"Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Үкiметiнің 2006 жылғы 1 маусымдағы N 491 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

      Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы "Сәйкестендiру
нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы"

       Осы Заң жеке, заңды тұлға (филиал мен өкiлдiк) үшiн сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастырудың негiзiнде Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзудiң мақсаттарын, мiндеттерiн, қағидаттарын және құқықтық негiздерiн айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      1. Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi - бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң тiркеу есептерiн жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйе;
      2) бизнес-сәйкестендiру нөмiрi - заңды тұлғаға (филиал мен өкiлдiкке) және бiрлескен кәсiпкерлiк нысанында қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр;
      3) Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi - жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң тiркеу есептерiн жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйе;
      4) жеке сәйкестендiру нөмiрi - дара тұлғаға, соның iшiнде өзiндiк кәсiпкерлiк негiзiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкерге қалыптастырылатын бiрегей нөмiр;
      5) сәйкестендiру нөмiрi - Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнде белгiлi бiр тұлғаға қатысты мәлiметтер туралы жазбаны жүргiзуге мүмкiндiк беретiн сандық нышандар кезектiлiгi түрiнде болатын жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;
      6) сәйкестендiру нөмiрi бар құжат - тiркеу органы беретiн, сәйкестендiру нөмiрiнiң бар екендiгiн растайтын құжат;
      7) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру - нәтижесiнде Сәйкестендiру нөмiрiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнде жеке және заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер) туралы мәлiметтердiң негiзiнде сәйкестендiру нөмiрi қалыптастырылатын процесс;
      8) тiркеушi органдар - мәлiметтердi тiркеудi және сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттарды берудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар;
      9) уәкiлеттi мемлекеттiк орган - сәйкестендiру нөмiрлерiнiң қалыптастырылуын және Сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмдерiнiң жүргiзiлуiн жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган.
      2. Құжаттарда сәйкестендiру нөмiрлерiн көрсеткен кезде:
      1) ЖСН - жеке сәйкестендiру нөмiрi үшiн;
      2) БСН - бизнес-сәйкестендiру нөмiрi үшiн ресми қысқарту болып танылады.

2-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi
туралы заңдар

      1. Қазақстан Республикасының Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастырудың тәртiбiн белгiлейдi;
      2) Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн құру, жүргiзу және пайдалану тәртiбiн, соның iшiнде мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк мекемелердiң Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн құру және енгiзу жөнiндегi өзара iс-қимыл жасау тәртiбiн белгiлейдi;
      3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгiн дайындау кезiнде пайдаланылатын интегралдық микросхемаға қойылатын талаптарды айқындайды.

4-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган және оның құзыретi

      1. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган әдiлет органдары болып табылады.
      2. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган:
      1) өз құзыретi шегiнде Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн құру және енгiзу жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;
      2) Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi мен Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзудi ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      3) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруды орталықтандырылған түрде жүзеге асырады әрi тiркеушi және басқа да мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк мекемелерге ақпаратты ұсынады;
      4) сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттардың әзiрленуiн ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      5) сәйкестендiрiлген деректердiң сыныптауыштары мен анықтамаларын жүргiзу тәртiбiн, олардың құрылымын, құрамы мен форматын белгiлейдi.

5-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн
құрудың, жүргiзудiң және қалыптастырудың
мақсаты мен мiндеттерi

      1. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн құрудың және жүргiзудiң мақсаты Қазақстан Республикасында сәйкестендiру нөмiрiн енгiзу негiзiнде белгiлi бiр тұлғаға қатысты мәлiметтердi тiркеудiң бiрыңғай жүйесiне көшу болып табылады.
      2. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн құру мен жүргiзудiң мiндеттерi:
      мемлекеттiк органдардың ақпараттық дерекқорларын өзектiлендiру және ақпараттың қайталануын болдырмақ ақпараттық ресурстарды басқару мен пайдалану тетiгiн жетiлдiру;
      жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдармен өзара қарым-қатынастарын олардың жүгiнуi кезiнде рәсiмдердi жеделдету және жеңiлдету арқылы жетiлдiру болып табылады.
      3. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк мекемелердiң ақпараттық жүйесi үшiн ақпараттық ресурсы болып табылады.
      4. Жеке және заңды тұлға (филиал мен өкiлдiк) үшiн сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiндегi белгiлi бiр жеке, заңды тұлғаға (филиал мен өкiлдiк) қатысты және мемлекеттiк органдар мен мекемелердiң ақпараттық жүйелерiндегi мәлiметтердi сақтау үшiн жүзеге асырылады.
      5. Сәйкестендiру нөмiрi:
      1) азаматтық хал актiлерiн тiркеу;
      2) жеке басын куәландыратын құжатты беру;
      3) жылжымайтын, жылжымалы мүлiк объектiлерiн, сондай-ақ жылжымайтын заттарға теңестiрiлген өзге де объектiлердi мемлекеттiк тiркеу;
      4) төлемдер және ақша аударымдарын жүзеге асыру, соның iшiнде мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдарды аудару сондай-ақ салық мiндеттемелерiн орындау;
      5) банктерде және банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда банк шоттарын ашу мен жүргiзу;
      6) рұқсат беру сипатындағы құжаттарды беру;
      7) тiркеу сипатындағы құжаттарды беру;
      8) әскери билеттi, офицердiң (прапорщиктiң) жеке куәлiгiн беру;
      9) статистикалық есепке алу;
      10) сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыру;
      11) сайлауларда және республикалық референдумдарда сайлаушыларды тiркеу;
      12) орталық мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк мекемелердiң ақпараттық жүйелерiн жүргiзу;
      13) заңды тұлғаларды (филиалдарды, өкiлдiктердi) тiркеу;
      14) жеке кәсiпкерлiктi тiркеу кезiнде;
      15) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген басқа да жағдайларда қолданылады.

6-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн құру мен жүргiзудiң және сәйкестендiру нөмiрiн
қалыптастырудың қағидаттары

      Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн құру мен жүргiзудiң, сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру, заңдылық, бiрлiк, мiндеттiлiк, азаматтардың құқықтары мен бостандығын құрметтеу және қорғау, құпиялылық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

7-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық
тiзiлiмдерiн жүргiзу

      1. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзу Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi мен Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерiмен қамтамасыз етiледi.
      2. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi:
      1) сәйкестендiру нөмiрлерi туралы мәлiметтердi;
      2) тiркеушi және басқа да мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан алынатын мәлiметтердi;
      3) Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң құрамына енетiн мәлiметтердiң барлық өзгерiстерi туралы ақпараттарды қамтиды.
      Сәйкестендiру нөмiрлерi туралы мәлiметтер жеке тұлғаның туған күнi, жынысы, заңды тұлғаны (филиал мен өкiлдiктi) және бiрлескен кәсiпкерлiк нысанындағы дара кәсiпкердi мемлекеттiк тiркеу туралы деректердi қамтиды.
      3. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган:
      1) тiркеушi органдардың өтiнiш берген сәтiнен бастап 1 жұмыс күнi iшiнде сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруды;
      2) тiркеушi, мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк мекемелерге ақпарат берудi олар өтiнiш берген сәттен бастап 2 жұмыс күнi iшiнде жүзеге асыруға мiндеттi.
      4. Тiркеушi органдар:
      1) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға мәлiметтердi уақытында тапсыруды осындай мәлiметтер келiп түскен сәттен бастап 1 жұмыс күнi iшiнде;
      2) Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерiнiң деректерiн толықтыру және өзектiлiк жағдайда ұстауды қолдау үшiн осындай мәлiметтер келiп түскен сәттен бастап 1 жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органға мәлiметтердi тапсыруды;
      3) Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрлерiн шығару (шартты шығару) үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға мәлiметтердi ұсынуды осындай мәлiметтер түскен сәттен бастап 1 жұмыс күнi iшiнде жүзеге асыруға мiндеттi.
      5. Мемлекеттiк органдар және мемлекеттiк мекемелер:
      1) Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерiнiң деректерiн толықтыру және өзектiлiк жағдайда ұстауды қолдау үшiн осындай мәлiметтер келiп түскен сәттен бастап 1 жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мәлiметтердi уәкiлеттi мемлекеттiк органға тапсыруды;
      2) Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрлерiн шығару (шартты шығару) үшiн осындай мәлiметтер келiп түскен сәттен бастап 1 жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органға мәлiметтердi тапсыруды жүзеге асыруға мiндеттi.
      6. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық ресурстарындағы ақпараттарды қорғауды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      7. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзу бюджеттiк қаражат есебiнен жүзеге асырылады.

2 тарау. СӘЙКЕСТЕНДIРУ НӨМIРIН ҚАЛЫПТАСТЫРУ,
ШЫҒАРУ (ШАРТТЫ ТҮРДЕ ШЫҒАРУ)

8-бап. Сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру

       1. Сәйкестендiру нөмiрiн интегралдық микросхемаға енгiзудi уәкiлеттi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен қамтамасыз етедi.
      2. Сәйкестендiру нөмiрiн қамтитын интегралдық микросхема Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгiне орналастырылады.
      3. Жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттар мыналар болып табылады:
      1) туу туралы куәлiк;
      2) жеке басын куәландыратын құжаттар:
      Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi және Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
      азаматтығы жоқ тұлғаның куәлiгi;
      шетел азаматының Қазақстан Республикасында тұруға рұқсат ықтияр хаты;
      3) Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаты болмаған жағдайда, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшiн салық төлеушiнiң куәлiгi.
      4. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттар мыналар болып табылады:
      1) бiрлескен дара кәсiпкерлiк негiзiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер үшiн - дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк;
      2) резидент заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi үшiн - заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу), филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiк;
      3) Қазақстан Республикасында қызметiн филиалдар мен өкiлдiктер арқылы (тұрақты мекеме құрумен) жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн - филиалды, өкiлдiктi есептiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiк;
      4) Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме (филиал, өкiлдiк) құрмай-ақ жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн - Қазақстан Республикасы салық төлеушiсiнiң куәлiгi.
      5. Мемлекеттiк органдар және мемлекеттiк мекемелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркеу, рұқсат ету және өзге сипаттағы құжаттарды берген кезде сәйкестендiру нөмiрiн ескеруге мiндеттi.
      Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар сәйкестендiру нөмiрiн ескеруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәйкестендiру нөмiрiнiң құрылымына сәйкес дұрыс көрсетiлуiн бақылауға мiндеттi.
      6. Жеке сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру:
      1) Қазақстан Республикасының азаматы үшiн:
      туу туралы куәлiктi;
      Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжатын беру кезiнде:
      2) шетел азаматтары үшiн Қазақстан Республикасында тұруға рұқсат және (немесе) салық төлеушiнiң куәлiгiн;
      3) азаматтығы жоқ тұлғалар үшiн азаматтығы тұлғаның жоқ жеке басын куәландыратын куәлiктi беру кезiнде жүзеге асырылады.
      Осы тармақта көрсетiлген құжаттарды қайталап және кейiннен берген кезде жаңа жеке сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру жүргiзiлмейдi.
      7. Жеке кәсiпкерлiк негiзiнде қызметiн жүзеге асыратын жеке тұлғаны дара кәсiпкер ретiнде тiркеу жеке сәйкестендiру нөмiрi бойынша жүргiзiледi.
      Жеке кәсiпкерлiк негiзiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу кезiнде жаңа жеке сәйкестендiру нөмiрi берiлмейдi.
      8. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру:
      Бiрлескен жеке кәсiпкерлiк нысанында қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер үшiн бiрлескен жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк тiркеу кезiнде бiр уақытта;
      заңды тұлғалар үшiн оларды мемлекеттiк тiркеу кезiнде бiр уақытта;
      заңды тұлғаның филиалдары мен өкiлдiктерi үшiн, соның iшiнде резидент емес үшiн оларды есептiк тiркеу кезiнде бiр уақытта;
      Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме (филиал, өкiлдiк) құрмай-ақ қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн салық төлеушi ретiнде тiркеу кезiнде бiр уақытта жүзеге асырылады.
      9. Сәйкестендiру нөмiрiнiң құрылымына кiретiн мәлiметтер өзгерген кезде, қайта тiркеу рәсiмi жүргiзiлмейдi.
      10. Сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру үшiн жеке және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкiлдiктердiң) өтiнiштерiн тiркеу немесе қабылдау:
      1) тұрғылықты жерi бойынша:
      Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн;
      2) келген орны бойынша:
      Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар yшiн;
      Қазақстан Республикасында уақытша тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшiн;
      3) жеке кәсiпкерлiк туралы заңнамада айқындалған уәкiлеттi тұлғаның тұрғылықты жерi бойынша:
      бiрлескен кәсiпкерлiк нысанында қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер үшiн;
      4) орналасқан жерi бойынша:
      заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер) үшiн, соның iшiнде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес - заңды тұлғалар үшiн;
      5) қызметiн жүзеге асыру орны бойынша:
      Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме (филиал, өкiлдiк) құрмай-ақ қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн;
      6) салық салу объектiлерiнiң орналасқан және (немесе) тiркеу орны бойынша:
      Қазақстан Республикасында салық салынатын объектiлерге иелiк ететiн резидент еместер үшiн;
      7) резидент-банктiң орналасқан жерi бойынша:
      резидент-банктерде ағымдағы шоттарын ашатын және осы тармақтың 2)-3), 5)-6) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша сәйкестендiру нөмiрлерi қалыптастырылмайтын резидент еместер үшiн жүзеге асырылады.

9-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрiн шығару (шартты шығару)

      1. Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен жеке сәйкестендiру нөмiрi:
      1) жеке тұлға қайтыс болғанда;
      2) жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енгенде;
      3) жеке  тұлға  шетелге тұрақты тұруға кеткен және азаматтығын ауыстырған кезде;
      4) резидент емес жеке тұлға резидент-банктегi ағымдағы шотын жапқан жағдайда;
      5) резидент емес жеке тұлғаның салық салынатын объектiлерге және салық салумен байланысты объектiлерге құқығы тоқтатылған кезде;
      6) резидент емес жеке тұлға Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан және Қазақстан Республикасынан шыққан жағдайда шығарылады.
      Жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмiнiң күшi жойылған жағдайда, бұрын Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен шығарылған жеке сәйкестендiру нөмiрi қайта қалпына келтiрiлуi тиiс.
      2. Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен жеке сәйкестендiру нөмiрi:
      1) жеке тұлғаны хабарсыз кеттi деп тану туралы сот шешiм шығарған кезде, ол туралы мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiпте, көлемде және мерзiмде мәлiмет ұсынылады;
      2) резидент еместер Қазақстан Республикасынан кеткен кезде шартты түрде шығарып тасталады;
      Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларды қайтадан және кейiннен тiркеу кезiнде бұрын қалыптастырылған жеке сәйкестендiру нөмiрiмен құжат берiледi.
      3. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi:
      1) заңды тұлға (филиалы, өкiлдiгi) таратылған кезде;
      2) бiрлескен жеке кәсiпкерлiк нысанында қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыруды тоқтатқан кезде;
      3) резидент емес заңды тұлғаның салық салу объектiлерiне және салық салумен байланысты объектiлерге құқығы тоқтатылған кезде;
      4) резидент емес заңды тұлға резидент-банктегi ағымдағы шотын жапқан жағдайда;
      5) резидент емес заңды тұлға Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан және Қазақстан Республикасынан шыққан жағдайда шығарылады.
      4. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрiн шығару (шартты түрде шығару) мемлекеттiк органдардың, заңды және жеке тұлғалардың өтiнiштерi негiзiнде жүргiзiледi. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен шығарылған (шартты шығарылған) сәйкестендiру нөмiрлерi Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi жүйесiнiң ақпараттық қорында сақталуы тиiс.

10-бап. Мәлiметтер құпиясы

      1. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiндегi мәлiметтер мынадай:
      1) уәкiлеттi мемлекеттiк органның жазбаша рұқсатының негiзiнде Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерi деректерiнiң өзектi жағдайын қолдау мақсатында тiркеушi органға ұсынылатын;
      2) құқық бұзған және қылмыс жасаған адамдарды заң бойынша қудалау мақсатында құқық қорғау органына; құқық бұзғаны және қылмыс жасағаны үшiн жауаптылығын белгілеу туралы iстердi қарау барысында сотқа ұсынылатын мәлiметтердi қоспағанда жария етуге жатпайды.
      2. Жеке немесе заңды тұлғаға қатысты ақпаратты, жеке немесе заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен нотариатты куәландырылған жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға беруге болмайды.
      3. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнде қамтылған мәлiметтер уәкiлеттi мемлекеттiк органның жария етуiне жатпайды.
      4. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен тiркеушi органдардың лауазымды тұлғалары Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiндегi мәлiметтердi жария етуге құқылы емес.
      5. Жеке және заңды тұлғалардың сәйкестендiру нөмiрлерi туралы мәлiметтердi қамтитын құжаттарды, ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк деректер қорын немесе өзге де ақпараттық таратқыштарды жоғалту немесе мұндай мәлiметтердi жария ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершiлiкке әкелiп соқтырады.

11 бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзудiң
тәртiбi туралы

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай өткен соң жеке және заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер), сондай-ақ дара кәсiпкерлер сәйкестендiру нөмiрлерiн қалыптастыру және бұрын берiлген құжаттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен қайта ресiмдеу үшiн тiркеушi органдарға өтiнiш беруге мiндеттi.
      3. Осы Заңның 8-бабының 3-4-тармақтарында санамаланған құжаттарда қалыптастырылған сәйкестендiру нөмiрi болмаған жағдайда үш жыл өткеннен кейiн осы баптың 2-тармағында көзделген мерзiм өткен сәттен бастап жарамсыз деп танылады.
      Жеке және заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер), сондай-ақ дара кәсiпкерлер кәсiпорындар мен ұйымдардың жалпы сыныптауышының сәйкестендiру кодын, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн және әлеуметтiк жеке кодын осы тармақтың бiрiншi абзацында көрсетiлген мерзiмге сәйкестендiру нөмiрлерiмен тең пайдаланады.
      4. Жинақтаушы зейнетақы қорлары мен салымшылар арасында жасалған зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар оған жеке сәйкестендiру нөмiрiн растайтын құжаттардың көшiрмелерiн қоса берген кезде күшiнде қалады немесе оларға жеке сәйкестендiру нөмiрiн енгiзу үшiн қайтадан жасалуы мүмкiн.
      Мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеу жөнiндегi агенттер жеке сәйкестендiру нөмiрiн бұрын берiлген әлеуметтiк жеке кодымен қатар есепке алуға мiндеттi.
      Осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай өткеннен кейiн жасалатын зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарда ол жеке тұлғада болған жағдайда жеке сәйкестендiру нөмiрi көрсетiледi.
      5. Қайта ресiмдеу кезiнде сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттарды беру, бұрын берiлген құжаттарды тiркеу органына тапсырған жағдайда бюджеттiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады