Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 9 Нормативтік қаулысы.

      ХАБАРЛАНДЫРУ
      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2017 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК", "АІЖК-нің" деген сөздер "АПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2017 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "талап арыз да", "талап арыз", "талап арыздан", "талап арыздардан", "талап арызды", "талап арыздар" деген сөздер тиісінше "арыз да", "талап қою", "талап қоюдан", "талап қоюлардан", "талап қоюды", "талап қоюлар" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "талапкер", "талапкермен", "талапкерлермен", "талапкерді", "талапкерлер", "талапкерден", "Талапкердің", "талапкерге", "талапкердің" деген сөздер тиісінше "талап қоюшы", "талап қоюшымен", "талап қоюшылармен", "талап қоюшыны", "талап қоюшылар", "талап қоюшыдан", "Талап қоюшының", "талап қоюшыға", "талап қоюшының" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Соттар азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру кезінде сот шығыстарымен байланысты мәселелерді Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК), "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 70-тарауының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінің нормаларына сәйкес шешуге тиіс.

      Егер азаматтық іс бойынша тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әртүрлі мемлекеттерінің аумағында орналасқан шаруашылық жүргізетін субъектілер болса, мемлекеттік баж мөлшері және оны өтеу тәртібі әртүрлі мемлекеттердің шаруашылық жүргізетін субъектілері арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезінде мемлекеттік баж мөлшері және оны өтеу тәртібі туралы келісімге (1993 жылғы 24 желтоқсан, Ашхабад) сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      2. АПК-нің 102-бабына сәйкес азаматтық істер бойынша сот шығыстары іс бойынша іс жүргізуге байланысты мемлекеттік баждан және шығындардан тұрады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Мемлекеттік баж Салық кодексінің 607-бабына сәйкес Салық кодексінің 609-бабының 1-тармағында көрсетілген заңдық маңызы бар, оның ішінде құжаттарды (олардың көшірмелерін, телнұсқаларын) берумен байланысты әрекеттер жасағаны үшін алынатын, бюджетке төленетін төлем болып табылады.

      Сотқа берілетін талап қою мен арыздар, сондай-ақ қарсы талап қоюлар бірнеше дербес талап қою талаптарын қамтуы мүмкін, олардың әрқайсысы мемлекеттік баж алу объектісі болып табылады. Талап қою бағасын ұлғайту туралы қосымша арызға да мемлекеттік баж төленуге тиіс.

      Азаматтық істер бойынша мемлекеттік баж тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың өтініші бойынша сот актілерінің көшірмелері, сондай-ақ істегі басқа құжаттардың көшірмелері қайта берілген кезде алынады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. Азаматтық сот ісін жүргізудегі мемлекеттік бажды төлеушілерге Салық кодексінің 608-бабының ережесіне сәйкес тұлғалар, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар осындай құрылымдық бөлімшенің мүдделері үшін заңдық мәні бар әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік бажды дербес төлеушілер ретінде қаралатын құрылымдық бөлімшелер:

      талап қоюды, арызды немесе шағымды бастапқы беру кезінде талап қоюшы, арыз беруші ретінде қатысушылар;

      қарсы талап қою берілген жағдайда соттарда жауапкер ретінде қатысушылар;

      сот қарайтын даудың нысанасына дербес талапты мәлімдейтін үшінші тұлға ретінде қатысушылар;

      бастапқы талап қоюшы істен шыққан және оны құқықтық мирасқор ауыстырған жағдайда, бастапқы талап қоюшы мемлекеттік бажды төлемесе, құқықтық мирасқор мемлекеттік баж төлеуші болатын;

      сот актілерінің көшірмелерін, істегі басқа да құжаттардың көшірмелерін қайта беру не атқару парағының телнұсқасын беру үшін сотқа жүгінген жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берген кезде іске қатысатын тараптар мен басқа да тұлғалар жатқызылады.

      Мемлекеттік баждың төленгені туралы төлем құжаттарында "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 223 Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлеушінің жеке тұлға үшін жеке сәйкестендіру нөмірін және заңды тұлға үшін бизнес-сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, заңдық мәні бар әрекеттер жасағаны үшін сотқа жүгінген нақты сол төлеуші (талап қоюшы, арыз беруші) мемлекеттік баждың тиісті сомасын төлегені көрсетілген жағдайда, арыз беруші өз өкілі арқылы мемлекеттік бажды төлеуі мүмкін.

      Төлем құжаттарында төлеуші ретінде өкілдің мәліметтері ғана көрсетілген кезде талап қою төлеушінің (талап қоюшының, арыз берушінің) мемлекеттік бажды төлемеуіне байланысты арыз қайтарылуға жатады.

      Салық төлеуші (салық агенті) - жеке тұлғаның, оның ішінде дара кәсіпкердің өкілі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген, нотариат куәландырған немесе оған теңестірілген сенімхат негізінде әрекет етеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Соттардағы мемлекеттік баж мөлшерлемесі Салық кодексінің 610-бабында белгіленген. Мұндай жағдайда мыналарды ескеру қажет:

      мемлекеттік баж мөлшерлемесі хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 0,1 пайызын құрайтын, бірақ 500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, ал заңды тұлғалар үшiн – хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 1 пайызын құрайтын, бірақ 20 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын дара кәсiпкерлер, шаруа немесе фермер қожалықтары салықтық тексерулер актілері бойынша хабарламаларға шағым жасаған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлға құрмай, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтардың сотқа беретін талап қоюлары үшін мемлекеттік баж Салық кодексінде жеке тұлғаларға көзделген мөлшерлемелер бойынша төленеді;

      мүліктік сипаттағы бірнеше дербес талаптан тұратын талап қоюлардан (шағымдардан) мемлекеттік баж талап қоюдың жалпы сомасынан алынады;

      мүліктік емес сипаттағы бірнеше талапты қамтитын талап қоюлардан мемлекеттік баж әрбір талап қою үшін бөлек алынады;

      мүліктік, сондай-ақ мүліктік емес сипаттағы талаптарды қамтитын талап қоюлардан мемлекеттік баж мәлімделген талап қоюдың әрбір түріне белгіленген мөлшерден туындай отырып, бір мезгілде төленеді;

      бір немесе бірнеше жауапкерге бір немесе бірнеше талап қоюшы талап қоюды берген кезде мемлекеттік баж мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша әрбір талап қою үшін бөлек, ал мүліктік сипаттағы талаптар бойынша - талап қоюдың жалпы сомасынан туындай отырып есептеледі және талап қоюшылар оны ортақ емес, мәлімделген талаптың үлесіне пропорционалды төлейді;

      сотқа берілетін мүліктік сипаттағы талап қоюдан мемлекеттік баж талап қоюдың бағасына пайыздық қатынаста алынады. Бұл ретте пайыздық қатынасты саралау сотқа талап қоюын берген субъектінің түріне байланысты белгіленген;

      моральдық залалға ақшалай түрде өтемақы төлеу туралы талаптан мемлекеттік баж мүліктік емес сипаттағы талап қоюдан төленетіндей мөлшерде алынады. Бұл ретте абыройын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянды ақшалай түрде өндіріп алу туралы талаптардан мемлекеттік баж өндіріп алуға ұсынылған сомадан айқындалады.

      Салық кодексінің 610-бабының 2-тармағында сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттардан мемлекеттік баж өтініш беру субъектісі үшін Салық кодексінің 610-бабының 1-тармағында белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 пайызы мөлшерінде алынатыны регламенттелген.

      Соттар жеке тұлғалардың сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттарынан мемлекеттік баж жеке тұлғалар үшін Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 пайызы мөлшерінде алынуға жататынын назарда ұстағаны жөн.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6. Салық кодексінің 616-бабында соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатуға жататын жеке және заңды тұлғалардың толық тізбесі көрсетілген.

      Судья талап қоюды (шағымды) қабылдау кезінде:

      Салық кодексінің 616-бабында көрсетілген мемлекеттік баж төлеуден талап қоюшыны босататын негіздердің болуын, сонымен қатар, басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшін талап қоюмен сотқа жүгiнген жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мұндай талап қою құқығының бар-жоғын тексеруі;

      әке болуды анықтау және алименттерді өндіріп алу туралы талап қою бір мезгілде берілген жағдайда, мемлекеттік баж әке болуды анықтау туралы талап қою үшін төленуге жататынын ескеруі керек.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Заңдарға сәйкес талап қоюшыны мемлекеттік баж төлеуден босату тек қана заңда тікелей көрсетілген реттерде мүмкін болады, сондықтан бұл жөнінде арнайы ұйғарым шығару қажет емес.

      Мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат қоса тіркелмеген не ол толық мөлшерде төленбесе немесе сәйкес келмейтін деректемелер (бенефициары, коды, БЖК және т.б.) бойынша төлем жүргізілсе, талап қою АПК-нің 152-бабына сәйкес қайтарылуға жатады, өйткені мемлекеттік бажды төлемеу азаматтық істі қозғауға кедергі келтіреді.

      Қарсы талап қою берген кезде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттың болмауы да, қарсы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.

      АПК-нің 105-бабының бірінші бөлігіне және АПК-нің 106-бабының үшінші бөлігіне сәйкес талап етушіні оны төлеуден босату, оны төлеуді кейінге қалдыру құқығының болу фактілері және талап қою құнын айқындау қиынға түскен жағдай ерекше болып табылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2017 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      8. Төлем тапсырмалары, чектер, түбіртектер және "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VI Заңының талаптарын сақтай отырып, соның ішінде "электрондық үкімет" төлем шлюзі, электрондық терминалдар, банкоматтар арқылы, өзге де электрондық құрылғылардың көмегімен төлемдерді жүзеге асыру кезінде берілетін басқа да қағаз және электрондық құжаттар бюджетке мемлекеттік бажды төлеу фактісін растайды.

      Сот жоғарыда көрсетілген растаушы құжаттардың ксерокөшірмелерін қабылдамауға тиіс. Заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларды қоспағанда, төлем құжаттың түпнұсқасын төлеушінің өтініші бойынша істен алып беруге жол берілмейді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 15.07.2014 № 2; өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2017 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.02.2022 № 1 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      9. Салық кодексінің 623-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік баж заңдық мәні бар әрекеттің жасалған жері бойынша есепке жатқызылады. Осыған байланысты соттар бюджетке мемлекеттік баждың талап қою жері бойынша төленгенін куәландыратын құжатты дәлелдеме ретінде қабылдауға тиіс. Сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берілген кезде мемлекеттік баж кассациялық сатыдағы сот орналасқан жері бойынша бюджетке төленуге жатады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Талап қою бағасы АПК-нің 104-бабына сәйкес айқындалады және оны талап қоюшы көрсетеді.

      Талап қоюшы көрсеткен баға жылжымайтын (жылжымалы) мүлікті тіркеу жөніндегі уәкілетті орган немесе бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар тұлға нарықтық бағаларды ескере отырып айқындайтын іздеудегі мүліктің шынайы құнына айқын сәйкес келмеген жағдайда талап қою бағасын судья айқындайды.

      Атап айтқанда талап қоюдың жекелеген санаттары бойынша бағаны айқындау кезінде мыналарды ескеру керек:

      тұрғын үйді жалдау шартын өзгерту немесе бұзу туралы талап қою бойынша мемлекеттік баж Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көзделген мөлшерде алынады. Алайда кез келген өзге мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж шарттың (келісімшарттың) қалған қолданылу мерзіміне, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге мүлікті пайдаланғаны үшін төлемдер жиынтығының сомасынан алынады.

      Мүлікке меншік құқығы туралы, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 157-1-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен мәмілелер бойынша алынған барлық мүлікті кейіннен қайтарумен байланысты мүлікті иеліктен шығару шарттарын жарамсыз деп тану туралы, мүліктегі үлес құқығын тану туралы, жалпы мүліктен үлесті бөліп шығару туралы талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж сотқа талап қоюды беру күніндегі ізделінетін мүліктің нарықтық құны негізінде алынады. Кепіл туралы шартқа дау айту кезінде талап қою бағасы шартта көрсетілген мүліктің құнынан аспауға тиіс.

      Егер талап қоюшы (талап қоюшылар) сол бір мүлікке қатысты осындай бірнеше талапты бір талап қоюға қосса (біріктірсе), мемлекеттік баж мөлшері дауланатын мәмілелердің санына қарамастан, әрбір талап бойынша оның құнынан емес, ізделінетін мүліктің нарықтық құнынан айқындалуға тиіс.

      Егер берешекті өндіріп алу туралы сот актісі болған жағдайда кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы жеке талап мәлімделсе, оған мемлекеттік баж мүліктік емес сипаттағы талап ретінде салынады.

      Берешекті өндіріп алу және кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы талаптар бір мезгілде мәлімделген жағдайда, мемлекеттік баж мөлшері әрбір талап бойынша жеке айқындалады.

      Берешекті өндіріп алу туралы сот актісі болмаған кезде кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы талап бойынша мемлекеттік баж мөлшері берешек сомасынан, бірақ кепіл туралы шартта көрсетілген мүлік құнынан аспайтын сомада айқындалады.

      Мүлікті тыйым салудан және басқа да ауыртпалықтардан босату туралы талаптардан мемлекеттік баж әрбір талап үшін (тыйым салу (ауыртпалық салу) туралы қаулы) мүліктік емес сипаттағы бөлек талап қою ретінде төленуге жатады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11. АПК-нің 151, 152-баптарының, АПК-нің 277-бабы 1), 2) тармақшаларының, АПК-нің 279-бабы 1), 2) тармақшаларының мағынасы бойынша Салық кодексінің 108-бабы 1-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында, сондай-ақ АПК-нің 107-бабында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік баж толық мөлшерде, ал Салық кодексінің 108-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда ішінара қайтарылады.

      Мемлекеттік бажды қайтару, егер қайтару туралы арыз, төлеу туралы төлем құжатының түпнұсқасы, ұйғарымның немесе сот шешімінің көшірмесі қоса беріле отырып, төлемді қабылдаған банктің (оның филиалының) орналасқан жері бойынша мемлекеттік баж жергілікті бюджеттің кірісіне есепке жатқызылған күннен бастап үш жыл мерзім өткенге дейін мемлекеттік кірістер органына берілген жағдайда жүргізіледі. Артық төленген мемлекеттік баж қайтарылған жағдайда сот төлеушіге мемлекеттік баждың төленгенін растайтын түбіртектің өзі куәландырған көшірмесін береді. Мемлекеттік кірістер органының мемлекеттік бажды қайтарудан бас тартуына сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      Бір немесе біріктірілген бірнеше талап қою жеке іс жүргізуге бөлінген кезде бюджетке төленген мемлекеттік баж талап қою берілген кезде қайта есептелмейді және қайтарылмайды. Бөлінген жеке іс жүргізу бойынша мемлекеттік баж екінші рет төленбейді.

      АПК-нің 277-бабының 1), 2) тармақшаларында, АПК-нің 279-бабының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, бұрын қараусыз қалдырылған не олар бойынша іс жүргізу тоқтатылғаны қайта берілген талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж жалпы негіздерде төленеді.

      Істі қарау кезінде талап қою талаптарының мөлшері ұлғайған жағдайда талап қоюшы мемлекеттік баждың жетіспейтін сомасын талап қоюдың ұлғайтылған бағасына сәйкес қосымша төлейді.

      Егер мемлекеттік бажды бюджетке есепке жатқызу күнінен бастап үш жылдық мерзім өтпесе, талап қоюшы Салық кодексінің 108-бабының тәртібімен қайтармаған мемлекеттік бажды төлеу туралы бастапқы төлем құжаты қайта берілетін талапқа қоса тіркелуі мүмкін.

      Тараптар татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасаған кезде мемлекеттік бажды қайтару тәртібі АПК-нің 115-бабында регламенттелген.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11-1. Істерді АПК-нің 12-тарауының тәртібімен қарау кезінде сот АПК-нің 8-тарауының талаптарына сәйкес тараптар арасында сот шығыстарын бөлу туралы мәселені шешуге міндетті.

      Бұл ретте сот өкілдің көрсеткен көмегінің, оның ішінде талап қоюды дайындаумен және ресімдеумен байланысты көмегінің көлемін ескеруі тиіс. Мұндай шығыстар АПК-нің 108-бабының 9) тармақшасына сәйкес өтелуге жатады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 11-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2017 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      12. АПК-нің 108-бабында көрсетілген іс бойынша іс жүргізуге байланысты сот шығыстары түріндегі шығындар тізбесі толық болып табылмайды.

      Өзге шығыстар қажет деп танылған жағдайда соттың уәжді шешімімен өтелуге жатады. Мұндай шығыстарға: іс қозғалғанға дейін өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу бойынша жүргізілген; сот қатысы бар және жарамды деп таныған дәлелдемелерді алумен; дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтаумен, талап қою құнын айқындаумен, соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымын орындау кезінде жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеумен байланысты шығыстар жатқызылуы мүмкін.

      Жұмсалған сот шығыстарын өндіріп алу туралы мәселені шешу кезінде соттар:

      куәларға, сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға сомаларды төлеу олардың сотқа келуіне байланысты шеккен шығыстарын өтеуді көздейтінін;

      АПК-нің 110, 111-баптарында көзделген қағидалар бойынша сарапшылар мен мамандарға, шығыстардан бөлек, қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін жұмысты орындағаны үшін сыйақы да өтелетінін;

      іс бойынша заттай дәлелдемелерді сақтаумен байланысты шығыстарды төлеу АК-нің 774-бабында белгіленген тәртіппен жүргізілетінін;

      сарапшылар мен мамандарға орындалған жұмыс үшін төленуге жататын соттың депозитіне соманы алдын ала енгізу тиісті өтініш білдірген тараптың тиісті еңбекақы төлеудің қолданыстағы нормаларынан туындай отырып, сыйақы сомасын соттар әкімшісінің депозиттік шотына енгізуін көздейтінін;

      азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану және ол бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы, банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау және заңда тікелей көрсетілген жағдайда басқалар туралы істер бойынша жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығыстарды төлеуді соттың ұйғарымы бойынша арыз беруші жүргізетінін;

      АПК-нің 108-бабының 2), 3), 4), 6), 9) тармақшаларында көрсетілген шығыстарды төлеу кейіннен оларды кінәлі тараптан бюджеттің пайдасына өндіріп алу арқылы бюджет қаражаты есебінен жүргізілетінін негізге алуға тиіс.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. АПК-нің 114-бабында көзделген іс жүзіндегі уақыт ысырабынан келтірілген залалдарды сот азаматтық істе бар материалдарға сілтеме жасай отырып:

      теріс пиғылмен көрінеу негізсіз талап қоюды берген не азаматтық істі дұрыс және тез қарап, шешуге үнемі қарсы әрекет жасаған талап қоюшыдан;

      жауапкер талап қоюға көрінеу негізсіз қарсылық білдірген не азаматтық істі дұрыс және тез қарау мен шешуге жүйелі түрде қарсы әрекет жасаған жағдайда жауапкерден өндіріп алуы мүмкін.

      Бұл ретте талап қоюшы не жауапкер келтірген әрекеттер бірнеше рет жасалып, сотқа істі бір сот отырысында шешуге мүмкіндік бермейтін қасақана сипатта болуға тиіс (мысалы, өтінішхаттарды көрінеу негізсіз мәлімдеу, сотқа жазбаша дәлелдемелер не сарапшыға зерттеу үшін қажетті материалдар ұсынбау және басқалары).

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. Процеске қатысқан өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу шығыстары АПК-нің 109, 113-баптарының талаптарына сәйкес өтеледі. Мүліктік сипаттағы істер бойынша өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі сот шығыстарын өтеу сомасы АПК-нің 113-бабында белгіленген шектен аспауға тиіс және тараптардың өтінішхаты бойынша немесе соттың қалауымен төмендетілмеуі мүмкін емес.

      Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша процеске қатысқан өкілдің көмегіне ақы төлеу шығыстарының құжаттамалық (төлем тапсырмасымен немесе түбіртекпен) расталған шамадан тыс сомасы мәлімделген жағдайда сот АК-нің 8-бабының 4-тармағында және АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігінде көзделген адалдық, әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын басшылыққа алуы қажет.

      Өкілдің көмегіне ақы төлеу шығыстарын өндіру туралы талаптар мәлімделуі мүмкін және шешім шығарылғанға дейін нақты іс бойынша соттың қарауына жатады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. АПК-нің 226-бабының алтыншы бөлігіне және "Азаматтық істер жөніндегі сот шешімі туралы" 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 17-тармағына сәйкес сот шешімінің қарар бөлігі сот шығыстарының бөлінуі туралы нұсқауды қамтуға тиіс.

      Сот әрбір азаматтық іс бойынша шешім қабылдаған кезде:

      сот шығыстары кімнен және қандай мөлшерде өндіріліп алынатынын міндетті түрде көрсете отырып, тараптар арасында сот шығыстарын бөлу туралы;

      басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы талап қою берілген жағдайда тараптарға сот шығыстарын өтеу туралы;

      заң көмегін тегін көрсеткен жағдайда заң консультациясының, адвокаттық кеңсенің, өз қызметін жеке түрде жүзеге асыратын адвокаттың шығыстарын өтеу туралы;

      талап қоюшы сотқа жүгінген кезде сот шығыстарын төлеуден босатылған істер бойынша мемлекеттің оларды өтеуі туралы;

      екі тарап мемлекеттік бажды төлеуден босатылған жағдайда оны республикалық бюджеттің есебіне жатқызу туралы;

      талап қою кезінде артық төленген мемлекеттік бажды қайтару қажеттілігі туралы мәселелерді шешуге тиіс.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. АПК-нің 109-бабына сәйкес пайдасына шешім шығарылған тарапқа, бұл тарап сот шығыстарын төлеуден босатылса да, басқа тараптан іс бойынша шеккен барлық шығыстарды сот алып береді.

      Мыналарды ескеру керек:

      егер талап қою берілген кезде мемлекеттік бажды бюджетке төлеу шығыстары талап қоюшы оны төлеуден заң бойынша босатылуына байланысты іс жүзінде жұмсалмаса, олар талап қоюшыға өтелмейді;

      талап қою берілген кезде мемлекеттік баж мөлшерлемесі жеке не заңды тұлғаның қайсысы талап қоюшы болып табылатындығына байланысты айқындалады;

      Ерекше іс жүргізу, алименттердің мөлшерін азайту және оларды төлеуден босату туралы істер бойынша арыз берушілер шеккен сот шығыстары өтелуге жатпайды.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      17. АПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде оның шеккен шығыстарын жауапкер өтемейді.

      Егер талап қоюшы талап қоюды бергеннен кейін, жауапкердің оларды ерікті түрде қанағаттандыруы салдарынан өз талаптарын қолдаудан бас тартса, сот талап қоюшының өтінішхаты бойынша оның барлық шеккен сот шығыстарын жауапкерден өндіріп алады. Егер талап қою жауапкердің кінәлі мінез-құлқынан туындамаса, онда сотта жауапкер талап қоюды таныған жағдайда сот шығыстары талап қоюшыға жүктеледі.

      АПК-нің 279-бабының 6), 8) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша талап қою қараусыз қалдырылған кезде талап қоюшы шеккен сот шығыстарын жауапкер өтемейді. Бұл жағдайда талап қоюшы жауапкерге оның өтінішхаты бойынша іс жүргізуге байланысты ол шеккен сот шығыстарын өтейді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      18. Салық кодексінің 616-бабында көрсетілген тұлғалар мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

      Істі апелляциялық тәртіппен қарауға қатысқан кезде өкіл көрсеткен қызметтер, жол жүру және басқа да шығындар түріндегі сот шығындарын өтеу туралы мәселе алқа қаулысының уәждеу және қарар бөліктерінде шешілуге тиіс.

      Бастапқы шешімнің күші жойылғаннан кейін немесе шешім өзгертілгеннен кейін істі қарау кезінде сот бірінші сатыдағы сотта, сондай-ақ апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарда тараптар шеккен сот шығыстарын олардың арасында бөлу мәселесін шешуге міндетті.

      Егер өтінішхат істі сот сатыларында қарау кезінде талқыланса, бірақ ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексеру қажеттілігіне байланысты сот шығыстары өтелмеген болса және бұл туралы тиісті сот сатысының сот қаулысында көрсетілсе, бірінші сатыдағы сот тараптың арызы бойынша апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда істі қарау барысында шеккен сот шығындарын өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады.

      Сот шығыстарын өндіріп алу туралы арыз АПК-нің 109-бабының бесінші бөлігінде белгіленген тәртіппен қаралады.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 30.12.2011 № 5; 22.12.2017 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.02.2022 № 1 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      18-1. Сот шығыстарын өндіріп алу немесе өндіріп алудан бас тарту бөлігінде сот шешімімен келіспеген іс бойынша тарап бұл шешімге белгіленген тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағымдануға құқылы.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 18-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2017 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      19. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты "Соттардың азаматтық істерде және қылмыстық істерде сот шығындарын өндіру жөніндегі заңдарды қолдану тәжірибесі туралы" 1990 жылғы 24 желтоқсандағы № 8 Қазақ КСР Жоғары Соты Пленумы қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      20. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысының
міндетін атқарушы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады