"Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 маусымдағы N 602 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

  Қазақстан Республикасының Заңы
Химиялық өнімдердің қауіпсіздігі туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында адамның өмiрi мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны және тұтынушылардың мүдделерiн қорғау үшiн химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң құқықтық негiздерiн белгiлейдi.

  1-тарау. Негiзгi ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылды:
      1) дайын өнiм - өндiрiстiң барлық технологиялық сатыларынан өткен және адамның қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн немесе өндiрiс үшiн, оның iшiнде, дайындаушы кәсiпорын шығарған түрде пайдаланылуға жарамды өнiм;
      2) өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы) - белгiленген тәртiпте химиялық өнiмдердi тiркеудi және олардың сәйкестiгiн растауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      3) химиялық өнiмдердiң жiктемесi - химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес өндiру, пайдалану және қайта өңдеу кезiнде қауiптi немесе әлеуеттi қауiптi химиялық өнiмдердiң барлық қасиеттерiн сәйкестендiру;
      4) қауiптi химиялық өнiмдер - құрамына осы Заңның 5-бабының 4-тармағында айтылған санаттардың бiрiне жататын кемiнде бiр химиялық зат кiретiн химиялық өнiмдер;
      5) қауiп-қатердi бағалау - қауiптiлiктiң, дозаның (концентрацияның), қауiптiлiк деңгейiн қамтитын адамның денсаулығы мен өмiрiне, қоршаған ортаға ықтимал әсер етудi анықтауға бағытталған шаралар кешенi;
      6) қауiпсiздiк паспорты - химиялық өнiмдердiң сипаттамалары және олармен қауiпсiз жұмыс жасауды қамтамасыз ету жөнiндегi шаралары туралы мәлiметтер бар құжат;
      7) ескерту таңбасы - химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес өнiмге және/немесе орамаға түсiрiлген химиялық өнiмдердiң қауiптi қасиеттерi және онымен жұмыс iстеу кезеңдерiндегi қауiпсiздiк туралы ақпарат;
      8) ыдыс - ашық немесе тұйық шымылдық корпусы түрiнде орындалған, химиялық өнiмдердi орналастыруға арналған бұйымнан тұратын ораманың элементi;
      9) техникалық құжаттама - барлық қол жетiмдi, оның iшiнде зерттеу әдiстерi мен нәтижелерiнiң толық сипатталып, немесе оларға библиографиялық сiлтемесiмен тиiстi деректерi бар қауiп-қатерлерi бағалауға арналған қажеттi ақпаратты қамтитын құжаттар;
      10) орама - химиялық өнiмдер мен қоршаған ортаны бүлiнуден және шығындардан қорғауды қамтамасыз ететiн, сондай-ақ химиялық өнiмдердi тасымалдауды, сақтауды және өткiзудi жеңiлдететiн құралдар немесе құралдар кешенi;
      11) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн уәкiлеттi орган - берiлген өкiлеттiктер шегiнде салалық бағыттылығына сәйкес химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн өзге де мемлекеттiк органдардың қызметiне басшылықшы және оны үйлестiрудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      12) химиялық зат - табиғатта бар немесе технологиялық операциялардың нәтижесiнде алынған элемент немесе қосылыс;
      13) химиялық өнiмдер - табиғи ресурстардан бөлiну және/немесе адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиянды жеке түрлерi әсер ететiн немесе әcep етуi мүмкiн химиялық реакцияларды (синтез, полимерлеу, деструициялау) пайдалана отырып, шикiзатты түрлендiру нәтижесiнде алынған өнiм.

  2-бап. Қазақстан Республикасының химиялық
өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Зaңда көзделгеннен өзгеше талаптар белгiленсе, онда халықаралық шарттың талаптары қолданылады.

  3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заң адамның өмiрi мен денсаулығын және қоршаған ортаны қорғау үшiн химиялық өнiмдер мен оның өмiрлiк циклi процестерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ең аз қажеттi талаптарды белгiлейдi.
      2. Осы Заңның талаптары мыналарға қолданылмайды:
      1) орналасқан күйдегi пайдалы қазбалар;
      2) дайын дәрiлiк препараттар;
      3) радиоактивтi заттар, материалдар мен қалдықтар;
      4) тағамдық өнiмi;
      5) пайдалану процесiнде өзiнiң химиялық құрамын және агрегаттық жай-күйiн өзгертпейтiн әрi концентрацияларда адамның өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсер етуге қабiлеттi қауiптi химиялық заттар шығармайтын бұйым.

  4-бап. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы
техникалық реттеу объектiлерi

      Техникалық реттеу объектiлерi химиялық өнiмдер және өмiрлiк цикiлiнiң процестерi болып табылады.

  5-бап. Химиялық өнiмдердi жiктеу

      1. Химиялық өнiмдердi жiктеу адамның өмiрi мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi тиiстi шараларды қабылдау мақсатында жүргiзiледi.
      2. Химиялық өнiмдердi жiктеу химиялық заттардың қауiптi түрлерi мен санаттары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Химиялық өнiмдер өндiру және қолдану процесiнде қауiптердiң мынадай түрлерiн төндiруi мүмкiн:
      1) өрт қаупi бар;
      2) жарылыс қаупi бар;
      3) тотығушылық белсендiлiгi;
      4) уыттылық.
      4. Адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға келеңсiз әсер ете алатын физикалық факторларға ие химиялық заттардың санаттары мыналарға бөлiнедi:
      өзiнiң физикалық-химиялық қасиеттерi бойынша:
      1) жарылғыш заттар;
      2) тез тұтанатын газдар;
      3) тез тұтанатын сұйықтар;
      4) тез тұтанатын қатты заттар;
      5) қышқылданатын заттар және органикалық периксидтер;
      6) уытты заттар;
      7) тотығу заттары;
      өзiнiң токсикологиялық қасиеттерi бойынша:
      1) өте улы заттар;
      2) улы заттар;
      3) зиянды заттар;
      4) күйдiргiш заттар,
      5) көздiң және/немесе терiнiң кiлегей қабатының тiтiркенуiн туғызатын заттар;
      6) сенсибилизациялық әрекеттерге ие заттар;
      Адамның денсаулығына өзiнiң ерекше әсер етуi бойынша
      1) канцерогендер;
      2) мутаегендер;
      3) репродуктивтi функцияға уытты әсер ететiн заттар;
      өзiнiң қоршаған ортаға әсер етуi бойынша:
      1) сулы қоршаған орта үшiн қауiптi заттар;
      2) ауаны қоршаған орта және топырақ үшiн қауiптi заттар.
      5. Химиялық өнiмдердiң санаттары, қауiптiлiк түрлерi және химиялық өнiмдермен қауiпсiз жұмыс iстеудi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы ақпарат химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттерде белгiленедi.
      6. Химиялық өнiмдердi, оның физикалық-химиялық және токсикологиялық қасиеттерiн, адамның денсаулығы мен өмiрiне, қоршаған ортаға ерекше әсерiн сынау өлшемдерi мен әдiстерi химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттерге сәйкес айқындалады.
      7. Химиялық заттардың санаттары бойынша химиялық өнiмдердi жiктеудi өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы) оны рынокта орналастыру үшiн тиiстi құжаттарды ресiмдеу кезiнде көрсетедi.

  2-тарау. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы
мемлекеттiк реттеу

6-бап. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз
ететiн органдардың мемлекеттік жүйесi

      1. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн органдардың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн мыналар құрайды:
      1) Қазақстан Республикасының Yкiметi;
      2) индустрия және сауда саласындағы уәкiлеттi орган;
      3) iшкi iстер саласындағы уәкiлеттi орган;
      4) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган;
      5) төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлеттi орган;
      6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган;
      7) ауыл шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган;
      8) энергетика және минералдық ресурстар саласындағы уәкiлеттi орган.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар салалық бағыттылығына сәйкес химиялық өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асырады.

  7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң химиялық
өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы құзыретiне мыналар жатады:
      1) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердi бекiту;
      3) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiнде консультациялық-кеңесушi органдарды құру және тарату;
      4) Қазақстан Республикасының аумағында химиялық өнiмдердi тiркеудiң тәртiбiн бекiту;
      5) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдардың қызметiн салааралық үйлестiрудi жүзеге асыру;
      6) химиялық өнiмдердiң Тiзiлiмiн бекiту.

  8-бап. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз
ететiн уәкiлеттi органның құзыретi

      Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн уәкiлеттi орган жүзеге асырады:
      1) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру;
      2) сәйкестiктi растау және химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi халықаралық және өңiрлiк ұйымдарда Қазақстан Республикасын таныстыру;
      3) өз құзыретi шегiнде осы Заңда және химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
      4) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттерiн әзiрлеу;
      5) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу және химиялық өнiмдердi техникалық реттеу саласында ұсыныстар дайындау үшiн сарапшылық кеңестер құру;
      6) осы Заңның және химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес келмейтiн химиялық өнiмдердi анықтау және оны өткiзуге жол бермеу шараларын әзiрлеу мақсатында тұтыну рыноктарына мониторинг жүргiзу;
      7) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық құжаттамаларды келiсу;
      8) химиялық өнiмдердi Қазақстан Республикасының аумағында тiркеу және оларды Тiзiлiмге енгiзу;
      9) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласында салалық бағдарламаларды әзiрлеу және iске асыру;
      10) өтініш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы) ұсынған ақпарат негiзiнде химиялық өнiмдердiң адамның денсаулығы мен өмiрi, қоршаған орта үшiн қауiп-қатерiн бағалауды тексеру;
      11) егер өзге шаралармен адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға залал келтiрудi болдырмау мүмкiн болмаса, химиялық өнiмдердi айналымнан алып қою туралы шешiмдер қабылдау.

  9-бап. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз
ететiн өзге де мемлекеттiк органдардың құзыретi

      Өз құзыретi шегiнде химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдар жүзеге асырады:
      1) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз ету;
      2) осы Заңда және химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
      3) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттерiн әзiрлеу;
      4) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу және химиялық өнiмдердi техникалық реттеу саласында ұсыныстар дайындау үшiн сарапшылық кеңестер құру;
      5) осы Заңның және химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес келмейтiн химиялық өнiмдердi анықтау және оны өткізуге жол бермеу шараларын әзiрлеу мақсатында тұтыну рыноктарына мониторинг жүргiзу;
      6) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық құжаттамаларды келiсу;
      7) өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы) ұсынған ақпарат негiзiнде химиялық өнiмдердiң адамның денсаулығы мен өмiрi, қоршаған орта үшiн қауiп-қатерiн бағалауды тексеру;
      8) егер өзге шаралармен адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға залал келтiрудi болдырмау мүмкiн болмаса, химиялық өнiмдердi айналымнан алып қою туралы шешiмдер қабылдау.

  10-бап. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы
мемлекеттiк бақылау

      1. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiпте және өз құзыретi шегiнде химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      2. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер түрiнде жүзеге асырылады.
      3. Жоспарлы тексеру әрi кеткенде жылына бiр рет өткiзiледi.
      4. Жоспардан тыс тексеру химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк орган мына:
      химиялық өнiмдердiң осы Заңда және химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес еместiгi туралы;
      адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтiру фактiлерi туралы ақпарат алған жағдайда жүргiзiледi.
      5. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы тексеру екi кезеңде жүргiзiледi:
      1) құжаттық тексеру;
      2) қауiп-қатерлердi бағалауды тексеру.
      6. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы құжаттық тексеру мына:
      тұтынушы үшiн пайдалану жөнiндегі нұсқаулықтағы ақпараттың шынайылығын және осы Заңның, химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiгiн тексеру;
      қауiпсiздiк паспорты мен сәйкестiктi растау туралы куәлiкте және сәйкестiктi растау саласындағы құжатта бар ақпараттың орамадағы және ыдыстағы ақпаратқа сәйкестiгiн тексеру жолымен жүзеге асырылады.
      7. Қауiп-қатерлердi бағалауды тексеру кезiнде химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк орган сынақтар (зерттеулер) жүргiзу үшiн техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган аккредиттеген сынақ зертханасына (орталық) химиялық өнiмдердiң iрiктелген үлгiсiн жiбередi.
      8. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары мемлекеттiк бақылау мен қадағалау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзген кезде өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда және құқыққа қарсы әрекеттер (әрекетсiздiктер) жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Мемлекеттiк органдар құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жеке және (немесе) заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кiнәлi, мемлекеттiк бақылау мен қадағалау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына қатысты қабылданған шаралар туралы бiр ай iшiнде хабарлауға мiндеттi.
      9. Өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы), сондай-ақ уәкiлеттi мемлекеттiк органдар осы Заңның және химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес еместiгi анықталған химиялық өнiмдер туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органға ақпарат жiберуге мiндеттi.

  3-тарау. Өтiнiш берушiлердiң химиялық өнiмдердiң
қауiпсiздiгi саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

11-бап. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы
өтiнiш берушiлердiң құқықтары

      Өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы):
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi, химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеуге қатысуға;
      2) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiне өндiрiстiк бақылау бағдарламасын әзiрлеуге;
      3) химиялық өнiмдердiң сапасы мен қауiпсiздiгi менеджментiнiң жүйесiн енгiзуге;
      4) Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасының мiндеттi талаптарына сәйкес келетiн ұйымдардың стандарттарын әзiрлеуге және бекiтуге;
      5) адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға келеңсiз әсер ететiн химиялық заттар туралы шынайы ақпаратты алуға;
      6) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдарға химиялық өнiмдердiң қауiп-қатерлерiн бағалау бойынша тексеру жүргiзу жөнiндегi жүгiнуге құқылы.

  12-бап. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы
өтiнiш берушiлердiң мiндеттерi

      Химиялық өнiмдердiң рыноктағы айналымына жауапты өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы):
      1) Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердi техникалық реттеу саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;
      2) химиялық өнiмдердiң оның өмiрлiк циклi сатыларындағы қауiпсiздiгiне өндiрiстiк бақылауды қамтамасыз етуге;
      3) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдарға қауiптi химиялық өнiмдердi сатып алуға алып келген тәртiп бұзулар туралы хабарлауға;
      4) егер өмiрлiк циклi сатысының бiрiнiң бұзылуына жол берiлген жағдайда химиялық өнiмдер өндiрiсiнiң процесiн тоқтатуға;
      5) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi туралы шынайы ақпаратты:
      олардың талабы бойынша тұтынушыларға;
      олардың талабы бойынша химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдарға беруге;
      6) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органға мемлекеттiк бақылау жүргiзуге қажеттi: қауiпсiздiк паспортын; тiркеу туралы куәлiгiн; сәйкестiк сертификатын немесе декларациясын; басқа да құжаттарды техникалық сипаттағы (жоспардан тыс тексеру кезiнде) мәлiметтердi беруге;
      7) химиялық өнiмдердiң қауiп-қатерiн бағалауды жүзеге асыруға (адамның өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiруге қабiлеттi химиялық заттардың зиянды әсерлерiн, олардың зиянды әсерiнiң таралу саласын айқындау) мiндеттi.

  4-тарау. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiне қойылатын
негiзгi талаптар

13-бап. Химиялық өнiмдердi тiркеу

      1. Өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы) химиялық өнiмдердi тiркеуге мiндеттi.
      2. Химиялық өнiмдердi тiркеудi химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiткен тәртiпте жүзеге асырады.
      Осы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тiркелмеген химиялық өнiмдер рынокқа айналымға жiберiлмейдi.

  14-бап. Химиялық өнiмдердiң қауiп-қатерлерiн бағалау

      1. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қолдану қауiп-қатерлердi талдауға негiзделуi тиiс.
      2. Өтiнiм берушiнiң (өндiрушiнiң, жеткiзушiнiң, импорттаушының) қауiп-қатерге бағалау жүргiзуi барлық химиялық өнiмдер үшiн мiндеттi.
      3. Химиялық өнiмдердiң қауiп-қатерiн бағалау:
      1) химиялық өнiмдер қауiптiгiнiң түрлерiн анықтау;
      2) адамның өмiрi мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау үшiн қауiп немесе әлеуеттi қауiп төндiретiн химиялық өнiмдердiң анықталған түрлерiнiң әсер етуiн талдау;
      3) анықталған қауiп-қатерлердi шектеу жөнiндегi барабар шараларды айқындау жолымен жүзеге асырылады.
      4. Химиялық өнiмдер қауiптiлiгiнiң қауiп-қатерiн бағалау кезiнде қолда бар техникалық құжаттамалар, ғылыми деректер, талдау және зерттеу әдiстерi, библиографиялық сiлтемелер, iрiктеме бақылау деректерi пайдаланылуы тиiс.
      5. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк орган осы Заңның 8-бабы 2-тармағына сәйкес адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаны қорғауға зиян келтiру фактiсi туралы ақпарат алған жағдайда қауiп-қатердi бағалауға тексеру жүргiзедi.
      6. Қауiп-қатердi бағалауды өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы) химиялық өнiмдердi тiркегенге дейiн жүргiзедi.
      7. Қауiптi химиялық өнiмдермен немесе әлеуеттi химиялық өнiмдермен байланысты мүмкiн болатын қауiп-қатерлердi бағалау үшiн өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импортер) мыналарды:
      1) қауiптi химиялық заттардың болуын;
      2) қауiптiң и көрсеткiштерiн;
      3) қауiптi әсер етудiң түрлерi мен олардың пайда болу шарттарын;
      4) физикалық-химиялық ерекшелiктерiн;
      5) қоршаған ортаға әсер ету факторларын көрсетедi.
      8. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк орган қажет болған жағдайда қосымша ақпарат сұрата немесе химиялық өнiмдерге сынақ жүргiзе алады.

  15-бап. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiне қойылатын
ең аз қажеттi жалпы талаптар

      1. Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасында белгiленген химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiне және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын талаптар өтiнiш берушiлердiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
      2. Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi мына:
      1) өтiнiш берушiлердiң Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы;
      2) химиялық өнiмдердiң өмiрлiк циклi процестерiнiң Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасына сәйкестiгiне өндiрiстiк бақылау жүргiзу;
      3) химиялық өнiмдердiң Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдер қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн растау;
      4) экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық өндiрiстiк, ғылыми-технологиялық сараптама жүргiзу;
      5) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк реттету шараларын қолдану жолымен жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасының талаптарына мына көрсеткiштерi бойынша сәйкес келмейтiн:
      1) адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтiрудiң анық белгiлерi бар;
      2) Осы Заңның 5-бабы 4-тармағында көрсетiлген химиялық заттардың радиологиялық көрсеткiштер мен санаттары бойынша қойылатын талаптарға жауап бермейтiн;
      3) оның қауiпсiздiгiн куәландыратын және оның шығу тегiн растайтын құжаттары жоқ;
      4) Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасында көзделген мәлiметтердi қамтитын таңбалауы жоқ;
      5) ұсынылған ақпаратқа сәйкес емес химиялық өнiмдер өмiрлiк цикл процестерiне жiберiлмейдi.
      4. Әзiрленетiн, жасалатын және айналымға шығарылатын химиялық өнiмдер химиялық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес болуы тиiс.

  16-бап. Қауiпсiздiк паспорты және оған
қойылатын талаптар

      1. Рынокта орналастыру үшiн химиялық өнiмдердi жеткiзетiн өтiнiш берушi (өндiрушi, жеткiзушi, импорттаушы) оған қауiпсiздiк паспортын қоса беруге мiндеттi.
      2. Қауiпсiздiк паспорты химиялық өнiмдер туралы мынадай ақпаратты қамтуы тиiс:
      1) химиялық өнiмдердi (затты/препаратты және өндiрушiнi) айқындау;
      2) қауiп-қатерлердi айқындау;
      3) химиялық заттар құрамы туралы ақпарат;
      4) алғашқы көмек көрсету шаралары;
      5) өртке қарсы шаралар;
      6) төтенше жағдайлар кезiндегi шаралар;
      7) айналым және сақтау;
      8) сәулененуден қорғау/жеке қорғану;
      9) физикалық және химиялық қасиеттерi;
      10) тұрақтылық және белсендiлiк;
      11) уыттылық ақпараты;
      12) экологиялық ақпарат;
      13) қалдықтарды басқару;
      14) тасымалдау туралы ақпарат;
      15) реттеу туралы ақпарат;
      16) химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген химиялық өнiмдердiң жекелеген түрлерiне ақпарат.
      3. Химиялық өнiмдердi бөлшек сату кезiнде қауiпсiздiк паспорты талап етiлмейдi.
      Тұтынушының сұрауы бойынша оған химиялық өнiмдер және оның адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға әсер етуiнен қорғану шаралары туралы қосымша ақпарат берiлуi мүмкiн.
      4. Химиялық өнiмдерге iлеспе құжаттар қауiптiлiк қауiп-қатерiн төмендету үшiн жiктеме және сақтану шаралары туралы ақпаратты қамтуы тиiс.

  17-бап. Химиялық өнiмдердi өндiру және қолдану
кезiндегi қауiпсiздiк талаптары

      1. Химиялық өнiмдердi өндiру және қолдану кезiнде химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдар бекiткен нормаларға сәйкес қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз ету қажет, олар мыналарды қамтиды:
      1) химиялық өнiмдердi өндiру кезiнде қауiп-қатерлердiң қаупiн барынша азайтатын технологиялар мен жабдықтарды, еңбек тәсiлдерi мен әдiстерiн таңдау;
      2) химиялық өнiмдердi өндiру және қолдану кезiнде пайдаланылатын техникалық бақылау құралдары мен қорғау құралдарын пайдалану және тиiсiнше ұстау.
      3) қауiптi немесе әлеуеттi қауiптi құралда ескерту белгiлерi мен таңбалауларын пайдалану;
      4) жеке гигиенаны сақтау және қажеттi санитарлық құралдарының, сондай-ақ персоналда жеке қорғау құралдары мен арнайы киiмдердiң болуы;
      5) апатты жағдайлардың алдын алу және оларды жою құралдарының болуы.
      2. Химиялық өнiмдердi сату кезiнде мына ақпаратты қамтитын нұсқаулықпен қамтамасыз етiлуi тиiс:
      1) химиялық өнiмдердiң мақсаты;
      2) қолдану шарттары;
      3) қауiптi қасиеттердiң болуы;
      4) қауiпсiз қолдану жөнiндегi шаралар;
      5) алғашқы көмек көрсету шаралары.

  18-бап. Химиялық өнiмдердi тасымалдау және сақтау
кезiндегi қауiпсiздiк талаптары

      1. Химиялық өнiмдердi тасымалдау және сақтау Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн шарттарда жүзеге асырылуы тиiс.
      2. Адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауiптi химиялық өнiмдердi тасымалдау үшiн мұндай мақсаттарға арнайы арналған көлiк құралдары пайдаланылады.
      3. Химиялық өнiмдердi сақтау және тасымалдау қорғау шараларын сақтай отырып жүзеге асырылады, олар мыналарды қамтиды:
      1) тасымалдауға және сақтауға арналған орамға қойылатын талаптар;
      2) химиялық өнiмдердiң орамасының рұқсат етiлген салмағы және оны сақтау мерзiмi;
      3) өнiмдi сақтау және тасымалдау кезiнде химиялық өнiмдердiң басқа да түрлерiмен сыйысушылығы;
      4) тасымалдау және сақтауға қойылатын жалпы талаптар (температура, қысым, ылғалдылық, жарық);
      5) өзiнен өзi жануға және өздiгiнен, оның iшiнде қауiптi өнiмдер құра отырып, бөлiнуге бейiм өнiмге арнайы шаралар;
      6) орамасын қауiпсiз қайталап пайдалану және/немесе оны кәдеге жарату жөнiндегi шаралар;
      7) апатты жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi шаралар;
      8) персоналдың жеке қорғану құралдары.
      4. Химиялық өнiмдердi тасымалдау және сақтау оның тұтыну қасиетiн және оның қауiптi қасиеттерiнiң адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға әсерiнен қорғауды қамтамасыз ететiн орамада жүзеге асырылады.
      5. Химия өнiмдер салмағының рұқсат етiлген нормасын сақтаудың белгiленген мерзiмi iшiнде оның әсер етуiн немесе өнiмдердiң шоғырлануын қамтамасыз етуi тиiс.
      6. Химиялық өнiмдерiн тасымалдау кезiнде ораманың, сондай-ақ химиялық өнiмдерiне санкцияланбаған енудi болдырмайтын көлiк құралдарының өзiнiң тұтастығын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар қабылдануы тиiс.
      7. Қос ораманы пайдалану жағдайында, iшкi ыдыс тасымалдау кезiнде оны бұзу болмайтындай жолмен, сыртына қапталуы тиiс. Сыртқы және iшкi ыдыстың арасындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында орау материалы қапталуы тиiс.
      Көлiктiң әртүрлi түрлерiндегi химиялық өнiмдерiн тасымалдау үшiн ораманы қолдануға арналған талаптарды химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      8. Сұйықтықтар тасымалдау жағдайында туындауы мүмкiн iшкi қысымға шыдайтын қос ыдыста ғана тасымалдануы тиiс.
      9. Бiр ғана ыдысқа егер, олар бiр бiрiмен қауiптi реакцияға түсетінi және мыналарды:
      1) жануды және/немесе жылудың айтарлықтай санын бөлудi;
      2) жеңiл тұтанатын, уытты немесе тұншықтыратын газдар бөлудi;
      3) басқа химиялық белсендi және қауiптi, оның iшiнде корродирлейтiн заттарды жасауды тудыратын болса екi және одан да көп түрлердегi химиялық өнiмдерiн орналастыруға жол берiлмейдi.
      10. Сұйытылған газдарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      11. Негiзгi химиялық өнiмдердiң қауiптiлiк ерекшелiгiн арттыратын жаңа қосылыстарды жасау қабiлетiне ие химиялық өнiмдерiн сақтау кезiнде осындай трансформация мүмкiндiгiн болдырмайтын баламалы қорғау шараларын қамтамасыз етiлуi тиiс.
      12. Ыдысты қайта пайдалану сәйкестi заттар үшiн ғана мүмкiн. Химиялық өнімдерін сақтау шарты оның кездейсоқ араласу мүмкiндiгiн болдырмауы тиiс.
      13. Орама әзiрленген материал оның iшiндегiмен химиялық реакцияға түспеуi тиiс.
      14. Химиялық өнiмдердi әкелудi, әкетудi, транзитпен тасымалдауды бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

  19-бап. Химиялық өнiмдердi таңбалауға
қойылатын талаптар

      1. Барлық химиялық қауiптi өнiм оның қауiптi ерекшелiктерi туралы хабарландыратын ескертпе таңбалауына жатады.
      Химиялық өнiмдердi ескертпе таңбалау кезiнде көрсетiлетiн қауiпсiздiктiң стандартты символдары халықаралық талаптарға сәйкес белгiленедi және техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi органмен бекiтiледi.
      2. Химия өнiмiнiң орамасындағы ескертпе таңбалау мыналарды:
      1) өтiнiш берушiнiң (жеткiзушiнiң, өндiрушiнiң, импорттаушының) атауы мен телефон нөмiрiн, факстi, телекстi және электронды мекен-жайы E-mail-ды қоса алғанда толық мекен-жайын;
      2) атауын (атауларын);
      3) қауiптiлiк түрiн;
      4) массасын немесе көлемiн;
      5) партияның нөмiрiн;
      6) дайындау (шығару) күнiн;
      7) қауiпсiздiктiң стандартты символдарын қамтуы тиiс.
      3. Ескертпе таңбалау жуғанда кетпейтiн әрiптермен және/немесе символдармен жағылады.
      4. Ескертпе таңбалаусыз химия өнiмiн рынокқа жеткiзуге және өткiзуге жол берiлмейдi.

  20-бап. Рынокта жұмыс iстеу кезiнде химиялық
өнiмдерге қойылатын талаптар

      1. Химиялық өнiмдер егер ол техникалық реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген талаптарға сәйкес келмесе, рынокқа шығарылуы және қолданылуы мүмкiн.
      2. Өтiнiш берушi (шығарушы, жеткiзушi, импорттаушы) химия өнiмiмен рынокқа қауiпсiз жұмыс iстеу жөнiндегi барлық қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуi тиiс.

  21-бап. Химиялық өнiмдердi кәдеге жарату және
жою кезiндегi қауiпсiздiк талаптары

      1. Өмiрлiк цикл процесiнен алып қойылған және өзiнiң тұтыну ерекшелiктерiн жоғалтқан қауiптi химиялық өнiмдер Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен жүргiзiлетiн сараптамаға жатады. Сәйкессiздiктi растау кезiнде сараптама нәтижелерi бойынша қауiптi химиялық өнiмдердi кәдеге жарату немесе жою туралы шешiм қабылданады.
      2. Химиялық өнiмдердi кәдеге жарату және жою кезiндегi қауiпсiздiк мыналарды:
      1) химиялық өнiмдердi кәдеге жаратуды жүргiзуге арналған және оларға санкциясыз енудi болдырмайтын арнайы алаңдарды, объектiлердi, жұмыс орындарын;
      2) технология мен жабдықты таңдауды;
      3) химиялық өнiмдердi қауiпсiз кәдеге жарату мен жою жөнiндегi еңбектiң тәсiлдерi мен әдiстерiн;
      4) химиялық өнiмдердi кәдеге жарату мен жою үшiн бақылау және қорғау құралдарының техникалық құралдарын;
      5) апатты жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшiн қажеттi құралдармен жарақтандырудың шаралары мен тәсiлдерiн қамтитын қорғау шараларын мүлтiксiз сақтау есебiнен қамтамасыз етiлуi тиiс.

  22-бап. Химиялық өнiмдердiң өмiрлiк циклiнiң барлық
сатыларында персоналдың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
жөнiндегi талаптар

      1. Химиялық өнiмдердi шығару кезiнде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өндiрiстiк персоналдың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн нормалар белгiленуi тиiс.
      2. Химиялық өнiмдердiң өмiрлiк цикiлiнiң кезеңдерiнде еңбек ететiн өндiрiстiк персонал қауiпсiз жұмыс тәсiлдерi туралы қажеттi бiлiктiлiктерге, бiлiмге ие, бақылау мен қорғаудың қажеттi құралдарымен қамтамасыз етiлуi және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен химиялық өнiмдермен жұмыс iстеуге жiберiлуi тиiс.
      3. Химиялық өнiмдердiң өмiрлiк циклының барлық кезеңдерiндегi персоналдың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында мынадай жағдайлар сақталуы тиiс:
      1) адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауiптi химиялық өнiмдердiң әсер ету қауiп-қатерiн болдырмайтын еңбектi қорғаудың тәсiлдерi мен әдiстерiн пайдалану;
      2) жеке гигиенаның қажеттi құралдарын жеке қорғау құралдарын беру;
      3) ескертпе таңбалауды пайдалану;
      4) персоналды химиялық өнiмдермен жұмыс iстеу шараларымен таныстыру;
      5) апатты жағдайлардың алдын алу мен жою жөнiндегi шараларды әзiрлеу.
      4. Өтiнiш берушi алдын ала және мерзiмдiк медициналық қарауларды және қауiптi немесе ықтимал қауiптi химиялық өнiмдермен жұмыс жөнiндегi персоналды оқытуды қамтамасыз етуi тиiс.

  23-бап. Сәйкестiктi растау

      1. Химиялық өнiмдердiң сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Шетел мемлекетi берген сәйкестiктi растау саласындағы құжат, егер халықаралық шарттармен өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес техникалық реттеу жүйесiнде оны тану шарты кезiнде Қазақстан Республикасында жарамды деп саналады.

  24-бап. Осы Заңның талаптарын бұзғаны
үшiн жауапкершiлiк  

      Қазақстан Республикасының химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке алып келедi.

  5-тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер

25-бап. Өтпелi ережелер

      1. Адамның өмiрi мен денсаулығы, қоршаған орта үшiн химиялық өнiмдерге және оның өмiрлiк процестерiне қойылатын қауiпсiздiк талаптарын белгiлейтiн тиiстi химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттер және олармен үйлестiрiлген стандарттар күшiне енгенге дейiн мемлекеттiк реттеу осы Заңға қайшы келмейтiн бөлiгiнде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Химиялық өнiмдердiң қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттер мен олармен үйлестiрiлген стандарттардың күшiне енуiне қарай қолданыстағы заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлер мен оларды қайталайтын немесе сәйкес келмейтiн өзге де нормативтiк актiлер жойылуы тиiс.
      2. Осы Заң күшiне енгенге дейiн Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн және өткiзiлетiн химиялық өнiмдер үшiн оның сәйкестiгiн растайтын құжаттар оларда көрсетiлген қолданылу мерзiмiнiң iшiнде күшiн сақтайды.

  26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады