"Жеке қосалқы шаруашылық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 31 желтоқсандағы N 1331 Қаулысы

      Ескерту. Заңның жобасы Қазақстан Республикасының Парламентiнен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2009.06.23 N 964 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Жеке қосалқы шаруашылық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
"Жеке қосалқы шаруашылық туралы"

      Осы Заң жеке қосалқы шаруашылықтар қызметiнiң құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негiздерiн, олардың қызметiн мемлекеттік реттеу мен қолдаудың қағидаттары мен тетiктерiн айқындайды.

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      1) жеке қосалқы шаруашылық - ауылдық жерде және қала маңындағы аймақта орналасқан жер учаскесiнде өз мұқтаждарын қанағаттандыруға арналған қызмет түрi;
      2) мәдени (жасанды) жайылым - екпе шөп егiлген жер алқаптары (жайылым);
      3) суландырылған жайылым - аумағында тиiстi мал басын сапасы тиiсiнше сумен қамтамасыз ете алатын су көздерi (көл, өзен, тоған, апан-шұңқыр, суарма немесе суландыру каналдары, құбырлы немесе шахталық құдықтар) бар жайылым;
      4) жануарлар - ауыл шаруашылық өндiрiсiне тiкелей қатысы бар, адамдардың асырауындағы ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының барлық түрi.

      2-бап. Қазақстан Республикасының жеке қосалқы шаруашылық туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының жеке қосалқы шаруашылық туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдардың жеке қосалқы шаруашылықты дамыту саласындағы құзыретi

      Жергiлiктi өкiлдi органдар:
      1) елдi мекендер шегiнде жеке қосалқы шаруашылықтарда мал ұстау нормативтерiн реттейдi;
      2) жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жөнiндегi iс-шаралар жоспарын бекiтедi;
      3) ауылдық елдi мекендерде ауыл шаруашылығы малын ұстау мен жаю ережесiн анықтайды;

      4-бап. Жергiлiктi аудандық атқарушы органдардың жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту саласындағы құзыретi

      Жергілiктi атқарушы органдар:
      1) елдi мекендер жерлерiнде ауыл шаруашылығы малын жаюды реттейдi;
      2) жеке қосалқы шаруашылық жүргiзушi азаматтарды мәдени және суландырылған жайылымдар мен мал суаратын алаңдар мен құдықтар жасау жөнiндегi жұмыстарға тартуды ұйымдастырады;
      3) жеке қосалқы шаруашылық жүргiзушi азаматтарды елдi мекендер жерлерiнде ирригациялық жүйелердi тиiстi техникалық жағдайда ұстау жөнiндегi жұмыстарға тартуды ұйымдастырады;
      4) елдi мекен жерлерiн санитарлық тазарту жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады;
      5) жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлейдi және iске асырады;
      6) ветеринария саласындағы заңнамаға сәйкес жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендiрудi ұйымдастырады;
      7) ауыл (село), кенттiң, ауылдық (селолық) округтер әкiмдерiнiң шаруашылық кiтаптарында тiркеу жазбаларын жүргiзуiн ұйымдастырады;
      8) жеке қосалқы шаруашылық жүргiзушi азаматтарды олардың қызметiн дамыту мәселелерi бойынша оқытуды ұйымдастырады.

      5-бап. Жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн азаматтарға берiлетiн жер учаскелерiнiң шектi мөлшерi және онда мал ұстаудың нормативтерi

      1. Азаматтарға жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн берiлетiн жер учаскелерiнiң шектi мөлшерi жер заңнамасына сәйкес айқындалады.
      2. Жеке қосалқы шаруашылықтарда, елдi мекен шекарасында жануарларды ұстау нормативтерiн елдi мекеннiң мұқтажына арнап бөлiнген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге, қолданыстағы ветеринарлық-санитарлық нормаларды және мал жүктемесiнiң нормативтерiн ескере отырып, жергiлiктi өкiлдi органдар реттейдi.

      6-бап. Азаматтардың жеке қосалқы шаруашылық жүргiзуге құқығы

      1. Жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу құқығына ауыл шаруашылығы мақсатындағы елдi мекендердiң және босалқы жерден жеке меншiк құқығына немесе жер пайдалану құқығына сай заңдастырылып берiлген жер учаскесi бар азаматтар ие болады.
      2. Азаматтардың жеке қосалқы шаруашылық жүргiзуге құқығы Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес осы баптың 1-тармағында көрсетiлген жер учаскелерiне құқық белгiлейтiн құжаттардың негiзiнде туындайды.
      3. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар жеке қосалқы шаруашылықты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүргiзе алады.

      7-бап. Жеке қосалқы шаруашылық жүргiзушi азаматтардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Жеке қосалқы шаруашылық жүргiзушi азаматтардың мыналарға құқығы бар:
      1) елдi мекенге жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн бөлiнген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi пайдалануға;
      2) заңнамада белгiленген тәртiппен кооперативтер, қоғамдық бiрлестiктер, қауымдастықтар құруға, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметi мен жұмыс iстеуiнiң ортақ мәселелерiн бiрлесiп шешу мақсатында олардың құрамына кiруге;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен малдар мен адамның денсаулығы үшiн аса қауiптi болып табылатын мал өнiмдерi мен шикiзатты алып қою мен оларды жою салдарынан оларға келтiрiлген нұқсанның орнын толтыруға;
      4) елдi мекеннiң жоспарлау жобасына сәйкес жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн қажеттi тұрғын үй және шаруашылық құрылыстары мен ғимараттарын салуға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де құқықтарды пайдалануға.
      2. Жеке қосалқы шаруашылық жүргiзушi азаматтар мыналарға мiндеттi:
      1) мал ұстаудың белгiленген нормативтерi мен ережелерiн қатаң сақтауға;
      2) ветеринария заңнамасына сәйкес жануарлардың сәйкестендiрiлуiн қамтамасыз етуге, ветеринарлық iс-шаралар жүргiзу үшiн қажеттi жағдайлар жасауға;
      3) мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жеке қосалқы шаруашылық туралы ақпарат берiп отыруға;
      4) елдi мекенге бөлiнген және жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердiң құнарлылығы мен өнiмдiлiгін қалпына келтiруге қатысуға;
      5) өз қызметiнiң нәтижесiнде экологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеуге;
      6) мал союды ауыл шаруашылық малдарын сою бойынша ұйымдастырылған арнайы алаңдарда өткiзудi қамтамасыз етуге;
      7) мал шаруашылығын дамытуды қолдау бағдарламалары бойынша сатып алынатын малдардың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
      8) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген өзге де мiндеттердi алуға.

       8-бап. Жеке қосалқы шаруашылықтарды есепке алу

      Жеке қосалқы шаруашылықтарды есепке алу жергiлiктi атқарушы органдардың шаруашылық кiтаптарында жүзеге асырылады.

       9-бап. Өзiндiк қосалқы шаруашылықты жүргiзудi тоқтату

      Өзiндiк қосалқы шаруашылықтардың қызметiн тоқтату, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргізiлетiн жер учаскесiне азаматтың құқығы тоқтатылған кезден басталады.

      10-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады