"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен орман шаруашылығы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қаңтардағы N 31 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен орман шаруашылығы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ерекше
қорғалатын табиғи аумақтар мен орман шаруашылығы мәселелерi
бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы"

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер  кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2003 ж.,
N 13, 99-құжат, 2005 ж., N 9, 26-құжат):
      1) 105-баптың 3-тармағының 5) тармақшасында "қорықтарға, ұлттық, хайуанаттар және дендрологиялық парктерге, ботаникалық бақтарға" деген сөздер "мемлекеттiк табиғи қорықтарға, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтарға, мемлекеттiк табиғи резерваттарға, мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтарға, мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарына, мемлекеттiк ботаникалық бақтарға, мемлекеттiк дендрологиялық саябақтарға және мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiне" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) 122-бапта:
      1-тармақ мынадай редакциямен жазылсын:
      "1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiне мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттiк табиғи резерваттардың, мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтардың, мемлекеттiк хайуанаттар саябақтарының, мемлекеттiк ботаникалық бақтардың, мемлекеттiк дендрологиялық саябақтардың және мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң жерлерi жатады.
      Мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың жер учаскелерi оларды жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алмай, басқа санаттардағы жерлер құрамында бөлiнедi және мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу кезiнде ескерiледi.
      Мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың аумағы шегiнде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң және оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және оларды қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез келген қызметтi шектеу жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiне ауыртпалық түсiредi және бұл жерге орналастыру құжаттарында ескерiледi;
      2-тармақтың екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Өзге мұқтаждықтар үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн алуға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiнде көзделген ерекшелiк жағдайларда ғана жол берiледi.";
      3) 123-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "123-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарының жерлерi
      1. Жайсыз сыртқы әсерлерден ерекше күзетпен және қорғаумен қамтамасыз ету үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар төңiрегiне осы аймақтар шегiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң және оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және оларды қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салып және/немесе шектеп, күзет аймақтары белгiленедi.
      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттiк табиғи резерваттардың, мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтардың күзет аймақтарының мөлшерi, шекарасы, олардың аумағында табиғат пайдалану режимдерi мен тәртiбi оларды құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiмен айқындалады және осы Кодекспен және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiмен белгiленген тәртiппен облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешiмдерiмен белгiленедi.
      Бұл ретте күзет аймағының енi кемiнде екi километр болуға тиiс және меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiнiң шекарасы бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша белгiленедi және жергiлiктi жерде арнайы белгiлермен қойылады.
      3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарының шегiндегi жер учаскелерi осы аймақтардың белгiленген күзет режимiн сақтай отырып пайдаланылады және осы Кодекспен белгiленген шарттарға сәйкес мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн алынуы (сатып алынуы) мүмкiн.";
      4) 128-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Жекеше орман қорының жерлерiне жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен жасалған қолдан өсiрiлген ормандар, агроорман-мелиорациялық екпелер, арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер және оларға осы Кодекске сәйкес орман өсiру үшiн нысаналы мақсатпен жеке меншiкке немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерде мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жасалған агроорман-мелиорациялық екпелер өсiп тұрған жерлер жатады.".
      2. 2003 жылғы 8 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Орман  кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2003 ж.,
N 16, 140-құжат, 2004 ж., N 23, 142-құжат):
      1) 3-баптың 3) тармақшасында, 26-баптың 2) тармақшасында және 55-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында "объектiлерiнiң" деген сөзден кейiн "мемлекеттiк" деген сөз қосып жазылсын;
      2) 6-баптың 4-тармағында және 8-баптың 3-тармағында "плантациялық екпелер" деген сөздерден кейiн "және мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған агроорман-мелиорациялық екпелер" деген сөздер қосып жазылсын;
      3) 18-бапта:
      тақырыптағы "функциялары" деген сөз "негiзгi қызметi" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) тармақшада "өңдеу" деген сөз "ұқсату" деген сөзбен ауыстырылсын;
      10) және 11) тармақшалар алынып тасталсын;
      4) 36-баптың 7-тармағында "күтiп-баптау мақсатында кесудi және санитарлық мақсатта кесудi" деген сөздер "аралық мақсатта пайдалану үшiн кесудi және өзге де мақсатта ағаш кесудi" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) 44-баптың 2-тармағының 1) тармақшасында:
      екiншi абзацта "биосфералық түрлерi мен қорық-сепортерлердi қоса," деген сөздер алынып тасталсын;
      бесiншi абзацта "мемлекеттiк" деген сөзден кейiн "аймақтық" деген сөз қосып жазылсын;
      6) 59-баптың 1-тармағының үшiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтардың, аймақтық табиғи саябақтардың және мемлекеттiк табиғи резерваттардың шекарасында орналасқан мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi солардың құрамында есепке алынады.";
      7) 73-баптың 3-тармағында "орман тұқымдарын дайындау, өңдеу, сақтау" деген сөздер алынып тасталсын;
      8) 77-бапта:
      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақпен толықтырылсын:
      "2-1. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлер уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен құрылады және анықталады.";
      9) 78-бапта:
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақпен толықтырылсын:
      "3-1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi селекциялық-генетикалық мақсаттағы объектiлердi аттестаттау мен есепке алуды уәкiлеттi органның мамандандырылған ұйымдары белгiлеген тәртiппен солар жүзеге асырады.";
      10) 80-бапта:
      Баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Орман тұқымдарын дайындау, өңдеу, сақтау, пайдалану және олардың сапасын бақылау";
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Орман тұқымдарын дайындауды, өңдеудi, сақтауды, пайдалануды және олардың сапасын бақылауды ұйымдастыру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.";
      11) 86-баптың 2-тармағының екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған агроорман- мелиорациялық екпелер өсiп тұрған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сатып алынады немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiледi және жер заңнамасына сәйкес жекеше орман қоры жерлерiне ауыстырылуы мүмкiн.";
      12) 89-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "89-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану жөнiндегi және бөрене кесу жөнiндегi қызметтi лицензиялау
       Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүрек дайындау жөнiнде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын қызмет және бөрене кесу жөнiндегi жұмыс Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасымен белгiленген тәртiппен лицензиялауға жатады.";
      13) 91-бапта:
      баптың тақырыбындағы және 1-тармағындағы "Күтiп-баптау мақсатында және санитарлық мақсатта ағаш кесу кезiнде" деген сөздер "Аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу және өзге де мақсатта ағаш кесу кезiнде" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармақта "күтiп-баптау мақсатында және санитарлық мақсатта ағаш кесуге" деген сөздер "аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге және өзге де мақсатта ағаш кесуге" деген сөздермен ауыстырылсын;
      14) 92-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Мемлекеттiк орман қорының "мемлекеттiк табиғи қорықтар ормандары", "мемлекеттiк орман табиғат ескерткiштерi", "орманның гендiк резерваттарын қоса алғанда, ғылыми маңызы бар орман учаскелерi", "аса құнды орман алаптары" санаттарында, сондай-ақ мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар мен мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтардың қорық режимi аймақтарында, мемлекеттiк табиғи резерваттардың қорық орталығы аймақтарында орман пайдалануды шектеудiң қорықтық режимi белгiленедi.";
      2 және 3-тармақтарда "мемлекеттiк табиғи саябақтар ормандары" деген сөздер "мемлекеттiк аймақтық табиғи саябақтар ормандары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      15) 112-бапта:
      баптың атауындағы "ақылы қызметтерiнен түскен" деген сөздер алынып тасталсын;
      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Орман мекемелерiнiң ақысы мiндеттi сипатта болмайтын және жеке немесе заңды тұлғамен келiсiм бойынша айқындалатын олардың негiзгi қызметiне жатпайтын мынадай тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткiзуден түскен қаражаты болуы мүмкiн:
      1) көшет материалын өсiру және орман тұқымдарын жинау; көгалдандыру, қорғаныштық, плантациялық және өзге екпелер отырғызу; орман шаруашылығы саласында оқу практикаларын өткiзу; консультациялық және техникалық көмек көрсету;
      2) аралық пайдалану үшiн ағаш кесуден және өзге де мақсатта ағаш кесуден, жанама орман пайдаланудан алынған сүректi өңдеуден алынған өнiм.
      2. Орман мекемелерiнiң қаражатын пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.".
      3. 2004 жылғы 24 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Бюджет  кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж.,
N 8-9, 53-құжат, N 20, 116-құжат, N 23, 140-құжат; 142-құжат; 2005 ж., N 14, 55-құжат):
      1) 50-баптың 1-тармағының 8) тармақшасында:
      бiрiншi абзац "шаруашылық" деген сөзден кейiн ", ерекше қорғалатын табиғи аумақтар" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы он бесiншi және он алтыншы абзацтармен толықтырылсын:
      "меншiк немесе жер пайдалану құқықтарын тоқтататын жерлердi мемлекеттiк қажеттiлiктерге алу (сатып алу), жер пайдаланудың ерекше режимiнiң белгiленуiне байланысты меншiк немесе жер пайдалану құқықтарын шектеу, меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзу жағдайларында меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген залалдарды өтеу;
      республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрумен және оларды кеңейтумен, халықаралық мiндеттемелердi орындаумен және қорғаныс пен қауiпсiздiк қажеттiлiктерi үшiн жерлердi пайдаланумен байланысты жағдайларда жер учаскелерiн барлық санаттағы жерлерден алу, соның iшiнде сатып алу жолымен алу кезiнде болатын залалдарды өтеу;";
      2) 51-баптың 1-тармағының 8) тармақшасы мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
      "меншiк немесе жер пайдалану құқықтарын тоқтататын жерлердi мемлекеттiк қажеттiлiктерге алу (сатып алу), жер пайдаланудың ерекше режимiнiң белгiленуiне байланысты меншiк немесе жер пайдалану құқықтарын шектеу, меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзу жағдайларында меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген залалдарды өтеу;
      жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрумен және оларды кеңейтумен байланысты жағдайларда жер учаскелерiн барлық санаттағы жерлерден алу, соның iшiнде сатып алу жолымен алу кезiнде залалдарды өтеу;";
      3) 52-баптың 1-тармағының 8) тармақшасы мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
      "меншiк немесе жер пайдалану құқықтарын тоқтататын жерлердi мемлекеттiк қажеттiлiктерге алу (сатып алу), жер пайдаланудың ерекше режимiнiң белгiленуiне байланысты меншiк немесе жер пайдалану құқықтарын шектеу, меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзу жағдайларында меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген залалдарды өтеу;
      жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрумен және оларды кеңейтумен байланысты жағдайларда жер учаскелерiн барлық санаттағы жерлерден алу, соның iшiнде сатып алу жолымен алу кезiнде залалдарды өтеу;".
      4. 1995 жылғы 17 сәуiрдегi "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 37-құжат; N 12, 88-құжат; N 14, 93-құжат; N 15-16, 109-құжат; N 24, 162-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 8-9, 236-құжат; 1997 ж., N 1-2, 8-құжат, N 7, 80-құжат; N 11, 144, 149-құжаттар; N 12, 184-құжат;
N 13-14, 195, 205-құжаттар; N 22, 333-құжат; 1998 ж, N 14, 201-құжат, N 16, 219-құжат; N 17-18, 222, 224, 225-құжаттар; N 23, 416-құжат, N 24, 452-құжат, 1999 ж., N 20, 721, 727-құжаттар; N 21, 787-құжат, N 22, 791-құжат; N 23, 931-құжат; N 24, 1066-құжат, 2000 ж., N 10, 248-құжат, N 22, 108-құжат; 2001 ж., N 1, 7-құжат; N 8, 52, 54-құжаттар; N 13-14, 173, 176-құжаттар; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 2, 17-құжат; N 15, 151-құжат; N 19-20, 165-құжат; 2003 ж.,
N 1-2, 2-құжат; N 4, 25-құжат; N 6, 34-құжат; N 10, 50, 51-құжаттар; N 11, 69-құжат; N 14, 107-құжат; N 15, 124, 128, 139-құжаттар; 2004 ж., N 2, 9-құжат; N 5, 27-құжат; N 10, 54-құжат; N 14, 82-құжат; N 15, 86-құжат; N 16, 91-құжат; N 17, 98-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат; N 11, 37-құжат; N 14, 55, 58-құжаттар):
      9-баптың 1-тармағының 55) тармақшасы "және бөрене ағаш кесу" деген сөздермен толықтырылсын.
      2-бап. Осы Заң ресми түрде жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады