"Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 7 ақпандағы N 550 Жарлығына толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 қарашадағы N 1147 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 7 ақпандағы N 550  Жарлығына толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгізiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ Қазақстан Республикасы Президентiнiң
2001 жылғы 7 ақпандағы N 550 Жарлығына
толықтырулар енгiзу туралы

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 4 наурыздағы N 528 өкiмiмен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 18 ақпандағы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" Қазақстан халқына  Жолдауын iске асыру жөнiндегi iс-шаралардың жалпыұлттық  жоспарының 21-тармағын орындау мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. "Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 7 ақпандағы N 550  Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 7, 73-құжат; 2004 ж., N 14, 173-құжат) мынадай толықтырулар енгiзiлсiн:
      3-тармақтағы "Мәдениет" деген сөзден кейiн ", ақпарат және спорт" деген сөздермен толықтырылсын;
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекiтiлген Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында:
      "Бағдарлама паспорты" деген 1-бөлімде:
      үшiншi абзацтағы "Мәдениет" деген сөзден кейiн ", ақпарат және спорт" деген сөздермен толықтырылсын;
      "Мiндеттерi" деген бесiншi абзац мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
      "мемлекеттік тiлдi насихаттауды және қоғамдық өмiрдiң түрлi салаларына енгiзудi жүзеге асыру.";
      "Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасының мақсаттары мен міндеттерi" деген 4-бөлiмiнiң 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "мемлекеттiк тілдi насихаттауды және қоғамдық өмiрдiң түрлi салаларына енгiзудi жүзеге асыру;";
      "Тiлдiк дамудың басым бағыттары мен бағдарламаны iске асырудың тетiктерi" деген 5-бөлiмнің "Тiлдiк дамудың басым бағыттары" деген 5.1-кішi бөлiмiнде:
      "Тіл - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында" деген тарауда:
      бiрiншi абзацтағы "Мәдениет" деген сөзден кейiн ", ақпарат және спорт" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Мемлекеттік басқару, заңнама сот iсiн жүргiзу салаларында, Қарулы күштер мен құқық қорғау органдарында, халықаралық қызмет мемлекеттiк тілдi қолдану жөнiндегі шараларды қабылдау және қолдану қажет.";
      "Бiлiм беру және тіл оқыту салаларында тiлдiк даму" деген тарау мынадай мазмұндағы үшіншi абзацпен толықтырылсын:
      "Елiмiздiң рухани-адамгершiлiк дамуы және мемлекеттiк тiлге деген қызығушылығын дарыту мақсатында мектепке дейiнгi және бастауыш мектеп жасындағы балаларды қазақ тілiндегi көркем, танымдық әдебиетпен, әдiстемелік құралдармен, мерзiмдi басылымдармен толық және сапалы қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажет.";
      "Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары, денсаулық сақтау мен халыққа қызмет көрсету салаларындағы тілдiк даму" деген тарау мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Мемлекеттік тiлдi дамыту мақсатында қазiргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттiк тiлдi насихаттау және енгiзу жөнiндегі, вербальдық және визуалдық әсер ету шараларын әзiрлеу қажет.";
      мынадай мазмұндағы 5.1-1-кiшi бөлiммен толықтырылсын:
      " 5.1-1. Мемлекеттiк тiлдi насихаттау және қоғамдық өмiрдiң түрлi салаларына енгiзу
      Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын iске асырудың басты шарты - Қазақстан Республикасының  Конституциясын , тіл туралы  заңнаманы сақтау жөнiндегi дәйекті шараларды жүзеге асыру, мемлекеттiк тiлдi республиканың барлық азаматтарының еркiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастыру, материалдық және техникалық жағдай жасау болып табылады.
      Ол үшін сапалы жаңа оқу бағдарламалары, оқу және әдiстемелiк, оның iшiнде электрондық жеткiзгiштерде де құралдар жасалуы қажет. Компьютерлiк бағдарламаларды жасау кезiнде инновациялық технологияларды пайдалануға ерекше көңiл бөлiнген жөн.
      Осыған байланысты, мемлекеттік тiлдiң дамуына және оны қоғамдық өмiрдiң барлық салаларына енгiзуге әсер ететiн қазiргi заманғы озық тәжiрибе мен практиканы барынша пайдалану қажет.
      Ол үшін барлық өңiрлерде, бiрiншi кезекте ауылдық жерлерде қазақ тілiнде тәрбие беретiн және оқытатын мектепке дейiнгi балалар мекемелерінің санын, республиканың оқу орындарындағы қазақ тiлi сағаттарының санын ұлғайтуды, оқыту сапасын арттыруды, мемлекеттiк қызметшілердің және меншік нысанына қарамастан, басқа санаттағы қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi кеңiнен оқуын қамтамасыз ету.
      Бұқаралық ақпарат құралдарының оңтайлы тілдiк орта қалыптастыру, халықтың түрлi тобына арналған әр алуан көкейкестi бағдарламалар шығару жолымен көркемдiк талғамға тәрбиелеу жөнiндегi рөлiн арттыру қажет.
      Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тіл комитетi мемлекеттік тiлдi жеделдетiп оқыту республикалық орталығының мәртебесiн одан әрi арттыру және оның материалдық-техникалық базасын нығайту талап етіледi. Республиканың барлық өңірлерiнде мемлекеттік тілдi жеделдетіп оқыту бойынша осыған ұқсас орталықтар құру қажет.
      Лингвистика бойынша мамандарды тарта отырып және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңiнен пайдаланып, қазақ терминологиялық лексикасын бiрiздендiрудi қалыптастыру жөнiндегi жұмысты жалғастырған жөн.
      Мемлекеттiк тілдi дамыту жөнiндегi бағдарламаны табысты жүзеге асыру үшiн тіл саясаты саласындағы нормативтік құқықтық базаны одан әрi жетiлдiру жөнiндегi шараларды қолдану қажет.
      Мемлекетаралық ынтымақтастық практикасында халықаралық шарттарды дайындау және жасасу кезiнде мемлекеттiк тiлдi пайдалану мiндеттi талап болуы тиiс. Ресми iс-шараларды, бұл ретте басқа тілдерге сапалы iлеспе аударманы қамтамасыз ете отырып, мемлекеттiк тілде жүргiзу қажет. Нормативтік құқықтық кесiмдер, лауазымды тұлғалардың сөздерi, қызмет бабында пайдалануға арналған құжаттар ең алдымен мемлекеттiк тiлде дайындалуы тиiс.
      Мемлекеттiк тіл бiрқатар мемлекеттiк органдарда және меншiк нысанына қарамастан, өзге де ұйымдарда қолданылмайды немесе мардымсыз қолданылады. Осыған байланысты, мемлекеттiк органдар және меншік нысанына қарамастан, өзге де ұйымдар iс жүргiзудi, есептiк-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттаманы 2010 жылға дейiн мемлекеттік тiлге кезең-кезеңiмен көшiрудi жүзеге асыру бойынша қажетті жұмыс жүргiзуi қажет.
      Мемлекеттiк тілдi насихаттау және енгiзу жалпы тіл жағдайына жасалған нақты әрi ғылыми талдаусыз табысты бола алмайды. Социологиялық және социолингвистикалық мониторинг тiлдiк процестердiң серпiнiн және демографиялық, әлеуметтiк, этникалық өлшем бойынша оның өңiрлiк саралануын көрсететiн тiл саясатындағы тұрақты түзетулердi қамтамасыз етуi тиiс.";
      "Бағдарламаны жүзеге асырудан күтілетiн нәтиже" деген 7-бөлiм мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi болып табылатын қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту.
      Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару органдарында iс жүргiзудi мемлекеттiк тілге мынадай кезең-кезеңiмен көшiру жүзеге асырылатын болады:
      2006 жылы - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының және Алматы қаласының жергілiктi өкiлдiк және атқарушы органдары;
      2007 жылы - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі, Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi, Қазақстан Республикасы Ішкі iстер министрлігі, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi, Қазақстан Республикасы Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi, Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігi, Алматы, Павлодар облыстарының және Астана қаласының жергiлiктi өкiлдiк және атқарушы органдары;
      2008 жылы - Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлiгi, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгi, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi, Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгi, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттiгi, Ақмола, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының жергілікті өкiлдiк және атқарушы органдары;
      2009 жылы - Қазақстан Республикасының Президент Әкiмшілігi, Қазақстан Республикасының Парламентi, Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi.".
      2. Осы Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады