"Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 тамыздағы N 766 Қаулысы

       Ескерту. Заңның жобасы Қазақстан Республикасының Парламентiнен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2007.05.08. N  371  қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының
"Тауар биржалары туралы" Заңы

      Осы Заң тауар биржалары жұмыс iстеуiнiң ұйымдастырушылық және құқықтық негiздерi мен биржалық сауданы жүзеге асыруды, оның ашық және тиiмдi жұмыс iстеуiн, биржалық сауданы қатысушылардың құқықтарын және олардың арасындағы адал бәсекелестiктi қорғау мақсатында тауар биржаларының қызметiн реттеу және бақылау тәртiбiн белгiлейдi.

  1-ТАРАУ. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) биржалық сауда-саттыққа қатысушыны аккредиттеу - қатысушыны биржалық сауда-саттықта тану pәciмi;
      2) төрешi - биржалық сауда-саттыққа қатысушылар, қатысушылар және биржалық мәмiлелер жөнiндегi биржалар арасындағы нақты дауларды шешу үшiн тараптар құратын төрелiк сот;
      3) биржалық сауда - тауар биржасында сауда-саттықты, оның iшiнде электрондық сауда-саттықты жүргiзу, мәмiлелердi тiркеу және ресiмдеу жолымен жүзеге асырылатын биржалық тауарларды өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      4) биржалық тауар - тауар биржасы белгiленген тәртiппен биржалық саудаға жiберген, сатуға немесе алмасуға арналған, айналымнан алынып тасталмаған еңбек өнiмi;
      5) биржалық сауда-саттық - тауар биржасының сауда залында жүргiзу барысында биржалық тауарға сұраныстар мен ұсыныстар талқыланатын, сондай-ақ мәмiлелер жасалатын процесс;
      6) биржалық опцион - бiр тарап (биржалық опционның сатушысы) сатуға немесе сатып алуға мiндеттенетiн, ал екiншi тарап (биржалық опцион сатып алушысы) осы шартта шарттасылған баға бойынша осы шартта шарттасылған биржалық тауардың белгiлi санын сатып алу немесе сату құқығын алатын шарт;
      7) биржалық делдал - брокерлiк фирмалар және тәуелсiз брокерлер;
      8) брокер - клиенттiң есебiнен және мүддесiнде, тапсырма бойынша биржалық тауармен тауар биржасында мәмiлелер жасайтын биржалық сауда-саттықтың қатысушысы;
      9) тәуелсiз брокер - тауар биржасында аккредиттелген, өз қызметiн заңды тұлғаны құрмастан жүзеге асыратын жеке кәсiпкер ретiнде тiркелген жеке тұлға;
      10) брокерлiк ұйым - биржалық делдал болып табылатын және тауарлық биржада осы Заңға және тауар биржасының iшкi құжаттарына сәйкес делдалдық қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      11) тауар биржасының iшкi құжаттары - тауар биржасына қатысушылардың қызметiн, тауар биржасының, оның органдарының, құрылымдық бөлiмшелердiң жұмысын, қызмет көрсету, оларды төлеудiң тәртiбi мен мөлшерiнiң шарттары мен тәртiбiн реттейтiн құжаттар;
      12) мемлекеттiк инспектор - тауар биржасының және биржа делдалдарының Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтауға бақылауды жүзеге асыру үшiн тағайындалатын уәкiлеттi органның лауазымды тұлғасы;
      13) тауар биржаларының мемлекеттiк тiзiлiмi - уәкiлеттi орган қалыптастыратын тауар биржаларының тiзiмi;
      14) дилер - өз мүддесi үшiн және өз есебiнен биржалық тауармен мәмiле жасайтын биржалық сауда-саттыққа қатысушы;
      15) клиент - тауар биржасының аккредиттелген қатысушыларының қызметтерiн пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға;
      16) клирингтiк орталық (есеп беру палатасы) - қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке немесе екiншi деңгейлi банк арқылы мәмiлелердi жасау нәтижесiнде биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың арасында өзара талаптар мен мiндеттемелерге есеп айыруға негiзделген қолма-қол ақшасыз есеп айырысу рәсiмдерiн қамтамасыз ететiн тауар биржасының мамандандырылған ұйымы немесе бөлiмшесi;
      17) биржалық тауарларға баға белгiлеу - әрбiр сауда күнiнiң аяқталуы бойынша биржалық тауардың әрбiр түрiне орташа өлшемдi бағаны анықтау, ұйымдасқан биржалық рынокта тауар биржасында белгiлi бiр уақытта жеке алынған осы биржалық тауарға сұраныстың және (немесе) ұсыныстың бағасы;
      18) опциялық мәмiле - объектiсi опциялық келiсiм-шарт болып табылатын биржалық мәмiле;
      19) опциялық келiсiм-шарт - сыйақының орнына сатып алушыға белгілi бiр уақыт кезеңiнiң iшiнде немесе белгiлi бiр күнге (опцион мерзiмi аяқталған күнге) опцион сатушысынан орындау бағасы бойынша қаржы активiн сатып алуға немесе сатуға құқық (мiндеттемесiз) беретiн келiсiм-шарт;
      20) бiр жолғы келушi - биржалық споттық сауда-саттыққа қатысушы, биржалық тауармен өз мүддесiнде, өз атынан және өз есебiнен мәмiлелер жасайтын заңды немесе жеке тұлға өкiлi немесе жеке тұлғаның өзi;
      21) қойма құжаттары - тауарды сақтауға қабылдағанда растауға тауар қоймасы беретiн қарапайым, қосарлы қойма куәлiгi және басқа құжаттар;
      22) спот - тауар (нақты тауар) - шұғыл жеткiзiлетiн немесе қоймада тұрған тауар немесе оны алдағы уақытта жеткiзiлетiн жеке қасиеттерге ие тауар;
      23) жедел келiсiм-шарт - орындау мерзiмi ұзартылған биржалық тауарды абсолюттiк немесе шартты сатып алу-сатуға арналған келiсiм шарт, оларға: фьючерс, форвард, опцион жатады;
      24) тауар биржасы - биржалық сауданың белгiленген ережелерi бойынша белгiлi бiр орында және белгiлi бiр уақытта көпшiлiк сауда-саттықты тұрақты жүргiзу арқылы биржалық тауарларды көтерме сату бойынша ұйымдастырушылық және реттеушi қызметтi жүзеге асыратын коммерциялық емес, өзiн-өзi қаржыландыратын және өзiн-өзi басқаратын ұйым;
      25) тауар биржасының сауда жүйесi - пайдалана отырып, биржалық тауарлар мен сауда-саттыққа қатысушыларының арасында мәмiле жасаумен бiрге, сауда-саттық жүзеге асырылатын материалдық-техникалық құралдардың, бағдарламалық өнiмдердiң, тауар биржасының iшкi құжаттарының және өзге де қажеттi активтер мен рәсiмдер кешенi;
      26) уәкiлеттi орган - тауар биржаларының қызметi саласында мемлекеттiк реттеудi және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      27) форвардтық мәмiле - биржалық сауда-саттыққа қатысушы өзiне мәмiле жасалған сәтте келiсiлген баға бойынша орындау мерзiмi ұзартылған тауарды жеткiзуге/қабылдауға мiндеттеме ала отырып, нақты биржалық тауармен жасалатын операция түрi;
      28) фьючерстiк мәмiле - сауда-саттыққа қатысушылардың өзiне мәмiле жасалған сәтте белгiленген баға бойынша биржалық тауардың белгiлi бiр санын болашақта белгiлi бiр кезеңде жеткiзуге/қабылдауға мiндеттеме қабылдай отырып, тауар биржасында стандартты келiсiм-шартпен жасалатын операция түрі;
      29) хеджирлеу - биржалық тауарларға баға өзгерген кезде тәуекелден сауда-саттыққа қатысушылардың мүлiктiк мүдделерiн қорғаудың биржалық тетiгi;
      30) тауар биржасының мүшесi - тауар биржасының қаржылық капиталын қалыптастыруға қатысатын не тауар биржасының мүлкiне мүшелiк немесе өзге де мақсатты жарналар кiргiзетiн және оның құрылтайшы құжаттарында көзделген тәртiпте тауар биржасының мүшесi болып табылатын заңды және (немесе) жеке тұлға.

       2-бап. Тауар биржалары туралы Қазақстан Республикасының
               заңнамасы

      1. Тауар биржалары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Тауар биржаларының, олардың филиалдарының, өкiлдiктерiнiң қызметiмен байланысты қарым-қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданған тауар биржаларының құрылтайшы құжаттарымен, олардың iшкi тәртiптерiмен және ережелерiмен реттеледi.
      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Биржалық сауданың принциптерi

      Қазақстан Республикасында биржалық сауда мынадай принциптерге негiзделедi:
      1) биржалық мәмiлелердi жасаудың ерiктiлiгi;
      2) биржалық саудаға қатысушылардың тең құқықтылығы;
      3) тауар биржасында сұраныс пен ұсыныс негiзiнде бағаның еркiн қалыптасуы;
      4) адал бәсекелестiк.

  2-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТIН МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

       4-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) тауар биржаларының қызметi аясында бiртұтас мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
      2) тауар биржаларының қызметiн дамыту саласында бағдарламаларды бекiтедi;
      3) Тауар биржаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне тауар биржасы туралы мәлiметтердi енгiзу шарты мен тәртiбiн айқындайды;
      4) тауар биржалары арқылы өткiзiлуi мүмкiн Биржалық тауарлар тiзбесiн және ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерiн бекiтедi.

       5-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:
      1) тауар биржалары қызметтерiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүргiзедi;
      2) Қазақстан Республикасының тауар биржалары қызметiн дамыту мәселелерi жөнiндегi заңнаманы жетiлдiру бойынша ұсыныстар енгiзедi;
      3) Тауар биржаларының мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi;
      4) тауар биржаларының қызметiне талдау жүргiзедi;
      5) тауар биржалары туралы заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
      6) тауар биржасына мемлекеттiк инспекторды тағайындайды;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын коммерциялық немесе өзге құпияларды құрайтын мәлiметтердi қоспағанда, тауар биржалары мен биржалық сауда қызметiнiң мәселелерi бойынша ақпараттарды жариялайды;
      8) тәжiрибе алмасу, мамандарды дайындау және өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелер бойынша шетелдiк тауар биржаларымен өзара iс-қимылды жүзеге асырады.

       6-бап. Мемлекеттiк инспектор

      1. Мемлекеттiк инспектор:
      1) тауар биржаларының, клирингтiк орталықтың қызметiн және биржалық делдалдардың биржалық қызметiн тексерудi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады;
      2) тауар биржаларының және биржалық делдалдардың Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтары туралы шағымдары мен өтiнiштерiн, оның iшiнде тауар биржаларының санкцияларды заңсыз қолдануына арналған шағымдарды тексередi;
      3) уәкiлеттi органға шағымдар мен өтiнiштердi тексеру нәтижелерi бойынша қорытынды ұсынады;
      4) мемлекеттiк сатып алу процестерiн реттеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi органның мамандарын және (немесе) уәкiлеттi органды тексерулерге қатысуын тарту;
      5) биржалық саудаға қатысады;
      6) тауар биржасын басқару органының жиналыстары мен отырыстарының барлық, оның iшiнде құпиялылық сипаттағы хаттамаларын және олардың шешiмдерiн қоса алғанда, тауар биржасының қызметi туралы ақпаратпен танысады;
      7) уәкiлеттi органның шешiмiн орындауға бақылауды жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк инспектор мыналарға:
      1) тауар биржаларының және биржалық сауда қызметiнде барлық биржалық саудаға қатысушылардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге;
      2) қандай да бiр биржалық саудаға қатысушыларды кемсiтушiлiктiң кез келген нысанының алдын алуға мiндеттi.
      3. Тексерудiң материалдары бойынша мемлекеттiк инспектор:
      1) бiр ай iшiнде тауар биржасының басшылығына немесе биржалық делдалға табылған заңнаманы бұзушылықты жою туралы ұсыныстар бередi;
      2) өз ұсыныстарының көшiрмелерiн уәкiлеттi органға жiбередi.
      4. Мемлекеттiк инспектордың мыналарға:
      1) биржалық саудаға тiкелей немесе жанама қатысуға;
      2) тексеру кезiнде тауар биржасының немесе биржалық делдалдың қандай да бiр құжаттарын немесе материалдарын алып қоюға;
      3) орындалуы мiндеттi жеке шешiм қабылдауға;
      4) тексеру процесiнде алынған және олардың коммерциялық құпиясынан тұратын тауар биржалары және биржалық саудаға қатысушылар туралы ақпаратты жария етуге құқығы жоқ.

  3-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАСЫН ҚҰРУ

       7-бап. Ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны

      1. Осы Заңға сәйкес тауар биржасының нысанында тiркелмеген заңды тұлғаның атауы "тауар биржасы" немесе одан шығатын кез келген үйлесiмдегi сөздердi қамти алмайды.
      Тауар биржасы заңды тұлғаның дербес ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны болып табылады.
      2. Тауар биржасы жаңа заңды тұлғаны құру жолымен, сондай-ақ жұмыс iстеп тұрған заңды тұлғаны осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актiлерiнде белгіленген тәртiпте қайта құру нәтижесiнде құрылуы мүмкін.
      3. Тауар биржасы Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде қызметiне тиiсiнше Қазақстан Республикасы заңнамасының және филиалы, өкiлдiгi, бөлiмшесi тұрған елдiң заңнамасының күшi қолданылатын өзiнiң филиалын, өкiлдiгiн құруға құқылы.

       8-бап. Тауар биржаларының сыныптамасы

      1. Биржа сауда-саттық ұйымдарының нысаны бойынша тауар биржасы мыналарға бөлiнедi:
      1) сауда-саттықтың қатысушылары оның жарғысына сәйкес тек тауар биржасының мүшелерi болып табылатын жабық тауар биржалары;
      2) биржалық сауда-саттыққа бiр жолғы келушiлердiң қатысуына рұқсат беретiн ашық тауар биржалары.
      2. Мамандандыру бойынша тауар биржалары:
      1) өзара бiрiн-бiрi алмастырмайтын биржалық тауарлардың бiрнеше топтары бойынша мәмiлелер жасалатын әмбебап;
      2) өзара бiрiн-бiрi алмастыратын биржалық тауарлардың топтары болып табылатын мамандандырылған болуы мүмкiн.

       9-бап. Тауар биржасының құрылтайшылары

      1. Тауар биржасының құрылтайшылары оны құру туралы шешiм қабылдаған заңды және жеке тұлға болып табылуы мүмкiн.
      2. Құрылтайшылар тауар биржасын құрумен байланысты шығыстарды төлеу кезiнде ортақ қатысуды қабылдайды.

       10-бап. Тауар биржасының жарғысы

      1. Тауар биржасының жарғысында мыналар:
      1) тауар биржасының атауы, оның iшiнде ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны, сыныптамасы және тұрған орнынан;
      2) тауар биржасы қызметiнiң мәнi мен мақсатынан;
      3) тауар биржасын басқару органдарының құрылымы, қалыптастыру тәртiбi және құзiретi, олардың шешiмдер қабылдау тәртiбiнен;
      4) тауар биржасының мүшелiгiне қабылдаудың, мүшелiктi тоқтата тұрудың және тоқтатудың шарты мен тәртiбiнен;
      5) тауар биржалары мүшелерiнiң және басқа биржалық саудаға қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерiнен;
      6) тауар биржасының мүлкiн, сондай-ақ тауар биржасы мүшелерiнiң мүлiктiк жауапкершiлiгiн қалыптастыру көздерiнен;
      7) тауар биржасы жарғылық капиталының мөлшерiнен;
      8) биржалық сауда бойынша құжаттарды қабылдау (бекiту) тәртiбiнен;
      9) биржалық саудаға қатысушылар арасындағы дауларды шешу тәртiбiнен;
      10) тауар биржасының, оның филиалдарының, өкiлдiктерiнiң қызметiн ұйымдастыру, сондай-ақ олар туралы мәлiметтен;
      11) тауар биржасының құрылтайшы құжаттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбiнен;
      12) тауар биржасының қызметiн қайта ұйымдастыру және тоқтату шартынан;
      13) тауар биржасын таратқан жағдайда мүлiктi пайдалану тәртiбiнен тұруы тиiс.
      2. Тауар биржасының жарғысы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де ережелердi көздеуi мүмкiн.
      3. Тауар биржасының жарғысына өзгерiс пен толықтыру оның жоғары басқару органының шешiмi бойынша енгiзiледi.

       11-бап. Биржалық одақтар, тауар биржаларының
                қауымдастықтары

      1. Тауар биржалары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қызметiн үйлестiру, өз мүшелерiнiң мүдделерiн қорғау және бiрлескен, оның iшiнде бiрлескен биржалық сауда-саттықты ұйымдастыру жөнiндегi бағдарламаларды жүзеге асыру үшiн биржалық одақтар, қауымдастықтар құруы мүмкiн.
      2. Егер оларды құру Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының және осы Заңның талаптарына қайшы келсе, сондай-ақ биржалық саудада бәсекелестiктi жоюға немесе шектеуге алып келу мақсаты бар келiсiм мен тауар биржаларының күшi жарамсыз деп табылса, биржалық одақтарды, қауымдастықтарды құруға тыйым салынады.

  4-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАСЫНЫҢ ЖАРҒЫЛЫҚ КАПИТАЛЫ ЖӘНЕ МYЛКI

       12-бап. Тауар биржасының жарғылық капиталы

      1. Тауар биржасы жарғылық капиталының ең аз мөлшерi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы Заңында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 5 000 еселiк мөлшерiн құрайды.
      2. Тауар биржасының жарғылық капиталы құрылтайшылардың салымдары енгiзу жолымен қалыптасады. Салым мөлшерi тауар биржасының құрылтайшы құжаттарында белгiленедi.
      3. Жарғылық капиталды құрылтайшылар заңды тұлғаны тiркеу сәтiне толық төлеп болуы тиiс.
      4. Тауар биржасының құрылтайшысы өз үлесiн сатуға немесе өзге тәсiлмен беруге құқылы. Тауар биржасының құрылтайшысы үшiншi тұлғалардың алдында үлес сатып алудың басым құқығын пайдалана алады. Үлестi сатып алу құқығын құрылтайшылар, үшiншi тұлғалар пайдалануды қаламаған кезде үлестi тауар биржасы сатып алады.
      5. Тауар биржасы сатып алған үлес оның теңгерiмiнде бiр жылдан артық болмауы тиiс. Бiр жыл iшiнде iске асырылмаған үлес жарғылық капиталды тиiстi азайтумен өтеледi.

       13-бап. Тауар биржасының мүлкi және оны қалыптастырудың
                көздерi

      1. Тауар биржасының меншiгiнде немесе жедел басқаруында жылжымайтын мүлiк объектiлерi, заттар, мүлiктiк құқықтар, оның iшiнде жердi пайдалануға арналған құқық пен зияткерлiк қызмет нәтижелерiне арналған құқық және оның жарғысында көзделген тауар биржасының қызметiн материалдық қамтамасыз ету үшiн қажеттi өзге мүлiк болуы мүмкiн.
      2. Заңнамалық актiлерге сәйкес ақшалай және өзге нысандарда тауар биржасының мүлкiн қалыптастыру көздерi мыналар:
      1) тауар биржасының құрылтайшылары мен мүшелерiнен түсетiн түсiмдер;
      2) жұмыстарды, қызметтердi iске асырудан түсетiн түсiмдер (кiрiстер);
      3) биржалық сауда-саттыққа қатысушылардан түсетiн ерiктi мүлiктiк және ақшалай жарналар;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде тыйым салынбаған басқа түсiмдер болып табылады.
      3. Заттай және өзге нысандардағы (ақшалай түсiмдi қоспағанда) түсiмдер ақшалай нысанда бағаланады. Егер салымның құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы заңымен белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң баламалы жиырма мың мөлшерi сомасынан асатын болса, оның бағасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлген лицензия негiзiнде жұмыс iстейтiн бағалаушы растауы тиiс.
      4. Тауар биржасы оған тиiстi барлық мүлiктерге өз мiндеттемелерi бойынша жауап бередi, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттемелердi алуы және жүзеге асыруы, сотта талап-арыз берушi және жауапкер болуы мүмкiн.
      5. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлық биржасының құрылтайшылары оның мiндеттемелерiне жауап бермейдi және тауар биржасының қызметiмен байланысты әрi олардың салымдары мөлшерiнiң шегiнде шығындардың тәуекелдерiн көтередi.

  5-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАСЫНЫҢ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫ МЕН MҮШЕЛЕРI

       14-бап. Тауар биржасының басқару органдары

      Тауар биржасының басқару органдары мыналар болып табылады:
      1) жоғарғы орган - тауар биржасы құрылтайшыларының және олардың мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн сақтауды қамтамасыз ететiн тауар биржасы құрылтайшыларының жалпы жиналысы;
      2) атқарушы орган - тауар биржасы қызметiне ағымдық басшылықты жүзеге асыратын және тауар биржасының жоғары органына есеп беретiн орган. Атқарушы орган құрамында кемiнде үш мүше бар алқалық немесе жеке-дара болуы мүмкiн;
      3) бақылау органы (ревизиялық комиссия) - жоғары басқару органы сайлайтын орган. Құзыретiн тауар биржасының жарғысы айқындайды. Бақылауды атқару органы айқындайтын тәуелсiз аудитор (тәуелсiз ұйым) жүзеге асыруы мүмкiн.

       15-бап. Тауар биржасы құрылтайшыларының жалпы жиналысы

      1. Тауар биржасы құрылтайшыларының жалпы жиналысы тауар биржасы қызметiнiң кез келген мәселелерi бойынша шешiм қабылдауға құқылы.
      2. Құрылтайшылардың жалпы жиналысы құрылтайшылардың жалпы санының кемiнде үштен екiсi болған кезде шешiм қабылдауға құқылы.
      3. Тауар биржасы құрылтайшыларының жалпы жиналысының шешiмi, егер ол үшiн құрылтайшылардың жалпы жиналысында қатысқандардың елу пайызынан астамы дауыс берсе қабылданған болып есептеледi.
      4. Тауар биржасының мүшелерi дауыс беруге қатысу құқығынсыз құрылтайшылардың жалпы жиналысына қатыса алады.
      5. Құрылтайшылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мынадай:
      1) құрылтайшы құжатын бекiту қабылдау, өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
      2) құрылтайшылардың жалпы жиналысының күн тәртiбiн бекiту;
      3) ерiктi қайта ұйымдастыру және тарату;
      4) ұйымдастыру құрылымын, тауар биржасын басқару органдарының өкiлеттiктерiн қалыптастыру және тоқтату тәртiбiн айқындау;
      5) атқару органын, бақылау органын (ревизиялық комиссия) және оның басшысын сайлау оның өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату;
      6) жарғыда көзделген басқа органдарды сайлау;
      7) жарғылық капиталдың мөлшерiн өзгерту;
      8) тауар биржасының басқару органы басшыларының жылдық қаржылық есептiлiгi мен есеп беруiн тыңдау және бекiту;
      9) тауар биржасының мүлкiне иелiк етудiң тәртiбiн белгiлеу.
      6. Тауар биржасы құрылтайшыларының жалпы жиналысын тауар биржасының орындаушы органы кемiнде жылына бiр рет шақырады.
      7. Тауар биржасының жарғысында шешiмдер қабылдауы құрылтайшылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер көзделуi мүмкiн.

       16-бап. Тауар биржасының атқарушы органы

      1. Басқарудың алқалы немесе жеке-дара атқару органын құрылтайшылардың жалпы жиналысы үш жыл мерзiмге сайлайды.
      2. Атқару органының басшысы атқару органының ағымдағы қызметiне басшылық жасайды.
      3. Атқару органының басшысы:
      1) құрылтайшылардың жылдық және кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешiм қабылдайды;
      2) тауар биржасы қызметшiлерiнiң штаттық кестесiн, жалақы ставкасын, еңбекақы және сыйлықақы туралы ережесiн бекiтедi;
      3) тауар биржасының атынан сенiмхатсыз iс-әрекет етедi, барлық инстанциялар мен ұйымдарда оның мүдделерiн бiлдiредi;
      4) шарттарды жасайды, сенiмхаттар бередi, банктерде шоттар ашады;
      5) тауар биржасының функционалдық бөлiмшелерiнiң қызметiне бақылауды жүзеге асырады;
      6) статистикалық және бухгалтерлiк есептiң жүргiзiлуiне, қаржылық операцияларға жекелей алғанда ақша қорларын (қаржы ресурстарын) құруға, бөлуге және пайдалануға бақылауды жүзеге асырады;
      7) тауар биржасының филиалдарын және өкiлдiктерiн құру туралы шешiм қабылдайды;
      8) қоғамның жарғысында және құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешiмдерiмен айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.

       17-бап. Тауар биржасының бақылау органы (ревизиялық
                комиссия)

      1. Тауар биржасының қаржы-шаруашылық қызметiне бақылауды жүзеге асыру үшiн тауар биржасының кемiнде үш мүшесi бар құрамдағы бақылау органы (ревизиялық комиссия) құрылады.
      2. Тауар биржасының бақылау органының (ревизиялық органның) мүшелерi атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
      3. Тауар биржасының бақылау органы (ревизиялық комиссия) тауар биржасы құрылтайшыларының жалпы жиналысына тiкелей бағынады және олардың алдында өз жұмысы туралы есеп бередi.

       18-бап. Тауар биржасының мүшелерi

      1. 1-баптың 30-тармақшасында айқындалған заңды және (немесе) жеке тұлғалар (осы баптың 2-тармағында айтылғандарды қоспағанда) тауар биржасының мүшелерi бола алады.
      2. Мыналар тауар биржасының мүшелерi бола алмайды:
      1) осы немесе қандай да бiр басқа тауар биржасының қызметшiлерi;
      2) егер, олардың басшылары (олардың басшыларының орынбасарлары немесе олардың филиалдарының және өкiлдiктерiнiң басшылары) осы тауар биржасының қызметшiлерi болып табылса, ұйымдар;
      3) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар;
      4) қоғамдық, дiни және қайырымдық бiрлестiктерi (ұйымдар) мен қорлар;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыра алмайтын жеке тұлғалар.
      3. Тауар биржасына мүшелiк мыналарға:
      1) осы Заңға сәйкес тауар биржаларына қатысуға;
      2) құрылтай құжатында және тауар биржасында қолданыстағы басқа да ережелерде белгiленген ережелерге сәйкес тауар биржалары мүшелерiнiң жалпы жиналыстарындағы шешiмдердiң қабылдануына, сондай-ақ тауар биржаларын басқа да басқару органдарының осы Заңда көрсетiлген жағдайлардан басқа жұмысына қатысуға құқық бередi.
      4. Тауар биржасына мүшелiк тауар биржасының құрылтай құжатында белгiлеген тәртiпте және шарттарда туындайды әрi тауар биржасы беретiн тиiстi куәлiкпен расталады.
      5. Мүшелiктi тоқтату тәртiбi, сондай-ақ тауар биржасы мүшесiнiң құқықтарын толықтай немесе iшiнара беру осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген талаптарды ескере отырып, айқындалады.
      6. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, жарғылық капитал үлесiне меншiктiң куәлiктерiн және тауар биржасын басқаруға қатысу құқықтарын бермей-ақ немесе сатпай-ақ биржа саудасына қатысуға арналған құқықтық беруге жол берiлмейдi.
      7. Осы заңды iске асыру мақсатында тауар биржасы мүшелерiнiң өзiнiң биржаға қатысуға арналған құқығын тек бiр ғана заңды немесе жеке тұлғаға жалға беруге (шартта айқындалған мерзiмге беруге) құқығы бар. Шарт тауар биржасында тiркелуге жатады. Биржа саудасына қатысуға арналған құқықты қайта жалға беруге (қайтадан беруге) жол берiлмейдi.

       19-бап. Тауар биржасының қызметшiлерi

      1. Тауар биржаларының қызметшiлерi тауар биржасында, оның филиалдары мен өкiлдiктерiнде жұмысты орындайтын заңды тұлғалар болып табылады.
      Тауар биржасының қызметшiлерi еңбегiнiң шарттары Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына сәйкес шартпен реттеледi.
      2. Тауар биржасының қызметшiлерiне биржалық мәмiлелерге қатысуға және меншiктi брокерлiк ұйымдарды құруға, сондай-ақ қызметтiк ақпаратты өз мүдделерiнде пайдалануға тыйым салынады.

  6-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТI

       20-бап. Тауар биржасының қызметi

      1. Тауар биржасының негiзгi қызмет түрi биржалық жария, көпшiлiк, оның iшiнде қазiргi заманғы коммуникацияларды пайдалана отырып, айқындалған ережелер бойынша алдын ала белгiленген жерде, белгiлi бiр уақытта биржалық сауда-саттықты жүргiзудi білдiретiн биржалық тауарлармен сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргiзу болып табылады.
      2. Тауар биржасы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) спот-тауарлармен сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргiзу;
      2) мерзiмдiк келiсiм-шарттармен (фьючерспен, форвардпен және опционмен) сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргiзу;
      3) спот-тауарлармен мәмiлелердi тiркеу;
      4) тауарларға және тауарлық фьючерстермен, форвардтармен мерзiмдiк келiсiм-шарттарға арналған опциондардың жүгiнулерiмен, сондай-ақ қойма құжаттарымен байланысты мәмiлелердi тiркеу;
      5) биржалық мәмiлелер бойынша есеп айырысуларды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      6) биржалық тауарларға арналған биржалық бағаларды айқындау (белгілеу);
      7) биржалық тауардың сапасына сараптама жасау;
      8) ұйымдық, консультациялық, ақпараттық, әдiстемелiк және өзге де қызметтердi көрсету;
      9) биржалық тауарлар рыногына талдамалық зерттеулер жүргiзу;
      10) биржалық қызмет туралы ақпаратқа жататын баспа өнiмiн шығару;
      11) биржалық тауар рыногының қатысушыларын оқыту және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi оқу курстарын ұйымдастыру;
      12) тауар биржасының сауда-саттық жүйесiн пайдалану;
      13) тауар биржасына қатысушылар арасындағы дауларды шешу;
      14) тауар биржасының iшкі құжаттарында көзделген өзге де функциялар.
      3. Тауар биржасына тауар биржасының сауда-саттық-делдалдық ұйымымен тiкелей байланысты емес сауда-саттық және өзге қызметтi жүзеге асыруына тыйым салынады. Бұл шектеу тауар биржасының мүшелерi болып табылатын заңды және жеке тұлғаларға қолданылмайды.
      4. Тауар биржасы өз атынан осы Заңмен және өзге де заңнамалық актiлер мен оған берiлген құқықтар шегiнде шетелдiк заңды және жеке тұлғалармен ынтымақтастық туралы келiсiмдер, оның iшiнде бұл тауарларды биржалық саудаға қою құқығынсыз тауар биржасының қызметiн жүзеге асыруға арналған тауарлардың импорты туралы келiсiмдер жасасуға құқылы.

       21-бап. Тауар биржаларындағы ақшалай жарналар

      1. Тауар биржасы өз қызметiн биржа мүшелерiнiң кiру және жыл сайынғы жарналары, биржалық мәмiлелер үшiн, биржалық мүлiктi пайдаланғаны, осы баптың 2-тармағында көрсетiлген биржалық мәмiлелердi, ақша қаражаттарын тiркеу және ресiмдеу үшiн алымдар, басқа да түсiмдер есебiнен жүзеге асырады.
      2. Тауар биржасы мыналарды:
      1) биржалық саудаға қатысушылардың қаржылық мiндеттемелерiнiң мөлшерлерi мен енгiзу тәртiбiн;
      2) биржалық сауданың ережелерiне сәйкес төлемдердiң мөлшерiн;
      3) тауар биржасының жарғысын, тауар биржасының ережелерiн және биржалық сауданың ережелерiне сәйкес тауар биржасының iшкi құжаттарында белгiленген басқа да ережелердi бұзғаны үшiн алынатын айыппұлдарды белгiлеуге құқылы.
      3. Тауар биржасына мыналарды:
      1) биржалық мәмiлелердегi делдалдық үшiн биржалық делдалдар алатын сыйлықақы мөлшерiн;
      2) биржалық саудадағы биржалық тауарға арналған бағалардың деңгейлерi мен шектерiн белгiлеуге тыйым салынады.
      4. Биржалық сауда-саттыққа қатысушылардан алынатын төлемдердiң жетiмдi болуы тиiс.

       22-бап. Биржалық мәмiле

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына және биржалық сауда ережелерiне сәйкес ол жүргiзген сауда-саттыққа қатысушылардың биржада жасалатын биржадағы айналымға жiберiлген мүлiгi мәнi болатын мәмiле биржалық мәмiле болып табылады.
      Биржалық мәмiлелердi тiркеу және ресiмдеу тәртiбiн тауар биржасы белгiлейдi.
      2. Тауар биржасында жасалған, бiрақ осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес емес мәмiлелер биржалық болып табылмайды. Мұндай мәмiлелерге тауар биржасының кепiлдiгi қолданылмайды. Тауар биржасы осы тауар биржасына биржалық емес мәмiлелер жасайтын тауар биржасының қатысушыларына санкциялар қолдануға құқылы емес.
      3. Биржалық мәмiлелер тауар биржасының атынан және есебiнен жасалмайды.

       23-бап. Биржалық мәмiлелердiң түрлерi

      Тауар биржасында мыналармен:
      1) нақты тауарға қатысты құқықтар мен мiндеттердi өзара беруге;
      2) мерзiмi кейiнге қалдырылған нақты тауарға (форвардты мәмiлелер) қатысты құқықтар мен мiндеттердi өзара беруге;
      3) биржалық тауарды болашақта жеткiзуге немесе сатып алуға (фьючерлiк мәмiлелер) арналған стандартты келiсiм-шарттарға қатысты құқықтар мен мiндеттердi өзара беруге;
      4) биржалық тауарға немесе биржалық тауарды жеткiзуге арналған келiсiм-шарттарға (опциондық мәмiлелер) қатысты құқықтар мен мiндеттердi болашақта табыстау құқығына арналған құқықтарды беруге;
      5) қойма куәлiктерiне қатысты құқықтар мен мiндеттемелердi өзара-беруге мәмiлелер;
      6) биржалық саудаларының ережелерiмен белгiленген биржалық тауарлармен, келiсiм-шарттармен немесе құқықтармен басқа да мәмiлелер жасалады.

       24-бап. Форвардтық, фьючерстiк және опциондық
                мәмiлелердi жасау кезiндегi биржалық саудадағы
                кепiлдер

      1. Тауар биржасы онда жасалатын форвардтық, фьючерстiк және опциондық мәмiлелердiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте құрылатын есеп айырысу мекемелерiн (клирингтiк орталықтар) құру немесе екiншi деңгейдегi банкпен немесе кредиттiк мекемемен есеп айырысу (клирингтiк) қызметiн көрсетудi ұйымдастыру туралы шарт жасасу жолымен есеп айырысу қызметiн көрсетудi ұйымдастыруға мiндеттi.
      2. Осы тауар биржасында аккредиттелген қатысушылардың форвардтық, фьючерстiк және опциондық мәмiлелердi жасауға құқығы бар.
      3. Форвардтық, фьючерстiк және опциондық мәмiлелер бойынша мiндеттердiң орындалуына кепiлдiк беру мақсатында қатысушылар тауар биржасының iшкi құжаттарына сәйкес кепiл енгiзедi.
      4. Форвардтық, фьючерстiк және опциондық мәмiлелер сауданың автоматтандырылып жүргізiлуiн, клирингтiң жүргiзiлуiн, белгiлеу өзгерiстерiнiң серпiнiн қамтамасыз ететiн бағдарламалық құралдардың арнайы кешенi болған кезде ғана жасалуы мүмкiн.
      5. Тауар биржасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес мерзiмдiк келiсiм-шарттар рыногының қатысушыларына клирингтiк орталық арқылы есеп айырысу қызметiн көрсетудi жүзеге асырады.
      6. Клирингтiк орталықтар биржалық делдалдар ұйымның тауар биржаларынан тәуелсiз де, тауар биржасының құрамындағы клирингтiк орталық - арнайы ұйымдық құрылымдық бөлiмше сияқты да құрылуы мүмкiн.
      7. Клирингтiк орталықтар:
      - форвардтық, фьючерстiк және опциондық мәмiлелердiң орындалуына және бұл мәмiлелер бойынша мiндеттемелердiң толық немесе iшiнара орындалмау нәтижесiнде пайда болған зиянды өтеуге, сондай-ақ бұл мәмiлелердiң қатысушыларының басқа да қаржылық мiндеттемелерiн айқындауға кепiлдiк беретiн жарналардың түрлерiн, мөлшерлерi мен алыну тәртiбiн белгiлеуге;
      - белгiленген тәртiпте форвардтық, фьючерстiк және опциондық мәмiлелерге қатысушыларға бұл мәмiлелерге кепiлдiк беруге қажеттi шектерде кредит берудi жүзеге асыруға;
      - тауар биржасының iшкi құжаттарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқылы.
      8. Тауар биржасы жасалатын биржалық фьючерстiк, форвардтық және опциондық мәмiлелерге кепiлдiк беру мақсатында өз қаражатына да және тапсырма бойынша және клиенттердiң қаражатына да мәмiлелер жасайтын клиенттер мен клирингтiк орталық арасындағы фьючерстiк рыноктағы клирингтiк орталық мүшелерiнiң, биржалық делдалдың қатысуымен кепiлдiк және өзге де қорларды құруға құқылы.

       25-бап. Биржалық баға

      1. Тауарға биржалық баға белгілi бiр уақытта осы биржалық тауарға сұраныс пен ұсыныстың бағаларын белгiлеу нәтижесiнде, сондай-ақ биржа белгiлеген әдiстеме бойынша әрбiр сауда күнiнiң аяқталуына қарай биржалық тауардың әрбiр түрiне орташа өлшемдi бағаны айқындау нәтижесiнде құралады.
      2. Тауар биржалары ай сайын бұқаралық ақпарат құралдарында сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, биржалық тауарларға айқындалған баға белгiлеудi жариялауға мiндеттi.

       26-бап. Биржалық сауда ережесi

      1. Биржалық сауда ережесiн тауар биржасының атқарушы органы бекiтедi.
      2. Биржалық сауда ережелерi тауар биржаларына айналымға жiберiлген биржалық тауарлармен мәмiлелер жасау кезiнде биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың қызметiн, сондай-ақ тауар биржасы мен биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың арасында пайда болған құқықтық қатынастарды реттейдi.
      3. Ереже биржалық саудаға барлық қатысушылар үшiн мiндеттi болып табылады және олар мыналарды көздейдi:
      1) тауар биржаларының негiзгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң функцияларын;
      2) биржалық саудаға қатысушыларға болатын биржалық сауда-саттық туралы хабарлау тәртiбiн;
      3) биржалық сауданы өткiзу тәртiбiн;
      4) биржалық саудаға рұқсат беру тәртiбiн;
      5) биржалық мәмiлелердiң түрлерiн;
      6) биржалық мәмiлелердi тiркеудiң және есепке алудың тәртiбiн;
      7) биржалық тауарларға бағаларды тiркеудiң (белгiлеудiң) тәртiбiн;
      8) биржалық саудаға қатысушыларға болатын биржалық сауда-саттықтағы биржалық мәмiлелер туралы, оның iшiнде биржалық мәмiлелердiң бағалары туралы және биржалық бағаларды белгiлеу туралы хабарлау тәртiбiн;
      9) биржалық мәмiлелердi жасасу кезiнде биржалық сауда-саттыққа қатысушылар арасындағы өзара есеп айырысулар тәртiбiн;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi сертификаттауға жататын және оған уәкiлеттiгi бар орган берген немесе таныған сертификат және сәйкестiк белгiсi болған кезде Қазақстан Республикасының аумағында сатуға арналған биржалық сауда-саттығында өткiзiлетiн биржалық тауарлардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды;
      11) биржалық сауда-саттықтарда реттiлiк пен тәртiптi қамтамасыз ететiн шараларды, сондай-ақ осы шараларды қолдану тәртiбi мен шарттарын;
      12) тауар биржасы мүшелерiнiң және биржалық саудаға басқа да қатысушылардың мемлекеттік органдардың тауар биржаларының қызметiне жататын мәселелер жөнiндегi шешiмдерiн, тауар биржасының құрылтай құжаттарын, биржалық сауданың ережелерiн, тауар биржасы мүшелерiнiң жалпы жиналысының және тауар биржасын басқарудың басқа да органдарының шешiмдерiн сақтауды қамтамасыз ететiн шараларды;
      13) биржа тауарларының номенклатурасын;
      14) аударымдардың, алымдардың, тарифтер мен басқа да төлемдердiң мөлшерiн және тауар биржасының оларды өндiрiп алу тәртiбiн;
      15) тауар биржаларындағы брокерлер мен дилерлердi аккредиттеу тәртiбiн;
      16) тауар биржасының сауда-саттыққа қатысушылардың биржа жарғысын, биржалық сауда ережелерiн және биржаның басқа да iшкi құжаттарын бұзғаны үшiн өндiрiлiп алынатын айыппұл санкцияларын салу тәртiбiн.

  7-ТАРАУ. БРОКЕРЛIК-ДИЛЕРЛIК ҚЫЗМЕТ

       27-бап. Биржа сауда-саттығына қатысушылар

      1. Тауар биржасында аккредиттелген тауар биржаларының мүшелерi, брокерлер мен дилерлер, сондай-ақ бiр жолғы келушiлер биржа сауда-саттығының қатысушылары болып табылады.
      2. Қатысушылар тауар биржасы белгiлеген тәртiппен биржа сауда-саттығына жiберiледi.
      3. Бiр жолғы келушiлер өз атынан және өз есебiнен нақты тауарға ғана мәмiлелердi жасауға құқығы бар.

       28-бап. Тауар биржаларының мүшелерi, брокерлердiң және
               олардың клиенттерiнiң арасындағы қарым-қатынастар

      1. Тауар биржаларының мүшелерi, брокерлер мен олардың клиенттерi арасындағы қатынастар брокерлiк қызметтердi көрсету туралы олардың арасында жасалған келiсiм-шарттармен (шарттармен) реттеледi.
      2. Тауар биржасы өз құзыретi шегінде тауар биржасы мүшелерiнiң, брокерлердiң және олардың клиенттерiнiң өзара қатынастарын реттейдi, белгiленген тәртiппен белгiленген биржа ережелерiн бұзушыларға тиiстi шараларды қолданады.
      3. Тауар биржасының мүшелерi өз клиенттерiнен өз есеп-шоттарына кепiлдi жарналарды енгiзудi, клирингтiк орталықтарда (есеп-айырысу палаталарында) ашуды, сондай-ақ оған берiлген тапсырмаға сәйкес клиенттiң атынан олардың иелiк ету құқығын берудi талап етуге құқылы.

       29-бап. Биржа саудасына қатысушылардың биржаның
                мәмiлелердi есепке алу

      1. Биржа сауда-саттығына қатысушылар биржа саудасында жасалатын биржа мәмiлелерiн әрбiр клиент бойынша жеке есепке алуды жүргiзуге және мәмiлелер жасалған күнiнен бастап бес жыл iшiнде осы мәмiлелер туралы мәлiметтердi сақтауға мiндеттi.
      2. Уәкiлеттi органның талап етуi бойынша биржа сауда-саттығына қатысушылар көрсетiлген ақпаратты беруге мiндеттi.

       30-бап. Тауар биржасындағы дауларды шешу

      Биржа мәмiлелерiн жасаумен байланысты даулар шешiмi сотта дау айтылуы мүмкiн тиiстi тауар биржасындағы биржалық төрелiгiнде қаралады.

  8-ТАРАУ. ТАУАР БИРЖАСЫНДАҒЫ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ
ҚЫЗМЕТТIК ҚҰПИЯСЫ

       31-бап. Тауар биржасындағы коммерциялық құпия

      Мыналар:
      1) биржа сауда-саттығына қатысушылардың жеке шоттарындағы қаражаттардың қозғалысы туралы мәлiметтер және кепiл есебiнiң, кепiлдiк қаражаттардың жүйесi;
      2) биржа сауда-саттығына қатысушылар ретiнде аккредиттелген заңды және жеке тұлғалар туралы мәлiмет коммерциялық құпияны қамтиды.

       32-бап. Тауар биржасындағы қызметтiк құпия

      1. Тұлғалардың шектелмеген тобы үшiн тең жағдайларда жалпы қол жетiмдi болып табылмайтын тауар биржасы қатысушыларының қызметi туралы мәлiмет қызметтiк құпияны қамтиды.
      2. Өзiнiң қызметтiк ережесiне немесе биржа сауда-саттығына қатысушымен жасалған шартқа байланысты аталған ақпаратқа енуге мүмкiндiгi бар тұлға қызметтiк құпияны құрайтын ақпаратқа ие тұлға болып табылады.

       33-бап. Коммерциялық және қызметтік құпияны ашу

      1. Тауар биржасында коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер осы баптың 2 және 3-тармақтарымен белгiленген жағдайларды қоспағанда, жариялауға жатпайды.
      2. Коммерциялық құпияны құрайтын мәлiметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделген сенiмхат негiзiнде оның құқығына қатысты биржа сауда-саттығына қатысушыға немесе оның өкiлiне берiлуi мүмкiн.
      3. Тауар биржасында коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер:
      1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: олардағы қылмыстық iстердi жүргiзу бойынша;
      2) соттарға: айқындау, қаулы негiзiнде олардың өндiрiсiндегi iстер бойынша;
      3) прокуратура органдарына: олардың қарауындағы материалдар бойынша олардың құзыретi шегіндегi тексеру iсi туралы қаулы негізiнде;
      4) атқарушы өндiрiс органдарына: орындалуға қатысты мәселелер бойынша сот орындаушысының және санкция берген прокурордың қаулысы негiзiнде атқарушылық өндiрiсi бойынша;
      5) салық органдарына: тексерiлетiн тұлғаға салық салумен байланысты мәселелер бойынша;
      6) нотариустарға: мұрагерлiк iстер бойынша;
      7) шетелдiк консульдық мекемелерге: олардың өндiрiсiндегi мұрагерлiк iстер бойынша;
      8) монополияға қарсы органға: монополияға қарсы заңнаманы сақтаумен байланысты мәселелер бойынша;
      9) уәкiлеттi органға: оның сұрау салуы бойынша берiлуi тиiс.

  9-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       34-бап. Тауар биржасын қайта ұйымдастыру және тарату

      1. Тауар биржасын қайта ұйымдастыру (бiрiгу, қосылу, бөлiну, бөлiнiп шығу, қайта ұйымдастыру) және тарату Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Тауар биржасын қайта ұйымдастыру, тарату туралы шешiмдi тауар биржасының жарғысымен белгiленген тәртiппен және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес тауар биржасын басқарудың жоғары органы қабылдайды.
      3. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда тауар биржасын мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру және қызметін тоқтату уәкiлеттi органның ұсынымы бойынша сот жүзеге асыруы мүмкiн.
      4. Құрылтайшылардың құрамын өзгерту тауар биржасын қайта ұйымдастыру болып табылмайды және заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруға алып келмейдi.

       35-бап. Өтпелi ережелер

      1. Осы Заңға дейiн құрылған тауар биржалары оны қолданысқа енгiзгенге дейiн алты ай iшiнде құрылтай құжаттарын осы Заңға сәйкес келтiруi тиiс.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамаған жағдайда тауар биржасы мерзiм белгiленген күннен бастап 6 айдан кешiктiрмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таратуды жүргiзуi тиiс.

       36-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгізiледi.
      2. "Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 7 сәуiрдегi Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 26-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 11, 143-құжат; 2003 ж., N 15, 139-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады