"Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 4 мамырдағы N 368 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

         Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

"Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы"

      Осы Заң Қазақстан Республикасы астанасының жұмыс iстеуiнiң саяси, экономикалық және ұйымдық негiздерiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Қазақстан Республикасының астанасы

      1. Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып табылады.
      2. Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы ретiнде:
      1) мемлекеттiң саяси және әкiмшiлiк орталығы;
      2) Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi, Үкiметi, Конституциялық кеңесi, Жоғарғы соты, Бас прокуратурасы және өзге орталық мемлекеттiк органдары орналасқан жер.
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жекелеген орталық атқарушы органдар Қазақстан Республикасының астанасынан тыс жерде орналасуы мүмкiн;
      3) Қазақстан Республикасының Конституциясы мәтiнiнiң түпнұсқасы "Ақорда" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясында сақталатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы мен Мемлекеттiк елтаңбасының эталондары орналасқан жер;

       2-бап. Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы заңнама

      1. Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы заңнама
Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен құралады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта, осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Қазақстан Республикасы астанасының рәмiздерi

      Қазақстан Республикасы астанасының өз рәмiздерi бар: елтаңба, ту және гимн.
      Рәмiздердiң сипаттамасын және оларды пайдалану тәртiбiн астананың мәслихаты айқындайды.

      4-бап. Қаланың құрметтi атақтары және ынталандырулары

      1. Астана қаласының экономикасын, әлеуметтiк саласын, ғылымы мен мәдениетiн дамытудағы ерен еңбегi үшiн астана әкiмiнiң ұсынуы бойынша мәслихат "Қазақстан Республикасы астанасының құрметтi азаматы" атағын беруi мүмкiн.
      2. Астананың әкiмдiгi мен мәслихаты өзге ынталандыру тyрлерiн белгiлеуге және қолдануға құқылы.

2-тарау. Астанадағы жергiлiктi мемлекеттiк
басқарудың ерекшелiктерi

       5-бап. Қаланың Қазақстан Республикасы астанасының
функцияларын жүзеге асыруын қамтамасыз ету жөнiндегi жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының мiндеттерi

      Астананың жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының мiндеттерi мыналар:
      1) елорданың мемлекеттiң әкiмшiлiк-саяси, рухани, мәдени, тарихи, экономикалық, ғылыми және бiлiм орталығының ролiн орындауы үшiн жағдай жасау;
      2) Қазақстан Республикасы астанасының әлемдегi басқа астаналар мен аса iрi қалалар арасындағы бәсекелiк мүмкiндiктерiн арттыру тұрақты, серпiндi және үйлесiмдi дамыған жоғарғы технологиялар қаласын құру;
      3) астананы геосаяси жағдайдың артықшылықтарын пайдалана отырып, астананы халықаралық қатынастар орталығы ретiнде қалыптастыру;
      4) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламенттiң, Үкiметтiң, Жоғарғы Соттың, өзге де орталық мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ шетелдiк мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн тиiстi жағдай жасау;
      5) жалпымемлекеттiк және халықаралық iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзу үшiн қажеттi жағдайлар жасау;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды Қазақстан Республикасы астанасының жүзеге асыруы болып табылады.

       6-бап. Қазақстан Республикасы астанасының жергiлiктi өкiлеттi органының өкiлеттерi

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өкiлеттiктермен қатар, астананың мәслихаты өз құзыретi шегiнде:
      1) заңнамаға сәйкес басқа мемлекеттер өңiрлерiнiң өкiлеттi органдарымен халықаралық байланыстарды жүзеге асырады;
      2) халыққа қосымша әлеуметтiк төлемдердi жүзеге асыру мөлшерi мен тәртiбiн бекiтедi;
      3) қаланың құрылыс салу ережесiн бекiткен кезде астананың аумағындағы жер учаскелерiн игерудiң қосымша шарттарын айқындайды;
      4) астананың жағымды беделiн қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен астана аумағында заңды және жеке тұлғалардың сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де сервистiк қызметтер ұсынуының шарттарын айқындайды 
      5) астанада сыртқы безендiру және жарнама құралдарын орналастыру ережесiн бекiтедi;
      6) қажет болған жағдайда астананың жұмыс iстеуiнiң аса маңызды мәселелерi жөнiнде шешiмдер қабылдау мақсатыңда консультанттар мен сарапшыларды тартады.

       7-бап. Қазақстан Республикасы астанасының жергiлiктi атқарушы органының өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өкiлеттiк-термен қатар, астананың әкiмдiгi әз құзыретi шегiнде:
      1) коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлмеген коммуналдық мүлiктiң тiзбесiн бекiтедi, республикалық меншiкке жатқызылған акционерлiк қоғамдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасы астанасының аумағында тiркелген акционерлiк қоғамдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн иеленудi, пайдалануды және оларға билiк етудi жүзеге асырады;
      2) Астана қаласының коммуналдық меншiгiн иеленудi, пайдалануды және оған билiк етудi жүзеге асырады;
      3) астананың даму бағдарламаларын iске асыруды және мониторингiн қамтамасыз етедi;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен астанада жалпымемлекеттiк және халықаралық iс-шараларды өткiзу үшiн қажеттi жағдай жасайды;
      5) Қазақстан Республикасы астанасының экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және бұзылған табиғи экологиялық жүйелердi қалпына келтiру жөнiнде шаралар әзiрлейдi;
      6) елордада қолданылып жатқан сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер мен нормативтiк-техникалық құжаттардың жобаларын келiседi;
      7) халыққа қосымша әлеуметтiк төлемдердi жүзеге асыру мөлшерi мен тәртiбiн әзiрлейдi және астана мәслихатының бекiтуiн енгiзедi;
      8) астана аумағында астана тұрғындарының мүддесiн қозғайтын экологиялық, көшi-қон, әлеуметтiк және өзге де салдарлары мүмкiн болуы iс-шараларды өткiзудi келiседi.
      9) астананың бiрыңғай сәулеттiк келбетiн сақтауды қамтамасыз етедi;
      10) заңнамада және осы Заңда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк мұқтаждар үшiн жерлердi және мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскелерiн алып қою (сатып алу) туралы шешiмдер қабылдайды;
      11) салық органының сұрауы бойынша бiр ай мерзiмде "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағына әкелiнген тауарлар мен жабдықтардың құрылыс процесiнде пайдаланылу фактiсiн растайтын құжаттарды бередi;
      12) "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы аумағының құрылысы процесiне қатысушы шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң есебiн жүргiзедi;
      13) заңды тұлғалармен "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы аумағындағы қызметтi жүзеге асыру жөнiнде шарттар жасасады;
      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзгеде өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

       8-бап. Астананың әкiмi

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өкiлеттiктермен қатар, астананың әкiмi өз құзыретi шегiнде:
      1) Қазақстан Республикасының Президентiмен, Парламентпен, Үкiметпен, өзге орталық мемлекеттiк органдармен, шетелдiк мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының астанасын бiлдiредi;
      2) Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулыларының, астананың мүддесiн қозғайтын мемлекеттiк салалық бағдарламалардың жобаларын келiседi;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына астананың жұмыс iстеуi мен дамуы мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын және басқа да ұсыныстарды енгiзедi;
      4) астанада жалпымемлекеттiк және халықаралық сипаттағы iс-шараларды өткiзу туралы мәселелердi шешуге қатысады;
      5) тиiстi мемлекеттiк органдарға астана аумағында орналасқан республикалық меншiктегi, қаланың Қазақстан Республикасы астанасының
функцияларын орындауын қамтамасыз ету үшiн мәнi бар объектiлердi қаланың коммуналдық меншiгiне беру туралы ұсыныстар енгiзедi.

3-тарау. Астанада жер қатынастарын құқықтық
реттеудiң ерекшелiктерi

       9-бап. Мемлекеттiк мұқтаждар үшiн жер учаскелерiн алып қою ерекшелiктерi

      1. Меншiк иелерiнен немесе жердi пайдалану құқығын сатып алған мемлекеттiк емес жер пайдаланушылардан мемлекеттiк мұқтаждар үшiн жер учаскелерiн алып қою жер учаскелерiн алдағы сатып алғанға дейiн үш ай бұрын, оларды мiндеттi түрде хабардар ете отырып, сатып алу тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      Меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар мұндай хабарламаны алған күннен бастап үш ай мерзiм өткенге дейiн жер учаскелерiн тек меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының келiсiмiмен сатып алуға рұқсат етiледi.
      2. Егер меншiк иесi немесе жер пайдаланушы одан жер учаскесiн мемлекеттiк мұқтаждар үшiн сатып алу туралы шешiмiмен келiспесе, не онымен сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасы немесе сатып алудың басқа шарттары туралы келiсiмге қол жеткiзiлмесе, үш ай өткеннен кейiн, астананың уәкiлеттi органы сотқа жер учаскесiн сатып алу туралы талап қоюға құқылы.
      3. Сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасын айқындаған кезде оған жер учаскесiнiң немесе оған және онда жылжымайтын мүлiкке құқықтардың нарықтық құны, сондай-ақ үшiншi тұлғалар алдындағы мiндеттемелерiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуына байланысты олар шегетiн шығындарды қоса алғанда, меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға жер учаскесiн жоғалтуға байланысты келтiрiлген барлық шығындар қосылады.
      4. Егер жер пайдалану құқығы мемлекеттен сатылып алынбаған болса, уақытша жер пайдалануға берiлген жер учаскесiн мемлекеттiк мұқтаждар үшiн алып қою, сатып алусыз жүзеге асырылады. Жер пайдаланушыларға шығындар толық көлемде өтеледi, сондай-ақ олардың өтiнiшi бойынша тең дәрежедегi басқа жер учаскесi берiлуi мүмкiн.

       10-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскелерiн алып қоюдың (сатып алудың) ерекшелiктерi

      1. Үш ай бойы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскесi меншiк иесiнен немесе жердi пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкiн.
      2. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушыға талап қойылғанға дейiн кемiнде үш ай бұрын жасалған жазбаша ескертуден кейiн және жер учаскесiнiң меншiк иесi не жер пайдаланушы осы уақыт iшiнде жер учаскесiн мақсаты бойынша пайдалану жөнiнде қажеттi шараларды қабылдамаған жағдайда уәкiлеттi орган жер учаскесiн алып қою туралы талап қоюы мүмкiн.

      11-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Осы Заңның 7-бабының 11), 12) және I3) тармақтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың әрекет ету кезеңiнде қолданылады.
      3. "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 20 мамырдағы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң жаршысы, 1998 ж. N 7-8,  79-құжат N 15-16, 228, 229-б; 2002 ж, N 6, 75-б; 2003 ж. N 24, 178-б; 2004 ж, N 23, 142-б) күшi жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады