"Мемлекеттiк монополия туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі N 349 Қаулысы

       Ескерту. Қазақстан Республикасының Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентiнен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2005.12.20. N  1255 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Мемлекеттiк монополия туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                                            Жоба

"Мемлекеттiк монополия туралы"
Қазақстан Республикасының Заңы

      Осы Заң Қазақстан Республикасында мемлекеттiк монополия саласындағы қызметті реттеуге және бақылауға, тұтынушылар, мемлекет және мемлекеттiк монополия субъектiлерi мүдделерiнiң теңгерiмiне жетуге бағытталған, мемлекеттiк монополия саласындағы қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) пайдаланатын мемлекеттiк монополия субъектілерiнiң, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерiн айқындайды.

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) мемлекеттiк монополия - конституциялық құрылысты қорғау, ұлттық қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың денсаулығын сақтау тұрғысынан бәсекелестіктi енгiзу тиiмсiз болатын қызмет саласы;
      2) Мемлекеттік монополия субъектілерiнiң мемлекеттiк тiркелiмi - олар республикалық және жергiлiктi бөлiмдерден тұратын қызметтердiң түрлерi көрсетiлген Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң атаулы тiзбесi;
      3) бағалар калькуляциясы - мемлекеттiк монополия субъектiсi көрсететiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) бөлiгiнде уәкiлеттi орган бекiтетiн кiрiстер мен шығыстар баптары, мемлекеттiк монополия субъектiлерi көрсететiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) көлемдерi туралы көрсеткiштер және уәкiлеттi орган бекiткен нысан бойынша мемлекеттiк монополия субъектiсi қызметiнiң басқа экономикалық көрсеткiштерi;
      4) мемлекеттiк монополия субъектiсi - мемлекеттiк монополия саласында қызметтер (тауарлар, жұмыстар) көрсетуге ерекше құқыққа ие мемлекеттік орган болып табылмайтын мемлекеттік мекеме немесе мемлекеттiк кәсiпорын;
      5) мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушы - табиғи монополия субъектiсiнiң реттелiп көрсетiлетiн қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға;
      6) уәкiлеттi орган - мемлекеттік монополия саласына жататын қызметті бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

       2-бап. Осы Заңның қолданылуы

      1. Осы Заң субъектiлердiң мемлекеттiк монополияға жатқызылған қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) ұсынуға байланысты Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) рыногында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң, олардың құрылтайшыларының (басқару органының) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалатын әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) қолданылады.
      2. Осы Заңмен мемлекеттiк монополия саласына жатқызылған қызметтi жүзеге асыратын рынок субъектiсi үшiн мемлекеттiк реттеу мен бақылау осындай қызметке қатысты ғана қолданылады.
      3. Осы Заңда қамтылмаған құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледi.

       3-бап. Мемлекеттiк монополия туралы Қазақстан
               Республикасының заңнамасы

      1. Мемлекеттiк монополия туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына негiзделедi, Қазақстан Республикасы Азаматтық  кодексiнiң , осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларынан тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен бекiтiлген осы Заңда қамтылатыннан өзге де ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       4-бап. Мемлекеттік монополия саласы

      1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк монополия саласына қызметтердiң мынадай түрлерi жатады:
      1) мемлекеттік орман қоры шекараларын белгiлеуге, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды түгендеуге және орман шаруашылығын жүргiзудi жоспарлауға байланысты орман орналастыру;
      2) мемлекеттiк қорғауға жататын объектiлердi күзету;
      3) аса қауiптi зиянды организмдердi фитосанитарлық мониторингi;
      4) мемлекеттік гидрометеорологиялық мониторинг және қоршаған ортаның жай-күйiне мониторинг жүргiзу;
      5) жануарлардың аса қауiптi жұқпалы ауруларының диагностикасы, жануарлардың аса қауiптi ауру ошақтарын жою; тiркеу сынақтары, ветеринарлық препараттарды, жемдер мен жемдiк қоспаларды байқаудан өткiзу, сондай-ақ ветеринарлық препараттардың серияларын (партияларын) оларды жарнамалау кезiнде бақылау; мемлекеттiк шекарадағы ветеринарлық бақылау бекеттерiнде көлiк құралдарын зарарсыздандыру; ветеринарлық препараттардың республикалық қорын сақтау;
      6) тауар белгiлерiн, қызмет көрсету белгілерiн, тауарлардың шыққан орындарының атауын, өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгiлерді, селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы қызметтер;
      7) тұлғаны куәландыратын Қазақстан Республикасының құжаттарын жасау;
      8) оларға жүргізушiлердi, автомотокөлiктер құралдарын және тiркемелердi жол қозғалысына қатысуға рұқсат ету үшін қолданылатын арнаулы бланктiк өнiмдердi жасау;
      9) жекелеген тауарларды әкету және (немесе) әкелу;
      10) дәрi-дәрмектiк құралдарды мемлекеттiк тiркеу кезiндегi сараптамалық жұмыстар;
      11) қан мен оның компоненттерiн дайындау, консервациялау, сақтау және сату;
      12) ұлттық бiрыңғай тестiлеудi, бiлiм беру ұйымдарда аралық мемлекеттiк бақылау және бiлiм беру ұйымдарға аттестаттау жүргiзген кезде кешендi тестілеудi жүргiзу технологиясы;
      13) мемлекеттік сатып алу процесiн қамтамасыз ету үшiн құрылатын ақпараттық жүйелер саласындағы шаруашылық жүргiзудi жүзеге асыру.
      2. Әкетуге және (немесе) әкелуге жататын және оларға қатысты мемлекеттік монополия енгiзiлетiн тауарлардың жекелеген түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
      3. Қызмет түрлерi мемлекеттік монополия саласына тек қана осы Заңға енгiзiлгеннен кейiн жатқызылуы мүмкiн.
      4. Мемлекеттік монополия субъектілерi уәкілетті орган белгiлеген тәртіппен Мемлекеттік монополия субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiне енгізуге және одан шығаруға жатады.
      5. Мемлекеттік монополия субъектiлерiнiң мемлекеттік тiркелiмiне енгiзу және одан шығару тәртiбi:
      1) Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiне енгiзуге және одан шығаруға негiздемелердi;
      2) Мемлекеттік монополия субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiнiң республикалық және (немесе) жергiлiктi бөлiмдерiн қалыптастыру тәртiбiн;
      3) Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң мемлекеттік тiркелiмiнiң республикалық және (немесе) жергiлiктi бөлiмдерiне енгiзу немесе олардан шығару үшiн қажетті құжаттардың (ақпараттың) тiзбесiн қамтуға тиiс.

       5-бап. Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң
               қызметiн мемлекеттiк реттеу

      1. Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң қызметiн мемлекеттiк реттеу:
      1) мемлекеттік монополия субъектiсi көрсететiн қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) бағаларды (бағалар прейскурантын) бекiтумен;
      2) бағалар калькуляциясын бекiтумен;
      3) шығындарды қалыптастырудың тәртiбiн бекiтумен;
      4) қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) әрбір түрі бойынша шығындарды, табыстар мен қолданысқа енгiзiлген активтердi бөлектеп есепке алуды жүргізу тәртiбiн бекiтумен;
      5) мемлекеттiк монополия субъектiлерiне бiлiктiлiк талаптарды белгiлеумен жүзеге асырылады.
      2. Шығындарды қалыптастыру тәртiбi:
      1) бағаға (бағалар прейскурантына) енгізiлетiн шығындарды peттeудi;
      2) мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекiтiлген нормативтердiң шегінде шығыс баптарын шектеудi;
      3) бағаны (бағалар прейскурантын) қалыптастыру кезiнде ескерiлмейтiн шығыстардың тiзбесiн белгiлеудi;
      4) бағаға (бағалар прейскурантына) енгiзiлетiн табыстарды шектеудi;
      5) негiзгі құралдардың тозуын есептеуге қолданылатын әдiстердi келiсудi;
      6) негiзгi құралдарды қайта бағалауды және мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң бағалар калькуляциясында көзделетiн амортизациялық аударымдардың қаражаттарын пайдалану бағыттарын келiсудi қамтуға тиiс.
      3. Мемлекеттiк монополия субъектілерiне бiлiктiлiк талаптарды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейдi.

       6-бап. Уәкiлеттi органның функциялары

      Уәкiлеттi орган мынадай функцияларды атқарады:
      1) мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң қызметiне мемлекеттiк реттеу мен бақылауды жүзеге асырады;
      2) Мемлекеттік монополия субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiн қалыптастырады және жүргізедi;
      3) осы Заң талаптарының сақталуына және оны бұрмалаушылықтарын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады;
      4) мемлекеттiк монополия саласында Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      5) мемлекеттік монополия саласында бағалар (бағалар прейскуранттарын) белгiлеудiң әдiстемелерiн әзiрлейдi, бекiтедi және қолданады;
      6) осы Заңмен рұқсат етiлген мемлекеттiк монополия саласына жатпайтын қызметтi мемлекеттік монополия субъектiсi жүзеге асыруға уәкiлеттi органмен келiсу тәртiбiн бекiтедi;
      7) шығындарды қалыптастыру тәртiбiн бекiтедi;
      8) мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң мүлкiн иелiктен айыру мен өзге мәмiлелер жасауға уәкiлеттi органмен келiсу тәртiбiн бекiтедi;
      9) бағалардың (бағалар прейскуранттарының) жобаларын бекiтуге арналған өтiнiмдi қарайды;
      10) өтiнiммен бiрге ұсынылған негiздеушi құжаттар мен есеп айырысуларды талдаудың негiзiнде бағалардың (бағалар прейскуранттарының) жобаларына сараптама жүргiзедi;
      11) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк монополия туралы заңнамасын қолданудың практикасын қорытады, осының негiзiнде әдiстемелiк ұсынымдар жасайды.

       7-бап. Уәкiлетті органның құқықтары

      Уәкiлеттi орган:
      1) бағаға (бағалар прейскурантына) енгiзiлетiн шығындар өзгертiлген жағдайда мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң қызметтерiне бағаларды (бағалар прейскурантын) өзгертуге бастамашылық жасауға;
      2) мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) бағаларды (бағалар прейскурантын) қолданылу мерзiмдерiн кем дегенде тоқсанға белгiлеуге;
      3) мемлекеттiк монополия саласында қызметті жүзеге асыратын субъектiлердi мемлекеттік монополия субъектiлерiнiң Мемлекеттiк тiркелiмiне кiргізу туралы не одан шығару туралы шешiмдер қабылдауға;
      4) осы Заңды бұзу жағдайларында жолсыздықтарды тыю мен олардың салдарларын жою туралы орындауға мiндеттi нұсқамалар енгізуге;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, жеке және заңды тұлғалардан, оның iшiнде мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғаларынан өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
      6) мемлекеттiк монополия субъектiсi тиiстi сауалды алған күнiнен бастап кемiнде бес күн мерзiмде ұсынылуға тиістi бағаны (бағалар прейскурантын) өзгертудiң себептерi туралы қосымша ақпарат сұратуға;
      7) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк монополия туралы заңнамасының саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерiн қарауға;
      8) осы Заң бұзылған жағдайда, сотқа жүгiнуге құқылы.

       8-бап. Уәкiлеттi органның мiндеттерi

      Уәкiлеттi орган:
      1) жеке және заңды тұлғалардың, оның құзыретiне қатысты мәселелер бойынша өтiнiштерiн қарауға және қабылданған шешiмдер туралы өтiнiш берушілерге хабарлауға;
      2) коммерциялық, банктiк және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын алынатын мәлiметтердiң, сондай-ақ жүктелген мiндеттердi атқару кезiнде алынған басқа ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге;
      3) тұтынушыларды мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң қызметтерiн реттеу мәселелерi бойынша, коммерциялық, банктік және өзге заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi қамтитындарды қоспағанда, қабылданған шешiмдермен таныстыруға;
      4) бағалардың (бағалар прейскурантының) жобаларын бекiтуге арналған өтiнiмдi ол түскен күннен бастап отыз күннiң iшiнде қарауға және мемлекеттiк монополия субъектiсiн қабылданған шешiм туралы хабардар етуге мiндеттi.

       9-бап. Мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң құқықтары

      Мемлекеттiк монополия субъектiсi:
      1) уәкiлеттi орган шешiмдер қабылдаған кезде өзiнiң қызметi мен құқықтық мәртебесi мәселелерiн қозғайтын ұсыныс енгiзуге;
      2) уәкiлеттi органның әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) сотқа шағымдануға;
      3) басқа субъектілердiң өз қызметiне, табыстарына, меншігіне және құқықтық мәртебесiне әсер ететiн әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) уәкiлеттi органға немесе сотқа шағымдануға құқылы.

       10-бап. Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнің
                мiндеттерi

      Мемлекеттік монополия субъектiсi:
      1) уәкiлеттi органның шешiмдерiн орындауға;
      2) көрсетiлетiн қызметтер (тауарлар, жұмыстар) үшiн уәкiлеттi орган бекiткен бағаларды (бағалар прейскурантын) ескере отырып, олардың құзыретi шегiнде мемлекеттік органдар белгілеген көрсетiлетiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) сапасына қойылатын талаптарға сәйкес қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушыларға қызмет көрсетудi қамтамасыз етуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар ескерiлген қызметтер (тауарлар, жұмыстар) ұсынудан басқа жағдайларда, қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушыларға тең жағдайлармен ұсынуға;
      4) уәкiлетті органның талабы бойынша ол белгiленген мерзiмде, бiрақ үш күннен кем болмайтын, қажеттi ақпарат ұсынуға;
      5) шығындарды, табыстар мен қолданысқа енгізiлген активтердi уәкiлетті орган белгiлеген тәртiпке сәйкес қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) әрбiр түрi бойынша бөлектеп есепке алуды жүргiзуге;
      6) мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) бағаларды (бағалар прейскурантын) және бағалар калькуляциясын бекiту кезiнде шығындары ескерiлетiн қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгіленген тәртiппен сатып алуды жүзеге асыруға;
      7) көрсетiлiп отырған қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) шарттар жасасу кезiнде тұтынушылардың құқықтарын бұзуға жол бермеуге мiндетті.

       11-бап. Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң
                қызметiн шектеу

      Мемлекеттiк монополия субъектiсiне:
      1) мемлекеттiк монополия саласына жатпайтын қызметтен табыстар мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң бiр күнтiзбелiк жыл iшiндегi барлық қызметiнен бес пайыздан аспаған жағдайда көрсетiлетiн қызметтермен (тауарлармен, жұмыстармен) технологиялық жағынан байланысты қызметтi қоспағанда мемлекеттiк монополия саласына жатпайтын қызметтер (тауарлар, жұмыстар) ұсынуға;
      2) мемлекеттiк монополия саласында қызметтер (тауарлар, жұмыстар) ұсынумен, сондай-ақ мемлекеттiк монополия субъектiсi үшiн осы Заңмен рұқсат етiлген қызметтi жүзеге асырумен байланысты емес жекеменшік, шаруашылық жүргiзу және (немесе) жедел басқару құқығында мүлiкке иеленуге;
      3) акцияларды (үлестердi) иеленуге немесе өзге де ұйымдардың қызметiне өзгедей түрмен қатысуға;
      4) уәкілеттi орган белгiлеген мөлшерден асатын ұсынылған қызметтер (тауарлар, жұмыстар) үшiн, осы баптың 1) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, ақы алуға;
      5) ұсынылып отырған қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) байланысты талап құқығын, егер бұл мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтерiне бағаларды (бағалар прейскурантын) арттыруға алып келсе, үшiншi тұлғаларға беруге;
      6) мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң қызметтерiне қол жеткiзу шарттарын күштеп таңуға немесе мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң қызметтерi тұтынушыларды кемсiтуге әкеп соғатын өзге де iс-әрекеттер жасауға;
      7) қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) бағаларына оларды ұсынуға байланысы жоқ шығындар енгізуге тыйым салынады.

       12-бап. Мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң
                қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын)
                тұтынушының құқықтары

      Мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушы:
      1) мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) уәкiлеттi орган бекiткен бағалар (бағалар прейскуранттары) бойынша сатып алуға;
      2) шешiмдерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, жаңа шешiмдер қабылдау немесе қолданыстағы шешiмдердiң күшiн жою туралы уәкiлетті органға өтiнiштермен жүгiнуге;
      3) уәкiлеттi органның әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), сондай-ақ ол қабылдаған шешiмдерге сот тәртiбiмен шағымдануға;
      4) уәкiлеттi органға және (немесе) сот тәртiбiмен мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң әрекеттерiне шағымдануға;
      5) жаңа бағалар (бағалар прейскуранттарының) жария тыңдауларына қатысуға құқылы.

       13-бап. Бағаларды (бағалар прейскурантын)
                бекiту тәртiбi

      1. Мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) бағалар (бағалар прейскурантын) бекiтудi уәкiлеттi орган тоқсанына бiр реттен жиi емес жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) бағалар (бағалар прейскуранттары) мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтер (тауарлар, жұмыстар) ұсынуға қажеттi шығындар құнынан төмен болмауға және оны дамытуға қажеттi табыстар ескерiлуге тиiс.
      Уәкiлеттi орган мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) бағаларды (бағалар прейскуранттарын) бекiту кезiнде шығындарды қалыптастыру тәртiбiн қолданады.
      3. Қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) бекiтiлген бағалар (бағалар прейскуранттары) осы баптың 6-тармағының екiншi бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, келесi күнтiзбелiк тоқсанның бiрiншi күнiнен бастап енгізiледi.
      4. Қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) жаңа түрлерiне бағалар (бағалар прейскурантын) бекiту, қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қолданыстағы бағаларды (бағалар прейскурантын) өзгерту, сондай-ақ бағалардың (бағалар прейскурантының) белгіленген қолданылу мерзiмi аяқталған кезiнде мемлекеттiк монополия субъектiсi олар қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қырық бес күннен кешiктiрмей бағаларды (бағалар прейскурантын) бекiтуге арналған өтiнiммен уәкiлеттi органға жүгiнедi.
      Өтiнiмге уәкiлеттi орган белгілеген талаптарға сәйкес бағалар калькуляциясының жобасы, нормативтiк, есеп айырысу және басқа материалдар қоса берiледi.
      Баға (бағалар прейскуранты) және бағалар калькуляциясы уәкiлеттi органның бастамасы бойынша қайта қаралған жағдайда мемлекеттiк монополия субъектiсi бiр ай мерзiмде жаңа бағаны (бағалар прейскурантын) бекiту үшiн өтiнiм берген кездегi көлемдегiдей экономикалық негiзделген есеп айырысу мен өзге ақпарат ұсынуға мiндеттi.
      Шығындар төмендеген жағдайда мемлекеттiк монополия субъектiсi осы тармақтың бiрiншi бөлігінде белгiленген тәртiппен бағаларды (баға прейскурантын) төмендетуге арналған өтiнiммен шығуға мiндеттi.
      5. Уәкiлетті орган жаңа бағалардың (бағалар прейскуранттарының) жобаларына жария тыңдауларды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілеген тәртiппен өткiзедi.
      Бұл ретте уәкілеттi орган мемлекеттiк монополия субъектiсiне жария тыңдауларды тағайындау мен оларды өткiзу күнi туралы хабарлауға мiндеттi.
      Жария тыңдаулар жаңа бағалар (бағалар прейскуранттары) енгізiлгенге дейiн жиырма бес күннен кешiктiрмей өткiзiледi.
      Жария тыңдауларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      6. Мемлекеттік монополия субъектiсi қызметтердi тұтынушыларды Қазақстан Республикасының барлық аумағына таратылатын баспасөз басылымдары арқылы бағалардың (бағалар прейскуранттарының) алда тұрған өзгерiсi туралы олар қолданысқа енгізiлгенге дейiн он күн бұрын хабардар етуге мiндеттi.
      Тұтынушылар жаңа бағаларды (бағалар прейскуранттарын) енгiзу туралы хабардар етiлмеген немесе уақтылы хабардар етiлмеген жағдайда, бекiтiлген бағалар (бағалар прейскуранттары) келесi күнтiзбелiк тоқсанның екiншi айының бiрiншi күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi. Бұл талап мемлекеттiк монополия субъектiсiн осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мiндеттен босатпайды.
      Тұтынушылар жаңа бағаларды (бағалар прейскуранттарын) енгiзу туралы қайталап хабардар етілмеген немесе уақтылы хабардар етiлмеген жағдайда, уәкiлеттi орган осындай бағалар (бағалар прейскуранттары) туралы шешiмнiң күшiн жояды.
      7. Жаңадан құрылған мемлекеттiк монополия субъектiлерi үшiн бағалар (бағалар прейскуранттары) уәкiлеттi орган айқындаған күннен бастап енгiзiлуi мүмкiн.

       14-бап. Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң
                қызметтерiн мемлекеттiк бақылау

      1. Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң осы Заңда белгiленген мiндеттердi орындау және мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауды болдырмау мақсатында уәкiлеттi орган:
      1) мемлекеттiк монополия субъектiсiнiң уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен құрылуына, қайта ұйымдастырылуы мен таратылуына;
      2) мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң осы Заңның 11-бабында көзделген талаптарды орындауына бақылауды жүзеге асырады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген iс-әрекеттердi жасау үшiн мемлекеттік монополия субъектiсi уәкiлеттi органға осындай iс-әрекеттердi жүзеге асыруға келiсiм беру туралы өтiнiш ұсынуға және шешiм қабылдау үшiн қажеттi ақпаратты ұсынуға мiндеттi.
      Уәкiлеттi орган өтiнiш беру үшiн құжаттардың тiзбесiн, оларды ұсыну және қарау тәртiбiн айқындайды.
      3. Уәкілеттi орган өтiнiштi алған күнiнен бастап отыз күннен кешiктірмей оны қарайды және өтiнiш берушiге қабылдаған шешiм туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
      Егер шешiм қабылдау үшін қосымша ақпарат қажет болған жағдайда уәкiлетті орган оны өтiнiш берушіден сұратуға және өтiнiштiң қарау мерзiмiн осындай сұрау салу өтiнiштi қарау мерзiмiн ұзарту туралы хабарламамен бiрге өтiнiштi алған күнiнен бастап он бес күннен кешiктiрмей өтiнiш берушіге жолдаған жағдайда отыз күнге ұзартуға құқылы.
      4. Өтініштi қанағаттандырудан бас тартуға өтiнiш берушi сот тәртібiмен шағымдануы мүмкiн.
      5. Мемлекеттік монополия субъектiсiн - заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу, сондай-ақ оның қызметінiң тоқтатылуын тiркеу уәкiлетті органның алдын ала келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.

       15-бап. Осы Заңды бұзушылық салдарлары

      Осы Заңды бұзған жағдайда мемлекеттiк монополия субъектiлерi, олардың басшылары:
      1) Осы заң бұзушылықтарына тоқтатуға және оның салдарларын жоюға;
      2) бастапқы жағдайды қалпына келтiруге немесе нұсқамада көрсетiлген өзге де әрекеттер жасауға;
      3) келтiрiлген залалдың және (немесе) тiкелей зияндардың орнын толтыру үшін шаралар қолдануға міндетті.

       16-бап. Уәкiлетті органның нұсқамалары

      1. Уәкiлеттi органның нұсқамаларын мемлекеттiк монополиялар субъектiлерi, мемлекеттiк органдар, олардың басшылары шешiмдерде (нұсқамаларда) көзделген мерзiмде, бiрақ оларды алған күннен бастап отыз күннен кешiктірмей орындайды.
      2. Мемлекеттік органдар осы Заңды бұзып қабылданған кесiмдердi алып тастау туралы немесе өзгерту туралы не бастапқы жағдайды қалпына келтiру туралы нұсқамаларды орындамаған жағдайда, уәкiлеттi орган осы кесiмдердi (толық немесе iшiнара) жарамсыз деп тану туралы және (немесе) бастапқы жағдайды қалпына келтiруге ерiксiз көндiру туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
      3. Мемлекеттiк монополия субъектісi нұсқамаларды орындамаған жағдайда уәкiлетті орган сотқа мемлекеттiк монополия субъектiсiн тиiстi нұсқамада көрсетілген әрекеттердi жасауға ерiксiз көндiру туралы талап-арыз беруге құқылы.

       17-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Осы заңның бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес жауапты болады.

       18-бап. Өтпелi және қорытынды ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн мемлекеттік монополия саласына осы Заңмен жатқызылған қызметтi жүзеге асырған мемлекеттiк монополия субъектiсi осы Заң қолданысқа енгізiлген күннен бастап екi айдың iшiнде өзiн мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң Мемлекеттiк тiркелiмiне енгiзу туралы өтініммен уәкiлетті органға жүгiнуге мiндеттi.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мемлекеттік монополиялар субъектiлерi осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты айдың iшiнде қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) бағалар (бағалар прейскурантын) бекiту туралы өтінiммен уәкiлетті органға жүгiнуге мiндеттi.
      3. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады