Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 11 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "қылмыс", "қылмыстың", "қылмыстардың", "қылмысты", "қылмыстарды", "қылмысы", "қылмыстар", "қылмыстардан" деген сөздер тиісінше "қылмыстық құқық бұзушылық", "қылмыстық құқық бұзушылықтың", "қылмыстық құқық бұзушылықтардың", "қылмыстық құқық бұзушылықты", "қылмыстық құқық бұзушылықтарды", "қылмыстық құқық бұзушылығы", "қылмыстық құқық бұзушылықтар", "қылмыстық құқық бұзушылықтардан" деген сөздермен ауыстырылды;
      "12" деген цифрлар "13" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы қылмыстық заң нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Қылмыстық заңды дұрыс қолдану азаматтарды негізсіз айыптау мен соттаудан қорғауды, сондай-ақ сотталушыларға жасаған әрекетіне сәйкес әділ жаза тағайындауды қамтамасыз етеді. Сондықтан белгілі бір адам бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде қылмыстық заңды дұрыс қолдану үшін қажетті мән-жайларды анықтаған және жасалған әрекетті жалғаспалы (созылмалы) қылмыстық құқық бұзушылықтың, қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуының, қылмыстық құқық бұзушылықтардың нақты және анық жиынтығының анықтаулары бар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 12 және 13-баптарының ережелерін ескеріп, саралаған жөн.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Қылмыстық құқық бұзушылықты бірнеше рет жасау ҚК Ерекше бөлімінің белгілі бір бабында немесе бабының белгілі бір бөлігінде қаралған бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтарды белгілі бір адамның жасауын көздейді.

      Егер адам бұрын жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшін сотталған, не заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.

      Қылмыс пен қылмыстық теріс қылық өзара бірнеше рет жасауды құрамайды.

      Әрекетті бірнеше рет жасау белгісі бойынша саралау немесе ҚК-нің 54-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес қылмыстардың бірнеше рет жасалғандығын кінәлі адамның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай деп тану кезінде, егер бұрын аяқталған ұқсас қылмыс, сондай-ақ оған оқталу, бірлесіп орындау не осы қылмысқа бірлесіп қатысу орын алған болса, қылмыс бірнеше рет жасалған деп танылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      3. Егер бірнеше рет жасау қылмыстық-құқықтық нормада саралаушы белгі ретінде көрсетілсе, онда белгілі бір адамның бірнеше ұқсас қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауы осы қылмыстық құқық бұзушылықты бірнеше рет жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК тиісті бабы (бабының бөлігі) бойынша тұтастай саралауға жатады.

      Әр түрлі саралаушы белгілерді көздейтін ҚК белгілі бір бабының әр түрлі бөлімдерінде қаралған бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалған кезде бұл әрекеттер тек баптың неғұрлым қатаң жаза белгілейтін және барлық саралаушы белгілерін қамтитын бөлігі бойынша ғана тұтастай саралауға жатады. Мұндай жағдайларда қылмыстық заңның осы бабының өзге бөліктерінде көрсетілген әрекеттерге қатысты анықталған қылмыстық құқық бұзушылықтың саралаушы белгілері тағылуға жатады және үкімде көрсетілуі тиіс.

      Қылмыстық құқық бұзушылықтың бірнеше рет жасалуын тек ұқсас қылмыстық құқық бұзушылықтар құрайды. Сондықтан бірнеше біртектес қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау қылмыстық құқық бұзушылықтарды бірнеше рет жасау ретінде танылмайды және қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы ретінде саралануға жатады. Мысалы, адамның ұрлық жасауы мен тонауы оның әрекеттері "қылмыстық құқық бұзушылықты бірнеше рет жасау" деген белгісіз, ҚК-нің 188-бабы мен 191-бабының жиынтығы бойынша саралануға тиіс.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      4. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын жалғаспалы қылмыстық құқық бұзушылықтардан ажырата білу қажет. Белгілі бір адамның бірыңғай пиғылмен және біріктірілген ортақ мақсатпен, материалдық құрамымен және келтірілген зардаптарының біркелкілігімен сипатталатын, қылмыстық құқық бұзушылық жасау тәсілі мен объектісі бойынша өзара ұқсас екі және одан да көп қылмыстық әрекеттерді жасауы қылмыстық құқық бұзушылықтың бірнеше рет жасалуын құрамайды. Мұндай жағдайларда барлық жасалған әрекеттерді тұтастай жалғаспалы қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танып, осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК бір бабы немесе бабының бөлігі бойынша саралаған жөн.

      Егер жалғаспалы қылмыстық құқық бұзушылық кезеңінде қылмыстық заңға осы әрекет үшін неғұрлым қатаң жауаптылықты белгілейтін өзгерістер енгізілсе және қылмыстық құқық бұзушылық көріністерінің ең болмағанда біреуі заңның жаңа редакциясы күшіне енген кезеңде жасалса, онда жалғаспалы қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық көріністері жаңа заң бойынша тұтастай бір қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралауға жатады.

      Жалғаспалы қылмыстық құқық бұзушылық кезеңінде белгілі бір адам жалғаспалы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабының диспозициясы қамтымайтын белгілері бар басқа қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда (мысалы, балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейi жалтару кезеңінде ұрлық жасау), оның әрекеттері жалғаспалы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін тиісті баппен және басқа қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабымен қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралауға жатады.

      Адам ҚК-нің бір бөлігімен қарастырылған жалғасқан қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған кезде, белгілері ҚК-нің жалғасқан қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін бабының (мысалы, ірі мөлшердегі есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтау кезеңінде оның бөліктерін бірнеше мәрте өткізу) диспозициясымен қамтылмайтын басқа бөлігінде көзделген басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған жағдайда, оның әрекеттері ҚК бабының неғұрлым қатаң жаза белгіленетін бөлігі бойынша саралауға жатады. Бұл ретте адамның жасаған барлық әрекеттерінің белгілері айыптауда және үкімде көрсетілуге тиіс.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Қылмыстық заңды қолдану кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы нақты және анық жиынтық болып бөлінетінін ескеру қажет. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың нақты жиынтығы белгілі бір адамның әрқайсысында ҚК Ерекше бөлімінің әр түрлі баптарында (баптарының бөліктерінде) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар екі және одан да көп қылмыстық жазаланатын әрекеттерді жасауынан құралады. Анық жиынтық кезінде кінәлінің бір әрекетінде ҚК екі және одан да көп баптарында немесе баптарының бөліктерінде көзделген кем дегенде екі әр түрлі қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарының белгілері болады және барлық жасалған әрекет тұтастай алғанда қылмыстық заңның осы нормаларының бірде бірімен толық қамтылмайды.

      6. Егер жасалған белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін кінәлі адам сотталса немесе қылмыстық заңмен көзделген негіздер бойынша жауаптылықтан босатылса, онда осы қылмыстық құқық бұзушылықтар іс қаралып жатқан басқа қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығына кіре алмайды. Бұл жағдай жаза тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Адамның қылмыстық құқық бұзушылықтардың біріне қылмыстық құқық бұзушылықтың бірнеше рет жасалуын көздейтін бір баптың (баптың бөлігінің) күші қолданылатын, ал басқа қылмыстық құқық бұзушылықтарға ҚК басқа баптарының күші қолданылатын бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауын да қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы ретінде саралаған жөн. Мұндай жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылықтың бірнеше рет жасалуын құрайтын бірнеше әрекетті ҚК бабының бұл қылмыстық құқық бұзушылықтардың осы саралаушы белгісін көздейтін бөлігі бойынша, ал жасалғаны үшін ҚК басқа баптарымен жауаптылық көзделген басқа әрекеттер - ҚК тиісті баптары бойынша саралануы қажет.

      8. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы кезінде кінәлі адам ҚК 13-бабына сәйкес әрбір жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін ҚК тиісті бабы немесе бабының бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Бұл сот дәлелденді деп таныған әрбір әрекеттің, әдетте, ҚК тиісті бабы (бабының бөлігі) бойынша дербес саралауға жататынын білдіреді.

      Барлық жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілері неғұрлым қатаң жаза көздейтін ҚК баптарының біреуінің диспозициясымен қамтылған жағдайларда ғана қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы ҚК бір бабы бойынша саралануы мүмкін.

      9. Жиынтыққа кіретін әрекеттердің дұрыс саралануын қамтамасыз ету мақсатында әрбір нақты жағдайда істің барлық мән-жайларын мұқият зерттеп, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалу ретін, себептерін, мақсатын, кінәнің нысанасын анықтап, сондай-ақ қылмыстық заң нормаларының әрқайсысының диспозициясын талдап және салыстырып, ҚК бір бабында жауаптылық көзделген бір әрекеттің белгілерінің жиынтыққа кіретін басқа бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін басқа баптың диспозициясын қамтитын-қамтымайтынын анықтаған жөн. Бұл орайда, қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері деп, объект объективтік жағын, субъект субъективтік жағын құрайтын белгілерді түсіну қажет.

      Қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрайтын белгілердің қылмыстық құқық бұзушылықтың саралаушы белгілерінен ерекшелігі қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілерінің ең болмағанда бiреуiнiң болмауы әрекетті қылмыстық құқық бұзушылық деп тануға мүмкіндік бермейтіндігінде, ал қылмыстық құқық бұзушылықтың саралаушы белгілерінің болмауы әрекетті осы қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғаны үшін қатаңдығы төменірек жауаптылық көздейтін заң нормасы бойынша саралауға негіз болады (жай құрам).

      10. ҚК бір бабы (бабының бөлігі) бойынша саралауға жататын жалғаспалы қылмыстан қылмыстық құқық бұзушылықтардың анық жиынтығының ара-жігін ашу кезінде қол сұғушылық жасалған объектілердің бір немесе бірнеше қылмыстық-құқықтық нормаларда көзделгенін және осы қылмыстық құқық бұзушылықтың нәтижесінде келтірілген зардаптарды анықтау қажет, сондай-ақ жасалған әрекеттердің әрқайсысының субъективтік жағының қалай сипатталатынын ескеру керек.

      11. Бір бапта көрсетілген объект басқа бапта көрсетілген объектінің бөлігі болып табылмаған жағдайда ҚК әр түрлі баптарында көрсетілген заңмен қорғалатын бірнеше объектілерге қол сұғуды әрбір объектіге жасалған қол сұғу үшін жауаптылық көздейтін ҚК тиісті баптары бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы ретінде саралаған жөн. Қол сұғу нысаны бойынша өзара ерекшеленетін әрекеттер де осылай саралауға жатады (мысалы, белгілі бір адам ерекше құндылығы бар заттармен қатар басқа мүлікті ұрлаған кезде бірінші әрекет ҚК 193-бабы бойынша, басқа әрекет - ҚК басқа да тиісті бабы бойынша саралауға жатады).

      ҚК бірнеше баптарында объектісі көрсетілген әрекетті саралау кезінде (жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі) қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы болмайды және әрекет ҚК 13-бабының үшінші бөлігіне сәйкес тиісті арнайы норма бойынша саралауға жатады.

      Келтірілген әр түрлі қоғамдық қауіпті зардаптар қолдануға жататын қылмыстық заңның бір нормасымен көзделмесе және әр түрлі қылмыстық құқық бұзушылықтардың тікелей объектілеріне жататын болса да, әрекетті де әрбір қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық белгілеген ҚК тиісті баптары бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы ретінде саралаған жөн.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Жасалған әрекетте ауырлатылған құрамды жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері (мысалы, адам өлтіру кезіндегі аса қатыгездік) және сонымен қатар осы әрекетті жеңілдететін мән-жайлар бойынша (мысалы, жан күйзелісі жағдайында) саралау үшін негіз болып табылатын басқа да белгілер анықталған кезде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы болмайды. Мұндай жағдайларда әрекет осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін қатаңдығы төменірек жауаптылықты көздейтін ҚК бабы бойынша саралауға жатады (мысалы, жан күйзелісі жағдайында аса қатыгездікпен адам өлтіру ҚК 101-бабы бойынша ғана саралауға жатады).

      Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін әр түрлі саралаушы белгілер ҚК бірнеше баптарында көзделген жағдайларда, әрекет қатаңдығы төменірек жауаптылықты көздейтін ҚК бабы бойынша саралауға жатады. (Мысалы, қажетті қорғаныс шегінен тыс және жан күйзелісі жағдайында адам өлтіру ҚК 102-бабы бойынша саралауға жатады).

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Белгілі бір адам жасаған, жиынтыққа кіретін қылмыстық құқық бұзушылықтардың біреуінің субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен, ал басқа қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы абайсыздықпен сипатталса (мысалы, бір адамды қасақана өлтіру және басқа адамды абайсыздықтан өлтіріп алу), онда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар тіпті объектісі, объективтік жағы және келтірілген зардаптары бойынша бір-бірімен сәйкес келгеннің өзінде әрбір әрекет ҚК қасақана және абайсыздықпен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін тиісті баптары бойынша саралануы қажет.

      14. Егер жиынтыққа кіретін қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірін тек арнайы субъектінің жасауы, ал басқа қылмыстық құқық бұзушылықтарды - өзге адамдардың жасауы мүмкін екендігі заңда көрсетілсе, онда мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтар осы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық көздейтін ҚК тиісті баптары бойынша жеке саралануы тиіс.

      Егер қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірін жасау кезінде орындаушы, ал басқа қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау кезінде - ұйымдастырушы, арандатушы не көмектесуші болса, жиынтықты құрайтын қылмыстық құқық бұзушылықтар да осылай саралауға жатады. Мұндай жағдайларда ұйымдастырушы, арандатушы немесе көмектесуші ретінде қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысқан адамның әрекеттерін саралау кезінде ҚК 28-бабын және жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін ҚК Ерекше бөлімінің тиісті бабын қолдану қажет, ал адамның орындаушы ретіндегі әрекетін ҚК тиісті бабы бойынша дербес саралаған жөн.

      15. Егер жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірі басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудың құралы немесе тәсілі болып табылса және қылмыстық құқық бұзушылықтардың екеуінің де белгілері қылмыстық заңның тиісті нормасының диспозициясында көрсетілсе, онда жасалған әрекет неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін ҚК бір бабы бойынша ғана саралауға жатады. Бұл орайда, қатаңдығы төменірек қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін бап бойынша қосымша саралау қажет емес. (Мысалы, контрабанда жасау кезінде қызмет бабын асыра пайдалану ҚК-нің 286-бабы екінші бөлігінің 2-тармағы бойынша ғана саралауға жатады).

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. Бір қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа қылмыспен ұштасуы қылмыстық құқық бұзушылықтардың өзара байланыстығын, бір қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуымен ұласуын білдіреді. Мұндай жағдайларда кінәлі адам қылмыстық құқық бұзушылықтардың әрқайсысын орындауға (арасында уақыт өткізіп немесе өткізбей) бағытталған әрекеттерді жасайды.

      Қылмыстық құқық бұзушылықтардың нақты жиынтығы кезінде олардың ұштасуы (яғни, қылмыстық құқық бұзушылық кінәлінің бірнеше әрекеттерімен жасалғанда), сондай-ақ олардың анық жиынтығы кезінде (бір әрекетте не әрекетсіздікте ҚК екі және одан да көп баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілері болғанда), ҚК 13-бабына сәйкес, әрбір қылмыстық құқық бұзушылықты ҚК тиісті бабы бойынша бөлек саралауға әкеп соғады.

      17. Жиынтыққа кіретін біртектес емес қылмыстық құқық бұзушылықтарды кінәлі бірнеше сабақтас әрекеттер арқылы жасаса және олардың біріншісінің жасалуы екінші қылмыстық құқық бұзушылықтың бірінші қылмыспен ұштасып жасалуы деген саралаушы белгісі бойынша саралау үшін негіз болып табылса (мысалы, алдымен жәбірленушіге қатысты қарақшылық, қорқытып алушылық, бандитизм, зорлау, нәпсiқұмарлық сипаттағы әрекеттер жасау, содан кейін оны өлтіру), әрбір қылмыстық құқық бұзушылық ҚК тиісті бабы бойынша дербес саралауға жатады.

      Бірінші қылмыстық құқық бұзушылық (мысалы, адам өлтіру) одан кейін екінші қылмыстық құқық бұзушылықты (мысалы, ұрлау) жасауды жеңілдету мақсатында жасалса не кінәлі бірінші қылмыстық құқық бұзушылықты (мысалы, зорлау) жасағаннан кейін осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру мақсатында басқа қылмыстық құқық бұзушылық (мысалы, адам өлтіру) жасаса, жиынтықты құрайтын қылмыстық құқық бұзушылықтар осылай саралауға жатады.

      18. Егер іс бойынша қолдануға жататын қылмыстық заңның нормасы, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығын көрсете келе, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың әрқайсысының барлық белгілерін толық қамтыса және олардың әрқайсысынан қоғамдық қауіпті зардаптардың келтірілуін көздесе, онда жасалған әрекет тұтастай алғанда осы саралаушы белгілері бар неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК тиісті бабы бойынша саралауға жатады (мысалы, қарақшылық шабуыл жасау және бұл орайда денсаулыққа ауыр зиян келтіру).

      19. Адам аяқталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды және қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың белгілі бір сатысында соңына дейін жеткізілмей тоқтатылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған жағдайда бұл қылмыстық құқық бұзушылықтар бір бап бойынша саралануы мүмкін емес. Мұндай жағдайларда аяқталмаған қылмыстық құқық бұзушылық ҚК 24-бабының тиісті бөлігі және ҚК Ерекше бөлімінің бабы (бабының бөлігі) бойынша, ал аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық - осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабы бойынша саралауға жатады. Бұл ретте, егер жасалған әрекеттер ҚК-нің Ерекше бөлігінің дәл сол бір бабында немесе бабының бөлігінде көзделсе, онда екінші қылмыстық құқық бұзушылық (аяқталған немесе аяқталмаған) бірнеше рет жасалу белгісі бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      20. Соттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 4 "Сот үкімі туралы" нормативтік қаулысының талаптарын қатаң сақтауы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тиісті нормативтік қаулыларында берілген қылмыстық заңның нормалары мен түсіндірмелеріне сілтеме жасай отырып, талдау мен негіздерін келтіріп, сотталушылардың әрекеттерін саралау туралы тұжырымдарды үкімде жазулары қажет.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      21. Істерді апелляциялық, кассациялық тәртіппен қарау кезінде соттар қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы үкімді өзгерту немесе үкімнің күшін жою үшін негіз болып табылатынын ескергендері және қателерді жою жөнінде шаралар қабылдағандары жөн. Бұл орайда көрсетілген сатылар айыптау тұжырымын елеулі түрде өзгертуге әкеп соғатын қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануын өзгерту туралы шешім, сондай-ақ сотталғандардың жағдайының нашарлауына әкеп соғатын қылмыстық заңды қолдану, прокурордың наразылығы, айыптау тарабының тиісті дәлелдері бар шағымы немесе өтініші болмаған кезде қабылдануы мүмкін емес екенін назарда ұстауы қажет.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      22. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысының


міндетін атқарушы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады