени салаларда және гуманитарлық қарым-қатынаста көп қырлы ынтымақтастықтың нысандары мен тетiктерiн одан әрi iлгерілету, жандандыру және жетілдiру мақсатында одақтастық қатынастар негiзiнде екi жақты ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.
2-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы одақтастық қатынастар мемлекеттердiң егемендi теңдігін, тәуелсiздiгiн, аумақтық тұтастығын, ерiктiлiгiн сақтау және өздерi қабылдаған мiндеттемелердi адал ниетпен орындау қағидаттарына негiзделедi.
3-бап
Уағдаласушы Тараптар өзара қауіпсiздiкті қамтамасыз ету жөнiнде бiрыңғай саясат жүргізедi және халықаралық терроризмге, экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа, есiрткi бизнесiне, заңсыз көші-қонға және ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн басқа да қатерлер мен қауiптерге қарсы күресте өзара тығыз iс-қимыл жасайды.
4-бап
Уағдаласушы Тараптар тиiсті консультациялар жүргiзе отырып, өзара мүдденi бiлдiретін негiзгi халықаралық проблемалар мен мәселелер бойынша ұстанымдарын айқындау кезiнде өзара тығыз iс-қимыл жасайды.
5-бап
Уағдаласушы Тараптар өздерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес әскери саладағы қызметтi үйлестiрудi жүзеге aсырады.
Уағдаласушы Тараптар сенiмдi қауіпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында әскери құрылыстың ортақ қағидаттарын әзiрлейдi.
6-бап
Уағдаласушы Тараптар Уағдаласушы Тараптардың кез келгеніне қарсы шабуыл актiсi жасалған жағдайда, әскери көмектi қоса алғанда, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 51-бабына сәйкес ұжымдық қорғаныс құқығын жүзеге асыру тәртiбiмен, сондай-ақ Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының шеңберiндегі тетіктердi пайдалана отырып, бiр-бiрiне қажетті көмек көрсетедi.
7-бап
Уағдаласушы Тараптар осы Шарттың және өздерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелерiне сәйкес өздерiнiң мемлекеттік шекараларын тиістi түрде қорғау үшін қажет шараларды жүзеге асырады және мемлекеттiк шекараларын қорғау жөнiнде бiрыңғай саясат жүргiзедi.
Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында үшіншi мемлекеттер азаматтарының болуы туралы ақпаратпен тұрақты түрде алмасады, сондай-ақ бiр Уағдаласушы Тарап азаматтарының екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына кедергісiз келуi, кетуi және онда болуы үшін қажеттi шараларды келiседi және қабылдайды.
8-бап
Уағдаласушы Тараптар өзара экономикалық ықпалдастықты тереңдету үшін жағдайлар жасайды.
Осы мақсатта Уағдаласушы Тараптар негiзгі экономикалық көрсеткiштерi кезең-кезеңiмен жақындастыру, заңнамаларын үйлестiру және келiсiлген құрылымдық экономикалық саясатты жүргiзу жөнiнде шаралар қабылдайды.
9-бап
Уағдаласушы Тараптар қаржылық, ақша-кредит, бюджеттiк жүйелерiн үйлестiруге бағытталған iс-шараларды жүзеге асырады, сондай-ақ келiсiлген инвестициялық, төлем-есеп айырысу, сондай-ақ сыртқы сауда саясатын жүргiзедi.
Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында қаржылық-экономикалық және инвестициялық қызмет, бiрлескен кәсіпорындар құру үшін Уағдаласушы Тараптар қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
10-бап
Уағдаласушы Тараптар бағалы қағаздар рыноктарын ықпалдастыру және тиiстi түрде pеттeу жөнiндегі iс-шараларды жүзеге асырады.
11-бап
Уағдаласушы Тараптар бiрлескен көлiк-коммуникация және энергетикалық жүйелердiң ортақ инфрақұрылымын құру жөнiндегі iс-шараларды жүзеге асырады, сондай-ақ стандарттау, метрология және сәйкестігін бағалау саласында келiсiлген саясат жүргiзедi.
12-бап
Осы Шартта көзделген ережелердi кезең-кезеңiмен iске асыру мақсатында Уағдаласушы Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Экономикалық ықпалдастық жөнiндегi іс-қимыл жоспарын қабылдайды, ол осы Шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады.
13-бап
Уағдаласушы Тараптар өздерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес су объектiлерiн, су-энергетикалық ресурстарды және су шаруашылығы құрылыстарын ұтымды әрi өзара тиiмдi пайдалану саласында келiсiлген iс-қимылды жүзеге асырады.
14-бап
Уағдаласушы Тараптар ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң тиiмділігiн арттыруды, халықты азық-түлікпен және өнеркәсiптi шикiзатпен қамтамасыз етудi жақсартуды, агроөнеркәсіптiк кешендердiң тауар өндiрушілерiн қолдауды және қорғауды, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру жөнiндегi бiрлескен кәсіпорындарды ұйымдастыруды, сондай-ақ өздерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында өндiрiлетiн ауыл шаруашылығы тауарларының транзиттiк тасымалы үшiн өз аумақтарында қолайлы жағдайлар жасауды көздейтiн келiсiлген аграрлық саясат жүргiзедi.
15-бап
Уағдаласушы Тараптар индустриялық-инновациялық саясатты iске асыру мақсатында жаңа өндiрiстік қуаттарды ұтымды орналастыру және қазiргi барларын жаңғырту жөніндегi iс-шараларды келiседi.
16-бап
Уағдаласушы Тараптар бiрыңғай ақпараттық кеңiстікті қалыптастыру жөнiндегі iс-шараларды жүзеге асырады.
17-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өздерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес бiлiм алу, еңбекке орналастыру, еңбекке ақы төлеу, басқа да әлеуметтiк кепілдiктер беру кезiнде екiншi Уағдаласушы Тарап азаматтарының тең құқықтарына кепілдiк бередi.
Осындай қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеудi қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптар тиiсті халықаралық шарттарды жасасады.
18-бап
Уағдаласушы Тараптар екi мемлекеттiң парламенттерi арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және кеңейтуге жәрдемдеседi.
19-бап
Осы Шарттың мақсаттары мен мiндеттерiн орындау үшін Уағдаласушы Тараптар Жоғары Мемлекетаралық Кеңес (Мемлекеттердің, үкiметтердiң және парламенттердiң басшылары) құрады.
Жоғары Мемлекетаралық Кеңестiң қызметін үйлестіру Сыртқы iстер министрлерінің кеңесiне жүктеледi.
Жоғары Мемлекетаралық Кеңестi мемлекеттер басшылары басқарады және ол Уағдаласушы Тараптардың ортақ мүдделерiне байланысты анағұрлым маңызды мәселелердi қарайды, одақтастық қатынастарды дамытудың стратегиясын, негізгi бағыттарын анықтайды және осы Шартты iске асыруға бағытталған шешімдердi қабылдайды.
Жоғары Мемлекетаралық Кеңес жұмысының тәртiбi Ережемен белгiленедi, ол Жоғары Мемлекетаралық Кеңестiң шешімімен бекiтiледi.
Жоғары Мемлекетаралық Кеңес өзiнiң отырыстарын кем дегенде жылына бiр рет өткiзедi.
20-бап
Осы Шарт өздерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
21-бап
Осы Шарттың ережелерiн түсiндiруге және қолдануға қатысты даулар Уағдаласушы Тараптардың арасында консультациялар мен келiссөздер өткiзу арқылы шешiлуi тиiс.
Уағдаласушы Тараптардың өзара келiсімі бойынша осы Шартқа осы Шарттың ажырамас бөлiктерi болып табылатын және осы Шарттың 23-бабында көзделген тәртiппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресiмделетін өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
22-бап
Осы Шарт Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес осы Ұйымның Хатшылығында тiркелетiн болады.
23-бап
Осы Шарт бекiтiлуге жатады және Уағдаласушы Тараптар оны бекiткендiгі туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
Осы Шарт белгiленбеген мерзiмге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың бiрi оның қолданысын тоқтату ниетi туралы екiнші Уағдаласушы Тарапқа жазбаша хабарлама жiберген күннен бастап он екi ай өткенге дейiн күшiнде болады.
2003 жылғы 25 желтоқсанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтiндердің күшi бiрдей.
Осы Шарттың ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушілiктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикасы
үшiн үшiн