Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Есірткіні бақылау мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға Қосымша хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 шілдедегі N 701 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Есірткіні бақылау мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға Қосымша хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан көрсетілген Қосымша хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Есірткіні бақылау мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға Қосымша хаттама 1. Жалпы ережелер

      А. Бұдан әрі қол қоюшы тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі өзара түсіністік туралы меморандумның (ӨТМ) және осы Қосымша хаттаманың шарттарына сәйкес жаңа жобаны қолдау мақсатында 2002 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Есірткіні бақылау мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге келіседі.
      В. Америка Құрама Штаттарының Үкіметі төменде сипатталған жобалар шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне қосымша көмек үшін 1.01 миллион АҚШ долларын ұсынады. Америка Құрама Штаттарының Үкіметі осы Қосымша хаттаманың шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Америка Құрама Штаттары Үкіметінің басқа органдары арқылы ақшалай қаражат бөлу жолымен тиісті оқытуды және жабдықты ұсынады.
      С. Осы Қосымша хаттамада көзделген ақшалай қаражат:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жасауға көмектесуге;
      2) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалданатын есірткілерді және өзге де контрабанданы ұстау жөніндегі ішкі істер министрлігінің (ІІМ) қабілетін арттыруға;
      3) Қазақстан-қырғыз шекарасындағы және жасыл дәліз бойындағы өткізу пункттерінде есірткілерді және өзге де контрабанданы ұстау жөніндегі ҚР ҰҚК-нің Шекара қызметі бөлімшелерінің қабілетін арттыруға;
      4) Қазақстан Республикасында қылмыстық статистика саласындағы жинау және есеп беру, әсіресе АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Есірткіге қарсы халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросының бағдарламаларымен көзделген салаларда және бөлімдер бойынша есірткілердің заңсыз айналымына қарсы күресте Қазақстан Республикасы қол жеткізетін жетістіктерге байланысты мүмкіндіктерін жетілдіруге;
      5) адамдарды сату туралы істерді тергеу жөніндегі Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қабілетін арттыруға; Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Қазақстаннан трафик құрбандары жіберілетін елдердің полицейлері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бес бағдарламаға таратылады.
      D. Осы жобаларды қолдау үшін қабылданатын іс-әрекеттер және АҚШ Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарапынан ұсынылатын ресурстар төменде белгіленген және егер бірлескен келісімде өзге де өзгеріс көзделмесе, қол қоятын тараптар оны міндеттеме ретінде қабылдайды.
      Е. Осы жобалар бойынша одан әрі қаржы бөлу АҚШ Конгресінің жыл сайынғы рұқсатына, қорлардың ассигнованиясына және оларды АҚШ мемлекеттік хатшысының Есірткі бизнесіне қарсы күрес және заңдылықты сақтау мәселелері жөніндегі орынбасарының бекітуіне байланысты.

2. Жобалардың жалпы сипаттамасы

      А. Бұл жобалар ақшаны жылыстатуға және осымен байланысты қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөнінде; Қазақстан аумағы арқылы тасымалданатын есірткілердің және басқа да контрабанданың ішкі айналымын болдырмау жөнінде; Қазақстан-қырғыз шекарасындағы есірткілердің және басқа контрабанда саудасының жолын кесу жөнінде; адамдарды сатумен және оларды жасаған адамдарды қудалаумен байланысты қылмыстық істерді тергеу жөнінде; сондай-ақ АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Есірткіге қарсы халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросының (INL) бағдарламаларын бағалауға және есірткі бизнесіне қарсы күрестегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің прогресіне назар аудара отырып, Қазақстан Республикасында қылмыстық статистиканы жинауды және жариялауды жақсарту жөнінде Қазақстан Республикасына неғұрлым кең мүмкіндіктер ұсыну мақсатында әзірленді.
      В. Америка Құрама Штаттарының Үкіметі:
      1) жеке бағдарламаларды жүзеге асыруға қажетті жабдықты;
      2) нұсқаушылар мен техникалық кеңесшілерді ұсынуға;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған нұсқаушылардың көліктік шығыстарын жабуға міндеттенеді.
      С. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) оқыту үшін тыңдаушыларды және бөлімшелерді іріктеуді;
      2) Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне оқу үй-жайларын өтеусіз ұсынуды;
      3) қазақстандық спецификалық пәндерден тиісті білімі бар нұсқаушыларды;
      4) жобаларды табысты жүзеге асыру жөніндегі жазбаша есептер мен консультацияларды қамтамасыз етуге міндеттенеді;
      5) В тармағына сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі және С тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдауға міндеттенетін іс-әрекеттер осы хаттамаға сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі ұсынған қорлардан қаржыландырылады.
      D. Бұл жобалардың әрқайсысының қолданылатын болжалды мерзімі осы Қосымша хаттамаға қол қойылған сәттен бастап бір жылды құрайды, ол мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасында ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі мол мүмкіндіктер; есірткінің ішкі айналымына қарсы күрес жөніндегі мол мүмкіндіктер; Қырғыз Республикасымен шекараны (әсіресе жасыл дәлізді) бұдан да жақсы бақылауға мүмкіндіктер; адамдарды сатумен және оларды жасаған адамдарды қудалаумен байланысты қылмыстық істерді тергеу жөніндегі неғұрлым жетілдірілген мүмкіндіктер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық статистикасын, әсіресе АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Есірткіге қарсы халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросының (INL) жобалары прогресін бағалауға және Қазақстан Республикасы Үкіметінің есірткіге қарсы күресте табысқа қол жеткізуіне қатысты статистикасын жинауға және жариялауға мол мүмкіндіктері болады.

3. Жобалардың сипаттамасы, мақсаты және оларды бағалау

      Келесі параграфтар жобалардың әрқайсысын жеке, сондай-ақ осы жобалардың мақсаттарын, оларды табысты жүзеге асыру өлшемдерін және бағалаудың келісілген әдістерін сипаттайды.
       А. Ақшаны жылыстатуға қарсы іс қимыл жөніндегі жоба (190,000 АҚШ доллары)
      1. Жобаның сипаттамасы
      Осы жоба меморандумға бұрын енгізілген өзгеріске сәйкес әзірленген жобаның жалғасы болып табылады. Бас прокуратураның, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының), Қаржы полициясы академиясының аясында АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті Құқық қорғау органдарының федералдық оқу орталығы (FLETS) және АҚШ Қаржы министрлігінің Техникалық көмек бюросы (ОТА) қаржылық қылмыстарды тергеу әдістерін практикалық зерделеуді қоса алғанда ақшаны жылыстатуға қарсы күрес проблемалары бойынша семинарлар сериясын өткізеді. Оқытуға экономикалық және қаржылық қылмыстарды тергеумен байланысты Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдары қатысады. Қаржы полициясы академиясының оқытушылық құрамын оқытуға және Академияға тиесілі жабдықтарды жаңартуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы жаңа жоба мақсатына бөлінген қаражат Астана және Алматы қалаларымен қатар Қазақстанның басқа өнірлерінде ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі FLETS оқу бағдарламаларын кеңейту үшін пайдаланылады. Қаражат Джорджия штатындағы FLETS-ке оқу сапарларын қоса алғанда, Қаржы полициясы академиясын одан әрі дамыту үшін де пайдаланылады.
      Бұдан басқа Техникалық көмек бюросы (ОТА) "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" әзірленген заң жобасы бойынша техникалық консультациялық қызметтер мен Қазақстанның қаржылық барлау органдарын құру мәселелері бойынша техникалық көмек ұсынады.
      2. Нұсқаушылар және материалдарды Құқық қорғау органдарының федералдық оқу орталығы, Америка Құрама Штаттары Қаржы министрлігінің Техникалық жәрдем бюросы және қажет болған жағдайда басқа да көздерден ұсынады.
      3. Америка Құрама Штаттарының Үкіметі:
      а) нұсқаушыларды және талап етілетін оқу материалдарын;
      b) техникалық кеңесшілерді;
      с) Америка Құрама Штаттарының Үкіметі техникалық кеңесшілерінің және олардың қазақстандық әріптестерінің өзара шешімі бойынша қажетті жабдықты ұсынуға міндеттенеді.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      а) оқу үй-жайларын;
      b) қолда бар оқу жабдығын;
      с) тыңдаушыларды;
      d) жалпы оқыту мәселелері бойынша және қазақстандық спецификалық пәндер бойынша семинарлар үшін нұсқаушыларды ұсынуға міндеттенеді;
      е) 3-тармаққа сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі және 4-тармаққа сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдауға міндеттенетін іс-әрекеттер осы хаттамаға сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі ұсынған қорлардан қаржыландырылады.
      5. Жоба мақсаттарына қол жеткізудің табысты болуы мынадай өлшемдер бойынша бағаланады:
      а) оқыту деңгейін арттыру және Қаржы полициясы академиясындағы жабдықтарды жетілдіру (тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша);
      b) қаржы полициясы органдары тіркеген ақшаны жылыстату жөніндегі қылмыстық істер санының көбеюі (статистиканы қаржы полициясының органдары ұсынады);
      с) сотқа жіберілген ақшаны жылыстату жөніндегі қылмыстық істер санының көбеюі (статистиканы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитеті ұсынады);
      d) Парламентке "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл-туралы" халықаралық стандарттарға жауап беретін заң жобасын ұсыну (техникалық жәрдемді жүзеге асыратын кеңесшілердің ұсынымдарына сәйкес);
      е) қаржылық барлау органын құру үшін орын таңдау (географиялық және мемлекеттік иерархия бойынша).
      6. Бағалау - "Бағалаудың жалпы жоспары" деген 4-бөлімді қараңыз.
      В. Бейнеу және Қызылорда бекеттеріндегі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен (ІІМ) жоба (300,000 АҚШ доллары).
      1. Бұл жоба бойынша оқыту және жабдық Бейнеу және Қызылорда бекеттерінде орналасқан Қазақстан Республикасы ІІМ есірткіге қарсы күрес бөлімшелеріне ұсынылады. Осы жоба бойынша АҚШ тарапынан берілетін қаржылай көмектің шамамен үштен бірі контрабанданы, әсіресе заңсыз есірткі құралдарын анықтау мәніне, көлік құралдарын тексеруге қажетті жабдықты сатып алуға пайдаланылады. Қалған ақша бөлімшелердің қызметкерлерін есірткіні сәйкестендіру мәселелері бойынша мамандандырылған оқыту; осы жоба бойынша сатылып алынған жабдықты пайдалана отырып, көлік құралдарын тексеру үшін; Қазақстанның есірткілердің заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы, қылмыстың жасалуына күдіктілерді қамауға алу және оларды қамауда ұстау тәртібін реттейтін заңнамасын іске асыру мақсатында пайдаланады. Құқықтық оқыту қылмыстарды жасау кезінде пайдаланылатын мүлікті алу қағидатын қамтиды (заңды түрде қамауға алу, сақтау, прокурорлармен және судьялармен ынтымақтастық, алынған мүлікті өткізуге жауапты Үкімет органдарына беру).
      2. Нұсқаушылар және материалдар.
      Оқытуды АҚШ Кеден Қызметінің Халықаралық операциялар офисі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы, Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясы ұсынады. Қолдан жасалған құжаттарды сәйкестендіру бойынша қосымша оқыту қаржы қаражатының болуына байланысты ұсынылады.
      3. Америка Құрама Штаттарының Үкіметі:
      а) көлік құралдарын тиімді тексеру үшін қажетті жабдықты (жобаны жалпы қаржыландырудың кемінде үштен бір бөлігі);
      b) тексеру және жауап алу бойынша ұзақ мерзімді оқытуды;
      с) есірткіні сәйкестендіру бойынша оқытуды;
      d) Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан нұсқаушылар үшін көліктік шығыстарды төлеуді ұсынуға міндеттенеді.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      а) жабдықты және оқытуды қажет ететін бөлімшені таңдауды;
      b) бағдарлама аяқталғаннан кейін оқытудың жоғары деңгейін қолдау жөніндегі жоспарды әзірлеуді;
      с) есірткіні сәйкестендіру проблемалары және Қазақстан Республикасы заңнамасының мәселелері бойынша сарапшылар ұсынуды;
      d) ішкі істердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі басқа бөлімшелерін оқытуға осы жобаның нәтижесінде алынған білімді қолдану жөнінде жоспар әзірлеуді;
      е) алынған білім мен тәжірибені Қазақстан Республикасының ІІМ Академиясының оқу бағдарламасын жетілдіру үшін пайдалануды қамтамасыз етуге міндеттенеді;
      f) 3-тармаққа сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі және 4-тармаққа сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдауға міндеттенетін іс-әрекеттер осы хаттамаға сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі ұсынған қорлардан қаржыландырылады.
      5. Жоба мақсаттарына қол жеткізудегі табыс мынадай өлшемдер бойынша бағаланады:
      а) есірткіні алу оқиғалары санының өсуі (статистиканы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитеті ұсынатын болады);
      b) бөлімшелер даярлығының жоғарғы деңгейін сақтау және алынған тәжірибені ІІМ-нің осындай басқа да бөлімшелерінде қолдану жөніндегі ІІМ-нің жазбаша жоспарларын жүзеге асыру;
      с) алынған білімдерді Қазақстан Республикасының ІІМ Академиясының оқу бағдарламасын жетілдіру үшін пайдалану жөніндегі жазбаша жоспарларды жүзеге асыру.
      6. Бағалау - "Бағалаудың жалпы жоспары" деген 4-бөлімді қараңыз.
       С. Қазақстан-Қырғыз шекарасындағы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметімен жоба (200, 000 АҚШ доллары)
      1. Бұл жоба Қырғыз шекарасындағы Мерке және Нововоскресеновка елді мекендеріндегі шекаралық өткізу пункттеріне жабдық пен оқытуды ұсынуды көздейді. Америка тарапынан берілетін қаржы қаражатының шамамен үштен бірі көлік құралдарын заңсыз есірткі заттарының болуы мәніне тексеру үшін және жасыл дәлізді қорғау үшін қажетті жабдықты сатып алуға пайдаланылады. Қалған ақша есірткіні сәйкестендіру; осы жоба бойынша сатып алынған жабдықты пайдалана отырып, көлік құралдарын тексеру; заңсыз есірткі айналымымен, заңсыз мүлікке тыйым салумен, Шекара қызметі қызметкерлерінің заң бұзушыларды қамаумен және ұстаумен байланысты өкілеттіктерін құқықтық шектеуді ескере отырып, қылмыстың жасалуына күдіктілерді қамауға алумен және ұстаумен байланысты заңнаманың негізгі нормалары мәселелері бойынша бөлімшелердің қызметкерлерін мамандандырылған оқыту үшін пайдаланылады.
      2. Оқытуды АҚШ Кеден Қызметінің Халықаралық операциялар офисі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығы ұсынады. Қолдан жасалған құжаттарды сәйкестендіру бойынша қосымша оқыту қаржы қаражатының болуына байланысты ұсынылады.
      3. Америка Құрама Штаттарының Үкіметі:
      а) көлік құралдарын тиімді тексеру және жасыл дәлізді қадағалау үшін қажетті жабдықты (жобаны жалпы қаржыландырудың кемінде үштен бірі);
      b) патрульдеу, тексеру және жауап алу бойынша ұзақ мерзімді оқытуды;
      с) есірткілерді сәйкестендіру бойынша оқытуды;
      d) Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарапынан нұсқаушылар үшін көліктік шығыстарды төлеуді ұсынуға міндеттенеді.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      а) жабдықты және оқытуды қажет ететін бөлімшелерді таңдауды;
      b) бағдарлама аяқталғаннан кейін оқытудың жоғарғы деңгейін қолдау жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарды әзірлеуді;
      с) есірткілерді сәйкестендіру проблемалары және Қазақстан Республикасының заңнамасы мәселелері бойынша сарапшылар ұсынуды;
      d) осы жобаның нәтижесінде алынған білімдерді Шекара қызметінің басқа бөлімшелерін оқытуда қолдану жөнінде жоспар әзірлеуді;
      е) алынған білім мен тәжірибені Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Әскери институтының (ҰҚК Әскери институты) оқу бағдарламасын жетілдіру үшін пайдалануды қамтамасыз етуге міндеттенеді;
      f) 3-тармаққа сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі және 4-тармаққа сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдауға міндеттенетін іс-әрекеттер осы хаттамаға сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі ұсынған қорлардан қаржыландырылады.
      5. Жоба мақсаттарына қол жеткізудегі табыс мынадай өлшемдер бойынша бағаланады:
      а) есірткіні алу оқиғалары санының өсуі (статистиканы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитеті ұсынатын болады);
      b) бөлімшелер даярлығының жоғары деңгейін сақтау және алынған тәжірибені Шекара қызметінің басқа да осындай бөлімшелеріне тарату жөніндегі жазбаша жоспарларды жүзеге асыру;
      с) Қазақстан Республикасы ҰҚК Әскери институтының оқу бағдарламасын жетілдіру үшін алынған білімдерді пайдалану жөніндегі жазбаша жоспарды жүзеге асыру.
      6. Бағалау - "Бағалаудың жалпы жоспары" деген 4-бөлімді қараңыз.
       D. Құқықтық статистиканы жинауды жетілдіру жөніндегі жобаның жалғасы (120, 000 АҚШ доллары)
      1. Осы жоба Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитетімен бірге 2004 жылдың пилоттық жобасының жалғасы болып табылады. Осы жобаның мақсаты Қазақстанда құқықтық статистиканы жинауды, әсіресе Есірткіге қарсы халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросының бағдарламаларында көзделген және Қазақстан Республикасының Үкіметі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте қол жеткізетін прогреске байланысты салалар мен бөлімдер бойынша жетілдіру болып табылады. Жоба қаражаты Бейнеу, Қызылорда, Шарбақты, Жаңажол және Қайрақ аудандарындағы Бас прокуратураның статистикалық-бөлімшелерін жаңғырту жөніндегі шығыстарды жабу үшін пайдаланылады. Жоба сондай-ақ Қазақстан статистикасының өңірлік субъектілерінен қылмыс туралы статистиканы жинақтауды жетілдіру мақсатында күнтізбелік 2005 жыл бойы Құқықтық статистика комитеті өткізетін алдағы семинарларды қаржыландыруды; сондай-ақ Қазақстандағы қылмыс туралы екінші жыл сайынғы статистиканы шығаруды көздейді. Қаражат жеткілікті болған жағдайда жоғарыда көрсетілгендермен бірге басқа да жергілікті бөлімдер жаңғыртылуы мүмкін.
      2. Есірткіге қарсы халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро (INL) тарапынан қаржыландырылған жағдайда, нұсқаушыларды және материалдарды Бас прокуратура ұсынады.
      3. Америка Құрама Штаттарының Үкіметі:
      а) қаржыландыруды;
      b) жергілікті жерлердегі бөлімдерге жеткізілетін жабдықты сатып алу жөніндегі қызметтерді;
      с) егер қажет болса, техникалық кеңестер ұсынуға міндеттенеді.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      а) жергілікті жерлердегі бөлімдерді жарақтандыруға қажетті жабдықтар пакетін әзірлеуді;
      b) құқық қорғау органдары оқу орындарының өкілдері қатысатын қылмыс туралы статистиканы жинау және жариялау жөнінде үш өңірлік оқу семинарын ұйымдастыруды;
      с) республика бойынша 2004 жыл ішіндегі статистикамен толық жинақ шығаруды және таратуды қамтамасыз етуге міндеттенеді;
      d) 3-тармаққа сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі және 4-тармаққа сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдауға міндетті іс-әрекеттер осы хаттамаға сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі ұсынған қорлардан қаржыландырылады.
      5. Жоба мақсаттарына қол жеткізудегі табыс мынадай өлшемдер бойынша бағаланады:
      а) тиісті жергілікті бөлімдерді тез жарақтандыру және олардың Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетімен байланысын қамтамасыз ету;
      b) қамауға алынғандардың санына, есірткіні және өзге де контрабанданы алуға, заңсыз тасымалдайтын адамдарды ұстауға қатысты нақты статистикалық деректерді және Есірткіге қарсы халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның бағдарламаларының тиімділігін белгілеумен байланысты өзге де ақпаратты тоқсан сайын ұсыну;
      с) қылмыс туралы статистикалық деректерді жинау және ұсыну жөніндегі үш өңірлік конференцияны табысты өткізу;
      d) 2006 жылғы наурыздан кешіктірмей, республика бойынша 2005 жыл ішіндегі статистикамен толық жинақты жариялау және тарату.
      6. Бағалау - "Бағалаудың жалпы жоспары" деген 4-бөлімді қараңыз.
      Е. Шымкент және Алматы қалаларында адамдарды сату туралы істерді тергеу және соттық қудалау жөніндегі полицияның, прокурорлар мен судьялардың кәсіби қабілеттілігін жетілдіру жөніндегі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері тиісті органдарының арасында байланыс орнату жөніндегі жоба (200, 000 АҚШ доллары)
       1. Аталған жоба екі бөліктен тұрады:
      а) Есірткіге қарсы халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро Шымкент және Алматы қалаларының полиция органдарына, прокуратура мен сот органдарына адамдарды сатумен байланысты істер бойынша тергеу техникасы және сотта табысты қарау мәселелері бойынша оқытуды ұсынады;
      b) Есірткіге қарсы халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен ынтымақтастықта Біріккен Араб Әмірліктерінің тиісті ресми тұлғаларымен байланыстарды дамытады. Байланыс орнатудың мақсаты Біріккен Араб Әмірліктерінде анықталған адамдар трафигінен зардап шеккендерді қадағалау және кері қайтару болып табылады.
      2. Оқытуды Құқық қорғау органдарының Федералдық оқу орталығы (FLETC) ұсынады.
      3. Америка Құрама Штаттарының Үкіметі:
      а) нұсқаушыларды және оқу материалын;
      b) бағдарламаға байланысты барлық сатып алуды;
      с) қазақстандық нұсқаушылар үшін көлік шығыстарын және олардың тұруына арналған шығыстарды өтеуді ұсынуға міндеттенеді.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      а) Қазақстан Республикасының Үкіметіне оқу бағдарламаларын өткізетін орындарды өтеусіз беруді;
      b) адамдарды сатумен байланысты Қазақстан заңнамасы саласындағы нұсқаушыларды ұсынуды;
      с) оқу жүргізілетін өңірлерде адамдарды сату туралы істер бойынша тергеу мен соттық қудалауды жетілдіру жөніндегі жоспарларды әзірлеуді ұсынуға міндеттенеді;
      d) 3-тармаққа сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі және 4-тармаққа сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдауға міндеттенетін іс-әрекеттер осы хаттамаға сәйкес Америка Құрама Штаттарының Үкіметі ұсынған қорлардан қаржыландырылады.
      5. Жоба мақсаттарына қол жеткізудегі табыс мынадай өлшемдер бойынша бағаланады:
      а) жүргізілген қамауға алулар және адамдарды саудалаушыларды соттық қудалау санының артуы;
      b) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің тиісті органдары арасында адамдарды сатудан зардап шеккен қазақстандықтарды қадағалаумен және Отанына қайтарумен байланысты үйлестіру тетігін белгілеу.
      6. Бағалау - "Бағалаудың жалпы жоспары" деген 4-бөлімді қараңыз.

4. Бағалаудың жалпы жоспары

      А. Жоғарыда аталған жобалардың әрқайсысын бағалау кезінде Тараптар:
      1) қол жеткізген табыстарды, жобаны жетілдіру немесе оған өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды талқылау үшін кемінде үш айда бір рет кездесуге;
      2) қаралатын кезеңде жобаның табыстылығын бағалау үшін қажетті барлық ақпаратты ұсынуға;
      3) жобаға алдын ала модификациялар прогресінің деңгейіне сыни баға беруге.
      4. Жобаның әрқайсысын аталған кезеңдегі жай күйі және жобаның табысты іске асырылуы үшін не істеу керектігі бойынша қысқаша жазбаша баға беруге келіседі.
      В. Әр жобаның қорытынды сатысында Есірткіге қарсы халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро мен Қазақстан Республикасының Үкіметі келешектегі жобалардың тиімділігін жақсарту мақсатында табыс пен проблемаларды жан-жақты сипаттай отырып, әр жобаны толық бағалауды жүргізеді.

5. Қорытынды

      Осы Қосымша хаттама қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Өзара түсіністік туралы бастапқы меморандумның барлық басқа шарттары күшінде болады.
_______,_______,________ Қазақстан Республикасы, Астана қаласында қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі екі данада жасалды, барлық мәтіндердің заңдық күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының      Америка Құрама Штаттарының
      Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады