Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иордан Хашимиттiк Корольдiгiнiң Yкiметi арасындағы Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 11 сәуірдегі N 266 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiліп отырған 2005 жылғы 8 қарашада Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Иордан Хашимиттік Корольдiгiнiң Үкiметi арасындағы Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі



Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Иордан Хашимиттiк Корольдiгiнiң Yкiметi арасындағы Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм (2012 жылғы 10 маусымда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2012 ж., N 4, 63-құжат)

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иордан Хашимиттiк Корольдiгiнiң Yкiметi,

      екi ел халықтары арасындағы достық пен өзара түсiнiстiк қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға ниет бiлдiре отырып,

      мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,

      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар мәдениет саласындағы ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес дамытады.

2-бап

      Тараптар екi жақты шарттар негiзiнде театр, музыкалық-орындаушылық ұжымдарының гастрольдерi мен орындауларын ұйымдастыруға, көркемөнер көрмелерiмен және мұражай жәдiгерлерiмен алмасуға, фестивальдердi, конкурстарды, конференцияларды, семинарларды және мәдениет пен өнер саласындағы басқа да iс-шараларды өткiзуге жәрдемдеседi.

3-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мәдени, ғылыми және бiлiм беру мақсаттарында Тараптар мемлекеттерiнiң мемлекеттiк кiтапхана, мұрағат және мұражай қорларына өзара қол жеткiзуге ықпал етедi.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мәдениет пен өнер мәселелерi жөнiндегi ақпаратпен, әдебиетпен, әдiснамалық және статистикалық зерттеулермен, мерзiмдi басылымдармен және журналдармен алмасуды жүзеге асыруға ықпал етедi.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына және осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес Тараптар мемлекеттерiнiң әрқайсысынан мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншiк құқықтарын заңсыз беруге жол бермеуге бағытталған шараларды Тараптар қабылдайды.

6-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң әрқайсысының мәдени және көркемөнер мұраларын реттеу, қорғау, қалпына келтiру, сақтау және жаңарту саласындағы ынтымақтастықты Тараптар нығайтады және Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес бiр-бiрiнiң мәдени мұраларына өзара қол жеткiзуге ықпал етедi.

7-бап

      Тараптар кинематография саласында өзара тиiмдi негiзде екi жақты ынтымақтастықты дамытуға мынадай бағыттар бойынша ықпал етедi:

      1) фильмдермен алмасу;

      2) деректi, көркем және мультипликациялық фильмдердi бiрлесiп шығару;

      3) Тараптар мемлекеттерiнiң кино түсiрушiлерi, кино қызметкерлерi арасында байланыс орнату;

      4) өнер технологиясы саласында тәжiрибе алмасу.

8-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына және Тараптардың екi мемлекетi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар авторлық құқықтарды сақтау саласында ынтымақтасады.

9-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдары iс-шаралар мен қаржылық жағдай егжей-тегжейлi айтылатын тиiстi бағдарламалар мен хаттамаларға қол қояды.

      Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдары мыналар болып табылады:

      қазақстан тарабынан - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi;

      иордан тарабынан - Иордан Хашимиттiк Корольдiгiнiң Мәдениет министрлiгi.

      Жоғарыда аталған уәкiлеттi органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етiледi.

10-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша оның ажырамас бөлiктерi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн және осы Келiсiмнiң 12-бабында белгiленген тәртiппен күшiне енетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

11-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер немесе консультациялар жолымен шешетiн болады.

12-бап

      Осы Келiсiм, Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.

      Осы Келiсiм бес жыл бойы қолданыста болады және егер Тараптардың ешқайсысы кезектi бес жылдық кезең аяқталғанға дейiн алты ай қалғанда өзiнiң осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату ниетi туралы екiншi Тарапқа хабарламаса, келесi бес жылдық кезеңге ұзартылады.

      2005 жылғы 8 қарашада Алматы қаласында әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

Қазақстан Республикасының

Иордан Хашимиттiк

Yкiметi үшiн

Корольдiгiнiң


Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады