Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 ақпандағы N 56 Жарлығын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 ақпандағы N 138 Қаулысы

      "Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 ақпандағы N 56  Жарлығын  iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.06.20  N 597  Қаулысымен.

      1. Қоса берiлiп отырған Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссия туралы үлгi ереже бекiтiлсiн.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.06.20  N 597  Қаулысымен.

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi екi апта мерзiмде облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссия туралы ереженi бекiтсiн.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.06.20  N 597  Қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:

      1) "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң өзара iс-қимылын ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 12 наурыздағы N 346  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 10, 115-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң өзара iс-қимылын ұйымдастыру ережесiнде:
      1-тармақтың 6) тармақшасындағы "отбасы және әйелдер iсi жөнiндегi комиссиялар" деген сөздер "отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi комиссиялар" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры" жабық акционерлiк қоғамының несие ресурстарын толықтыру мен пайдаланудың ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 22 мамырдағы N 555  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 14, 152-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген "Шағын кәсiпкерлiкті дамыту қоры" жабық акционерлiк қоғамының несие ресурстарын толықтыру мен пайдаланудың ережесiнде:
      15-тармақтың 1) тармақшасындағы "және әйелдер iстерi" деген сөздер "iстерi және гендерлiк саясат" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) <*>
       Ескерту. 3-тармақшаның күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007.02.02.  N 79  қаулысымен.

      4. "Облыстың (Астана және Алматы қалалары) әкiмiнiң жанындағы отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi комиссия туралы үлгi ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 2 наурыздағы N 194  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 7, 56-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                          Қазақстан Республикасы
                                                Үкiметiнiң
                                          2006 жылғы 28 ақпандағы
                                             N 138 қаулысымен
                                                бекiтiлген

  Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң
жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық
саясат жөнiндегi комиссия туралы үлгi ереже

       Ескерту. Тақырыбында және бүкіл мәтін бойынша "отбасы істері және гендерлік" деген сөздер "әйелдер істері және отбасылық-демографиялық" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2008.06.20  N 597  Қаулысымен.

  1. Жалпы ережелер

      1. Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - Комиссия) облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң (бұдан әрi - әкiм) жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

      2. Комиссия қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының  Конституциясы  және заңдары, Қазақстан Республикасы Президентiнiң кесiмдерi, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерi, әкiмнiң шешiмдерi, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

  2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi

      3. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
      1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның басымдықтары мен ұсынымдарына сәйкес Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясының, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 29 қарашадағы N 1677  Жарлығымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасында 2006 - 2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясының және Қазақстан қатысушысы болып табылатын отбасы және гендерлiк теңдiк мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттардың контексiндегi отбасы мен гендерлiк теңдiкке қатысты кешендi өңiрлiк (облыстық және қалалық) бағдарламаларды қалыптастыру;
      2) отбасы мүдделерiн қорғау және Қазақстан Республикасында 2006 - 2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясын iске асыру мәселелерi бойынша облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдарымен және азаматтық қоғам институттарымен өзара iс-қимыл жасау;
      3) облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы әйелдердің жағдайы мен отбасылық-демографиялық ахуалды талдау, Қазақстан Республикасындағы гендерлiк және отбасылық-демографиялық саясаттың негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзiрлеу;
      4) әлеуметтiк-экономикалық мәселелер бойынша өңiрлiк тұжырымдамалар мен бағдарламаларды әзiрлеуге қатысу;
      5) мыналарға:
      әйелдердi басшы лауазымдарға, мәслихат депутаттарына ұсынуға, шешiмдер қабылдау деңгейiнде әйелдердiң 30% өкiлдiгi болуына;
      халыққа гендерлiк бiлiм беру мен ағартуға, гендерлiк бiлiм беру жөнiнде оқу-әдiстемелiк әдебиет, ақпараттық бюллетендер, бағдарламалар, әдiстемелiк құралдар әзiрлеуге, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара iс-қимыл жасауға, ата-аналарды әйелдер мен ерлер мүмкіндіктері теңдігінің мәселелерi бойынша ағартуға, қыздарды техникалық мамандықтарға оқуға тартуға, әлеуметтiк-экономикалық бағдарламаларға гендерлiк көрсеткiштер енгiзуге;
      экономикалық саладағы әйелдер мен ерлер мүмкіндіктері теңдігіне қол жеткiзуге, кәсiпкерлiктi дамытуға, әйелдердi шағын және орта бизнеске тартуға, отбасылық бизнестi дамытуға, экономикалық бiлiм беру орталықтарын ұйымдастыруға;
      отбасы институтын нығайтуға, отбасы қатынастарында әйелдер мен ерлер мүмкіндіктері теңдігіне қол жеткiзуге;
      отбасындағы және жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жоюға, әйелдер мен балалар трафигiне қарсы күрес жүргiзуге;
      демографиялық жағдайды жақсартуға жәрдемдесу;
      6) халықтың денсаулығын, оның iшiнде ұрпақты болуын сақтау және нығайту, өмiр сүру сапасын арттыру проблемаларын зерделеу және ол бойынша ұсыныстар енгiзу;
      7) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдарымен, орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерiмен, заңды тұлғалармен, азаматтармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық, жыныстар теңдігінің, отбасы және демография мәселелерi жөнiндегi конференцияларға, кеңестерге, семинарларға қатысу;
      8) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң, заңды тұлғалардың, азаматтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және халықаралық ұйымдардың Комиссияның құзыретiне кiретiн проблемалар жөнiндегi ұсыныстарын қарау, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң тиiстi ұсынымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның ұсыныстарын дайындау;
      9) отбасы, жыныстар теңдігінің сақталмауы мәселелерiне қатысты азаматтардың өтiнiштерiн, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қарау болып табылады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.06.20  N 597  Қаулысымен.

  3. Комиссияның өкiлеттiктерi

      4. Комиссияның өз құзыретiнiң шегiнде:
      1) өзiнiң отырыстарында жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң, заңды тұлғалардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiн және азаматтарды тыңдауға;
      2) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардан, орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерiнен және заңды тұлғалардан қажеттi құжаттар, материалдар мен ақпарат сұратуға және алуға;
      3) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарға және орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерiне жыныстар теңдігі, отбасы және демография мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық кесiмдердi бұзу фактiлерi бойынша тексерулер мен қызметтiк тергеулер жүргiзу қажеттiгi туралы өтiнiш жасауға;
      4) облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдiктерi мен әкiмдерiнiң жыныстар теңдігі, отбасы және демография мәселелерін қозғайтын кесiмдерiнiң жобалары бойынша ұсыныстар енгiзуге;
      5) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, орталық мемлекеттiк органдар аумақтық бөлiмшелерiнiң және заңды тұлғалардың өкiлдерiн Комиссияның жүргiзуiне жатқызылған мәселелердi қарау үшiн комиссия отырыстарына шақыруға құқығы бар.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.06.20  N 597  Қаулысымен.

      5. Комиссия азаматтардың келiп түскен өтiнiштерiн, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын қарау қорытындылары бойынша материалдарды жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, орталық мемлекеттiк органдар аумақтық бөлiмшелерiнiң қарауына мәнi бойынша шешiм қабылдау үшiн жолдай алады.

  4. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

      6. Комиссия өз қызметiн осы Үлгi ережеге сәйкес әкiм бекiткен Ереженiң негiзiнде жүзеге асырады.

      7. Комиссияны Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның төрайымымен келiсiм бойынша әкiм тағайындайтын төраға басқарады.
      Комиссия төрағасының орынбасары болады.

      8. Комиссияға, әдетте жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, орталық мемлекеттiк органдар аумақтық бөлiмшелерiнiң және заңды тұлғалардың өкiлдерi кiредi.
      Комиссияның сандық және жеке құрамын Комиссия төрағасының ұсынысы бойынша әкiм белгiлейдi.

      9. Комиссияның отырыстары қажетiне қарай, бiрақ кемiнде тоқсанына бiр рет өткiзiледi.

      10. Комиссия шешiмдi отырысқа қатысып отырған өз мүшелерi санының қарапайым көпшiлiк дауысымен қабылдайды. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
      Комиссия отырысы, егер оған Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса заңды болып саналады.
      Комиссияның шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi.

      11. Комиссияның төрағасы:
      1) Комиссияның қызметiн ұйымдастырады және басшылықты жүзеге асырады;
      2) Комиссия отырыстарының күн тәртiбiн жасайды;
      3) Комиссияның отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етедi;
      4) Комиссия мүшелерiнiң ішінен Комиссия отырысының күн тәртiбiне енгiзiлген мәселе бойынша баяндамашыны белгiлейдi;
      5) тоқсан сайын әкiм мен Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрағасының алдында Комиссия жұмысының қорытындылары туралы есеп бередi;
      6) оның шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және комиссия жүзеге асыратын қызмет үшiн жауапты болады.

      12. Төраға болмағанда оның тапсырмасы бойынша Комиссия мәжiлiстерiнде орынбасар төрағалық етедi.

      13. Комиссияның хатшысы:
      1) Комиссия отырыстарының күн тәртiбiн дайындайды;
      2) Комиссия шешiмдерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi және оны бақылайды;
      3) Комиссия мүшелерiнiң және оның қызметiне тартылған мамандардың жұмысын үйлестiредi.

      14. Комиссия мүшелерi Комиссия отырыстарына алмастыру құқығынсыз дербес қатысады.

  5. Комиссияның қызметiн қамтамасыз ету

      15. Комиссияның қызметiн ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етудi облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң аппараттары жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады