Арнаулы бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 3 ақпандағы N 100 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.05.2013 № 499 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңының 9-бабын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Арнаулы бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесі бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 3 ақпандағы 
N 100 қаулысымен    
бекiтiлген       

Арнаулы бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнаулы білiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi Қазақстан Республикасының " Бiлiм туралы " және " Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы " Заңдарына сәйкес әзiрлендi және меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, арнаулы бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң тәртiбiн айқындайды. Z070319
 

      2. Дамуында түрлi ауытқулары мен кемiстiгi бар, емделуге және психологиялық-педагогикалық тұрғыда түзетуге, диагностикаға мұқтаж балалар үшiн арнаулы бiлiм беру ұйымдары құрылады.
      Ұзақ емделуге мұқтаж балалар, сондай-ақ дамуында кемтар болып қалған балалар арнаулы түзету бiлiм беру ұйымдарында оқытылады және тәрбиеленедi әрi оларды мемлекет толық қамтамасыз етедi.
      Девианттық мiнез-құлықты балалар арнаулы бiлiм беру ұйымдарында және ерекше ұстау режимiндегі бiлiм беру ұйымдарында тәрбиеленедi және оларды мемлекет толық қамтамасыз етедi.

2. Арнаулы ұйымдардың қызметiн ұйымдастыру

      3. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары арнаулы бiлiм беру бағдарламаларын iске асырады.
 

      4. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары жалпы бiлiм беретiн ұйыммен негiзгі мiндеттердi шеше отырып, балалар мен жасөспiрiмдердiң бойындағы жоғалтқан функцияларын қалпына келтiруге, бастапқы және қайталама ауытқуды түзетуге; сақталған талдауыштардың функцияларын дамытуға; оларды әлеуметтiк-еңбекке бейiмдеуге, оңалтуға және қоғамға кiрiктiруге ықпал ететiн компенсаторлық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған айрықша функцияларды бiр мезгiлде орындайды.
      Бұдан басқа, олардың алдында мынадай мiндеттер тұр:
      азаматтық пен патриоттыққа, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйiспеншiлiкке, мемлекеттiк рәмiздердi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көрiнiстерге төзбеуге тәрбиелеу;
      республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне қатысу қажеттілігiн, жеке адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы көзқарасын қалыптастыру;
      әлемдiк және отандық мәдениеттiң жетiстiктерiне баурау; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу; мемлекеттiк, орыс, шет тілдерiн игеру;
      оқытудың жаңа технологияларын енгiзу, бiлiм берудi ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желiлерге шығу.
 

      5. Дамуында кемтар болып қалған балаларға арналған арнаулы түзету бiлiм беру ұйымдары жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асырады.
      Бiлiм беру процесiнiң нақты мiндеттерi мен ерекшелiгiне, бiлiм алушыларды, тәрбиеленушiлердi оңалту жөнiндегі қызметiнiң бағыттарына, сондай-ақ iске асырылатын бiлiм беру бағдарламаларының деңгейiне қарай арнаулы түзету бiлiм беру ұйымдары мынадай дамуында кемтар болып қалған:
 

      1) есту қабiлетi бұзылған (естiмейтін (саңырау), нашар еститiн, кейiннен саңырау болып қалған);
 

      2) көру қабiлетi бұзылған (көзi көрмейтiн (зағип), нашар көретiн, кейiннен соқыр болып қалған);
 

      3) сөйлеу қабiлетi бұзылған;
 

      4) тiрек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылған;
 

      5) психикалық дамуы тежелген;
 

      6) ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлiк бұзылыстары);
 

      7) эмоциялық-еркi жағынан және мiнез-құлқы бұзылған;
 

      8) күрделi бұзылыстары бар, оның iшiнде соқыр-саңырау болып қалған балаларға арналып құрылады.
 

      6. Арнаулы түзету бiлiм беру ұйымдарының желiсiн қалыптастыруды кемтар балалар мен жасөспiрiмдердiң бiлiм алу қажеттiлiктерiн барынша қанағаттандыру мақсатында осы қызметтi реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган жүзеге асырады.

3. Бiлiм беру процесi

      7. Арнаулы ұйымдар білім алушыларды оқытудың нысандарын, құралдары мен әдiстерiн, ағымдағы бақылауды және оларды аралық аттестаттаудың кезеңдiлiгiн дербес таңдайды.
 

      8. Арнаулы ұйымда бiлiм беру процесiн ұйымдастыру оқу жоспарының негiзiнде құрылады әрi жылдық күнтiзбелiк оқу кестесiмен және сабақ кестесiмен регламенттеледi.
 

      9. Бiлiм алушының жеке басының қажеттiлiктерi мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, білім беру бағдарламалары арнаулы ұйымдарда қашықтықтан оқыту және экстернат нысанында игерiлуi мүмкiн. Бiлiм алудың әртүрлi нысандарын ұштастыруға жол берiледi.
 

      10. Нақты арнаулы ұйымдағы бiлiм берудiң мазмұны жалпы орта бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттарын ескере отырып, iске асырылатын бағдарламалармен және оқу жоспарларымен айқындалады.
 

      11. Арнаулы түзету ұйымдарында дамуында тиісті ауытқулары бар мектеп жасына дейiнгі балаларға арналған бөлiмшелер немесе топтар құрылуы мүмкін.
      Арнаулы түзету ұйымдарында, сондай-ақ қажет болған жағдайда, ата-аналар (заңды өкiлдер), дамуында проблемалары бар жасөспiрiмдер мен жастар үшін консультациялық пункттер, кәсіптік мектептердiң арнайы топтары, бітірушілерді қосымша еңбекке даярлау және қайта даярлау орталықтары ашылуы мүмкiн.
 

      12. Есту, көру, тiрек-қозғалыс аппараты функциясының бұзылыстары бар балаларға арналған арнаулы түзету ұйымдарының құрамында ақыл-ойы кеміс (зияткерлік бұзылыстары бap) балалар және психикалық дамуы тежелген балалар үшiн, арнаулы сыныптар, түзету ұйымдарының барлық түрлерiнде - күрделi құрылымдық кемiстiгi бар балалар үшiн арнаулы сыныптар құрылуы мүмкін.
 

      13. Арнаулы түзету ұйымы педагогикалық кеңесiнің шешiмi бойынша ақыл-ойы кемiс (зияткерлiк бұзылыстары бар) балалар үшiн және қажеттi жағдай болған кезде ақыл-ойы тым кемiс балалар үшiн арнаулы сыныптар ашылуы мүмкiн.
 

      14. Әлеуметтiк-тұрмыстық бағдары бойынша факультативтiк сабақтар өткiзу кезiнде сынып екi топқа бөлiнедi. Қоғамға пайдалы өндiргiш еңбектi ұйымдастыру кезiнде 5-сыныптан бастап, оқушылардың еңбекке даярлығы бейiнiн ескере отырып, сынып топтарға бөлінеді.
      Кәсіби-еңбекке үйрету жөнiндегi сабақтар үшін сыныптар, 5-сыныптан бастап, ал ақыл-ойы кемiс балалар үшiн 4-сыныптан бастап екi топқа бөлiнедi. Топтарды еңбектің түрлерi бойынша жинақтау оқушылардың психикалық-дене жағдайы мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, дәрiгердiң ұсынымдары негiзiнде жүзеге асырылады.
      Топтағы балалар саны Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
 

      15. Бiлiм беру процесін жүзеге асыру үшін арнаулы ұйымдағы сыныптардың саны санитарлық нормаларға және шарттарға қарай ұйымның жарғысымен айқындалады.
 

      16. Арнаулы ұйымдағы сабақ кестесi дербес әзірленедi және бекiтiледi.
      Кестеде оқу сабақтарының күнделiкті саны, ұзақтығы мен кезегi көрсетiледі.
      Сабақтың ұзақтығы 45 минут. Оқу сабақтары ұйымдарда сағат 8-ден ерте басталмауы тиіс.
 

      17. Арнаулы ұйымдар бiлiм берудің мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандартына сәйкес мемлекеттік, орыс және басқа тілдердiң оқытылуын және дамытылуын қамтамасыз етедi.

4. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру

      18. Арнаулы ұйымдардың оқу-тәрбие қызметi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi білiм беру стандарттары негiзiнде әзiрленген оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Арнаулы түзету ұйымында бiлiм берудiң мазмұны тәрбиеленушiлердiң психикалық-дене дамуының және жеке мүмкiндiктерiнiң ерекшелiктерiн ескере отырып әзiрленетiн білiм беру бағдарламасымен (бiлiм беру бағдарламаларымен) айқындалады.
      Дамуында кемтар болып балалар үшiн бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң даму ерекшелiктерi мен әлеуеттi мүмкiндiктерi ескерiлетiн, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсынымдарын ескере отырып, айқындалатын арнаулы бiлiм беру бағдарламалары әзiрленедi.
 

      19. Оқу-тәрбие процесi баланың психологиялық-медициналық-педагогикалық және клиникалық зерделеу деректерiне негiзделген, сараланған және жеке тұрғыдан келу қағидаттарының негiзiнде жүзеге асырылады. Балалардың сөйлеуiнiң, назарының, жұмысқа қабiлетiнiң ерекшелiктерiн, олардың даму серпiнiн, оқушылардың нақты бiлiмдерiн, олардың оқу материалын меңгеруiнiң мүмкiндiктерi мен ерекшелiктерiн анықтауды жүйелi зерделеу оқушының даму перспективасын анықтау және түзеу жұмысының құралдарын таңдау үшiн жүргiзiледi.
 

      20. Оқу апталығының ұзақтығын тиiстi бiлiм берудi басқару органының келiсiмiмен педагогикалық кеңес белгiлейдi және ол жарғыда бекiтiледi.
 

      21. Тәрбиеленушiлердiң дамуындағы ауытқуларды жеңу мақсатында арнаулы түзету ұйымында топтық және жеке түзету сабақтары жүргiзiледi.
 

      22. Арнаулы ұйымның педагогикалық кеңесi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары шеңберiнде оқуда қиындық көретiн оқушыларға да, аса қабiлеттi оқушыларға да арналған оқытудың жеке бағдарламаларын және оқу жоспарларын бекiтедi.
 

      23. Арнаулы ұйымда еңбекке баулу жұмысшы кадрларға деген қажеттiлiкке бағдарланған өңiрлiк, жергiлiктi жағдайларды негiзге алып және жеке еңбек қызметiне тәрбиеленушiнi даярлауды өзiне қамтитын еңбек бейiнiн, таңдау негiзiнде тәрбиеленушiлер мен олардың ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң), психикалық-дене дамуының жеке ерекшелiктерiн, денсаулығын, мүмкiндiктерiн, сондай-ақ қызығушылығын ескере отырып жүзеге асырылады.

5. Білім беру процесiнiң субъектiлерi

      24. Арнаулы ұйымның педагогикалық және медициналық қызметкерлерi, бiлiм алушылар, тәрбиеленушiлер және олардың ата-аналары (заңды өкiлдерi) бiлiм беру процесiнiң субъектiлерi болып табылады.
 

      25. Балаларды кемтар балаларға арналған арнаулы түзету бiлiм беру ұйымдарына жiберудi ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) келiсiмiмен ғана және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (бұдан әрi - ПМПК) қорытындысы бойынша білiм берудi басқару органдары жүзеге асырады.
      Балалар мен жасөспiрiмдердi арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және девианттық мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарға арналған ерекше ұстау режимiндегі бiлiм беру ұйымдарына жiберу сот шешiмiнiң негiзiнде кәмелетке толмағандардың iстерi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның ұсынысы бойынша жүзеге асырылады.
      Арнаулы түзету ұйымының көмекшi сыныбына (тобына) тәрбиеленушілер ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) келiсiмiмен ПМПК-ның қорытындысы негiзiнде түзету ұйымында бiр жыл оқығаннан кейiн ғана ауыстырылады.
      Кемiстiк құрылымы күрделі тәрбиеленушiлерге арналған сыныптар (топтар) арнаулы түзету ұйымында осындай тәрбиеленушiлердiң айқындалуына қарай психологиялық-медициналық-педагогикалық бақылаудың барысында бiлiм беру процесi жағдайында жинақталады.
 

      26. Тәрбиеленушiнi арнаулы түзету ұйымынан басқа бiлiм беру ұйымына ауыстыруды бiлiм берудi басқару органдары ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) келiсiмiмен және ПМПК-ның қорытындысы негiзiнде жүзеге асырады.
 

      27. Жалпы бiлiм беру бағдарламаларын игеру кезiнде ерекше жетiстiкке жеткен арнаулы ұйымдардың бiтiрушiлерiне үздiк бағалы құжаттар берiледi.
      Бiлiм алуды аяқтамаған орта мектеп бiтiрушiлерiне белгіленген үлгідегі анықтама берiледi.
      Көру, есту және тiрек-қозғалыс аппараты функциясының бұзылыстары бар балаларға арналған арнаулы түзету ұйымдарының, сондай-ақ арнаулы бiлiм беру ұйымдарының және девианттық мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарға арналған ерекше ұстау режимiндегі бiлiм беру ұйымдарының мемлекеттiк қорытынды аттестаттаудан сәттi өткен бiтiрушiлерiне ұйымның мөрi басылған, тиiстi бiлiмi туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжат берiледi.
      Ақыл-ойы кемiс (зияткерлiк бұзылыстары бap) балаларға арналған арнаулы түзету ұйымының бiтiрушiлерi ұйымның осы түрi үшін белгіленген үлгiдегi куәлiк алады.
 

      28. Арнаулы ұйымның персоналын жинақтау тәртiбi оның жарғысымен және тиiстi нормативтiк құқықтық кесiмдермен регламенттеледi.
 

      29. Жалпы орта бiлiм берудiң негiзгі және жоғарғы сатысындағы мұғалімдер үшiн нормативтiк оқу жүктемесi аптасына 18 сағатты, бастауыш сатыдағы мұғалiмдер үшiн - 20 сағатты, тәрбиешiлер үшiн - 25 сағатты құрайды. Ағымдағы жылға белгiленген оқу жүктемесiнiң көлемі әкiмшiлiктiң бастамасымен осы жылдың аяғына дейiн азайтыла алмайды.
 

      30. Арнаулы ұйымда медициналық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы ұйымның әкiмшiлiгiмен бiрлесе отырып, тәрбиеленушiлердiң денсаулығын қорғауға және олардың психикалық-дене жағдайын нығайтуға, диспансерлеуге, алдын алу iс-шараларын өткiзуге жауап беретiн және санитарлық-гигиеналық әрi эпидемияға қарсы режимдi, дене тәрбиесi мен шынығуды, тамақтандыруды, оның iшiнде емдәмдiк тамақтандыруды ұйымдастыруды бақылайтын штаттағы медицина қызметкерлерi жүзеге асырады.
 

      31. Медицина қызметкерлерi педагогтарға жеке және сараланған тәсiлдi ұйымдастыруға көмек көрсетедi, тәрбиеленушiлерге олардың денсаулығы мен даму ерекшелiктерiн ескере отырып, медициналық-педагогикалық түзеу, еңбекке баулудың бейiнiн таңдау, кәсiби бағдар беру, жұмысқа орналастыру бойынша; ата-аналарға (заңды өкiлдерге) аурудың алдын алу мақсатында үйдегi жағдайда қорғау режимiн сақтау қажеттiлігі туралы ұсынымдар бередi.
 

      32. Арнаулы түзету ұйымдарында дәрi-дәрмектiк және физиотерапевтiк емдеу, климаттық емдеу және шынығу, емдiк дене шынықтыру, массаж бен психотерапия жүргiзiледi.

5. Арнаулы бiлiм беру ұйымын басқару

      33. Арнаулы ұйымды басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына , осы Ережеге және оқу орнының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      Алқалық басқарудың нысандары ұйымның кеңесi, қамқоршылық кеңес, педагогикалық кеңес болып табылады.
      Арнаулы ұйымды тiкелей басқаруды облыстардың (қалалардың, аудандардың), республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi бiлiм берудi басқару органының келiсiмiмен, Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен үш жылда бiр рет аттестаттаудан өтетiн, құрылтайшы тағайындайтын директор жүзеге асырады.
 

      34. Арнаулы ұйымның директоры өз жұмысында "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының Заңын және басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдердi басшылыққа алады. Ұйымның кеңесi мен директордың арасындағы өкiлдiктердi ажырату бiлiм беру ұйымының жарғысымен айқындалады.
      Арнаулы ұйымның директоры оқу орнының жарғысына сәйкес бiлiм берудi басқару уәкiлеттi органының келiсiмiмен өз орынбасарларын қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады. Оларды тағайындау және босату тәртiбi бiлiм беру ұйымының жарғысымен айқындалады.
 

      35. Арнаулы ұйымдар оқу-тәрбие процесiн, жүзеге асыруды, кадрларды таңдау мен орналастыруды, ғылыми, қаржы-шаруашылық және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормалар шегiнде өзге де қызметтi дербес жүзеге асырады.
 

      36. Арнаулы ұйымдар қызметкерлерiнiң құқықтары, мiндеттерi, әлеуметтiк кепiлдiктерi мен жеңiлдiктерi "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдермен айқындалады.

7. Арнаулы ұйымның материалдық базасы, қаржыландыру

      37. Арнаулы ұйымдар жергiлiктi жағдайларға қарай, қосалқы шаруашылық, оқу-тәжiрибе телiмiн және оқу-өндiрiстiк шеберханалар құруы мүмкін.
 

      38. Бiлiм беру ұйымдарының халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және халықаралық шарттар, келiсiмдер, конвенциялар негізiнде жүзеге асырылады.

8. Арнаулы ұйымды қайта ұйымдастыру
және тарату тәртiбi

      39. Арнаулы ұйымды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады