2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң аумағы арқылы тауарлар транзитiнiң бiрыңғай шарттары туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 маусымдағы N 546 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң аумағы арқылы тауарлар транзитiнiң бiрыңғай шарттары туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң аумағы арқылы тауарлар транзитiнiң бiрыңғай шарттары туралы Келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк
құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң аумағы арқылы
тауарлар транзитiнiң бiрыңғай шарттары туралы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi
      теңдестiрiлген және өзара тиiмдi экономикалық қатынастарды одан әрi дамытуға ұмтыла отырып,
      кедендiк рәсiмдердi үйлестiру және біріздендiру жолымен тауарларды халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру шарттарын оңайлату қажеттiлiгiн мойындай отырып,
      транзит еркiндiгiнiң қағидаттарын ұстанатындығын растай отырып,
      Тараптар мемлекеттерiнiң кеден iсi саласындағы заңнамаларының даму серпiнiн ескере отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiм Тараптар мемлекеттерiнiң аумағы арқылы тауарлар транзитiнiң бiрыңғай шарттарын және Тараптар транзит кезiнде кедендiк рәсiмдердi үйлестiру және бiрiздендiру саласында жүргiзетiн жұмыстардың бағытын айқындайды.
      Осы Келiсiм құбыржол көлiгiмен және электр беру желiлерi бойынша өткiзiлетiн тауарлар транзитiне қолданылмайды.

2-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн пайдаланылатын терминдердiң мынадай мағынасы болады:
      "транзит" - оған сәйкес тауарлар Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы кедендiк бақылаумен өткiзiлетiн кедендiк режим/кедендiк рәсiм;
      "кедендiк сәйкестендiру құралдары" - пломбалар, мөрлер, сандық, әрiптiк таңбалау, мөртаңбалар, сынамалар мен үлгiлердi алу, тауарлар мен көлiк құралдарын сипаттау, сондай-ақ кеден органдары Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес транзиттiк тауарларды сәйкестендiру үшiн қолданатын өзге де құралдар.

3-бап

      Транзит кезiнде тауарлар:
      қалыпты тасымалдау және сақтау жағдайларында табиғи тозудың не кемудiң салдарынан өзгергеннен басқа, өзгермеген күйiнде қалуы;
      транзиттен басқа, қандай да бiр өзге мақсаттарда пайдаланылмауы;
      Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдары белгiлеген мерзiмде және орындарға жеткiзiлуi тиiс.
      Тауарлардың транзитi кезiнде оларды басқа көлік құралдарына, оның ішінде тауарлар легiн бөлшектей отырып, қайта тиеу Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдары айқындайтын орындарда жүргiзiледi.

4-бап

      Транзит еркiндiгiнiң қағидатын сақтау мақсатында Тараптар мыналарды белгiлейдi:
      әрбiр Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы транзит халықаралық тасымалдарға арналған, тасымалдаушы үшiн барынша ыңғайлы жолдар бойынша жүзеге асырылады;
      транзитпен өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдары негiзсiз ұсталмауы тиiс;
      транзитке байланысты барлық кедендiк рәсiмдер мен ресмилiктердi Тараптар кемсiтпеушiлiк негiзде қолданады.
      Тараптар транзиттi пайдалану олардың ұлттық қауiпсiздiк, қоғамдық мораль, құқық тәртiбi, азаматтардың өмiрiн немесе денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мүдделерiн бұзбауы үшiн шаралар қолдануға, оның iшiнде жекелеген тауарларды әкелу/әкету орындарын шектеуге құқылы.

5-бап

      Тауарлардың транзитi кезiнде Тараптар:
      тауарларды кедендiк баждар, салықтар салудан босатады;
      тауарларды кедендiк ресiмдегенi үшiн алынатын кедендiк алымдардың көлемiн кеден органдары көрсеткен қызметтердiң шамалас құнымен шектейдi;
      Тараптар ұлттық қауiпсiздiк, қоғамдық мораль, құқық тәртiбiн қорғау, азаматтардың өмiрiн немесе денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау мүддесiнде Тарап мемлекетi уәкiлеттi органдарының рұқсаттары бойынша тауарлардың транзитiне рұқсат беретiн не тауарлар транзитiне тыйым салатын жағдайларды қоспағанда, экономикалық сипаттағы тыйым салулар мен шектеулердi қолданбайды;
      мүдделi тұлғаға Тарап мемлекетiнiң кеден қызметi үшiн қолайлы кеден заңнамасын сақтауды қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың бiрiн таңдауға рұқсат бередi;
      кедендiк сәйкестендiру құралдарын өзара таниды.

6-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң аумақтары арқылы тауарлардың кедергiсiз транзитiне ықпал етедi, атап айтқанда:
      транзит үшiн қажеттi құжаттар және/немесе мәлiметтер санын қысқарту;
      кедендiк және өзге ресмилiктердi оңайлату және бiрiздендiру, олардан өту уақытын қысқарту;
      транзиттi қиындататын факторларды бiрлесiп жою жөнiнде шаралар қабылдайды.

7-бап

      Транзит кезiндегi кедендiк ресмилiктердi, тауарларды кедендiк ресiмдеудiң бiрыңғай тәртiбiн пайдалану мүмкiндiгiн бiрiздендiру мақсатында Тараптар Бiрыңғай транзиттiк рәсiмдi әзiрлеуге кiрiседi, оның негiзi мынадай қағидаттардан тұрады:
      бiрыңғай транзиттiк құжаттарды пайдалану;
      кедендiк баждардың, салықтардың төленуiн қамтамасыз етудiң бiрыңғай жүйесiн (кепiлдiк жүйесi) қолдану;
      тауарлар транзитiн кедендiк ресiмдеу және кедендiк бақылау кезiнде ақпараттық технологияларды қолдану.
      Бiрыңғай транзиттiк рәсiмдi әзiрлеу кезеңдерi және енгiзу тәртiбi жеке хаттамамен айқындалатын болады.

8-бап

      Тараптар дипломатиялық арналар арқылы:
      Тараптар мемлекеттерi уәкiлеттi органдарының рұқсаттары негiзiнде транзитке рұқсат етiлетiн тауарлардың тiзбесiмен;
      транзитке және/немесе әкелуге тыйым салынған тауарлардың тiзбесiмен;
      Тараптар мемлекеттерiнiң шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнiң немесе олар арқылы Тарап мемлекетiнiң аумағына/аумағынан жекелеген тауарларды әкелуге/әкетуге рұқсат етiлетiн әкелу/әкету орындарының тiзбесiмен;
      кедендiк сәйкестендiру құралдарының қолда бар үлгiлерiмен және/немесе сипаттамасымен алмасады.

9-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және/немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасында консультациялар мен келiссөздер жүргiзу жолымен шешiледi.
      Келiсiмге келмеген жағдайда Тараптардың кез келгенi дауды Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiнде дауларды шешу жөнiндегi органның шешуiне бере алады.

10-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге хаттамамен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

11-бап

      Кез келген мемлекет осы Келiсiмнiң қатысушысы бола алады. Осы Келiсiмге қосылу шарттары осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер мен қосылатын мемлекет арасында жасалатын халықаралық шартта айқындалады.

12-бап

      Осы Келiсiмге ескертпелерге жол берiлмейдi.

13-бап

      Осы Келiсiмнiң күшiне ену және одан шығу тәртiбi Бiртұтас экономикалық кеңістік құру жөнiндегі халықаралық шарттардың күшіне ену және одан шығу тәртiбi туралы хаттамамен анықталады.
      200__ жылғы "___" ________ ________ қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Депозитарийде сақталады. Депозитарийдiң функциялары Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң Комиссиясына берiлгенге дейiн Қазақстан Республикасы осы Келiсiмнiң Депозитарийi болып табылады.
      Депозитарий осы Келiсiмге қол қойған Тараптардың әрқайсысына оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.

      Беларусь Республикасының
      Үкiметi үшiн

      Ресей Федерациясының
      Үкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының
      Үкiметi үшiн

      Украина Министрлер
      Кабинетi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады