Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық әртүрлiлiгiн сақтау мәселелерi жөнiндегi комиссия құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 наурыздағы N 202 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 23 қазандағы N 987 Қаулысымен.

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 23 қазандағы   N 987 Қаулысымен.

      Министрлiктердiң, агенттiктердiң және ведомстволардың табиғат қорғау заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық әртүрлiлiгiн сақтау мәселелерi жөнiндегi қызметiн ведомствоаралық үйлестiрудi күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қосымшаға сәйкес құрамда табиғат қорғау заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық әртүрлiлiгiн сақтау мәселелерi жөнiндегi комиссия құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық әртүрлiлiгiн сақтау мәселелерi жөнiндегi комиссия туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2005 жылғы 3 наурыздағы 
N 202 қаулысына қосымша 

  Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес
және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық
әртүрлілігiн сақтау мәселелерi жөнiндегі
комиссияның құрамы

Есiмов                 - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы
Ахметжан Смағұлұлы       министрi, төраға

Айтжанов               - Қазақстан Республикасының Ауыл
Дулат Нулиұлы            шаруашылығы вице-министрi, төрағаның
                         орынбасары  

Тұрымбаев              - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы
Сергей Тұрымбайұлы       министрлiгi Орман және аңшылық шаруашылығы
                         комитетiнiң бөлiм бастығы, хатшы           

Дауылбаев              - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының
Асхат Қайзоллаұлы        орынбасары (келiсiм бойынша)

Ыбырайымов             - Қазақстан Республикасы Экономикалық
Рүстем Әнуарұлы          қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
                         күрес агенттiгi (қаржы полициясы)
                         төрағасының бiрiншi орынбасары

Берқалиев              - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк
Құсайын Иманғалиұлы      комитетiнiң Шекара қызметi директорының
                         бiрiншi орынбасары - Бас штаб бастығы
                         (келiсiм бойынша)

Сүнтаев                - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң
Тiлеген Иматұлы          Кедендiк бақылау комитетi төрағасының
                         орынбасары

Саданов                - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым
Амангелдi Құрбанұлы      министрлігі "Биологиялық зерттеулер
                         орталығы" республикалық мемлекеттік
                         кәсiпорнының бас директоры

Хадыркеев              - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы
Наурызбай Абдулбахиұлы   министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы
                         комитетінің төрағасы

Сыздықов               - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы
Нұрлан Нұрмахамбетұлы    министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті
                         төрағасының бірінші орынбасары

Петров                 - Қазақстан Республикасының Төтенше
Валерий Викторович       жағдайлар вице-министрi

Сәрсембаев             - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны
Зейнолла Сәкенұлы        қорғау вице-министрi

Тоқсайытов             - Қазақстан Республикасы Iшкi iстер 
Қанат Тәупекұлы          министрлiгi Әкiмшiлiк полициясы комитетiнiң
                         төрағасы

Қанатов                - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң
Сәбит Сарқытұлы          Салық комитетi төрағасының орынбасары
 
         Ескерту. Құрамға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.11.29. N  1169 , 2006.07.06. N  639 қаулыларымен. 

      Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2005 жылғы 3 наурыздағы 
N 202 қаулысымен    
бекiтiлген       

  Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес
және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық
әртүрлілігiн сақтау мәселелерi жөнiндегi комиссия
туралы ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық әртүрлiлігін сақтау мәселелерi жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - комиссия) Қазақстан Республикасының Yкiметi жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
      2. Комиссия өзiнiң қызметiнде Қазақстан Республикасының  Конституциясын , заңдарын, Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiн, басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық әртүрлiлігін сақтау мәселелерi жөнiндегі комиссия туралы ереженi (бұдан әрi - Ереже) басшылыққа алады.

  2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi мен функциялары

      3. Комиссияның негiзгi мiндетi министрлiктердiң, агенттiктер мен ведомстволардың табиғат қорғау заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық әртүрлiлігін сақтау мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiрудi қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзiрлеу болып табылады.
      4. Комиссияның функциялары:
      өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнаманы бұзылушылықтың жолын кесу;
      ормандарды өрттерден қорғаудың жай-күйi және олардың алдын алу жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру;
      өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғаудың, өсiмiн молайтудың және пайдаланудың жай-күйi;
      қоршаған орта жағдайларын жақсартатын өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық әртүрлiлiгін сақтау;
      өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдiру, қолданыстағы табиғат қорғау заңнамасын жалпы жұрт қабылдаған халықаралық талаптармен сәйкестендiру;
      өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнаманың бұзылу себептерiнiң туындауы мен жасалу жағдайлары және оларды жою;
      заңсыз ағаш кесудi және сүрек пен жануарлардан алынған өнiмдердi Қазақстан Республикасына контрабандалық жолмен әкелудi және одан тысқары жерлерге әкетудi болдырмау, сондай-ақ iрi орманды-дала өрттерiн сөндiру жөнiндегi мемлекеттiк органдардың бiрлескен iс-шараларының кешендi жоспарларын iске асыру мәселелерi бойынша ұсыныстар әзiрлеу болып табылады.

  3. Комиссияның құқықтары

      5. Комиссияның:
      табиғат пайдалану мәселелерiмен айналысатын және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнаманың сақталуына жауапты орталық және облыстық атқарушы органдардың, мемлекеттiк табиғат қорғау мекемелерiнiң, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң басшыларын комиссияның құзыретiне енетiн мәселелер бойынша комиссия отырысына шақыруға және оларды тыңдауға;
      заңнамада белгіленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарынан комиссия функцияларын iске асыру үшiн қажеттi материалдарды сұратуға және алуға құқығы бар.

  4. Комиссияның қызметiн ұйымдастыру

      6. Комиссияны төраға басқарады.
      7.  алынып тасталды
       Ескерту. 7-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2006.07.06. N  639 қаулысымен.
      8. Комиссия төрағасы оның қызметiне басшылық етедi, комиссия отырыстарында төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және комиссия жүзеге асыратын қызмет, сондай-ақ салааралық, ведомствоаралық үйлестiру үшiн және комиссия әзiрлейтiн шешiмдер үшiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес дербес жауапты болады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасар орындайды.
       Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.07.06. N  639 қаулысымен.
      9. Комиссия төрағасының орынбасары төраға болмаған уақытта оны алмастырады.
      10. Комиссияның хатшысы отырыстың күн тәртiбi бойынша ұсыныстар, қажетті құжаттар, материалдар дайындайды және ол өткiзiлгеннен кейiн хаттамаларды ресiмдейдi.
      Хатшы комиссия мүшесi болып табылмайды.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.07.06. N  639 қаулысымен.
      11. Комиссия отырысы қажеттiлігіне қарай, бiрақ жылына кемiнде бiр рет өткiзiледi.
      12.  алынып тасталды
       Ескерту. 12-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2006.07.06. N  639 қаулысымен.
      13. Комиссия шешiмi ашық дауыс берумен қабылданады және олар үшiн комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк дауысы берiлсе, қабылданған болып саналады. Комиссия шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi және ұсынымдық сипатта болады.
      14. Комиссия мүшелерi алмастыру құқығынсыз оның қызметiне қатысады және шешiмдер қабылдау кезiнде тең дауыстарға ие болады. Дауыстар тепе-тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешiм қабылданған болып саналады.
       Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.07.06. N  639 қаулысымен.
      15. Комиссия шешiмi Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк, жергiлiктi атқарушы органдарына және ұйымдарға комиссия отырыстарының хаттамалары түрiнде жеткiзiледi.
      16. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгі болып табылады.
      Комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
       Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.07.06. N  639 қаулысымен.

  5. Комиссия қызметiн тоқтату

      17. Комиссия өзiнiң қызметiн:
      бұдан бұрын комиссияға жүктелген мiндеттердi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган немесе өзге комиссия құрылған;
      комиссия мiндетiн орындауға болмайтын не оны орындауды қажетсiз болып табылатын өзге де жағдаяттар туындағанда тоқтатады.
      18. Комиссия қызметiн тоқтатуға әкеп соқтыратын осы Ереженiң 17-тармағында көрсетiлген жағдаяттар туындаған кезде жұмыс органы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Регламентiнде белгiленген тәртiппен Үкiмет шешiмiнiң тиiстi жобасын Yкiметке енгiзедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады