Ескерту. Күші жойылды – ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2016 № 15 Нормативтік қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
"Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық iс жүргiзу және Қылмыстық-атқару кодекстерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" 2002 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңын сот тәжiрибесiнде дұрыс және бiркелкi қолдану жөнінде мәселелердiң туындауына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етедi:
1. "Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық iс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2002 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (әрi қарай - Заң) 2003 жылғы 9 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлгенiн соттардың назарда ұстағандары жөн.
2. Соттар Заңды қолдану кезiнде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң (әрi қарай - ҚК) 5-бабының әрекеттiң қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, жауаптылықты немесе жазаны жеңiлдететiн немесе қылмыс жасаған адамның жағдайын өзге де жолмен жеңiлдететiн заңның керi күшi болатыны, яғни осындай заң күшiне енгенге дейiн тиiстi әрекет жасаған адамдарға, оның iшiнде жазасын өтеп жүрген немесе жазасын өтеген, бiрақ соттылығы бар адамдарға қолданылатындығы туралы талаптарын қатаң сақтаулары тиiс.
3. Қылмыстық әрекет жаңа қылмыстық заңмен жойылған жағдайда қылмыс құрамын қылмыс деп танымау), осындай әрекет үшiн сотталған адам сотталмаған адам деп танылады, ал осы соттау фактiсi қылмыстық-құқықтық салдарға әкеп соқпайды және қылмыстық процестi жүргізушi орган қылмыстың бiрнеше рет жасалуы, қылмыстың қайталануы, жаза тағайындау кезiнде есепке алмайды.
4. Заңмен ҚК-нің 58-бабының екiншi бөлiгінде кiшігірiм және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша жаза қылмыстар жиынтығы бойынша тек қатаңдығы жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру жолымен тағайындалады деп белгіленген.
Осыған байланысты, егер Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн, адам кішігірiм немесе ауырлығы орташа қылмыстар жиынтығы бойынша сотталса және оған жаза, жазаларды iшiнара немесе толық қосу жолымен тағайындалса, онда сот уәкілетті органның ұсынымы немесе сотталғанның өтiнiшi бойынша жазаны үкiмдi орындау тәртiбiмен жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру жолымен анықтауы тиiс.
5. Заңмен ҚК-нің 58-бабының үшiншi бөлiгіне қылмыстар жиынтығы бойынша қатаңдығы жеңiлірек Жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру жолымен жаза тағайындаудың қосымша ережесi енгiзілдi.
Осыған байланысты, егер Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн, адам ең болмағанда бiр ауыр немесе ерекше ауыр қылмысты қамтитын қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталса және оған жаза, жазаларды iшiнара немесе толық қосу жолымен тағайындалса, онда сот қатаңдығы жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру ережесiн үкiмдi орындау тәртiбiмен қолдануға және сотталғанның жазасын кемiтуге құқылы емес.
6. Адам Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстар санатына жатқызылған қылмыстар үшiн сотталған жағдайда және оған жаза қылмыстар жиынтығы бойынша жазаларды iшiнара немесе толық қосу жолымен тағайындалса, онда сот, егер осы әрекеттер Заңмен кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы санатқа жатқызылса, үкiмдi орындау тәртiбiмен қатаңдығы жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру ережесiн қолданады.
7. Сот үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi қарау кезiнде сот үкiмін жасалған қылмысты дәрежелеу, дәлелдемелерге баға беру, қылмыстық процесте азаматтық талапты шешу бөлігінде және Қазақстан Республикасы Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 453-бабымен көзделмеген басқа да мәселелер бойынша қайта қарауға құқылы емес.
8. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтiк қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бiрдей мiндетті болып табылады әрi ресми жарияланған күнінен бастан қолданысқа енгізiледi.
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының Төрағасы | |
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы |