Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшiн үмiткерлердi iрiктеу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 26 мамырдағы N 511 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы N 573 Қаулысымен

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.06.11 N 573 Қаулысымен.

      "Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 12 қазандағы N 470 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшiн үмiткерлердi iрiктеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 26 мамырдағы
N 511 қаулысымен   
бекiтiлген      

Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ"
халықаралық стипендиясын тағайындау үшiн
үмiткерлердi iрiктеу
ЕРЕЖЕСI

      Осы Ереже "Шетелде кадрлар даярлау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгiлеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394 қаулысымен белгiленген шетелде кадрлар даярлауға Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшiн (бұдан әрі - "Болашақ" стипендиясы) үмiткерлердi iрiктеу тәртiбiн айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. "Болашақ" стипендиясы дербес болып табылады және оны жыл сайын Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия (бұдан әрi - Республикалық комиссия) Қазақстан үшiн неғұрлым қажеттi мамандықтар бойынша стипендиаттар жоғары арнаулы бiлiм, бакалавр, магистр, ғылым кандидаты, докторы (Рh.D) дәрежелерiн алу, сондай-ақ шетелдiк жоғары оқу орындарында күндiзгi оқыту нысаны бойынша клиникалық ординатурада және аспирантурада кадрларды медициналық мамандықтар бойынша оқыту мақсатында тағайындайды.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      2. Оның негiзiнде "Болашақ" стипендиясы тағайындалатын Қазақстан үшiн неғұрлым қажеттi мамандықтардың жыл сайынғы тiзбесiн (бұдан әрi - мамандықтар тiзбесi) жұмыс органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң (бұдан әрi - жұмыс органы) ұсынуы бойынша Республикалық комиссия бекiтедi.

      3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясына құжаттар тапсыру және конкурс (бұдан әрi - конкурс) өткiзу мерзiмiн жыл сайын жұмыс органы айқындайды. Жұмыс органы конкурс өткiзгенге дейiн ресми баспасөзде оның басталуы туралы хабарландыру жариялайды, ұсынылатын құжаттарды осы Ереженiң 2, 3-тарауларында белгiленген талаптарға сәйкес келу мәнiне зерделейдi.
      Құжаттар осы Ережеде белгiленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, жұмыс органы екi апта мерзiмде үмiткердi бас тарту себептерi туралы мiндеттi түрде хабардар ете отырып, құжаттарды қараудан бас тартады.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      4. "Болашақ" стипендиясын қаржыландыру бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады және ол жұмыс органының оқытуға, визаларды ресiмдеуге, шетелдiк жоғары оқу орындарының сауалнамалық нысандарына ақы төлеуге, қабылдаушы елдердiң уәкілеттi органдарында стипендиаттарды тiркеуге, тұруына, тамақтануына, оқу әдебиетiнiң бiр бөлiгiне, медициналық сақтандыруға, оқуға түскен кезiнде Қазақстандағы тұрғылықты жерiнен оқитын жерiне дейiн және оқуын аяқтағаннан кейiн қайта оралуына, әрбiр оқу жылынан кейiн Қазақстандағы тұрғылықты жерiне дейiнгі жолына және қайта оралуына кететiн шығыстардың барлық түрлерiн, осы Ереженiң 14-тармағында көрсетілген тәуелсiз сараптама комиссияларының (бұдан әрi - сараптама комиссиясы) үмiткерлердi iрiктеу жөнiндегi қызметiн жүзеге асыруға байланысты шығыстарды, шетелдiк серiктестердiң жұмыс органымен жасалған шарттар бойынша мiндеттемелерiн орындауға байланысты олардың шығыстарын, стипендиаттарды оқытуға ақы төлеу үшiн валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүргiзуге лицензия алуға лицензиялық алымға төленетiн ақыны, сондай-ақ хабарландырулардың бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтитын конкурстық iрiктеудi ақпараттық қолдауды қамтиды.
      Әрбiр шетелдiк жоғары оқу орны бойынша "Болашақ" стипендиясының" мөлшерiн шетелдiк жоғары оқу орындары және шетелдiк серiктестер ұсынған тиiстi шығыстарды растайтын құжаттардың негiзiнде жұмыс органы белгiлейдi.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      5. "Болашақ" стипендиясы шетелдiк жоғары оқу орнында оқу үшiн берiледi.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

2. Жоғары арнаулы бiлiм, бакалавр дәрежесiн алуға
"Болашақ" стипендиясын тағайындау үшiн
үміткерлерге қойылатын талаптар

      6. Конкурсқа қатысуға Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған мынадай азаматтары жiберіледi:
      1) жалпы орта, бастауыш және орта кәсiптік бiлiмi бар;
      2) соңғы курста оқитындарды қоспағанда, республиканың жоғары оқу орындарында оқитындар;
      3) жоғары арнаулы бiлiм немесе бакалавр дәрежесiн алғаш рет  алу үшiн халықаралық рейтингiлер негiзiнде жұмыс органы айқындайтын шетелдiк жетекшi жоғары оқу орындарына өз бетiмен түскендер немесе оларда оқитындар.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      7. Үмiткер мынадай талаптарға сәйкес болуы тиiс:
      1) талапкерлердi ұлттық бiрыңғай тестілеу (бұдан әрi - ҰБТ) немесе кешендi тестілеудiң нәтижелерi кемінде 90 балл болуы тиiс;
      1-1) осы Ереженiң 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар үшiн оқып жүрген мамандығы шетелде оқу үшiн таңдаған мамандығына ұқсас болуға тиiс;
      2) жалпы орта, бастауыш және кәсiптік орта бiлiм берудiң бiлiм бағдарламаларын iске асыратын оқу орнын аяқтағандағы орташа үлгерiм баллы кемiнде 4,5 болуы;
      3) болған жағдайда шет тiлi бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгiленген нысандағы тиiстi ресми сертификаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерiмен расталған оқыту тiлiн (ағылшын, немiс, француз және басқалары) меңгеруi (бiлуi).
      Осы Ереженiң 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғаларда жоғарыда баяндалған талаптарға қосымша ағымдағы үлгерiмiнiң орташа баллы бүкiл оқу кезеңiнде кемiнде 4,5 болуы тиiс.
      Осы Ереженiң 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген тұлғалардың ағымдағы үлгерiмiнiң орташа баллы немесе оның шетелдiк баламасы кемiнде 4,5 болуы қажет. Олар конкурсқа ҰБТ-ден немесе кешендi тестiлеуден өткендiгi туралы талап ескерiлмей қатысады.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

       7-1. Оқыту тiлiн меңгерудiң (бiлудiң) ең төменгi деңгейiн шетелдiк жоғары оқу орындары белгiлеген талаптар негiзiнде жұмыс органы айқындайды.
      Ескерту. 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      8. Конкурсқа қатысу үшiн үмiткер мынадай құжаттарды ұсынуы тиiс:
      1) негiздемелiк өтiнiш;
      2) толтырылған сауалнама;
      3) орта бiлiмi туралы аттестаттың және/немесе бастауыш және орта кәсiптiк білiмi туралы дипломның нотариалды куәландырылған көшiрмелерi;
      4) осы Ереженiң 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар бiлiм алуды аяқтамаған азаматтарға берілетiн анықтаманы қосымша ұсынады;
      5) талапкердiң ҰБТ-ны немесе кешендi тестілеудi тапсырғаны туралы сертификаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      5-1) болған жағдайда шет тiлi бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгiленген нысандағы тиiстi ресми сертификаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      6) оқу орны басшысының қолы қойылған ұсынымдық хат;
      7) бар болған жағдайда мақтау грамоталарының, сертификаттарының, дипломдарының және осы сипаттағы басқа құжаттарының көшiрмелерi;
      8) денсаулық жағдайы туралы белгiленген нысандағы медициналық анықтама.
      Осы Ереженiң 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар шетелдiк жоғары оқу орнына қабылданғандығын растайтын құжаттарды және шетелдiк жоғары оқу орны куәландырған үздiк үлгерiмiнiң барлығы туралы құжатты қосымша ұсынады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      9. Шетелде оқуға конкурсты өткiзу кезiнде: "Алтын белгi" белгiсiнiң иегерлерi, тiзбесiн білiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы белгілейтiн жалпы білiм беру пәндерi бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталғандар), соңғы үш жылда республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталғандар) жеңiмпаздары, сондай-ақ таңдаған мамандықтар олар жеңiмпаздар болып табылатын олимпиада немесе конкурс пәнiне сәйкес келген жағдайда ағымдағы жылғы жалпы бiлiм беру пәндерi бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталғандар) жеңiмпаздары басымдық құқыққа ие болады.

3. Магистр, ғылым кандидаты, докторы (Рh.D) дәрежесiн алу
және клиникалық ординатурада және аспирантурада
медициналық мамандықтар бойынша оқуға "Болашақ"
стипендиясын тағайындау үшiн үмiткерлерге
қойылатын талаптар

      Ескерту. Тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      10. Конкурсқа қатысуға:
      1) 18-ден 35 жасқа дейiнгi, кәсiптiк жоғары бiлiмi бар;
      2) халықаралық рейтингiлер негiзiнде жұмыс органы айқындайтын жетекшi шетелдiк жоғары оқу орындарына өз бетiмен түскен немесе оқитын және осы тармақтың 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келетiн Қазақстан Республикасының азаматтары жiберіледi.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      11. Үмiткер мынадай талаптарға сәйкес болуы тиiс:
      1) жоғары оқу орнын аяқтағандағы орташа үлгерiм баллы кемiнде 4,5 болуы тиiс;
      1-1) жоғары кәсiптiк бiлiмi туралы дипломы бойынша мамандығы шетелде оқу үшiн таңдаған мамандығына ұқсас болуға тиiс;
      2) болған жағдайда шет тiлi бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгiленген нысандағы тиiстi ресми сертификаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерiмен расталған оқыту тiлiн (ағылшын, немiс, француз және басқалары) меңгеруi (бiлуi).
      Осы Ереженiң 10-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар жоғары оқу орнын аяқтағандағы орташа үлгерiм баллының бары туралы талаптан босатылады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

       11-1. Оқыту тiлiн меңгерудiң (бiлудiң) ең төменгi деңгейiн шетелдiк жоғары оқу орындары белгiлеген талаптар негiзiнде жұмыс органы айқындайды.
      Ескерту. 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      12. Үмiткер конкурсқа қатысу үшiн мынадай құжаттарды тапсыруы қажет:
      1) негiздемелiк өтiнiш;
      2) толтырылған сауалнама;
      3) жұмыс орнынан және жоғары оқу мекемесiндегi оқу орнынан ұсынымдық хат;
      4) қосымшалары бар жоғары бiлiмi туралы дипломының және/немесе магистр дипломының және/немесе ғылым кандидаты дипломының нотариалды куәландырылған көшiрмелерi;
      4-1) болған жағдайда шет тiлi бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгiленген нысандағы тиiстi ресми сертификаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      5) бар болған жағдайда басқа оқу орындарында, курстарда, ординатурада, аспирантурада, магистратурада оқығандығы туралы куәландыратын құжаттардың көшiрмелерi;
      6) денсаулық жағдайы туралы белгiленген нысандағы медициналық анықтама.
      Осы Ереженiң 10-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар қабылданғандығын растайтын құжаттарды және шетелдiк жоғары оқу орны куәландырған үздiк үлгерiмi туралы құжатты қосымша ұсынады.
      Ғылым кандидаты, докторы (Рh.D) дәрежесiне үмiткер жоғарыда санамаланған құжаттарға қосымша мiндеттi түрде ғылым кандидаты, докторы (Рh.D) дәрежесiн алуға оқу үшiн шетелдiк жоғары оқу орнының шақыру қағазын, шетелдiк жоғары оқу орны бекiткен оқудың және жұмыстың кеңейтiлген жоспарын, сондай-ақ өз мақалаларының тезистерiн, ғылыми жарияланымдарының, оқу-әдiстемелiк әзiрлемелерiнiң тiзбесiн ұсынады.
      Техникалық және медициналық мамандықтар бойынша үмiткерлер осы Ереженiң 11-тармағының 2) тармақшасында көзделген шет тiлiн меңгеруi туралы талаптарды ескерусiз конкурсқа қатыса алады.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

4. "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін
конкурс өткiзу тәртiбi

      13. Конкурс екi турдан тұрады.
      Бірінші турға осы Ереженiң 2, 3-тарауларында айтылған талаптарға сәйкес келетiн үмiткерлер қатыса алады.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      14. Конкурстың бiрiншi турын үмiткердiң тiлдi меңгеру (бiлу) дәрежесiн, жалпы бiлiм және/немесе кәсiби даярлық деңгейiн айқындау мақсатында жыл сайын тәуелсiз сараптама комиссиясы өткiзедi.
      Сараптама комиссияларының дербес құрамы мен жұмыс тәртiбiн жыл сайын мүдделi жоғары оқу орындарының, мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардың келiсiмi бойынша жұмыс органы бекiтедi.
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      15. Бiрiншi турда сараптама комиссиясы тестiлеу және әңгiмелесу жолымен үмiткердiң тiлдi меңгеру (бiлу) дәрежесiн шетелдiк жоғары оқу орындары талаптарының негiзiнде оларда оқу үшiн жұмыс органы белгiлеген тиiстi бiлiм деңгейлерi бойынша ең төменгi талаптарға сәйкестiк мәнiне тексередi. Тестiлеу нәтижелерi ресми сертификаттар немесе қорытындылар түрiнде ресiмделедi.
      Тiлдi меңгеру (бiлу) дәрежесiн айқындауға арналған тестiлеуге және әңгiмелесуге қатысудан мынадай:
      осы Ереженiң 6-тармағының 3) тармақшасында және 10-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген;
      шетелдiк жоғары оқу орындары белгiлеген талаптарға сәйкес келген жағдайда тiлдiк тестiлердi тапсырғаны туралы ресми сертификаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесiн табыс еткен тұлғалар босатылады.
      Тестiлеу және үмiткерлермен әңгiмелесу нәтижелерi бойынша сараптама комиссиясы әрбiр үмiткердiң тiлдi меңгеру (бiлу) дәрежесi туралы дербес қорытынды бередi.
      Техникалық және медициналық мамандықтар бойынша оқуға үмiткерлерге дербес қорытындыда қосымша бiр-екi семестрлiк тiлдiк даярлықтан өтуге ұсынымдар берiлуi мүмкiн.
      Сараптама комиссиясы үмiткерлердiң жеке iстерiн қарайды, үмiткерлердiң таңдалған оқу бағыты бойынша даярлығын айқындау мақсатында жеке әңгiмелесу және тиiстi саладағы мамандарды тарта отырып, психологиялық тестiлеу жүргiзедi.
      Бiрiншi тур аяқталғаннан кейiн шет тiлiн меңгерудiң (бiлудiң) айқындалған дәрежесiнiң, үмiткерлермен өткiзiлген әңгiмелесудiң және психологиялық тестiлеудiң нәтижелерiне сәйкес сараптама комиссиясы жұмыс органына әрбiр үмiткер бойынша жазбаша түрде дербес қорытынды ұсынады.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      16. Бiрiншi тур өткiзiлгеннен кейiн жұмыс органы үмiткерлердiң материалдарын Республикалық комиссияның қарауы үшiн екiншi турға енгiзедi.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      17. Конкурстың екiншi турын Республикалық комиссия өткiзедi, үмiткерлердiң материалдарын қарағаннан кейiн мамандықтардың тiзбесiне сәйкес "Болашақ" стипендиясын тағайындау туралы түпкiлiктi шешiм қабылдайды.

      18. Арнаулы жоғары бiлiм, бакалавр дәрежесiн алуға өткiзiлетiн конкурстың жеңiмпаздары, сондай-ақ техникалық және медициналық мамандықтар бойынша магистр және ғылым кандидаты, докторы (Ph.D) дәрежесін алуға өткiзiлетiн конкурстың жеңiмпаздары Республикалық комиссияның шешiмi бойынша "Болашақ" стипендиясының есебiнен шет тілi бойынша бiр-екi семестрлік дайындық курстарынан өтуге жiберiледi.
      Егер стипендиат шет тiлiн қажетті көлемде игермеген жағдайда, шетелдiк жоғары оқу орнының ұсынымдары негiзiнде ол Республикалық комиссия шешiмi бойынша "Болашақ" стипендиясы бойынша оқуды одан әрi жалғастыру құқығынан айырылады және оны шетелде даярлауға және оқытуға жұмсалған қаражатты мемлекетке өтейдi.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

5. Шетелде оқу үшiн стипендиатпен шарт жасасу
және оның шарттық мiндеттемелердi орындауы

      19. Жұмыс органы стипендиатпен оқуды ұйымдастыру туралы шарт жасасады, онда мыналар мiндеттi түрде қамтылуы тиiс:
      1) шарттың мәні;
      2) тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерi;
      3) осы Ереженiң 18, 22-тармақтарында көзделген жағдайларда стипендиатты оқытуға жұмсалған қаражатты оның қайтаруы жөнiндегi мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету тәсiлi;
      4) оқытудың мерзiмi мен шарттары;
      5) шетелде оқуын аяқтағаннан кейiн бес жыл Қазақстанда жұмыспен өтеу үшiн стипендиаттың мiндеттi түрде Қазақстан Республикасына қайтып оралуы туралы шарт.
      Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      20. Шарт стипендиаттарға оқыту және шетелдiк серiктестерге ақша аудару жөнiндегi барлық шығыстарды төлеу үшiн негiз болып табылады.

      21. Шетелдiк серiктестерге немесе шетелдiк жоғары оқу орындарына ақша аударғаннан кейiн жұмыс органы шартта көрсетiлген мерзiмде шетелдiк жоғары оқу орындарына оқуға стипендиаттарды жiберудi қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      22. Егер стипендиат Республикалық комиссия дәлелсiз деп таныған себептермен оқу бағдарламасынан шығып қалған жағдайда немесе шартта көзделген өз міндеттемелерiн орындамаса, ол оны оқытуға жұмсалған ақшаның барлық сомасын оқуды ұйымдастыру туралы шартта көзделген мерзiмде қайтаруға мiндеттi.
      Ескерту. 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.26. N 328 қаулысымен.

      23. Стипендиат шартта көрсетілген еңсерілмес күш жағдайларының салдарынан өзінің міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамаған жағдайда жауапты болмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады