"2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттамаға қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 қаңтардағы N 43 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      "2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттамаға қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ
ЖАРЛЫҒЫ 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттамаға қол қою туралы

       ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттамаға қол қойылсын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастан қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Жоба

2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық
құру туралы шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы
хаттама

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы,
      200 жылғы "___"_______ Өзбекстан Республикасының 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа қосылуы туралы хаттаманы назарға ала отырып,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шарттың 19-бабын басшылыққа ала отырып, 
      төмендегiлер туралы уағдаласты:

1-бап

      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартқа (бұдан әрi - Шарт) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1. Шарттың 13-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Мемлекетаралық Кеңес "мүдделi Уағдаласушы Тараптың дауысын алып тастағандағы консенсус" қағидаты бойынша қабылданатын мүшелiктi тоқтата тұру туралы немесе Қоғамдастық мүшелiгiнен шығару туралы шешiмдердi қоспағанда, барлық шешiмдердi консенсуспен қабылдайды.
      2. Интеграциялық Комитетте шешiмдер 2/3 көпшiлiк дауыспен қабылданады. Егер шешiмдердi қабылдауға бес Уағдаласушы Тарап дауыс берсе, бiрақ бұл ретте ол 2/3 көпшiлiк дауысты жинамаса, онда мәселе Мемлекетаралық Кеңестiң қарауына беріледi. Әрбiр Уағдаласушы Тараптар дауыстарының саны оның ЕурАзЭҚ органдарын ұстауға, Қоғамдастық органдарының және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдер комиссиясының мәжiлiстерiн өткiзудi қаржыландыруға арналған Қоғамдастықтың бюджетiндегi үлестiк жарнасына сәйкес келедi және:
      Беларусь Республикасы - 15 дауысты;
      Қазақстан Республикасы - 15 дауысты;
      Қырғыз Республикасы - 7,5 дауысты;
      Ресей Федерациясы - 40 дауысты;
      Тәжiкстан Республикасы - 7,5 дауысты;
      Өзбекстан Республикасы - 15 дауысты құрайды".
      2. Шарттың 15-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. ЕурАзЭҚ органдарының қызметiн қаржыландыру Қоғамдастық бюджетiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Қоғамдастықтың кезектi қаржы жылына арналған бюджетiн мүше мемлекеттердiң келiсiмi бойынша ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiнiң Хатшылығы әзiрлейдi, белгiленген тәртiппен қаралады және Мемлекетаралық кеңес бекiтедi.
      Қоғамдастықтың бюджетiнде тапшылық болуы мүмкiн емес.
      2. Қоғамдастықтың бюджетi:
      1) Қоғамдастықтың органдарын ұстауға, Қоғамдастық органдарының және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдер комиссиясының мәжiлiстерiн өткiзудi қаржыландыруға арналған үлестiк жарналар:
      Беларусь Республикасы - 15 %;
      Қазақстан Республикасы - 15 %;
      Қырғыз Республикасы - 7,5 %;
      Ресей Федерациясы - 40 %;
      Тәжiкстан Республикасы - 7,5 %;
      Өзбекстан Республикасы - 15 %;
      2) әрбiр бағдарлама бойынша Мемлекетаралық кеңестің шешiмдерiне сай, Уағдаласушы Тараптардың қатысу дәрежесiне сәйкес келетiн үйлесiмде Мемлекетаралық кеңестiң шешiмдерiмен айқындалатын ЕурАзЭҚ-тың мемлекетаралық мақсатты бағдарламаларына және өзге де iс-шараларға арналған Уағдаласушы Тараптардың жарналары есебiнен қалыптасады.
      3. Қоғамдастық бюджетiнiң қаражаты:
      Қоғамдастықтың органдарын ұстауға;
      Қоғамдастық органдарының және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдер комиссиясының мәжiлiстерiн өткiзудi қаржыландыруға;
      ЕурАзЭҚ-тың мемлекетаралық мақсатты бағдарламаларын қаржыландыруға;
      ЕурАзЭҚ-тың мақсаттары және мiндеттерiне қайшы келмейтiн Мемлекетаралық кеңес бекiтетiн өзге де iс-шараларға бағытталады.
      4. Егер Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң ЕурАзЭҚ бюджетiнiң алдындағы үлестiк жарналары бойынша қарызы оның жылдық үлестiк жарнасына баламалы сомадан асқан жағдайда, ол қарызын толық өтегенге дейiн Мемлекетаралық кеңестiң шешiмiмен Қоғамдастық органдарында дауыс беру құқығынан айрылуы мүмкiн. Оған тиесiлі дауыстар қалған Уағдаласушы Тараптар арасында олардың ЕурАзЭҚ органдарын ұстауға және Қоғамдастық органдарының және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдер комиссиясының мәжілістерiн өткiзудi қаржыландыруға арналған Қоғамдастық бюджетiндегi жарналарына үйлесiмде бөлiнедi.

2-бап

      Осы Хаттама 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады.

3-бап

      Осы Хаттама Уағдаласушы Тараптардың ратификациялауына жатады және депозитарийi болып табылатын ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiне оның күшіне енуi үшiн қажетті мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны тапсырған күннен бастап күшiне енедi.

4-бап

      Осы Хаттама БҰҰ Жарғысының 102-бабына сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тiркелуi тиiс.

      200__ жылғы "___" ______ ______ қаласында беларусь, қазақ, қырғыз, орыс, тәжік және өзбек тілдерiнде бiр данада жасалды, әрi барлық мәтіндердің күші бiрдей. Осы Хаттаманың мәтiнi бойынша келiспеушiліктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi пайдаланатын болады.
      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы оның куәландырылған көшiрмесiн  Уағдаласушы Тараптарға жiберетiн ЕурАзЭқ Интеграциялық Комитетiнде сақталады.

      Беларусь Республикасы үшiн
      Қазақстан Республикасы үшiн
      Қырғыз Республикасы үшiн
      Ресей Федерациясы үшін
      Тәжiкстан Республикасы үшiн
      Өзбекстан Республикасы үшiн

Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы
ШАРТ

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжiкстан Республикасы,
      өз халықтарының тұрмыс деңгейiн арттыру үшiн экономикалық әлеуеттерiн тиiмдi пайдаланатын жағдайда жүргiзiлетiн әлеуметтік-экономикалық жаңартуларды келiсу арқылы өздерiнiң серпіндi түрде дамуын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      өзара интеграция процестерiн дамыту және түрлi салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында өзара iс-қимылдың тиiмдiлiгiн арттыруға бекем бел байлап,
      әлемдiк экономика мен халықаралық сауда жүйесiне кiрiгу кезiнде көзқарастарды үйлестiру қажеттiгін пайымдай отырып,
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы келiсiмге, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келiсiмге, 1996 жылғы 29 наурыздағы Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шартқа және 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы мен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы шартқа сәйкес өздерi қабылдаған мiндеттемелердi толық деңгейде орындауға дайын екендiктерiн білдіре  отырып,
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларына өздерiнiң адалдықтарын қуаттай отырып, 
      төмендегiлер туралы уағдаласты:

1-бап
Халықаралық ұйымды құру

      Осымен Уағдаласушы Тараптар "Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы" халықаралық ұйымын (бұдан әрi - ЕурАзЭҚ немесе Қоғамдастық) құрады.
      ЕурАзЭҚ-тың осы Шарттың ережелерiне сәйкес Уағдаласушы Тараптар оған өз ерiктерiмен берген өкiлеттіктерi болады. Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтың егемендi және тең құқықты субъектiлерi болып қалады.

2-бап
Мақсаттары мен мiндеттерi

      ЕурАзЭҚ Кеден Одағы мен Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi Уағдаласушы Тараптардың қалыптастыру процесiн тиiмдiлiкпен ілгерілету, сондай-ақ жоғарыда аталған Кеден одағы туралы келiсiмде, Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шартта және Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартта белгiленген басқа да мақсаттар мен мiндеттердi осы аталған құжаттарда белгіленген кезеңдерге сәйкес iске асыру үшiн құрылады.
      Уағдаласушы Тараптардың бұрын өзара жасаған шарттары, сондай-ақ интеграцияны басқару органдарының шешiмдерi осы Шартқа қайшы келмейтін бөлігінде қолданыста болуын жалғастырады.

3-бап
Органдар

      Уағдаласушы Тараптардың бұрын құрған интеграцияны басқару органдарымен сабақтастықты қамтамасыз ете отырып, осы Шарттың мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін ЕурАзЭҚ шеңберінде:
      Мемлекетаралық Кеңес (Мемаралықкеңес);
      Интеграциялық комитет;
      Парламентаралық Қауымдастық (ПАҚ);
      Қоғамдық Соты жұмыс iстейтiн болады.
      Мемаралықкеңес 1996 жылғы 29 наурыздағы Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шартпен және 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартпен құрылған интеграциялық басқару органдарының қызметін тоқтату туралы шешімді қабылдайды.

4-бап
Төрағалық ету

      Мемлекетаралық Кеңес пен Интеграциялық Комитетте төрағалық етуді орыс әліппесінің тәртiбiмен Қоғамдастыққа мүше әрбiр мемлекет бір жыл бойы алма-кезек жүзеге асыратын болады.
      Қоғамдастықтың басқа да органдарында төрағалық ету тәртiбi тиісті ережелермен белгіленедi.

5-бап
Мемлекетаралық Кеңес

      Мемлекетаралық Кеңес ЕурАзЭҚ-тың жоғары органы болып табылады. Оның құрамына Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң басшылары және үкiметтерiнiң басшылары кiредi.
      Мемаралыққеңес қатысушы мемлекеттердiң ортақ мүдделерiне байланысты Қоғамдастықтың қағидатты мәселелерiн қарайды, интеграцияны дамытудың стратегиясын, бағыты мен келешегiн белгiлейдi және ЕурАзЭҚ-тың мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыруға бағытталған шешiмдер қабылдайды.
      Мемлекетаралық Кеңес Интеграциялық Комитетке тапсырмалар бередi, Парламентаралық Қауымдастыққа сұрау салады және ұсыныстар жасайды, Қоғамдастық Сотына сұрау салады.
      Мемаралықкеңес өзiнiң шешiмдерiмен Қоғамдастықтың қосымша органдарын құра алады.
      Мемаралықкеңес жылына кем дегенде бiр рет мемлекет басшылары деңгейiңде және жылына кем дегенде екi рет үкiмет басшылары деңгейiнде бас қосады. Мәжiлiс Мемаралықкеңесте төрағалық ететiн Уағдаласушы Тарап өкiлiнiң басшылығымен өткiзiлед.
      Мемаралықкеңес жұмысының функциялары мен тәртiбi ЕурАзЭҚ-қа қатысушы мемлекеттердiң басшылары деңгейiнде Мемаралықкеңес бекiтетiн Ережемен белгiленедi.

6-бап
Интеграциялық Комитет

      Интеграциялық Комитет ЕурАзЭҚ-тың тұрақты жұмыс iстейтiн органы болып табылады.
      1. Интеграциялық Комитеттiң негiзгi мiндеттерi:
      ЕурАзЭҚ органдарының өзара iс-қимылын қамтамасыз ету;
      Мемаралықкеңес мәжiлiстерiнiң күн тәртiбi және оларды өткiзудiң деңгейi жөнiңде ұсыныстар, сондай-ақ шешiмдердiң және құжаттардың жобаларын әзiрлеу;
      ЕурАзЭҚ-тың бюджетiн қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу және оның орындалуына бақылау жасау;
      Мемаралықкеңес қабылдаған шешiмдердi iске асыруға бақылау жасау.
      Интеграциялық Комитет өзiнiң мiндеттерiн орындау мақсатыңда:
      Осы Шартта белгіленген, сондай-ақ оған Мемлекетаралық Кеңес берген өкiлеттiктер шегiнде шешiмдер қабылдайды;
      жыл сайын Қоғамдастықтағы iстiң жәй-күйi және оның мақсаттары мен мiндеттерiн iске асырудың барысы туралы баяндаманы, өзінің қызметі туралы, сондай-ақ ЕурАзЭҚ бюджетiнiң орындалуы туралы есепті Мемаралықкеңеске ұсынады;
      Қоғамдастықтың мақсаттарына қол жеткiзуге бағытталған шараларды, оның iшiнде тиiстi шарттардың жасалуын әрi Уағдаласушы Тараптардың нақты мәселелер бойынша бiрыңғай саясат жүргізуін қарайды және тиiстi ұсыныстар әзiрлейдi;
      Мемаралықкеңеске ұсыныстар жасауына, Парламентаралық Қауымдастыққа және Уағдаласушы Тараптар үкiметтерiне ұсыныстар айтып, сұрау салуына, Қоғамдастық Сотына сұрау салуына құқығы бар.
      2. Интеграциялық Комитет құрамына Уағдаласушы Тараптар үкіметтері басшыларының орынбасарлары кiредi. Интеграциялық Комитетінің Төрағасы Мемаралықкеңестiң мәжiлiстерiне қатысады.
      Интеграциялық Комитеттiң мәжiлiсi кем дегенде үш айда бiр рет өткізіледі.
      Интеграциялық Комитет мәжiлiстерiнiң арасындағы кезеңде Қоғамдастықтың ағымдағы жұмысын қатысушы мемлекеттер басшылары тағайындайтын, ЕурАзЭҚ жанындағы Уағдаласушы Тараптарын Тұрақты өкілдерінің (Тұрақөкiлдер) комиссиясы қамтамасыз етедi.
      3. Мемлекетаралық Кеңес пен Интеграциялық Комитеттің жұмысын ұйымдастыру және оларды ақпараттық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету Интеграциялық Комитеттiң Хатшылығына (Хатшылық) жүктеледі.
      Хатшылықты Интеграциялық Комитеттiң ұсынысы бойынша Мемлекетаралық Кеңес үш жыл мерзiмге тағайындайтын Бас хатшы басқарады.
      Бас хатшы Қоғамдастықтың жоғары әкiмшiлiк лауазымды тұлғасы болып табылады және Мемлекетаралық Кеңес пен Интеграциялық Комитеттің мәжiлiстерiне қатысады.
      Хатшылық Уағдаласушы Тараптардың Қоғамдастық бюджетiндегi үлестік жарналарының ескерiлуiмен квоталық негiзде мүше мемлекеттер азаматтарының қатарынан және келiсiм-шарт бойынша жұмысқа алынатын адамдардан қалыптасады.
      Бас хатшы мен Хатшылық персоналы қызметтiк мiндеттемелерiн орындау кезінде Қоғамдастық үшiн бөгде болып табылатын қандай да болсын Уағдаласушы Тараптан немесе билiк орнынан нұсқаулар сұрауға немесе алуға тиiстi емес. ЕурАзЭҚ алдында ғана жауапты халықаралық лауазымды тұлғалар ретiндегi жағдайына ықпал етуi мүмкiн кез келген іс-қимылдардан олар бас тартуы тиiс.
      Уағдаласушы Тараптар Бас хатшы мен Хатшылық персоналының халықаралық сипаттағы мiндеттемелерiн құрмет тұтуға және олардың қызметтік міндеттемелері орындалуының кезiнде оларға ықпал жасауға әрекеттенбеуге мiндеттi.
      Интеграциялық Комитеттiң функциялары мен жұмысының тәртiбi Мемлекетаралық Кеңес бекiтетiн Ережеде белгiленедi.

7-бап
Парламентаралық Қауымдастық

      Парламентаралық Қауымдастық Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамаларын үйлестiру (жақындастыру, бiрегейлендiру) және оларды Қоғамдастық мiндеттемелерiн iске асыру мақсатыңда ЕурАзЭҚ шеңберiнде жасасқан шарттарға сәйкес келтiру мәселелерiн қарастыратын ЕурАзЭҚ шеңберiндегі парламенттiк ынтымақтастық органы болып табылады.
      Парламентаралық Қауымдастық Уағдаласушы Тараптардың парламенттерiнен жiберiлетiн парламентарийлерден құрылады.
      Парламентаралық Қауымдастық өз өкiлеттiгiнің шегiнде:
      - Мемаралықкеңестің қарауына жататын құқықтық қатынастардың негiзгi салаларындағы заңнамалардың Негiздерiн әзiрлейдi;
      - олардың негiзiнде ұлттық заңнамалардың актерлерi әзiрленетiн үлгiлi жобаларды қабылдайды;
      - Мемаралықкеңеске ұсыныстармен, Интеграциялық комитетке және Уағдаласушы Тараптардың парламенттерiне сұрау салулармен және ұсыныстармен, Қоғамдастық Сотына сұрау салулармен шыға алады.
      Мемлекетаралық Кеңес Парламентаралық Қауымдастық туралы ереженi бекiтедi.

8-бап
Қоғамдастық Соты

      Қоғамдастық Соты Уағдаласушы Тараптардың осы Шартты және Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген басқа да шарттарды, сондай-ақ ЕурАзЭҚ органдары қабылдайтын шешiмдердi бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етедi.
      Қоғамдастық Соты ЕурАзЭҚ органдарының шешімдерiн және Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген шарттардың ережелерiн iске асыру мәселелерi бойынша Уағдаласушы Тараптардың арасында туындайтын экономикалық сипаттағы дауларды да қарастырады, олар бойынша түсiндiрулер, сондай-ақ қорытындылар бередi.
      Қоғамдастық Соты әр Уағдаласушы Тараптың көп дегенде екi өкiлiнен тұратын Уағдаласушы Тараптардың өкiлдерiнен құрылады. Парламентаралық Қауымдастық судьяларды Мемлекетаралық Кеңестiң ұсынуымен алты жыл мерзiмге тағайындайды.
      Қоғамдастық Соты iс-әрекетінің ұйымдастырылуы мен тәртiбi оның Мемаралықкеңеспен бекiтiлетiн Статутында белгiленедi.

9-бап
Мүшелiк

      ЕурАзЭҚ мүшелiкке қабылдау осы Шарттан және басқа да Мемлекетаралық Кеңестің шешiмiмен белгiленетiн тiзiм бойынша Қоғамдастық шеңберінде қолданылып жүрген шарттардан туындайтын міндеттемелерді өзiне алатын және ЕурАзЭҚ мүшелерiнiң пiкiрiнше, осы міндеттемелерді орындай алатын және орындауға ниет бiлдiрген барлық мемлекеттерге ашық.
      Кез келген Уағдаласушы Тарап ЕурАзЭҚ-тың құрамынан Қоғамдастықтың және оның мүшелерiнiң алдында өзiнiң міндеттемелерін алдын-ала реттей отырып және Интеграциялық Комитетке осы Шарттан шығу туралы ресми хабарламаны шығу күнiнен кемінде он екі ай бұрын жiбере отырып, шығуға құқылы. Егер хабарлама Қоғамдастықтың келесi бюджеттiк жылға арналған бюджетiн қабылдаудан бұрын жiберiлсе, мүшелiктi тоқтату ағымдағы бюджет жылында жүзеге асады. Егер хабарлама Қоғамдастықтың келесi бюджеттік жылға арналған бюджетiн қабылдаудан кейiн жiберiлсе, онда мүшелікті тоқтату келесі бюджет жылында жүзеге асады.
      Осы Шарттың және/немесе Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген шарттардың ережелерiн өрескел бұзып отырған Уағдаласушы Тараптың ЕурАзЭҚ органдарының жұмысына қатысуы Мемаралықкеңестің шешiмiмен тоқтатылуы мүмкiн. Егер бұл Уағдаласушы Тарап өзiнiң мiндеттемелерiн бұзуды жалғастырып отырса, Мемаралықкеңес өзі белгiлейтiн күннен бастап оны Қоғамдастықтан шығару туралы шешiм қабылдай алады.

10-бап
Байқаушылар

      ЕурАзЭҚ жанындағы байқаушының мәртебесi кез келген мемлекет немесе халықаралық мемлекетаралық (үкiметаралық) ұйымға тиісті өтiнiшi түскен жағдайда берiлуi мүмкiн.
      Байқаушының мәртебесiн беру, тоқтату немесе жою туралы шешімді Мемлекетаралық Кеңес қабылдайды.

11-бап
Құқық қабiлеттiлiгі

      ЕурАзЭҚ әр Уағдаласушы Тараптың аумағында өзiнiң мақсаттары мен міндеттерін орындауға қажеттi құқық қабiлеттiлiгiн пайдаланады.
      ЕурАзЭҚ мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастар орната және олармен шарттар жасаса алады.
      ЕурАзЭҚ заңды тұлға және өз мақсаттары мен мiндеттерi iске асыру үшiн, атап айтқанда:
      - шарттар жасасу;
      - мүлiк сатып алу және оған билiк ету;
      - сотта сөз сөйлеу;
      - шоттар ашу және валютамен, құнды қағаздармен операциялар жүргiзу құқықтарын пайдаланады.

12-бап
Органдардың тұрғылықты жерi

      Интеграциялық Комитеттiң тұрғылықты жерi Алматы қаласы (Қазақстан Республикасы) және Мәскеу қаласы (Ресей Федерациясы) болып табылады.
      Парламентаралық Қауымдастықтың тұрғылықты жерi Санкт-Петербург қаласы (Ресей Федерациясы) болып табылады.
      Қоғамдастық Сотының тұрғылықты жерi Минск қаласы (Беларусь Республикасы) болып табылады.
      Мемлекетаралық Кеңестiң шешiмi бойынша Қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде Интеграциялық Комитеттің өкiлдiктерi ашылуы мүмкін.

13-бап
Шешiмдi қабылдаудың тәртiбi

      Мемлекетаралық Кеңес "мүдделi Уағдаласушы Тараптың дауысын алып тастағандығы мәмiле" қағидаты бойынша қабылданатын мүшелiктi тоқтату туралы немесе Қауымдастықтан шығару туралы шешімдердi қоспағанда барлық шешiмдердi мәмiлемен қабылдайды.
      Интеграциялық Комитетте шешiмдер 2/3 көпшiлiк дауыспен қабылданады. Егер шешiмдердi қабылдауға Уағдаласушы Тараптардың төртеуi дауыс берсе, бiрақ сонымен бiрге ол 2/3 көпшiлiк дауысты жинамаған жағдайда мәселе Мемаралықкеңестiң қарауына жiберiледi. Әрбiр Уағдаласушы Тараптар дауыстарының саны оның Қоғамдастық бюджетiндегi жарнасына сәйкес келедi және:
      Беларусь Республикасы - 20 дауысты;
      Қазақстан Республикасы - 20 дауысты;
      Қырғыз Республикасы - 10 дауысты;
      Ресей Федерациясы - 40 дауысты;
      Тәжiк Республикасы - 10 дауысты құрайды.

14-бап
Шешiмнiң орындалуы

      ЕурАзЭҚ органдарының шешiмдерiн Уағдаласушы Тараптар ұлттық заңнамаларға сәйкес қажеттi ұлттық нормативтiк-құқықтық актілерді қабылдау арқылы орындайды.
      Осы Шартты, Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген басқа да шарттарды және ЕурАзЭҚ органдарының шешiмдерiн iске асыру бойынша Уағдаласушы Тараптардың мiндеттемелерiнiң орындалуына бақылау жасауды Қоғамдастықтың органдары өздерiнiң құзыреттерi шегінде жүзеге асырады.

15-бап
Қаржыландыру

      ЕурАзЭҚ органдарының қызметiн қаржыландыру Қоғамдастықтың бюджеті есебінен жүзеге асырылады.
      Интеграциялық Комитет мүше мемлекеттердің келiсiмi бойынша әрбір бюджеттiк жылға Қоғамдастықтың бюджетiн жасайды және оны Мемаралықкеңес бекiтедi.
      Қоғамдастықтың бюджетiнде тапшылық болуы мүмкiн емес.
      Қоғамдастықтың бюджетi Тараптардың үлестiк жарналары есебінен мынадай шәкiлге сәйкес құрылады:
      Беларусь Республикасы - 20 %;
      Қазақстан Республикасы - 20 %;
      Қырғыз Республикасы - 10 %;
      Ресей Федерациясы - 40 %;
      Тәжiк Республикасы - 10 %;
      Қоғамдастық бюджетiнiң қаражаты:
      ЕурАзЭҚ органдарының қызметiн қаржыландыруға;
      Қоғамдастық шеңберiнде өтетiн Уағдаласушы Тараптардың бірлескен iс-шараларын қаржыландыруға;
      осы Шарттың ережелерiне қайшы келмейтiн басқа да мақсаттарға бағытталады.
      Егер уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң ЕурАзЭҚ бюджетiнiң алдындағы қарызы оның жылдық yлестiк жарнасының баламалық сомасынан асқан жағдайда ол қарызын толықтай өтегенге дейiн Қоғамдастық органдарында дауыс беру құқынан айырылады. Оның тиістілігіндегі дауыс қалған Уағдаласушы Тараптар арасында олардың Қауымдастық бюджетiндегі жарналарына тепе-тең бөлiнедi.

16-бап
Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Қоғамдастық пен оның лауазымды тұлғалары осы Шартта және ЕурАзЭҚ шеңберiнде қолданылып жүрген шарттарда көзделген функцияларды орындау және мақсаттарға жету үшiн қажеттi артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
      Қоғамдастық пен оның лауазымды тұлғаларының, Интеграциялық Комитеттiң Хатшылығы мен Өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ Қоғамдастық жанындағы Уағдаласушы Тараптардың Тұрақты Өкiлдiктерiнiң персоналдарының артықшылықтары мен иммунитеттерінің көлемi жекелеген құжаттармен анықталады.

17-бап
Жұмыс тiлi

      ЕурАзЭҚ-тың жұмыс тiлi орыс тiлi болып табылады.

18-бап
Қолданыста болу мерзiмi және күшiне енуi

      Осы Шарт белгiсiз мерзiмге жасалады.
      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың бекiтуiне жатады және депозитарийi болып табылатын Интеграциялық Комитетке оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішілік рәсiмдердің орындалуы туралы соңғы хабарламаны берген күнiнен бастап күшiне енедi.
      Тараптар қажет болған жағдайда өздерiнің ұлттық заңнамаларын осы Шарттың ережелерiне сәйкес келтiредi.

19-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар

      Осы Шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, оларды Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамамен ресiмдейдi.

20-бап
Тiркеу

      Осы Шарт БҰҰ Жарғысының 102-бабына сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тiркелуге жатады.
      Астана қаласында 2000 жылғы "____" қазанда беларусь, қазақ, қырғыз, орыс және тәжік тiлдерiнде бiр дана болып жасалды және де барлық мәтіндердің күшi бiрдей. Осы Шарттың мәтiнi бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланатын болады.
      Шарттың түпнұсқалық данасы оның куәландырылған көшірмесін әрбір Уағдаласушы Тарапқа жiберетiн Интеграциялық Комитетте сақталады.

      Беларусь Республикасы үшін
      Қазақстан Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін
      Ресей Федерациясы Үшін
      Тәжікстан Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады