Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
"Қазақстан Республикасындағы екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы"
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі қызмет етуінің құқықтық негіздерін, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымды құру және оның қызмет ету тәртібін, екінші деңгейдегі банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу, депозиторлардың құқықтарын қорғау тәртібін, сондай-ақ жүйеге қатысушылардың өзара қарым-қатынастарының өзге де мәселелерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) банк - екінші деңгейдегі банк;
2) агент-банк - осы Заңға сәйкес оның тартылған депозиттерін қайтару жөніндегі міндеттемелеріне кепілдік берілетін депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын және осы Заңға сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйыммен жасалған агенттік келісімнің негізінде депозиторларға кепілдік өтемақысын төлеу жөніндегі рәсімдерді орындайтын банк;
3) қатысушы банк - осы Заңға сәйкес оның тартылған депозиттерін қайтару жөніндегі міндеттемелеріне кепілдік берілетін депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын банк;
4) жарналар - депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуын растайтын қатысушы банктердің және осы Заңның талаптарына сәйкес төленетін төлемдер;
5) кепілдік берілген депозит - осы Заңға сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беру объектісі болып табылатын депозит;
6) кепілдік өтемақы - осы Заңға сәйкес кепілдік берілген депозит бойынша депозиторға депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым төлейтін ақша сомасы;
7) қосылу шарты - банктің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылу шарты және оның талаптарын депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым айқындайды және олар жүйеге кіретін барлық банктер үшін стандартты болып табылады;
8) қатысушы банктің куәлігі - депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым қатысушы банкке беретін және оның депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуын куәландыратын құжат;
9) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі - осы Заңда көзделген, қатысушы банктер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешені;
10) уәкілетті орган - қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті
кепілдік беру жүйесі туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және ол осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгенінен өзге ережелер белгіленген болса, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің
мақсаттары мен принциптері
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің мақсаты қаржы
жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, соның ішінде қатысушы банк
мәжбүрлеп таратылған жағдайда депозиторларға кепілдік берілген өтемақыны төлеу арқылы қаржы жүйесіне деген сенімді қолдап тұру болып табылады.
2. Мыналар:
1) жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдайтын, олардың банк шоттарын ашатын және жүргізетін банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу міндеттілігі;
2) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі қызметінің айқындылығы;
3) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің тәуекелдерін барынша азайту;
4) кепілдік өтемақыны төлеуге арналған арнайы резервті
қалыптастырудың жинақтаушы сипаты депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің негізгі принциптері болып табылады.
2-тарау. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның мәртебесі және оның қызметі
4-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді
жүзеге асыратын ұйымды құру
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым акционерлік қоғам нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым болып табылады және өз қызметін осы Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің және жарғының негізінде жүзеге асырады.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның жалғыз акционері - құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылады.
5-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге
асыратын ұйымның негізгі міндеттері мен
функциялары
1. Мыналар:
1) қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысу;
2) қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда кепілдік берілген депозиттер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның негізгі міндеттері болып табылады.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өзінің негізгі міндеттерін орындау үшін мынадай функцияларды орындайды:
1) осы Заңның және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес кепілдік өтемақыны төлейді;
2) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары-банктердің тізілімін жүргізеді;
3) өз активтеріне инвестициялық басқаруды жүзеге асырады;
4) кепілдік өтемақыны төлеуге арналған арнайы резервті қалыптастырады;
5) конкурстық негізде агент-банкті таңдайды;
6) қатысушы банкті консервациялау кезеңіне тағайындалатын уақытша әкімшіліктің құрамына қатысады;
7) қатысушы банктен барлық банк операцияларын жүргізуге лицензиясын қайтарып алу кезеңіне тағайындалатын уақытша әкімшіліктің құрамына қатысады;
8) тарату комиссиясы депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым алдында кепілдік берілген депозиттер бойынша ол төлеген (төлеуге жататын) кепілдік өтемақы сомасы бойынша берешекті өтеу сәтіне дейін мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің тарату комиссиясының құрамына қатысады;
9) тарату комиссиясы депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым алдында кепілдік берілген депозиттер бойынша ол төлеген (төлеуге жататын) кепілдік өтемақы сомасы бойынша берешекті өтеу сәтіне дейін таратылатын қатысушы банктің кредиторлар комитетінің құрамына қатысады.
6-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге
асыратын ұйымның кепілдіктері
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым соттың қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енген күннен бастап оның депозиторларына кепілдік өтемақысын төлеу бойынша өзіне міндеттеме қабылдайды.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның депозиторларға кепілдік өтемақысын төлеу міндеттемелері қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату туралы заңды тұлғалардың мемлекеттік тізіліміне жазба жасалған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін, бірақ соның қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енген күннен бастап бес жыл бұрын емес тоқтатылады.
7-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге
асыратын ұйымның құқықтары, міндеттері және
жауапкершілігі
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым:
1) қатысушы банктерден жарналарды төлеуді талап етуге;
2) қатысушы банктерден банктік және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпараты жоқ тартылған депозиттер жөнінде мәліметтерді ұсынуын сұратуға;
3) осы Заңның 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық
Банкінен депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қызмет етуін
қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты алуға;
4) осы Заңның 9-бабына сәйкес уәкілетті органнан қатысушы банктердің қаржылық жай-күйі туралы ақпаратты қоса алғанда, депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қызмет етуін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты алуға;
5) осы Заңның талаптарына сәйкес қатысушы банкке заемдар беруге;
6) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қатысушы банктің депозитіне ақша орналастыруға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда қарыз алуға;
8) қатысушы банктің тарату комиссиясынан кепілдік берілетін депозиттер бойынша депозиторлардың тізімін уақтылы ұсынуын, сондай-ақ депозиттер бойынша кепілдік өтемақының есебін талап етуге;
9) уәкілетті органның алдында қатысушы банк Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру саласындағы заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда оған ықпал ету шараларын және санкцияларды қолдану туралы өтініш беруге құқылы;
10) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның акцептсіз тәртіппен қатысушы банктің банк шоттарынан толық немесе ішінара төленбеген жарна сомаларымен, сондай-ақ қатысушы банктің шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны үшін айыппұл, өсімпұл сомаларымен қатысу туралы шарттың талаптарына сәйкес өндіріп алуға құқылы.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым:
1) қосылу шартының стандартты талаптарын айқындауға;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне өзінің қызметі туралы қаржылық және өзге есептілікті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерімен айқындалатын тәртіппен ұсынуға;
3) қатысушы банктердің осы Заңда көзделген мөлшерде және тәртіппен жарналарды толық әрі уақтылы төлеуіне бақылау жасауға;
4) мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің депозиторларына осы Заңда көзделген тәртіппен кепілдік өтемақысын төлеуге;
5) өзінің функцияларын жүзеге асыру барысында мәлім болған қатысушы банктер және олардың депозиторлары туралы барлық ақпаратты тек қызметтік мақсаттарда ғана пайдалануға;
6) уәкілетті органды қатысушы банктердің Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру жөніндегі заңнамасын бұзу фактілері туралы хабардар етуге;
7) депозиторларға осы Заңның 21-бабында көзделген мәліметтерді ұсынуға міндетті.
3. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым, оның қызметкерлері және оның атынан іс-әрекет ететін кез келген басқа тұлғалары қатысушы банктер, олардың депозиторлары, кредиторлары, акционерлері немесе кез келген басқа тұлғалары алдында оларға келтірілген шығындар, төлемдер немесе күнделікті өндірістік тәуекелдер санатына жатқызылуы мүмкін және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өз функциялары мен міндеттерін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес орындаған кезде жүзеге асырған кез келген басқа өтемақылар бойынша жауап бермейді.
8-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және
депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге
асыратын ұйымның өзара әрекеттесу негіздері
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өз функцияларын ойдағыдай және уақтылы орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қызмет етуін қамтамасыз етуге қажетті ақпаратты алады және оны ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым арасындағы келісім бойынша айқындалады.
2. Осы Заңда көзделген жағдайларда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен заемдар алуға құқылы.
9-бап. Уәкілетті органның және депозиттерге міндетті
кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өзара
әрекеттесу негіздері
1. Уәкілетті орган және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өз қызметін үйлестіреді, қабылданатын құжаттарды бір бірімен келіседі және депозиттерге міндетті кепілдік беру бойынша жүргізілетін шаралардың мәселелері жөнінде бір бірін хабардар етеді.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өз функцияларын ойдағыдай және уақтылы орындау мақсатында уәкілетті органнан депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қызмет етуін қамтамасыз етуге қажетті ақпаратты алады және оны ұсыну тәртібі уәкілетті орган және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым арасындағы келісім бойынша айқындалады.
3-тарау. Банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу тәртібі
10-бап. Банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру
жүйесіне кіруі
1. Банк депозиттерге міндетті кепілдік жүйесіне кіруі үшін уәкілетті органның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, олардың банк шоттарын ашуға және жүргізуге лицензиясын алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға көрсетілген лицензияның нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік жүйесіне кіретін банк уәкілетті органның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, олардың банк шоттарын ашуға және жүргізуге лицензиясын алған күні депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген нысан бойынша жасалған өтінішті ұсыну арқылы қосылу шартына қосылуға міндетті.
Депозиттерге міндетті кепілдік жүйесіне кіретін банк қосылу шартына қосылу туралы өтінішін бермеген жағдайда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым екі жұмыс күні ішінде осы факті туралы уәкілетті органға хабардар етеді.
3. Уәкілетті орган қосылу шартына қосылу туралы өтінішті бермеген банкке қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес санкциялар қолдану туралы мәселені қарайды.
4. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым банктен оның қосылу шартына қосылуы туралы өтінішін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оған қатысушы банктің куәлігін береді.
Қатысушы банктің куәлігі депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушы банктерінің тізіліміне ақпарат енгізген күні беріледі.
5. Банк міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушы банктерінің тізіліміне ақпарат енгізген күннен бастап депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болады.
6. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізіліміне тиісті ақпаратты енгізу арқылы қатысушы банктердің берілген және күші жойылған куәліктерінің есебін жүргізеді.
7. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімін Қазақстан Республикасының барлық аумағында мемлекеттік және орыс тілдерінде таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында тоқсан сайын жариялап отырады.
11-бап. Қосылу шарты
1. Банктің қосылу шартына қосылуы оның депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуының міндетті шарты болып табылады.
2. Қосылу шартында:
1) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның толық атауы, оның орналасқан жері және банктік деректемелері туралы мәліметтер;
2) шарттың мәні туралы нұсқау;
3) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
4) жарналарды төлеу тәртібі;
5) қатысушы банктің депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға өзінің міндеттері мен функцияларын орындау үшін қажет болатын мәліметтерді ұсыну тәртібі;
6) қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда қатысушы банктердің кепілдік берілген депозиттер бойынша және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өтейтін сомалар бойынша өз міндеттемелерін есептеу тәртібі;
7) шартты тоқтату талаптары;
8) шартты бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі туралы талаптар болуға тиіс.
3. Қосылу шарты міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушы банктерінің тізіліміне ақпарат енгізген кезден бастап күшіне енеді және қатысушы банк қайта ұйымдастырылған жағдайда тоқтатылады.
12-бап. Қатысушы банктер төлейтін жарналардың түрлері
және оларды төлеу тәртібі
1. Қатысушы банк осы Заңға және қосылу шартына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға мынадай жарналарды төлеуге міндетті:
1) міндетті күнтізбелік жарналар - қатысушы банктердің тоқсан сайынғы төлемдері;
2) қосымша жарналар - депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның кепілдік өтемақыны төлеу үшін арнайы резерві жеткіліксіз болған жағдайда қатысушы банк төлейтін бір жолғы төлемдер;
3) төтенше жарналар - депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның заем сомасын және ол осы Заңның 23-бабында белгіленген тәртіппен алған, ол бойынша есептелген сыйақыны толық өтеуге арналған қатысушы банктердің төлемдері.
Төтенше жарналарды төлеу қатысушы банктердің міндетті күнтізбелік жарналарды төлеу міндеттемелерін тоқтатпайды.
2. Қатысушы банктің жарналарды төлеу тәртібі мен мөлшерін депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның басқару органы айқындайды.
Қатысушы банктің қосымша жарнасының мөлшері көрсетілген қатысушы банк депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға алдыңғы тоқсан үшін төлейтін міндетті күнтізбелік жарнаның екі есе мөлшерінен аспауы тиіс.
Қатысушы банктің төтенше жарнасының жылдық мөлшері көрсетілген қатысушы банк депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға тоқсан сайын төлейтін мІндетті күнтізбелік жарнаның жылдық мөлшерінен аспауы тиіс.
3. Қатысушы банктен барлық банк операцияларын жүргізуге берілген лицензиясы қайтарылып алынған күннен бастап қатысушы банктің жарналарды төлеу бойынша міндеттемесі соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енгенге дейін тоқтата тұрылады.
4. Қатысушы банктер қосылу шартына сәйкес төлеген жарналары қайтарылмайды.
13-бап. Қатысушы банктердің құқықтары мен міндеттері
1. Қатысушы банк:
1) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымнан жарна ставкалары және оларды төлеу мерзімі жөніндегі мәліметтерді, сондай-ақ банктік және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпараты жоқ депозиттерге міндетті кепілдік беру мәселелері жөнінде өзге де мәліметтерді алуға;
2) агент-банкті таңдау бойынша конкурсқа қатысуға;
3) өзінің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуы туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға құқылы.
2. Қатысушы банк:
1) осы Заңға сәйкес жарналарды уақтылы және толық көлемде төлеуге;
2) клиенттерге қатысушы банк куәлігінің нөмірі мен берілген күнін көрсете отырып өзінің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуы туралы, сондай-ақ кепілдік өтемақыны төлеу шарттары туралы хабардар етуге;
3) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға кепілдік берілген депозиттерді қайтару бойынша міндеттемелерін толық және уақтылы орындай алмауын тудыратын жағдайдың туындауы туралы мұндай жағдай туындаған сәттен бастап бес күнтізбелік күн ішінде хабарлауға;
4) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға олар
төлеген жарналар бойынша есеп айырысулардың дұрыстығын растайтын
мәліметтерді уақтылы ұсынуға;
5) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның сұратуы бойынша банктік және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпараты жоқ тартылған депозиттер бойынша өзге мәліметтерді ұсынуға міндетті.
3. Қатысушы банктің тарату комиссиясы соттың қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға кепілдік берілетін депозиттер бойынша депозиторлардың тізімін, сондай-ақ соттың көрсетілген шешімі күшіне ену күніне жасалған депозиттер бойынша кепілдік өтемақысының есеп айырысуын ұсынуға міндетті.
14-бап. Қатысушы банктің атауын өзгерту және/немесе
оны қайта ұйымдастыру салдарлары
1. Қатысушы банк депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға өз атауының өзгеруі және/немесе қайта ұйымдастырылуы туралы мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәлікті алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша түрде хабарлайды.
2. Қатысушы банк қайта ұйымдастырылған кезде жаңадан құрылған банк (банктер) осы Заңда белгіленген тәртіппен қосылу шартына қосылуға міндетті. Бұл ретте, қайта ұйымдастырылған қатысушы банктердің бұрын берілген куәліктерінің күші жойылуы тиіс.
3. Қатысушы банктің атауы өзгерген жағдайда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым қатысушы банктен растайтын құжаттарды алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер тізіліміне тиісті өзгерістерді енгізе отырып қатысушы банктің куәлігін ауыстырады. Бұл ретте, осындай банкке бұрын берілген қатысушы банк куәлігінің күші жойылуы тиіс.
4-тарау. Банктерді депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығару тәртібі және кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелердің бір бөлігін және мәжбүрлеп таратылатын банктің дебиторлық берешегі бойынша талап ету құқығын бір мезгілде беру ерекшеліктері
15-бап. Қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік
беру жүйесінен шығару
1. Қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік жүйесінен шығаруға негіз мыналар болып табылады:
1) уәкілетті органның қатысушы банктен жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, олардың банк шоттарын ашуға және жүргізуге арналған лицензиясын қайтарып алуы;
2) уәкілетті органның қатысушы банктен барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясын қайтарып алуы.
2. Уәкілетті органның қатысушы банктен жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, олардың банк шоттарын ашуға және жүргізуге арналған лицензиясын қайтарып алуы негізінде оны депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығару осындай лицензия қайтарылып алынған күннен бастап жүргізіледі.
Қатысушы банктен барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясы қайтарылып алынған кезде қатысушы банк соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап депозиттерге кепілдік беру жүйесінен шығарылады.
Қатысушы банк ерікті таратылуы туралы шешімді қабылдаған жағдайда қатысушы банк уәкілетті органның ерікті таратылуға рұқсатын алған күннен бастап депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығарылады.
3. Қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығару депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізіліміне қатысушы банктің куәлігін жою туралы жазбаны енгізу арқылы жүзеге асырылады.
4. Қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығару депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның қатысушы банкте орналастырылған кепілдік берілетін депозиттер бойынша міндеттемелерін оны шығару күніне дейін тоқтатпайды.
Банкті мәжбүрлеп таратумен байланысты шығару жағдайларынан басқа, қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығарған кезде жүйеден шығарылған банк оны шығарған күннен бастап үш ай ішінде кепілдік берілген депозиттерді тікелей төлеу арқылы не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, оларды басқа қатысушы банкке аудару арқылы оларды депозиторларға қайтарып беруге міндетті.
16-бап. Кепілдік берілген депозиттер бойынша
міндеттемелердің бір бөлігін және мәжбүрлеп
таратылатын банктің дебиторлық берешегі
бойынша талап ету құқығын бір мезгілде беру
ерекшеліктері
1. Депозиторлардың мүдделерін қорғау мақсатында кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелердің бір бөлігін және мәжбүрлеп таратылатын банктің дебиторлық берешегі бойынша талап ету құқығын басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру операцияларын жүргізуге жол беріледі және оны жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының банк заңнамасында айқындалады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияларды жүргізу процесінде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым заемдар беруге не кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелерді қабылдайтын қатысушы банкіге (қатысушы банктерде) депозиттер орналастыруға құқылы әрі оларды беру не орналастыру ерекшеліктері мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
3. Егер осы баптың 1-тармағына сәйкес табысталатын кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелердің мөлшері мәжбүрлеп таратылатын банктің дебиторлық берешегі бойынша талап ету құқығының мөлшерінен асып кеткен жағдайда, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым пайда болған айырманы арнайы резервтің қаражаты есебінен орнын толтыруға құқылы.
4. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым осы баптың 2, 3-тармақтарына сәйкес беретін ақша қаражатының мөлшері осы Заңның 8-бабына сәйкес айқындалатын кепілдік өтемақысы ретінде төленуге жататын сомадан аспауы тиіс.
5-тарау. Депозиттерге міндетті кепілдік беру объектілері. Кепілдік өтемақыны төлеу мөлшері мен тәртібі
17-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беру объектілері
Қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда, банктік шот және/немесе банктік салым шарттарымен және/немесе салым құжаттарымен куәландырылған және банк шоттарында жатқан, олар бойынша есептелмеген сыйақымен, теңгемен және шетел валютасындағы жеке тұлғалардың депозиттерін қайтару бойынша міндеттемелер депозиттерге міндетті кепілдік беру объектілері болып табылады.
18-бап. Кепілдік өтемақы
Қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым депозиторларға кепілдік берілген депозиттер бойынша депозитте есептелген сыйақысыз депозиттің қалдық сомасында, бірақ алты жүз мың теңгеден астам емес кепілдік өтемақыны төлейді.
Кепілдік өтемақыны төлеу тәртібі осы Заңмен айқындалады.
19-бап. Депозиторлардың кепілдік өтемақыны алуға
құқықтары
1. Депозитор осы Заңда белгіленген мөлшерде және тәртіппен кепілдік берілетін депозит бойынша кепілдік өтемақыны алуға құқылы.
2. Депозитор қатысушы банкте түрі мен валютасы бойынша әр түрлі бірнеше кепілдік берілетін депозиттер ашқан жағдайда, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым олар бойынша алты жүз мың теңгеден аспайтын сомада жиынтық кепілдік өтемақыны төлейді.
3. Депозитор бірнеше қатысушы банктерде депозиттер ашқан кезде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым кепілдік өтемақыны әрбір қатысушы банк бойынша жеке төлейді.
4. Кепілдік берілетін депозиттер бойынша кепілдік өтемақыны төлеу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдік өтемақыны есептеу үшін соттың қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енген күніне белгіленген шетел валюталарының Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына нарықтық бағамы қолданылады.
20-бап. Агент-банк
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым кепілдік өтемақыны қатысушы банктер арасынан конкурстық негізде таңдалған агент-банк (агент-банктер) арқылы төлейді.
Агент-банкті таңдау бойынша конкурсты өткізу тәртібі және агент-банкке қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
2. Егер қатысушы банктердің біреуі агент-банкке қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым кепілдік өтемақыны Ұлттық почта операторы арқылы төлейді.
21-бап. Кепілдік өтемақыны төлеу тәртібі
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым қатысушы банктің мәжбүрлеп таратылатыны туралы соттың шешімі күшіне енген күннен бастап он төрт жұмыс күні ішінде мемлекеттік және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялау арқылы қатысушы банкті тарату туралы және кепілдік өтемақыны төлеуді жүзеге асыратын агент-банктің (агент-банкті таңдау мүмкін болмаған жағдайда Ұлттық почта операторы) атауын көрсете отырып, кепілдік өтемақыны төлеудің басталғаны, кезеңі және төлеу орны (орындары) туралы хабарлайды.
Депозитор көрсетілген ақпаратты депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымнан тікелей алуға құқылы.
2. Таратылатын қатысушы банктің депозиторы осы баптың 2-тармағында көрсетілген хабарландыру шыққан күннен бастап алты ай ішінде агент-банкке оған кепілдік өтемақысын төлеу туралы жазбаша өтінішпен хабарласуға құқылы, бұл өтінішке банктік шот және/немесе банктік салым шарттарының және/немесе салым құжаттарының түпнұсқалары және олардың көшірмелері қоса берілуі тиіс. Депозитор жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғанда ғана агент-банк кепілдік өтемақысын төлейді.
3. Депозитордың мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банкке қойылған талап ету құқықтары расталған жағдайда агент-банк депозитордың құжаттарын салыстырып тексеру күніне не одан кейінгі күндері, бірақ агент-банкке құжаттар келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей кепілдік өтемақысын төлейді.
4. Алты ай өткеннен кейін депозитор кепілдік өтемақысын алу үшін депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға хабарласуға құқылы.
5. Егер мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банк депозиторға қатысты кредитор немесе кепіл адамы ретінде шықса, кепілдік өтемақысының мөлшері кепілдік берілген депозит сомасын және көрсетілген қатысушы банктің қарсы талап ету сомасын есепке алу нәтижелері бойынша құрылған айырма сомасына сүйене отырып айқындалады.
6-тарау. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның кепілдік өтемақыны төлеуге арналған арнайы резерві
22-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге
асыратын ұйымның арнайы резерві
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым кепілдік өтемақысын төлеумен байланысты қызметті жүзеге асыруы үшін:
1) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталының елу проценті шегінде оның шығыстары;
2) қатысушы банктердің жарналары;
3) қатысушы банктерге қосылу шарты бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе ойдағыдай орындамағаны үшін қолданылған өсімпұлдар мен айыппұлдар;
4) мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның төленген (төленуге жататын) кепілдік өтемақы сомалары бойынша талаптарын қанағаттандыру тәртібімен алынған ақша;
5) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның жарғысында көзделген тәртіппен жарғылық және резервтік капиталға аударым сомасына азайтылған оның активтерін орналастырудан болған таза кіріс шегінде және оның есебінен арнайы резервті қалыптастырады.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның арнайы резервінің мақсатты мөлшерін қатысушы банктерде кепілдік берілетін барлық депозиттер сомасының кемінде бес процентін құрайды.
23-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді
жүзеге асыратын ұйымның қарыз алуы
Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның арнайы резервінің депозиторларға кепілдік өтемақысын төлеуге қаражаты жеткіліксіз болғанда және қатысушы банктердің қосымша жарналары есебінен жетпейтін соманы жабу мүмкін болмағанда, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым жетпейтін ақша сомасына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен заемдар алуға құқылы.
Депозиторларға кепілдік өтемақысын төлеу қарыз алу үшін қажетті және уәкілетті органның шешімімен айқындалатын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
7-тарау. Қорытынды ережелер
24-бап. Дауларды қарау тәртібі
Депозиттерге міндетті кепілдік беру бойынша қарым-қатынастардан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және осы Заң қолданысқа енгенге дейін банктер жеке тұлғалармен жасасқан банктік шот және/немесе банктік салым шарттарынан туындайтын қарым-қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заң қолданысқа енген сәтке депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылған банктер ол жарияланған сәттен бастап үш ай ішінде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйыммен осы Заңда белгіленген тәртіппен қосылу шартын жасасуға міндетті.
3. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қатысушы банктермен жасасқан міндетті күнтізбелік, қосымша және төтенше жарналарды салу, жеке тұлғалардың тартылған депозиттері бойынша сыйақының ең жоғары ставкалары және банктің депозит саясаты туралы мәліметтерді ұсыну жөніндегі шарттары қатысушы банктермен осы Заңмен белгіленген тәртіппен қосылу шартын жасау сәтіне дейін қолданыста болады.
Қазақстан Республикасының
Президенті