Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттiк шекарасы туралы шартқа қол қою туралы" Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 15 қаңтардағы N 15 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттiк шекарасы туралы шартқа қол қою туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба  

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы
арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттiк шекарасы туралы
ШАРТ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын, атап айтқанда, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығы қағидаттарын, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы 1992 жылғы 25 мамырдағы шарттың, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырға бағдарланған, мәңгілiк достық және одақтастық туралы 1998 жылғы 6 шiлдедегi декларацияның ережелерін басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерiнiң 1998 жылғы 6 шiлдедегі Бiрлескен мәлiмдемесiн және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Мемлекеттік шекараны делимитациялау жөнiндегі ниетке қатысты 1998 жылғы 12 қазандағы хаттаманы назарға ала отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттiк шекараның өтуiн белгілеу мақсатында,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

  1-бап

      Осы Шартта "мемлекеттік шекара" терминi деп Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының құрлықтағы, судағы, жер қойнауындағы және әуе кеңiстiгiндегi аумақтарының шектерiн белгілейтiн сызықты және осы сызық бойынша өтетiн тiк түскен кеңiстiк ұғынылады.

  2-бап

      Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының бастапқы нүктесі Тараптар арасындағы жеке шартпен белгіленедi.

  3-бап

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттiк шекара Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттiк шекара сызығының өту сипаттамасында (1-қосымша) қалай көрсетiлсе және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Мемлекеттiк шекара картасында (2-қосымша) қызыл түстi бiрыңғай сызықпен қалай бейнеленсе, солай өтетiн болады.
      Аталған қосымшалар осы Шарттың ажырамас бөлiктерiн құрайды.

  4-бап

      Шекаралық өзендер, жылғалар арналарының, сондай-ақ су айдындарының жағалау сызығының кез келген табиғи өзгерiсi, егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Шартта белгiленген мемлекеттiк шекараның жағдайын өзгертуге әкеп соқпайды.

  5-бап

      Осы Шартқа сәйкес жергiлiктi жерлерде мемлекеттiк шекараны анықтау және белгілеу, демаркация құжаттарының жобаларын дайындау үшiн Тараптар тепе-теңдiк негiзде бiрлескен қазақстан-ресей демаркациялық комиссиясын құрады.

  6-бап

      Мемлекеттiк шекара режимi Тараптар арасындағы жеке шарттармен белгiленедi.

  7-бап

      Мемлекеттiк шекара кесiп өтетiн немесе мемлекеттiк шекара бойынша өтетiн пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге, инженерлiк құрылыстарды, коммуникацияларды және инфрақұрылымның басқа да объектiлерiн пайдалануға байланысты мәселелер, сондай-ақ биологиялық ресурстарды сақтау мен пайдалану, суды пайдалану және табиғи ортаны қорғау мәселелерi жеке келiсiмдермен реттеледi.

  8-бап

      Осы Шарт бекiтiлуге жатады және бекiту грамоталарымен алмасқан күннен бастап күшiне енедi.

      2005 жылғы "__" ________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерiнде екi данада жасалды және де екi мәтiннiң күшi бiрдей.

       Қазақстан Республикасы үшiн             Ресей Федерациясы үшiн

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы
арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттiк шекарасы туралы
шартқа қол қою туралы

       ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттiк шекарасы туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттiк шекарасы туралы шартқа қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады