"Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2005 жылғы 30 маусымдағы N 651 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      "Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба   

Қазақстан Республикасының Заңы

  Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы инновациялық қызметті ынталандырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн реттейдi әрi оны мемлекеттiк қолдау шараларын айқындайды.

  1-тарау. Жалпы ережелер

        1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) инновация - зияткерлiк меншiктiң объектiсi болып табылатын, енгiзiлуi өндiрiстiң әртүрлi салаларына және қоғамды басқаруға экономикалық тиiмдi және/немесе әлеуметтiк, экологиялық маңызды болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтiң нәтижесi;
      2) инновациялық қызмет - инновацияларды өндiрiстiң әртүрлi салаларына енгiзу және қоғамды басқару оларды инновацияларды пайдалану;
      3) инновациялық инфрақұрылым - Қазақстан Республикасының инновациялық қызметiнiң мамандандырылған субъектiлерiнiң жиынтығы;
      4) инновациялық грант - тәжiрибе-конструкторлық әзiрлемелердi орындау инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiн дайындау, өнеркәсiп меншiк объектiлерiн шетел мемлекеттерiнде және/немесе халықаралық патенттiк ұғымдарды патенттеу үшiн грант берушi мен грант алушы арасындағы шартта көзделген шарттарды өтеусiз ұсынылатын ақшаның мақсатты сомасы;
      5) инновациялық жоба -  инвестицияларды көздейтiн және шектелген уақыт мерзiмi iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипаты бар инновацияларды енгiзуге бағытталған көздейтiн iс-шаралар кешенi;
      6) инновациялық қор - инновациялық жобаларды және инфрақұрылымдарды қаржыландыру, сондай-ақ өзге қызметтердi көрсету жолымен инновациялық қызметтiң дамуына жәрдемдесетiн заңды тұлға;
      7) инновациялық қызметтiң субъектiсi - инновациялық қызметтi жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар;
      8) инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiсi технологиялық бизнес инкубатор, технологиялық парк, инновациялық қор;
      9) технологиялық бизнес-инкубатор - заңды және жеке тұлғаларға инновацияларды құру күзет құжаттарын алуға және инновациялық жобаларды дайындауға арналған өтiнiмдердi ресiмдеу үшiн құқықтық, ұйымдық, ақпараттық және өзге де қызметтердi ұсыну жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын үшiн құрылатын заңды тұлға немесе технопарктiң құрылымдық бөлiмшесi;
      10) технологиялық парк (технопарк) - заңды тұлға немесе негiзгi қызметi инновациялық жобаны iске асыру үшiн қажеттi қызметтердi көрсету болып табылатын бiртұтас материалдық-техникалық кешен меншiгiне ие консорциум;
      11) технологиялар трансфертi - Қазақстан Республикасында немесе шет елдерде инновациялық қызмет субъектiлерiне құқық иеленушiден патент алған инновацияларды пайдалануға құқықты беру процесi;
      12) уәкiлеттi орган - берiлген өкiлеттiктер шегiнде инновациялық қызмет саласындағы басшылық пен үйлестiрудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

        2-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық қызметтi
             мемлекеттiк қолдау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңда барынан өзге ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың
               мақсаты мен қағидаттары

      Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мақсаты инновациялық қызметтi дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
      Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың негiзгi мiндеттерi:
      1) инновациялық қызметтi жүзеге асыру кезiнде ұлттық мүдделердi сақтау;
      2) ұлттық экономиканың бәсеке қабiлетiн арттыру және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн инновациялық қызметтiң басымдығы;
      3) инновациялық қызмет субъектiлерiнiң мемлекеттiк қолдауды алу кезiндегi теңдiгi;
      4) инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдаудың экономикалық тиiмдiлiгi және нәтижелiлiгi;
      5) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерiнің және кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң инновациялық қызметтi ұйымдастыру мақсатында тұрақты өзара iс-әрекеттi қамтамасыз ететiн мемлекеттiк қолдаудың кешендiлiгi;
      6) инновациялық қызмет үшiн жоғары бiлiктi кадрларды даярлау болып табылады.

       4-бап. Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың
               бағыттары

      Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) қажеттi ұйымдық және экономикалық, оның iшiнде мемлекеттiк инновациялық саясатты iске асыру үшiн инвестициялар тартуды қамтамасыз ететiн жағдайлар жасау жолымен инновациялық қызметтi ынталандыру;
      2) инновациялық дамытудың басымдықтарын айқындау;
      3) инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру және дамыту;
      4) мемлекеттiң инновацияны құруға және енгiзуге қатысу;
      5) отандық инновацияларды сыртқы рыноктарға жылжыту;
      6) технологиялар трансфертiн қоса алғанда инновациялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық.

       5-бап. Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың
               нысандары

      Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай негiзгi нысандарда жүзеге асырылады:
      1) инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн жасауға қатысу;
      2) мемлекеттiк даму институттарын құру қызметiн үйлестiру және жұмыс iстеп тұрған мемлекеттiк даму институттарын одан әрi дамыту;
      3) инновациялық жобаларды мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен iске асыру;
      4) Қазақстан Республикасының бюджеттiк заңнамасында және осы Заңда айқындалған шарттарда инновациялық гранттар беру;
      5) инновациялық қызметтi кадрлық қамтамасыз етудi, оның iшiнде инновациялық менеджмент негiздерiне оқыту жолымен ұйымдастыру;
      6) инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру үшiн инвестицияларды тартуды қамтамасыз ететiн қажеттi ұйымдық, құқықтық және экономикалық жағдайлар жасау.

       6-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының
               инновациялық қызмет саласындағы құзыретi

      1. Қазақстан Республикасының Yкіметi:
      1) инновациялық қызмет саласында мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
      2) Қазақстан Республикасындағы инновациялық қызметтiң басым бағыттарын айқындайды;
      3) инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеудi ұйымдастырады;
      4) инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған салалық (секторальдық) бағдарламаларды бекiтедi;
      5) инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн аккредиттеу ережесiн бекiтедi;
      6) мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен инновациялық гранттар беру және өнеркәсiптiк меншiкке объектiлердiң енуi жөнiнде қабылданған шаралар туралы есеп беру ережесiн бекiтедi;
      7) мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптаманы жүргiзу ережесiн және бюджет қаражаты есебiнен инновациялық гранттар алуға өтiнiмдерге экономикалық сараптаманы бекiтедi;
      8) инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн құру үшiн жағдайларды қамтамасыз етедi.
      2. Уәкiлеттi орган:
      1) инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттiк саясаттың қалыптасуын қамтамасыз етедi және оны жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының Yкiметiне Қазақстан Республикасындағы инновациялық қызметтiң басым бағыттары бойынша ұсыныстар енгiзедi;
      3) инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған мемлекеттiк, салалық (секторальдық) бағдарламаларды әзiрлейдi;
      4) мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен инновациялық гранттар беру және өнеркәсiптiк меншiкке объектiлердiң енуi жөнiнде қабылданған шаралар туралы есептiлiк беру ережесiн, инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн аккредиттеу ережесiн, бюджет қаражаты есебiнен гранттар алуға өтiнiмдерге мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама және экономикалық және сараптама жүргiзу ережесiн әзiрлейдi;
      5) мемлекеттiк органдардың инновациялық қызметтi дамыту жөнiндегi қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
      6) Қазақстан Республикасының Yкiметiне инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн құру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инновациялық қызметтi ынталандыру жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлейдi.
      3. Өзге де орталық атқарушы органдар:
      1) өз құзыретi шегінде инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз етедi;
      2) өз құзыретi шегiнде инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған салалық (секторальдық) бағдарламаларды iске асырады.
      4. Жергілiктi атқарушы органдар:
      1) өз құзыретi шегінде инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлейдi, бекiтедi және iске асырады әрi оларды құқықтық, ұйымдық және өзге де қолдауды қамтамасыз етедi;
      2) инновацияларды құруға және енгізуге қатысады;
      3) инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн құруға қатысады.

  2-тарау. Инновациялық инфрақұрылым

       7-бап. Инновациялық қызметтiң мамандандырылған
               субъектiлерi

      1. Мемлекет инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн құруға қатысады.
      2. Кез келген заңды және жеке тұлға, оның iшiнде шетелдiктер инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiнiң құрылтайшылары бола алады.
      Инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiнiң жарғылық капиталына жергiлiктi атқарушы органдар, сондай-ақ инновациялық қызметке жәрдемдесу мақсатында мемлекеттiң қатысуымен құрылған заңды тұлғалар қатыса алады.
      3. Технологиялық бизнес-инкубаторлар қызметтiң мынадай түрлерiн жүзеге асырады:
      1) шарттар жағдайында инновациялар құруға қажеттi материалдық-техникалық база ұсыну;
      2) шарттар жағдайында зияткерлiк меншiк объектiлерiне күзет құжаттарын алуға арналған өтiнiмдердi ресiмдеуге қажеттi қызметтердi ұсыну;
      3) шарттар жағдайында, инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiн және инновациялық жобаны қаржыландыруға арналған құжаттарды әзiрлеуге жәрдем көрсетудi қоса алғанда инновациялық жобаны дайындау үшiн қажеттi қызметтердi ұсыну;
      4) инновациялық жобаларды iске асыру үшiн инвестициялар тартуға жәрдем көрсету;
      5) инновациялық қызметтi жүзеге асыратын шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiн ұйымдастыруға жәрдем көрсету.
      Технологиялық бизнес-инкубаторлардың қарамағында инновациялық қызмет субъектiлерiне қызметтер көрсету үшiн бiлiктiлiгі бар қызметшiлер, инновациялар құру үшiн жеткiлiктi кеңселiк және өндiрiстiк үй-жайлар болады.
      4. Технопарк қызметтiң мынадай түрлерiн жүзеге асырады:
      1) жаңа технологиялық процестердi, тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) сертификаттау және стандарттау мен тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) жаппай өндiрудi бастау мақсатында тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелер, сынақтар жүргiзу кезеңiн қоса алғанда инновациялық жобалауды iске асыру үшiн қатысты зертхана жабдықтарына, коммуникацияларға, басқа да объектiлерге ену;
      2) заңды және жеке тұлғаларға және шарттар жағдайында инновациялық жобаны iске асыру үшiн құқықтық, ұйымдық, ақпараттық қызметтер ұсыну;
      3) инновациялық менеджмент негiздерiн оқыту;
      4) технопарк аумағында орналасқан, шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне консультациялық қызметтер көрсететiн ұйымдарды тарту үшiн жағдайлар жасау;
      5) өзiнiң негiзгі қызметi шеңберiнде кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң отандық және шетелдiк ғылыми және технологиялық ақпараттарын тарату.
      Технопарктер, инновациялық қызмет субъектiлерiне жәрдем көрсетуге қажеттi жылжымайтын меншiк құқығындағы немесе тұрақты немесе ұзақ мерзiмдi уақытқа жер пайдалану құқығындағы объектiлердi қоса алғанда, материалдық-техникалық базаға иелiк етедi.
      Технопарктерде сараптамалық кеңестер құрылуы мүмкiн.
      Сараптамалық кеңес:
      1) инновацияларды әзiрлеушiлерден, кәсiпкерлерден түсетiн өтiнiмдер мен жобалардың алдын ала талдауын жүзеге асырады;
      2) жобаның жаңашылығы мен техникалық орындаушылығын бағалайды, құрылатын инновацияның нарықтық тартымдылығын, оның қаржылық және экономикалық орындаушылығын бағалайды.
      Инновациялық қорлар заңды тұлға нысанында құрылады және қызметтiң мынадай түрлерiн жүзеге асырады:
      1) инновацияларды қаржыландыру, құру және енгiзу;
      2) шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң инновациялық қызметтi iске асырулары үшiн қаржы қаражатын iздеу және тарту;
      3) инновациялық қызмет субъектiлерiне маркетингтiк, консультативтiк және басқарушылық қызметтер көрсету;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қызметтiң өзге де түрлерi инновациялық қорлар жылдық қаржылық есептiлiктiң аудитiн жүргiзуге мiндеттi.

  3-тарау. Ұлттық инновациялық қор

       8-бап. Ұлттық инновациялық қордың құқықтық мәртебесi,
               мақсаттары мен мiндеттерi

      1. Жалғыз құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Yкiметi болып табылатын ұлттық инновациялық қор акционерлiк қоғам нысанындағы коммерциялық ұйым болып табылады.
      2. Ұлттық инновациялық қор қызметiнiң мақсаты елдегі жалпы инновациялық белсендiлiктi көтеру оның iшiнде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстердi дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
      3. Ұлттық инновациялық қордың мiндеттерi:
      1) отандық және шетелдiк инвесторлармен бiрлесiп, оның iшiнде құрылатын қорлардың жарғылық капиталына бақылаусыз қатысу (49 пайыздан артық емес) жолымен инновацияларды құруды және енгізудi қаржыландыруды жүзеге асыратын инновациялық қорлар мен инвестициялық қорлар құру;
      2) инвестициялайтын компаниялардың жарғылық капиталына және/немесе қаржылық лизингiне үлестiк бақылаусыз қатысу (49 пайыздан артық емес) жолымен инновацияларды құру мен ендiрудi қаржыландыру;
      3) инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін құруға қатысу;
      4) сыртқы рыноктарға отандық инновацияларды жылжыту;
      5) инновациялық технологияларды көшіру, қарауға беру және дамыту, оларды коммерциялау мен ендіру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

       9-бап. Ұлттық инновациялық қордың өкілеттігі

      Ұлттық инновациялық қор:
      1) Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық саясаты туралы  меморандумына  сәйкес инвестициялық саясатты жүзеге асыруға;
      2) ғылыми-техникалық, экономикалық сараптамалардың және патенттік талдаудың нәтижелері бойынша инновациялық жобаларды инвестициялаудың орындылығын айқындауға;
      3) өз міндеттерін іске асыру үшін шарттық негізде сарапшыларды және консультанттарды тартуға;
      4) ішкі рынокта Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясаты туралы меморандумды айқындалған шектерде және тәртіпте өтімділігі жоғары қаржы құралдарының еркін қаражатын орналастыруға;
      5) Инвестициялық саясат туралы меморандуммен белгіленген шектеулерді ескере отырып, инновациялық жобаларды іріктеуді және оларды инвестициялауды жүзеге асыруға;
      6) инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін құруға қатысуға;
      7) өз қаражатынан жаңа технологиялар, тауарлар, жұмыстар, қызметтер құруға бағытталған, коммерциялық әсер мен экономиканы технологиялық дамыту тұрғысынан әлеуетті перспективалы болып табылатын қолданбалы ғылыми зерттеулерге және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге арналған гранттар беруге;
      8) шетелдік инновациялық немесе инвестициялық қорларға инвестицияларды жүзеге асыруға құқылы.

       10-бап. Ұлттық инновациялық қор инвестицияларының
                көздері

      1. Инвестицияларды жүзеге асыру үшін мынадай көздер пайдаланылуы мүмкін:
      1) Ұлттық инновациялық қордың жарғылық капиталы;
      2) халықаралық қаржы ұйымдары, шетел мемлекеттері және қаржы институттары беретін гранттар;
      3) Ұлттық инновациялық қордың кірістері.
      2. Ұлттық инновациялық қордың кiрiстерiн алудың негiзгi нысаны Ұлттық инновациялық қор қаржыландыратын жобалардан шығуы кезiндегi, инновациялық қор инвестицияларының бастапқы құны мен шығу кезiндегi сату құнының арасындағы айырманы бiлдiретiн кiрiстер болып табылады.
      3. Басқа кiрiстер инновациялық қордың еркiн ақша қаражатын уақытша басқарудан кiрiстердi, дивиденд нысанындағы кiрiстердi, консультациялық қызметтердi беруден кiрiстердi, ғылыми-зерттеулер мен тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерiне мүлiктiк құқықтарды iске асырудан кiрiстердi бiлдiредi.

       11-бап. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық
                саясаты туралы меморандум

      1. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясаты туралы  меморандум  Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық қызметiндегi негiзгi құжат болып табылады.
      2. Инвестициялық саясат туралы меморандум Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық саясатының негiзгi басымдықтарын айқындайды, инвестициялық қызметтi, мониторингтi және қаржыландырылатын жобаларды iске асыруды, инвестицияланатын компаниялардың қаржылық жағдайын талдауды, Ұлттық инновациялық қордың инвестицияланатын компаниялардан шығуы туралы шешiм қабылдауды жүзеге асыру жөнiндегі рәсiмдерден тұрады, Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық қызметiнiң сапалық және сандық өлшемдерiн және шектеулердi белгiлейдi.
      3. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясаты туралы меморандумын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.

       12-бап. Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық
               қызметiн шектеу

      1. Ұлттық инновациялық қордың:
      1) акциялардан басқа, бағалы қағаздардың өзге де түрлерiн шығаруға;
      2) қарыздар беруге;
      3) үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлдiктер мен кепiл болуды беруге;
      4) қабылдау, сондай-ақ оларды жүзеге асыру мақсаты Қазақстан Республикасының заңнамасына, жарғыға және ұлттық инновациялық қордың инвестициялық саясаты туралы меморандумына қайшы келетiн мiндеттердi, шарттарды және тәртiптi өзiне қабылдауға құқығы жоқ.
      2. Ұлттық инновациялық қор алкогольдiк өндiрiске, темекi өнiмдерiне, ойын бизнесiне инвестицияларды жүзеге асырмайды.

       13-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының
                Ұлттық инновациялық қормен өзара iс-әрекетi

      1. Қазақстан Республикасының Yкiметi Ұлттық инновациялық қордың жалғыз акционерi болып табылады, Инновациялық қорды басқаруға қатысады.
      2. Уәкiлеттi орган:
      1) Ұлттық инновациялық қор акцияларының мемлекеттiк пакетiн басқару функцияларын жүзеге асырады;
      2) Ұлттық инновациялық қордың құрамын, нысандарын және есептiлiктi берудiң кезеңдiлiгiн бекiтедi;
      3) Ұлттық инновациялық қор қызметiнiң Қазақстан Республикасы заңнамасының және Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясаты туралы меморандумның талаптарына сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымдық тұлғаларының Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң заңнамасымен көзделген жағдайларды қоспағанда, Ұлттық инновациялық қордың қызметiне араласуына тыйым салынады.

       14-бап. Ұлттық инновациялық қордың жауапкершілiгi

      Ұлттық инновациялық қор Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерде және тәртiпте өз мiндеттемелерiн орындамауға не тиiстi түрде емес орындауға жауапты болады.

  4-тарау. Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен
инновациялық жобаларды iске асыру.
Инновациялық гранттар

       15-бап. Инновациялық жобаларды мемлекеттiк бюджет
                қаражаты есебiнен iске асыру

      Инновациялық жобаларды мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен iске асыру Қазақстан Республикасының бюджеттiк заңнамасында айқындалған тәртiпте жүзеге асырылады.

       16-бап. Инновациялық гранттар беру

      1. Инновациялық гранттар Қазақстан Республикасының бюджеттiк заңнамасына сәйкес мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен берiледi.
      2. Республикалық бюджет қаражаты есебiнен гранттар берген кезде қаржылық агенттi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      3. Инновациялық грант мынадай мақсаттарға берiледi:
      1) тәжiрибелi-конструкторлық әзiрлемелердi орындау;
      2) инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзiрлеу;
      3) шет елдердегi және/немесе халықаралық патент ұйымдарындағы өнеркәсiп меншiгiнiң объектiсiн патенттеу.

       17-бап. Тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелерге грант

      1. Тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелерге гранттар беру бюджеттiк қаражат есебiнен инновациялық гранттар беруге өтiнiмдердi мемлекеттiк ғылыми-техникалық және экономикалық сараптаманың және патенттiк зерттеулердiң нәтижелерi бойынша конкурстық негiзде жүргiзiледi.
      2. Тәжiрибе-конструкторлық әзiрлемелердiң нәтижелерiн қадағалауға айрықша құқық патент алушыға қатысты.
      3. Тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелердi орындауға гранттар беру мынадай шарттарда берiледi:
      1) Қазақстан Республикасының Yкiметiне немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органға әлемнiң барлық елдерiнiң аумағында Қазақстан Республикасының атынан өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану үшiн сублицензиялық шарт жасасу құқығы бар қайтарусыз негiзде  жай айрықша емес, мерзiмсiз лицензиялар беру;
      2) уәкiлеттi органға немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органға тиiстi өнеркәсіптiк меншiк объектiсiн өндiру бойынша қабылданған шаралар туралы мерзiмдiк есептердi беру;
      3) лицензиаттың осы өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн енгiзетiн немесе оның арқасында алынған кез келген тауар (жұмыс, қызмет) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн жағдайда ғана өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне айрықша лицензиялар беру;
      5) грант алушының аудитiн жүргiзу.
      4. Егер тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелердi орындаудың нәтижесi пайдаланылуы ұлттық қауiпсiздiк мәселелерiне байланысты өнеркәсiптiк меншiк объектiсi болып табылған жағдайда мұндай объектiге айрықша құқық мемлекетке ауысады.

       18-бап. Инновациялық жобаның техникалық-экономикалық
                негiздемесiн дайындауға және өнеркәсiп
                меншiгiнiң объектiсiн шетелдерде және/немесе
                халықаралық патенттiк ұйымдарда патенттеуге
                арналған грант

      1. Техникалық-экономикалық негiздеменi дайындауға және өнеркәсiп меншiгiнiң объектiсiн шетелдерде және/немесе халықаралық патент ұйымдарда патенттеуге гранттар беру бюджет қаражаты есебiнен инновациялық гранттарды алуға арналған мемлекеттiк ғылыми-техникалық және экономикалық сараптамалардың нәтижелерi бойынша конкурстық негiзде жүргiзiледi.
      2. Инновациялық жобаға техникалық-экономикалық негiздеменi дайындауға грант инновацияға мүлiктiк құқықтарға ие адамға берiледi.
      3. Техникалық-экономикалық негiздеме дайындауға грант аккредиттелген технологиялық бизнес-инкубаторлардағы және технопарктердегi инновациялық жобаға техникалық-экономикалық негiздеме дайындау шартымен берiледi.
      4. Шет елдердегi және/немесе халықаралық патенттiк ұйымдардағы өнеркәсiп меншiгінiң объектiсiн патенттеуге грант күзет құжатын алуға тапсырыс беру құқығы бар адамға берiледi.

  5-тарау. Қорытынды ережелер

       19-бап. Техникалық бизнес инкубаторлар мен
                технопарктердi аккредиттеу

      1. Техникалық бизнес-инкубаторлар мен технопарктердi аккредиттеудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Техникалық бизнес инкубаторлар мен технопарктердi аккредиттеу ерiктi болып табылады және олардың өтiнiштерi негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Олардың Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi техникалық бизнес инкубаторлар мен технопарктердi аккредиттеудiң негiзi болып табылады.
      4. Аккредиттеу туралы куәлiк алған инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерi туралы немесе куәлiктерi қайтарылғаны туралы ақпарат уәкiлеттi орган арқылы ресми басылымдарда жарияланады.

       20-бап. Инновациялық қызмет субъектiлерiнiң
                халықаралық ынтымақтастығы

      1. Инновациялық қызмет субъектiлерiнiң халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамалық және халықаралық шарттарының негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Инновациялық қызмет субъектілерi инновациялық қызметпен айналысатын халықаралық ұйымдарға кiруге, инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған халықаралық инновациялық жобаларға, бағдарламаларға қатысуға Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн шарттар мен өзге де келiсiмдер жасасуға құқылы.

       21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң оны ресми жариялаған күннен бастап қолданысқа енгiзiледі.
      2. "Инновациялық қызмет туралы" 2002 жылғы 3 шiлдедегi Қазақтан Республикасы  Заңының  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 13-14, 142-құжат; 2005 ж., N 23, 142-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi    

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады