Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
"Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымы шеңберiндегi құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасы Заңы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге
қарсы құрылымы шеңберiндегi құпия ақпаратты қорғауды
қамтамасыз ету туралы келiсiмдi бекіту туралы
2004 жылғы 17 маусымда Ташкентте жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымы шеңберiндегі құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету туралы келiсiм бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге
қарсы құрылымы шеңберiндегi құпия ақпаратты қорғауды
қамтамасыз ету туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжiкстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы (бұдан әрі - мемлекеттер) және Шанхай ынтымақтастық ұйымы,
Тараптардың ынтымақтастығы барысында құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын және 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Аймақтық терроризмге қарсы құрылым туралы келiсiмдi назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсімнiң мақсаттары үшiн қолданылатын терминдер мыналарды білдiредi:
1) "мемлекеттік құпия" (мемлекеттік құпиялар) - оларды заңсыз тарату мемлекеттердiң қауiпсiздігі мен мүдделерiне нұқсан келтiруi мүмкiн, мемлекеттер ұлттық заңнамаға сәйкес қорғайтын кез келген нысанда бiлдiрiлетін мәліметтер;
2) "құпия ақпарат" - мемлекеттердiң ұлттық заңнамасына сәйкес, ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымында - құпия ақпаратпен жұмыс істеу ережесiне сәйкес мемлекеттік құпия (мемлекеттік құпиялар) ретiнде қорғалатын Тараптардың ынтымақтастығы процесінде алынған (берілген) және (немесе) құрылған (ұйымдасқан) кез келген нысанда бiлдiрiлетiн мәлiметтер;
3) "құпия ақпарат (мемлекеттiк құпия (мемлекеттiк құпиялар) жеткiзгіштерi" - құпия ақпарат нышандар, үлгілер, белгілер, техникалық шешiмдер және процестер түрiнде өз көрінiсін табатын материалдық объектілер, оның iшiнде физикалық өрiстер;
4) "құпия ақпаратты қорғау" - құпия ақпаратты заңсыз таратуды болдырмау және оның жеткiзгіштерiн сақтау мақсатында қабылданатын құқықтық, әкiмшілік, ұйымдастырушылық, инженерлiк-техникалық және өзге де шаралар;
5) "құпия ақпаратты заңсыз тарату" - құпия ақпаратты жария ету немесе осындай ақпаратты таратудың белгiленген тәртiбiн (ережесiн) бұзу, соның салдарынан ол оған енуге рұқсаты жоқ адамдарға белгілi болады;
6) "құпиялылық белгiсi" - құпия ақпаратты (мемлекеттік құпияны (мемлекеттiк құпияларды) жеткiзушiде қойылатын және (немесе) оған iлеспе құжаттамада көрсетiлетiн, олардың жеткiзушiсiнде қамтылған мәлiметтердiң құпиялылық дәрежесiн куәландыратын деректеме;
7) "мемлекеттiк құпияға (мемлекеттік құпияларға) рұқсат ету" - жеке тұлғалардың мемлекеттiк құпияға (мемлекеттік құпияларға) ену құқығын ресiмдеу рәсiмi;
8) "құпия ақпаратқа ену" - мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) тиiстi рұқсаты бар жеке тұлғаны құпия ақпаратпен таныстыру процесi;
9) "рұқсат нысаны" - мемлекеттердiң ұлттық заңнамасына сәйкес ресiмделетiн, жеке тұлғаның тиiстi құпиялылық дәрежесi бар мемлекеттiк құпиямен (мемлекеттiк құпиялармен) танысу құқығын бекiтетiн құжат;
10) "тергеу" - құпия ақпаратты заңсыз тарату жағдаяттарын, оған қатысы бар тұлғаларды, келтiрiлген зиянның сипаты мен көлемiн, сондай-ақ құпия ақпараттың заңсыз таралуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында Тарап ұлттық заңнамаға немесе қабылданған рәсiмдерге сәйкес қабылдайтын тәртiптiк, әкiмшiлiк, қылмыстық iс жүргiзу және өзге де шаралар жиынтығы;
11) "Тараптардың өкiлдерi" - Тараптар органдарының немесе ұйымдарының лауазымды және (немесе) өзге де уәкiлетті тұлғалары.
2-бап
1. Осы Келiсiмнiң мәнi - құпия ақпаратты қорғау саласындағы және оның заңсыз таралуының ықтимал фактiлерiне байланысты тергеудегі Тараптардың құзыреттi органдарының ынтымақтастығы болып табылады.
2. Тараптардың құзыретті органдары арасында құпия ақпаратты беру тiкелей, дипломатиялық арналар, фельдъегерлiк қызмет бойынша немесе берiлетiн ақпаратты қорғауды қамтамасыз ететiн ақпаратты берудiң техникалық құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкiн.
3-бап
1. Әрбiр мемлекет өз мiндеттерiн осы Келiсiмге сай егемендi теңдiк, басқа мемлекеттердiң iшкi iстерiне араласпау қағидаттарына, ұлттық заңнамаға және осы Келiсiмге сәйкес жүзеге асырады.
2. Осы Келiсiмде ештеңе де Тараптарға тек басқа Тараптың құзыретiне кiретiн заңдық құзырды және функцияларды жүзеге асыру құқығын бермейдi.
4-бап
1. Құпия ақпараты бар зияткерлiк қызметтiң нәтижелерiне ерекше меншiктік құқықтарды және осындай ақпарат жеткiзгіштерiне меншiктiк құқықтарды берудi берген Тараптың құзыретті органы жүзеге асырады.
2. Тараптардың құзыретті органдарының ынтымақтастығы процесiнде жасалған құпия ақпараты бар зияткерлiк қызметтiң нәтижелерiне ерекше құқықтар туралы мәселе, оған тең ынтымақтастық барысында құпия ақпарат заңсыз таралған жағдайда ықтимал залалдарды өтеуге қатысты талап-тілектердi реттеу тәртiбi мемлекеттердiң ұлттық заңнамасы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымы рәсiмдерiнiң және халықаралық шарттардың негізiнде шешiледi.
5-бап
Осы Келiсiм шеңберiнде Тараптардың құзыреттi органдары алмаса алатын құпия ақпараттың құпиялылық дәрежелерi және оның жеткiзгіштерi үшін осы дәрежелерге сәйкес келетiн құпиялылық белгілерi мынадай түрде салыстырылады:
Қазақстан Республикасында - өте құпия, құпия
Қытай Халық Республикасында - құпия, жасырын
Қырғыз Республикасында - өте құпия, құпия
Ресей Федерациясында - өте құпия, құпия
Тәжiкстан Республикасында - өте құпия, құпия
Өзбекстан Республикасында - өте құпия, құпия
Шанхай ынтымақтастық ұйымында - өте құпия, құпия.
6-бап
1. Мемлекеттер осы Келiсiмдi iске асыруға жауапты құзыретті органдарды белгілейдi және осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердiң орындалған күнiнен бастап 30 күн iшiнде бұл туралы депозитарийдi жазбаша нысанда хабардар етедi.
2. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымы Шанхай ынтымақтастық ұйымы тарапынан құзыретті орган болып табылады.
7-бап
Тараптардың құзыретті органдары ұлттық заңнамада, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымның кеңесi қабылдаған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымында құпия ақпаратпен жұмыс iстеу ережелерiнде және осы Келiсiмде көзделген тәртiппен ынтымақтастық процесiнде пайдаланылатын құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етедi.
8-бап
1. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетінде құпия ақпаратты қорғауға жауапты арнайы уәкiлеттi адамдар тағайындалады, олар құпия ақпарат жеткiзгiштердi алады, сақтайды, көбейтедi, таныстырады, бередi және жояды, оларды пайдалануды бақылайды.
2. Мемлекеттерде құпия iс жүргiзу ұлттық заңнамаға, ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымында - құпия ақпаратпен жұмыс iстеу ережелерiне сәйкес жүргізiледi.
9-бап
1. Әрбiр мемлекет және Шанхай ынтымақтастық ұйымы тиiсiнше:
құпиялылық дәрежесiне сәйкес келетiн құпия ақпаратқа осы Келiсiмнiң 5-бабына сәйкес салыстырмалы құпиялылық дәрежесi бар мемлекеттік құпияға (мемлекеттiк құпияларға) қатысты қолданылатын қорғаудың осындай шараларын қолдану;
басқа мемлекеттер ресiмдеген мемлекеттiк құпияға (мемлекеттiк құпияларға) рұқсат етудi тану;
Тараптардың өкiлдерiне оларға мемлекеттiк құпияны (мемлекеттік құпияларды) қорғау кезiнде жүктелетiндей құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегі осындай мiндеттердi жүктеу;
олар азаматы болып табылатын мүше мемлекеттерде ресiмделген мемлекеттiк құпияға (мемлекеттiк құпияларға) рұқсаты бар Тараптардың өкiлдерiне Тараптар ынтымақтастығы шеңберiнде қызметтік мiндеттердi атқару мақсатында құпия ақпаратқа рұқсат беру;
басқа Тараптан алынған құпия ақпаратты тек оны берген кезде көзделген мақсаттарға пайдалану;
құпия ақпаратты берген Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз оған ену рұқсатын үшiншi тарапқа бермеу үшiн заңнамалық және басқа да шаралар, сондай-ақ ережелер қабылдайды.
2. Әрбiр мемлекет ұлттық заңнаманың негізгi қағидаттарына сәйкес ауыр зардаптарға әкелiп соқтырған құпия ақпаратты қасақана заңсыз таратуды қылмыстық жазалауға жататын әрекет ретiнде тануы үшiн талап етiлуi мүмкiн сондай заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды.
10-бап
1. Әрбiр мемлекет өздерi Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымына құпия ақпаратты пайдаланумен байланысты тұрақты жұмысқа жiберген адамдарға мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) рұқсат етудiң тиiсті нысанын ресiмдейдi және бұл туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетiн жазбаша түрде хабардар етедi. Бiр жолғы баруға жiберілген тұлғаларда, қажет болған жағдайда, мемлекеттiк құпияға (мемлекеттiк құпияларға) рұқсат етудiң тиiстi нысаны болуы тиiс.
2. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетi мемлекеттi өздерiнiң лауазымды адамдарында мемлекеттiк құпияға (мемлекеттік құпияларға) рұқсаттың тиiстi нысанының бар екенi туралы хабардар етедi.
11-бап
Мемлекеттердiң құпия ақпаратты беруi ұлттық заңнамаға, ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымында - құпия ақпаратпен жұмыс iстеу ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
12-бап
1. Алынған құпия ақпарат жеткiзгiштерiне оларды алуға жауапты құзыретті орган осы Келiсiмнің 5-бабына сәйкес құпиялылық белгілерiнiң салыстырмалылығы туралы қосымша мөртабандар басады.
Құпиялылық белгiлерiнiң салыстырмалылығы туралы мөртабандар басудың мiндеттiлігі, аудару, көшiрме жасау немесе көбейту нәтижесiнде пайда болған құпия ақпарат жеткiзгiштерiне қолданылады.
Егер құпия ақпарат басқа жеткiзушiге ауыстырылған немесе көшiрiлген жағдайда, оған түпнұсқаның құпиялылық белгiсiне сәйкес келетiн құпиялылық белгiсiнiң салыстырмалылығы туралы мөртабан қойылады.
Берiлген құпия ақпараттың негiзiнде пайда болған құпия ақпарат жеткiзгiштерiне берiлген құпия ақпараттың құпиялылық белгісiнен төмен емес жерге құпиялылық белгісiнiң салыстырмалылығы туралы мөртабан басылады.
Құпия ақпараттың жеткiзгiштерiн мемлекеттердiң құзыретті органдары осы Келiсiмнiң 5-бабына сәйкес салыстырмалы құпиялылық белгісi бар мемлекеттік құпияның (мемлекеттiк құпиялардың) меншiктi жеткiзгiштерiне қатысы бойынша қолданылатын талаптарға сәйкес, ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымында - құпия ақпаратпен жұмыс iстеу ережелерiне сәйкес есепке алады, сақтайды және жояды.
2. Алынған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесi берген Тараптың құзыреттi органының жазбаша рұқсатымен ғана өзгертiлуi немесе алынуы мүмкiн.
3. Тараптардың құзыреттi органдарының ынтымақтастығы процесiнде жасалған зияткерлiк қызмет нәтижелерiнде бар құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесiн өзiнiң ұлттық заңнамасының негізiнде немесе құпия ақпаратпен жұмыс iстеу ережелерiне сәйкес жасалған зияткерлiк қызмет нәтижелерiне ерекше құқықтардың иегерi белгiлейдi.
4. Құпия ақпарат жеткiзгiштерiнiң жойылғандығы туралы оны берген Тараптың құзыреттi органы жазбаша хабардар етiледi.
13-бап
1. Құзыретті органдар осы Келiсiмнiң iске асуы үшiн қажеттi көлемде өз Тараптарының мемлекеттiк құпияны (мемлекеттiк құпияларды) және құпия ақпаратты қорғау саласындағы тиiсті нормативтiк құқықтық актілерiмен, өзге де актiлерiмен және рәсiмдерiмен алмасады.
2. Тараптардың құзыретті органдары ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келiсiмдi iске асыру кезiнде олардың бiреуiнiң сұрауы бойынша бiрлескен консультациялар өткiзедi.
14-бап
1. Жiберушi Тарап өкiлдерiнiң құпия ақпаратқа рұқсат етiлуi көзделген қабылдаушы Тараптың құзыреттi органына олардың құпия ақпаратқа енуiн көздейтiн сапары қабылдаушы Тараптың құзыретті органының Тараптардың ұлттық заңнамасына немесе рәсiмдерiне және осы Келiсiмге сәйкес қабылданған шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Жiберушi Тарап өкiлдерiнiң бару мүмкiндiгi жөнiндегi өтiнiшi, егер құзыретті органдар өзгеше келiспеген болса, қабылдаушы Тараптың құзыреттi органына болжанған сапарға дейiн 30 күннен кешiктiрiлмей жолданады. Көрсетiлген өтiнiш қабылдаушы Тарапта қабылданған заңнамаға немесе рәсімдерге сәйкес жазылады, және ол мынадай деректердi қамтуы тиiс:
Тарап өкiлiнiң тегі, аты және әкесiнiң аты, оның азаматтығы, жеке басын растайтын құжатының (төлқұжатының) нөмiрi;
лауазымы көрсетiле отырып, олар бiлдiретiн органның атауы;
тиiсті құпиялылық дәрежесi бар мемлекеттiк құпияға (мемлекеттiк құпияларға) рұқсатының болуы;
танысу қажет болатын құпия ақпарат;
сапардың болжанған күнi, жоспарланған ұзақтылығы және мақсаты.
3. Қабылдаушы Тараптың құзыреттi органы жiберушi Тараптың өкiлдерiн қабылдаушы Тараптың құпиялылық дәрежесi сәйкес келетiн құпия ақпаратпен (мемлекеттік құпиямен (мемлекеттік құпиялармен) жұмыс iстеу ережесiмен таныстырады. Жiберушi Тараптың өкiлдерi аталған ережелердi сақтайды. Жiберушi Тараптың өкiлдерi өздерiнiң қабылдаушы Тараптың құпиялылық дәрежесi сәйкес келетiн құпия ақпаратпен (мемлекеттiк құпиямен (мемлекеттiк құпиялармен) жұмыс iстеу ережелерiмен танысқандықтарын және оларды сақтайтындықтарын жазбаша куәландырады.
4. Жiберушi Тарап өкiлiнiң құпия ақпаратқа (мемлекеттiк құпияға (мемлекеттік құпияларға) енуi осы бапта көрсетiлген шарттарды орындаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
15-бап
1. Мемлекеттер, егер тиiстi Келiсiмде өзгеше көзделмесе, өздерiнiң аумақтарында құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға байланысты туындаған шығыстарды дербес көтередi.
2. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымындағы құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге арналған шығыстар Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетiнен жүзеге асырылады.
16-бап
1. Құпия ақпаратты заңсыз тарату фактiсi анықталған жағдайда Тараптар консультациялар өткiзедi, талқылауды жүзеге асырады және оның нәтижелерi туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.
2. Құпия ақпараттың заңсыз таралуына жол берген тұлға мұндай бұзушылықтың кез келген жағдайында өзi азаматы болып табылатын мемлекеттiң заңдық құзырында болады. Егер де бұл тұлға азаматтығы жоқ тұлға болып табылса, онда ол аумағында тұрақты тұрып жатқан мемлекеттiң заңдық құзырында болады.
3. Мемлекеттер құпия ақпараттың заңсыз таралуы фактілерiн тергеу кезiнде - ұлттық заңнаманы, ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымы - онда қабылданған тәртiптiк рәсiмдердi қолданады.
4. Мемлекеттер ұлттық заңнамада және құқықтық көмек, қылмыстық өндiрiстердi беру және өзара алмасу мәселелерi бойынша өз араларындағы халықаралық шарттарда көзделген тәртiппен құпия ақпаратты заңсыз таратуға байланысты тергеуде, iзге түсуде және сот талқылауында бiр-бiріне барынша кең көлемде жәрдем көрсетедi. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымы қабылданған рәсiмдерге сәйкес тергеудi жүзеге асырып жатқан мемлекетке оны жүргiзуде барынша кең көлемде жәрдем көрсетедi.
5. Құпия ақпаратты оның заңсыз таратылуымен меншiк құқығы иесiне келтiрілген залалдың көлемi мен өтеу тәртiбi Тараптар арасындағы жеке келiсiммен айқындалады.
17-бап
Осы Келiсiм Тараптардың осы Келiсiмнiң мәнi болып табылатын және оның мақсаттарына қайшы келмейтiн мәселелер бойынша басқа халықаралық шарттар жасасу құқығын шектемейдi, сондай-ақ Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық келiсiмдерден туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.
18-бап
Осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты даулар Тараптар арасындағы келiссөздер немесе консультациялар арқылы шешiледi.
19-бап
Осы Келiсiм шеңберiндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiндегі жұмыс тілi орыс және қытай тiлдерi болып табылады.
20-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын және осы Келiсiмнiң 21-бабында белгiленген тәртiппен күшiне енетiн хаттамалар түрiнде ресiмделетiн өзгерiстер енгізiлуi мүмкiн.
21-бап
1. Осы Келiсiм мемлекеттердiң осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердiң орындағаны туралы жазбаша нысандағы хабарламаларының соңғысын депозитарий алған күннен бастап 30-күнi күшiне енедi.
2. Осы Келiсiмнiң депозитарийі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы болып табылады. Депозитарий осы Келiсiмнiң куәландырылған көшiрмелерiн оған қол қойылған күннен бастап 15 күн iшiнде мемлекеттерге жiбередi.
3. Депозитарий осы Келiсiмнiң 6-бабының 1-тармағында көрсетiлген мемлекеттiң ол белгілеген құзыреттi органы туралы хабарламасын алғаннан кейiн 15 күн iшiнде басқа мемлекеттерге оның атауы туралы хабарлайды.
22-бап
Осы Келiсiм 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына қатысушы болып табылатын басқа да мемлекеттердiң қосылуы үшiн ашық. Қосылған мемлекет үшiн осы Келiсiм депозитарийдің оның қосылғандығы туралы құжатты алған күннен бастап 30-күнi күшіне енедi.
23-бап
Егер мемлекеттер өзге туралы келiспесе, осы Келiсiм мерзiмсiз болып табылады.
Осы Келiсiмнiң қолданысы тоқтатылған жағдайда оның ережелерi құпия ақпаратқа қатысты одан құпиялылық белгiсi алынғанға дейiн қолданылатын болады.
2004 жылғы 17 маусымда Ташкент қаласында орыс және қытай тiлдерiндегi бiр түпнұсқа данада жасалды әрi екi тiлдегі мәтiннiң күшi бiрдей.
Қазақстан Республикасы үшiн
Қытай Халық Республикасы үшiн
Қырғыз Республикасы үшiн
Ресей Федерациясы үшiн
Тәжiкстан Республикасы үшiн
Өзбекстан Республикасы үшiн
Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшiн