Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң аумағына террористiк, сепаратистiк және экстремистiк iс-әрекетке қатысы бар адамдардың кiру арналарын анықтау және жабу саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы Амангелдi Смағүлұлы Шабдарбаевқа Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң аумағына террористiк, сепаратистiк және экстремистiк iс-әрекетке қатысы бар адамдардың кiру арналарын анықтау және жабу саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.05.30. N 474 қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
жоба
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң аумағына
террористiк сепаратистiк және экстремистік iс-әрекетке
қатысы бар адамдардың кiру арналарын анықтау және жабу
саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы тиiмдi күресті қамтамасыз ету мақсатында,
Тараптар мемлекеттерiнiң аумағына террористiк, сепаратистік және экстремистік iс-әрекетке қатысы бар адамдардың кiруi Тараптар мемлекеттерiнiң қауiпсiздігіне елеулi қатер төндiретiнiн түсiне отырып,
2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын және 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Аймақтық терроризмге қарсы құрылым туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күреске бағытталған тиiмдi шараларды қабылдауда өзара мүдделілiктi негiзге ала отырып,
ұлттық заңнаманы және халықаралық құқықтың жалпы көпшiлiк таныған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн онда қолданылатын ұғымдар мыналарды бiлдiредi:
бұзушылар - 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясында айқындалғанындай, терроризм, сепаратизм, экстремизм актiлерiн жасағаны үшін немесе жасағанына сезiк тудыруы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің арнайы қызметтерi мен құқық қорғау органдары халықаралық iздеу жариялаған адамдар;
кiру арналары - бұзушылардың Тараптар мемлекеттерінiң аумағына заңды және заңсыз кiру жолдары.
2-бап
Тараптар кiру арналарын анықтау және жабу жөнiндегi бiрлескен шараларды әзiрлеу мақсатында ынтымақтасады, осы бағыттағы өз қызметiн үйлестiредi, Тараптар мемлекеттерi мемлекеттiк органдарының, қоғамдық және өзге де ұйымдарының, азаматтарының күш-жiгерiн бiрiктiредi, сондай-ақ көрсетiлген мақсаттағы бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкiндiктерiн пайдаланады.
3-бап
Тараптар кiру арналарын анықтау және жабу саласында мынадай негiзгі бағыттар бойынша ынтымақтасады:
кiру арналарын анықтау және жабу саласында келiсiлген тәсiлдердi әзiрлеу;
кiру арналарын анықтау, оларға бақылау қою және/немесе олардың жолын кесу;
Тараптар мемлекеттерiнiң аумағына кiру үшiн бұзушылар пайдаланатын тәсілдерді анықтау;
бұзушыларды анықтау, оларды ұстау, беру және қылмыстық жауапқа тарту бойынша келiсiлген шараларды жүзеге асыру;
кiру арналарын анықтау және жабу жөніндегi бiрлескен iс-шараларды өткiзу кезiнде Тараптар мемлекеттерiнiң құзыретті органдарын үйлестiру және олардың өзара iс-қимылы;
кiру арналарын анықтау және жабу бойынша бiрлескен жоспарларды әзiрлеу және iске асыру;
кiру арналарын анықтау және жабу мәселелерi жөнiндегі Тараптардың ұлттық заңнамасын үйлестiру;
кiру арналарын анықтау және жабу мәселелерi бойынша мамандар даярлау, қайта даярлау және олардың білiктiлiгiн арттыру;
кiру арналарын анықтау және жабу проблемалары бойынша бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзу;
кiру арналарын анықтау және жабу мәселелерi жөніндегi халықаралық ұйымдар мен халықаралық форумдарға қатысу үшiн ұстанымдарды келiсу.
4-бап
Тараптар осы Келiсiмнің 3-бабында санамаланған мынадай нысандардағы негiзгi бағыттар бойынша ынтымақтасады:
мыналарға:
кiру арналарын анықтау және жолын кесу бойынша келiсiлген жедел iздестiру iс-шараларын өткiзуге;
бұзушыларды iздеуге және ұстауға;
өзара қызығушылық тудыратын өзге iс-шараларды жүргiзуге жәрдем көрсету ақпарат алмасу туралы;
Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында терроризм, сепаратизм және экстремизм актілерiн жасау үшін ену арналарын пайдалану туралы;
Тараптар мемлекеттерінің аумағына ену үшiн бұзушылар пайдаланатын тәсiлдер туралы;
кiру арналарын пайдалануға қатыстылығына сезiк тудыратын адамдар және ұйымдар туралы;
бұзушылардың Тараптар мемлекеттерiнің аумағына ену арналарын пайдалануымен байланысты нақты фактілер және оқиғалар туралы;
кiру арналарын пайдаланатын ұйымдардың құрылымы, дербес құрамы, қызмет саласы, басқаруды ұйымдастыруы және байланыстары туралы;
кiру арналарын пайдаланатын жекелеген адамдар мен қылмыстық топтар арасында орын алған немесе болжалды байланыстар туралы;
ұйымдар мен жекелеген адамдардың ену арналарын пайдалану жөнiндегi қызметiнiң нысандары мен әдiстерi туралы;
бұзушылар пайдаланатын ену арналары туралы;
кiру арналарын қаржыландыру көздерi туралы;
кiру арналарын анықтау және жабу нысандары мен әдiстерi туралы сұрау салуларды орындау;
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымының (бұдан әрi - ШЫҰ ӨТҚҚ) деректер банкiне ену арналарын анықтау және жабу мәселелерi бойынша ақпарат жiберу;
Тараптар мемлекеттерiнiң шекараларынан кесiп өтуге құқық беретiн құжаттар үлгiлерiмен алмасу және Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарына кiруге, онда болуға және шығуға арналған құжаттарға қойылатын нысандар мен талаптардың өзгеруi туралы ақпарат беру;
жұмыс тәжiрибесiмен алмасу, соның iшiнде кеңестер, конференциялар және семинарлар өткiзу жолымен;
кiру арналарын анықтау және жабу мәселелерi жөнiндегi заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесiмдермен, материалдармен алмасу.
Тараптар ынтымақтастықтың өзге де өзара қолайлы нысандарын белгiлеуi мүмкiн.
5-бап
Тараптар осы Келiсiм күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердi орындағаннан кейiн 30 күннiң iшiнде депозитарийдi осы Келiсiмдi iске асыруға жауапты құзыреттi органдар туралы жазбаша нысанда хабардар eтeдi.
6-бап
Тараптардың құзыреттi органдары арасындағы осы Келiсiмнiң шеңберiндегі өзара iс-қимыл жәрдем көрсету туралы сұрау салудың негiзiнде, сондай-ақ Тараптардың бiрiнiң құзыреттi органының бастамасы бойынша ақпарат беру жолымен екi жақты және көп жақты форматта жүзеге асырылады.
Сұрау салу немесе ақпарат жазбаша нысанда жiберiледi. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу немесе ақпарат ауызша берiлуi мүмкiн, бiрақ олар қажет болған кезде мәтiндi берудiң техникалық құралдарын пайдалана отырып, 72 сағаттан кешiктiрмей жазбаша түрде қайталануы тиiс.
Сұрау салудың немесе ақпараттың не олардың мазмұнының түпнұсқалылығына күдiк туындаған жағдайда көрсетiлген құжаттарды қосымша растауға немесе түсiндiруге сұрау салынуы мүмкiн.
Сұрау салу мыналарды қамтуы тиiс:
сұрау салушы және сұрау салынатын құзыреттi органдардың атауы;
сұрау салудың мақсаты мен негiздемесi;
сұрау салынатын жәрдем мазмұнының сипаттамасы;
сұрау салудың уақтылы және тиiсiнше орындалуы үшiн пайдалы болуы мүмкiн басқа да ақпарат;
егер бұл қажет болса оның жабықтығының дәрежесiн көрсету.
Жазбаша нысанда берiлген сұрау салуға немесе ақпаратқа жiберушi құзыретті органның басшысы немесе оның орынбасарлары қол қояды немесе осы құзыретті органның елтаңбалық мөрiмен куәландырылады.
7-бап
Сұрау салынатын құзыреттi орган сұрау салудың жылдам және мүмкiндігiнше неғұрлым толық орындалуын қамтамасыз ету үшiн барлық қажетті шараларды қабылдайды және оның келiп түскен күнiнен бастап 30 тәулiктен аспайтын мерзiмде сұрау салушы құзыреттi органды оны қараудың нәтижелерi туралы хабардар етедi.
Сұрау салушы құзыреттi орган сұрау салудың орындалуына кедергi келтiретiн немесе оны орындауды елеулi түрде кiдiртетiн жағдайлар туралы дереу хабардар етіледi.
Егер сұрау салудың орындалуы сұрау салынатын құзыретті органның құзыретіне кiрмесе, онда ол сұрау салуды өз мемлекетінің оны орындауға құзыретi бар басқа құзыреттi органына бередi және сұрау салушы құзыретті органды осы туралы дереу хабардар етедi.
Сұрау салынатын құзыреттi орган өзiнiң пiкiрi бойынша сұрау салуды орындау үшiн қажеттi қосымша мәлiметтерге сұрау салуы мүмкiн.
Сұрау салуды орындау кезiнде сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң заңнамасы қолданылады. Егер бұл сұрау салынатын Тарап мемлекетi заңнамасының негiзгi қағидаттарына немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келмесе, сұрау салушы құзыреттi органның өтiнiшi бойынша сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасы қолданылуы мүмкін.
Сұрау салынатын құзыретті орган, егер бұл оның Тарабы мемлекетiнiң заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салушы құзыреттi органның өкілдерiне өз мемлекетiнiң аумағында сұрау салуды орындау кезiнде қатысуға рұқсат бере алады.
Егер сұрау салынатын құзыреттi орган сұрау салуды орындау оның мемлекетiнiң егемендiгiне, қауiпсiздiгiне, қоғамдық тәртiбiне немесе басқа да мәндi мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн не сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң заңнамасына немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келедi деп санаса оны орындау кейiнге қалдырылуы мүмкiн немесе оны орындаудан толық немесе iшiнара бас тартылуы мүмкiн.
Егер онымен байланысты сұрау салу келiп түскен әрекет сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмаса, оны орындаудан бас тартылуы мүмкiн.
Егер осы баптың 7 немесе 8-абзацтарына сәйкес сұрау салуды орындаудан толық немесе iшiнара бас тартылса немесе оның орындалуы кейiнге қалдырылса, бұл туралы сұрау салушы құзыреттi орган жазбаша нысанда хабардар етіледi.
8-бап
Егер алынған ақпарат пен құжаттар жабық сипатта болса немесе берушi Тарап оларды жария етудi қажет емес деп санаса, әрбiр Тарап олардың құпиялылығын қамтамасыз етедi. Ақпарат пен құжаттардың жабықтық дәрежесiн берушi Тарап белгiлейдi.
Осы Келiсiмнiң негiзiнде алынған ақпарат немесе сұрау салуды орындау нәтижелерi оларды ұсынған Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз оларға сұрау салынғаннан немесе ұсынылғаннан өзге мақсаттарға пайдаланылмайды.
Осы Келiсiмнiң негiзінде бiр Тарап екiншi Тараптан алған ақпарат пен құжаттар оларды ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз беруге жатпайды.
9-бап
Егер әрбiр нақты жағдайда өзге тәртiп келiсілмесе, Тараптар өз мемлекеттерiнiң аумағында осы Келiсiмдi орындауға байланысты шығыстарды дербес өтейдi.
10-бап
Осы Келiсiм шеңберiндегi ынтымақтастықтың нәтижелерiн талдау және бағалау, сондай-ақ оны жетілдiру жолдарын әзiрлеу мақсатында Тараптар консультациялар мен кеңестер өткiзуi мүмкiн.
11-бап
Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкiн даулы мәселелердi консультациялар және келiссөздер жолымен шешетiн болады.
12-бап
Осы Келiсiм Тараптардың өздерi қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
13-бап
Осы Келiсiмнiң шеңберiнде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiнде Тараптар жұмыс тiлi ретiнде орыс және қытай тiлдерiн пайдаланады.
14-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың келiсiмiмен осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамалар түрiнде ресiмделетiн және осы Келiсiмнiң 15-бабында белгiленген тәртiппен күшiне енетiн өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн.
15-бап
Осы Келiсiм белгіленбеген мерзiмге жасалады және депозитарий Тараптардың осы Келiсiм күшіне енуi үшiн қажетті мемлекетішілік рәсiмдердi орындағаны туралы жазбаша нысандағы төртiншi хабарламаны алған күннен бастап 30-күнi күшiне енедi.
Осы Келiсiмге қол қойылған күннен бастап 15 күн iшiнде Тараптарға оның куәландырылған көшiрмелерiн жiберетiн Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келiсiмнiң депозитарийi болып табылады.
Депозитарий Тараптан оның осы Келiсiмдi iске асыруға жауапты құзыретті органдары туралы хабарлама алған күннен бастап 15 күн iшiнде бұл туралы басқа Тараптарға хабарлайды.
Осы Келiсiм 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына қатысушылар болып табылатын мемлекеттердiң қосылуы үшін ашық. Қосылған мемлекет үшін осы Келiсiм депозитарий оның қосылуы туралы құжатты алған күннен бастап 30-күнi күшiне енедi.
Осы Келiсiм Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет болып тұрғанда кез келген Тарапқа қатысты күшiнде қалады.
200__ "___" ________ _________ қаласында, орыс және қытай тiлдерiнде бiр данада жасалды, әрi екі мәтiннiң күшi бiрдей.
Қазақстан Республикасының Үкiметi үшін
Қытай Халық Республикасының Үкiметi үшiн
Қырғыз Республикасының Үкiметi үшiн
Ресей Федерациясының Үкiметi үшiн
Тәжікстан Республикасының Үкiметi үшiн
Өзбекстан Республикасының Үкiметi үшiн